Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 сәуірдегі N 343 Қаулысы

Жаңартылған

      "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңының 47-бабын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң мемлекеттік тiзiлiмiн, нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргізу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:

      1) "Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 4 желтоқсандағы N 1680 қаулысы(Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., N 52, 478-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 4 желтоқсандағы N 1680 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1998 жылғы 19 тамыздағы N 793 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1998 ж., N 29, 251-құжат);
      3) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 2 қазандағы N 1082 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 33, 355-құжат).

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

  Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң        
2006 жылғы 29 сәуірдегі  
N 343 қаулысымен     
бекiтiлген        

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Ереже жаңа редакцияда көзделген - ҚР Үкіметінің 30.09.2014 № 1045 қаулысымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

  Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу ережесi

      1. Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмi (бұдан әрi - Мемлекеттiк тiзiлiм) нормативтiк құқықтық кесiмдердiң деректемелерiн және осы кесiмдер туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәлiметтердi қамтитын Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiн мемлекеттiк есепке алудың бiрыңғай жүйесiн бiлдiредi.
      Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң эталондық бақылау банкi (бұдан әрi - Эталондық банк) ол туралы мәлiметтер Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген нормативтiк құқықтық кесiмдердiң (өзгерiстермен және толықтырулармен) басылған мәтiндерiнiң жиынтығын бiлдiредi.

      2. Мемлекеттiк тiзiлiм мен Эталондық банк Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң бiрыңғай мемлекеттiк есебiн қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

      3. Эталондық банкті жүргізу Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдарына жүктеледі.
      «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - РҚАО) Мемлекеттік тізілімді жүргізуді жүзеге асырады. P960790
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.10.06 № 1141 Қаулысымен.

      4. Мынадай нормативтiк құқықтық кесiмдер Мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзiлуге тиiс:
      Конституция, конституциялық заңдар, кодекстер, заңдар;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлықтары; Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзге де нормативтiк құқықтық жарлықтары;
      Қазақстан Республикасының Парламентi мен оның Палаталарының нормативтiк қаулылары;
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң нормативтiк қаулылары;
      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Жоғарғы Сотының және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының нормативтiк қаулылары;
      Қазақстан Республикасының министрлерi мен өзге де орталық мемлекеттiк органдар басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары;
      орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық қаулылары;
      мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерi, әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулылары, әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерi.
      "Қызмет бабында пайдалану үшiн", "баспасөзге арналмаған", "жариялауға жатпайды" деген белгiсi бар нормативтiк құқықтық кесiмдер Мемлекеттiк тiзiлiмге енгізiлуге тиiс.
      "Ерекше маңызды", "өте құпия", "құпия" деген белгiсi бар нормативтiк құқықтық кесiмдер Мемлекеттік тiзiлiмге енгізуге жатпайды.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.11.19 N 1094 Қаулысымен.

      5. Мемлекеттiк органдар Мемлекеттiк тiзiлiмге және Эталондық банкке енгiзуге жататын Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi мен оның Палаталарының, Қазақстан Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi және Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң көшiрмелерiн мемлекеттiк органның мөрiмен расталған немесе осы органдарда келiсiлген тәртiппен электрондық сандық қолтаңба арқылы куәландырылған, мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде басылған және электрондық түрде екi данада нормативтiк құқықтық кесiм күшiне енгеннен кейiн бес күн iшiнде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiне бередi.
      Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi осы тармақтың бiрiншi абзацында көрсетiлген нормативтiк құқықтық кесiмдердiң көшiрмелерiн мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде басылған және электрондық түрде екi данада олар мемлекеттiк органдардан келiп түскен сәттен бастап екi жұмыс күнi iшiнде РҚАО-ға бередi.
      Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде және оның аумақтық органдарында мемлекеттiк тiркеуге жататын орталық мемлекеттiк органдардың және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық кесiмдерiн Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi және оның аумақтық органдары мемлекеттiк органның мөрiмен расталған немесе электрондық сандық қолтаңба арқылы куәландырылған мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде басылған және электрондық түрде екi данада оларды мемлекеттiк тiркегеннен кейiн бес күн iшiнде РҚАО-ға жiбередi.
      Iс жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiлетiн әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық кесiмдерi Мемлекеттiк тiзiлiм жүргiзу үшiн орыс тiлiне аударылмастан жiберiледi.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.11.19 N 1094 Қаулысымен.

      6. Мемлекеттiк тiзiлiмге енгізiлуге жататын нормативтiк құқықтық кесiмдер оған РҚАО-ға олар келiп түскен сәттен бастап он күннiң iшiнде енгiзiледi және оларға тiркеу нөмiрi берiледi.

      7. Нормативтiк құқықтық кесiмдi Мемлекеттiк тiзiлiмге енгiзгеннен кейiн РҚАО нормативтiк құқықтық кесiмнiң басылған мәтiнiнiң көшiрмесiнiң бiр данасын мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде оған берiлген тiркеу нөмiрiмен тиiстi мемлекеттiк органға жолдайды, екiншi данасын - екi жұмыс күнiнiң iшiнде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiне Эталондық банкке енгiзу үшiн жiбередi.

      8. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi нормативтiк құқықтық кесiмдердi Эталондық банкке олар РҚАО-дан алынған сәттен бастап бес күннiң iшiнде енгiзедi.

      9. Эталондық банкке енгiзiлген нормативтiк құқықтық кесiмдер хронологиялық тәртiппен есепке алынуға тиiс.

      10. Эталондық банкке қосылған нормативтiк құқықтық кесiмдер оларға ағымдағы өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу, нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жекелеген бөлiктерiнiң күшi жойылды деп тану не олардың қолданылуын тоқтата тұру арқылы бақылау жағдайында болады.
      Нормативтiк құқықтық кесiмдерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзген, нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жекелеген бөлiктерiнiң күшi жойылды деп танылған не олардың қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде оның мәтiнiне енгiзiлетiн нормалардың тұжырымын, сондай-ақ кесiмнiң нысаны, қабылданған күнi және нөмiрi туралы ақпаратты нақты көрсететiн белгi енгiзiледi.

      11. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң күшi жойылды деп танылған не оның қолданылуы белгiлі бiр мерзiмге тоқтатыла тұрған кезде Мемлекеттiк тiзiлiмге тиiстi жазба және Эталондық банкке енгiзiлген нормативтiк құқықтық кесiмнiң көшiрмесiне тиiстi нормативтiк құқықтық кесiмге сiлтеме жасай отырып, оның күшi жойылды деп тану не қолданылуын тоқтата тұру туралы белгi жүргiзiледi.

      12. Эталондық банктi қалыптастыру кезiнде нормативтiк құқықтық кесiмдердiң мемлекеттiк және орыс тiлiндегi мәтiндерi салыстырылмайды.