Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
"іс жүргізу кодексінің", "іс жүргізу міндеттерін", "іс жүргізу заңын", "іс жүргізуге қатысушыларға", "іс жүргізу заңының", "іс жүргізу әрекеті", "іс жүргізу әрекеттерінің", "іс жүргізуге қатысушылармен", "іс жүргізу іс-әрекеттерін", "іс жүргізу заңы", "іс жүргізу іс-әрекеттерін" деген сөздер тиісінше "процестік кодексінің", "процестік міндеттерін", "процестік заңды", "процеске қатысушыларға", "процестік заңының", "процестік әрекеті", "процестік әрекеттердің", "процеске қатысушылармен", "процестік әрекеттерді", "процестік заңы", "процестік әрекеттерді" деген сөздермен ауыстырылды;
"ҚІЖК-нің" деген сөз "ҚПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды;
"сезіктінің", "сезікті" деген сөздер тиісінше "күдіктінің", "күдікті" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалау бойынша қылмыстық процестік заңды біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалау кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган Қазақстан Республикасының Конституциясымен және Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) нормаларымен белгіленген принциптерді қатаң сақтауға міндетті.
Қылмыстық процесс принциптерін бұзу, олардың сипаты мен мәніне қарай, ҚПК-нің 9-бабында көрсетілген салдарға әкеп соқтырады.
Мұндай жағдайларда сот үкімде (қаулыда) бұзылған принциптің сипаты мен мәнін ашып көрсетуі тиіс.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).2. ҚПК-нің 111-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, қылмыстық процесті жүргізуші орган iс жүргізу заңымен белгіленген тәртіппен алынған қылмыстық әрекеттiң болғандығын немесе болмағандығын, күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының бұл әрекеттi жасағандығын немесе жасамағандығын, олардың кiнәлiлiгiн не кiнәлi емес екендiгiн, сондай-ақ iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтау барысында негізделген заңды түрде алынған iс жүзiндегi деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
Қылмыстық iстiң дұрыс шешілуі күдіктінiң, айыпталушының, сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң, қорғауға құқығы бар куәнің айғақтарымен, сарапшының қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен, iс жүргiзу әрекеттерiнiң хаттамаларымен және өзге де құжаттармен анықталған iс жүзiндегi деректерге ғана негізделуі тиіс.
Олар жедел-іздестіру қызметі, арызды тіркегенге, Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарланғанға дейін материалдарды тексеру, іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу мен басты сот талқылауы барысында алынуы мүмкін.
Заңмен қарастырылмаған көздерден алынған iс жүзiндегi деректер дәлелдемелер ретінде танылуға тиіс емес.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).3. Судья дәлелдемелерді, олардың жиынтығына негізделген өзінің ішкі нанымы бойынша заң мен ар-ожданын басшылыққа ала отырып бағалайды.
Ішкі наным бойынша дәлелдемелерді бағалау дәлелдемелердің нанымдылығы, мәліметтердің ақиқаттығы немесе жалғандығы, олардың жиынтығында түпкілікті, дұрыс тұжырым жасау мен шешімді негіздеу үшін жеткіліктілігі туралы мәселелерді судьяның тікелей өзі ғана шешетінін білдіреді.
Судья дәлелдемелерді заңды басшылыққа ала отырып, яғни дәлелдемелерді жинау және бекіту тәртібін белгілейтін құқық нормаларының сақталуын, олардың іске қатысын және жарамдылығын бағалайды.
4. Қылмыстық істі қараған кезде сот ҚПК-нің 125-бабына сәйкес, әрбір дәлелдемені қатыстылығы, жарамдылығы, нанымдылығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығын қылмыстық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалауға тиіс.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган қылмыстық іс материалдарына, оны шешу үшін маңызы жоқ іс жүзіндегі деректерді қосуға құқылы емес.
Іс үшін маңызы бар мән-жайларды растайтын, теріске шығаратын немесе күмән туғызатын іс жүзіндегі деректерді дәлелдемелердің қатыстылығы ретінде сот тануы тиіс.
Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдік берілген адам мен азамат құқықтары бұзылған және ҚПК-нің 112-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде дәлелдеме жарамсыз деп танылады.
Іс бойынша дәлелдемелердің жарамсыздығы туралы мәселені шеше отырып сот әрбір жағдайда жол берілген заң бұзушылықты нақты анықтауы тиіс. Бұл ретте сот жарамды дәлелдемелерді іс материалдарынан негізсіз алып тастау, сондай-ақ сот отырысында дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін нақты деректерді зерттеу жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Дәлелдемелердің нанымдылығы іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып тексеру, бір дәлелдемелерді басқалармен салыстыру жолымен анықталады.
Егер жиналған дәлелдемелер ҚПК-нің 113-бабында көрсетілген қылмыстық іс бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайларды анықтаса, онда олар істі дұрыс шешу үшін жеткілікті деп есептеледі.
Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 11 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.5. Сот дәлелдемелерді өз бастамашылығымен немесе тараптардың өтінімі бойынша жарамсыз деп тануға құқылы.
Процеске қатысушының дәлелдемені жарамсыз деп тану және оны алып тастау туралы өтінімі дәлелді болуы тиіс және сот талқылауының кез келген сатысында жазбаша немесе ауызша нысанда мәлімделуі мүмкін.
Жазбаша нысанда мәлімделген өтінім іске қоса тіркеледі, ал ауызша өтінім сот талқылауының хаттамасына енгізіледі.
Істі алдын ала тыңдау немесе сот тергеуі сатысында мәлімделген өтінім бойынша дәлелдемені жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі даулы дәлелдемелерді зерттегеннен және бағалағаннан кейін соттың үкімінде немесе қаулысында дәлелденуі тиіс.
Егер өтінім сот тергеуі барысында мәлімделсе және даулы дәлелдемені қосымша тексеруге қажеттілік болмаса, онда сот кеңесу бөлмесінде осы мәселе бойынша қаулы шығаруға құқылы.
6. Егер дәлелдемені, ол заң талабы бұзыла отырып алынған деген дәлелмен жарамсыз деп алып тастау туралы өтінімді сотталушы, оның заңды өкілі, қорғаушы мәлімдесе, онда бұл дәлелдер мемлекеттік айыптаушымен теріске шығарылады.
Егер көрсетілген негіздер бойынша өтінімді мемлекеттік айыптаушы, жеке айыптаушы, жәбірленуші, азаматтық талапкер және жауапкер (сотталушыдан, оның заңды өкілінен және қорғаушыдан басқа) және олардың өкілдері мәлімдесе, онда оларды мәлімдеген процеске қатысушы өз уәждерін дәлелдеуі тиіс.
7. Сот істі қараған кезде тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығы принципін сақтауы қажет. ҚПК-нің 23-бабына сәйкес, сот қылмыстық ізге түсу органы болып табылмайды, айыптау немесе қорғау жағында болмайды, тараптардың өздерінің процестік міндеттерін орындауына және өздеріне берілген құқықтарын жүзеге асыруына қажетті жағдай жасайды. Соттың дәлелдемелерді жарамсыз не іске қатысы жоқ деп заңсыз тануы нәтижесінде тараптарды сот отырысында материалдарды ұсыну және оларды зерттеу мүмкіндігінен айыру, ҚПК-нің 436-бабының екінші бөлігіне сәйкес үкімнің күшін жоюға әкеп соғатын, қылмыстық процестік заңды елеулі бұзу болып табылады.
Сотталушыға тағылған айыпты растайтын дәлелдемелерді ұсыну міндеті айыптаушыға жүктеледі.
Қорғаушы сотталушыны тиісінше қорғауды жүзеге асыру үшін заңмен көзделген барлық құралдар мен әдістерді пайдалануы тиіс.
Сот айыптаудың шегін кеңейте алмайды және тараптардың өтінімінсіз сотталушының жағдайын нашарлата алмайды.
Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 11 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.8. Сот тараптар ұсынған дәлелдемелерді жан-жақты, толық және объективті зерттеуге және оларды заңға сәйкес бағалауға міндетті. Істі дұрыс шешу үшін сот қылмыстық құқық бұзушылықты дұрыс саралау және жазаны дұрыс тағайындау үшін қажетті, соның ішінде, сотталушының жеке басын сипаттайтын мәліметтерді ұсыну бойынша (ұрланғанның құны туралы анықтамалар, үкімнің көшірмесі, соттылығы туралы, отбасы құрамы туралы анықтамалар және т.б.) айыптаушы тарапқа міндеттер жүктеуге құқылы.
Іс бойынша қажетті мәліметтерді ұсыну міндеттерін процеске қатысушыларға жүктеу орындалу мерзімі көрсетіліп сот қаулысымен ресімделеді.
Егер тараптар өздерінің ұсынуына мүмкіндіктері болмауына байланысты қажетті құжаттарды алуға көмектесу жөнінде өтінімді мәлімдесе, онда сот өтінімді қанағаттандыруға құқылы.
Сот іс бойынша дәлелдемелерді тараптар тағылған айып көлемінде оған ұсынған шектерде ғана тексереді.
Осы ретте, сот сотталушының кінәлі немесе кінәсіздігі, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің олқылықтарын жою жөнінде қосымша дәлелдемелерді жинауға тиіс емес.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).9. Жеке айыптау бойынша қылмыстық іс қозғалған кезде, қылмыстың жасалғаны туралы арыз берген жәбірленуші немесе өзге тұлға қылмыстың мән-жайы, күдікті адамның қылмысты жасаудағы кінәсі, сотта қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкін екендігін көрсетуі тиіс.
Істің сот талқылауында көрсетілген дәлелдемелерді жеке айыптаушы ұсынады, осы дәлелдемелер – қылмыстық процестік заңының талаптарына сәйкес соттың бағалауына жатады.
10. Соттар іс бойынша ұсынылған дәлелдемелерді бағалаған кезде, оларды жинау және бекіту кезінде айыпталушының қорғану құқығын қамтамасыз ететін заң талаптарының сақталуын мұқият тексеруі тиіс.
ҚПК-нің 94-бабының негізінде іс бойынша іс жүргізуден шеттетілуге жататын қорғаушының қатысуымен процестік әрекеті барысында алынған іс жүзіндегі деректер ҚПК-нің 9-бабына сәйкес дәлелдемелер ретінде жарамсыз деп тануға жатады.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).11. ҚПК-нің 35-бабы алтыншы бөлігінің тәртібімен прокурор қылмыстық істі соттан қысқарту үшін қайтарып алып, бірақ қысқартпай және оны одан әрі тергеу үшін жібергеннен кейін алынған дәлелдемелер жарамсыз деп немесе іс бойынша жүргізілген өндірістің осы бөлігінің күші жоқ деп танылуы тиіс.
Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).12. Істі ҚПК-нің 382-бабында көзделген қысқартылған тәртіпте қарау жағдайларын қоспағанда, егер соттың үкімі сотталушы мен жәбірленушінің талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен: куәлардың айғақтарымен, процестік әрекеттердің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен расталмаған айғақтарының негізінде ғана шығарылса, оны заңды деп тануға болмайды.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).13. Куәнің айғақтарын бағалау оларды істің мән-жайын нанымды бейнелейтін фактілер туралы айқын мәліметтерді анықтау мақсатында талдауды білдіреді.
Сот әр түрлі куәлардың іс жүзіндегі бір мән-жайлар жөнінде қарама-қайшы айғақтарын бағалай отырып, басқа дәлелдемелердің, айғақтардың өзіндегі қарама-қайшылықтарды талдаудың көмегімен, бірі қабылданып, келесілері шындыққа сәйкес келмеуі салдарынан теріске шығарылған дәлелдемелердің уәждерін сот актісінде көрсетіп, оларды шешуі тиіс.
Сотта куә ҚПК-нің 78-бабы үшінші бөлігінің негізінде айғақтар беруден бас тартқан кезде, оның сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген көрсетулері жариялана алмайды және дәлелдемелер ретінде таныла алмайды.
Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).14. Жәбірленушінің немесе куәнің айғақтарын жариялауға, сондай-ақ олардан жауап алудың бейнежазбалары мен киноға түсірулерін, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу немесе сот талқылауы кезінде олардың бұрын берген мәліметтерін жариялауға олардың және сотта берген айғақтарының арасында елеулі қайшылықтар болған жағдайларда, сондай-ақ сотқа келуге мүмкіндік бермейтін себептер бойынша осы тұлғалар сот отырысында болмаған кезде (егер бұрын айғақтар қарама-қайшы болмаса, дәлелдемелермен жоққа шығарылмаса және т.б.) тергеу судьясы айғақтарды сақтауға қойған кезде тараптардың өтінімі немесе соттың бастамасы бойынша жол беріледі.
Сот отырысына келуге мүмкіндік бермейтін мән-жайлар ретінде, өлімнен басқа, ауыр сырқаттану, ұзақ мерзімді іссапар, тұрған жерінен кетіп қалу мен тұлғаның жүрген жерін анықтаудың мүмкін еместігі және т.б. жағдайлар танылады. Бұл мән-жайлар нанымды түрде расталуы тиіс.
Тұлғаның сот отырысына келу мүмкіндігін іс жүзінде жоққа шығаратын мән-жайларды тану туралы шешімді, сот әр жағдайда процеске қатысушылармен бұл мәселені талқылағаннан кейін қабылдауы тиіс.
Егер сот және тараптар қабылдаған шаралардан кейін, айғақтары сот талқылауында тікелей зерттелуі қажет жәбірленушінің немесе куәнің жүрген жерін анықтауы мүмкін болмаса (анықтау және алдын ала тергеу барысында қайшылықтар болса не істің нақтылы мән-жайына сәйкес келмейтін басқа дәлелдемелермен теріске шығарылса және т.б.), онда осы тұлғалардың сотқа дейін іс бойынша іс жүргізуде берген айғақтарын сот дәлелдемелер ретінде тани алмайды.
Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).15. Егер айғақтар болжамға, жорамалға, қауесетке негізделсе және куә аталған фактілер туралы өзінің қандай дерек көзден хабардар болғанын көрсете алмаса; осы іс бойынша процестік іс-әрекеттерді жүзеге асыруға өкілеттігі жоқ адамның жауап алуы кезінде, сондай-ақ заңмен белгіленбеген орын мен уақытта (көшеде, кафеде, бөтен пәтерде, негізсіз басқа елді мекенге алып шығу арқылы, түнгі уақытта, үздіксіз төрт сағаттан астам және т.б.), кейінге қалдыруды күтпейтін жағдайлардан басқа, жәбірленушінің, куәнің айғақтары жарамды дәлелдемелер деп таныла алмайды.
Кейінге қалдыруды күтпейтін жағдайлар деп жауап алуды кешіктіру кезінде қылмыс іздерінің жойылуына, қылмысты жасаған адамдардың жасырынуына, қылмыспен келтірілген залалдың орнын толтыру мүмкіндігінің жоғалуына әкеп соғуы мүмкін жағдайлардың аяқасты туындауын түсінген жөн.
16. Сарапшының қорытындысы ретінде дәлелдемелерді бағалаудың мәселелері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Қылмыстық істер бойынша сот сараптамасы туралы" 2004 жылғы 26 қарашадағы N 16 нормативтік қаулысында түсіндірілген.
Өкілеттігі жоқ адамның тағайындауымен немесе қаулысыз, сондай-ақ өзге де заң талаптарының бұзылуымен жүргізілген (сараптама түрлерінің жүргізілу кезектілігі сақталмай) сараптаманың нәтижесінде алынған сарапшының қорытындысы жарамды дәлелдеме деп таныла алмайды.
Сарапшының қорытындысын бағалау және оның тұжырымдарының басқа дәлелдемелермен айырмашылығын анықтау кезінде сот бұл қарама-қайшылықты шешуі тиіс.
Сараптама жүргізу кезінде берілген және сарапшының қорытындысында көрсетілген, қылмыс жасағаны үшін кінәсін мойындаған айыпталушының түсіндірмесі дәлелдеме ретінде танылмауы тиіс.
Сараптама тағайындаған органнан мөрленуі буылып-түйілуі, пломбалары, мөрлері бұзылып келген сараптамалық зерттеу объектісінің негізінде алынған сарапшының қорытындысы, сарапшының тұжырымдарының нанымдылығына әсер ететін бұзушылықтың мәні мен сипатына қарай, жарамсыз дәлелдеме деп танылуы мүмкін.
17. ҚПК-нің 221-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қаралып отырған іске қатысты және қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысымен сондай деп танылған, іске тіркелген және үкімнің немесе істі қысқарту туралы қаулы заңды күшіне енгенге дейін істе болған заттай дәлелдемелер бағалануға жатады.
Қылмыстық процестік заңы (хаттама жасалмай, куәгердің қатысуынсыз және т.б.) бұзыла отырып алынған және іске қосылған заттай дәлелдемелер жарамсыз дәлелдемелер деп танылуы тиіс.
Заттай дәлелдемелерді зерттеген және бағалаған кезде соттар оларды тек көрумен немесе сот отырысында жариялаумен шектелмеуі тиіс. Сотталушылардан, жәбірленушілерден, іске қатысушы басқа адамдардан жауап алып, зерттелетін дәлелдемелердің мәнін ашу, оның барлық қасиеттерінің ондағы мәліметтермен сәйкестігін және дәлелдеудегі олардың маңызын талдау мақсатында өзге де процестік іс-әрекеттерді жүргізу қажет.
Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).18. Соттар тергеу әрекеттерінің хаттамаларын бағалау кезінде, ҚПК-нің 119, 179, 190, 219, 253-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, хаттамалар арызды тіркегеннен, Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарланғаннан кейін және заңда белгіленген анықтау, алдын ала тергеу немесе сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру мерзімінде жасалатынын назарда ұстауы қажет.
Қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды, хабарламаны Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркегенге дейін алынған нақты деректер жарамды дәлелдемелер ретінде таныла алмайды.
Анықтау немесе алдын ала тергеу мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуді қайта қалпына келтірмей тоқтата тұру, айыпталушыны іс материалдарымен таныстыру, істің айыптау актісімен прокурорда болуы кезеңінде, алынған іс жүзіндегі деректер жарамсыз дәлелдемелер деп танылады.
Ескерту. 18-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 11 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.19. Тергеу іс-әрекетінің хаттамасын дәлелдеме ретінде бағалаған кезде, оның ҚПК-нің 123бабының талаптарына сәйкестігін тексеру қажет.
Егер тергеу іс-әрекетінің хаттамасын жасаған кезде іс жүргізу заңдарын елеулі бұзушылықтарға (хаттамада тергеушінің, куәгердің қолы қойылмаған болса және т.б.) жол берілсе, онда ол жарамсыз дәлелдеме деп танылуы тиіс.
Егер тергеу іс-әрекетінің хаттамасында осы іс-әрекеттердің айқындығы мен заңдылығына күмән туғызбайтын елеусіз техникалық қателер (қате жазулар, түзетулер және т.б.) жіберілсе, онда олар хаттаманы жарамсыз дәлелдеме ретінде тану үшін негіз болып табылмайды.
Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).20. Іске мүдделі адамдардың (құқық қорғау органдарының қызметкерлері, олардың өтілшілері, қылмыстық ізге түсу органдарына тәуелді адамдар: жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, әкімшілік қадағалауда жүргендер және басқалар) тергеу іс-әрекетін жүргізу кезінде куәгер ретінде қатысуы, осы тергеу іс-әрекетінің хаттамаларын жарамсыз дәлелдемелер ретінде тану үшін негіз болады.
21. Жазбаша нысанда белгіленген (актілер, анықтамалар және т.б.) немесе өзге тәсілмен алынған (компьютерлік хабар, фото-кино түсірулер, дыбыс-бейнежазбалар) іс үшін маңызы бар мәліметтен тұратын құжаттар іс бойынша дәлелдемелер деп танылуы мүмкін.
Заңмен қарастырылмаған тәртіпте алынған материалдар (тұлғаның өз бетімен жасырын аудиожазба жүргізуі және т.б.) істің материалдарына қосыла алмайды және жарамды дәлелдемелер ретінде таныла алмайды.
Егер тараптар даулаған жазбаша құжаттың түпнұсқасы ұсынылмаса және оған тиісті сараптама жүргізу мүмкін болмаса, онда ол дәлелдеме деп таныла алмайды.
22. "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес өткізілген жедел-іздестіру қызметінің барысында және қылмыстық іс жүргізу заңдарымен белгіленген тәртіпте алынған нәтижелер дәлелдемелер ретінде таныла алады.
Жеке өмірге, тұрғын үйге қол сұғылмауы, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығына азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеуге байланысты жедел-іздестіру іс шараларының нәтижелері, егер олар заңға негізделсе және осы іс шараларды өткізу Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының, оның орынбасарларының, Республиканың әскери прокурорының, облыс прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың санкциясымен алынса, онда олар іс бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланыла алады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жедел іздестіру іс-шараларын өткізуге, сондай-ақ аудан (қала) прокурорлары немесе олардың міндетін атқарушы тұлғалар санкция беруі мүмкін.
Өткізілуін өкілеттігі жоқ прокурор санкциялаған, сондай-ақ ҚПК-нің 232-бабының төртінші және бесінші бөліктерінде көрсетілмеген істер бойынша жедел-іздестіру шараларының нәтижелері дәлелдемелер ретінде таныла алмайды.
Прокурордың санкциясынсыз жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде алынған материалдар, кейінге қалдыруды күтпейтін мән-жайлар болған кезде ғана дәлелдемелер ретінде танылуы мүмкін. Осы іс-шараларды өткізуді жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын тиісті органның басшыларының бірімен дәлелді қаулымен негіздеуі тиіс, бұл жөнінде прокурорға міндетті хабарлануы және кейін қаулы шыққан сәттен бастап 24 сағат ішінде санкция алынуы тиіс.
Егер прокурордың санкциясынсыз жүргізілген арнайы жедел-іздестіру шаралары кейінге қалдыруды күтпейтін жағдайларда жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органның басшыларының бірінің дәлелді қаулысы негізінде, прокурорға хабарланып және кейін қаулы шыққан сәттен бастап 24 сағат ішінде санкция алынған болса, олардың материалдары жарамды дәлелдемелер болып танылуы мүмкін. Судья, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған не қылмыстық құқық бұзушылық жасау үстінде ұсталған жағдайларды қоспағанда, прокурордың санкциясын алдын ала алмастан судьяларға қатысты жедел-іздестіру шараларын жүргізу алынған материалдарды жарамсыз дәлелдемелер деп тануға әкеліп соғады.
ҚПК-нің 210, 216 және 212-баптарының талаптары бұзылып ресімделген "түсініктеме", "кінәсін мойындап келу", "куә ретінде жауап алу" немесе өзге де осындай нысандарда адамнан ол қылмыстық құқық бұзушылық жасаған деген күдікке байланысты алынған жауаптар ҚПК-нің 112-бабына сәйкес қылмыстық іс материалдарына тіркелуге және жарамды дәлелдемелер деп тануға жатпайды.
Егер материалдар прокурордан санкцияны іс жүзінде алу мүмкіндігі бола тұра санкциясыз жиналса немесе жедел-іздестіру іс-шараларының заңсыздығы туралы прокурормен шешім қабылданса, онда олар дәлелдемелер ретінде жарамсыз деп танылады.
Ескерту. 22-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 11 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.23. Арызды тіркегенге, Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарланғанға дейін жедел-іздестіру шараларын өткізудің нәтижесінде алынған материалдар қылмыстық іс жүргізу заңдарымен көзделген іс жүргізу нысанына келтірілуі, тексерілуі және дәлелдемелер ретінде бағалануы тиіс.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган іс бойынша дәлелдемелерді бағалау кезінде мемлекеттік және өзге де құпияларды құрайтын алынған мәліметтерді қорғау жөнінде шара қабылдауға міндетті.
Егер жедел-іздестіру іс-шараларының материалдарын алудың көзі, тәсілі және шарты белгіленбесе, онда мұндай материалдар дәлелдемелер бола алмайды.
Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).24. Соттар дәлелдемелерді жинау және бекіту кезінде тергеудің (анықтаудың) заңсыз әдістерін қолданғаны туралы тараптардың өтініштерін тексеру бойынша барлық шараларды қабылдауы керек.
Іс бойынша сотқа дейін іс жүргізу барысында тексеріліп сұратылған материалдар мен осы арыз бойынша сот талқылауында алынған мәліметтер, соттың зерттеуіне және оларды жиынтығында бағалауға жатады.
Сотталғандардың, іске қатысушы басқа адамдардың өтініштерін тексерудің нәтижелері бойынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында олардың құқықтарының бұзылғаны (қорғаушының ұсынылмауы, айғақтар беруге мәжбүрлеу, шатастыру, қинау, дәрігерлік көмек көрсетпеу және т.б.) туралы мәліметтер іс материалдарында болмаған кезде және сот отырысында толық көлемде оларды тексеру мүмкін болмаған жағдайда, сот шағым уәждерін тексеру материалдарымен тиісті қорытынды ұсыну туралы прокурордың атына қаулы шығаруға құқылы.
Тергеудің (анықтаудың) заңсыз әдістерін қолданғаны расталған кезде соттар осы ретте алынған дәлелдемелерді жарамсыз деп тануы тиіс.
Заңның бұзылған фактілері туралы мәліметтер кінәлі адамдарға шара қолдану үшін прокурорға соттың жеке қаулысымен хабарланады.
Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).25. Бұрын сотталған қылмысқа өзге қатысушы жөніндегі үкімде адамның тегінің көрсетілгеніне қарамастан, ол адамға қатысты бөлектенген іс бойынша оның қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі немесе кінәлі емес екенін растайтын дәлелдемелер жеке зерттелуі және бағалануы тиіс.
Алдыңғы үкіммен сотталған адамдар куәлар болып табылмайды, сондықтан бөлініп шығарылған іс бойынша сот отырысында олардан жауап алу кезінде, олар қасақана жалған айғақ бергені немесе айғақ беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескертілуге тиіс емес.
Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).26. Үкім соттың тұжырымы негізделген дәлелдемелер, сондай-ақ басқа дәлелдемелерді жоққа шығаратын уәждер жиынтығынан тұруы тиіс.
Егер сотталушыны қорғайтын барлық дәлелдер тексерілмесе және бағаланбаса, оның кінәлілігі жөнінде барлық күмәндар жойылмаса, ҚПК-нің 393-бабының үшінші бөлігіне сәйкес сот айыптау үкімін шығаруға құқылы емес.
Егер күмәндар қабылданған шаралармен жойылмаса, онда олар сотталушының пайдасына түсіндіріледі.
Дәлелдемелердің негізінде анықталды деп танылған және сол іс жүргізу актісінде (үкімде, қаулыда) көрсетілген мән-жайлар бір біріне қайшы келмеуге тиіс.
Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).27. Апелляциялық сатыдағы сот өз бастамашылығымен немесе тараптардың өтінімі бойынша іске қатысы жоқ нанымсыз және жарамсыз дәлелдемелерді үкімнен алып тастауға құқылы.
Егер бірінші сатыдағы сот дәлелдемелер қатарынан материалдарды негізсіз алып тастап, оларды зерттемесе, онда істі апелляциялық қарау барысында сот аталған іс материалдарын жарамды дәлелдемелер деп тануға, оларды зерттеуге, бағалауға және ҚПК-нің 431-бабында көрсетілген шешімдердің бірін қабылдауға құқылы.
Апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығару кезінде үкімде көрсетілмеген, бірақ бірінші сатыдағы сотта зерттелген іс жүзіндегі деректерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға құқылы.
Ескерту. 27-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 11 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.28. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының | |
Төрағасы | |
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының судьясы, | |
жалпы отырыс хатшысы |