Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалау бойынша қылмыстық іс жүргізу заңын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалау кезінде қылмыстық процесті жүргізетін орган Қазақстан Республикасының
Конституциясымен
және Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу
кодексінің
нормаларымен (бұдан әрі - ҚІЖК) белгіленген принциптерді қатаң сақтауға міндетті.
Қылмыстық процесс принциптерін бұзу, олардың сипаты мен мәніне қарай, ҚІЖК-нің
9-бабында
көрсетілген салдарға әкеп соқтырады.
Мұндай жағдайларда сот үкімде (қаулыда) бұзылған принциптің сипаты мен мәнін ашып көрсетуі тиіс.
2. ҚІЖК-нің
115-бабының
бірінші бөлігіне сәйкес, қылмыстық процесті жүргізуші орган iс жүргізу заңымен белгіленген тәртіппен алынған қылмыстық әрекеттiң болғандығын немесе болмағандығын, айыпталушының бұл әрекеттi жасағандығын немесе жасамағандығын және айыпталушының кiнәлiлiгiн не кiнәлi емес екендiгiн, сондай-ақ iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтау барысында негізделген заңды түрде алынған iс жүзiндегi деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
Қылмыстық iстiң дұрыс шешілуі сезiктiнiң, айыпталушының, сотталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң айғақтарымен, сарапшының қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен, iс жүргiзу әрекеттерiнiң хаттамаларымен және өзге де құжаттармен анықталған iс жүзiндегi деректерге ғана негізделуі тиіс.
Олар жедел-іздестіру қызметі, қылмыстық істі қозғағанға дейін материалдарды тексеру, іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу мен басты сот талқылауы барысында алынуы мүмкін.
Заңмен қарастырылмаған көздерден алынған iс жүзiндегi деректер дәлелдемелер ретінде танылуға тиіс емес.
3. Судья дәлелдемелерді, олардың жиынтығына негізделген өзінің ішкі нанымы бойынша заң мен ар-ожданын басшылыққа ала отырып бағалайды.
Ішкі наным бойынша дәлелдемелерді бағалау дәлелдемелердің нанымдылығы, мәліметтердің ақиқаттығы немесе жалғандығы, олардың жиынтығында түпкілікті, дұрыс тұжырым жасау мен шешімді негіздеу үшін жеткіліктілігі туралы мәселелерді судьяның тікелей өзі ғана шешетінін білдіреді.
Судья
дәлелдемелерді заңды басшылыққа ала отырып, яғни дәлелдемелерді жинау және бекіту тәртібін белгілейтін құқық нормаларының сақталуын, олардың іске қатысын және жарамдылығын бағалайды.
4. Қылмыстық істі қараған кезде сот ҚІЖК-нің
128-бабына
сәйкес, әрбір дәлелдемені қатыстылығы, жарамдылығы, нанымдылығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығын қылмыстық істі шешу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан бағалауға тиіс.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган қылмыстық іс материалдарына, оны шешу үшін маңызы жоқ іс жүзіндегі деректерді қосуға құқылы емес.
Іс үшін маңызы бар мән-жайларды растайтын, теріске шығаратын немесе күмән туғызатын іс жүзіндегі деректерді дәлелдемелердің қатыстылығы ретінде сот тануы тиіс.
Қазақстан Республикасы
Конституциясымен
кепілдік берілген адам мен азамат құқықтары бұзылған және ҚІЖК-нің
116-бабында
көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде дәлелдеме жарамсыз деп танылады.
Іс бойынша дәлелдемелердің жарамсыздығы туралы мәселені шеше отырып сот әрбір жағдайда жол берілген заң бұзушылықты нақты анықтауы тиіс.
Дәлелдемелердің нанымдылығы іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып тексеру, бір дәлелдемелерді басқалармен салыстыру жолымен анықталады.
Егер жиналған дәлелдемелер ҚІЖК-нің
117-бабында
көрсетілген қылмыстық іс бойынша дәлелдеуге жататын мән-жайларды анықтаса, онда олар істі дұрыс шешу үшін жеткілікті деп есептеледі.
5. Сот дәлелдемелерді өз бастамашылығымен немесе тараптардың өтінімі бойынша жарамсыз деп тануға құқылы.
Процеске қатысушының дәлелдемені жарамсыз деп тану және оны алып тастау туралы өтінімі дәлелді болуы тиіс және сот талқылауының кез келген сатысында жазбаша немесе ауызша нысанда мәлімделуі мүмкін.
Жазбаша нысанда мәлімделген өтінім іске қоса тіркеледі, ал ауызша өтінім сот талқылауының хаттамасына енгізіледі.
Істі алдын ала тыңдау немесе сот тергеуі сатысында мәлімделген өтінім бойынша дәлелдемені жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі даулы дәлелдемелерді зерттегеннен және бағалағаннан кейін соттың үкімінде немесе қаулысында дәлелденуі тиіс.
Егер өтінім сот тергеуі барысында мәлімделсе және даулы дәлелдемені қосымша тексеруге қажеттілік болмаса, онда сот кеңесу бөлмесінде осы мәселе бойынша қаулы шығаруға құқылы.
6. Егер дәлелдемені, ол заң талабы бұзыла отырып алынған деген дәлелмен жарамсыз деп алып тастау туралы өтінімді сотталушы, оның заңды өкілі, қорғаушы мәлімдесе, онда бұл дәлелдер мемлекеттік айыптаушымен теріске шығарылады.
Егер көрсетілген негіздер бойынша өтінімді мемлекеттік айыптаушы, жеке айыптаушы, жәбірленуші, азаматтық талапкер және жауапкер (сотталушыдан, оның заңды өкілінен және қорғаушыдан басқа) және олардың өкілдері мәлімдесе, онда оларды мәлімдеген процеске қатысушы өз уәждерін дәлелдеуі тиіс.
7. Сот істі қараған кезде тараптардың бәсекелестігі мен тең құқықтылығы принципін сақтауы қажет. ҚІЖК-нің
23-бабына
сәйкес, сот қылмыстық ізге түсу органы болып табылмайды, айыптау немесе қорғау жағында болмайды, тараптардың өздерінің іс жүргізу міндеттерін орындауына және өздеріне берілген құқықтарын жүзеге асыруына қажетті жағдай жасайды.
Сотталушыға тағылған айыпты растайтын дәлелдемелерді ұсыну міндеті айыптаушыға жүктеледі.
Қорғаушы сотталушыны тиісінше қорғауды жүзеге асыру үшін заңмен көзделген барлық құралдар мен әдістерді пайдалануы тиіс.
Сот айыптаудың шегін кеңейте алмайды және тараптардың өтінімінсіз сотталушының жағдайын нашарлата алмайды.
8. Сот тараптар ұсынған дәлелдемелерді жан-жақты, толық және объективті зерттеуге және оларды заңға сәйкес бағалауға міндетті. Істі дұрыс шешу үшін сот қылмысты дұрыс саралау және жазаны дұрыс тағайындау үшін қажетті, соның ішінде, сотталушының жеке басын сипаттайтын мәліметтерді ұсыну бойынша (ұрланғанның құны туралы анықтамалар, үкімнің көшірмесі, соттылығы туралы, отбасы құрамы туралы анықтамалар және т.б.) айыптаушы тарапқа міндеттер жүктеуге құқылы.
Іс бойынша қажетті мәліметтерді ұсыну міндеттерін іс жүргізуге қатысушыларға жүктеу орындалу мерзімі көрсетіліп сот қаулысымен ресімделеді.
Егер тараптар өздерінің ұсынуына мүмкіндіктері болмауына байланысты қажетті құжаттарды алуға көмектесу жөнінде өтінімді мәлімдесе, онда сот өтінімді қанағаттандыруға құқылы.
Сот іс бойынша дәлелдемелерді тараптар тағылған айып көлемінде оған ұсынған шектерде ғана тексереді.
Осы ретте, сот сотталушының кінәлі немесе кінәсіздігі, алдын ала тергеудің олқылықтарын жою жөнінде қосымша дәлелдемелерді жинауға тиіс емес.
9. Жеке айыптау бойынша қылмыстық іс қозғалған кезде, қылмыстың жасалғаны туралы арыз берген жәбірленуші немесе өзге тұлға қылмыстың мән-жайы, сезікті адамның қылмысты жасаудағы кінәсі, сотта қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкін екендігін көрсетуі тиіс.
Істің сот талқылауында көрсетілген дәлелдемелерді жеке айыптаушы ұсынады, осы дәлелдемелер - қылмыстық іс жүргізу заңының талаптарына сәйкес соттың бағалауына жатады.
10. Соттар іс бойынша ұсынылған дәлелдемелерді бағалаған кезде, оларды жинау және бекіту кезінде айыпталушының қорғану құқығын қамтамасыз ететін заң талаптарының сақталуын мұқият тексеруі тиіс.
ҚІЖК-нің
97-бабының
негізінде іс бойынша іс жүргізуден шеттетілуге жататын қорғаушының қатысуымен іс жүргізу әрекеті барысында алынған іс жүзіндегі деректер ҚІЖК-нің
9-бабына
сәйкес дәлелдемелер ретінде жарамсыз деп тануға жатады.
Қылмыстық істі ҚІЖК-нің
303-бабының
талаптарын бұза отырып (соттың сотталушының қорғану құқығын бұзуына: сотталушы өз кінәсін мойындамай отырған кезде, сотталушының кінәлілігін растайтын дәлелдемелердің болмауына байланысты қорғаушының өтінімі бойынша жіберілсе; мемлекеттік айыптаушының немесе жәбірленушінің өтінімінсіз іс ауыр айыпқа өзгерту үшін қосымша тергеуге жіберілсе) қосымша тергеуге жібергеннен кейін алынған дәлелдемелер жарамсыз деп тануға жатады.
11. ҚІЖК-нің 37-бабы бесінші бөлігінің тәртібімен прокурор қылмыстық істі соттан қысқарту үшін қайтарып алып, бірақ қысқартпай және оны одан әрі тергеу үшін жібергеннен кейін алынған дәлелдемелер жарамсыз деп немесе іс бойынша жүргізілген өндірістің осы бөлігінің күші жоқ деп танылуы тиіс.
12. Істі ҚІЖК-нің 363-бабында көзделген қысқартылған тәртіпте қарау жағдайларын қоспағанда, егер соттың үкімі сотталушы мен жәбірленушінің талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен: куәлардың айғақтарымен, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен расталмаған айғақтарының негізінде ғана шығарылса, оны заңды деп тануға болмайды.
13. Куәнің айғақтарын бағалау оларды істің мән-жайын нанымды бейнелейтін фактілер туралы айқын мәліметтерді анықтау мақсатында талдауды білдіреді.
Сот әр түрлі куәлардың іс жүзіндегі бір мән-жайлар жөнінде қарама-қайшы айғақтарын бағалай отырып, басқа дәлелдемелердің, айғақтардың өзіндегі қарама-қайшылықтарды талдаудың көмегімен, бірі қабылданып, келесілері шындыққа сәйкес келмеуі салдарынан теріске шығарылған дәлелдемелердің уәждерін сот актісінде көрсетіп, оларды шешуі тиіс.
Сотта куә ҚІЖК-нің
82-бабы
үшінші бөлігінің негізінде айғақтар беруден бас тартқан кезде, оның алдын ала тергеу барысында берген көрсетулері жариялана алмайды және дәлелдемелер ретінде таныла алмайды.
14. Жәбірленушінің немесе куәнің айғақтарын жариялауға, сондай-ақ олардан жауап алудың бейнежазбалары мен киноға түсірулерін, алдын ала тергеу жүргізу немесе сот талқылауы кезінде олардың бұрын берген мәліметтерін жариялауға олардың және сотта берген айғақтарының арасында елеулі қайшылықтар болған жағдайларда, сондай-ақ сотқа келуге мүмкіндік бермейтін себептер бойынша осы тұлғалар сот отырысында болмаған кезде (егер бұрын айғақтар қарама-қайшы болмаса, дәлелдемелермен жоққа шығарылмаса және т.б.) тараптардың өтінімі немесе соттың бастамасы бойынша жол беріледі.
Сот отырысына келуге мүмкіндік бермейтін мән-жайлар ретінде, өлімнен басқа, ауыр сырқаттану, ұзақ мерзімді іссапар, тұрған жерінен кетіп қалу мен тұлғаның жүрген жерін анықтаудың мүмкін еместігі және т.б. жағдайлар танылады. Бұл мән-жайлар нанымды түрде расталуы тиіс.
Тұлғаның сот отырысына келу мүмкіндігін іс жүзінде жоққа шығаратын мән-жайларды тану туралы шешімді, сот әр жағдайда іс жүргізуге қатысушылармен бұл мәселені талқылағаннан кейін қабылдауы тиіс.
Егер сот және тараптар қабылдаған шаралардан кейін, айғақтары сот талқылауында тікелей
зерттелуі қажет жәбірленушінің немесе куәнің жүрген жерін анықтауы мүмкін болмаса (анықтау және алдын ала тергеу барысында қайшылықтар болса не істің нақтылы мән-жайына сәйкес келмейтін басқа дәлелдемелермен теріске шығарылса және т.б.), онда осы тұлғалардың сотқа дейін іс бойынша іс жүргізуде берген айғақтарын сот дәлелдемелер ретінде тани алмайды.
15. Егер айғақтар болжамға, жорамалға, қауесетке негізделсе және куә аталған фактілер туралы өзінің қандай дерек көзден хабардар болғанын көрсете алмаса; осы іс бойынша іс жүргізу іс-әрекеттерін жүзеге асыруға өкілеттігі жоқ адамның жауап алуы кезінде, сондай-ақ заңмен белгіленбеген орын мен уақытта (көшеде, кафеде, бөтен пәтерде, негізсіз басқа елді мекенге алып шығу арқылы, түнгі уақытта, үздіксіз төрт сағаттан астам және т.б.), кейінге қалдыруды күтпейтін жағдайлардан басқа, жәбірленушінің, куәнің айғақтары жарамды дәлелдемелер деп таныла алмайды.
Кейінге қалдыруды күтпейтін жағдайлар деп жауап алуды кешіктіру кезінде қылмыс іздерінің жойылуына, қылмысты жасаған адамдардың жасырынуына, қылмыспен келтірілген залалдың орнын толтыру мүмкіндігінің жоғалуына әкеп соғуы мүмкін жағдайлардың аяқасты туындауын түсінген жөн.
16. Сарапшының қорытындысы ретінде дәлелдемелерді бағалаудың мәселелері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Қылмыстық істер бойынша сот сараптамасы туралы" 2004 жылғы 26 қарашадағы N 16
нормативтік қаулысында
түсіндірілген.
Өкілеттігі жоқ адамның тағайындауымен немесе қаулысыз, сондай-ақ өзге де заң талаптарының бұзылуымен жүргізілген (сараптама түрлерінің жүргізілу кезектілігі сақталмай) сараптаманың нәтижесінде алынған сарапшының қорытындысы жарамды дәлелдеме деп таныла алмайды.
Сарапшының қорытындысын бағалау және оның тұжырымдарының басқа дәлелдемелермен айырмашылығын анықтау кезінде сот бұл қарама-қайшылықты шешуі тиіс.
Сараптама жүргізу кезінде берілген және сарапшының қорытындысында көрсетілген, қылмыс жасағаны үшін кінәсін мойындаған айыпталушының түсіндірмесі дәлелдеме ретінде танылмауы тиіс.
Сараптама тағайындаған органнан мөрленуі буылып-түйілуі, пломбалары, мөрлері бұзылып келген сараптамалық зерттеу объектісінің негізінде алынған сарапшының қорытындысы, сарапшының тұжырымдарының нанымдылығына әсер ететін бұзушылықтың мәні мен сипатына қарай, жарамсыз дәлелдеме деп танылуы мүмкін.
17. ҚІЖК-нің
223-бабының
төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қаралып отырған іске қатысты және қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысымен сондай деп танылған, іске тіркелген және үкімнің немесе істі қысқарту туралы қаулы заңды күшіне енгенге дейін істе болған заттай дәлелдемелер бағалануға жатады.
Қылмыстық іс жүргізу заңы (хаттама жасалмай, куәгердің қатысуынсыз және т.б.) бұзыла отырып алынған және іске қосылған заттай дәлелдемелер жарамсыз дәлелдемелер деп танылуы тиіс.
Заттай дәлелдемелерді зерттеген және бағалаған кезде соттар оларды тек көрумен немесе сот отырысында жариялаумен шектелмеуі тиіс. Сотталушылардан, жәбірленушілерден, іске қатысушы басқа адамдардан жауап алып, зерттелетін дәлелдемелердің мәнін ашу, оның барлық қасиеттерінің ондағы мәліметтермен сәйкестігін және дәлелдеудегі олардың маңызын талдау мақсатында өзге де іс жүргізу іс-әрекеттерін жүргізу қажет.
18. Соттар тергеу іс-әрекетінің хаттамаларын бағалау кезінде, хаттамалар қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, ҚІЖК-нің
122,
184,
221-баптарында
көзделген жағдайларды қоспағанда және заңмен белгіленген анықтау немесе алдын ала тергеу іс жүргізу мерзімінде жасалатынын назарда ұстаулары қажет.
Өтініш және қылмыстар туралы хабарламалар бойынша шешім қабылдау мерзімін (он тәулікке дейін, ерекше жағдайларда - бір айға дейін) ұзартпай, қылмыстық істі қозғағанға дейін алынған іс жүзіндегі деректер жарамды дәлелдемелер ретінде таныла алмайды.
Анықтау немесе алдын ала тергеу мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуді қайта қалпына келтірмей тоқтата тұру (сараптама тағайындау жағдайларын қоспағанда), айыпталушыны іс материалдарымен таныстыру, істің айыптау қорытындысымен прокурорда болуы кезеңінде, алынған іс жүзіндегі деректер жарамсыз дәлелдемелер деп танылады.
19. Тергеу іс-әрекетінің хаттамасын дәлелдеме ретінде бағалаған кезде, оның ҚІЖК-нің
126-бабының
талаптарына сәйкестігін тексеру қажет.
Егер тергеу іс-әрекетінің хаттамасын жасаған кезде іс жүргізу заңдарын елеулі бұзушылықтарға (хаттамада тергеушінің, куәгердің қолы қойылмаған болса және т.б.) жол берілсе, онда ол жарамсыз дәлелдеме деп танылуы тиіс.
Егер тергеу іс-әрекетінің хаттамасында осы іс-әрекеттердің айқындығы мен заңдылығына күмән туғызбайтын елеусіз техникалық қателер (қате жазулар, түзетулер және т.б.) жіберілсе, онда олар хаттаманы жарамсыз дәлелдеме ретінде тану үшін негіз болып табылмайды.
20. Іске мүдделі адамдардың (құқық қорғау органдарының қызметкерлері, олардың өтілшілері, қылмыстық ізге түсу органдарына тәуелді адамдар: жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, әкімшілік қадағалауда жүргендер және басқалар) тергеу іс-әрекетін жүргізу кезінде куәгер ретінде қатысуы, осы тергеу іс-әрекетінің хаттамаларын жарамсыз дәлелдемелер ретінде тану үшін негіз болады.
21. Жазбаша нысанда белгіленген (актілер, анықтамалар және т.б.) немесе өзге тәсілмен алынған (компьютерлік хабар, фото-кино түсірулер, дыбыс-бейнежазбалар) іс үшін маңызы бар мәліметтен тұратын құжаттар іс бойынша дәлелдемелер деп танылуы мүмкін.
Заңмен қарастырылмаған тәртіпте алынған материалдар (тұлғаның өз бетімен жасырын аудиожазба жүргізуі және т.б.) істің материалдарына қосыла алмайды және жарамды дәлелдемелер ретінде таныла алмайды.
Егер тараптар даулаған жазбаша құжаттың түпнұсқасы ұсынылмаса және оған тиісті сараптама жүргізу мүмкін болмаса, онда ол дәлелдеме деп таныла алмайды.
22. "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы
Заңының
ережелеріне сәйкес өткізілген жедел-іздестіру қызметінің барысында және қылмыстық іс жүргізу заңдарымен белгіленген тәртіпте алынған нәтижелер дәлелдемелер ретінде таныла алады.
Жеке өмірге, тұрғын үйге қол сұғылмауы, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығына азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеуге байланысты жедел-іздестіру іс шараларының нәтижелері, егер олар заңға негізделсе және осы іс шараларды өткізу Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының, оның орынбасарларының, Республиканың әскери прокурорының, облыс прокурорларының және оларға теңестірілген прокурорлардың санкциясымен алынса, онда олар іс бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланыла алады.
Алдын ала тергеу барысында жедел іздестіру іс-шараларын өткізуге, сондай-ақ аудан (қала) прокурорлары немесе олардың міндетін атқарушы тұлғалар санкция беруі мүмкін.
Өткізілуін өкілеттігі жоқ прокурор санкциялаған жедел-іздестіру шараларының нәтижелері дәлелдемелер ретінде таныла алмайды.
Прокурордың санкциясынсыз жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде алынған материалдар, кейінге қалдыруды күтпейтін және террористік актінің, диверсияның және өзге де ауыр қылмыстардың жасалуына әкелуі мүмкін мән-жайлар болған кезде ғана дәлелдемелер ретінде танылуы мүмкін. Осы іс-шараларды өткізуді жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын тиісті органның басшыларының бірімен дәлелді қаулымен негіздеуі тиіс, бұл жөнінде прокурорға міндетті хабарлануы және кейін қаулы шыққан сәттен бастап 24 сағат ішінде санкция алынуы тиіс.
Осы ретте де, прокурордың санкциясынсыз жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу ерекше жағдайларда, яғни оның болмауы объективті мән-жайлармен (демалыс күні, жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу алыс жерлерде өткізілсе және т.б.) байланысты болғанда рұқсат етіледі.
Егер материалдар прокурордан санкцияны іс жүзінде алу мүмкіндігі бола тұра санкциясыз жиналса немесе жедел-іздестіру іс-шараларының заңсыздығы туралы прокурормен шешім қабылданса, онда олар дәлелдемелер ретінде жарамсыз деп танылады.
23. Қылмыстық іс қозғалғанға дейін жедел-іздестіру шараларын өткізудің нәтижесінде алынған материалдар қылмыстық іс жүргізу заңдарымен көзделген іс жүргізу нысанына келтірілуі, тексерілуі және дәлелдемелер ретінде бағалануы тиіс.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган іс бойынша дәлелдемелерді бағалау кезінде мемлекеттік және өзге де құпияларды құрайтын алынған мәліметтерді қорғау жөнінде шара қабылдауға міндетті.
Егер жедел-іздестіру іс-шараларының материалдарын алудың көзі, тәсілі және шарты белгіленбесе, онда мұндай материалдар дәлелдемелер бола алмайды.
24. Соттар дәлелдемелерді жинау және бекіту кезінде тергеудің (анықтаудың) заңсыз әдістерін қолданғаны туралы тараптардың өтініштерін тексеру бойынша барлық шараларды қабылдауы керек.
Іс бойынша сотқа дейін іс жүргізу барысында тексеріліп сұратылған материалдар мен осы арыз бойынша сот талқылауында алынған мәліметтер, соттың зерттеуіне және оларды жиынтығында бағалауға жатады.
Сотталғандардың, іске қатысушы басқа адамдардың өтініштерін тексерудің нәтижелері бойынша, анықтау немесе алдын ала тергеу барысында олардың құқықтарының бұзылғаны (қорғаушының ұсынылмауы, айғақтар беруге мәжбүрлеу, шатастыру, қинау, дәрігерлік көмек көрсетпеу және т.б.) туралы мәліметтер іс материалдарында болмаған кезде және сот отырысында толық көлемде оларды тексеру мүмкін болмаған жағдайда, сот шағым уәждерін тексеру материалдарымен тиісті қорытынды ұсыну туралы прокурордың атына қаулы шығаруға құқылы.
Тергеудің (анықтаудың) заңсыз әдістерін қолданғаны расталған кезде соттар осы ретте алынған дәлелдемелерді жарамсыз деп тануы тиіс.
Заңның бұзылған фактілері туралы мәліметтер кінәлі адамдарға шара қолдану үшін прокурорға соттың жеке қаулысымен хабарланады.
25. Қылмысқа қатысушылардың біреуіне қатысты жеке өндіріске бөлектенген қылмыстық істі қарау барысында, басқа қатысушыға қатысты заңды күшіне енген үкімнің, тек қылмыс оқиғасын, қылмыстың объективтік жағының белгілерін, қылмыспен келтірілген зиянның түрі мен көлемін және т.б. анықтау бөлігінде преюдициалдық маңызы бар.
Бұрын сотталған қылмысқа өзге қатысушы жөніндегі үкімде адамның тегінің көрсетілгеніне қарамастан, ол адамға қатысты бөлектенген іс бойынша оның қылмыс жасауға кінәлі немесе кінәлі емес екенін растайтын дәлелдемелер жеке зерттелуі және бағалануы тиіс.
Алдыңғы үкіммен сотталған адамдар куәлар болып табылмайды, сондықтан бөлініп шығарылған іс бойынша сот отырысында олардан жауап алу кезінде, олар қасақана жалған айғақ бергені немесе айғақ беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілік жөнінде ескертілуге тиіс емес.
26. Үкім соттың тұжырымы негізделген дәлелдемелер, сондай-ақ басқа дәлелдемелерді жоққа шығаратын уәждер жиынтығынан тұруы тиіс.
Егер сотталушыны қорғайтын барлық дәлелдер тексерілмесе және бағаланбаса, оның кінәлілігі жөнінде барлық күмәндар жойылмаса, ҚІЖК-нің
375-бабының
үшінші бөлігіне сәйкес сот айыптау үкімін шығаруға құқылы емес.
Егер күмәндар қабылданған шаралармен жойылмаса, онда олар сотталушының пайдасына түсіндіріледі.
Дәлелдемелердің негізінде анықталды деп танылған және сол іс жүргізу актісінде (үкімде, қаулыда) көрсетілген мән-жайлар бір біріне қайшы келмеуге тиіс.
27. Апелляциялық сатыдағы сот өз бастамашылығымен немесе тараптардың өтінімі бойынша іске қатысы жоқ нанымсыз және жарамсыз дәлелдемелерді үкімнен алып тастауға құқылы.
Егер бірінші сатыдағы сот істі дұрыс шешу үшін елеулі маңызы бар (жасаған әрекетінің саралануы, шығынның мөлшері және т.б.) зерттелмеген дәлелдемелерді негізсіз алып тастаса, онда үкімнің күші жойылып, іс жаңадан соттың қарауына жіберуге жатады.
Апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығару кезінде үкімде көрсетілмеген, бірақ бірінші сатыдағы сотта зерттелген іс жүзіндегі деректерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға құқылы.
28. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының
Төрағасы
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы