"Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы N 11 Нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасы заңнамасының өзгеруіне байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      1) 4-тармақтың бесінші абзацы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
      «Бұл ретте сот жарамды дәлелдемелерді іс материалдарынан негізсіз алып тастау, сондай-ақ сот отырысында дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін нақты деректерді зерттеу жағдайларына жол бермеуге тиіс.»;
      2) 7-тармақтың бірінші абзацы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
      «Соттың дәлелдемелерді жарамсыз не іске қатысы жоқ деп заңсыз тануы нәтижесінде тараптарды сот отырысында материалдарды ұсыну және оларды зерттеу мүмкіндігінен айыру, ҚІЖК-нің 415-бабының екінші бөлігіне сәйкес үкімнің күшін жоюға әкеп соғатын, қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі бұзу болып табылады.»;
      3) 18-тармақта:
      бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «Соттар тергеу әрекеттерінің  хаттамаларын бағалау кезінде, ҚІЖК-нің 122, 184, 190-2, 221, 231-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, хаттамалар қылмыстық іс қозғалғаннан кейін және заңда белгіленген анықтау, алдын ала тергеу немесе сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу мерзімінде жасалатынын назарда ұстауы қажет.»;
      екінші абзацта «бір айға дейін» деген сөздер «екі айға дейін» деген сөздермен ауыстырылсын және «деректер» деген сөзден кейін «, сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізуді жүзеге асыру барысында алынғандарды есептемегенде,» деген сөздермен толықтырылсын;
      4) 22-тармақта:
      төртінші абзац «санкциялаған» деген сөзден кейін «, сондай-ақ ҚІЖК-нің 237-бабының бірінші бөлігінде көрсетілмеген істер бойынша» деген сөздермен толықтырылсын;
      алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
      «Егер прокурордың санкциясынсыз жүргізілген арнайы жедел-іздестіру шаралары кейінге қалдыруды күтпейтін және ауыр, аса ауыр қылмыстардың жасалуына әкелуі мүмкін жағдайларда жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органның басшыларының бірінің дәлелді қаулысы негізінде, прокурорға хабарланып және кейін қаулы шыққан сәттен бастап 24 сағат ішінде санкция алынған болса, олардың материалдары жарамды дәлелдемелер болып танылуы мүмкін. Судья, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған не қылмыс жасау үстiнде ұсталған жағдайларды қоспағанда, прокурордың санкциясын алдын ала алмастан судьяларға қатысты жедел-іздестіру шараларын жүргізу алынған материалдарды жарамсыз дәлелдемелер деп тануға әкеліп соғады.
      ҚІЖК-нің 213, 216 және 218-баптарының талаптары бұзылып ресімделген «түсініктеме», «кінәсін мойындап келу», «куә ретінде жауап алу» немесе өзге де осындай нысандарда адамнан ол қылмыс жасаған деген күдікке байланысты алынған жауаптар ҚІЖК-нің 116-бабына сәйкес қылмыстық іс материалдарына тіркелуге және жарамды дәлелдемелер деп тануға жатпайды.»;
      5) 27-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Егер бірінші сатыдағы сот дәлелдемелер қатарынан материалдарды негізсіз алып тастап, оларды зерттемесе, онда істі апелляциялық не кассациялық қарау барысында сот аталған іс материалдарын жарамды дәлелдемелер деп тануға, оларды зерттеуге, бағалауға және тиісінше ҚІЖК-нің 411 және 446-8-баптарында көрсетілген шешімдердің бірін қабылдауға құқылы.».
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы                   М. Әлімбеков

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                       Ж. Бәйішев