Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "ҚІЖК-нің" деген сөз "ҚПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Сот практикасын жетілдіру, сараптаманы дайындау, тағайындау, оның нәтижелерін бағалау, сондай-ақ сот ісін жүргізу кезінде арнайы білімді пайдалану жөнінде бірыңғай тәжірибе қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 270-бабына сәйкес, сараптама сарапшының арнайы ғылыми бiлiмнің негiзiнде тек iс материалдарын зерттеуінің нәтижесiнде қылмыстық іс үшін маңызы бар мән-жайлар алынуы мүмкін жағдайларда тағайындалатыны түсіндірілсін.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).2. Қылмыстық істі жүргізуші органның назары сараптама тағайындау мен жүргізу кезінде қылмыстық-іс жүргізу заңын қатаң сақтаудың, осы орайда сараптама жүргізілуге қатыстырылған айыпталушының, жәбірленушінің, куәнің, сондай-ақ қорғауға құқығы бар куәнің және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға байланысты іс жүргізіліп жатқан адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудің қажеттілігіне аударылсын.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. Сот сараптамасын жүргізу ҚПК-нің 273-бабының бірінші бөлігінде және "Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 10 ақпандағы № 44-VI Заңында көрсетілген адамдарға ғана, атап айтқанда:
сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
арнайы білімі бар, сот сараптама жүргізуді жүктеген өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 14 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.4. Істі алдын ала тыңдау барысында сараптаманы тағайындау туралы қаулыны сот сараптаманы тағайындау дәлелдемелерге баға беруге байланысты болмаса, ал оны жүргізу ҚПК-нің 271-бабына сәйкес міндетті болса тек тараптардың өтініші бойынша шығаруы мүмкін.
Егер басты сот талқылауында арнайы ғылыми білім негізінде анықтауды қажет ететін мән-жайлар туындаса, сот тараптардың өтініші бойынша, сондай-ақ өз бастамасы бойынша тиісті сараптама тағайындауға міндетті. Бұл ретте айыптау шегінің кеңеюіне әкеп соғуы мүмкін мән-жайларды анықтау үшін сараптама тек айыптау тарапының өтінішхаты бойынша тағайындалады.
Апелляциялық сатының соты, егер іс бойынша сотталған адамның психикасының жай-күйін анықтау қажет болса, оның ақыл-есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық iс жүргiзу барысында өз құқықтары мен заңды мүдделерiн өз бетiнше қорғау қабiлетi жөнiнде күмән туса; жәбiрленушiнiң, куәнiң iс үшiн маңызы бар жағдайларды дұрыс қабылдау қабiлетiне күмән туған жағдайларда олардың психикалық жай-күйiн анықтау қажет болса сот психиатриялық сараптама тағайындауға құқылы.
Істегі және тараптар қосымша ұсынған, сот отырысында зерделеуді қажет етпейтін материалдар бойынша сараптама жүргізу мүмкін болған жағдайларда ғана апелляциялық сатының соты басқа сараптама тағайындауы мүмкін.
Егер іс апелляциялық сатыда қаралған кезде сараптамалық зерттеу жүргізу қажет болып танылса, онда осындай жағдайларда сараптаманы жүргізу және алынған қорытындыны бағалау ҚПК-нің 429-бабының төртінші және бесінші бөліктеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Сараптама жүргізу кассациялық сатыдағы соттың құзыретіне кірмейді. Материалдарды, оның ішінде қосымша келіп түскен және дұрыс шешім қабылдау үшін маңызы бар материалдарды сараптамалық зерттеу қажет болған кезде, олар сот актілерінің күшін жойып, істі жаңа сот қарауына жібере алады.
Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 14 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.5. Сот сараптамаларын тағайындау туралы шешім зерттеліп отырған мәселелер бойынша сараптама қорытындысы істе болса да болмаса да қабылдануы мүмкін.
Сот сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде сараптама жүргізілмесе, ал іс материалдары бойынша оны жүргізу қажет болса, ҚПК-нің 281, 282-баптарына сәйкес жеке сарапшының қатысуымен комиссиялық не кешенді сараптама жүргізуді тағайындайды.
Егер сараптаманың нәтижелері анық болмаса және мұны сарапшыдан жауап алу жолымен жою мүмкін болмаса не сарапшы өзінің алдына қойылған мәселелерді толық шешпесе немесе осының алдында жүргізілген зерттеуге байланысты қосымша мәселелердi шешу қажет болған жағдайда ҚПК-нің 287-бабының бірінші және екінші бөліктеріне сәйкес қосымша сараптама тағайындалады. Оны жүргізу сол сарапшының өзіне немесе өзге сот сарапшысына тапсырылуы мүмкін.
Егер сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткiлiктi негiзделмесе не оның дұрыстығы күмән туғызса не сараптама тағайындау мен жүргiзудің iс жүргiзу нормалары едәуір бұзылса, қылмыстық процесті жүргізуші орган нақ сол нысандарды зерттеу және нақ сол мәселелердi шешу үшiн ҚПК-нің 287-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қайталама сараптама тағайындайды. Оны жүргізу сот сарапшыларының комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сот сараптамасын жүргізген сот сарапшылары сараптаманы қайта жүргізген кезде қатысып, комиссияға түсініктемелер бере алады, бірақ олар сараптамалық зерттеуге және тұжырым жасауға қатыспайды.
Қандай да болмасын мән-жайды жекелеген сараптамалар жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаған жағдайда ҚПК-нің 282-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кешенді сараптама тағайындалады. Әр түрлі арнайы білімдерді пайдаланудың негізінде бірқатар зерттеулер жүргізу үшін сараптама жасау әр түрлі мамандықтағы сарапшыларға тапсырылады.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).6. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сарапшының қорытынды беруіне қажетті мән-жайларды зерттеу үшін заңмен көзделген шараларды қолдануға, содан кейін тараптарға өздері сарапшыға қойылуға тиіс деп есептейтін сұрақтарды жазбаша нысанда беруді ұсынуға және іс жүргізуге қатысып отырған басқа да адамдардың олар бойынша пікірін тыңдауға тиіс.
Тараптар сонымен қатар қандай объектілердің сараптамалық зерттеуге жататынын, сондай-ақ сараптаманы жүргізу кімге тапсырылуы мүмкін екенін көрсетуге және сарапшы ретінде шақырылған адамға қарсылық білдіруге құқылы.
Істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар сұрақтар соттың сараптама тағайындау туралы қаулысында тұжырымдалуға тиіс. Қаулыны шығару кезінде сарапшының алдына қойылған сұрақтардың сараптама жүргізу тапсырылған адамның арнайы білімінің шегінен аспауы керектігін назарда ұстаған жөн.
Сараптаманы тағайындау туралы қаулыда сарапшының құзыретіне кірмейтін құқықтық сұрақтарды, сондай-ақ іске қатысы жоқ өзге де сұрақтарды шешу туралы міндет қойылмауға тиіс.
7. Сараптаманы тағайындаған кезде сот сараптамалық зерттеу объектілерін табу, алу, тіркеу кезінде ҚІЖК талаптарының орындалуымен қатар объектілердің іске толық тіркелгендігін тексеруге міндетті.
Егер сот қаулысы бойынша алынуға тиіс объектілер сараптамалық зерттеуге жататын болса, олардың алынуы, буылып-түйілуі және сараптамалық зерттеуге әкелінуі сараптаманы тағайындау туралы сот қаулысының осы бөлігін орындау жүктелген тиісті органдардың мамандарының қатысуымен жүргізіледі.
Сараптамаға ұсынылған объектілердің сипаттамасы, олардың сыртқы түрі, мөлшері, буылып-түйілуі осы заттардың сараптама тағайындау туралы қаулыда көрсетілген сипаттамасымен, бумалардағы жазбамен салыстырылып, бұл туралы сараптама актісінде көрсетілуге тиіс.
Тараптар заттарды, құжаттарды және өзге де заттай айғақтарды сараптамалық зерттеу объектілері ретінде ұсынуға құқылы. Заттарды осы сараптамалық зерттеу объектілер қатарынан алып тастау үшін қылмыстық процесті жүргізуші орган дәлелді қаулы шығаруға міндетті.
Сараптамаға қатыстырылып отырған жәбірленуші, сезікті, айыпталушы, сондай-ақ куә және өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану жөнінде іс жүргізіліп жатқан адам, егер оның психикалық жай-күйі мүмкіндік берсе қылмыстық процесті жүргізуші органның рұқсатымен сараптама жүргізу кезінде қатысып отыруға құқылы.
8. Сот-психиатрия сараптамасын жүргізу қажет болған жағдайда зерттелуге тиісті адамның психиатриялық ауруханаға ҚПК-нің 14, 279-баптарының талаптары сақтала отырып орналастырылатынын назарда ұстаған жөн.
Егер сот-психиатрия сараптамасы жүргізілуге тиіс адамның психикасының уақытша бұзылғаны (ауруының қозуы) анықталса және мұның өзі сараптама жүргізуге кедергі келтірсе әрі осыған байланысты оны емдеу қажет болса, онда мұндай адамды психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тек сот қаулысы бойынша жүргізіледі. Мұндай жағдайда іс бойынша іс жүргізу ҚПК-нің 45-бабының бірінші бөлігінің 2-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрады.
Қамауға алынбаған адамды сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыру тек соттың шешiмiмен, ал сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн тиісінше соттың шешiмi немесе прокурордың санкциясы бойынша жүзеге асырылады.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).9. Сараптама тағайындау туралы сот қаулысы сараптама мекемелері үшін де және сот сараптамалық зерттеу объектілерін алу, буып-түю және жеткізу міндеті жүктелген басқа да органдар (адамдар) үшін де орындауға міндетті болып табылады.
10. ҚПК-нің 341-бабына сәйкес сараптаманы тағайындау іс бойынша тыңдауды кейінге қалдыру үшін негіз болып табылады. Сараптама қорытындысы алынғаннан кейін сот талқылауы жалғастырылады.
Соттар сараптама жүргізу мерзімін бақылауға алып және қажет болған жағдайларда сараптама мекемелерінен сараптама қорытындысының дайындығы туралы сұрауы керек.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).11. Сарапшының қорытындысы зерттелуге әрі бағалануға тиіс. Сарапшы қорытындысын зерттеу кезінде оның басқа дәлелдемелерден қандай да болмасын артықшылығының жоқ екенін, алдын ала белгіленген күшінің жоқ екенін және ол іс бойынша басқа дәлелдемелермен қоса талданып, салыстырылып бағалануға жататынын назарда ұстаған жөн.
Сот сарапшының қорытындысымен келіспеген жағдайда өз пікірін үкімінде немесе қаулысында тұжырымдап көрсетуге тиіс.
11-1. ҚПК-нің 273-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың (сот сараптамасы органдарының қызметкерінің; лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын және Сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімінде тұрған адамның; заңда көзделген тәртіппен және шарттарда сараптама жүргізу біржолғы тапсырылған өзге де адамның) сараптамалық қорытындыларының бір-бірінің алдында қандай да бір артықшылығы жоқ.
Ескерту. Нормативтік қаулы 11-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.12. Соттарға сарапшы қорытындысына баға беру бірқатар мәселелерді, олардың ішінде маңызды болып табылатын мына мәселелерді:
сарапшыға сол іске қатысты зерттеу объектілерінің ұсынылғаны не ұсынылмағаны және олардың сараптамалық зерттеу үшін жеткіліктілігін;
сараптамалық зерттеудің толықтығы бірін бірі толықтыратын әр түрлі зерттеу тәсілдерін пайдалануға және сараптамаға ұсынылған барлық нысандарды зерттеумен толық қамтылуына тікелей байланысты екені назарға алына отырып сараптаманың толық жүргізілгенін не жүргізілмегенін;
сарапшы қорытындысының ғылыми қағидаларға дұрыс негізделгенін;
сараптаманы білікті адамның жүргізгені, сарапшының өз құзыретінің шегінен шыққан-шықпағанын;
сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде қылмыстық-іс жүргізу заңының талаптарының сақталғаны не сақталмағанын тексеруге байланысты екені түсіндірілсін.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).13. ҚПК-нің 283-бабының сарапшының қорытындысының нысаны және мазмұны бойынша қойылатын талаптарына назар аудару қажет. Осы талаптар нысаны бойынша да, сондай-ақ мазмұны бойынша да оларға сәйкес болуы керек.
Қайталама сараптама жүргізген сарапшылардың қорытындысында олардың алдыңғы сарапшы қорытындысының дұрыс не қате екендігін растау туралы пікірге қандай мәліметтердің, зерттеу қорытындыларының негізінде келгені міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
Кешенді сараптама қорытындысында әр сарапшының зерттеулерді қандай көлемде жүргізгені және әрқайсысының қандай тұжырымдарға келгені көрсетіледі, содан кейін жалпы тұжырым жасалады, оған алынған нәтижелерге баға беруге құзыретті сарапшылар қол қояды.
Сарапшылар арасында келiспеушiлiк болған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бiр тобы бөлек қорытынды бере алады.
Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).14. Сараптамалық зерттеу объектілерін табу, алу мен есепке алу сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде қылмыстық iс жүргiзу заңының елеулi түрде бұзылуы сарапшы қорытындысын дәлелдеме ретінде қабылданбайды деп тануға әкеліп соғуы мүмкін.
Мұндай заңды елеулі бұзушылықтарға:
сараптамалық зерттеу объектілерін сараптамаға дайындау мен жіберудің процессуалдық тәртібінің бұзылуы;
іс бойынша сараптамалық зерттеуді (зерттеудің бір бөлігін) осы сараптаманы жүргізу тапсырылмаған адамдардың жүргізуі;
сараптаманы жүргізуге құқығы жоқ немесе заңға сәйкес қарсылық білдіруге жататын адамның сараптама жүргізуі;
сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарының бұзылуы;
және басқа сараптамалық зерттеуді толық әрі жан-жақтылы жүргізуге, сарапшының қорытындысының әділдігіне әрі негізділігіне шын мәнінде әсер ететін жағдайда заңды елеулі бұзушылықтар жатқызылуы мүмкін.
Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).15. ҚПК-нің 374-бабына сәйкес сот талқылауы барысында сарапшыдан жауап алу қорытынды жария етiлгеннен кейiн ғана оны түсiндiру, нақтылау немесе толықтыру үшiн жүргiзiлуi мүмкiн.
Сарапшының ауызша түсіндірмелері, нақтылаулары немесе толықтырулары оның бұған дейін жазбаша ұсынған қорытындысының бөлігі мен шегінде ғана беріледі.
ҚПК-нің 285-бабы төртінші бөлігінің талабына сәйкес, сарапшыдан оның қорытындысына қатысы жоқ, сот-психиатриялық сараптама өткізуге, сондай-ақ тірі адамдарға қатысты сот-медициналық сараптама жүргізуге байланысты оған белгілі болған мән-жайлар бойынша жауап алуға тыйым салынады.
Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 14 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.16. ҚПК-нің 111-бабына сәйкес маманның қорытындысы қылмыстық іс бойынша дәлелдеме болып табылады.
Маманның қорытындысы, сарапшының қорытындысы сияқты, басқа дәлелдемелерден және алдын ала белгіленген күштен ешқандай артықшылығы жоқ, іс бойынша басқа дәлелдемелермен бірге талдауға, салыстыруға және бағалауға жатады.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 11.12.2020 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.17. Сот сараптамасы органдары қызметкерлерінің сараптама жүргізуге байланысты іс жүргізу шығындары сотталған адамнан немесе оның заңды өкілінен мемлекет пайдасына өндіріледі немесе мемлекет кірісіне алынады.
Сот-сараптама қызметін лицензия негізінде, сондай-ақ лицензиясыз, бірақ қылмыстық процесті жүргізуші органның қаулысы бойынша бір жолғы сараптама жүргізу үшін тартылған адамдардың сараптаманы жүргізуге байланысты шығындары сарапшылар шотты ұсынғаннан кейін олардың пайдасына өндіріледі.
18. ҚПК-нің 390-бабы бірінші бөлігінің 12-тармағының талаптарына сәйкес іс бойынша түпкілікті шешім қабылдау кезінде сот сараптамалық зерттеу объектілері болған заттардың қайда жіберілетіні туралы мәселені шешуге міндетті. Осы орайда ҚПК-нің 118-бабының ережелерін басшылыққа алған жөн.
Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).19. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының Төрағасы | |
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының судьясы, | |
жалпы отырыс хатшысы |