Шет елдердегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттарын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 6 қаңтардағы N 23 Қаулысы

Қолданыстағы

     "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 7 наурыздағы Заңының 27-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

     1. Қоса берiлiп отырған шет елдердегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттары бекiтiлсiн.

     2. "Әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiндегi жәрдемақыларды жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен тағайындаудың және төлеудiң тәртiбi туралы Нұсқаулықты бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 11 маусымдағы N 731 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., N 27, 249-құжат) мынадай толықтыру енгiзiлсiн:
     көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Әлеуметтiк қамсыздандыру жөнiндегi жәрдемақыларды жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен тағайындаудың және төлеудiң тәртiбi туралы Нұсқаулық:
     мынадай мазмұндағы 18-1-тармақпен толықтырылсын:
     "18-1. Дипломатиялық қызметтiң персоналы шетелде болған кезеңiнде науқастанған жағдайда уақытша еңбекке жарамсыздығы жөнiнде:
     1) ұлттық валютада - науқастанған барлық уақыты iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерде;
     2) шетелдiк валютада - шетелдiк валютадағы орташа айлық жалақысының есебiнен, бiрақ екi айдан артық емес мерзiмге жәрдемақы алады.
     Егер ауруы екi айдан артыққа созылса және денсаулығының жағдайы бойынша науқас Қазақстан Республикасына жол жүре алмаса (көлiк қиындығын көтере алмаса), онда уақытша еңбекке жарамсыздығы жөнiндегi жәрдемақы шетелдiк валютада, оның емдеу мекемесiнде болған барлық уақыты үшiн, Қазақстан Республикасына эвакуациялау мүмкiндiгi туралы дәрiгерлердiң шешiмi шыққанға дейiн төленедi.".

     3. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
     1) "Қазақстан Республикасы қызметкерлерiнiң шетелдегi еңбек жағдайлары туралы ережелердi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 31 мамырдағы N 577 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1994 ж., N 24, 250-құжат);
     2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 9 тамыздағы
N 987 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 33, 313-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстердiң 11-тармағы;
     3) "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1994 жылғы 31 мамырдағы N 577 қаулысына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 22 қазандағы N 1586 қаулысы .

     4. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы       
Yкiметiнiң              
2006 жылғы 6 қаңтардағы      
N 23 қаулысымен           
бекiтiлген             

Шет елдердегi дипломатиялық қызмет персоналының
еңбек шарттары

1. Жалпы ережелер

     1. Осы шет елдердегі дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттары (бұдан әрi - шарттар) еңбекке ақы төлеудiң, оны нормалаудың, жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимiнiң шарттарын, кәсiптердi (лауазымдарды) қоса атқару, уақытша жұмыста болмаған қызметкердiң мiндеттерiн орындау, еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау тәртiбiн, сондай-ақ шет мемлекеттердiң аумағында кәсiби қызметтi тиiсiнше жүзеге асыруға байланысты дипломатиялық қызмет персоналы еңбегiнiң өзге де шарттарын белгiлейдi.
     Шетелдiк мекемелерге жергiлiктi жерде, оның iшiнде дипломатиялық қызмет персоналының отбасы мүшелерi қатарынан жұмысқа қабылданған штаттан тыс қызметкерлердiң еңбек шарттары Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң бұйрығымен бекiтiледi .

     2. Осы шарттардың әрекетi "Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген жағдайларда дипломатиялық қызмет персоналының (оның iшiнде еңбекке жарамсыз) отбасы мүшелерiне де қолданылады.
     Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызмет персоналының отбасы мүшелерiне жұбайы, зайыбы, 18 жасқа дейiнгi балалары және 18 жасқа толғанға дейiн мүгедек болған 18 жастан ересек балалары, сондай-ақ iссапарға жiберiлген дипломатиялық қызмет персоналымен бiрге, сол сияқты бiрге де және олардан бөлек те тұру үшiн шетелге шығатын еңбекке жарамсыз ата-аналары жатады.

     3. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайтын және босататын (керi шақырып алатын) лауазымды адамдарды қоспағанда, шетелде дипломатиялық қызмет персоналын қызметке тағайындау, қызметтен босату және өзге де лауазымдық орын ауыстыру Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң (бұдан әрi - Министр) шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Қазақстан Республикасынан шет мемлекетке iссапарға жiберу және шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына iссапарға жiберу

     4. Шет мемлекетке және қайтадан Қазақстан Республикасына iссапарға жiберiлуiне байланысты дипломатиялық қызмет персоналына және олардың отбасы мүшелерiне әуе немесе темiржол көлiгiнiң көлiктiк шығыстарына:
     1) Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкiлеттi Елшiлерiне, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкiлдерiне әуе көлiгiн пайдаланған кезде - "Бизнес" класс тарифi бойынша, темiржол көлiгiмен жол жүрген кезде - "СВ" санатындағы вагонның 2-орындық купесiнiң, сондай-ақ жүрдек фирмалық поездың "Турист" және "Бизнес" кластарының жолақысы құны мөлшерiнде;
     2) дипломатиялық қызметтiң өзге персоналына әуе көлiгiн пайдаланған кезде - экономикалық кластың тарифi бойынша, темiржол көлiгiмен жол жүрген кезде - жүрдек фирмалық поездың купелiк вагонының жолақысы құны мөлшерiнде өтемақы төленедi.

     5. Көрсетiлген көлiк түрлерiмен жол жүрген кезде дипломатиялық қызмет персоналына әуежайлық, сақтандыратын және комиссиондық алымдардың төлемдерiне арналған шығыстар, сондай-ақ дипломатиялық қызмет персоналы немесе оның отбасы мүшелерi жол жүретiн көлiк түрлерiне арналған жолақы билетi бойынша тегiн тасымалдау үшiн рұқсат етiлген жүк мөлшерiне қарамастан, дипломатиялық қызмет персоналы үшiн де, сондай-ақ оның отбасының әрбiр мүшесi үшiн де қол жүгiнiң салмағы есепке алынбастан, жалпы салмағы 80 кг-нан аспайтын, ал бүкiл отбасына 240 кг-дан аспайтын жүктi тасымалдау шығыстары өтеледi.

     6. Жұмыс орнына және қайтадан Қазақстан Республикасына жол жүрген уақыты үшiн дипломатиялық қызмет персоналына және оның отбасы мүшелерiне тәулiкақы:
     1) Қазақстан Республикасы аумағы бойынша жол жүрген кезiнде - Қазақстан Республикасының шегiндегi iссапарлар үшiн Қазақстан  Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде;
     2) шет мемлекеттiң аумағы бойынша жол жүрген кезде - шет мемлекеттерге iссапарлар үшiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде белгiленген тәртiппен және мөлшерде төленедi.

     7. Қазақстан Республикасынан жол жүрген кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын кесiп өткен күн тәулiкақы шетелдiк валютада төленетiн күндерге қосылады, ал Қазақстан Республикасына жол жүрген кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын кесiп өткен күн тәулiкақы ұлттық валютада төленетiн күндерге қосылады.

     8. Шетелге жол жүрген және Қазақстан Республикасына қайта оралған кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын кесiп өткен күн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын күзету және қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның дипломаттық немесе қызметтiк паспорттарға, Қазақстан Республикасы азаматының паспортына қойған белгiсi бойынша анықталады.

     9. Жол жүрiп бара жатқанда мәжбүрлi түрде кiдiрген жағдайда (науқастануы, қызметтiк тапсырма, форс-мажорлық мән-жайлар) кiдiрген уақыты үшiн тәулiкақы мен тұрғын үй-жайды жалға алу жөнiндегi шығыстар мәжбүрлi түрде кiдiру фактiсiн растайтын құжаттар ұсынылған кезде төленедi.
     Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүрiп бара жатып кiдiрген кезде кiдiрiс уақыты үшiн тәулiкақы мен тұрғын үй-жайды жалға алу жөнiндегi шығыстар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде Қазақстан Республикасының шегiндегi iссапарлар үшiн белгiленген нормалар бойынша ұлттық валютада төленедi.
     Шет мемлекеттiң аумағы бойынша жол жүрiп бара жатып кiдiрген кезде кiдiрiс уақыты үшiн тәулiкақы мен тұрғын үй-жайды жалға алу жөнiндегi шығыстар аумағында кiдiрiс болған шет мемлекет үшiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде белгiленген нормалар бойынша шетелдiк валютада төленедi.

     10. Жүру жолында дипломатиялық қызмет персоналы немесе олармен бiрге келе жатқан отбасы мүшелерi науқастанған жағдайда және екiншi адамның көмегiнсiз қала алмайтын болса, осыған байланысты мәжбүрлi түрде кiдiрген уақыт үшiн тәулiкақы мен тұрғын үй-жайды жалға алу жөнiндегi шығыстар екi айдан аспайтын уақытқа төленедi.

     11. Отбасы мүшелерi дипломатиялық қызмет персоналынан бөлек шет мемлекетке және керi қарай Қазақстан Республикасына жол жүрген жағдайда, отбасы мүшелерiне олардың қайта оралуы бойынша iс жүзiндегi шығыстары, оның iшiнде жүктi тасымалдау және жолдағы аялдамаларда тұрғын үй-жайды жалға алу жөнiндегi шығыстары дипломатиялық қызмет персоналы үшiн белгiленген нормалар бойынша өтеледi.

     12. Дипломатиялық қызмет персоналының және олардың отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасынан шет мемлекетке және керi қарай Қазақстан Республикасына жол жүруi жөнiндегi шығыстары бiр мезгiлде өтеледi.
     Дипломатиялық қызмет персоналының немесе отбасы мүшелерiнiң ауыр науқасына, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың, қарулы немесе азаматтық жанжалдардың туындау қаупiне немесе орын алу фактiсiне байланысты, сондай-ақ басқа да кейiнге қалдыруға болмайтын себептер бойынша ерекше жағдайларда және Министрдiң келiсiмi бойынша дипломатиялық қызмет персоналы және олардың отбасы мүшелерi болған мемлекеттен Қазақстан Республикасына жол жүруi қажеттiлiгі кезiнде дипломатиялық қызмет персоналының және олардың отбасы мүшелерiнің шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына және керi қарай шет мемлекетке жол жүру шығыстары өтеледi.

3. Еңбекке ақы төлеу

     13. Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерiне жұмысқа жiберiлген дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн , Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджетiнiң және Ұлттық Банктің сметасы (бюджетi) есебiнен қамтамасыз етілетiн Қазақстан Республикасы органдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгіленедi және белгiленген лауазымдық жалақысы мен оларға ақшалай төлемдер негiзге алына отырып, ұлттық және шетелдiк валютада жүргізiледi.

     14. Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне жұмысқа жiберiлген дипломатиялық қызмет персоналының жалақысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесiп өткен күнiнен бастап (қызметке тағайындалған күнi) төленедi және ұлттық валютадағы лауазымдық жалақысы мен шетелдiк валютадағы лауазымдық жалақысы негiзінде белгiленедi.
     Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне жұмысқа жiберiлген дипломатиялық қызмет персоналының ұлттық валютадағы лауазымдық жалақысы Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң (бұдан әрi - министрлiк) орталық аппараты қызметкерлерiнiң теңестiрiлген қызметтерi бойынша жалақысының 25 пайызы мөлшерiнде айқындалған ақшалай төлемдерiмен белгіленедi.
     Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiне жұмысқа жiберiлген дипломатиялық қызмет персоналының шетелдiк валютадағы лауазымдық жалақысы дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесiнде тағайындалған қызметi бойынша белгіленедi.

     15. Толық емес ай үшін ұлттық және шетелдiк валютадағы жалақы белгiленген ақшалай төлемдерi бар айлық лауазымдық жалақысы және осы айдағы iс жүзiнде жұмыс iстеген күндерiнiң мөлшерi негiзге алынып белгiленедi.

     16. Шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналына шетелдiк валютадағы жалақы ай сайын, оның iшiнде аванс түрiнде де (алдын ала) төленедi.
     Дипломатиялық қызмет персоналының ұлттық валютадағы жалақысын министрлiк Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан банктiк ұйымның есеп шотына ай сайын аударады.

4. Жұмыс уақыты және демалыс уақыты

     17. Қазақстан Республикасының әрбiр шетелдiк мекемесi үшiн iшкi еңбек кестесiнiң ережесiн Қазақстан Республикасының тиiстi шетелдiк мекемелерi басшыларының ұсынысы бойынша болған мемлекеттiң жағдайларына сәйкес министрлiк белгiлейдi.

     18. Шетелдегі дипломатиялық қызмет персоналы үшiн жұмыс уақыты мен демалыс уақытының ұзақтығы, оның iшiнде мереке күндерi - болған мемлекеттік заңнамасында белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.
     Демалыс күндерi жергілікті жағдайларға сәйкес белгiленедi.

     19. Осы шарттарға қосымшаға сәйкес ыстық және ылғалды климаты бар шет мемлекеттердегі дипломатиялық қызмет персоналы үшiн 36 сағаттық жұмыс аптасы белгiленедi.

     20. Жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалыстарының кестесiн Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесiнiң басшысы бекiтедi.

     21. Шетелде жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналына жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеудi есептеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
     Кезекті еңбек демалысына шыққан кезде шетелде жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналына ол министрлiкте айналысқан соңғы қызметi бойынша лауазымдық жалақысының екi еселенген мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленедi. Егер дипломатиялық қызмет персоналы шетелде жұмыс iстеудiң алдында министрлiкте қызмет атқармаса, оған министрлiктің орталық аппаратындағы персоналдың қызметiне теңестірiлген қызмет бойынша лауазымдық жалақы негізге алынып, денсаулығын күтуге арналған жәрдемақысы есептеледi.

     22. Жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысын өткiзу үшiн Қазақстан Республикасына жол жүрген кезде дипломатиялық қызмет персоналына және оның отбасы мүшелерiне шетелдегi жұмыс орнынан тұрақты тұратын орнына дейiнгi жолақысының құны және тұрақты тұратын орнынан шетелдегi жұмыс орнына дейiн керi қайту жолақысының құны, жүгiн тасымалдау және тұрғын үй-жайды жалға алу жөнiндегi шығыстарды қоспағанда, осы шарттардың 4-тармағында белгiленген нормалар бойынша күнтiзбелiк жылда бiр рет шетелдiк және ұлттық валюталарда төленедi.
     Демалысын басқа мемлекетте өткiзген кезде дипломатиялық қызмет персоналына және олардың отбасы мүшелерiне шетелдегi жұмыс орнынан демалысын өткiзетiн орынға дейiн және керi қайту жолақы құны төленедi, бiрақ оның мөлшерi Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын орнына дейiнгi және керi қайту жолақысының құнынан артық емес.

     23. Пайдаланылмаған жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы үшiн есеп айырысуларды дипломатиялық қызмет персоналы министрлiкте жұмыс iстеу үшiн шетелден оралғаннан кейiн министрлiк жүргiзедi.
     Дипломатиялық қызмет персоналы жұмыстан босаған кезде оған пайдаланылмаған жыл сайынғы еңбек демалысы үшiн өтемақы төленедi.

5. Қызметтердi қоса атқару және уақытша жұмыста
болмаған персоналдың мiндеттерiн орындау

     24. Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемесiндегi дипломатиялық қызмет персоналының қызметiн қоса атқару тәртiбiмен жұмысты орындауға, сондай-ақ уақытша жұмыста жоқ дипломатиялық қызмет персоналын ауыстыру үшiн дипломатиялық қызмет персоналын Қазақстан Республикасының басқа шетелдiк мекемесiне ауыстыруға министрлiкпен келiскеннен кейiн жол берiледi.
     Қызметтердi қоса атқару кезiнде, сондай-ақ уақытша жұмыста болмаған дипломатиялық қызмет персоналын ауыстырған кезде еңбекке ақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

     25. Қазақстан Республикасының бiр шетелдiк мекемесiнiң дипломатиялық қызмет персоналын басқа шетелдiк мекемеге уақытша ауыстырған жағдайда, дипломатиялық қызмет персоналына, ол уақытша баратын және керi қайтатын шетелдегi мекеме орналасқан жерге дейiнгi жол жүруге байланысты шығыстар төленедi.

6. Материалдық және әлеуметтiк қамтамасыз ету,
кепiлдiктер мен өтемақылар

     26. Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемесiне жұмысқа жiберiлген дипломатиялық қызмет персоналына оның Министрдiң бұйрығымен тағайындалған қызметiне сәйкес:
     1) белгiленген ақшалай төлемдерiмен бiрге ұлттық валютада қызметтiк жалақысының 100 пайызы мөлшерiнде (төлемдi Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi жүргiзедi);
     2) шетелдiк валютада қызметтiк жалақысының 50 пайызы мөлшерiнде(төлемдi қаржыландыру жоспарында көзделген қаражат есебiнен шетелдiк мекеме жүргізедi) бiр жолғы жәрдемақы төленедi.

     27. Шетелде болған кезеңiнде дипломатиялық қызмет персоналының отбасы мүшесi ауырған жағдайда, егер оған күтiм жасамау науқастың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретiн болса және егер оның көрсеткiштерi болған кезде медициналық мекемеге орналастыру мүмкiн болмаса, ал отбасы мүшелерiнiң iшiнде науқасқа күтiм жасайтын басқа отбасы мүшесi болмаса, онда уақытша еңбекке жарамсыздығы жөнiндегi жәрдемақы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен дипломатиялық қызмет персоналына төленедi.

     28. Отбасы мүшесi қайтыс болған жағдайда, дипломатиялық қызмет персоналына бiр жолғы ақшалай жәрдемақы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мөлшерде министрлiк қаражаты есебiнен, сондай-ақ осы шарттардың 4-тармағында белгiленген тәртiппен барар және қайтар жолға көлiктiк шығыстардың төлемi ұлттық валютада төленедi.

     29. Қазақстан Республикасының аумағында iссапарда немесе еңбек демалысында болған кезеңiнде еңбекке жарамсыздығы уақыты үшiн дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық валютада уақытша еңбекке жарамсыздығы жөнiндегi жәрдемақы төленедi, ал егер дипломатиялық қызмет персоналының асырауындағылар осы уақытта шетелде жүрсе - Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесiн қаржыландыру жоспарында көзделген қаражат есебiнен дипломатиялық қызмет персоналының лауазымдық жалақысының 25 пайызы мөлшерiнде шетелдiк валютада жалақы төленедi.

     30. Жүктiлiгiне және босануына байланысты демалыс беру үшiн Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесiне жiберiлген дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасына шақырылып, министрлiкте штаттық қызметке есепке алынады.

     31. Шетелде бала туғанына жәрдемақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен және мөлшерде жүргiзiледi.

     32. Дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мiндеттi түрдегi әлеуметтiк сақтандыруға жатады.

7. Iссапарлар кезiнде дипломатиялық қызмет
персоналының кепiлдiктерi және өтемақылары

     33. Дипломатиялық қызмет персоналын Қазақстан Республикасына қызметтiк iссапарға жiберген кезде iссапар мерзiмiн министрлiкпен келiсiмi бойынша шетелдегi мекеме басшысы, ал келген шет мемлекетке және басқа шет мемлекеттерге қатысты iссапар мерзiмiн Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесiнiң басшысы белгiлейдi.

     34. Дипломатиялық қызмет персоналы үшiн iссапардың бүкiл уақыты iшiнде айналысатын қызметi мен ұлттық және шетелдiк валютадағы орташа жалақысы сақталады.
     Қазақстан Республикасының аумағында қызметтiк iссапарларда болған уақытысы үшiн дипломатиялық қызмет персоналына Қазақстан Республикасының шегiнде қызметтiк iссапарлар үшiн белгiленген нормалар бойынша ұлттық валютада тәулiкақы, шетелден Қазақстан Республикасына және керi қарай жүретiн жолақы құны, Қазақстан Республикасы бойынша жолақы құны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде белгiленген мөлшерде тұрғын үй-жайды жалға алу жөнiндегi шығыстар төленедi.
     Шет мемлекеттiң аумағы бойынша жол жүрген уақытында дипломатиялық қызмет персоналына дипломатиялық қызмет персоналы жiберiлген мемлекет үшiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнде белгiленген нормалар бойынша шетелдiк валютада тәулiкақы төленедi және тұрғын үй-жайды жалға алу жөнiндегi шығыстары өтеледi.

     35. Қазақстан Республикасының аумағы немесе шет мемлекеттiң аумағы бойынша жол жүруi кезiнде вокзалға, әуежайға немесе айлаққа (такси қызметiнен басқасы) дейiнгi, сондай-ақ вокзалдан, әуежайдан немесе айлақтан (такси қызметiнен басқасы) аттанатын, баратын немесе басқа көлiкке ауысатын орындарға дейiнгi жолақысының шығыстары, сондай-ақ әуежайлық, сақтандыру және комиссиялық алымдардың төлемi жөнiндегi шығыстары өтеледi.

     36. "VIР" залдары қызметтерiнiң төлемдерi бойынша шығыстарды өтеу Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң басшыларына ғана жүргiзiледi.

     37. Су көлiгiмен жол жүру кезiнде, егер билеттiң бағасына тамақтанудың құны енгiзiлген болса, баратын мемлекетке келу күнiн қоса алғанда, жолға кеткен әрбiр күнтiзбелiк күн үшiн белгiленген нормалардың 30 пайызы мөлшерiнде тәулiкақы төленедi.

8. Еңбектi қорғау

     38. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек шарттары келген мемлекетте белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасында белгiленген еңбектi қорғау жөнiндегi стандарттардың, ережелердiң және нормалардың талаптарына сәйкес болуы тиiс.

9. Қорытынды ережелер

     39. Дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнде жұмыс iстеген уақыты оның еңбек өтiлiне және мемлекеттiк қызмет өтiлiне есептелiнедi.
     Олардың Қазақстан Республикасының шетелдердегi мекемелерiнде болуы (жұмысы) туралы еңбек кiтапшаларына жазбалар түсiрудi министрлiк жүргiзедi.

     40. Министрлiктен Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесiне және Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесiнен министрлiкке жiберiлетiн дипломатиялық қызмет персоналына баратын орнына келiсiмен есеп айырысу үшiн негiз болатын растамалық құжат - есеп айырысу аттестаты берiледi.
     Есеп айырысу аттестатында жұмысқа жiберiлген дипломатиялық қызмет персоналының лауазымы, онымен бiрге жол жүретiн отбасы мүшелерiнiң құрамы, төлемақы нормалары, бағыттары, дипломатиялық қызмет персоналының тағайындалған және баратын орны, оның алатын барлық ақшалай төлемдерi көрсетiледi.

     41. Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесiне жұмысқа iссапарға жiберiлген және есеп берiлетiн ұлттық және шетелдiк валюта мен жол жүру билеттерiн алған дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемесiне келгеннен кейiн 15 күнтiзбелiк күн iшiнде Министрлiкке аванстық есеп берудi тапсыруға мiндеттi. Аванстық есеп берудi тапсырмаған жағдайда, берiлген аванс пен жол жүру билеттерiнiң құны дипломатиялық қызмет персоналының жалақысы есебiнен қайтарылуы немесе өтелуi тиiс.

     42. Осы шарттардың 26-тармағында көрсетiлген, жұмысқа жiберiлген кезде берiлетiн бiржолғы жәрдемақы дипломатиялық қызмет персоналы шетелден Қазақстан Республикасына оралған жағдайда (тәртiптiк терiс қылықтар жасағаны үшiн министрлiк дипломатиялық қызмет персоналын жұмыстан шығарған жағдайларды қоспағанда) қайтарылуға жатпайды.

     43. Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiндегi еңбек даулары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.

Шетелдегi дипломатиялық қызмет       
персоналының еңбек шарттарына        
қосымша                 

Ыстық және дымқыл климатты мемлекеттердегi
жұмыс уақытысының ұзақтығы

     Ыстық және дымқыл климатты мемлекеттерде тұратын Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң персоналы үшiн жылдың мынадай айларында 36 сағаттық апта белгiленедi:
Египет Араб Республикасы           маусым - қыркүйек
Ауғанстан Ислам Республикасы       мамыр - тамыз
Грек Республикасы                  маусым - қыркүйек
Израиль Мемлекетi                  маусым - тамыз
Иран Ислам Республикасы            маусым - тамыз
Пәкiстан Ислам Республикасы        қаңтар - желтоқсан
Кипр Республикасы                  маусым - тамыз
Қытай Халық Республикасы           маусым - тамыз
Сауд Арабиясы Корольдiгi           қаңтар - желтоқсан
Таиланд Корольдiгi                 қаңтар - желтоқсан
Малайзия                           қаңтар - желтоқсан
Монғолия                           маусым - тамыз
Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi          қаңтар - желтоқсан
Түркия Республикасы                15 маусым - 31 тамыз
Үндiстан Республикасы              қаңтар - желтоқсан
Корея Республикасы                 маусым - тамыз
Жапония                            маусым - тамыз