Кеме қатынасы су жолдарын пайдалану ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 27 мамырдағы N 527 Қаулысы

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 2 маусымдағы 19-2/510 бұйрығын қараңыз.


      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шiлдедегi Су кодексiне және "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Кеме қатынасы су жолдарын пайдалану ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Yкiметiнiң        
2005 жылғы 27 мамырдағы 
N 527 қаулысымен     
бекiтiлген         

  Кеме қатынасы су жолдарын пайдалану ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кеме қатынасы су жолдарын пайдалану ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегi Су кодексiне және "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының кеме қатынасы су жолдарын пайдалану тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Осы Ереженiң әрекетi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн Кеме қатынасы үшiн ашық кеме қатынасы су жолдарының тiзбесiне сәйкес кеме қатынасы үшiн ашық су жолдарына қолданылады.

      3. Кеме қатынасы су жолдары жолаушыларды, багажды, жүктердi және почта жөнелтiнiмдерiн тасымалдау, кемелердi, салдарды және өзге де жүзу объектiлерiн тiркеп сүйреуге, пайдалы қазбаларды iздеу, барлау және өндiру, балық аулау және өзге де кәсiпшілiк, құрылыс, жол, гидротехникалық, су асты-техникалық және басқа осы сияқты жұмыстарды жүргiзу, кемелердi лоцмандық алып өту, құтқару операциялары, су объектілерiн қорғау, оларды ластану мен қоқыстанудан сақтау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру, суға батқан мүлiктi көтеру, санитарлық және басқа да бақылау, ғылыми зерттеулер жүргiзу, оқу, спорттық, мәдени және өзге де мақсаттар үшін арналған.

      4. Осы Ережеде "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегi Заңында көзделген ұғымдар және мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      жер снаряды - кемелердiң және өзге де жүзу объектiлерiнiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз ету мақсатында түбiн тереңдету жұмыстарын жүргiзуге арналған кеме;
      шектеулi қазу - жол жұмыстарын жүргiзудi қажет ететiн, кемелер мен құрамдар үшiн көлемдерi мен шөгуi бойынша белгiлi бiр шектеулерi бар кеме қатынасының учаскесi;
      навигациялық қоршау - кеме қатынасы су жолдарында олардың күрделілігін, кеме қатынасының көлемдерiн, су астындағы кедергiлердiң бар болуын көрсету үшiн қойылатын және кеме қатынасының қауiпсiздігін қамтамасыз ететiн навигациялық жабдық құралдары;
      сағалық партиясының жоспары - уәкiлеттi органның кәсiпорындары бекiтетiн (бұдан әрi - кәсiпорындар) белгiлi бiр кезеңге арналып өзіне гидрографиялық, геодезиялық, геологиялық, түбiн тереңдету, ғылыми-iздестiру және басқа да жұмыстарды қамтитын iздестiру жұмыстарының жоспары;
      өлшеу жұмыстары - кеме жолының тереңдiгін өлшеу;
      тральдау жұмыстары - тральдiң көмегімен кеме қатынасы су жолдарын тазалау немесе белгiленген көлемдердi тексеру жөніндегі жұмыстар.

  2. Кеме қатынасы су жолдарын күтіп ұстау

      5. Кеме қатынасы су жолдарын күтiп ұстау кемелер мен құрамдардың қауiпсiз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

      5-1. Кеме қатынасы су жолдарын күтiп ұстау мынадай жағдайлар кезiнде талап етiлмейдi:
      1) егер кеме қатынасы су жолының екi жағалауы да кеме жүзетiн болып табылса және кемелердiң қозғалысы сағаның бүкiл енi бойына мүмкiн болса (мұндай жағдайда навигациялық белгiлер орнатылмауы мүмкiн);
      2) егер кеме қатынасы су жолының бүкiл ұзына бойында шектеулi қазулар болмаса және кемелер мен құрамдар үшiн қәлемi мен шөгуi бойынша шектеулер болмаса.
      Ескерту. 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2006.12.29. N 1318 (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Жол жұмыстарын, соның iшiнде мемлекеттiк меншiктегі порттардағы рейдтердi және осы порттардың айлақтарына кiреберiстердi жайластыру мен күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзудi, сондай-ақ кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды күтiп ұстауды кәсiпорындар жүзеге асырады.

      7. Порттарға кiреберiстерде (осы Ереженiң 7-тармағында көрсетiлмеген), сондай-ақ тұру пункттерiнде жол жұмыстарын жүргiзудi олардың иелерi уәкілеттi органмен келiсiм бойынша жүзеге асырады.

      8. Iшкi су жолдарын және олардағы кеме қатынайтын гидротехникалық құрылыстарды күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстар жол жұмыстарын жүргiзуге арналған арнайы рұқсаттарсыз жүзеге асырылады.

      9. Жер снарядтарымен шектеулi қазуларды әзiрлеу өзен арнасының қайырылуын болдырмай, тек сағалық партиялардың жоспарлары бойынша жүргiзiледi.      

      10. Iшкi су жолдарының жай-күйін қадағалауды кеме қатынасы су жолдарына навигацияда екi реттен кем емес тұрақты тексерулер жүргізу арқылы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi (бұдан әрi - аумақтық бөлiмшелер) жүзеге асырады.

  3. Кеме қатынасы су жолдарының көлемдерi

      11. Кеме қатынасы су жолдарында кәсiпорындар кеме жолының кепілді көлемдерiн (тереңдiгi, енi, оның осiнiң айналу радиусы) қамтамасыз етедi.

      12. Кемелердiң көлемдерi (ұзындығы, ені, су үстiндегі көлемi, шөгуi) және олардың жылдамдығы осы Ережеге қосымшаға сәйкес су жолы мен кеме қатынайтын шлюздердiң техникалық деректерiне сәйкес болуы тиiс.

  4. Кеме қатынасы су жолдарын навигациялық қоршау

      13. Кеме қатынасы су жолдарын навигациялық қоршау iшкi су жолдарында кемелердiң жүзуiне қауiпсiз жағдайлар жасауға және жасанды құрылыстардың сақталуын қамтамасыз етуге арналған.

      14. Кеме қатынайтын су жолдарының навигациялық қоршауын күтiп ұстауды кәсiпорындар орындайды және ол навигациялық жабдық құралдарын орнату мен оларға қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуден тұрады. Кәсiпорындар кеме жүргiзушілерге жол жағдайларының жай-күйі мен олардың өзгеруi туралы хабарлайды.

      15. Темiр жол, автожол, коммуналдық және қалқымалы көпiрлерде, су астындағы және әуедегi өту жолдарында, су жинағыштар мен су жiбергiштерде, оларды сақтауға және кемелердiң жүзуiне қауiпсiз жағдай жасауға арналған кеме қатынасы сигналдарының белгілерi (тұрақты мен жүзбелi) мен шырақтарын орнату және күтiп ұстауды осы құрылыстардың иелерi жүргізедi.

      16. Су кiре берiстерiндегi және порттар, айлақтар, бөгеттер, рейдтер және оқшауландырылған пайдаланымдағы су жолдарының басқа да учаскелерi акваториясындағы навигациялық қоршауды орнату мен күтiп ұстауды осы акваториялар мен су жолдарының учаскелерi пайдаланымында орналасқан жасанды құрылыстардың иелерi және ұйымдар уәкілеттi органмен келiсiм бойынша жүргiзедi.

      17. Жағалық және қалқыма белгiлердегi навигациялық шырақтар азаматтық ымырттың ортасына сәйкес келетiн (күннің көкжиектен 3 градус төмен болған кезiнде) кемiнде 40 - 100 люкс құрайтын көлденеңiнен жарық түсiрген кезде жұмыс iстеуге тиiс.
      Құрылыстардағы навигациялық шырақтар шектеулі көру кезеңiнде жұмыс iстеуге тиiс.

      18. Су жолының сигналдық белгілерiн кемелердi немесе жүзу құралдарын арқандап байлау немесе шығару үшiн пайдалануға, сондай-ақ осы белгiлердi зақымдауға жол берiлмейдi.

      19. Әрбiр кеме жүргiзушi тиiсті кәсiпорынды жолдың сигналдық белгiлерiнде байқалған жұмыс iстеу ақаулығының барлық жағдайлары (сөнген шырақ, бакеннің, қалқыманың орнынан қозғалуы, белгiнiң зақымдануы) туралы хабардар етедi.

      20. Кәсiпорындар iшкi су жолдарының қоршаулары зақымдануының, құрамдар көлемдерi мен жолдың жарияланған көлемдерiнің сәйкес болмауы салдарынан қазулар зақымдануының барлық жағдайларына актілер жасайды және оларды жою жөнiнде қажеттi шаралар қабылдайтын аумақтық бөлiмшелерге жiбередi.

                                        Кеме қатынасы су жолдарын
                                           пайдалану ережесiне
                                                  қосымша

          Кемелер мен су жолдары көлемдерiнiң ара қатынасы

          Кеме қатынасы су жолдарындағы түп астындағы
                          ең аз су қорлары
                          (сантиметрмен)

Су жолының
тереңдігі

Барлық кемелер үшiн

Құмды және жұмыртасты жерде

Тасты жерде

150-ден кем

10

15

150-300

15

20

300-ден артық

20

25

      Ескертпе:
      1. Қорлардың мәнi шектеулi қазуда жарияланған тереңдiк пен тұрған кеменiң ең үлкен шөгуi арасындағы айырмашылықты көрсетедi.
      2. Тереңдiгi бойынша шектеулі қазудан өткен кезде кеме жүргiзушiлерi қайырлау құбылысын ескередi және кеме жылдамдығын төмендету немесе көмекшi сүйретiп жүзуші кеменi тарту жолымен, мұндай шаралар жеткiлiксiз болған кезде - шөгудi (тиеудi) тиiстi азайту жолымен оны төмендету үшiн шаралар қабылдайды.

       Кеме қатынайтын шлюздердегi түп астындағы су қорлары
                     (сантиметрмен)

Табалдырық
салу тереңдігі

Тасты немесе бетонды кеме қатынайтын шлюз табалдырығындағы су қоры

100-гe дейiн

-

100-ден артық

-

250-ге дейiн

25

250-ден артық

40

   Кеме қатынайтын шлюздiң енi мен ұзындығы бойынша қорлар

      Енi 10 метрге дейiн кеме қатынайтын шлюздегi кеме борты (ең үлкен енi бойынша) мен кеме қатынайтын шлюздiң қабырғасы арасындағы қор енi 18 метрге дейiн кеме қатынайтын шлюзде тиiсiнше - 0,4 метр, 18 метрден артық - 0,5 метр, әрбiр борт жағынан 0,2 метр болуы тиiс.
      Кеме қатынайтын шлюзден өткен кезде жалғыз кеменiң (кеме құрамының) ұзындығы оның камерасының пайдалы ұзындығынан кем болуы тиiс: ұзындығы 50 метрге дейiн кеме қатынайтын шлюзде - 1 метрге, ұзындығы 51 метрден 100 метрге дейiн - 2 метрге, 101 метрден 150 метрге дейiн - 4 метрге, 151 метрден 210 метрге дейiн - 6 метрге және ұзындығы 210 метрден артық кеме қатынайтын шлюзде - 10 метрге.