Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу қағидаларын және кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесiн және оларды пайдалану қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 2 маусымдағы 19-2/510 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 11 тамызда № 11862 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 37 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 31.01.2020 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 105-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi;

      3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарын пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ауыл шаруашылығы министрі

А. Мамытбеков

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      ___________ Ә. Исекешев

      2015 жылғы 23 маусым

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ___________ Е. Досаев

      2015 жылғы 07 шілде

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ___________ В. Школьник

      2015 жылғы 15 маусым



  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінiң
2015 жылғы 2 маусымдағы
№ 19-2/510 бұйрығына
1-қосымша

Су объектiлерiн
кеме қатынасы санатына жатқызу қағидалары

      1. Осы Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 105-бабының 3-тармағына, "Iшкi су көлiгi туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы заңының (бұдан әрi – Су көлігі туралы заң) 11-бабының 2-тармағына сәйкес әзiрлендi және су объектілерін кеме жүзетiн су жолдары санатына жатқызу тәртiбін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган – қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары;

      2) орталық атқарушы орган – iшкi су көлiгi саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      3) су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – елді мекендер шегінен тыс жерлерде су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      4) Қазақстан Республикасының iшкi су жолдары – кеме қатынасы мақсатында пайдалануға болатын табиғи немесе қолдан жасалған қатынас жолдары.

      3. Iшкi су жолдары, Су көлігі туралы заңның 1-бабының 30) тармақшасына сәйкес навигация кезеңiнің белгiленген мерзiмiнде олардың тиесілілігі мен меншiк нысанына қарамастан кемелердiң iркіліссiз әрi қауiпсiз жүзуi үшiн кеме жүзуінің тиiстi габариттерін, кеме жүзетiн гидротехникалық құрылыстардың (шлюздердiң) жұмыс iстеуiн, су жолдарын пайдалану кезінде экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді.

      4. Су жолдары арқылы жүк пен жолаушылар тасымалдауды жүзеге асыру мүмкiндiгін әрi орындылығын Су көлігі туралы заңның 9-бабының 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес орталық атқарушы орган айқындайды.

      5. Орталық атқарушы орган су объектілерін кеме қатынасы санатына жатқызу және су объектілерін немесе олардың участкелерін (шекарасын көрсетiп) кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесiне қосу туралы ұсыныстар дайындайды.

      6. Ұсыныстарға мыналар енгізіледі:

      1) жергілікті атқарушы органдар ұсынатын тасымалдаудың күтілетін көлемі, жүк тасқынның болжалды бағдары мен тасымалдау процесін ұйымдастыру үшін көлік (жолаушылар) флотының жоспарланған саны;

      2) кеме қатынасы санатына жатқызуға ұсынылатын су объектiсінің схемалық жоспары, гидрологиялық сипаттамасы және пайдалану ерекшелiктерi;

      3) кеме қатынасы санатына жатқызуға ұсынылатын су объектiсінде кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар және оларды қысқа мерзімді (үш жылдық) перспективада күтіп-ұстау бойынша қаржы қаражатының қажеттілігі.

      7. Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу жөнiндегi ұсыныстар:

      қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен;

      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ведомствоның аумақтық бөлімшелерімен келiсiледi.

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінiң
2015 жылғы 2 маусымдағы
№ 19-2/510 бұйрығына
2-қосымша

Кеме қатынасы,
әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын
кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi

      1. Балқаш көлi.

      2. Есiл өзенi, Петропавл су қоймасының бөгетiнен бастап Солтүстiк Қазақстан облысының Приишимка кентiне дейiн.

      3. Есіл өзенінің Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекарасы шегіндегі учаскесі.

      4. Жайық-Каспий каналы.

      5. Қазақстан Республикасының аумағындағы Қиғаш өзенінің учаскесi (Волга өзенiнің саласы).

      6. Қара Ертiс өзенi (Қытай Халық Республикасымен шекарадан бастап) Зайсан көлi - Бұқтырма, Өскемен және Шүлбі су қоймаларымен бiрге Ертiс өзенi (Ресей Федерациясымен шекараға дейiн).

      7. Ресей Федерациясынан бастап Жайық өзенінің сағасына дейiнгі Жайық өзенiнің учаскесi.

      8. Сырдария өзенi, Қызылорда қаласы мен паром өткелдерiнің маңы.

      9. Iле өзенi, Қапшағай су қоймасымен бiрге Қытай Халық Республикасымен шекарадан бастап Қапшағай CЭC бөгетiне дейiн.

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінiң
2015 жылғы 2 маусымдағы
№ 19-2/510 бұйрығына
3-қосымша

Кеме қатынасы,
әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы
су жолдарын пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарын пайдалану қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің 105-бабының 3-тармағына, "Iшкi су көлiгi туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы заңының (бұдан әрi – Су көлігі туралы заң) 13, 14, 15-4-баптарына "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" 2004 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы заңының 1-бабының 45) тармақшасына және 63-бабының 3-тармағына сәйкес әзiрлендi және кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарын пайдалану тәртiбiн айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың қолданысы, осы бұйрықпен бекітілген Кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесiне сәйкес кеме қатынасы үшiн ашық су жолдарына таралады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аумақтық бөлімшелер – уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері;

      2) кеме – Кеме қатынасы тiркелiмiнiң техникалық бақылауындағы, ішкі суларда жүзетін кеме, кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын өздігінен жүзетiн немесе өздігінен жүзбейтiн жүзбелi құрылғы, оның iшiнде "өзен-теңiзде" жүзетiн кеме, паром, техникалық флот кемесі (су түбiн тереңдетушi және су түбiн тазартушы снарядтар, жүзбелi кран және басқа да осы сияқты техникалық құрылыстар);

      3) кеме жолы – белгiлi бiр көлемдегi кемелердiң кедергiсiз жүзуiне жол берiлетiн шектерде жолдың бағыты мен шекараларын көрсететiн навигациялық жағдайдың белгiлерi қойылған, iшкi су жолдарындағы су бетi;

      4) рейдтер – кемелердiң зәкiр салып тұруына, маневр жасауына немесе жүктердi қайта тиеуге арналған кеме жолы шегiнен тыс порт акваториясының бөлiгi;

      5) судың жобалық деңгейі – кеме қатынасы қарқындылығының белгісі бойынша су жолдары тобына қарай көпжылдық қамтамасыз етудің белгіленген шамасы бар, төменгі навигация деңгейлерінің бірі, оның негізінде кеме қатынасы өзендерінде кепілдік берілген кеме жүрісі габариттері белгіленеді;

      6) уәкiлеттi орган – iшкi су көлiгi саласындағы басшылықты, сондай-ақ Су көлігі туралы заңның 1-бабының 43) тармақшасымен көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      7) уәкiлеттi органның кәсiпорны – қызмет көрсететiн шекаралар шегiнде кемелердiң қауiпсiз жүзуiн қамтамасыз ету мақсатында iшкi су жолдарын және кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстарын (шлюздерін) тиiсiнше күтiп-ұстау мен дамыту үшiн өндiрiстiк қызметтi жүзеге асыру негiзгi мiндетi болып табылатын iшкi су көлiгiнiң мемлекеттiк кәсiпорны.

2. Кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін
пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарын күтіп-ұстау

      4. Астананың әкімшілік-аумақтық шекарасы шегіндегі Есіл өзенінің кеме қатынасы учаскесін қоспағанда, су жолы жұмыстарын, оның iшiнде мемлекет меншiгiндегi порттарда рейдтер және осы порттардың айлақтарына кiреберiстердi жасау мен күтiп-ұстау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзудi, сондай-ақ кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстарын күтiп-ұстау мен тасымалдаушының технологиялық байланысты ұйымдастыруын уәкiлеттi органның кәсiпорындары жүзеге асырады.

      Астананың әкімшілік-аумақтық шекарасы шегіндегі Есіл өзенінің кеме қатынасы учаскесінде су жолы жұмыстарын жүргiзудi қамтамасыз етуді астана әкімдігі жүзеге асырады.

      5. Келесі жағдайларда су жолы жұмыстары жүргiзілмейді:

      1) егер кеме қатынасы су жолының екi жағалауы да кеме жүзетiн болып табылса және кемелердiң қозғалысы сағаның бүкiл енi бойына мүмкiн болса (мұндай жағдайда навигациялық белгiлер орнатылмауы мүмкiн);

      2) егер кеме қатынасы су жолының бүкiл ұзындығына осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес шектеулi қазулар және кемелер мен құрамдардың көлемi, шөгуi бойынша шектеулер болмаса.

      6. Порттарға (осы Қағидаларың 4-тармағының бірінші бөлімінде көрсетiлмеген) кiреберiстердегi, сондай-ақ тоқтау пункттерiндегi жол жұмыстарын жүргiзудi олардың иелерi жүзеге асырады.

      7. Iшкi су жолдарын және олардағы кеме қатынасы гидротехникалық құрылыстарын күтiп-ұстау жөнiндегi жұмыстар жол жұмыстарын жүргiзуге арнайы рұқсатсыз жүзеге асырылады.

      8. Су көлігі туралы заңның 17-бабының 2) тармақшасына сәйкес ішкі су көлігі саласындағы бақылау мен қадағалауды аумақтық бөлімшелер кеме қатынасының су жолдарын және навигациялық жабдықтар құралдарын тиiсiнше күтiп ұстауды бақылау және қадағалау арқылы жүзеге асырады.

3. Кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін
пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарын навигациялық қоршау

      9. Кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарын навигациялық қоршау iшкi су жолдарында кемелердiң жүзуiне, әуе кемелерінің ұшуына (қонуына) қауiпсiз жағдайлар жасауға және жасанды құрылыстардың сақталуын қамтамасыз етуге арналған.

      10. Кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының навигациялық қоршауын күтiп-ұстауды кәсiпорындар орындайды және ол навигациялық жабдық құралдарын орнату мен оларға қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуден тұрады. Кәсiпорындар кеме жүргiзушілерге жол жағдайларының жай-күйі мен олардың өзгеруi туралы хабарлайды.

      11. Темiр жол, автожол, коммуналдық және қалқымалы көпiрлерде, су астындағы және әуедегi өту жолдарында, су жинағыштар мен су жiбергiштерде, оларды сақтауға және кемелердiң жүзуiне қауiпсiз жағдай жасауға арналған кеме қатынасы сигналдарының белгілерi (стационарлы және қалқыма) мен шырақтарын орнату және күтiп-ұстауды осы құрылыстардың иелерi жүргізедi.

      12. Су кiре берiстерiндегi және порттар, айлақтар, бөгеттер, рейдтер және оқшауландырылған пайдаланымдағы су жолдарының басқа да учаскелерi акваториясындағы навигациялық қоршауды орнату мен күтiп-ұстауды осы акваториялар мен су жолдарының учаскелерi пайдаланымында орналасқан жасанды құрылыстардың иелерi және ұйымдар аумақтық бөлімшелермен келiсiм бойынша жүргiзедi.

      13. Жағалық және қалқыма белгiлердегi навиғаңиялық шырақтар ымырттың ортасына сәйкес келетiн (күннің көкжиектен үш градус төмен болған кезiнде) кемiнде қырық – жүз люксті құрайтын, көлденеңiнен жарық түсiрген кезде жұмыс iстейді.

      Кеме қатынасы су жолдарында орналасқан құрылыстардағы навигациялық шырақтар шектеулі көру кезеңiнде жұмыс iстейді.

      14. Су жолының сигналдық белгілерi кемелердi немесе жүзу құралдарын арқандап байлау немесе шығару үшiн пайдаланылмайды, сондай-ақ осы белгiлер зақымдалмайды.

      15. Әрбiр кеме жүргiзушi және әуе кемесінің ұшқышы тиiсті кәсiпорынды жолдың сигналдық белгiлерiнде байқалған жұмыс iстеу ақаулығының барлық жағдайлары (сөнген шырақ, бакеннің, қалқыманың орнынан қозғалуы, белгiнiң зақымдануы) туралы хабардар етедi.

      16. Аумақтық бөлімшелер iшкi су жолдарының қоршаулары зақымдануының, жолдың жарияланған көлемдерiнің сәйкес болмауы салдарынан қазулар зақымдануының барлық жағдайларына актілер жасайды және оларды жою жөнiнде қажеттi шаралар қабылдайтын кәсіпорынға жiбередi.

      17. Кеме қатынасы ішкі су жолдарын пайдалану Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 161 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 10870 тіркелген) Ішкі су жолдарын пайдалану қағидаларымен реттеледі.

  Кеме қатынасы,
әуе кемелерінің ұшуы (қонуы)
үшін пайдаланылатын
кеме қатынасы су жолдарын
пайдалану қағидаларына
қосымша

Кемелер мен су жолдары көлемдерiнiң ара қатынасы

      Кеме қатынасы су жолдарындағы түп астындағы ең аз су запастары (сантиметрмен)

Су жолының тереңдігі

Барлық кемелер үшiн

Құмды және жұмыртасты жерде

Тасты жерде

150-ден кем

10

15

150-300

15

20

300-ден артық

20

25


      Ескертпе:

      1. Запастардың мәнi шектеулi қазуда жарияланған тереңдiк пен тұрған кеменiң ең үлкен шөгуi арасындағы айырмашылықты көрсетедi.

      2. Тереңдiгi бойынша шектеулі қазудан өткен кезде кеме жүргiзушiлерi қайырлау құбылысын ескередi және кеме жылдамдығын төмендету немесе көмекшi сүйретiп жүзуші кеменi тарту жолымен, мұндай шаралар жеткiлiксiз болған кезде – шөгудi (тиеудi) тиiстi азайту жолымен оны төмендету үшiн шаралар қабылдайды.