Әлеуметтік аударымдарды есептеу ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 маусымдағы N 683 қаулысы

Жаңартылған

      "Мiндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуiрдегi  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулы етеді:

      1. Қоса берiліп отырған Әлеуметтiк аударымдарды есептеу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2004 жылғы 21 маусымдағы 
N 683 қаулысымен      
бекiтiлген        

  Әлеуметтiк аударымдарды есептеу ережесi

      Осы Ереже "Мiндетті әлеуметтiк сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 25 сәуiрдегi  Заңына  сәйкес әзiрлендi және әлеуметтiк аударымдарды есептеудің тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындайды.

  1. Жалпы ережелер

      Осы Ережеде мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1. Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қоры (бұдан әрi - Қор) - әлеуметтiк аударымдарды жинауды және мiндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесiне қатысушыдан - асыраушысынан айрылған жағдайда, оның асырауындағы отбасы мүшелерiн қоса алғанда, оған қатысты әлеуметтiк қатер жағдайы басталған мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыларға төлемдi жүргiзетiн заңды тұлға.
      2. Әлеуметтiк аударымдарды төлеушi (бұдан әрi - төлеушi) - әлеуметтік аударымдарды есептеудi және Қорға төлеудi жүзеге асыратын жұмыс беруші немесе өзін-өзi жұмыспен қамтыған адам.
      3. Әлеуметтік аударымдар - Қорға төленетiн, заңда белгiленген мiндетті төлемдер.
      4. Әлеуметтік аударымдар ставкасы - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсінің шамасына қарай пайыздық қатынаспен көрсетiлген, Қорға төленетiн міндетті төлемдердiң тiркелген мөлшерi.

  2. Әлеуметтік аударымдарды есептеудiң
тәртiбi мен мерзiмi

      5. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар үшiн төленетін әлеуметтік аударымдарды есептеу ай сайын жүргiзiледi.
      Бұл ретте, әлеуметтік аударымдарды есептеу үшiн ай сайынғы табыс тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетiн ең төмен жалақының он еселенген мөлшерiнен аспайтын мөлшерде алынады.
      6. Жұмыс берушi үшiн орындаған жұмысы, көрсеткен қызметi үшiн қызметкерге табыс түрiнде төленетiн оның шығыстары әлеуметтiк аударымдардың объектiсi болып табылады.
      Жұмыспен өзiн өзi қамтыған адамдар үшiн олардың алатын табысы әлеуметтiк аударымдардың объектiсi болып табылады.
      7. Жұмыс берушінің қызметкерге кiрiстер түрiнде төленетiн шығыстарын есептеу, әскери қызметшілердiң, iшкi iстер органдары, Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Қылмыстық-атқару жүйесi комитетi, қаржы полициясы және мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерiнiң ақшалай үлестерiн жұмыс берушiнiң қызметкерлерге кiрiс түрiнде төлейтiн шығыстарына қоса отырып, Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде (бұдан әрi - Салық кодексi) көзделген тәртiппен жүргiзіледi.
      Жалдамалы қызметкерлердiң еңбегін пайдаланатын заңды тұлғалардың, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердiң, жеке меншiк нотариустар мен адвокаттардың шығыстарына қызметкерге ақшалай немесе заттай нысанда төленетін кiрiстер, оның iшiнде материалдық, әлеуметтiк игіліктер немесе өзге де материалдық пайда түрiнде алынған кiрiсті қоса алғанда, сондай-ақ бiржолғы төлемдерден (еңбекақы төлеу бөлiгiнде) алынған кiрiсi жатады.
      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес арнайы салық режимiн қолданатындарды қоспағанда, жеке кәсiпкерлер, сондай-ақ жеке меншік нотариустар мен адвокаттар үшiн олардың алатын кiрiсi әлеуметтік аударымдарды есептеу объектiсi болып табылады. Бұл ретте әлеуметтiк аударымдар есептеу үшiн ай сайынғы кiрiс ең төмен жалақының он еселенген мөлшерiнен аспайтын мөлшерде алынады.
      Арнайы салық режимiн қолданатын жеке кәсiпкерлер үшiн әлеуметтік аударымдарды есептеу үшiн алынатын кiрiстің мөлшерi тиiсті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленетiн ең төмен жалақы мөлшерiне теңестіріледi.
       Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.05.31. N  533  қаулысымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз).
      8. Салық кодексінiң  144-бабының  1), 3), 10), 11), 15-17), 23), 25), 26), 27), 29), 31-1), 34) тармақшаларымен және  316-бабы  1-тармағының 4-6) тармақшаларымен белгіленген кiрiстерден Қорға  әлеуметтiк аударымдар төленбейдi.
       Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.05.31. N  533  қаулысымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз).
      9. Қорға міндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушылары үшiн төлеуге жататын әлеуметтiк аударымдар:
      2005 жылдың 1 қаңтарынан - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнiң 1,5 пайызы;
      2006 жылдың 1 қаңтарынан - әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнiң 2 пайызы;
      2007 жылдың 1 қаңтарынан - әлеуметтік аударымдарды есептеу объектiсiнiң 3 пайызы мөлшерiнде белгiленедi.
      Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес арнайы салық режимi қолданылатын, жұмыспен өзін өзi қамтыған адамдар үшін, олардың өз пайдасына төлейтiн әлеуметтiк аударымдардың мөлшерi:
      2005 жылдың 1 қаңтарынан - тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетiн ең төмен жалақының 1,5 пайызын;
      2006 жылдың 1 қаңтарынан - тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленетiн ең төмен жалақының 2 пайызын;
      2007 жылдың 1 қаңтарынан - тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленетін ең төмен жалақының 3 пайызын құрайды.
      10. Төлеушiлер әлеуметтiк аударымдарды Қорға Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталық (бұдан әрi - Орталық) арқылы есептi айдан кейiнгi айдың 15 күнiнен кешіктiрмей, олар үшiн аударымдар жүргiзiлетiн, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмдерiн қосып, өздерiнiң банктік шоттарынан қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жолымен төлейдi.
      Төлеушiлердiң әлеуметтiк аударымдарды банкке қолма-қол ақша нысанында енгiзуi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      Әлеуметтiк аударымдарды аударуды төлеушілер әр ай үшiн бөлек жүзеге асырады.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.12.31. N  1449 , 2005.05.31. N  533  (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулыларымен.
      11. Олар үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзілетiн әлеуметтік сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмi әрбiр жеке адам бойынша: әлеуметтік жеке кодын (бұдан әрi - ӘЖК), тегiн, атын, әкесiнiң атын; туған жылын; әлеуметтік аударым сомасын; әлеуметтiк аударымдар төленетiн айы мен жылын қамтуы тиiс.
      Егер тегi, аты, әкесiнің аты өзгерген болса, онда жеке тұлғаның ӘЖК алу үшiн тiркеу карточкасына толтырған бұрынғы тегi, аты, әкесiнiң аты қатар көрсетіледi.
      12. Орталық әлеуметтiк аударымдардың есебiн олар үшiн аударымдар жүргiзілетiн мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың ӘЖК базасында жүзеге асырады.
      13. Банктердiң Орталыққа ақшаны аударуы олар үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тiзiмiн қосып, MT-102 форматындағы электронды төлем тапсырмаларымен жүзеге асырылады.
      Төлеушiнiң банкi әлеуметтiк төлемдердi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң филиалдары арқылы аударған жағдайда төлеушi банкке қағаз жеткiзгiштегi төлем тапсырмасының төртiншi данасын қосымша ұсынады, оны төлеушiнiң банкi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң облыстық (аумақтық) филиалдарына жібередi.
      14. Төлеушілер берешектердi аударуды олар үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзілетiн әлеуметтік сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмiн қосып, MT-102 форматындағы электронды төлем тапсырмаларымен әрбiр ай үшін бөлек жүргізедi.
      15. Банктер мен банктік операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар әлеуметтік аударымдар сомасын Орталықтың шотына осы сома төлеушiнiң банктік шотынан есептен шығарылған күнi аударады.
      16. Орталықтың шотына түскен әлеуметтік аударымдардың сомасы үш банктік күн iшiнде MT-100 форматындағы төлем тапсырмасымен Қордың шотына аударылады.
       Ескерту. 16-тармаққа толықтыру енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.12.31. N  1449   қаулысымен.
      17. Әлеуметтiк аударымдар бойынша берешек қалыптасқан кезде салық органдары төлеушiге мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмдерiн салық органына ұсыну туралы хабарламаны осы Ереженiң 11-тармағына сәйкес хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жолдайды.
      Хабарламаның нысанын мемлекет алдындағы салықтық мiндеттемелерiн орындауға салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн уәкiлетті орган белгілейдi.
       Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2005.05.31. N  533  (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен.
      18. Салық органы төлеушiлерден міндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмдерiн алған кезде әлеуметтік төлемдер бойынша қалыптасқан берешектi кейiннен Қорға аудару үшін көрсетiлген тiзiмдердi қоса бере отырып, төлеушiлердiң банктiк шоттарына инкассалық өкiмдер бередi.
      Төлеушiнiң банктік шотында теңгемен ақша болмаған жағдайда, әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті өндiріп алу салық органдары теңгемен берген инкассалық өкімдер негізiнде төлеушінiң банктiк шоттарынан шетелдiк валютада жүргізіледі.
       Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2005.05.31. N  533  (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен.
      18-1. Төлеушiнiң банктiк шоты болмаған жағдайда салық органы өндiрiп алуды қолма-қол ақшаға айналдырады.
      Әлеуметтік аударымдар бойынша берешек сомасын қолма-қол ақша есебінен өндiрiп алу салық органының төлеушiден бухгалтерлiк (кассалық) құжаттары бойынша көрсетілген қолма-қол ақшаны (оның iшiнде шетелдiк валютада) алуы танылады.
      Қолма-қол ақшаны алу мемлекет алдындағы салықтық мiндеттемелерiн орындау үшiн салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн уәкілеттi орган бекiткен нысан бойынша алу туралы актiмен ресiмделедi.
      Бұл ретте төлеушi салық органына осы Ереженiң 11-тармағына сәйкес салық органы алған қолма-қол ақша сомасының шегiнде мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың тiзiмдерiн ұсынады.
       Ескерту. 18-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2005.05.31. N  533  қаулысымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз).
      18-2. Төлеушiден алынған қолма-қол ақша, оларды алған күннен бастап бiр жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей, кейiннен Қорға аудару үшiн банкке немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымға тапсырылуға тиiс.
       Ескерту. 18-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2005.05.31. N  533  қаулысымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз).
      19. Төлеушi әлеуметтік аударымдарды Қорға уақтылы төлемегенi үшiн өсiмақы сомасын төлеу үшiн "төлем нысанасы" жолында - "ай, жыл үшiн әлеуметтiк аударымдарды уақтылы төлемегенi үшін өсiмақыны" көрсете отырып, банкке төлем тапсырмасын ұсынады.
      20. Төлеушілер уақтылы төлемеген өсімақы әрбiр ай үшiн MT-102 форматындағы электрондық төлем тапсырмаларымен бөлек төленедi.
      21. Орталық өсiмақы сомасы түскен күннен бастап үш банктiк күн iшiнде ақшаны Қордың шотына MT-100 форматындағы төлем тапсырмасымен аударады.
      22. Төлеушiнің Қорға артық төлеген әлеуметтiк аударымдардың сомасын қайтаруды Қор төлеушiнің өтiнiшi негiзiнде жүргiзедi, егер сома төлеушi банкiнің кiнәсiнен артық (шоттан екi немесе одан да көп рет алынған) аударылған болса, онда қайтару төлеушi банкiнiң өтiнiшi негiзiнде жүргiзіледi.
      23. Қордың шотына артық аударылған:
      төлеушi немесе төлеушiнiң банкi бiр немесе бiрнеше төлем тапсырмасы негiзiнде екi немесе одан да көп рет төлеген әлеуметтік аударымдар;
      MT-102 төлем тапсырмасы форматында, оның тiзiм бөлiгiндегi қатысушылардың сомасында қателер жiберiлген:
      жұмыстан босатылған қызметкерлер аванспен алған кiрiске артық есептелген, алушылар қайтаруға жататын;
      мiндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар төзiмiндегi есептiк және механикалық қателер;
      жұмыс iстеп жүрген зейнеткерлер үшiн артық төленген әлеуметтік аударымдар қайтаруға жатады.
      24. Қатысушының кiрiсiне салық салуға жатпайтын төлемдердiң жекелеген түрлерінiң қосылуына байланысты, артық төленген әлеуметтік аударымдардың сомасын төлеушi кейiнгi төлемдердi реттеу жолымен дербес түзейдi.
      Әлеуметтік төлемдердi тағайындау кезiнде қатысу стажына есепке алынған кезеңге есептелген, артық төленген әлеуметтік аударымдардың сомасы қайтарылуға жатпайды.
      25. Қорға аударылған қате төлемдердi қайтару мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      осы Ереженің 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша артық төленген әлеуметтiк аударымдарды қайтаруға өтінiштi төлеушi (төлеушінің банкi) Орталықтың құрылымдық (аудандық /қалалық) бөлiмшесiне бередi;
      олар үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесi қатысушылардың тiзiмдерiнде қате кеткен жағдайда өтiнiшке осы Ереженiң 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша анықтама-растама қоса беріледi;
      мiндеттi әлеуметтік аударымдар төлеудi қолма қол ақшамен жүзеге асыратын төлеушiлер анықтама-растамаға әлеуметтiк аударымдарды төлеу туралы төлем құжатының көшiрмесiн қоса бередi;
      Орталық үш банктік күн iшiнде әлеуметтiк аударымдардың есептелу фактісiн тексередi, осы төлем жөнiндегi барлық деректемелердiң растамасын қоса отырып, Қорға өтiнiш жiберіледi;
      Қор өтiнiшті өңдегеннен кейiн, MT-100 форматындағы төлем тапсырмасын қалыптастырады және кейiннен оларды төлеушiге аудару үшiн, ақшаны үш банктік күн iшiнде Орталықтың шотына аударуды жүзеге асырады. Қор төлеушiнiң банктiк деректемелерiн, қатысушылардың тегiн, атын, әкесiнiң атын көрсете отырып, төлеушілердiң тiзілiмi мен олар бойынша қайтару сомаларын сол күнi Орталыққа жiбередi. Қор себебiн көрсете отырып, қайтаруға жатпайтын сома бойынша бас тарту туралы шешiмдi Орталыққа жiбередi;
      Орталық Қор тiзiлiмiнiң негiзiнде MT-102 форматындағы төлем тапсырмасын қалыптастырады және артық есептелген әлеуметтік аударымдар сомасын үш банктiк күн iшiнде төлеушiге аударады;
      төлеушi әлеуметтік аударымдар сомасын қайтарудан бас тарту себебi туралы ақпаратты Орталықтың бөлiмшелерi арқылы алады;
      Орталық қатысушылардың жеке шоттарынан қайтарылған соманы есептен шығарады;
      Орталық артық есептелген соманы қайтарғаннан кейiн шешiмнiң орындалғаны туралы Қорды хабардар етедi;
      Орталық пен Қор арасында айына бiр рет әлеуметтік аударымдарды және өсiмақыны, сондай-ақ Қордан қайтарымдарды аударуға салыстырып тексеру жүргiзіледi;
      Орталық күн сайын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiне салық төлеушілердің тiркеу нөмiрлерi тұрғысынан өткен күн iшiнде келiп түскен тiзілiмдердi және қайтарылған қате есептелген әлеуметтік аударымдардың тiзiлiмдерiн, сондай-ақ электрондық растауды ұсынады.
       Ескерту. 25-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.05.31. N  533  қаулысымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз).
      26. Төлеушiге қызмет көрсететiн банк электрондық төлем тапсырмаларын ресiмдеу кезінде қате жiберген жағдайда, банк "Төлемдер және ақша аударымдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жiберілген қателердi түзету жөнiнде шаралар қабылдайды.
      27. Қор келіп түскен және қайтарылған артық аударылған әлеуметтік аударымдардың есебiн жүргiзедi.
      28. Төлеушi тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-күнiнен кешiктiрмей, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, орналасқан (тұратын) жерi бойынша тiркеуiн ескере отырып, салық органына мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушылары үшiн есептелген және аударылған әлеуметтiк аударымдар бойынша есептердi ұсынады.
       Ескерту. 28-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.05.31. N  533  қаулысымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз).
      29. Орталық күн сайын, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне Салық кодексiнде белгіленген тәртiппен тiркелген төлеушілер бойынша, өткен күн үшiн келіп түскен және қайтарылған әлеуметтік аударымдардың тiзiлiмдерiн ұсынады.
      30. Әлеуметтік аударымдарды төлеушілер есептелген және төленген әлеуметтiк аударымдар туралы, оның iшiнде электронды немесе қағаз жеткізгіштегі қате төлемдердi қайтару туралы мәлiметтердiң сақталуын заңнамада белгіленген тәртiппен қамтамасыз етедi.
      Төлеушiнiң қызметi тоқтатылған кезде Қорға әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу туралы құжаттар Мемлекеттік мұрағатқа беріледi.

                                      Әлеуметтiк аударымдарды     
                                         есептеу ережесiне        
                                              1-қосымша            

       Ескерту. 1-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.05.31. N  533  (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен.

                                      "Мемлекеттік әлеуметтiк    
                                    сақтандыру қоры" акционерлiк 
                                         қоғамының басшысына      

                            Өтiнiш

__________________________________________________________________
 (әлеуметтiк аударымдар төлеушiнiң немесе төлеушi банктiң атауы)
"__" _____________ N _________________________ төлем тапсырмасымен
____________________________________________________________ атына
  (мiндеттi әлеуметтік сақтандыру жүйесiне қатысушылардың
                 Т.А.Ә., ӘЖК көрсетiлсiн)

аударылған қате (артық) есептелген әлеуметтiк аударымдар сомасын
қайтаруыңызды сұраймын, референс, жалпы сомасы ______, қайтару сомасы
Кейiннен төлемдермен түзету енгізу________________________________
__________________________________________________________________
  (қайтарым талап етiлетiн себеп көрсетiлсiн, мысалы, қызметкер
    жұмыстан босатылса, механикалық қате жiберiлсе, банк қате
                          жiберсе және т.б.)

салдарынан мүмкiн емес.
      Қайтаруды мынадай деректемелер бойынша жүргiзудi сұраймыз:
__________________________________________________________________
   (кәсiпорынның толық деректерi, барлық банктік деректемелерi
                            көрсетiледi)

      Қосымшалар: төлем тапсырмасының көшiрмесi, сомасы мен
деректемелерiнде қате жiберілген, мiндеттi әлеуметтік сақтандыруға
қатысушылар тiзiмiнің көшiрмесi, жұмыстан босату туралы бұйрықтың
көшiрмесi.

      Қолдар:
      Басшы
      Бас бухгалтер
      M.O.

      Ескерту: өтініш бланкіде толтырылып, мөртаңбамен расталады

 Әлеуметтiк аударымдарды     
есептеу ережесiне        
2-қосымша            

       Ескерту. 2-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.05.31. N  533  (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) қаулысымен.

                    Анықтама - pacтама

__________________________________________________________________
               (әлеуметтік аударымдар төлеушiнiң атауы)

      Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк
аударымдарды төлеу кезiнде мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне
қатысушылардың (алушылардың) деректемелерiнде мынадай тапсырмаларда
қателер жiберілгенiн растайды:
__________________________________________________________________
Төлем тап.|Төлем тап.| Төлем тап.|Рефе-|Алушының|Т.А.Ә.және туған
сырмасының|сырмасының| сырмасының|ренс |жеке    |күні (алушының 
     N    |   күні   |жалпы сома-|     |сомасы  |дұрыс емес 
          |          |сы         |     |        |деректемелерi)
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________
__________________________________________________________________

ӘЖК ____________________________
Т.А.Ә. _________________________
Туған күні _____________________

      дұрыс деп есептелсін

Бiрiншi басшы ______________ (Т.А.Ә.)
          (қолы)
Бас бухгалтер ______________ (Т.А.Ә.)
          (қолы)

      Мөртаңба орны