Жинақтаушы зейнетақы қорларынан мiндеттi зейнетақы жарналарының, ерiктi кәсіптiк зейнетақы жарналарының есебiнен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан төленетiн зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру ережесiн және Кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеуді жүзеге асыру әдiстемесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 4 шілдедегі N 661 қаулысы

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған:
      1) Жинақтаушы зейнетақы қорларынан мiндеттi зейнетақы жарналарының, ерiктi кәсiптiк зейнетақы жарналарының есебiнен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан төленетiн зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру ережесi;
      2) Кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеудi жүзеге асыру әдiстемесi бекiтiлсiн.

      2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы ресми түрде жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2003 жылғы 4 шілдедегі
N 661 қаулысымен   
бекітілген     

Жинақтаушы зейнетақы қорларынан мiндеттi
зейнетақы жарналарының, ерiктi кәсiптiк зейнетақы
жарналарының есебiнен қалыптасқан зейнетақы
жинақтарынан төленетiн зейнетақы
төлемдерiн жүзеге асыру
ережесі

      Осы Жинақтаушы зейнетақы қорларынан мiндеттi зейнетақы жарналарының, ерiктi кәсiптiк зейнетақы жарналарының есебiнен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан төленетiн зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына  (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi және жинақтаушы зейнетақы қорларынан мiндеттi зейнетақы жарналарының, ерiктi кәсiптiк зейнетақы жарналарының есебiнен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан төленетін зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру тәртібін белгілейді.

1-тарау. Мiндеттi және ерiктi кәсіптiк зейнетақы
жарналары есебiнен зейнетақы жинақтарының төлемдерiн
жүзеге асырудың тәртiбi

      1. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан мiндеттi және ерiктi кәсiптiк зейнетақы жарналарының есебiнен төленетiн зейнетақы төлемдерi белгiленген кесте бойынша зейнетақы жинақтарын алушының сақтандыру ұйымымен жасасқан зейнетақы аннуитетi шартының негiзiнде сақтандыру ұйымына аудару жолымен немесе зейнетақы жинақтарын алу жолымен жүзеге асырылады.

      2. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан мiндетті зейнетақы жарналарының есебiнен кесте бойынша төленетiн зейнетақы төлемдерi Заңның 9-бабының  1-3-тармақтарында көзделген шарттар туындаған кезде жүзеге асырылады.

      3. Жинақтаушы зейнетақы қорлары зейнетақы төлемдерiн Заңның 23-бабы  1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында, 23-2-бабы  1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген адамдарға алушының сақтандыру ұйымымен жасасқан зейнетақы аннуитетi шартының негiзiнде зейнетақы жинақтарын аудару жолымен жүзеге асырады.
      Зейнетақы аннуитетiнiң шарты болмаған жағдайда көрсетiлген адамдар Заңда белгiленген зейнеткерлiк жасқа толғаннан кейiн жинақтаушы зейнетақы қорларынан кесте бойынша зейнетақы төлемдерiн алады.

      4. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы жинақтарын алуды:
      1) мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен - Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдiктер және азаматтығы жоқ адамдар;
      2) ерiктi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен - Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен адамдар жүзеге асырады.

      5. Мiндеттi және ерiктi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы жинақтарын алушылар болып табылатын, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететiн шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар:
      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiштi;
      2) облыс, Астана, Алматы қалаларының Көшi-қон полициясы басқармасы бастығының немесе басқарма бастығы орынбасарының қолымен расталған (мөр қойылмайды) тұрақты тұратын жерiне кетуi туралы "ТТВ" (тұрғын тұрақты визасы) сериясындағы Қазақстан Республикасының визасы бар азаматтығы жоқ адамның төлқұжатының немесе куәлiгiнiң көшiрмесiн және көз жеткiзу үшiн түпнұсқасын;
      3) жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы жасасқан зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты ұсынады.

      6. Мiндеттi және ерiктi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы жинақтарын алушылар болып табылатын, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар:
      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiштi;
      2) азаматтығы жоқ адамның нотариалды куәландырылған (eгep нотариалды куәландыру тұратын мемлекетте жүргiзiлсе) және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен өзгеше белгiленген жағдайларды қоспағанда, заңдастырылған төлқұжатының не куәлiгiнiң көшiрмесiн;
      3) жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы жасасқан зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты ұсынады.

      7. Epікті кәсіптiк зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін Қазақстан Республикасының азаматтары:
      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті;
      2) визалық мөрмен немесе облыстың (Астана, Алматы қалаларының) Көшi-қон полициясы басқармасы бастығының немесе басқарма бастығы орынбасарының қолымен куәландырылған, белгіленген үлгідегі мөртабаны бар (кету күнi мен тұратын мемлекет көрсетілген) төлқұжатының көшiрмесiн және көз жеткізу үшін төлқұжаттың түпнұсқасын;
      3) жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы жасасқан зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты ұсынады.

      8. Ерiктi кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен Қазақстан Республикасының азаматтары:
      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтінішті;
      2) Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен өзгеше белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңдастырылған төлқұжаттың және кету фактісін растайтын құжаттың көшiрмесiн;
      3) жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы жасасқан зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты ұсынады.

      9. Егер Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен алушы осы Ереженiң 5-3-тармақтарына сәйкес кәмелетке толмаған адам болса, ата-аналары (асырап алушылары, қамқоршылары, қорғаныштары):
      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiштi;
      2) Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен өзгеше белгіленген жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмаған адамның нотариалды куәландырылған және заңдастырылған туу туралы куәлiгiнiң көшiрмесiн;
      3) Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен өзгеше белгiленген жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмаған адам туралы мәлiметтер бар құжаттардың нотариалды куәландырылған және заңдастырылған көшiрмелерiн;
      4) жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы жасасқан зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты ұсынады.

      10. Алушы қайтыс болған жағдайда жинақтаушы зейнетақы қорына мынадай құжаттар:
      1) қайтыс болған алушының отбасы мүшелерi немесе жерлейтiн адам жерлеуге арналған бiржолғы төлемдi алу үшiн:
      осы Ережеге қосымшаға сәйкес зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiш;
      қайтыс болған алушының отбасы мүшесiнiң немесе жерлеген адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi және көз жеткiзу үшiн құжаттың түпнұсқасы немесе оның нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      алушының қайтыс болғаны туралы куәлiктiң нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      2) қайтыс болған алушының зейнетақы жинақтарын мұрагерлерi алуы үшін:
      осы Ережеге қосымшаға сәйкес зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiш;
      мұрагердiң жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi және көз жеткiзу үшiн құжаттың түпнұсқасы немесе оның нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      алушының қайтыс болғаны туралы куәлiктiң нотариалды куәландырылған көшiрмесi;
      мұрагерлік құқығы туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшiрмесi ұсынылады.

      11. Зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiштi почта байланысы құралдары немесе сенiм жүктелген адам арқылы берген жағдайда, алушының жеке басын куәландыратын, осы Ереженiң 5-10-тармақтарында көрсетiлген құжаттар нотариалды куәландырылады.
      Егер алушы зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiшiн сенiм жүктелген адам арқылы берсе, соңғысы сол сияқты жинақтаушы зейнетақы қорына сенiмхаттың түпнұсқасын, өзiнiң жеке басы куәлiгiнiң көшiрмесi мен көз жеткiзу үшiн оның түпнұсқасын ұсынады.

      12. Жинақтаушы зейнетақы қорлары зейнетақы төлемдерiн осы Ережеде көзделген құжаттарды алған сәттен бастап он бес күн iшiнде жүзеге асырады.

      13. Жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы төлемдерiн деректемелерi төлемдердi тағайындауға арналған өтiнiште көрсетiлетiн алушының банктiк шотына аударады. Зейнетақы жинақтарын аудару жөнiндегі банктiк қызметтер көрсетуге ақы төлеу жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

2-тарау. Мiндеттi және ерiктi кәсіптiк зейнетақы
жарналары есебiнен зейнетақы жинақтарын кесте бойынша
зейнетақы төлемдерi түрiнде төлеудi
жүзеге асырудың тәртiбi

      14. Зейнетақы жинақтарын кесте бойынша алушы жинақтаушы зейнетақы қорына:
      1) осы Ережеге қосымшаға сәйкес зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiштi;
      2) алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесiн;
      3) жинақтаушы зейнетақы қоры мен салымшы жасасқан зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты;
      4) Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтан (бұдан әрi - Орталық), зейнеткерлікке шығу негiздерiн көрсете отырып, зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы анықтаманы ұсынады.
      Жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы төлемдерiн почта байланысы құралдары немесе сенiм жүктелген адам арқылы жүзеге асыруға өтiнiш бергенде, алушының жеке басын куәландыратын құжат нотариалды куәландырылады.
      Алушы зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы өтiнiштi сенiм жүктелген адам арқылы берген жағдайда, соңғысы сол сияқты жинақтаушы зейнетақы қорына сенiмхаттың түпнұсқасын, өзiнiң жеке басы куәлiгiнiң көшiрмесi мен көз жеткiзу үшiн оның түпнұсқасын ұсынады.

      15. Жинақтаушы зейнетақы қорлары ең төменгi зейнетақы мөлшерiн белгiлейтiн тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң қолданысқа енгiзiлгеннен кейiнгi бiр ай iшiнде Орталықтан жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынатын алушылардың зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерлерi туралы деректердiң негiзiнде кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң жылдық мөлшерiн жыл сайын қайта есептейдi.

      16. Ерiктi кәсiптiк зейнетақы жарналары есебiнен төленетін кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң жылдық мөлшерi зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсiмiмен белгiленедi.

      17. Осы Ереженiң 14-тармағында көрсетiлген құжаттарды алғаннан кейiн он бес жұмыс күнi iшiнде жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы төлемдерiнiң кестесiн қамтитын және зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын қосымша келiсiмдi әзiрлейдi және алушының қарауына ұсынады.

Жинақтаушы зейнетақы қорларынан 
мiндетті зейнетақы жарналарының,
epікті кәсiптік зейнетақы   
жарналарының есебiнен қалыптасқан
зейнетақы жинақтарынан төленетін
зейнетақы төлемдерін жүзеге  
асыру ережесіне         
қосымша              

      Назар аударыңыз! Өтiнiш баспа әрiптерiмен айқын толтырылады
                                    Кiмге:________________________
                                              (Қордың атауы)

Зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы
Өтініш

Мен,______________________________________________________________
тегi______________________________________________________________
аты_______________________________________________________________
әкесiнiң аты______________________________________________________
                        Жылы Айы Күнi
Туған күнi________________________________________________________
Құжаттың түрi:_______ Жеке басының куәлiгi_______ Төлқұжаты_______
                                               Жылы Айы Күнi
Сериясы_____________  Нөмірі_______________ ______________________
_________________________________________________________ берілдi
                            (кім берді)

Әлеуметтiк жеке коды (ӘЖК)________________________________________
                         N________________________________________
CTH_______________________________________________________________
Жеке зейнетақы шоты_______________________________________________

__Осы Ереженiң 2-тармағына сәйкес еркектер - 63 жасқа, әйелдер - 58 жасқа толуына;
__Осы Ереженiң 2-тармағына сәйкес төтенше және жоғары радиациялық қатер аймағында тұруына;
__Осы Ереженiң 2-тармағына сәйкес 5 және одан да көп балалар тәрбиелеуiне;
__Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуiне;
__алушының қайтыс болуына (мұрагерлерiне);
__алушының қайтыс болуына (жерлеуге) байланысты
200___ жылғы "___"________ N________ зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа сәйкес мiндетті, ерiктi кәсiптiк ( керегiнiң астын сызу керек ) зейнетақы жарналары есебiнен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан
__бiржолғы;
__ай сайын;
__тоқсан сайын;
__жыл сайын
ақшаны мынадай деректемелер бойынша банктiк шотқа аудару арқылы зейнетақы төлемдерiн жүргізудi сұраймын:
__________________________________________________________________
(банктiң атауы, банктік шотының нөмiрi, банктiң дербес шотының
__________________________________________________________________
                       нөмiрi, БСК-i, CTH-i)
Мынадай мекен-жай бойынша тұрамын: индекс_________________________
____________________________________________________________облысы
_______________________________________________қ-сы (кенті, ауылы)
_________________________к-ci үй N___ пәтер N_____________________
байланыс телефоны_________________________________________________
Алушы:_____________________
            (қолы)

Өтiнiш жазылған күн 200___ жылғы "___"_________
Өтiнiштi қабылдап алды:______ж. "___"__________
__________________________________________________________________
(Қордың жауапты қызметкерінің ТАӘ, лауазымы, қолы)
Қорда тіркелді: 200___ жылғы "___" _______ N________

-------------------------------------------------------кесу сызығы

Алушыға __________________________________________________________
                              (ТАӘ)
Өтініш Қорда: 200__ жылғы "__" ________ N_________ тіркелді
Өтініш қабылдап алды: ________ ж. "___" __________

__________________________________________________________________
      (Қордың жауапты қызметкерiнiң ТАӘ, лауазымы, қолы)

М.О.          

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2003 жылғы 4 шiлдедегi
N 661 қаулысымен  
бекiтiлген     

Кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң
мөлшерiн есептеудi жүзеге асыру
әдістемесі

      Осы Кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеудi жүзеге асыру әдiстемесi (бұдан әрi - Әдiстеме) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңына  (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi және кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеудi жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейдi.

Кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң
мөлшерiн есептеудi жүзеге асыру тәртiбi

      1. Жинақтаушы зейнетақы қорынан кесте бойынша төленетiн зейнетақы төлемдерi сомасы мен мерзiмi (ай сайын, тоқсан сайын, жыл сайын) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсiмi бойынша белгiленетiн төлемдер түрiнде, кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеудi жүзеге асыру әдiстемесiн ескере отырып жүзеге асырылады.
      2. Орталықтан тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi зейнетақы мөлшерiне тең немесе одан көп мөлшерде зейнетақы алатын адамдарға мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң жылдық сомасы мынадай шамадан:
      1) тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгi зейнетақының он eкі еселенген мөлшерiнен;
      2) жүз мың теңгеден;
      3) осы Әдiстемеге қосымшаға сәйкес зейнетақы жинақтары сомасының алушының тиiстi жасындағы ағымдағы құн коэффициентiне көбейтiндiсi ретiнде есептелген шамадан неғұрлым жоғары мөлшерде есептеледi.
      3. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi зейнетақыдан аз мөлшерде Орталықтан зейнетақы алатын адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен кесте бойынша зейнетақы төлемдерiнiң жылдық сомасы тиiсті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi зейнетақының он екi еселенген мөлшерi мен Орталықтан алушыға тағайындалған зейнетақы төлемдерiнiң жылдық сомасының айырмасына тең шамадан кем емес, бiрақ осы Әдiстеменiң 2-тармағының 3) тармақшасында белгiленген шамадан жоғары емес мөлшерде есептеледi.
      4. Алушы, егер алушының зейнетақы жинақтарының сомасы жүз мың теңгеден кем болса немесе тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленген ең төменгi зейнетақының он екi еселенген мөлшерiнен кем болса (көрсетiлген шаманың қайсысы көп болуына байланысты), зейнетақы жинақтарының барлық сомасын ала алады.

Кесте бойынша зейнетақы 
төлемдерінің мөлшерін  
есептеуді жүзеге    
асыру әдістемесіне   
қосымша        

Кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің
жылдық мөлшерін есептеуге арналған
кесте

__________________________________________________________________
        Алушының жасы             | Ағымдағы құнның коэффициенті
__________________________________________________________________
             45                                 0,04910
             46                                 0,04965
             47                                 0,05023
             48                                 0,05085
             49                                 0,05152
             50                                 0,05223
             51                                 0,05298
             52                                 0,05380
             53                                 0,05467
             54                                 0,05561
             55                                 0,05662
             56                                 0,05770
             57                                 0,05888
             58                                 0,06016
             59                                 0,06155
             60                                 0,06306
             61                                 0,06472
             62                                 0,06654
             63                                 0,06854
             64                                 0,07075
             65                                 0,07321
             66                                 0,07596
             67                                 0,07904
             68                                 0,08252
             69                                 0,08648
             70                                 0,09103
             71                                 0,09679
             72                                 0,10245
             73                                 0,10976
             74                                 0,11855
             75                                 0,12932
             76                                 0,14282
             77                                 0,16020
             78                                 0,18342
             79                                 0,21599
             80                                 0,26489
             81                                 0,34649
             82                                 0,50980
             83                                 1,00000

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2003 жылғы 4 шiлдедегi
N 661 қаулысына   
қосымша      

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
күші жойылған кейбiр шешімдерiнiң
тізбесі

      1. "Жинақтаушы зейнетақы қорларынан төлемдердi жүзеге асырудың тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 21 қыркүйектегi N 1355 қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1997 ж., N 43, 396-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 21 қыркүйектегi N 1355 қаулысына толықтыру енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 14 шiлдедегi N 969 қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 34, 306-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 21 қыркүйектегi N 1355 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 29 желтоқсандағы N 1936 қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 56, 622-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Қылмыстық-атқару жүйесi комитетiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 28 желтоқсандағы N 1755 қаулысымен  бекiтiлген Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2001 ж., N 49-50, 590-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 21 қыркүйектегi N 1355 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 15 қаңтардағы N 49 қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 2-3, 15-құжат).

      6. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 21 қыркүйектегi N 1355 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 5 тамыздағы N 873 қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2002 ж., N 26, 282-құжат).