Ветеринария саласындағы нормативтік құқықтық кесiмдердi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 28 сәуірдегі N 407 қаулысы

Жаңартылған

      "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шiлдедегі  Заңын  iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған:
      1) Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау туралы ереже;
      2) Жануарларға және адамдар денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды мiндеттi түрде алып қою және жою не оларды алып қоюсыз мiндеттi түрде залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу ережесi;
      3) Жануарларға және адамдар денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою нәтижесiнде жеке және заңды тұлғалар тартқан нұқсанды өтеу шарттары мен ережесi;
      4) Жануарларға және адамдар денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды мiндеттi түрде алып қою және жою жүргiзiлетiн жануарлардың аса қауiптi ауруларының тiзбесi;
      5) Алдын алу, диагностикасы және жойылуы республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауiптi ауруларының тiзбесi;
      6) Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалаудың бақылауындағы жүктердi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу кезiнде, мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру ережесi;
      7) Шекара мен кеден пункттерiнде (мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пункттерiнде) шекаралық ветеринариялық бақылау пункттерiн ұйымдастыру ережесi бекітiлсiн.

      2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы    
Yкiметiнiң         
2003 жылғы 28 cәуipдегі    
N 407 қаулысымен      
бекiтiлген      

Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау туралы ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік ветеринариялық қадағалау туралы осы Ереже (бұдан әрi - Ереже) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шiлдедегі Заңы  14-бабының  4-тармағына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру жөнiндегi негiзгi мәселелерді регламенттейдi.

      2. Мемлекеттік ветеринариялық қадағалаудың негiзгi мақсаты:
      1) жануарлардың жұқпалы ауруларының, оның iшiнде адамдар мен жануарларға ортақ аурулардың алдын алу;
      2) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiнiң ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздiгiн қамтамасыз ету;
      3) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларын алып келуден және таратудан қорғау;
      4) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамаларын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және жою.

      3. Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар:
      1) Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган және оның облыстық, аудандық (қалалық) аумақтық бөлiмшелерi, ветеринариялық бақылау бекеттерi бар шекарадағы және көлiктегi мемлекеттiк ветеринариялық қадағалаудың аймақтық бөлiмшелерi;
      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлiмшелерi болып табылады.

  2. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын ветеринариялық инспекторлар

      4. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды:
      1) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлетті мемлекеттiк органның басшысы және оның орынбасары болып табылатын, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторы және Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының орынбасары;
      2) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган құрылымдарының бастықтары және олардың орынбасарлары, бас және жетекшi мамандары болып табылатын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары;
      3) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның облыстық, Астана және Алматы қалаларының аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары не ветеринариялық бөлiмдерiнiң бастықтары болып табылатын, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлары және олардың орынбасарлары;
      4) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның облыстық, Астана және Алматы қалаларының аумақтық бөлiмшелерiнiң бас және жетекшi мамандары болып табылатын, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлары;
      5) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлетті мемлекеттік органның аудандық (қалалық) аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары немесе ветеринариялық бөлiмдерiнiң бастықтары болып табылатын, аудандардың (қалалардың) бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлары және олардың орынбасарлары;
      6) сонымен бiрге ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның аудандық (қалалық) аумақтық бөлiмшелерiнiң бас және жетекшi мамандары болып табылатын, аудандардың (қалалардың) мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлары;
      7) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктердi өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткiзу жөнiндегi ауылдық округтердің, базарлар мен ұйымдардың мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлары;
      8) сонымен бiрге шекара мен көлiктегі аймақтық мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бөлiмшелерінiң бастықтары және олардың орынбасарлары болып табылатын, шекара мен көлiктегi бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлар және олардың орынбасарлары;
      9) сонымен бiрге шекара мен көлiктегi, оның iшiнде шекаралық ветеринариялық бақылау бекеттерiнде орналасқан аймақтық мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бөлiмшелерiнiң бас және жетекшi мамандары болып табылатын, шекара мен көлiктегi мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлар;
      10) тиiстi мемлекеттiк органға тиесiлi мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiнде мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын, ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың ветеринариялық бөлiмшелерiнiң басшылары және олардың орынбасарлары жүзеге асырады.

      5. Бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлардың және олардың орынбасарларының, сондай-ақ мемлекеттік парк ветеринариялық инспекторлардың мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi, белгiленген үлгiдегі бланкiлері болады.

      6. Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның басшысы әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметшілердiң тиiсті лауазымдарына "бac мемлекеттiк ветеринариялық инспектор", "бac мемлекеттiк ветеринариялық инспектордың орынбасары" деген арнаулы атаулар беруге құқылы.

  3. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру тәртібі

      7. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын тексеру мақсатында:
      1) жануарлармен, жануарлардан алынатын өнiмдермен және шикiзаттармен, ветеринариялық препараттармен, жемшөп пен жемшөптiк қоспалармен сауда жасайтын жерлердi қоса алғанда, арнайы жабдықталған сауда орындарында - базарларда;
      2) жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды өндiру, дайындау (сою), сақтау, өңдеу және өткiзу жөнiндегі ұйымдарда;
      2-1) мынадай қызмет түрлерiн жүзеге асыратын тұлғаларда:
      ветеринариялық емдеу-алдын алу;
      ветеринариялық мақсаттағы препараттарды өндіру және сату;
      жемшөптiк қоспаларды, оның iшiнде жануарларға арналған дәстүрсiз, минералдық-витаминдік азықтарды өндiру және сату;
      ветеринариялық мақсаттағы дәрілік заттарды, биологиялық препараттарды, зоогигиеналық заттарды және зооветеринариялық мақсаттағы атрибуттарды сату;
      мал шаруашылығы объектiлерiн дезинфекциялау, дератизациялау және дезинсекциялау;
      базарларда жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды ветеринариялық-санитарлық сараптау;
      зертханалық-диагностика қызметi; <*>
      2-2) мемлекеттiк монополияға жатқызылған функцияларды:
      Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбеге енгiзiлген жануарлардың аса қауiптi ауруларының диагностикасын;
      ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптік қоспаларды тіркеу сынағынан, байқаудан өткiзудi, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды жарнамалау кезiнде олардың серияларын (топтарын) бақылауды;
      Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбеге енгiзiлген жануарлардың аса қауiптi жұқпалы ауруларының ошақтарын жоюды;
      мемлекеттiк шекарадағы ветеринариялық бақылау бекеттерiнде көлiк құралдарын дезинфекциялауды;
      ветеринариялық препараттардың республикалық қорын сақтауды жүзеге асыру мақсатында құрылған республикалық мемлекеттiк кәсiпорындарда; <*>
      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктерді алып өткен кезде шекара және кеден пункттерiнде (мемлекеттік шекара арқылы өткiзу пункттерiнде);
      4) мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктерді тасымалдау (алып өту), тиеу, түсiру кезiнде;
      5) жануарлар ауруларының қоздырғыштарын тарату факторлары болуы мүмкiн, көлік құралдарының барлық түрлерiнде, ыдыстардың, буып-түйетін материалдардың барлық түрлерi бойынша;
      6) тасымалдау (алып өту) бағыттары өтетін мал айдайтын жолдарда, бағыттарда, жануарлар жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
      7) ұстауға, өсiруге, пайдалануға, өндiруге, дайындауға (союға), сақтауға, өңдеу мен өткiзуге байланысты мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiн орналастыру, салу, қайта құру және пайдалануға енгiзу кезiнде, сондай-ақ мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктерді тасымалдау кезiнде зоогигиеналық және вeтеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды сақтау жөнiнде жүзеге асырылады.
       Ескерту. 2-1), 2-2)-тармақшалармен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2004.09.30. N 1004   қаулысымен

      8. Осы ереженiң 7-тармағының 1), 2) 2-1), 2-2), 3), 4), 5), 6) тармақшаларында көрсетiлген объектiлерге мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды тиiстi аумақтардың мемлекеттік ветеринариялық инспекторлары мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктердi, оларға қоса берiлетiн ветеринариялық iлеспе құжаттарға сәйкес келуiн қоса алғанда, ветеринариялық-санитариялық тексеру арқылы тексеру түрiнде жүзеге асырады. <*>
       Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.09.30. N 1004   қаулысымен .

      9. Осы Ереженiң 3 тарауының 3) тармақшасын қоспағанда, 7-тармағында көрсетiлген мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне қойылатын мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау мен ветеринариялық-санитариялық талаптарды жүзеге асыру тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттiк орган белгiлейдi. <*>
       Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.09.30. N 1004   қаулысымен .

      10. Қазақстан Республикасының ветеринариялық заңнамасын сақтау жөнiнде жеке және заңды тұлғалар қызметiне тексеру жүргiзудi ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмi бойынша ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың ветеринариялық бөлiмшелерiнiң басшылары заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.

      11. Ветеринария саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын сақтауды тексеру нәтижелерi бойынша, тиiстi мемлекеттiк органдар объектiлерiне мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар бөлiмшелерiнiң ветеринариялық инспекторларын қоспағанда, тексерушi мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлар:
      тексеру жүргiзiлген жерiн, акт жасау күнiн;
      тексеру жүргізген мемлекеттiк ветеринариялық инспектордың лауазымын, тегiн, атын, әкесiнiң атын;
      тексерiлген адамның тегiн, атын, әкесiнiң атын немесе толық атауын; объектiнiң тұрған жерiн, ветеринария саласындағы негiзгi қызметiн;
      бұзушылықтар анықталған жағдайда толық сипаттамасы бар тексеру нәтижелерiн көрсете отырып, тексеру актiсін жасайды.

      12. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда мемлекеттiк ветеринариялық инспектор тексеру нәтижелерi бойынша өз құзыретiнiң шегiнде белгiленген бұзушылықтардың сипатына байланысты әкімшiлiк құқық бұзушылық туралы нұсқама, қаулы жасайды.

      13. Егер тексерудiң аяқталуы бойынша қандай бiр бұзушылықтар анықталмаған жағдайда, онда бұл туралы тексеру актiсінде тиiстi белгi жасалады.

      14. Тексеру актiсiне қажеттi құжаттардың көшiрмелерi мен тексеру барысында алынған басқа да материалдар қоса берiледi.

      15. Тексеру актiсi үш (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда төрт) данада жасалады және тексеру жүргiзген тиiстi аумақтың мемлекеттiк ветеринариялық инспекторы қол қояды.
      Актiнiң бiрiншi данасын тексерушi мемлекеттiк ветеринариялық инспектор Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және ақпарат орталығына және оның аумақтық органдарына тапсырады, ал екiншi данасы қолхатпен тексерiлген адамға берiледi, үшiншiсi тексерген мемлекеттiк ветеринариялық инспекторда қалады, ал төртiншiсi сотқа талап-арыз ұсыну үшiн тиiстi аумақтың ветеринариялық инспекторына берiледі. Тексерiлген адам актiнi қабылдаудан бас тартқан жағдайда данасы почтамен жiберiледi.

      16. Тексеру актiсі тексеру актiлерiнiң арнаулы тiркеу журналында тiркеледi, ол нөмiрленiп, тiгiлiп және ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшелерiнiң, ветеринария саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың ветеринариялық бөлiмшелерiнiң мөрiмен бекiтiлуге тиiс.

      17. Мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлардың актiлер шығаруы мен оларды жасау тәртiбiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейді.

      18. Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшелерiнiң мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлары, мемлекеттiк органдардың ветеринария бөлiмшелерiнiң басшылары мен олардың орынбасарлары мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен ветеринариялық құжаттарды (ветеринариялық-санитариялық қорытынды, ветеринариялық куәлiк, ветеринариялық сертификат, ветеринариялық анықтама) берудi және оларды ресiмдеудi жүзеге асырады.

  4. Қазақстан Республикасында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлардың құқықтары

      19. Қазақстан Республикасында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлардың:
      1) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы нормаларының орындалуын тексеру, сондай-ақ ветеринария саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қызметi туралы ақпарат алу мақсатында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау объектiлерiне заңнамада белгіленген тәртіппен (қызмет куәлiгін көрсете отырып) кедергісiз кiруге;
      2) мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектілерiне оларға диагностика немесе ветеринариялық-санитарлық сараптама жасау үшiн зерттеу жүргiзу мерзiмi туралы мүдделi адамдарға хабарлай отырып, байқау сынамаларын іріктеп алуды жүргiзуге;
      3) мемлекеттік ветеринариялық қадағалау жүргiзуге;
      4) ветеринариялық құжаттар беруге;
      5) Заңда берiлген өкiлеттiктер шегiнде актiлер шығаруға;
      6) жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының пайда болу және таралу, ветеринариялық-санитариялық тұрғыдан қауiпті жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттардың шығу себептерiн, жағдайларын белгілеуге;
      7) өзiне жүктелген құқықтар мен мiндеттерді жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардан қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға;
      8) жануарлар мен адамдарға ортақ ауруларды қоса алғанда, жануарлардың ерекше қауiптi және басқа да жұқпалы ауруларының пайда болуы немесе таралу қатерi төнген жағдайларда заңнамада белгiленген тәртiппен сот шешiмiнсiз жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық қызметiн тоқтатуға немесе оған тыйым салуға;
      9) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасы заңнамасының кесiмдерiне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға және әкiмшiлiк жазалар қолдануға;
      10) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзған жағдайда сотқа талап-арыздар беруге құқығы бар.

  5. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлардың мiндеттерi

      20. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк ветеринариялық инспекторлар:
      1) ветеринария саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға;
      2) тиiстi аумақта мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
      3) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзушылықтың дер кезiнде алдын алу, анықтау, жолын кесу және жою жөнiндегi өзiне берiлген өкiлеттiктердi осы Ережеге сәйкес пайдалануға;
      4) мемлекеттік, әскери және коммерциялық құпия болып табылатын, мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру кезiнде мәлiм болуы мүмкiн қызметтiк немесе өзге де сипаттағы мәлiметтерді жария етпеуге;
      5) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында белгіленген тәртiппен ветеринариялық есепке алу мен есеп берудi жүргiзуге және оларды жоғары тұрған мемлекеттік ветеринариялық қадағалау органдарына табыс етуге мiндеттi.

Қазақстан Республикасы  
Yкiметiнiң         
2003 жылғы 28 сәуірдегі 
N 407 қаулысымен     
бекiтiлген        

Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикiзаттарды мiндеттi түрде алып қою және жою не оларды алып қоймай міндетті түрде залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу ережесі

  1. Жалпы ережелер

      1. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды мiндеттi түрде алып қоюдың және жою не оларды алып қоймай мiндетті түрде залалсыздандырудың (зарарсыздандыру) және қайта өңдеудiң осы Ережесi (бұдан әрі - Ереже) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шiлдедегі Заңы  30-бабының  1-тармағына сәйкес әзiрленді және жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндiретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты мiндеттi түрде алып қоюдың және жоюдың немесе алып қоймай мiндеттi түрде залалсыздандырудың (зарарсыздандырудың) және қайта өңдеудiң бiрыңғай тәртiбiн белгілейдi.

      2. Осы Ереженiң күшi:
      1) жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды өндiрумен, дайындаумен (союмен), сақтаумен, қайта өңдеумен, өткiзумен айналысатын мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын барлық жеке және заңды тұлғаларға;
      2) жануарлардың ерекше қауiптi жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөнiндегі функцияларды орындайтын мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарына (бұдан әрi - мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар);
      3) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға қолданылады.

  2. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды мiндеттi түрде алып қою және жою тәртiбi 

      3. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды мiндетті түрде алып қою және жою Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiткен Жануарлардың ерекше қауiптi ауруларының тiзбесiне сәйкес жүргiзiледі.

      4. Жануарларға және адам денсаулығына қауiп төндіретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды мiндеттi түрде алып қою және жоюға байланысты мәселелердi шешу үшiн ауданның (қаланың) Бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының ұсынысы бойынша ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның тиiстi аудандық (қалалық) аумақтық басқармасының бұйрығымен жергiлiкті атқарушы органдардың, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттік органының, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың өкiлдерi iшiнен тиiстi аумақтың мемлекеттік ветеринариялық инспекторынан комиссия құрылады.

      5. Тиiстi аумақтың мемлекеттiк ветеринариялық инспекторы комиссия мүшелерiнiң мiндеттi түрде қатысуымен ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысанда үш дана алып қою актiсiн жасайды, ол комиссияның барлық мүшелерiнiң қолы қойылып, ветеринария саласындағы уәкiлетті мемлекеттiк орган аудандық (қалалық) аумақтық басқармасының мөрiмен бекiтiледі.
      Актiнiң бiрiншi данасы жануарлар мен адам денсаулығына қауiп төндіретiн жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттардың иесiне қолхат арқылы тапсырылады, екiншi данасы мемлекеттiк ветеринариялық ұйымның өкілiне берiледi, үшiншi данасы тиiстi аумақтың мемлекеттiк ветеринариялық инспекторында қалады.

      6. Жануарларға және адам денсаулығына қауiп төндiретiн алып қойылған жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттар белгiленген тәртiппен жойылады немесе залалсыздандырады (зарарсыздандырады).

      7. Ауданның (қаланың) мемлекеттік ветеринариялық инспекторы жануарларға және адам денсаулығына қауiп төндіретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою актiсiнiң негізiнде "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес алып қою туралы қосымшаға сәйкес қаулы (бұдан әрi - қаулы) шығарады.

      8. Жануарларға және адам денсаулығына қауiп төндiретін алып қойылған жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды оларды алып қою туралы қаулыда не оған қоса берiлетін тізiмдемеде толық атауы, саны, салмағы және басқа да белгiлерiнiң сипаттамалары толық көрсетiлiп жазылады.

      9. Жануарларға және адам денсаулығына қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттардың иесi жасырған немесе олардан бас тартқан жағдайда оларды алып қою не жою рәсiмдерiне байланысты мәселелер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шешiледi.

      10. Жануарлардың ерекше қауiпті жұқпалы ауруларының қоздырғыштары көздерiнiң таралуына және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу мақсатында жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды жоюға байланысты барлық жұмыстар осы мақсаттар үшiн тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмдерiмен арнайы бөлiнген жерлерде жүргізіледi.

      11. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзатты тасымалдау (жеткiзу) және жою көлiк құралдарын дезинфекциялау жөнiндегі ветеринариялық-санитариялық ереже талаптарына, ветеринария саласындағы уәкiлетті мемлекеттiк орган бекiткен жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алу және жою жөнiндегі нұсқаулықтарына сәйкес жүзеге асырылуы тиiс.

      12. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикізаттарды алып қою және жою жөнiндегi ветеринариялық Iс-шараларды орындауға байланысты барлық жұмыстар тиiстi аумақтағы мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдардың мемлекеттiк ветеринариялық инспекторының тiкелей бақылауымен жүзеге асырылады.

      13. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикiзаттарды жою жөнiндегi ветеринариялық iс-шаралар аяқталған соң тиiстi аумақтың мемлекеттiк ветеринариялық инспекторы осы Ереженiң 2-тарауының 5-тармағында көрсетiлген комиссия мүшелерiнiң қатысуымен ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша жою туралы акт жасайды.

      14. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды жою туралы актiге комиссияның барлық мүшелерi қол қояды және ветеринария саласындағы уәкiлетті мемлекеттiк органның аудандық (қалалық) аумақтық басқармасының мөрiмен бекiтiледi.

      15. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою жөнiндегi ветеринариялық iс-шаралар аяқталғаннан кейiн мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар орындалған жұмыстар (қызметтер) актісiн жасайды, ол ветеринария саласындағы уәкілеттi мемлекеттiк орган жасаған жануарлардың ерекше қауiптi жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөнiндегі шартқа қоса тiгiледi.

      16. Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган орындалған қызметтер актiсiнiң негiзiнде мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға олардың көрсеткен жұмыстары (қызметтерi) үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық бюджет есебiнен ақы төлеудi жүргiзедi.

      17. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндіретін алып қойылған жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикізаттарды жоюға байланысты барлық шығыстар, сондай-ақ иелерiне олардың құнын өтеу республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылады.

  3. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптiк қоспаларды алып қоймай мiндеттi түрде залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу тәртiбi

      18. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикізаттарды, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптік қоспаларды алып қоймай мiндеттi түрде залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектілерiнде тиiстi аумақтағы мемлекеттік ветеринариялық инспектордың нұсқамасы және ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекiткен Жануарлар ауруларының тізбесiне сәйкес жүргізіледi.

      19. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды, ветеринариялық препараттар, жемшөп пен жемшөптiк қоспалар анықталған кезде тиiсті аумақтың мемлекеттік ветеринариялық инспекторы клиникалық-эпизоотологиялық тексеру негізінде жүк иесіне ветеринария саласындағы уәкілеттi мемлекеттік  орган белгілеген тәртiппен және нысан бойынша оларды зарарсыздандыру (зарарсыздандыру) жөнiнде тиiсті нұсқама береді.

      20. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптік қоспаларды алып қоймай мiндетті түрде залалсыздандыруды (зарарсыздандыруды) және қайта өңдеудi олардың иесi ветеринариялық-санитариялық ережелердiң талаптарына сәйкес жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды қайта өңдеу жөнiндегi ұйымдарда жүзеге асырады.

      21. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен  шикізаттарды, ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөптік қоспаларды алып қоймай мiндетті түрде залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу жөнiндегі іс-шаралар тиiсті аумақтың мемлекеттік ветеринариялық инспекторының мiндетті қатысуы кезiнде жүргiзiледi.

Жануарларға және адамдар денсаулығына epeкшe  
қауіп төндiретiн жануарлар, жануарлардан алынатын
өнiмдер мен шикiзаттарды мiндеттi түрде алып қою 
және жою не оларды алып қоюсыз мiндеттi түрде  
залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта  
өңдеу ережесінің қосымшасы          

Қазақстан Республикасының            
ветеринариялық қадағалауы 

Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңына сәйкес жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынған өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою туралы
ҚАУЛЫ

        А N 000000000             "____" __________200__ жыл

      Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шiлдедегi "Ветеринария туралы" Заңының  30 бабының  1 тармағына сәйкес ауырған жануарларды, жануарлардан алынған өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою актiсi және _________ ветеринариялық зертхана бepген N______ сараптама актiсi негiзiнде N____________________________________
                              жеке    және заңды тұлғаларға/
________________________________________________________________
(жеке тұлғаның фамилиясы, аты, әкесінің аты, заңды тұлғаның аты)
мекен-жайы _____________________________________________________
жануарларды, жануарлардан алынған өнімдер мен шикізаттарды алып қою жүргізілсін
________________________________________________________________
(жануарлардың түрі, саны, жануарлардан алынған өнімдер мен шикізаттардың атауын көрсету керек)
себебі _________________________________________________________
________________________________________________________________
(алып қоюдың себептерін көрсету керек)

      Жеке және заңды тұлғаларға жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды алып қою салдарынан келтірілген залал төленсін/төленбесін (керексізі сызып тасталсын)
      Басқа мағлұматтар ____________________________________
      Қаулы шығарған тұлғаның лауазымы және қолы

      Мөрдің орны ___________________ ______________
                  (Т.А.Ә., лауазымы)      (қолы)

Қазақстан Республикасы    
Yкiметiнiң         
2003 жылғы 28 сәуірдегі   
N 407 қаулысымен     
бекiтiлген     

Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою нәтижесiнде жеке және заңды тұлғаларға келтiрiлген залалдарды өтеу ережесi мән шарттары

  1. Жалпы ережелер

      1. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою кезiнде жеке және заңды тұлғаларға келтiрiлген залалдарды өтеудiң осы Ережесi мен шарттары (бұдан әрi - Ереже) "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шiлдедегi Заңы  30-бабының  4-тармағына сәйкес әзiрлендi және жануарлар мен адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикізаттарды алып қою және жою кезiндегi залалдарды өтеудiң бiрыңғай тәртiбi мен шарттарын белгілейді.

      2. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикізаттарды алып қою және жою кезiнде жеке және заңды тұлғаларға келтiрiлген залал осы Ереженiң 2 тарауының 4-тармағында белгiленген мөлшерде мiндеттi өтеуге жатады.

      3. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауіп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қоюға және жоюға байланысты шығыстарды жабу жануарлардың ерекше қауiптi жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөнiндегi функцияларды орындайтын мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар (бұдан әрi - мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар) арқылы республикалық бюджеттiң есебiнен жүргiзiледi.

  2. Жануарларға және адам денсаулығына epeкше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою кезiнде өтеуге жататын залалдарды анықтау

      4. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою кезiнде жеке және заңды тұлғаларға келтiрiлген залалдарды өтеу үшiн жануарлардың түрi мен жыныстық-жастық топтарына қарай олардың құны мынадай айлық есептiк көрсеткiш (бұдан әрi - АЕК) мөлшерiнде белгiленедi:
      1) түйелер, оның ішiнде:
      6 айға дейiнгi боталар - 15 АЕК-ке дейiн;
      6 айдан бiр жасқа дейiнгi тайлақ - 24 АЕК-ке дейiн;
      бiр жастан екi жасқа дейiнгi тайлақ - 36 АЕК-ке дейiн;
      үлкен аналық түйелер - 60 АЕК-ке дейiн;
      үлкен буралар - 73 АЕК-ке дейiн.
      2) iрi қара мал, оның iшiнде:
      6 айға дейiнгi бұзау - 5 АЕК-ке дейiн;
      6 айдан бiр жасқа дейiнгi бұзау - 9 АЕК-ке дейiн;
      бiр жастан екі жасқа дейiнгi баспақ - 18 АЕК-ке дейiн;
      сиырлар - 26 AEК-кe дейiн;
      бұқалар - 35 АЕК-ке дейiн.
      3) жылқылар, оның ішiнде:
      6 айға дейiнгi құлындар - 8 АЕК-ке дейiн;
      6 айдан бiр жасқа дейiнгi тайлар - 15 АЕК-ке дейiн;
      бiр жастан екі жасқа дейiнгi құнандар - 24 АЕК-ке дейiн;
      үлкен жылқылар - 39 АЕК-ке дейiн.
      4) қойлар мен ешкiлер, оның iшiнде:
      6 айға дейiнгi қозылар мен лақтар - 2 AЕК-ке дейiн;
      6 айдан бiр жасқа дейiнгi марқа қозы-лақтар - 3 АЕК-ке дейiн;
      бiр жастан екi жасқа дейiнгi тоқтылар-ешкiлер - 4 АЕК-ке дейiн;
      аналық қой-ешкiлер - 6 АЕК-ке дейiн;
      үлкен қошқар-текелер - 9 АЕК-ке дейiн.
      5) шошқалар, оның ішiнде:
      2 айға дейiнгi торайлар - 2 АЕК-ке дейiн;
      екi айдан төрт айға дейiнгi торайлар - 3 АЕК-ке дейiн;
      төрт айдан тоғыз айға дейінгi торайлар - 6 АЕК-ке дейiн;
      9 айдан үлкен шошқалар - 12 АЕК-ке дейiн.
      6) құстар (тауықтар, үйректер, қаздар, түйе тауықтар), оның iшiнде:
      30-дан 60 күнге дейiнгі балапандар - 0,12 АЕК-ке дейiн;
      60-тан 90 күнге дейiнгi шөжелер - 0,20 АЕК-ке дейiн;
      үлкен құстар - 0,50 АЕК-ке дейiн.
      7) үй қояндары, оның iшiнде:
      2 айдан 4 айға дейiнгi көжектер - 0,20 АЕК-ке дейiн;
      үлкен үй қояндары - 0,50 АЕК-ке дейін.
      8) жануарлардан алынатын өнiмдер, оның iшiнде:
      сиыр еті - 0,18 АЕК-ке дейiн;
      қой етi - 0,21 АЕК-ке дейiн;
      шошқа етi - 0,13 АЕК-ке дейiн;
      жылқы етi - 0,22 АЕК-ке дейiн;
      түйе етi - 0,18 АЕК-ке дейiн;
      iшек-қарны алынған тауық еті - 0,17 АЕК-ке дейiн.
      сүт және сүт өнiмдерi - 0,02 АЕК-ке дейiн;
      жұмыртқа және жұмыртқа өнiмдерi - 0,05 АЕК-ке дейiн.
      9) жануарлардан алынатын шикiзаттар, оның iшiнде:
      терi - 0,29 АЕК-ке дейiн;
      жүн - 0,06 АЕК-ке дейiн.

      5. Құнды өтеу осы Ереженiң 2 тарауының 4-тармағында көрсетiлген алып қойылған бip бас жануар үшiн және жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттардың бiр килограмы үшiн AEК шегiндегi, бiрақ тиiстi аумақтың нарықтық бағасының 50 пайызынан аспайтын есеппен жүзеге асырылады.

  3. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою кезiндегi залалдарды өтеудiң шарттары

      6. Алып қойылатын және жойылатын жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттардың иелерiне келтiрiлген залалдарды өтеу ерекше қауiпті жануарлар ауруларының тiзбесiне енгiзiлген ауруларды анықтаған жағдайда ғана жүргiзiледi, бұл ретте Қазақстан Республикасы Yкiметі бекiткен жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды мiндетті алып қою және жою жүргiзiледі.

      7. Жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою кезiндегi залалдарды өтеу туралы шешiмдi ветеринария саласындағы және жергiлiктi атқарушы органдар, санитария-эпидемиологиялық қызметтiң мемлекеттiк органдары, тиiстi аумақтың мемлекеттiк ветеринариялық инспекторы өкілдерiнен тұратын тиiстi ауданның (қаланың) аумақтық басқармасы уәкiлетті мемлекеттiк органының бұйрығымен ауданның (қаланың) Бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторының ұсынысы бойынша құрылған комиссия шығарады.

      8. Жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою кезiндегi залалды өтеу туралы комиссияның шешiм шығаруы үшiн:
      1) жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарлардың аурулары бойынша шектелген iс-шаралар немесе карантин енгiзу туралы жергiлiктi атқарушы органның шешiмi;
      2) комиссия мүшелерiнiң қолы қойылған ауру жануарларды, ауру жұқтырған жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қоюға және жоюға жасалған акт;
      3) диагностика немесе мемлекеттік ветеринариялық қадағалау объектiлерiнiң ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелерi бойынша ветеринариялық зертханалар берген сараптама актiсi;
      4) ауданның (қаланың) мемлекеттік ветеринариялық инспекторының жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою туралы қаулысы;
      5) ветеринариялық паспорт негiз болып табылады.

      9. Жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттардың залалдарын өтеу жеке және заңды тұлғалардың "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес белгіленген мiндеттерiн орындамаған жағдайда жүргізiлмейдi.

  4. Жануарларға және адам денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикiзаттарды алып қою және жою нәтижесiнде жеке және заңды тұлғаларға келтiрiлген залалдарды өтеу кезiндегi сомаларды төлеу тәртiбi

      10. Жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою және жою кезінде залалды өтеу үшiн негiз болып табылатын құжаттарды жинауды ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органмен жануарлардың ерекше қауiптi ауруларының ошағын жоюға шарт жасасқан мемлекеттiк ветеринариялық ұйым жүзеге асырады.

      11. Мемлекеттiк ветеринариялық ұйым ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен жасалған шартқа сәйкес осы Ереженiң 3 тарауының 8-тармағында көрсетiлген растау құжаттармен бiрге алып қойылған және жойылған ауру жануарлардың, ауру жұқтырған жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттардың құнын өтеу үшiн төленуге тиiстi соманы көрсете отырып, орындалған жұмыстардың (қызмет көрсету) актін табыс етедi.

      12. Ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органнан жануарлардың ерекше қауіпті ауруларының ошағын жою жөнiндегi көрсетілген жұмыстар (қызмет көрсету) үшiн қаржы қаражаттарын алғаннан кейiн, мемлекеттiк ветеринариялық ұйым он күн ішінде алып қойылған және жойылған жануарлардың, ауру жұқтырған жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттың құнын республикалық бюджет есебiнен өтейдi.

      13. Алып қойылған және жойылған жануарлардың, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттардың құнын жеке және заңды тұлғаларға осы Ереженiң 7-тармағында көрсетiлген комиссия шешiмiн ұсыну бойынша жануарлардың ерекше қауiптi жұқпалы ауруларының ошағын жоюды жүзеге асыратын мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдар өтейдi.

Қазақстан Республикасы    
Yкiметiнiң         
2003 жылғы 28 сәуірдегі   
N 407 қаулысымен     
бекiтiлген     

Жануарларға және адамдар денсаулығына ерекше қауiп төндiретiн Жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды мiндеттi түрде алып қою және жою жүргiзiлетiн кездегi жануарлардың ерекше қауiптi ауруларының тiзбесi 

       Ескерту. Тізбеге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.04.16. N  423 , 2004.11.16. N  1207 , 2005.09.16. N  922  қаулыларымен.

      Жануарларға және адам денсаулығы үшiн ерекше қауiп төндiретiн ауру жануарларды, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттарды алып қою кезiнде жануарлардың ерекше қауiптi жұқпалы аурулары өртеп жiберу арқылы жойылады:
      Жануарлардың бiрнеше түрiне ортақ аурулар - мелиоидоз, құтыру, топалаң, аусыл, туляремия. <*>
      Ірi қара малдың аурулары - iрi қара мал обасы, қарасан, қатерлi iсiк, кемiктәрiздес энцефалопатия.
      Жылқы аурулары - маңқа, iндеттi лимфангоит, бiр тұяқтылардың африка обасы.
      Қой және ешкі аурулары - созылмалы инфекциялар (скрепи, маэди-висна, аденомотоз, шешек, күйiс қайыратын ұсақ малдардың обасы), бруцеллез.
      Tүйe аурулары - түйе обасы.
      Шошқа аурулары - шошқаның африка обасы.
      Құс аурулары - құс обасы, құс орнитозы, құстардың жоғары патогендi тұмауы. <*>
      Ит және мысық аурулары - ит және мысық токсоплазмозы, мысық микроспориясы.
      Терiсi бағалы аңдар мен үй қояндарының аурулары - үй қояндарының миксоматозы.

Қазақстан Республикасы    
Yкiметiнiң         
2003 жылғы 28 сәуірдегі   
N 407 қаулысымен       
бекiтiлген          

Алдын алуы, диагностикасы және жойылуы республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың ерекше қауiптi ауруларының тізбесі

       Ескерту. Тізбеге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.04.16. N  423 , 2004.11.16. N  1207  қаулыларымен.  

      Жануарлардың бiрнеше түрiне ортақ аурулар - құтыру, бруцеллез, Ауески ауруы, лейкоз, лептоспироз, листериоз, пастереллез, топалаң (терi шикiзатының аскопизациясынан басқасы), туберкулез, аусыл, күл, экинококкоз, паратуберкулез, токсоплазмоз, трихофития, риккетсиоздар, туляремия, ауыз уылуы (экзотикалық ауру).
      Iрi қара малдың аурулары - вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит, парагрипп-3, iрi қара малдың обасы, қарасан, камвилобактериоз, кемiктәрiздес энцефалопатия, нодулярлық дерматит (экзотикалық ауру), қойдың хламидиоздық (энзоотикалық) iш тастауы.<*>
      Қой және ешкi аурулары - қойдың анаэробтық антеротоксемиясы, брадзот, қойдың жұқпалы эпидидимиті, жұқпалы пустелездiк дерматит (эктима), қойдың хламидиоздiк iш тастауы, қойдың және ешкiнiң жұқпалы агалактиясы, скрепи, маеди-висна, аденоматоз, блутанг (экзотикалық аурулар), күйiс қайыратын ұсақ малдардың обасы.<*>
      Жылқы аурулары - инфекциялық анемия, маңқа, грипп, ринопневмония, жұқпалы энцефаломиелит, жылқының африка обасы (экзотикалық aуpу), эпизоотиялық лимфангоит. <*>
      Түйе аурулары - түйе обасы.
      Шошқа аурулары - классикалық оба, тілме, везикулярлық ауру, Тешен ауруы, вирустық трансмиссивтік гастроэнтерит, африка обасы (экзотикалық ауру).
      Құс аурулары - жұқпалы ларинготрахеит, Ньюкасла ауруы, Марека ауруы, Гамборо ауруы, құс күлi, құс орнитозы, респираторлық микоплазмоз, құстардың жоғары патогенді тұмауы. <*>
      Терiсi бағалы аңдар мен үй қояндары аурулары - үй қоянының вирустық геморрагиялық ауруы, миксоматоз.
      Ит және мысық аурулары - ет қоректiлердiң обасы.
      Балық аурулары - тұқы балықтың геморрагиялық септицемиясы, описторхоз.
      Бал арасының аурулары - варроатоз, аскофероз.

      

Қазақстан Республикасы    
Yкiметiнiң          
2003 жылғы 28 сәуірдегі   
N 407 қаулысымен     
бекiтiлген     

Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктердi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы алып өту кезiнде мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктердi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы алып өту кезiнде мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асырудың осы Ережесi (бұдан әрi - Ереже) республика аумағын жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларын әкелу мен таратудан қорғау, сондай-ақ адамдардың денсаулығына, жануарларға және қоршаған ортаға қауiп төндіретiн бақылауда болатын жүктердiң басқа мемлекеттерден әкелiнуiн болдырмау мақсатында "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шiлдедегі Заңы  20-бабының  8-тармағына сәйкес әзiрленді.

      2. Осы Ереже мемлекеттiк шекара арқылы алып өтiлетiн мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктерге (бұдан әрi - қадағалау жүктерi) қолданылады.

  2. Бақылаудағы жүктердi алып өту кезiнде бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау органдары

      3. Қазақстан Республикасының аумағына жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының қоздырғыштарын әкелудiң және таратудың алдын алу, сондай-ақ басқа мемлекеттерден адамдардың денсаулығына, жануарлар мен қоршаған ортаға қауiп төндiретiн бақылауда болатын жүктердің әкелiнуiн болдырмау мақсатында мемлекеттік ветеринариялық қадағалауды (бұдан әрi - мемветқадағалау) жүзеге асыру үшiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) шекара және кеден пункттерiнде (мемлекеттік шекара арқылы өткiзу пункттерiнде) шекарадағы және көлiктегi мемветқадағалаудың аймақтық бөлiмшелерiнiң шекаралық ветеринариялық бақылау бекеттерiн (бұдан әрi - шекветбекеттер) ұйымдастырады.

  3. Мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауға жататын бақылауда болатын жүктер

      4. Мемлекеттiк шекара арқылы алып өтiлетiн бақылауда болатын жүктердiң мынадай түрлерi шекаралық мемветқадағалауға жатады:
      1) жануарлар - үй жануарлары, жабайы жануарлар, хайуанаттар паркiндегi, цирктегi, зертханалық, декоративтiк, терiсi бағалы жануарлар, теңiз жануарлары және басқа гидробионаттар, құстар, аралар, балықтар, жыныстық және соматикалық клеткалы (эмбриондар, ұрықтар, ұрықтандырылған уылдырық, инкубациялық жұмыртқалар) жануарларды қоса алғанда, жануардың барлық түрлерi;
      2) жануарлардан алынатын өнiмдер - тиiсiнше өңделмей тамаққа пайдаланылмайтын ет және ет өнiмдерi, сүт және сүт өнiмдері, балық және балық өнiмдерi, жұмыртқа және жұмыртқа өндiрiсiнiң өнiмдерi, сондай-ақ бал ара шаруашылығының өнiмдерi;
      3) жануарлардан алынатын шикiзаттар - терi, жүн, қыл, қылшық, аң терiсi, түбiт, мамық, қауырсын эндокриндiк бездер, ішек-қарын, қан, сүйек, мүйiз, тұяқ, жануарларды азықтандыруға арналған жануарлардан алынатын басқа да өнiмдер;
      4) ветеринариялық препараттар, жемшөп, жемшөптiк қоспалар.

  4. Қазақстан Республикасының аумағына бақылауда болатын жүктердің импорты

      5. Қазақстан Республикасының аумағына басқа мемлекеттерден эпизоотиялық жағынан қолайлы мемветқадағалау бақылауында болатын жүктердi әкелуге мынадай талаптар сақтала отырып:
      1) уәкiлетті орган белгiлеген ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сай болған және ветеринариялық сертификатпен немесе ветеринариялық куәлiкпен расталған;
      2) экспорттаушы елдердiң эпизоотологиялық жағдайын бағалауды ескере отырып қабылданған, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторының немесе оның орынбасарының рұқсаты болғанда рұқсат етiледi.

      6. Бақылауда болатын жүктер импортына рұқсат жүк иесiнiң уәкiлеттi органның облыстық (қалалық) аумақтық бөлiмшесiне жазбаша өтiнiшi (өтiнiш нысаны - өз бетiмен) негізiнде жүктердiң атауы мен сипаттамасы, шыққан елi, импорт мақсаты, көлiк құралының түрi, жүру бағыты, мемлекеттiк шекараны қиып өткiзу пункті көрсетілiп, соның iшiнде ТМД және Қазақстан елдерi, сақталған, карантинде болған, өңделген жерi, өткiзу мерзiмдерi және басқа да ақпараттар мемлекеттiк немесе орыс тiлiне мiндеттi түрдегi аудармасымен түпнұсқада көрсетiле отырып жүзеге асырылады.

      7. Уәкiлетті органның облыстық (қалалық) аумақтық бөлiмшелерi импортталған жүкті өз аймағының аумағына әкелудiң (оларды өңдеу, өткiзу, сақтау шарттарын) қағидатты мүмкiндiгiн қарайды (өтiнiмдi қарау мерзiмi 15 күннен аспайды). Мәселе оң шешiмiн тапқан кезде жүк иесiне нақты жүк түрiне арналған ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптар қойып, оларды әкелуге рұқсат беру өтінiшiмен уәкілеттi органға жазбаша жүгінедi.

      8. Уәкiлеттi орган 5 жұмыс күнi iшiнде көрсетiлген жүктерді әкелуге не рұқсат береді не рұқсат бермеу себептерiн көрсетiп, жазбаша түрде бас тартады.
      Бақылауда болатын жүктердi әкелуге уәкiлеттi орган беретiн рұқсаттың қолданылу мерзiмi 30 күннен аспайды. <*>
       Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.11.16. N  1207  қаулысымен.

      9. Шекветбекетiнiң аймақтық бөлiмшесiнiң ветеринариялық инспекторы мемлекеттік шекара арқылы өткiзу пунктiнде бақылауда болатын жүктердің ветеринариялық сертификаты, уәкiлетті органның рұқсаты болуын жүктiң атауына, салмағына, буып-түйiлуiне, берiлген құжаттардың санына, тасымалдау жағдайына сәйкестiгiн тексереді, шетелдiк ветеринариялық сертификаттың орнына ветеринариялық куәлiк береді. Ветеринариялық куәлiктiң "Ерекше белгiлер" деген бағанына уәкілеттi орган берген рұқсаттың нөмiрi мен берiлген күнi және бақылауда болатын жүктi пайдалану тәртiбi (еркiн сатып тарату, ұзақ сақтау немесе қайта өңдеу) көрсетiлуге тиiс. Сонымен бiрге, шекветбекетiнiң ветеринариялық инспекторы өзi тұрған қызмет көрсету аймағында, бақылауда болатын жүктiң өтуi және оның баратын соңғы пунктi туралы шекара және көлiктегi мемветқадағалаудың аймақтық бөлiмшесiне хабарлайды.

     10. Аймақтық бөлiмше бастығы баратын пункттегi бақылауда болатын келген импорттық жүктерден сынама алуды ұйымдастырады (жұмыс күнi ішiнде) және оны сараптама жүргiзу үшiн ветеринариялық зертханаға жолдайды. Ветеринариялық зертхана қорытындысының нәтижесi бойынша, әкелiнген импорттық өнiмдерді пайдалану туралы нақты шешiм қабылданады.

      11. Бақылауда болатын жүктерден сынама алу және ветеринариялық-санитарлық сараптама жүргiзу тәртібi Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

      12. Бақылауда болатын жүктердің зақымданғаны немесе ветеринариялық-санитариялық талаптар мен нормаларға сәйкес келмеуi, сондай-ақ ол осы Ереженi бұза отырып әкелiнгенi анықталған жағдайда жүк экспортшы елге қайтарылуға немесе заңнамада белгiленген тәртiппен жүк иесiнiң қаражаты есебiнен залалсыздандырылуға (зарарсыздандырылуға) тиiс.

      13. Бақылауда болатын жүктердi залалсыздандыру (зарарсыздандыру) жүктiң келiп түскен соңғы пунктте, арнайы бөлiнген жерлерде аумақтың (облыстың, қаланың, ауданның) бас мемлекеттiк ветеринариялық инспекторының нұсқауы және бақылауы бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен жүк иесiнiң күшi мен қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      14. Қазақстан Республикасына әкелiнетiн жануарлар, жануарлардан алынатын өнiмдер мен шикiзаттар мiндеттi түрде заңнамада белгiленген тәртiппен ветеринариялық-санитарлық сараптамадан өткiзiлуге тиiс.

      15. Бақылауда болатын импортталатын жүктердi қайта жөнелтуге, оларды пайдаланудың тәртiбi мен шарттарын өзгертуге аумағына осы жүктiң әкелiнуi көзделiп отырған уәкiлетті органның облыстық (қалалық) аумақтық бөлiмшесiнiң өтiнiшi бойынша уәкілеттi орган рұқсат бередi.

      16. Қазақстан Республикасының аумағына мемлекеттiк шекара арқылы қадағалаусыз мал өткен жағдайда, аталған мал ұстауы, карантинде ұстау және уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен олардың одан арғы тағдыры туралы шешiм қабылдау үшiн тиiстi шекаралық аумақтың мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау органдарына берiледi.

  5. Бақылауда болатын жүктердiң Қазақстан Республикасынан экспорты

      17. Бақылауда болатын жүктердiң экспортына рұқсатты ресiмдеу үшiн жүк иесi кемінде 15 күн бұрын жүктің шыққан (тұрған) жерi бойынша уәкiлеттi органның облыстық (қалалық) аумақтық бөлiмшесiне импорттаушы-елдiң ветеринариялық талаптарына сәйкес сұранысына (немесе ветеринариялық сертификаттың үлгiсiне) қоса берiлетiн түпнұсқасын және оның мемлекеттік немесе орыс тiлдерiндегі аудармасын импорттаушы елді, жүктiң атауын, көлiк құралының түрiн және Қазақстан Республикасы мен ТМД елдерiнiң мемлекеттiк шекараларын қиып өткiзу пункттерiн көрсете отырып өтiнiш жасайды.

      18. Уәкiлетті органның облыстық (қалалық) аумақтық бөлiмшесi импорттаушы-елдiң ветеринариялық талаптарын, жүктiң сипаттамасын, тиiстi әкiмшiлiктік аумақтағы (ауыл, аудан, қала) эпизоотиялық жағдайларды және қажеттi зертханалық зерттеулердiң орындалуын және ветеринариялық iс-шаралардың жүргiзiлуiн ескере отырып, аталған сұраныстағы жүк түрiнiң экспорты мүмкiндiктерiн қарастырады.
      Мәселе оң шешiмiн тапқан кезде уәкiлетті органның облыстың (қалалық) аумақтық бөлiмшесi - импорттаушы елдердiң аталған ветеринариялық талаптарында (немесе ветеринариялық сертификатында) көрсетiлген iс-шараларды жүргізу туралы нұсқау бередi және барлық рәсiмдерді өткiзгеннен кейiн уәкiлеттi органнан бақылауда болатын жүк экспортына рұқсат сұрастырады.

      19. Уәкілеттi орган 5 жұмыс күнi iшiнде не аталған жүктердi әкетуге рұқсат бередi не рұқсат бермеу себептерiн көрсетiп жазбаша түрде хабарлайды.
      Бақылауда болатын жүктердi әкелуге уәкiлеттi орган беретiн рұқсаттың қолданылу мерзiмi 30 күннен аспайды. <*>
       Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.11.16. N  1207  қаулысымен.

      20. Уәкiлетті органның аудандық (қалалық) аумақтық бөлiмшесi экспортқа жөнелтер алдында берiлген ветеринариялық куәлiктiң "Ерекше белгiлер" деген бағанына уәкiлеттi орган рұқсатының және бақылауда болатын жүктердi транзиттiк алып өту жүзеге асырылатын аумақ арқылы басқа мемлекеттердiң орталық мемлекеттiк ветеринариялық органдарының транзиттiк рұқсаттарының нөмiрiн және берiлген күнiн көрсетедi.

      21. Аймақтық бөлiмше шекветбекетiнiң ветеринариялық инспекторы мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пункттерiнде экспортталатын бақылауда болатын жүктерiне ветеринариялық куәлiктiң, оны әкетуге уәкiлеттi орган рұқсатының транзиттi мемлекеттердiң орталық мемлекеттiк ветеринариялық органдарының транзиттiк рұқсатының болуын, жүктiң атауына, салмағына, буып-түйiлуiне берiлген құжаттардың санына сәйкестiгiн, тасымалдау шарттарының сақталуын тексередi, ветеринариялық куәлiктiң орнына ветеринариялық сертификат бередi.

      22. Осы Ереже талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда бақылауда болатын жүктердi республика шегiнен тыс әкетуге тыйым салынады және жүктер иесiне қайтарылуға жатады.

  6. Бақылауда болатын жүктердi Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттiк алып өту

      23. Бақылауда болатын жүктердi Қазақстан Республикасының аумағы арқылы алып өту ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      Бақылауда болатын жүктердiң транзитiне уәкiлеттi орган беретiн рұқсаттың қолданылу мерзiмi 30 күннен аспайды. <*>
       Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.11.16. N  1207  қаулысымен.

  7. Бақылауда болатын жүктердi Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы алып өту кезiнде мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау органдарының басқа да мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылы

      24. Шекара мен көлiктегi мемветқадағалау органдары өз мiндеттерi мен функцияларын шекара қызметi, кедендiк бақылау, iшкi iстер, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау, көлiк және коммуникациялар органдары және басқа да мүдделi органдармен өзара iс-қимыл жасай отырып өз құзыреті шегiнде жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2003 жылғы 28 сәуірдегі  
N 407 қаулысымен    
бекiтiлген    

Шекара және кеден пункттерінде (мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пункттерінде) шекаралық ветеринариялық бақылау бекеттерiн ұйымдастыру ережесі

      1. Шекара мен кеден пункттерiнде (мемлекеттiк шекара арқылы өткiзу пункттерiнде) шекаралық ветеринариялық бақылау бекеттерiн ұйымдастырудың осы Ережесi Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шiлдедегi Заңы  20-бабының  4-тармағына сәйкес әзiрленді.

      2. Қазақстан Республикасының аумағына басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелiнуi мен таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттiк ветеринариялық қадағалауды жүзеге асыру үшiн ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган шекара мен кеден пункттерiнде (мемлекеттiк шекара арқылы өткізу пункттерiнде) шекаралық ветеринариялық бақылау бекеттерiн ұйымдастырады (бұдан әрi - бекеттер).

      3. Бекеттер, мiндеттi түрде мемлекеттік ветеринариялық қадағалау бақылауында болатын жүктер алып өтiлетiн шекара және кеден пункттерiнде ұйымдастырылады. Шекара маңындағы мемлекеттердiң аумағында жануарлардың ерекше қауiпті аурулары шыққан кезде өткiзу пункттерiнде ветеринария саласындағы заңнамамен белгiленген кезеңде және тәртiппен көлік құралдарын дезинфекциялау ұйымдастырылады.

      4. Бекеттер ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның шекара мен көлiктегі мемлекеттiк ветеринариялық қадағалау аймақтық бөлiмшелерiнiң бөлiмшелерi болып табылады.

      5. Бекеттер мемлекеттiк шекара арқылы өткiзудiң осы пунктiнде белгiленген режимде жұмыс істейдi және ветеринариялық инспекторлардың қажеттi санымен жинақталады.

      6. Бекеттердiң ветеринариялық инспекторлары өз жұмысында Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдерiн басшылыққа алады.

      7. Бекеттердiң шекарадағы және кедендiк өткiзу пункттерiнде басқа да мемлекеттік бақылау органдарымен өзара iс-қимылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы  
Yкіметiнiң       
2003 жылғы 28 сәуірдегі 
N 407 қаулысына    
қосымша      

Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тізбесі

      1. "Ветеринария бойынша нормативтiк құқықтық және басқа кесiмдердi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметінiң 1996 жылғы 2 қазандағы N 1205  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1996 ж., N 40, 379-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінiң 1998 жылғы 27 сәуiрдегi N 3928 Жарлығын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметінiң 1998 жылғы 9 шiлдедегi N 651  қаулысына  өзгерiстер мен толықтырудың 10-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., N 22, 190-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Yкіметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгізу және күшi жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметінiң 1999 жылғы 7 маусымдағы  N 708  кейбiр шешiмдерiне енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулардың 4-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1999 ж., N 26, 243-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасының әуежайларында халықаралық рейстердің жолаушыларына қызмет көрсетуді жақсарту жөнiндегi шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2000 жылғы 27 шiлдедегі  N 1132  кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырудың 5-тармағы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2000 ж., N 31, 383-құжат).