Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы және деректемелері жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "АІЖК-нің" деген сөз "АПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы азаматтық істерді қарау кезінде заңнаманы дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.1. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер басқа тұлғалардың мүдделерін қорғау үшін заң бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар азаматтардың, ұйымдардың, сондай-ақ өзге де адамдардың арыздары бойынша қозғалатынына (Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 55, 62-баптары (бұдан әрі - АПК)) және факт туралы даудың болу ықтималдығымен, бірақ құқық туралы даудың сөзсіз болмайтындығымен сипатталатынына соттардың назары аударылсын. Егер арыз беруші заңдық маңызы бар бірнеше фактілерді анықтау туралы арыз берсе, онда соттар осы талаптарды бір іс жүргізуде қарауға құқылы.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.2. Соттар заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы арызды, егер:
мұндай фактілер заңға сәйкес (АПК-нің 305-бабының бірінші бөлігі) заңдық салдарларды тудырса (азаматтардың немесе ұйымдардың жеке не мүліктік құқықтары туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына);
арыз берушінің фактіні куәландыратын тиісті құжаттарды алуға не оларды қалпына келтіретін басқа мүмкіндігі болмаса (АПК-нің 306-бабы);
қолданыстағы заңнамада оларды анықтаудың өзге (соттан тыс) тәртібі көзделмесе (АПК-нің 306-бабы);
фактіні анықтау соттың ведомстволығына жататын құқық туралы дауды кейін шешумен байланысты болмаса, қабылдай алады және мұндай істерді ерекше іс жүргізу тәртібімен алуы мүмкін. (АПК-нің 304-бабының екінші бөлігі).
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3. Істі сот талқылауына дайындау барысында сот арыз берушіден фактіні анықтаудағы оның заңдық мүддесінің бар-жоғын, арыз берушіден осы фактіні куәландыратын тиісті құжатты алуға не оны қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ екенін куәландыратын жазбаша дәлелдемелерді талап етуі қажет.
Белгілі бір немесе өзге фактіні тіркеу тәртібінің болмағанын (мысалы, біреудің асырауында болу) не фактіні тіркеу тәртібінің сақталмағанын және оған мұндай жағдайларда жүгінуге мүмкіндік жоқ екенін (мысалы, қайтыс болу фактісі, баланың ата-анасы бала туғаннан кейін некені тіркетпей, баланың тууы туралы жазбаға түзетулерді уақтылы енгізбеген және мұны жасау әкесінің қайтыс болуына байланысты мүмкін болмаған жағдайларда әкелікті тану фактісі) құжатты алу мүмкін емес деп түсіну қажет. Фактіні растайтын құжаттардың болғанымен, оларда құжаттың дәлелдемелік маңызынан айыратын, түзетілуі мүмкін емес қателіктер мен сәйкессіздіктер (мысалы, жазатайым оқиға туралы акт) жіберілген жағдайларда да құжатты алу мүмкін емес деп түсінген жөн.
Тиісті адамның қажетті құжаттың жоғалуы немесе жойылуы салдарынан оның телнұсқасын беруге мүмкіндігінің болмауын жоғалған құжатты қалпына келтіру мүмкін емес деп түсіну қажет.
Соттар дауды сотқа дейінгі шешу тәртібін заңдық фактіні соттан тыс анықтау тәртібінен ажыратқаны жөн.
Фактіні анықтаудың соттан тыс тәртібі деп заңдық фактіні куәландыратын тиісті құжаттарды мемлекеттік органға, ұйымға, өзге тұлғаға жүгіну арқылы алуға не қалпына келтіруге мүмкін болатын заңнамалық актілерде көзделген тәртіпті түсіну керек.
Егер қолданыстағы заңнамада оларды анықтаудың өзге (соттан тыс) тәртібі көзделсе, онда сот АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес арызды қабылдаудан бас тартуға тиіс.
Арыз қате қабылданып, іс қозғалған жағдайда ол АПК-нің 277-бабы 1) тармақшасының негізінде тоқтатылуға жатады.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.3-1. Соттар құқық туралы даудың бар болуы немесе жоқтығы туралы мәселені шешкен кезде істі сот талқылауына дайындау тәртібімен арыз берушіге қандай мақсатта заңдық фактіні анықтау қажет екенін, оны анықтаған кезде қандай құқықтық қатынастардың туындауы мүмкін екендігін, осы құқықтық қатынастарға қатысуы ықтимал басқа да тұлғалардың бар-жоғын анықтағаны жөн.
Тиісті құқықтық қатынасқа кіруге ниет білдірген немесе оған кірген мұндай тұлғалардың бар болуы құқық туралы даудың бар-жоғын куәландыруы мүмкін.
Егер судья істі сот талқылауына дайындау бойынша әрекеттер жасаған кезде не істі мәні бойынша қараған кезде соттың ведомстволығындағы құқық туралы дау бар екенін анықтаса, ол АПК-нің 279-бабы 13) тармақшасының негізінде арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығаруға және арыз беруші мен басқа да мүдделі тұлғаларға талап қою ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығын түсіндіруге міндетті.
Істі дұрыс шешу мақсатында азаматтық сот ісін жүргізу түрінің аражігін ажырату үшін құқық туралы даудың бар-жоғын анықтау қажет.
Сот құқық туралы дау болмаған кезде арызды қараусыз қалдыру туралы қате ұйғарым шығарған және арыз берушіге талап қою ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгінуге ұсыным жасаған жағдайлар, процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзу деп саналуы мүмкін емес.
Мына заңдық фактіні: тууды, бала асырап алуды, некеге тұруды, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеуді (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасы), құқық белгілейтін құжаттардың (уәкілетті органдар беретін әскери құжаттарды, паспортты, жеке куәлікті және куәліктерді қоспағанда) құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспорты немесе жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі бойынша атына, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамға тиесілі екендігін (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасы), егер жазатайым оқиғаны өзгеше тәртіппен растау мүмкін болмаса, жазатайым оқиға (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 7) тармақшасы), азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болуды тіркеуден бас тартқан жағдайда, адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болуын (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасы) анықтау кезінде құқық туралы дау туындауы мүмкін емес.
Ескерту. Нормативтік қаулы 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.4. Туыстық қатынастардың фактісі АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес туыстық дәрежесі тікелей заңдық салдар туындататын жағдайларда ғана, мысалы, егер мұндай фактіні анықтау арыз берушіге мұраға құқық туралы куәлікті алу, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақы алу құқығын ресімдеу үшін қажет болса, сот тәртібімен анықталады.
Туыстық қатынастар фактісі, әдетте, туысқандар осы фактіні тиісті құжаттарды ұсыну арқылы дәлелдей алмайтын жағдайларда анықталуы мүмкін.
Бірінші және екінші кезектегі мұрагерлер болып табылатын ата-анасы мен балалар, аға-інілер, апа- сіңлілер (қарындастар), ата-әжелер арасындағы туыстық қатынас азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді (туу туралы куәліктерді, некені тіркеу, бұзу туралы куәліктерді және т.б.) ұсыну арқылы құжатпен расталуы мүмкін, сондықтан мұрагерлік құқығын алу үшін туыстық қатынастардың фактісін анықтау туралы арыз беретін мүдделі тұлғалар, әдетте, бірінші және екінші кезектегілерден басқа кейінгі кезектегі мұрагерлер (немере аға-інілер және апа-сіңлілер (қарындастар), нағашы ағалары мен нағашы апалары және т.б.) болып табылатынын ескеру керек.
Ерлі-зайыптылар қандас туыстар болып табылмайды, сондықтан олардың арасында туыстық қатынастар анықталуы мүмкін емес.
Қайтыс болған адам тірі кезінде өзін арыз берушінің әкесі деп таныды деген негіздер бойынша мұрагерлікті қабылдау мақсатында туыстық қатынастар фактісі анықталуы мүмкін емес.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.5. Соттар адамның біреудің асырауында болу (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасы) фактілерін анықтаудың мұраны (АК-нің 1068-бабы), асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы (АК-нің 940-бабы) алу үшін және заңда көзделген басқа да жағдайларда заңды маңызы бар екенін ескеруге тиіс.
Бұл ретте арыз берушінің жалақысы болған, ол зейнетақы, стипендия және т.б. алған жағдайларда күтіп-бағатын адамның тарапынан көмек тұрақты және негізгі күнкөріс көзі болғанын анықтау қажет екенін ескеру қажет.
Қайтыс болған адамның асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелері ғана асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға құқылы.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.6. Тууды, бала асырап алуды, некеге тұруды, ажырасуды, қайтыс болуды (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасы) тіркеу фактілерін анықтау туралы істерді қарау кезінде сот оқиғаның өзін емес, оның тиісті органдарда тіркелу фактісін анықтйтынын соттар назарда ұстау керек.
Егер азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында және тиісті архивтерде мұндай жазба сақталмаса және оны қалпына келтіруден бас тартылса, мұндай істер қаралуға жатады.
Іс жүзінде неке қатынастарында болу фактісін анықтау туралы істерді осы тармаққа сәйкес қарауға болмайды.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.7. Құқық белгілейтін құжаттардың құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспорты немесе жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі бойынша атына, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамға тиесілі екендігі (АПК-нің 305-бабының екінші бөлігінің 5) тармақшасы) фактіні анықтау туралы талаптар бойынша арызды қабылдау сәтінде, ал ол қабылданған жағдайда істі сот талқылауына дайындау кезінде соттар арыз берушіден құқық белгілейтін құжаттың өзіне тиесілі екендігін және оны берген ұйымның оған тиісті түзетулер енгізуге мүмкіндігі жоқ екендігіне дәлелдемелер ұсынуды талап етуге тиіс.
Соттар әскери құжаттардың, паспорттың, жеке куәліктің және азаматтық хал актілерін жазу органдары беретін куәліктердің нақты адамға тиесілілігі фактісін анықтауға құқылы емес.
Сонымен қатар, КСР Одағының және оның органдарының таратылуына байланысты соттар ордендер мен медальдарға куәліктердің осы құжаттарда көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспорты немесе жеке куәлігі немесе туу туралы куәлігі бойынша атына, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамға тиесілі екендігі туралы фактілерді анықтауға құқылы екенін назарға алған жөн. Бұл ретте мұндай фактілерді анықтау туралы шешім осындай құжаттардың арыз берушіге тиесілілігін куәландыратын дәлелдемелердің жиынтығына негізделуге тиіс.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.8. Егер арыз берушіде мүліктің тиесілілігі туралы құқық белгілейтін құжат бар болып, бірақ ол жоғалған болса және көрсетілген факті АПК-нің 305-бабының екінші бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес соттан тыс тәртіппен анықталуы мүмкін болмаса, жылжымайтын мүлік объектілерін иеленуді, пайдалануды және (немесе) оларға билік етуді растайтын құжаттардың болу фактісі анықталуы мүмкін.
Егер мүліктің тиесілілігі туралы құқық белгілейтін құжаттарда қате жіберілген болса, мұндай факт анықталуы мүмкін емес.
Егер арыз берушінің өтініші осы мүлікке басқа адамдардың талаптарымен байланысты болса, мұндай факт ерекше талап қою ісін жүргізу тәртібімен анықталуы мүмкін емес.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.9. Жазатайым оқиға фактісін (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 7) тармақшасы) анықтау туралы істерді қарау кезінде мұндай фактіні соттан тыс тәртіппен анықтауға мүмкін болмаған жағдайда сот оны анықтауға құқылы екенін назарда ұстау керек.
Жазатайым оқиға туралы акт жасалмаған және оны арыз беру кезінде жасау мүмкін болмаған, акт жасалған, бірақ ол кейіннен жоғалған және оны соттан тыс тәртіппен қалпына келтіру мүмкін болмаған, актіні жасау кезінде жазатайым оқиға фактісін тануға кедергі келтіретін қате жіберіліп, оны жою мүмкін болмаған жағдайда, жазатайым оқиға туралы фактіні анықтау туралы арыз соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.
Жазатайым оқиға фактісін анықтау туралы арызды қарау кезінде сот еңбекке қабілеттіліктен айырылу себептері мен оның дәрежесін, мүгедектік тобын және оған ұшыраған уақытын анықтауға құқылы емес.
Шешімнің қарар бөлігі еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен нысан бойынша (Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 190-бабы) жазатайым оқиға туралы актіде көрсетілуге тиіс мәліметтерді қамтуға тиіс.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.10. Адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болу фактісін анықтау туралы арыз (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасы) арыз беруші азаматтық хал актілерін жазу органының қайтыс болу оқиғасын тіркеуден бас тартқаны туралы құжатты ұсынған кезде ғана соттың іс жүргізуіне қабылданады және қаралады.
Арызды қанағаттандыру туралы шешім адамның белгілі бір уақытта және белгілі бір мән-жайларда қайтыс болғанын анық куәландыратын дәлелдемелерге негізделуге тиіс.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.11. Мұрагерлікті қабылдау фактісін анықтау туралы арыз (АПК-нің 305-бабы екінші бөлігінің 9) тармақшасы), егер нотариаттық әрекет жасайтын органның мұрагерлік мүлікті иелену үшін күшіне ену фактісін нотариалдық тәртіппен растауға қажетті тиісті құжаттардың болмауына немесе жеткіліксіздігіне байланысты мұраға құқық туралы куәлікті арыз берушіге беруге құқығы болмаса, ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.
Егер қажетті құжаттар ұсынылған болса, бірақ мұраға құқық туралы куәлікті беруден бас тартылса, арыз беруші АПК-нің 45-тарауында жазылған ережелерге сәйкес нотариаттық әрекетті жасаудан бас тартуға байланысты шағыммен сотқа жүгінуге құқылы.
Егер мұра мұраны қабылдау презумпциясын көздейтін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім) қолданысқа енгізілген күн 1999 жылғы 1 шілдеге дейін іс жүзінде қабылданса, мұндай фактілер анықталуы мүмкін екенін соттардың назарда ұстағаны жөн. Мұндай жағдайда бұрын қолданыста болған заңнаманы басшылыққа алу қажет.
Сонымен қатар, мұндай фактілер мұраны қабылдаудың алты айлық мерзімін белгілеген (АК-нің 1072-2-бабының 1-тармағы) "Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 225-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгеннен кейін анықталуы мүмкін.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.12. Азаматтар мен ұйымдардың АПК-нің 305-бабында келтірілген жеке не мүліктік құқықтары пайда болуына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты фактілер тізбесі толық болып табылмайды. Соттар заңдық маңызы бар басқа да фактілерді, мысалы, белгілі бір уақытта белгілі бір жерде тұру, адамның қуғын-сүргіннің нәтижесінде арнайы қоныстарда болу фактісін, әкелікті тану фактісін "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - НжОК) 49-бабы), мұраны қабылдаудан бас тарту фактісін, еңбек өтілін есептеу үшін белгілі бір кәсіпорнында немесе басқа тұлғада жұмыс істеу фактісін, осы әйелдің баланы туу фактісін, (НжОК 187-бабының 4-тармағы) қандастардың тууын тіркеу фактілерін (НжОК 184-бабының 3-тармағы) анықтауға құқылы.
1944 жылғы 10 қарашадағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен 1944 жылғы 8 шілдедегі Жарлық шыққанға дейін нақты неке қатынастырында болған және ерлі-зайыптылардың біреуінің қайтыс болуының салдарынан некені азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында тіркеуге мүмкіндігі болмаған азаматтарға нақты неке қатынастарын тану туралы сотқа жүгіну құқығы берілген болатын. Осы әрекеттерді жасау үшін қандай да бір мерзім белгіленбеген, сондықтан мұндай фактілердің бүгінгі уақытқа дейін заңдық маңызы бар және оларды сот анықтауы мүмкін.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.12-1. Сот пайдалануға қабылданбаған, өз бетінше тұрғызылған құрылысты, құрылысжайды, сонымен қатар басқа адамның атына тіркелген құрылысты, құрылысжайды иелену фактілерін анықтау туралы, заңнамаға сәйкес ресімделмеген мәміле бойынша сатып алынған автокөлік құралдарын және кез келген басқа да жылжымалы мүлікті иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету фактілерін анықтау туралы тұлғалардың арыздары бойынша істерді ерекше іс жүргізу тәртібімен қарауға тиіс емес.
Сот мұндай талаптарды талап қою ісін жүргізу тәртібімен қарауға тиіс.
Ескерту. Нормативтік қаулы 12-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.13. Заңдылық маңызы бар фактілерді анықтау туралы іс бойынша шығарылған шешім АПК-нің 226-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс. Онда сот анықтаған мән-жайлар туралы тұжырымды растайтын дәлелдемелер келтірілуі тиіс. Заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арыз қанағаттандырылған жағдайда сот шешімнің қарар бөлігінде осы фактіні толық ашып көрсетуге тиіс.
Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.14. Осы қаулының қабылдануына байланысты "Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот тәжірибесі туралы" 1966 жылғы 25 ақпандағы № 2 КСРО Жоғарғы Соты Пленумының қаулысын орындау туралы" 1981 жылғы 16 желтоқсандағы № 6 Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумы қаулысының күші жойылды деп танылсын.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.15. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-тармағына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.
Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 28.11.2024 № 4 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
Қазақстан Республикасы |
Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Жалпы отырыстың хатшысы, |
Қазақстан Республикасы |
Жоғарғы Сотының судьясы |