Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2002 жылғы 28 маусым N 13.

Қолданыстағы
      Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы азаматтық істерді қарау кезінде заңнаманың дұрыс әрі біркелкі сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
                               ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер басқа тұлғалардың мүдделерін қорғау үшін заң бойынша сотқа жүгінуге құқығы бар азаматтардың, ұйымдардың, сондай-ақ өзге де адамдардың арыздары бойынша қозғалатынына (АІЖК-нің K990411_ 56, 63-баптарының талаптарына сай) және факт туралы даудың болу ықтималдығымен, бірақ құқық туралы даудың сөзсіз болмайтындығымен сипатталатынына соттардың назары аударылсын. Егер арызданушы заңдық маңызы бар бірнеше фактілерді анықтау туралы арыз берсе, онда соттар осы талаптарды бір өндірісте қарауға құқылы.
      2. Соттар заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы арыздарды егер:
      - мұндай фактілер заңға сәйкес (АІЖК-нің K990411_ 291-бабының 1-тармағы) заңдық маңызы бар жағдайларды тудырса (азаматтар мен ұйымдардың жеке немесе мүліктік құқықтарының пайда болуы, өзгеруі немесе тоқтатылуы);
      - фактіні куәландыратын тиісті құжаттарды алуға немесе оларды қалпына келтіретін арызданушының басқа мүмкіндігі болмаса (АІЖК-нің K990411_ 292-бабы);
      - қолданыстағы заңнамамен оларды анықтаудың өзге (соттан тыс) мүмкіндігі көзделмесе (АІЖК-нің K990411_ 292-бабы);
      - фактіні анықтау соттың ведомстволығына жататын құқық туралы дауды кейін шешуге байланысты болмаса, қабылдап, ондай істерді ерекше өндіріс тәртібімен қарай алады (АІЖК-нің K990411_ 290-бабының 2-тармағы).
      3. Арызды қабылдау кезінде сот арызданушыдан ол фактіні анықтаудың оның қандай заңдылық мүддесін қорғайтындығын айқындап, арызданушыдан фактіні куәландыратын тиісті құжатты алудың немесе оны қалпына келтірудің мүмкін еместігін растайтын жазбаша дәлелдемелерді талап етуі қажет.
      Құжатты алу мүмкіндігінің жоқтығы деп белгілі бір фактіні тіркеу ережелерінің талабын (мысалы, асырауда болуды) не фактіні тіркеу тәртібінің сақталмауын немесе сол сәтте ондай шараға бара алмаушылықты, жүгінуге жағдайы болмауын түсіну қажет (мысалы, өлім фактісі, баланың ата-анасы бала туғаннан кейін некені тіркетпеген, баланың туғаны туралы жазбаға уақытында түзету енгізбеген және әкенің қайтыс болуына байланысты мұны жасау мүмкін болмаған жағдайларда әкелікті тану фактісі). Құжатты алуға мүмкіншілік жоқ деп, сондай-ақ фактіні растайтын құжаттар болғанмен, алайда сол құжатта дәлелдемелік маңызынан айыратын, түзетілуі мүмкін емес (мысалы, қайғылы жағдай туралы акт) қателіктер мен фактіні тура дәлелдейтін негіздемелер болмаса, ол құжаттар дәлел болу маңыздылығын жоғалтып, оны түзетуге жағдайлар болмауын түсіну қажет.
      Құжаттың жоғалып немесе жойылып кетуіне байланысты тиісті органның оның көшірмесін беру мүмкіндігінің болмауын жоғалған құжатты қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ деп түсіну қажет.
      Егер қолданыстағы заңнамамен оларды анықтаудың өзге (соттан тыс) тәртібі көзделсе, онда сот АІЖК-нің K990411_ 153-бабының 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес арызды қабылдаудан бас тартуға тиіс.
      Арыз қателікпен қабылданып, ол бойынша іс қозғалған жағдайда, онда ол АІЖК-нің K990411_ 247-бабының 1) тармақшасының негізінде қысқартылуға жатады.
      Заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арызды қабылдау кезінде судья АІЖК-нің K990411_ 155-бабына сәйкес құқық туралы дау бар екенін анықтаса, арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымда арызданушының мәлімделген талабы талап қою өндірісін жүргізу тәртібімен қарауға жататынын атап көрсетіп, оған АІЖК-нің 150, 151-баптарының талаптарымен белгіленген мерзімде талап арыз түсіруді ұсынады. Ұйғарымда көрсетілген нұсқаулар орындалмаған жағдайда арыз берілмеді деп есептеліп, арызға тіркелген барлық құжаттар сол арызбен бірге талапкерге қайтарылады.
      Егер істі қарау кезінде сотқа ведомстволық қатысты құқық туралы дау пайда болса, онда ол істі талап қою ісін жүргізу тәртібімен қарау туралы сот ұйғарым шығарып, арызданушы мен басқа да мүдделі адамдарға АІЖК-нің K990411_ 150, 151-баптарының талаптарын белгіленген мерзімде орындаудың қажеттігін түсіндіруге міндетті. Соттың ұйғарымы орындалмаған жағдайда, АІЖК-нің K990411_ 290-бабының 3-бөлігіне сәйкес арыз қараусыз қалдырылады, ал мүдделі адамдарға олардың жалпы негіздерде талап қою құқығы түсіндіріледі.
      4. Туыстық қатынастар фактісін (АІЖК-нің K990411_ 291-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасы) айқындау азамат үшін тікелей заңдылық жағдайларды тудырса, мысалы, ондай фактіні анықтау арызданушыға мұраға құқық туралы куәлікті алуға немесе асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алуға құқысын ресімдеу үшін қажет болған жағдайларда ғана сот тәртібімен анықталады.
      Туыстық қатынастар фактісін анықтау туралы іс бойынша шешімде сот арызданушының тиісті адаммен туыстық қатынасы қандай дәрежеде екендігін көрсетуге тиіс.
      Арызданушының сотқа жүгінуі азаматтық хал актілеріндегі жазбалардағы қателіктердің болуына байланысты туындаса, туыстық қатынастар фактісі сот арқылы анықталмайды. Мұндай арыздарды сот АІЖК-нің K990411_ 37-бабында белгіленген тәртіппен қарайды.
      5. Соттар бір адамның екінші адамның қамқорында (асырауында) болу (АІЖК-нің K990411_ 2-бөлігінің 2) тармақшасы) фактілерін анықтаудың заңдылық екенін, ол азаматтың мұрагерлік құқысын бекіту үшін мұраны (АК-нің K990409_ 1068-бабы) немесе қамқоршысынан айырылуына байланысты жәрдемақы (АК-нің K990409_ 940-бабы) алуы үшін және заңда көзделген басқа да жағдайларды анықтау үшін керек екендігі назарда болуы керек.
      Аталған жағдайларда, арызданушы жалақы, зейнетақы, стипендия және т.б. кірістері болған болса, қамқоршы тарапынан көмек тұрақты және негізгі күнкөріс көзінің болғанын анықтау қажет.
      Тек қайтыс болған адамның асырауында болған еңбекке жарамсыз отбасы мүшелері қамқоршысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алуға құқылы.
      Заң бойынша мұраға құқықты ресімдеу мақсатында асырауда болу фактісін анықтау үшін арызданушы мұра беруші қайтыс болған күні еңбекке жарамсыз, қайтыс болған адаммен бірге және кемінде бір жыл оның қамқорында болуы керек (АК-нің K990409_ 1068-бабының 1-тармағы).
      Мұрагерлікке шақырылатын кезектегі мұрагерлермен бірге мүлікті мұралыққа қабылдау мақсатында заң бойынша мұрагерлер қатарына жататын адамдардың асырауда болу фактісін анықтау үшін мүдделі адам еңбекке жарамсыз және мұра беруші қайтыс болғанға дейін кемінде бір жыл оның қамқорында болуы керек (АК-нің K990409_ 1068-бабының 2-тармағы).
      6. Баланың тууын, ұлды (қызды) асырап алу, некені қиюды, ажырасуды, өлгендікті (АІЖК-нің K990411_ 291-бабының 2-бөлігінің 3) тармақшасы) тіркеу фактілерін анықтау туралы істерді қарау кезінде соттар оқиғаның өзін емес, олардың тиісті органдарда тіркелу фактілерін ғана анықтайтынын соттар назарда ұстаулары қажет.
      Егер азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында және тиісті мұрағаттарда мұндай жазба сақталмаса және оны қалпына келтіруден бас тартылса, онда мұндай істер қаралуға жатады.
      Нақтылы некелік қатынаста болу фактісін анықтау туралы істер осы тармаққа сәйкес қаралмайды.
      7. Құқық белгілейтін құжаттардың адамға тиістілігі жөніндегі фактіні анықтау туралы талаптар бойынша құжатта көрсетілген адамның аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспортында немесе жеке куәлігінде, немесе туу туралы куәлігінде (АІЖК-нің K990411_ 291-бабының 2-бөлігінің 4) тармақшасы) көрсетілген атқа, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтіні анықталса, арызды қабылдау сәтінде, ал ол қабылданған жағдайда істі сот талқылауына дайындау кезінде соттар арызданушыдан құқық белгілейтін құжаттың оған тиесілі екендігін және оны берген ұйымның оған тиісті өзгерістерді енгізуге мүмкіндігі жоқтығын көрсететін дәлелдемелерді ұсынуды талап етуге тиіс.
      Әскери құжаттардың, паспорттың, жеке куәліктің және азаматтық хал актілерін жазу органдары берген куәліктердің нақтылы адамға тиісті фактісін анықтауға соттың құқысы жоқ.
      Сонымен қатар, ССР Одағының және оның органдарының таратылуына байланысты, ордендер мен медальдардың куәліктерінде көрсетілген адамның аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспортында немесе жеке куәлігінде, немесе туу туралы куәлігінде көрсетілген атқа, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін жағдайда, ол құжаттар белгілі адамдікі екендігін анықтауға сот құқысының бар екендігін назарда ұстау қажет. Осы орайда, осындай фактілерді анықтау туралы шешім осы құжаттардың арызданушыға тиесілі екендігі нанымды дәлелдемелердің қорытындысына сәйкес негізделуге тиіс.
      8. Мүлікті меншік, шаруашылық жүргізу және оралымды басқару құқықтарымен иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету (АІЖК-нің K990411_ 291-бабының 2-бөлігінің 5) тармақшасы) фактілері арызданушының қолында мүліктің тиесілігі туралы құқықты белгілейтін құжат болып, бірақ ол жоғалған және көрсетілген фактіні соттан тыс қарау тәртібімен анықталуы мүмкін болмаған жағдайда ғана сот арқылы анықталады. Осы орайда, сот осындай істерді қарау кезінде мүлікке меншік құқығын емес, мүліктің арызданушыға тиесілі екенін растайтын құжаттардың болу фактісін ғана анықтайды.
      Өз бетімен тұрғызылған, пайдалануға қабылданбаған құрылыстарды, сондай-ақ басқа адамның атына тіркелген құрылыстарды иелену фактісін сот анықтамайды.
      Автокөлікті немесе басқа мүліктерді мәміле бойынша иемденіп, бірақ заңнамаға сәйкес ресімделмеген болмаса, онда оларды иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету фактілерінің анықталуы мүмкін емес. Бұл жағдайда арызданушы меншік құқығын тану немесе мәмілені болған деп тану үшін жалпы тәртіп негізінде талап арызбен сотқа жүгінуге құқысы бар.
      9. Жазатайым жағдай фактісін (АІЖК-нің K990411_ 291-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасы) анықтау туралы істерді қарау кезінде сот мұндай фактіні оны соттан тыс тәртіппен анықтау мүмкіндігі болмаған жағдайда анықтауға құқылы екенін назарда ұстау қажет.
      Жазатайым жағдай туралы акт жасалмаса, ал оны жасаудың мүмкіндігі болмаса, акт жасалған, бірақ ол кейіннен жоғалса, ал оны соттан тыс тәртіппен қалпына келтіру мүмкіндігі болмаса немесе актіні жасау кезінде жазатайым жағдай фактісін тануға кедергі келтіретін қателік жіберіліп, оны жою мүмкін болмаған жағдайда, жазатайым жағдай туралы фактіні анықтау жайлы арыз сот өндірісіне қабылдануы мүмкін.
      10. Адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болу фактісін анықтау туралы арыз (АІЖК-нің K990411_ 291-бабының 2-бөлігінің 7) тармақшасы) азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болған адам жайында оны тіркеуден бас тартқаны туралы арызданушыға жазбаша жауабы болса ғана сот өндірісіне қабылданады.
      Арызды қанағаттандыру туралы шешім адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болғанын нанымды куәландыратын дәлелдемелерге негізделуге тиіс.
      11. Мұрагерлікті қабылдау фактісін анықтау туралы арыз (АІЖК-нің K990411_ 291-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасы), егер нотариаттық іс-әрекет жасайтын орган мұраға алынған мүлікті иелену фактісін нотариаттық тәртіппен растау үшін тиісті құжаттардың жоқтығына немесе жеткіліксіздігіне байланысты мұраны иелену құқығы туралы куәлікті арызданушыға беруге құқысы болмаса, ерекше өндіріс тәртібімен қаралады.
      Егер қажетті құжаттар ұсынылып, бірақ мұраны иелену құқығы туралы куәлікті беруден бас тартылса, арызданушы АІЖК-нің K990411_ 38-тарауында мазмұндалған қағидаға сәйкес нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тартуға байланысты шағымданып, сотқа жүгінуге құқылы.
      Егер мұра, мұраны қабылдау презумпциясын көздейтін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің K990409_ ерекше бөлімі күшіне енгізілген 1999 жылдың 1 шілдесіне дейін шын мәнісінде қабылданса мұндай фактілердің анықталуы мүмкін екенін соттар назарда ұстаулары қажет. Мұндай жағдайда бұрын қолданылған заңнаманы басшылыққа алу керек.
      12. Азаматтар мен ұйымдардың АІЖК-нің K990411_ 291-бабында келтірілген жеке не мүліктік құқықтарының пайда болуына, өзгеруіне немесе тоқтауына байланысты фактілер тізбесі түпкілікті болып табылмайды. Соттар заңдық маңызы бар басқа да фактілерді, атап айтқанда, белгілі бір уақытта белгілі бір жерде тұруын, адамның қуғын-сүргіннің нәтижесінде арнайы қоныстарда болу фактісін, әкелікті тану ("Неке және отбасы туралы" Z980321_ Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы), мұраны қабылдаудан бас тарту фактісін анықтауға құқылы.
      КСРО Жоғарғы Советі Президиумының 1944 жылғы 10 қарашадағы Жарлығымен 1944 жылғы 8 шілдедегі Жарлық шыққанға дейін нақтылы некелік қатынастарда болған азаматтарға және ерлі-зайыптылардың біреуінің қайтыс болуының салдарынан некені азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында тіркеуге мүмкіндігі болмағандарға нақтылы некені тану туралы сотқа жүгіну құқығы берілген болатын. Осы іс-әрекеттерді жасау үшін қандай да бір мерзім белгіленбегендіктен мұндай фактілердің әлі күнге дейін заңдылық маңызы бар болғандықтан, олар сот арқылы анықталуы мүмкін.
      13. Заңдылық маңызы бар фактілерді анықтау туралы іс бойынша шығарылған шешім АІЖК-нің K990411_ 221-бабының талаптарына сәйкес болуға тиіс. Онда сот анықтаған мән-жайлар туралы тұжырымды растайтын дәлелдемелер келтірілуі тиіс. Заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арыз қанағаттандырылған жағдайда сот шешімнің қарар бөлігінде осы фактіні толық ашып көрсетуге тиіс.
      14. Осы қаулының қабылдануына байланысты "Заңдық маңызы бар

фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот тәжірибесі туралы" СССР 
Жоғарғы Соты Пленумының 1966 жылғы 25 ақпандағы N 2 қаулысын орындауы 
туралы" Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1981 жылғы 16 желтоқсандағы N 6 
қаулысының күші жойылды деп танылсын. 
     15. Қазақстан Республикасы Конституциясының  

K951000_

  4-тармағына 
сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және 
жалпыға бірдей міндетті болады әрі ресми жарияланған күннен бастап күшіне 
енеді.
     Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының Төрағасы 
     Жалпы отырыстың хатшысы,
     Қазақстан Республикасы 
     Жоғарғы Сотының судьясы 
     
     Мамандар: 
       Қасымбеков Б.А. 
       Жұманазарова А.