Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу үшін алым төлеу ставкаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы. 2001 жылғы 19 желтоқсан N 1660

Жаңартылған

      "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 12 маусымдағы N 209  Кодексiне  (Салық кодексi) сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:

      1. Қоса берiлiп отырған заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу үшiн алым төлеу ставкалары бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу үшiн алым төлеу тәртiбi туралы Ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметінiң 1996 жылғы 19 қарашадағы N 1405 қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1996 ж., N 47, 457-құжат);
      2) "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1996 жылғы 19 қарашадағы N 1405 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 1997 жылғы 19 тамыздағы N 1264 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1997 ж., N 37, 360-құжат);
      3) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 19 қарашадағы N 1405 қаулысына толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2001 жылғы 15 мамырдағы N 640 қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2001 ж., N 18, 226-құжат).

     3. Осы қаулы 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енедi.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы      
Yкiметiнiң          
2001 жылғы 19 желтоқсандағы   
N 1660 қаулысымен      
бекiтiлген           

           Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу үшiн
                   алым төлеу ставкалары

      1. Заңды тұлғалардың құрылуын мемлекеттік тiркеу (есепке алу) кезiндегi мемлекеттiк тiркеу үшiн алым төлеу ставкалары:
      1) заңды тұлғалардан, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiнен, осы тармақтың 2), 3), 4) тармақшаларымен көрсетiлгендердi қоспағанда, алым төленген күнге қолданылатын жиырма еселенген айлық есептiк көрсеткiштi құрайды;
      2) бюджет қаражатынан қаржыландырылатын мекемелерден, қазыналық кәсiпорындардан және үй-жай (пәтер) иелерi кооперативтерiнен, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiнен алым төленген күнге қолданылатын бiр айлық есептiк көрсеткiштi құрайды;
      3) балалар мен жастардың қоғамдық бiрлестiктерiнен, сондай-ақ мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінен, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiнен, алым төленген күнге қолданылатын екi айлық есептiк көрсеткiштi құрайды; <*>
      4) шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын заңды тұлғалардан, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiнен, алым төленген күнге қолданылатын бес еселенген айлық есептiк көрсеткiштi құрайды.
      Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2003.01.15. N 18 қаулысымен

      2. Осы қосымшаның 1-тармағында көрсетiлген заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiнен, мемлекеттiк қайта тiркеген (есепке алу) кезде заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу үшiн алым төлеу ставкасы, осы қосымшаның 1-тармағында белгiленген тиiстi ставканың елу пайызын құрайды.

      3. Осы қосымшаның 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкiлдiктерiне мемлекеттiк (есепке алу) тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң телнұсқасы берiлген жағдайда, заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу үшiн алым төлеу ставкасы осы қосымшаның 1-тармағында белгiленген тиiстi ставканың жиырма бес пайызын құрайды.

     4. Заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкiлдiктерi қызметiн тоқтатқан жағдайда, заңды тұлғалардан мемлекеттiк тіркеу үшiн алым төлеу ставкасы төленген күнге қолданылатын бiр айлық есептiк көрсеткiштi құрайды.