Мемлекеттік астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 28 наурыздағы N 394 қаулысы

Жаңартылған

      "Астық туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 19 қаңтардағы Заңын іске асыру және мемлекеттік астық ресурстарын мемлекеттік басқаруды тәртіпке келтіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау және пайдалану ережесі бекітілсін.

      2. "Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы" жабық акционерлік қоғамы мемлекеттік астық ресурстарын басқару жөніндегі агент болып анықталсын.

      3. "Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 қарашадағы N 1731 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 51, 498-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеде:     9-тармақ мынадай мазмұндағы 10-1)-тармақшамен толықтырылсын:     "10-1) өз құзыретінің шегінде мемлекеттік астық ресурстарын басқаруды жүзеге асырады;".

      4. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылған деп танылсын.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.    

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің      
2001 жылғы 28 наурыздағы         
N 394 қаулысымен             
бекiтiлген                  

Мемлекеттiк астық ресурстарын қалыптастыру, сақтау және
пайдалану ережесi

1. Жалпы ережелер

     1. Осы Ереже мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн, мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарын қалыптастырудың, сақтаудың, жаңартудың және пайдаланудың, сондай-ақ мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын қалыптастырудың, сақтаудың және сатудың тәртiбiн реттейдi.
      2. Мемлекеттiк ресурстардың астығы мемлекеттiк (республикалық) меншiк болып табылады.
      3. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервi азық-түлiктiк астықтың мемлекеттiк запасы болып табылады және:
      1) Қазақстан Республикасының жұмылдыру қажеттерiн;
      2) Қазақстан Республикасының азық-түлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған.
      4. Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстары жемдiк астықтың мемлекеттiк запасы болып табылады және мал шаруашылығы мен құс шаруашылығының негiзге алынған көлем шегiнде азық жөнiндегi қажеттерiн қамтамасыз етуге арналған.
      5. Мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстары Қазақстан Республикасының тұқым материалына деген қажеттерiн тұрақты қамтамасыз ету үшiн құрылған және соған арналған тұқымдық астық запасы болып табылады.
      6. Мемлекеттiк сатылатын астық ресурстары:
      1) астықтың iшкi рыногын реттеу;
      2) мемлекетаралық келiсiмдердiң орындалуын қамтамасыз ету;
      3) мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн, мемлекеттiк жемдік және тұқымдық астық ресурстарын толықтыру және жаңарту үшiн құрылған және соған арналған астық запасы болып табылады.
      7. Мемлекеттiк астық ресурстарын басқару жөнiндегi агент (бұдан әрi - Агент) оған жүктелген функцияларды Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жасалған шарттың негiзiнде және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      8. Агент уәкілетті органға және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң, сатылатын астық ресурстарының, жемдiк және тұқымдық астық ресурстарының мемлекеттiк астық ресурстарымен жасалатын операциялардан алынған қаражаттың болуы және қозғалысы туралы тоқсан сайын есеп береді, сондай-ақ мемлекеттiк астық ресурстарының жағдайы туралы ай сайын есеп бередi.

2. Мемлекеттiк астық ресурстарын қалыптастыру

      9. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң, мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарының, мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарының және мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарының көлемi Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмi бойынша жыл сайын белгiленедi.
      Мемлекеттiк ресурстардың құрамына үшiншi сыныпты жұмсақ бидайға балама есептелген, тиiстi МЕМСТ-тың талаптарына сай келетiн дәндi дақылдардың кез келген түрi кiруi мүмкiн.
      Бұл ретте, мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервi азық-түлiктiк астықтан тұруы тиiс, мемлекеттiк жемдiк астық ресурстары жемдiк астықтан тұруы тиiс, мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстары төртiншi репродукциядан төмен емес және сапасы бойынша үшiншi сыныптан төмен емес себу стандартының талаптарына сай келетiн сорттық тұқымнан тұруы тиiс.
      10. Мемлекеттiк сатылатын астық ресурстары мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн толықтырудың және жаңартудың көзi болып табылады.
      11. Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын қалыптастыруды және жаңартуды уәкiлеттi орган агент арқылы мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын сатудан түскен қаражатқа сатып алу, қайтару коэффициентiн ескере отырып, берiлген жемдiк қарыздарды қайтару жолымен, сондай-ақ мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарының және Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген өзге де көздердiң есебiнен жүргiзедi.
      12. Мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарын қалыптастыруды және жаңартуды уәкiлеттi орган агент арқылы мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарын сатудан түскен қаражатқа сатып алу, қайтару коэффициентiн ескере отырып, бұрын берiлген тұқымдық несиенi қайтару жолымен, сондай-ақ мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарының және Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген өзге де көздердiң есебiнен жүзеге асырады.
      13. Мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын қалыптастыруды уәкiлеттi орган агент арқылы "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы негiзiнде жүзеге асырылатын жыл сайынғы астық сатып алу жолымен және Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң тиiстi жылға арналған мемлекеттiк астық сатып алу туралы шешiмімен белгіленген тәртiппен жүргiзедi.

3. Мемлекеттік астық ресурстарын сақтау

      14. Мемлекеттік азық-түлiктiк астық резервiн сақтау республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын, мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарын және мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын сақтау оларды сатудан алынған қаражаттың есебiнен жүзеге асырылады.
      15. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астықтың резервi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасымен белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган анықтайтын Қазақстан Республикасының аумағындағы астық қабылдау кәсiпорындарының астық қоймаларында сақталады.
      16. Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстары, мемлекеттік тұқымдық астық ресурстары және мемлекеттiк сатылатын астық ресурстары Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң тиiстi жылға арналған астықты мемлекеттiк сатып алу туралы шешiмiне сәйкес уәкiлеттi орган анықтайтын астық қабылдау кәсiпорындарында сақталады.
      17. Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау шарттарын уәкiлеттi орган анықтайды.
      18. Мемлекеттiк астық ресурстарының жұмсалмауы мен сандық-сапалық сақталуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес агент пен астық қабылдау кәсiпорнының жауапкершiлiгiне жүктеледi.
      19. Уәкiлеттi орган және агент (сақтау шартының талаптарына сәйкес) астық қабылдау кәсiпорындарынан мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау жөнiнде қажетті ақпарат пен есептердi алуға құқылы.

4. Мемлекеттiк астық ресурстарын пайдалану

     20. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн пайдалану тек қана Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмдерi негiзiнде жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн пайдаланған кезде оның азаймайтын запасы белгiленген мөлшердiң 50 пайызынан төмен болмауы тиiс. Мемлекеттiк резервтiң пайдаланылған көлемiнiң орнын толтыру оны пайдалану туралы шешiм қабылданған күнінен бастап бiр ай ішiнде жүргiзiледi.
      Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн жаңарту оған белгiленген сақтау мерзiмiнiң аяқталуына байланысты кейiннен мiндеттi түрде мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң белгiленген көлемiн қолдауды және оның сапасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында салу арқылы жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн жаңартуды агент жүзеге асырады. Бұл ретте, мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервін жаңартуды жүргiзудiң нақты мерзiмiн уәкiлеттi орган анықтайды.
      21. Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын пайдалану көлемi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен анықталады. Жемдiк астыққа мұқтаж ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердің тізбесiн уәкiлеттi орган анықтайды.
      Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын пайдалану жемдiк несие беру және сату жолымен жүзеге асырыла алады.
      Жемдік несие беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рәсiмделген Қазақстан Республикасы екіншi деңгейдегi банкiнiң кепiлдiгiн беру кезiнде қайтарымды және коммерциялық негiзде жүргiзіледi. Сату алдын ала төлем жасалған немесе Қазақстан Республикасы екiншi деңгейдегi банкiнiң төлем кепiлдiгi болған кезде жүзеге асырылады.
      Қамтамасыз етудiң басқа түрлерi бойынша мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарын пайдалануға тек қана пайдаланылатын астықтың көлемi, қарыз алушы және қамтамасыз етудiң тиiстi түрi белгiленетiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi болған кезде жол берiледi.
      22. Мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарын пайдалану көлемi Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмiмен анықталады. Тұқымдық астыққа мұқтаж ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң тiзбесін уәкiлеттi орган анықтайды.
      Мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарын пайдалану тұқымдық қарыз беру және сату жолымен жүзеге асырыла алады.
      Тұқымдық қарыз беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресiмделген Қазақстан Республикасы екiншi деңгейдегi банкiнiң кепiлдiгi болған кезде қайтарымды және коммерциялық негiзде жүргiзiледi. Сату алдын ала төлем жасалған немесе Қазақстан Республикасы екiншi деңгейдегi банкiнiң кепiлдiгi болған кезде жүзеге асырылады.
      Қамтамасыз етудiң басқа түрлерi бойынша мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарын пайдалануға тек қана пайдаланылатын астықтың көлемi, қарыз алушы және қамтамасыз етудiң тиiстi түрi белгiленген Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң шешiмі болған кезде жол берiледi.
      23. Мемлекетаралық келiсiмдердi орындау бөлiгiнде мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын пайдалану, мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн, мемлекеттiк жемдiк және тұқымдық астық ресурстарын толықтыру Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерi негiзінде жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк сатылатын ресурстардан астықты мемлекетаралық келiсiмдерден тыс экспорттық жеткізiлiмдердi агент жүзеге асырады. Бұл ретте, мемлекеттiк сатылатын ресурстардан астықты мемлекетаралық келiсiмдерден тыс экспорттық жеткiзiлiмдердiң көлемiн уәкiлеттi орган анықтайды.
      Астықтың ішкі рыногын реттеу үшiн мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын пайдалану астықты қайта өңдеу өнiмдерi мен нан бұйымдары бағасының негiзсiз өсуiн болдырмау мақсатында жүзеге асырылады.
      Астықтың iшкi рыногын реттеу үшiн мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын пайдалану көлемi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен анықталады.
      Бұл ретте, сату мерзiмiн, бағасын, мемлекеттiк сатылатын ресурстардан астық сатылатын астық өңдеуші ұйымдардың тiзбесiн уәкiлеттi орган анықтайды.
      Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық ресурстарын жаңалау үшiн мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын пайдалануды агент уәкiлеттi орган бекiткен тәртiпке сәйкес жүзеге асырады.
      24. Мемлекеттiк астық ресурстарын сақтауға байланысты шығындар, мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiн қоспағанда, оларды сатудың және өзге де коммерциялық пайдаланудың бағасына енгiзiлуi тиiс.

5. Мемлекеттiк астық ресурстарының сапасын сертификаттау

      25. Мемлекеттiк астық ресурстарының сапасын сертификаттауды белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган тiркеген ұйымдар (зертханалар) жүзеге асырады.
      26. Мемлекеттiк ресурстардағы астықтың сапасын сертификаттау жөнiндегi ұйымдарды (зертханаларды) ірiктеудi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      Мемлекеттiк ресурстардағы астықтың сапасын сертификаттау, қажеттiлiгiне қарай оны iшкi рынокта сату мақсатында, экспорт және импорт кезiнде жүзеге асырылады.
      27. Мемлекеттiк жемдiк астық ресурстарындағы және мемлекеттiк сатылатын ресурстардағы астықтың сапасын сертификаттау оларды сатудан түскен қаражаттың есебiнен жүргiзiледi.
      Мемлекеттiк тұқымдық астық ресурстарын тұқымдық сараптау функционалдық бюджеттiк бағдарлама шеңберiнде республикалық бюджетте көзделген қаражаттың есебiнен жүргiзiледi.

6. Мемлекеттiк астық ресурстарымен жасалатын операцияларды
қаржыландыру

      28. Агент Астана қаласы бойынша Қазынашылық басқармасында үш арнайы шот ашады: бiрiншiсi, мемлекеттiк сатылатын астық ресурстарын сатып алуға арналған бюджет қаражаты түсетiн (бұдан әрi - N 1 арнайы шот), екiншiсi, мемлекеттiк сатылатын ресурстардың сатылған астығы үшiн алынған ақша және мемлекеттiк астық ресурстарымен жасалатын операциялардан алынған басқа кiрiстер жинақталатын және уәкiлеттi орган мен агент әкiмшiлiк жүргiзетiн (бұдан әрi - N 2 арнайы шот), үшiншiсi, мемлекеттiк азық-түлiктiк астық ресурстарын сақтауға арналған бюджет қаражаты түсетiн (бұдан әрi - N 3 арнайы шот).
      29. Мемлекет агентке мемлекеттiк астық ресурстарын басқарғаны үшiн N 2 арнайы шотқа келiп түскен қаражаттың есебінен сатылған астық құнының 6 пайызына дейiнгi мөлшерде комиссиялық сыйақы төлейді. <*>
     Комиссиялық сыйақының мөлшерiн жыл сайын агент беретiн есеп айырысулардың негiзiнде уәкiлеттi орган белгiлейдi.
     ЕСКЕРТУ. 29-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.11.08. N 1422 қаулысымен .
      30. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнен басқа, мемлекеттiк астық ресурстарын сақтау және уәкiлеттi орган бекiткен смета бойынша астықты сатумен байланысты шығындар, мемлекеттiк ресурстар астығы бойынша бюджетке төленуге жататын қосылған құнға салынатын салық, сондай-ақ мемлекеттiк ресурстар астығының қозғалысымен байланысты кiрiстер жөнiндегi заңды тұлғалардан алынатын табыс салығы бойынша төлемдер N 2 арнайы шотқа түсетiн қаражаттың есебiнен төленедi.
      31. Мемлекеттiк ресурстардың астығын сатудан және мемлекеттiк ресурстар астығымен жасалатын өзге де операциялардан N 2 арнайы шотқа түскен ақша агенттiң комиссиялық сыйақысын, мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнен басқа, мемлекеттiк астық ресурстарын сақтауға жұмсалатын шығындарды, 29 және 30-тармақтарға сәйкес төленуге жатқызылған заңды тұлғалардан алынатын қосылған құнға салынатын салық және табыс салығы бойынша төлемдердi шегере отырып, тiзiмдемеге сәйкес республикалық бюджеттiң кiрiсiне аударылады.
      32. Агент мемлекеттiк астық ресурстарымен жасалатын операциялардың бухгалтерлiк есебiн өз қызметiнiң нәтижелерiнен бөлек, Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2001 жылғы 5 наурыздағы N 330 қаулысымен бекiтiлген, Астықтың мемлекеттiк ресурстарымен және агенттiң өзiнiң қаржы-шаруашылық қызметiнде жасалатын операцияларды жеке есепке алу жөнiндегi бухгалтерлiк есептiң ережесiне сәйкес жүргiзедi.
      33. Агенттiң салықтық есептi жүргiзуі:
      1) қосылған құнға салынатын салық:
      агент тiркелген орны бойынша аумақтық салық органына;
      мемлекеттiк астық ресурстарына қызмет көрсеткенi үшiн төленетiн комиссиялық сыйақыны қоса алғанда, өзінің қызметi бойынша;
      мемлекеттiк астық ресурстарын сатып алу, сақтау, сату N 2 арнайы шоттағы уақытша бос ақшаларды банктердегi депозиттерге және мемлекеттiк бағалы қағаздарға орналастыру, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттiк астық ресурстарымен жүргiзiлетiн басқа да операциялар жатқызылатын мемлекеттiк ресурстар астығының қозғалысымен байланысты айналымдар бойынша қосылған құнға салынатын салық жөнінде екi декларация тапсырады.
      Агенттiң өз қызметi бойынша бюджетке қосылған құнға салынатын салықты төлеуi агенттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк ресурстар астығының қозғалысымен байланысты айналымдар бойынша бюджетке төленетiн қосылған құнға салынатын салықты төлеу N 2 арнайы шотқа түсетiн қаражат есебiнен жүзеге асырылады.
      2) заңды тұлғалардан алынатын табыс салығы:
      агент тiркелген орны бойынша аумақтық салық органына:
      мемлекеттiк астық ресурстарына қызмет көрсеткенi үшiн төленген комиссиялық сыйақы түрiндегi кiрiстердi қоса алғанда, өз қызметiнiң нәтижелерi бойынша;
      мемлекеттiк астық ресурстарын сатып алу, сақтау, сату, N 2 арнайы шоттағы уақытша бос ақшаларды банктердегi депозиттерге және мемлекеттiк бағалы қағаздарға орналастыру, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттiк астық ресурстарымен жасалатын басқа да операциялардың нәтижелерiн қоса алғанда, мемлекеттiк ресурстар астығының қозғалысымен байланысты нәтижелер бойынша жылдық жиынтық табыс және жүргiзiлген шегерiмдер туралы екi декларация тапсырады. Бұл ретте, мемлекеттiк ресурстар астығының қозғалысымен байланысты нәтижелер бойынша декларацияда салық салынатын табысты анықтаған кезде, осы операциялардың кiрiстерi мен шығыстары көрсетiледi.
      Аумақтық салық органына мәлiмделген салық жылындағы заңды тұлғалардан алынатын болжамды табыс салығы бойынша аванстық төлемдердiң сомаларын төлеу және агенттiң өз қызметiнiң нәтижелерi жөнiндегi табыс салығы бойынша түпкiлiктi есеп агенттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Аумақтық салық органына мәлiмделген салық жылындағы заңды тұлғалардан алынатын болжамды табыс салығы бойынша аванстық төлемдердiң сомасын төлеу және мемлекеттiк ресурстар астығының қозғалысымен байланысты нәтижелер бойынша табыс салығы жөнiндегi түпкiлiктi есеп N 2 арнайы шотқа түсетiн қаражаттар есебiнен жүзеге асырылады.

7. Қорытынды ережелер

      34. Мемлекеттiк азық-түлiктiк астық резервiнiң құпиялығын қамтамасыз ету режимi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің        
2001 жылғы 28 наурыздағы            
N 394 қаулысына                
қосымша                    

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң күшi жойылды деп танылуға
жататын шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. "Мемлекеттiк ресурстар мен резервтiң астығын пайдалану тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 30 қыркүйектегi N 1506 қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 48, 460-құжат) 1 және 3-тармақтары.
      2. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 23 желтоқсандағы N 1964 қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 58, 563-құжат) 1-тармағының 1) тармақшасының төртiншi, бесiншi, алтыншы, жетіншi, сегiзiншi, тоғызыншы, оныншы, он бiрiншi, он екiншi және он үшiншi абзацтары.
      3. "Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне тұқымдық мақсатқа күрiштiң астықтық несиесiн беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 21 наурыздағы N 425 қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2000 ж., N 16, 165-құжат) 3-тармағы.
      4. "Мемлекеттiк ресурстар мен резервтiң астығын пайдаланудың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметінің 2000 жылғы 27 қыркүйектегi N 1455 қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 41, 471-құжат) 1-тармағының 1) тармақшасының үшiншi, төртiншi, бесiншi, алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы, оныншы, он бiрiншi және он екiншi абзацтары.