Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссия туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 281 Өкімі.

Жаңартылған

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында мынадай құрамда Комиссия құрылсын:

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, басшы

      Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы

      Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы

      Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін орынбасары

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы

      "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы (келісім бойынша)

      "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің кеңес төрағасы (келісім бойынша)

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының қаржы және операциялар жөніндегі басқарушы директоры (келісім бойынша).

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 09.06.2016 N 275 Жарлығымен; өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 10.10.2016 N 357; 20.10.2017 № 568; 22.07.2019 № 74; 28.10.2019 № 195 Жарлықтарымен.

      2. Комиссия тұрақты негізде Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың мақсатты, заңды және тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырсын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландырылатын инфрақұрылымдық және индустриялық жобалардың іске асырылуына мониторинг және қаржылық бөлігіне аудит жүргізсін.

      3. Комиссияға:

      1) мемлекеттік органдардан, мемлекет қатысатын ұйымдардан және лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, кұжаттар мен өзге де материалдарды, оның ішінде тиісті лауазымды адамдардың ауызша жэне жазбаша түсініктемелерін талап ету;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландырылатын инфрақұрылымдық және индустриялық жобалардың іске асырылуына мониторинг және қаржылық бөлігіне аудит жүргізу үшін сыртқы сарапшыларды (аудиторларды) тарту;

      3) тиісті мемлекеттік органдардың және мемлекет қатысатын ұйымдардың лауазымды адамдарының тәртіптік және өзге де жауапкершілігі туралы мәселені шешу үшін материалдарды жіберу;

      4) заңнамада белгіленген тәртіппен қарау үшін ақпаратты құқық қорғау органдарына және ұлттық қауіпсіздік органдарына жіберу құқығы берілсін.

      4. Комиссияның басшысы Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуының жай-күйі туралы тоқсан сайын есеп берсін.

      5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Комиссияның жұмыс органы болып белгіленсін.

      6. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев