Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсултан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2006 жылғы 1 наурыз.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсултан Назарбаевтың

      Қазақстан халқына Жолдауы

Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті
50 елдің қатарына кіру стратегиясы Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында

      Қымбатты қазақстандықтар!

      Құрметтi депутаттар және Үкiмет мүшелерi!

      Ханымдар мен мырзалар!

      Қазақстан бүгiнгi таңда әлеуметтiк-экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңiне қадам басқалы тұр.

      Мен өзiмiздiң әлемдiк рейтинг кестесiнің жоғары бөлiгiне ілiккен елдер тобының iшiнен орын алуымызға мүмкiндiк беретiн басты негiздер мыналар деп бiлемiн.

      Бiрiншiден, өркендi де өршiл дамып келе жатқан қоғамның iргетасы тек қана осы заманғы, бәсекеге қабiлеттi және бiр ғана шикiзат секторының шеңберiмен шектелiп қалмайтын ашық нарық экономикасы бола алады. Бұл - жеке меншiк институты мен келiсiм-шарттық қатынастарды құрметтеу мен қорғауға, қоғамның барлық мүшелерiнiң бастамашылығы мен iскерлiгiне негiзделген экономика.

      Екiншiден, бiз аға ұрпақты, ана мен баланы, жастарды қамқорлық пен iлтипатқа бөлейтiн әлеуметтiк бағдарланған қоғам, ел халқының барлық топтары тұрмысының жоғары сапасы мен алдыңғы қатарлы әлеуметтiк стандарттарын қамтамасыз ететiн қоғам құрудамыз.

      Үшiншiден, бiз еркiн, ашық әрi демократиялық қоғам орнатудамыз.

      Төртiншiден, бiз дәйектi түрде саяси тежемелiк пен тепе-теңдiктiң үйлестiрiлген жүйесiне негiзделген құқықтық мемлекет құрып, оны нығайта беремiз.

      Бесiншіден, бiз барлық дiндердің тең құқылығына кепiлдiк беремiз және Қазақстанда конфессияаралық келiсiмдi қамтамасыз етемiз. Бiз Исламның, басқа да әлемдiк және дәстүрлi дiндердiң озық үрдiстерiн құрметтеп әрi дамыта отырып, осы заманғы зайырлы мемлекет орнатамыз.

      Алтыншыдан, бiз қазақ халқының санғасырлық дәстүрiн, тілi мен мәдениетiн сақтап, түлете беремiз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келiсiмдi, бiртұтас Қазақстан халқының iлгерi дамуын қамтамасыз етемiз.

      Жетiншіден, бiз өз елiмiздi халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы және жауапты мүшесi ретiнде қарастырамыз, ал мұның өзi бiздiң аса маңызды басымдықтарымыздың бiрi. Қазақстан мұнда геосаяси тұрақтылықты және өңiрдегi қауіпсiздiкті қамтамасыз ету жөнiнде маңызды мiндеттер атқарып отыр.

      Бүгiн, сiздерге, құрметтi қазақстандықтар, өзiмнiң жыл сайынғы Жолдауымды арнай отырып, мен Қазақстанның әлемнiң бәсекеге барынша қабiлеттi әрi серпiндi дамып келе жатқан мемлекеттерiнiң қатарына қарай қадам басуы жолындағы негiзгi басымдықтарды ұсынғым келедi.

1. Бірінші басымдық:
Қазақстанның әлемдiк экономикаға ойдағыдай кiрiгуi - елдiң
экономикалық дамуының сапалық серпiлiсiнiң негiзi

      Бiз Қазақстанның жаһандық экономикалық үрдiстерге сәйкес дамып келе жатқан ел болуын қалаймыз. Әлемдегi жасалған жаңа мен озық атаулыны бойына сiңiрген, дүниежүзiлiк шаруашылықтан шағын да болса өзiне лайық "орнын" иемденген, әрi жаңа экономикалық жағдайларға жылдам бейiмделуге қабiлеттi ел болуын қалаймыз.

      Бiз қатаң бәсекеге әзiр тұрып, оны өз мүддемiзге пайдалана білуiмiз керек. Қазақстан көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға белсене қатыса алады, қатысуға тиiс те, өйткенi олар бiздiң жаһандық экономикаға кiрiгуiмiзге жәрдемдеседi әрi сол арқылы бiздiң қолайлы экономикалық-географиялық жағдайымызға және қолымыздағы ресурстарымызға сүйенедi.

      Мемлекет өз тарапынан iскерлiк бастамашылықтың жолындағы заңнамалық, әкiмшілiк және бюрократиялық кедергілердi ысырып тастауға, жеке меншiк капиталдың келешегi үлкен кемел бастамаларына тiкелей қолдау көрсетуге мiндеттi.

      Қазақстанның экономикалық дамуындағы сапалық "серпiлiстi" әлемдiк экономикаға кiрiгудiң қажеттi шарты ретiнде пайымдай отырып, мен мынадай бағыттарға баса назар аудару керек деп санаймын.

      1.1. Халықаралық маңыздағы "серпiлiстiк" жобаларды iске

      асыру, индустрияны дамыту, әлемдiк рыноктың белгiлi бiр

      тауашаларында бәсекеге қабiлеттi бола алатын тауарлар мен

      қызметтердi өндiру

      Бiз түпкi өнiмдерiн экспортқа шығаруға бағдарланған өндiрiстердi, мұнай-газ, көлiк саласында және машина жасау мен металлургиядағы, химия мен агроөнеркәсiп кешенiндегi басқа да iшкi салаларда бiрлескен кәсiпорындар құруға және дамытуға арқа сүйеуiмiз керек. Алдымызда халықаралық ұйымдардың белсене қатысуымен биотехнологиялық орталықтар; өңiрлiк IТ-орталық ретiнде ақпараттық технологиялар паркiн дамыту мiндетi тұр.

      Үкiмет ұлттық тауарлар мен қызмет көрсетудiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн қолдауға бағытталған нақты бағдарламалар қабылдауы қажет. Жеке меншiк бизнестi қолдаудың және оның тауарлары мен қызметiн әлемдiк рыноктарға жылжытатын мамандандырылған құрылымдар болуы шарт, мұндай ұйымдардың әлемдiк тәжiрибесiн зерделеп, оны елiмiздiң жағдайына бейiмдеуiмiз керек.

      1.2. Қазақстанның өңірлiк және халықаралық экономикалық

      бiрлестiктер мен ассоциацияларға қатысуы жолымен халықаралық

      экономикаға кiрiгуi

      Қазақстан көп тарапты халықаралық экономикалық жобаларға белсене қатыса алады және қатысуға тиiс, мұның өзi бiздiң жаһандық экономикаға кiрiгуiмiзге жәрдемдеседi әрi бiздiң экспорттаушыларымызға қолдау көрсетедi.

      Өңiрлiк серiктестiкке келгенде, бiз ЕурАзЭҚ шеңберiнде өзара тиiмдi ынтымақтастықты кеңейтуге және Бiртұтас Экономикалық кеңiстiктi қалыптастыруға одан әрi септесе беру ниетiндемiз.

      Сонымен қатар Бүкіл дүниежүзiлiк банк, Еуропа Қайта құру және даму банкi, Азия даму банкi және таяуда құрылған Еуразия даму банкiнiң жобаларына баса назар аудару керек.

      1.3. Қазақстанды экономикалық жаңарту мен халықаралық

      рыноктарда бәсекеге қабiлеттiлiгiн нығайтудың қосымша құралы

      ретiнде БСҰ-ға кiру

      Қазақстанның БСҰ-ға кiруi жолындағы келiссөз үдерiсi тоқтаусыз жүргiзiлiп жатыр. Республиканың сыртқы сауда режимiн реттейтiн заңдарының едәуiр бөлiгi қазiрдiң өзiнде БСҰ нормаларына сәйкес келтiрiлдi немесе Парламентте талқылану үстiнде.

      Елiмiздiң осы халықаралық экономикалық ұйымға енуi Қазақстанның дүниежүзiлiк рыноктағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн нығайту үшiн кең мүмкiндiктер ашатынына сенiмдiмiн. Дегенмен осы мүмкiндiктердi ұтымды әрi тиiмдi пайдалана білу керек.

      Бiз әлi қолға алынбаған секторлардағы шетел инвесторларының құрылтайшылық қатысуы деңгейiндегi экономикалық тұрғыдан өзiн ақтамайтын шектеулердi алып тастауымыз керек.

      1.4. Экспорттық-импорттық кредиттеудi дамытуды мемлекеттiк

      қолдау

      Шикiзаттық емес тауарлардың экспорты мен жоғары технологиялық жабдықтардың импортын қолдау мен кредиттеу басымдыққа айналуға тиiс.

      Бүгiнгi күнi дайын өнiмдер экспортының көлемi жылына 2 миллиард АҚШ долларын құрап отыр. Шикiзаттық емес экспорт он жылға жуық осы деңгейде қалып келедi. Ендiгi жерде осы көлемдi үдемелi түрде ұлғайтатын уақыт жеттi.

      Бiз үздiк әлемдiк тәжiрибеге сүйенiп, шет елдердiң экспорт-импорт агенттiктерiмен ынтымақтастықты белсендi дамытуымыз керек.

      1.5. Қазақстанның жаңа технологияларды әзiрлейтiн және

      дамытатын халықаралық компаниялардың құрылтайшысы және

      акционерi ретiнде қатысуы

      Қазақстанға өзiнiң ғылыми әлеуетiне қоса жоғары технологиялардың халықаралық бизнесiне қатысатын және оған бастапқы құрылтайшылық деңгейiнде қатысу жөнiнде бастамашылық танытатын уақыт жеттi деп бiлемiн.

      Бұл жерде осы жұмыс үшiн жауап беретiн Инновациялық қордың атқаратын рөлi өте маңызды.

      Бiздiң осы орайда экономикалық дамудың барынша "серпiлiстi" бағыттарындағы озық технологиялық идеяларды игеру үшiн күллi дүние жүзiндегi жаңа немесе ендi қалыптаса бастаған жоғары технологиялық компаниялар акцияларының пакеттерiн сатып алатын басқа елдердiң өнегесiне ден қойғанымыз абзал.

      Осы арқылы бiз тиiстi авторлық құқық пен зияткерлiк меншiктiң иесi бола аламыз. Мұндай жобалар үшiн бiзге өзге елдердегi "құрметтi консулдар" институтын кеңiнен пайдалану керек.

      Yкiмет Қазақстанның халықаралық рыноктағы технологиялық бастамашылығы мәселесiн мұқият пысықтауы тиiс.

      1.6. Қазақстанда зиаткерлiк меншiк құқығымен және сауда

      маркасымен қорғалған тауарлар өндiрiсi үшiн қолайлы жағдайлар

      қалыптастыру

      Қазақстанның авторлық құқық пен сауда белгiсiн қорғаудың қатаң кепiлi ретiндегi беделiн нығайту бiзге экономиканың жаңа секторларын белсендi түрде дамытып, әртараптандыруға мүмкiндiк бередi.

      Қазақстанда алдамыш өнiмдерге төзбестiк көзқарас туғызуға бағытталған жариялы науқан жүзеге асырылуға тиiс, сонымен қатар зияткерлiк меншiк құқығын бұзу мен сауда белгілерiн қолдан жасаушылар үшiн әкiмшiлiк және қылмыстық қудалау шараларын қабылдау керек. Мұндай шаралардың жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өнiмдер шығарушылардың мақұлдауы мен қолдауына ие болатынына, Қазақстан экономикасына жаңа инвестициялар ағысын қамтамасыз етiп, оны әртараптандыруға кең мүмкiндiктер ашатынына сенiмдiмiн.

      1.7. Ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетiн

      академиялық орталықтар мен оқу орындарын құру

      Қазақстанда халықаралық ұйымдардың қатысуымен осы заманғы ғылыми орталықтар мен "технологиялық парктер" құру мен дамыту, жаңа технологияларды игеру үдерiсiне қолдау көрсету мен кадрлардың білігiн бағдарлаудың икемдi жүйесiн қалыптастыруымыз керек.

      Ғылыми әлеуеттi дамыту қолданбалы ғылымды өндiрiс пен бизнеске мейлiнше жақындатуға бағытталуға тиiс.

      Көш басында жүрген академиялық институттар мен орталықтарды Қазақстанға тарту үшiн тиiстi алғышарттар жасау қажет. Бұл үшiн бiзге Қазақстанда халықаралық оқу орындарын бiрлесе дамыту үшiн "инкубациялық жобалар" үлгiсiндегi құралдарды пайдалануымыз керек.

      "Инкубациялық жобаларды" дамытуды көтермелеу мақсатында Yкiмет, Үндiстанда жасалғандай, ғылыми орталықтарды дамыту үшiн жер телiмдерiн тегiн беру, бастапқы капитал бөлу, қажеттi негiздiк инфрақұрылымды жасақтау және басқа да бiрсыпыра шараларды ұйымдастыру мәселелерiн шешуге тиiс деп санаймын.

      1.8. Осы заманғы және бәсекеге қабiлеттi

      көлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту

      Қазақстанның көлiк-коммуникация кешенiнiң басты мақсаты еуразиялық көлiк жүйесiне кiрiгу болып қала бередi. Көлiк-коммуникация кешенiн дамыту Еуропа мен Азия ортасындағы аралық көпiр болып отырған елiмiздiң геостратегиялық орналасуының артықшылықтарын пайдалануды толығымен қамтамасыз етуге тиiс.

      Жүктердiң тез өткiзiлуiн ұйымдастыру жөнiнде тиiмдi рәсiмдер енгiзу үшiн көршiлермен арадағы нақтылы уағдаластықтарды дамыту қажет.

      Осы және басқа да мiндеттердiң бәрi Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi Көлiк стратегиясын әзiрлеу мен iске асыру барысында ескерілуге тиiс.

      Бұл мәселелердi шешуде бiз мемлекеттiк-жеке меншiк серiктестiктi қамтамасыз ету тетiктерiне баса назар аударуға тиiспiз.

      1.9. Табиғат ресурстарын пайдаланудың ашық саясатын iске

      асыру

      Бiз табиғи ресурстарды пайдаланудың, трансұлттық компаниялармен және өңiрдегi басты көршiлерiмiзбен ынтымақтастықтың айқын әрi тұрақты шарттарын қамтамасыз етудің ашық саясатын жүргiзуге бастама көтердiк және оны одан әрi жүргiзе беретiн боламыз. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге нақты үлес қосып отырған келешегi зор сенiмдi әрiптес ретiндегi беделiн нығайта түседi.

      Бiз қазiр Қазақстанның энергия ресурстарын әлемдiк рынокқа жеткiзудің арналарын әртараптандыру мен олардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мұнай-газ кешенiне тiкелей қатысты тереңдете өңдеу салаларының ең озық қарқынмен дамытылуына баса назар аударуымыз керек.

      1.10. Алматыны қаржы және iскерлiк белсендiлiктiң iрi

      өңiрлiк орталығы ретiнде дамыту

      Орталық Азия өңiрiнiң басты қаржы орталығы ретiнде Алматының серпiндi дамуы Қазақстанның iрi қаржы ұйымдарын өңiрлiк үлкен бизнес-жобаларға арналған займдар беру, сақтандыру мен қаржы қызметiн көрсету саласында негiзгi "мердiгерлерге" айналдыру үшiн қолайлы жағдайлар мен мүмкiндiктер туғызу мақсатына бағытталуға тиiс.

      Қаржы орталығының тиiмдi жұмысын қамтамасыз ету үшiн тиiстi инфрақұрылымдар, ең алдымен, телекоммуникациялар жасақтау қажет. Сонымен қатар iскерлiк қасиетiмен танылған әрi осындай орталықтар мен сырт жерлерде еркiн аймақтар құру жөнiндегi жұмыс тәжiрибесi мол мықты менеджерлер тарту қажеттiгi де анық.

      "Еркiн" қаржы-экономикалық аймақтарында iлеспе қызмет көрсету рыногын дамытуға да ерекше назар аудару керек.

      1.11. Нақты iске асыру

      Бiрiншi басымдықты нақты iске асыру мақсатында

      Үкiметке мына мiндеттердi тапсырамын:

      - 2006 жылы қолданылып жүрген нормативтiк-құқықтық базаға талдау жасап, ретке келтiретiн болсын. Қазақстан Республикасының "Бәсекелестiк және монополистiк қызметтi шектеу туралы" Заңының жаңа редакциясын, "Концессиялар туралы" және "Өңiрлiк қаржы орталығы - Алматы қаласы туралы" заңдарды әзiрлесiн.

      - Салықтық және кедендiк әкiмшілік жүргiзу реформасын iске асырсын, отандық өндiрушілерге мемлекеттiк көмек көрсетудi қайта бағдарласын, техникалық реттеудiң iшкi стандарттарын БСҰ-ның халықаралық стандарттарына сәйкес келтiрсiн, қаржылық қызмет рыногын реформалауды жалғастырсын.

      - БСҰ-ға кiру шеңберiнде бiздiң экономикамыздың кейбiр салаларын, әсiресе, шикiзатты өңдеудi дамыта отырып, ауыл шаруашылығын қолдауға мүмкiндiк беретiн арнаулы экономикалық "бейiмделу бағдарламасын" әзiрлеп, iске асыратын болсын.

      - Халықаралық рыноктың Қазақстан бәсекеге қабілеттi өнiм берушi бола алатын барлық секторларын ізерлей зерделеудi жалғастырсын және соны ескерiп, халықаралық бәсекеге қабiлеттi ұлттық тауарлар мен қызметтi қолдаудың нақтылы және нысаналы бағдарламасын жасайтын болсын.

      - Даму институттарымен және жетекшi қазақстандық компаниялармен бiрлесiп, мақсатты орта мерзiмдiк және ұзақ мерзiмдiк жобалар тiзбесiн түзетiн болсын. Индустриялық аймақтардың, атап айтқанда, Астанадағы аймақтың, арнаулы экономикалық аймақтардың, көлiк-логистикалық орталықтардың мәселелерiн пысықтасын. Қытаймен шекаралық ынтымақтастықтың "Қорғас" орталығын дамытуға ерекше назар аударылуға тиiс.

      - Мемлекеттiк даму институттарының iс-қимылын үйлестiру үшiн құрамына барлық даму институттары кiретiн Басқару компаниясын жасақтасын.

      - Биылғы жылы Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi Көлiк стратегиясы бекiтiлiп, онда мемлекет-жеке меншiк серiктестiгi негiзiнде инфрақұрылымды дамыту бойынша бизнеспен арадағы тиiмдi ынтымақтастық қамтамасыз етілсiн. Еуропа - Азия аралығында сапалы тасымалды қамтамасыз ету үшiн кем дегенде 2-3 авиациялық торап құрылсын. Әуе тасымалына сапалы қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз ету үшiн Астана қаласында қызмет көрсету орталығы құрылсын.

2. Екiншi басымдық:
Қазақстан экономикасын тұрлаулы экономикалық өрлеудiң
iргетасы ретiнде одан әрi жаңарту мен әртараптандыру

      Ел экономикасындағы өрлеудiң тұрлаулы әрi серпiндi сипатын ұстап тұру үшiн мемлекет қазынагерлiк, кредит-ақша саясатының, өндiрiстiң негiзгi факторларын тиiмдi қайта бөлудi мемлекеттiк реттеу тетiктерiн пайдаланып, жоғары сапалы өнiм мен қызметке деген сұранысты көтермелеп отыруға мiндеттi.

      Қазақстан экономикасын алдағы уақытта одан әрi жаңарту мен әртараптандыру мақсатында нақтылы тұрғыда мынадай бағыттарға баса көңiл бөлу керек деп санаймын.

      2.1. Ақша-кредит саясаты

      Ақша-кредит саясатының негiзгi мақсаты - инфляцияны тежеудi қамтамасыз ету. Бұл мақсатқа жету жолындағы жауапкершілік Ұлттық банк пен Yкiметке жүктеледi. Олардың қолында сол үшін барлық өкiлеттiктер мен құралдар бар.

      Ақша-кредит саясатының келесi мiндетi - қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляция өсiмiнiң залалды зардаптарын төмендету, сонымен бiр мезгілде экономикалық өрлеудi ынталандыру үшiн нақтылы айырбас бағамының икемдiлiгiн сақтап тұру.

      Осы орайда Ұлттық қор маңызды рөл атқаруға тиiс. Үкiмет Қор қаражатының ашықтығын және ұтымды құралуы мен пайдаланылуын қамтамасыз етуге тиiс деп санаймын.

      2.2. Қадағалау тәртiбi мен тиiмдi салық саясаты

      Салық және кеден саясатын реформалау күллi экономикалық жаңару саясатының маңызды құралы болуы керек.

      Экономикамыздың жаңа салаларын әртараптандыру мен дамытуды ынталандыру, бұл салаларға шетел капиталы мен соны iлiмдi тарту мақсатында икемдi салық және бюджет саясатын пайдалану маңызды.

      Өндiрiстi дамыту мен кеңейту мақсатында қосымша құн салығының мөлшерлемесiн төмендету қажет деп санаймын.

      Iрi салық төлеушiлерден түскен салық түсiмдерiн жинауды тексеру үшiн Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетiнде арнаулы бөлiм құруды ойластыру керек. Ол бөлiм тексеру iсiне мүдделер қайшылығынан ада халықаралық аудиторлық фирмаларды тартуға тиiс.

      Қатаң бюджет және салық тәртiбi сақталуға тиiс.

      2.3. Экономиканың отын-энергетика және өндiрушi

      секторларының тиiмдiлiгi мен экономикалық қайтарым деңгейiн

      арттыру

      Iшкi және әлемдiк рыноктардың жаңа тауашаларын бiз өндiрушi өнеркәсiптiң мұнай, газ және басқа салаларында терең өңдеудi дамыту есебiнен игеруiмiз керек.

      Әрбiр мұнай-газ кенiшi кәсiпкерлiктi дамытудың осы заманғы тұрмыстық қызмет көрсетуден бастап, ең озық инженерлiк және бағдарламалық қамтамасыз ету саласына дейiнгi ауқымды қамтитын өзiндiк тұтас аумақ ретiнде қарастырылуға тиiс.

      Тұтынушыларының алдында Қазақстан сенiмдi өнiм берушiнің абыройын жоғары ұстауға тиiс.

      Биылғы жылдың iшiнде Үкiмет Қазақстанда мұнай-химия өнеркәсiбiн дамытудың таяудағы он жылға арналған кешендi Бас жоспарын нақтылы орындауға кiрiседi деген ойдамын.

      2.4. Мемлекеттiк активтердi тиiмдi басқару

      Үкiмет мемлекет активтерiн басқарудың ашық және айқын жүйесiн жасауы қажет. Мемлекеттiң меншiгiне түгендеу жүргiзiп, күллi елiмiз үшiн бiртұтас деректер базасын жасаған жөн. Медетшілік жасау немесе банкроттық туралы шешiм шығарған кезде бiртұтас өлшемдер қолданылуы керек. Банкроттық шығынды мемлекеттiк кәсiпорындардың қызметiн қалпына келтiру мүмкiндiгi қалмаған жағдайда жасалатын соңғы қадам болуға тиiс.

      Банкроттықты мемлекеттiк мүлiктi басқарудың өзi үшiн ең ұтымды тәсiлi санайтын белгiлi бiр конкурстық басқарушыларды қайталап қатыстыру тәжiрибесiнен арылып, бұл салада барынша бәсекелестiк туғызуды ойластырған дұрыс. Қажеттiгiне қарай, мемлекеттiң неғұрлым iрi активтерiн басқару үшiн халықаралық компанияларды да жалдау керек.

      2.5. Нарық қағидаттары негiзiнде мемлекет пен жеке меншiк

      сектор арасындағы экономикалық өзара қатынастардың

      тиiмдiлiгiн арттыру

      Бiз экономикаға мемлекеттiң қатысуын әкiмшiлiк реформаның есебiнен оңтайландыруымыз керек.

      Жаңа экономика жаңа басқару шешiмдерiн қажетсiнедi, ал ондай шешiмдердi осы заманға сай ойлай бiлетiн және түпкi нәтижеге бағдарланған мемлекеттiк менеджерлер ғана қабылдауға қабiлетті.

      Қоғамдағы келiсiм-шарттық қатынастарды дамыту мен жеке меншiк институтын нығайту үшiн қосымша заңнамалық және әкiмшiлiк шаралар, сондай-ақ даулар мен төрелік ету рәсiмдерiн тәуелсiз тұрғыда қарау жүйесiн дамыту қажет.

      Келісiм-шарттық мiндеттемелердi орындамағаны үшiн экономикалық, әкiмшiлiк, керек десеңiз, қылмыстық жауапкершiлiк билiк органдарының өкiлдерiне де, сондай-ақ экономикалық өмiрдің басқа да барлық агенттерiне қолданылуға тиiс.

      Бiз үшiн миноритарлық акционерлер мен құрылтайшылардың құқықтарын қорғау жөнiндегi бара-бар заңнаманың болуы өте-мөте маңызды. Сондай-ақ, ұлт меншiгiнен қайтадан алуға қарсы заңнамалық кепiлдiктер берiлуiн қарастыру қажет.

      "Электрондық үкiмет" жүйесiн шұғыл енгiзу қажеттiгiн әдейi баса көрсеткiм келедi. Ол мемлекеттiк органдар қызметiнiң тиiмділiгiн арттырып, сыбайластық пен әкiмшiлiк кедергiлердi кемiтуге қол жеткiзедi.

      2.6. Кәсiпкерлiкке кең ауқымды мемлекеттiк қолдауды iске

      асыру, шағын және орта бизнестің тұғырын кеңейту мен нығайту

      Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры халықтың кәсіпкерлiк әлеуетi мен бастамашылығын iске асыруға тырысқан түрлi топтары үшiн қаржы ресурстары мен сараптама жасаудың нақты қайнарына айналуға тиiс. Қордың өкiлдiк желiсiн кеңейту, өңiрлердегi кәсiпкерлiктi қолдауға бағытталған жұмысты күшейту қажет.

      Сонымен қатар, металлургияда, банк саласында, сақтандыруда, химия өнеркәсiбiнде және басқа салаларда сақталып қалған "жасырын" монополияларды құрту қажет. Мұны монополияға қарсы заңнаманы реформалау арқылы, сондай-ақ отандық және шетелдiк жаңа компаниялардың экономиканың осы секторларына кiруi үшiн тартымды әрi ашық жағдайлар туғызу арқылы, яғни осы секторлардағы бәсекелестiктi арттыру арқылы жасау керек.

      Бюрократияның өндiрiстiк активтерге бақылау жасауға ұмтылған әрекеттерiне жол бермеу керек.

      2.7. Өңiрлiк әлеуметтiк даму мен кәсiпкерлiк корпорацияларын

      құру есебiнен экономикалық өркендеудiң өңiрлiк

      "локомотивтерiн" жасақтау

      Әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар (ӘКК) - бұл өз қызметiн өндiрiстен және тауарлар мен қызмет сатудан пайда табу мақсатында ұйымдастыратын тұрлаулы бизнес-құрылымдар. ӘКК-нiң коммерциялық корпорациялардан басты айырмашылығы сонда, олар алынған пайданы өздерi мүддесiн көздеп құрылған сол өңiрдегi халықтың әлеуметтiк, экономикалық немесе мәдени мақсаттары үшiн қайтадан жұмсайды.

      Қазақстанның түрлi өңiрлерiнде бастапқы кезеңде қолдарына коммуналдық меншiктi, жердi, жаңа бизнес жасау үшiн пайдалануға болатын жұмыс iстеп тұрған рентабельсiз кәсiпорындарды беру арқылы ӘКК жасақтауға болады.

      Әрбiр ӘКК өзiндiк бiр өңiрлiк даму институтына айналуға тиiс, оның елiмiздiң тиiстi өңiрiндегi мемлекеттік активтердi басқаратын холдинг компаниясы ретiнде жұмыс iстеуi мүмкiн.

      Содан кейiнгi кезеңде басқару тәжiрибесiн жинақтауы мен ӘКК-нiң капиталдану деңгейiнiң артуына қарай олардың өңiрлiк және халықаралық рынокқа шығуымен қоса, "жауапкершiлiк аясын" кеңейту мен әртараптандыру жөнiнде әңгiме қозғауға болар едi.

      Бұл корпорациялардың қызметi жаңа жобалар тартуға, шағын және орта бизнестi дамытуға, кооперациялануды күшейтуге бағытталады.

      Сөйтіп ӘКК iрi жұмыс берушiлерге әрi ел дамуының жолбасшысына айналады, бұл ретте ол мемлекеттiк қызметшілер санын өсiрiп, мемлекетке салмақ салмайтын болады.

      2.8. Экономиканы теңдестiре дамыту қажеттiгiне сай келетiн

      аумақтық даму

      Бүгiнгi таңда тұтас алғанда елiмiздегi экономикалық жаңарудың "локомотивi" болуға қабілеттi дамыған өңiрлiк орталықтардың экономикалық қызметiн жандандыруға, сондай-ақ өңiрлердiң ұтымды экономикалық мамандануын қалыптастыруға бағытталған осы заманғы жаңа аумақтық даму стратегиясы қажет. Мұның бәрi де Қазақстанның 2015 жылға дейiнгi аумақтық даму стратегиясында бейнеленуге тиiс.

      2.9. Астананы осы заманғы әлемдiк стандарттарға сай келетiн

      қала ретiнде, Еуразиядағы халықаралық ықпалдастықтың iрi

      орталықтарының бiрi ретiнде дамыту

      Қысқа мерзiмнiң iшiнде Астана елiмiздiң осы заманғы жедел өсiп келе жатқан iрi қаласына айналып үлгердi. Оның еуразиялық кеңiстiктегi үлгiлi астанаға айналуы үшiн, елiмiздiң тұрлаулы дамуын қамтамасыз етудiң негiзiне айналуы үшiн толық мүмкiндiгi бар.

      Бiз бұл үшiн бiрнеше ауқымды жобаларды iске асыруымыз керек.

      Астананың сол жағалауында осы заманғы медицинаның негiзгi бағыттарын бiрiктiретiн жаңа орталықтың негiзiнде осы заманғы, инновациялық және серпiндi медициналық қызмет кластерiн құру қажет.

      Елордамызда бiрегей академиялық орта қалыптастыру үшiн бiз халықаралық деңгейдегi беделдi университет құратын боламыз.

      Сонымен қатар, құрылыс материалдары, жиһаз, азық-түлiк өнеркәсiбi салаларының өндiрiстерi және басқа да бәсекеге қабiлеттi бағыттар шоғырландырылатын индустриялық аймақтың дамуын да қамтамасыз ету қажет.

      Әрбiр құрылыс салушы өз капиталының бiр бөлiгiн қаланың әлеуметтiк саласының дамуына жұмсауға тиiс. Бұл қаланы дамыту үдерiсiне бизнестi және халықты тартудың маңызды факторы болып табылады.

      Әлемдiк бизнестiң, iскерлiк туризмнiң, халықаралық маңызы бар ғылыми және мәдени шаралар өткiзудің тартымды орынына айналдыру үшiн қаланың беделдiк бейнесiн көтере беруге баса көңіл бөлу керек.

      Келешекте қаланың дамуы Темiртау, Қарағанды агломерациясы және Щучье-Бурабай курорттық аймағы қалаларын қамту арқылы құрылатын желiлiк "өсу аймағының" жасақталуы арқылы өзгеруге тиiс.

      2.10. Нақты iске асыру

      Екiншi басымдықты нақты iске асыру мақсатында Үкiметке мыналарды тапсырамын:

      - Валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртiбiн оңайлату арқылы "Валюталық реттеу туралы" Заңға тәуелдi актілердi әзiрлеу жұмыстарын аяқтайтын болсын.

      - 2007 жылдан бастан қосымша құн салығының ставкасын 1%-ға, ал 2008-2009 жылдары қосымша тағы да 1-2 %-ға азайту.

      - 2008 жылдан бастап әлеуметтiк салық шамамен 30%-ға азайтылып, ол жұмыс берушiлердi жұмысшылар жалақысын өсiруге ынталандыруы керек.

      - 2007 жылдан бастап, барлық жеке тұлғалар үшiн табыс салығының 10%-дық белгiленген мөлшерлемесi енгiзiлсiн. Еңбекақысы аз жұмысшылар санатының табыс деңгейiн сақтау мақсатында айлық есептiк көрсеткiштiң орнына олардың салық салынатын табысынан ең аз жалақы мөлшерiн алып тастауды ұсынамын.

      - 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын бизнес субъектiлерi үшiн салық салудың кемiтiлген бiрыңғай мөлшерлемесi енгiзілсiн.

      - Алты ай iшiнде жоғарыда айтылған Салық қызметiнің арнайы бөлiмiн құру жөнiнде нақты ұсыныс әзiрлесiн.

      - 2006 жылы мұнай-химия өндiрiсiн дамытудың таяудағы он жылға арналған кешендi Бас жоспарын белсендi түрде iске асыруды қолға алсын.

      - Пайдалану мен тиiмдiлiк өлшемiнiң нақты мақсаттарын айқындау арқылы Мемлекеттiк меншiктiң бiрыңғай тiзілімiн жасасын.

      - 2006 жылдың iшiнде келiсiм-шарттық мiндеттемелердi орындау үшiн жауапкершіліктi арттыруға бағытталған қосымша шаралар кешенiн әзiрлеп, талқылауға ұсынатын болсын.

      - Ұлттық банк пен Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын қадағалау және реттеу жөнiндегi агенттiк компаниялардың жарғылық қорындағы үлестерi аз инвесторлардың, акционерлер мен құрылтайшылардың құқықтарын қорғау туралы заңды әзiрлесiн.

      - "Электрондық үкiмет" жобасын iске асыруды жеделдетсiн. Ол үшiн биылғы жылы "Бiрiздендiрiлген номерлердiң ұлттық тiзiлiмi туралы" Заң қабылдануға және "Ақпараттандыру туралы" Заңға тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуге тиiс. Нақты iске асырылған жағдайда мұның өзi әрбiр азаматтың ендi қазiргi кезде жиi талап етiп жүрген СТН, ӘЖК, төлқұжат нөмiрi және басқа да құжаттардың орнына өзiнiң әмбебап дербес кодын иеленуiне мүмкiндiк бередi.

      - Алты ай iшiнде монополияға қарсы және бәсекелестiктi қорғау туралы заңнамаларды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзiлсiн.

      - 2006 жылы Қазақстанның 2015 жылға дейiнгi Аумақтық даму стратегиясын әзiрлеудi аяқтайтын болсын.

      - Үш ай iшiнде әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар құру тұжырымдамасын әзiрлесiн және 2006 жылдың қыркүйегiне дейiн нақты көрсетiлген өңiрлерде ӘКК құрайтын болсын.

      - 2006 жылы Астана қаласының 2030 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспарын және Астананың әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыруды қолға алсын.

      - Алты ай iшiнде заңнамаға "Самұрық" мемлекеттiк холдинг компаниясының қызметiне қатысты өзгерiстер енгiзсiн және ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын қаржы рыногына шығару бағдарламасын әзiрлесiн.

3. Yшiнші басымдық:
Халықтың неғұрлым "әлжуаз" топтарын қорғайтын және
экономиканың дамуына қолдау көрсететін осы заманғы
әлеуметтiк саясат

      Әлеуметтiк саланы одан әрi жаңартудың барынша басым бағыттарының қатарына мыналар жатады.

      3.1. Халықтың неғұрлым "әлжуаз" топтарына қолдау көрсету

      Мемлекет, бұрынғысынша, халықтың әлеуметтiк жағынан "әлжуаз" топтарына қолдау көрсету үшiн қаражат аямайтын болады.

      Өңiрлiк әскери жанжалдарға қатысушылар мен халықтың бiрқатар басқа да санаттарына мемлекеттiк қолдау көрсету деңгейiн көтеруге болады әрi солай iстеу қажет деп санаймын.

      Әлеуеттi құрылымдар зейнеткерлерiнiң зейнетақыларын төлеуде орын алған келеңсiздiктер жойылып, мұнда тиiстi тәртiп орнатылуға тиiс.

      Жеке сектордың әлеуметтiк қызмет көрсету жүйесiн қамтамасыз етуге, әсiресе бiлiм алу мен жаңа мамандықтар беру iсiне қатыстыратын, сондай-ақ, бизнестiң әлеуметтiк тұрақтылықтағы жауапкершілігiн күшейтетiн уақыт жеттi.

      3.2. Әлеуметтік қолдау көрсету жүйесiнiң нарықтық экономика

      талаптарына сай қайта бағдарлануы

      Нағыз пәрмендi әлеуметтiк саясат - ол халықты жұмыспен тұрлаулы қамту саясаты болып келдi және болып қала бередi.

      Мемлекет қоғамның шын мәнiнде осындай көмекке зәру мүшелерiне ғана қолдау көрсету жөнiндегi толық жауапкершілiктi өз мойнына алуға мiндеттi деп санаймын.

      Осыған орай әлеуметтiк көмек көрсету саясаты "әлеуметтiк топтардың мұқтаждықтарымен" айқындалуға тиiс емес, қайта "еңбекке қабiлеттi азаматтарды жұмысшылар сапына қосуға даярлау" мiндетi ауқымында шоғырландырылуға тиiс. Азаматтарға қолдау көрсетудiң мемлекеттiк жүйесi олардың қайта оқып-үйренуi мен жаңа кәсiптi меңгеруiне ынталандыру бағытында құрылуы керек.

      Өткен жылдың тамызында менiң қазақстандықтармен тiкелей эфир арқылы жүздесуiм кезiнде зейнетақы мен әлеуметтiк төлемдердi әр айдың өзiнде төлеу жайында өте көп ұсыныстар келiп түстi. Бұл мәселенi шешетiн боламыз.

      Әлеуметтiк қызмет көрсету саласын, әлеуметтiк қызмет көлемiн кеңейту және олардың сапасын арттыру үшiн әлеуметтiк қызметтiң кепілдi және қосымша тiзбесiн әзiрлеп, оны заң жүзiнде бекiту және оларды беру тәртiбiне өзгерiстер енгiзу қажет.

      Әлеуметтiк қызмет көрсетудің мемлекеттiк стандарттарын енгiзу әлеуметтiк қызмет көрсету iсiмен шұғылданатын ұйымдардың қызметiн мiндеттi түрде лицензиялауды кiргiзу және олардың жұмысшыларын тiркеу керек болады.

      3.3. Тұрғын үй құрылысы және жылжымайтын мүлiк рыногын

      дамыту мәселелерi

      Бiзде тұрғын үй бағдарламасы iске асырылып жатқанына үшiншi жыл. Осы уақыт iшiнде бiз оның артықшылығын бағалауға толығымен көз жеткiздiк.

      Тек 2005 жылы ғана қаржыландырудың барлық көздерi бойынша бағдарламада көрсетiлген 3 миллион шаршы метрдiң орнына 5 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi, бұл 2004 жылғы деңгейден 1,8 есеге көп.

      Осы саладағы табыстар мен кемшіліктердi тыңғылықты зерделеп, тұрғын үй бағдарламасына түзетулер енгiзу керек.

      Жеке тұрғын үй құрылысын кең ауқымда дамыту үшiн ынталандыру жағдайларын жасауымыз керек.

      Ипотекалық несиелеу жүйесi бойынша тұрғын үй сатып алуға табысы жетпейтiн азаматтар үшiн тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесiн одан әрi дамыту керек.

      Елiмiзде тұрғын үйдi жалға беру рыногын әлемдiк стандарттарға сай дамытып, оны мемлекет үшiн ашық, бизнес үшiн тартымды ету керек.

      3.4. Денсаулық сақтау саласын ұйымдастыруда осы заманғы

      қағидаттар мен стандарттарға көшу

      2005 жылдан бастап денсаулық сақтау саласын дамыту мен реформалау жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаның iске асырылуы саланың таңдап алынған стратегиялық даму бағытының негiзiнен дұрыс және тиiмдi екенiн дәлелдедi.

      Бұған қоса, жаңа мiндеттердi есепке алып, халықаралық стандарттарға көшудi ескеретiн болсақ, биылғы жылы саланың заңнамалық және әкiмшілік реформалар пакетiн iске асыру жөнiндегi жұмыстарды аяқтау керек деп санаймын.

      Қазақстанда ең жоғары деңгейдегi осы заманғы клиникалар құру мен оларды басқару үшiн шетелдiк жетекшi компанияларды тарту қажет.

      Медициналық қызметкерлерге ақы төлеуде көрсетілген медициналық көмектегi еңбектiң сапасын, көлемi мен күрделiлiгiн, сондай-ақ бiлiктiлiк деңгейiн ескере отырып, жұмыстың соңғы нәтижесiне қарай жаңа қадамдар жүзеге асырылуға тиiс.

      3.5. Халықаралық стандарттарға сәйкес қоршаған ортаны

      қорғау және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету

      2006 жылы бiздiң экологиялық заңнамаларымызды халықаралық озық актілермен үйлестiруге, жаңа стандарттарға көшуге, мемлекеттiк бақылау жүйесiн жетiлдiруге бағытталған Экология кодексi қабылдануға тиiс.

      Тұтас алғанда, бiз 2010 жылы қоғамның тұрлаулы дамуының негiзгі экологиялық стандарттарын жасауға тиiспiз.

      3.6. Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiнiң халықаралық

      стандарттарын енгiзу

      Қазақстандық бизнес қазiрдің өзiнде аяғынан нық тұрды, өзiнiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiн пайымдай бастады және өз қызметiн соған сәйкес құруда. Бұл iсте ұлттық компаниялар мен iрi инвесторлар қайырымдылық шараларына, бiлiм, денсаулық сақтау, спорт пен мәдениет жобаларына қаржы бөлу, әлеуметтiк жағынан қорғаусыз азаматтарға нақты қолдау жасау арқылы үлгi көрсетуде.

      Мұндай тәжiрибе дамыған елдердегi сияқты бизнес-орта үшiн қалыпты жағдайға айналуы керек.

      Мәселен, экономика үшiн бiлiктi кадрлар даярлау саласында бизнес пен бiлiм беру жүйесiнiң бiрлескен қызметi компаниялар үшiн де, тұтастай алғанда бүкіл елiмiздің мүддесi үшiн де пайдалы болмақ.

      Әлбетте, бұл жерде байыпты түсiнiк жұмыстарының жүргiзiлуi және бизнес бастамаларына қолдау көрсету бағдарламасы қажет етіледi.

      Бiзге бизнестiң әлеуметтiк есептiлiгiнiң жалпыға ортақ ережесiн әзiрлеп, жалпыұлттық мiндеттердi шешуде осы саладағы халықаралық озық тәжiрибелерге сүйене отырып, оның әлеуметтiк жауапкершiлiгiн арттыратын уақыт келдi деп ойлаймын.

      Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгiнiң стандарттары БҰҰ-ның Жаһандық шартында айқындалған.

      3.7. Еңбек ресурстарын дамытудың тиiмдi жүйесiн құру

      Бiзге осы заманғы көшi-қон саясатының тұжырымдамасы керек.

      Қазақстанда қалыптасқан қолайлы әлеуметтiк-экономикалық ахуал шетелдiк жұмыс күшiнiң ағылып келуiне жағдай туғызып отыр.

      Үкiмет басқа елдердiң тәжiрибелерiн ескере отырып, республика аумағында жұмыс iстеп жүрген заңсыз еңбек мигранттарын iшкi iстер органдары мен басқа да тиiстi ведомстволарда тiркеу арқылы заңдастыру жөнiндегi бiр реттiк акциялар өткiзудiң тетiктерiн әзiрлеуi қажет.

      Сонымен қатар бiзге республикамызда тұрақты негiзде жұмыс iстей алатын жоғары бiлiктi және кәсiпқой жұмысшыларды тартудың тетiктерiн әзiрлеу керек.

      Бұл ретте бiз өзiмiздiң отандық жұмысшыларды тәрбиелеп, олардың бiлiктілігi мен кәсiпқойлығын арттыруды естен шығармауға тиiспiз.

      Бiзге оралмандарды арнаулы орталықтарда алдын ала дайындау, қоғамымызға бейiмдеу мен кiрiктiру үшiн жағдай туғызуға көбiрек зер салуымыз керек. Басқа елдердегi сияқты кәсiпке баулып, тiл үйретсек, олар жаңа жағдайға тезiрек бейiмделетiн болады.

      3.8. Нақты iс жүзiне асыру

      Халықты әлеуметтiк қорғаудың жоғарыда аталған мәселелерiн шешу үшiн Үкiметке:

      - 2007 жылдан бастап бюджеттiк сала қызметкерлерiнiң жалақысы орта есеппен 30 пайызға көбейтудi;

      - 2006 жылдың 1 шiлдесiнен арнайы әлеуметтiк жәрдемақы мөлшерiн:

      - соғысқа қатысушыларға теңестiрiлген адамдарға 2,4 есе (2472 теңгеден 5974 теңгеге дейiн);

      - соғыс мүгедектерiне теңестiрiлген адамдарға 1,2 есе (5871 теңгеден 7313 теңгеге дейiн);

      - Ұлы Отан соғысы кезеңiнде қаза тапқан жауынгерлердiң жесiрлерiне 1,6 есе (2781 теңгеден 4326 теңгеге дейiн);

      - қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердiң отбасыларына бiр жарым есе (2884 теңгеден 4429 теңгеге дейiн);

      - қайтыс болған соғыс мүгедектерiнің әйелдерiне, ерлерiне 2,7 есе (927 теңгеден 2472 теңгеге дейiн);

      - Ұлы Отан соғысы жылдарында қажырлы еңбегi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдарға, сондай-ақ тылда алты айдан аз емес уақыт жұмыс iстеген (қызмет еткен) адамдарға екi есе (1030 теңгеден 2060 теңгеге дейiн);

      - 1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-iндегi апат зардабын жоюға қатысушылар қатарындағы адамдарға төрт есе (515 теңгеден 2060 теңгеге дейiн) көбейтудi тапсырамын.

      - Биылғы жылдың 1 шiлдесiнен бастап әлеуеттi құрылымдардың зейнеткерлерi үшiн зейнетақы мөлшерiнiң бiр жолғы сараланған өсiмi жүргiзiлсiн.

      Сонымен қатар мен Үкiметке республикамыздағы әлеуметтiк жүйенi жақсарту үшiн тағы да бiрқатар шараларды iске асыруды жүктеймiн:

      - 2007 жылдан бастап зейнетақылық және әлеуметтiк төлемдердi ағымдағы айдан кешiктiрмей төлеудi жүзеге асыруға көшу керек, бұл мақсатқа шамамен 30 миллиард теңге бөлiнсiн.

      - 2007 жылы Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесi туралы кодекс жобасы әзiрленсiн.

      - Кәсiби-техникалық және жоғары бiлiм беру мекемелерi жүйесi арқылы бiлiктi ұлттық кадрларды жұмысшы мамандықтары бойынша оқыту және кәсiби жағынан даярлау жөнiндегi бағдарлама әзiрленсiн.

      Бағдарламада кәсiби-техникалық бiлiм беру жүйесiне қатысуы үшiн ынталандыру және оның тетiктерiн жасау арқылы Қазақстанда жұмыс iстейтiн ұлттық компаниялар мен жеке бизнестiң әлеуетi iске қосылуы қажет.

      - 2006 жылы тұжырымдамасы барлық халықаралық стандарттарға, Халықаралық еңбек ұйымы мен Бүкiләлемдiк сауда ұйымының талаптарына сай келетiн Еңбек кодексiн қабылдау қажет.

      - Үкiмет 2006 жылы оралмандардың бiлiмi мен білiктiлiгiн ескере отырып, оларды иммиграция квотасына енгiзудiң объективтiк өлшемдерiн әзiрлейтiн болсын.

      Қымбатты қазақстандықтар! Экономикалық игiлiгiмiздi арттыра түскен сайын бiз әр кездерде түрлi жағдайларда өздерiнiң туған елi үшiн қажет болғанда өмiрi мен денсаулығын қиған жандарды, олардың отбасылары мен жақындарын ешқашан естен шығармауымыз қажет.

      Қазақстан да олардың алдарындағы өзiнiң әлеуметтiк жауапкершілігiн ешқашан ұмытпайды. 2002 жылдан бастап 2006 жылға жоспарланған шығынды қоса есептегенде, республикалық бюджеттегi әлеуметтiк көмек көрсету мен әлеуметтiк қамсыздандырудың жыл сайынғы шығыны 160 миллиард теңгеден 362 миллиард теңгеге дейiн, яғни екi еседен астамға өстi.

      Өздерiңiз көрiп отырсыздар, мүмкiндiгiнiң артуына қарай мемлекет оларға көрсетiлетiн көмек мөлшерiн одан әрi көбейте беретiн болады.

4. Төртіншi басымдық:
Осы заманғы бiлiм берудi дамыту, кадрлардың білiктiлiгi
мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру және Қазақстан
халқы мәдениетiнiң одан әрi өркендеуi

      4.1. Осы заманғы бiлiм беру және бiлiктi кадрлар даярлау

      жүйесiн дамыту

      Бiлiм беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабiлеттiлiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн аса маңызды құралдардың бiрi.

      Бiзге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктерiне сай келетiн осы заманғы бiлiм беру жүйесi қажет.

      Сондықтан он екi жылдық оқуға көшу шеңберiнде техникалық және кәсiби бiлiм беретiн оқу орындарында одан әрi оқуды таңдағысы келетiндерге он жылдық орта бiлiм берудi жоққа шығаруға болмайды. Адамның өмiр бойы бiлiм алуы үшiн жағдай туғызуымыз керек.

      Жоғары білім алғысы келетiн адамдар үшiн мемлекеттiк бюджет қаржысы есебiнен 12 жылдық бiлiм алу жөнiндегi ұсыныстар әзiрленуге тиiс.

      Жоғары білім беру саласында техникалық білiм берудi дамытуға ерекше назар аудара отырып, жоғары оқу орындары желiсiнде оңтайландыру жүргiзiлуге тиiс. Осы заманғы мемлекеттiк менеджерлер даярлау үшiн Мемлекеттiк басқару академиясының негiзiнде шетелдiк серiктестердiң қатысуымен ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн ұлттық басқару мектебi құрылуы қажет.

      Бiлiм беру жүйесiн дамытуды ынталандыру мақсатында жеке сектор мен мемлекет арасындағы серiктестiктi нығайту, мемлекеттiк-жекеменшiк бiлiм беруге кредиттер бөлу жүйесiн жетілдiру қажет.

      ЖОО-лардың мәртебесi мен мамандыққа қарай мемлекеттiк гранттардың құнын саралауды ойластыруымыз керек.

      4.2. Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы болуы

      негізiнде мәдениеттің ел мемлекеттiлiгiнің қалыптасу

      үдерiсiндегi рөлiн нығайту

      Қазiр мәдениет саласын дамытуға мемлекеттiк-жекеменшiктiк қатысуды оңтайландыратын, яғни бiздiң таланттыларымыздың өзiнiң шығармашылық қызметiнiң есебiнен лайықты өмiр сүру деңгейiне жетуiне мүмкiндiк беретiн жағдайлар жасайтын кезең туды. Бұлар - елiмiзде iрi халықаралық өнер аукциондарын өткiзу кезiнде мемлекеттiк қолдау да, талантты музыканттар мен орындаушыларға қолдау көрсету де, сондай-ақ, айталық, өнер көрмелерiн сақтандыру мен тасымалдау жөнiндегi мемлекет мейлiнше аз қатысатын жекеменшiк компания құру және басқа осындай шаралар.

      Мәдениет саласындағы жұмыспен қамтылу дегенiмiз - халқымыздың әл-ауқатынан бiрден көрiнiс табатын икемдi жергiлiктi сұраныстың орасан зор қайнары.

5. Бесiншi басымдық:
Демократияны одан әрi дамыту және саяси жүйенi жаңарту

      Өздерiңiз бiлесiздер, былтырғы жылы елiмiзде Демократиялық реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы кеңiнен талқыланды. Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелерi жөнiндегi ұлттық комиссия өткiзiлген пiкiрталастардың нәтижесiн қорытындылады.

      Бiз елiмiзде Қазақстанның саяси жүйесi мен мемлекеттiк құрылымының тиiмділігiн арттыруға бағытталған ауқымды саяси реформаларды жалғастыра беретiн боламыз.

      Демократиялық және өркендеген мемлекеттер орнатудың ортақ заңдылықтарын, сондай-ақ бiздiң қоғамның маңызды мәдени-тарихи белгiлерi мен дәстүрлерiн үйлесiмдi ескеруiмiз қажет.

      Былтырғы жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысын сайлау кезiнде қазақстандықтар көрсеткен ауызбiрлiк бiздің қоғамның топтасқандығына күмән туғызбаса керек. Бiздiң азаматтар мұның өзi елiмiздiң тұрақты дамуының қажеттi шарты болып табылатынын айқын түсiнедi. Бiз сайлауалды науқанның барысында тұңғыш рет қазақстандықтардың елдің тұрақсыздануы мүмкiн деген алаңдаушылығы, ал кейбiр тұстарда, тiптi үрейге бой алдыруы сияқты ерекше құбылыспен де ұшырастық, оның үстiне, әлдекiмдер бәлкiм солай дәмеленген болуы керек.

      Сайлаудан кейiн азаматтарымыздың көңiлдерi орнына түскен кездер де бiздiң есiмiзде.

      Бiзде демократиялық мәдениеттiң терең дәстүрлерiнiң жоқтығы, еркiндiктi ойыңа келгендi iстеуге болады деп түйсiну елдi тұрақсыздыққа ұрындыруы, бiздiң болашаққа арналған барлық жоспарларымызды белiнен басып, өзiмiздi алысқа керi серпiп тастауы әбден мүмкiн екенiн мойындауымыз керек. Бұл бiздiң өткен президенттiк додадан алған сабағымыз.

      Бiздiң қателесу себептерiмiздің бiрi билiктiң либерализмiн оның әлсiздiгi және бетiмен кеткен бейпiл даңғойлардың қайсыбiр "еркелiгi" мен "қыңырлығына" тыйым салуға дәрменсiздiгi ретiнде қарадүрсiн қабылдауда жатыр. Бiзге андамастық пен адасушылықтан арылу керек.

      Сондықтан елдiң iшiндегi және сырттан айтылған сынға қарайлай бермей, бiз демократиялық дәстүрлердi дамытумен бiрге оны қорғаудың жеткiлiктi қатаң жүйесiн қарастыруымыз керек. Сайып келгенде, заңды бұзғаны үшiн қатал талап етудi жүзеге асырып, жалақорлық, ақшамен сатып алушылық пен зорлық-зомбылық үшiн жауапкершiлiк шаралары айқындалуы тиiс, ал қажет болса, тиiстi заңдарды қайта қарауымыз керек.

      Азаматтардың Конституция мен елiмiздiң заңдарын орындауын қамтамасыз ету - құқық қорғау органдарының мiндетi. Олар үшiн "қай жерде және кiм не айтады?" дейтiн сұрақ туындамауға тиiс, есесiне, "заңды бұзған екенсiң - оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың" дейтiн нақты ереже бар. Олай болмаған күнде бiз кеңестiк кезеңдегi "заң қалай бұрсаң солай бұрылатын тәртенiң" керiн қайталайтын боламыз.

      Құқық қорғау органдарының осы ереженi орындамайтын басшысы өз лауазымында қалмауы керек. Бiз құқықтық мемлекет пен демократиялық қоғамды басқаша құра алмаймыз.

      Бiз дiни экстремизмнiң таралуына қатаң тосқауыл қоюымыз қажет.

      Бiз әлеуметтiк саланы дамытуға, елдi дамыту бағдарламаларын орындауды бақылау үшiн ҮЕҰ-ны белсендi түрде тартуға тиiспiз. Сонымен бiрге олардың заңда көзделмеген қызметiне жол бермеуiмiз керек.

      Қазақстан халықтары Ассамблеясы, мiне, он жылдан астам уақыт бойы көпұлтты Қазақстан халқын бiрiктiру мiндеттерiн ойдағыдай шешiп келедi. Осы уақыт iшiнде елiмiз бен халқымыз үшiн маңызды шешiмдер қабылдаған кезде, бiздiң Ассамблеяны назардан тыс қалдырған немесе оның ұстанымын есепке алмаған оқиға менiң есiмде жоқ. Осы қоғамдық институттың рөлiн арттыра беру қажет деп ойлаймын. Бұл мәселелердiң бәрiн Демократияландыру мәселелерi жөнiндегi мемкомиссия қарайтын болады.

6. Алтыншы басымдық:
Осы заманғы қауiп-қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы
бара-бар ұлттық қауiпсiздiк стратегиясын iске асыру

      Бiздiң елiмiздiң ұлттық қауiпсiздiгiн одан әрi нығайтудың барынша басым бағыттарының қатарына мыналар жатады.

      6.1. 2006-2010 жылдарға арналған Ұлттық қауiпсiздiктің жаңа

      стратегиясы

      Қазақстанның мемлекеттiлігiн, ұлттық егемендiгi мен тұтастығын нығайту жаңа Әскери доктринаның негізiнде жүзеге асырылуға тиiс. Ол күш пен құралдардың жедел қанат жаюын жүзеге асыруға қабiлеттi, ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетiн кәсiби армияның жасақталуын көздеуге тиiс.

      Қазақстанның Қарулы Күштерi осы заманғы әскери-техникалық құралдармен қамтамасыз етiлуге тиiс, олар Қазақстан мен жаңа халықаралық ахуал үшiн өзiндiк ерекше қатерлерге сай келетiн жоғары қорғаныс технологияларына орынды үмiт артады.

      Қажеттi қаражатты егжей-тегжейлi есептеп, оларды Әскери доктринада ескерген жөн және қойылған мiндеттердi шешу үшiн мемлекеттiк бюджеттегi қорғанысқа арналған шығындар көлемiн ұлғайту қажет.

      6.2. Дiни экстремизмге қарсы iс-қимылға және халықаралық

      лаңкестiк пен есiрткi саудасына қарсы күреске бағытталған

      саясат

      Лаңкестiкке, ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз қару-жарақ таратуға, есiрткi саудасы мен басқа да осындай қатерлерге қарсы күрестегi халықаралық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту Қазақстанның тиiстi халықаралық шарттар мен келiсiмдердi әзiрлеуге және нақты iске асыруға белсене қатысуын қарастырады. Бiз қазiргi заманның осындай қыр көрсетулерiне қарсы тұру үшiн ҰҚШҰ және ШЫҰ шеңберiнде бiрлескен оқу-жаттығу шараларына, сондай-ақ лаңкестiкке қарсы НАТО-мен бiрлескен бастамалар мен операцияларға қатысу арқылы Орталық Азия өңiрi мемлекеттерiнiң ынтымақтастығын нығайтуға тиiстiмiз.

      6.3. Ұлттық қауiпсiздiк пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген

      қатер ретiнде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi

      жалпыұлттық кешендi бағдарламаны дәйектi түрде iске асыру

      Бiз сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында үнемi жұмыс iстеп, ахуалды жақсартып келемiз, алайда бiрқатар қаржы-өнеркәсiп топтарының ақша ағыстарының ашық болмауы және олардың табысты жасыру, қаржы мен мүлiкті шетелдерге шығару, салық төлеуден жалтару есебiнен заңсыз баюы, сондай-ақ көлеңкелi экономика бiздің дамуымыздың елеулi шектеулерiне айналып отыр. Нақ осы топтар өкiлдерiнiң сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргiзуге шақырған ұрандары дүңкiлдеп тұр. Сонымен бiрге бюджеттiң негiзгi ысырабы да нақ осында жатыр. Сөзден iске көшетін уақыт жетті.

      Ұлттық компаниялар мен мемлекеттiк кәсiпорындардың, сондай-ақ iрi жеке меншiк компаниялардың қызметi мен қаржы ағыстарының ашықтығын қамтамасыз ететiн заңнамаларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу қажет. Бұл - жекешелендiру үдерiсiнiң ашықтығын қамтамасыз ету, салық саясаты, жер қойнауын пайдалану және жер қатынастары салаларында шешiмдер қабылдау.

      Ашық айналымнан шығарылған капиталдар мен мүлiктерге рақымшылық жасау проблемасын нағыз жауапкершілікпен және байсалды түрде қарастыратын уақыт жеттi деп ойлаймын. Ашық жүргiзiлген бұл үдерiс Қазақстанның ашық экономикасын құрудың маңызды элементтерiнiң бiрiне айналар едi. Әлбетте, капиталға рақымшылық жасау туралы мәселенi пысықтау қажеттiгi жайында айтқан кезде, мен есiрткi саудасы, қарақшылық, заңсыз Қару-жарақ саудасы және басқа қылмыстық әрекеттер арқылы алынған табыстар жайын меңзеп отырған жоқпын.

      Капитал мен мүлiкке рақымшылық жасау ақысыз iске аспайтынын арнайы атап көрсеткiм келедi. Заңды айналымнан шығарылған немесе шетелдерге әкетiлген активтерге салықтар салынбағаны және мемлекет бюджетiн толықтырмағаны белгiлi. Бұл қарыздар заңдастырылған активтер құнының 10%-дық арнайы салығы арқылы өтелiп, ол ел бюджетiне түсуi тиiс. Бұл капиталды заңды айналымнан шығару арқылы алынған табыс үшiн онша үлкен төлем емес.

      Сол арқылы мемлекет өз елiнiң дамуы үшiн азын-аулақ салық төлеп, өз активтерiне заңды иелiк етуге арнайы құжат түрiнде құқық алып, адал болып, тыныш өмiр сүрудi ұсынады.

      Егер олардан 10% салық төленетiн болса, бiз активтердi Қазақстанға қайтаруға мәжбүрлемеймiз. Активтердiң тығулы жатпағаны, иесiне жұмыс iстеп, кiрiс кiргiзiп жатқаны түсiнiктi. Ендеше "Мысалы, АҚШ азаматы өз елiнен тыс жерлерде активтерi бола отырып, шет елдерден тапқан табысынан салық төлейдi, ал бiздiң азаматтар неге мұны iстемейдi?" дейтiн сұрақ туындайды.

      Халықаралық тәжiрибе бойынша төлеуi тиiс.

      Егер бұл адамдар ақшаның елдiң iшiнде жұмыс iстеуi үшiн оны Қазақстанға қайтарғысы келсе, рақымшылық жасаудың тетiгi мұндай мүмкiндiктi де қарастыруы керек.

      Көптеген адамдар өздерiнiң жылжымайтын меншiгiн, компанияларын жасырады. Бұл активтер айналыстан шығып қалды, оларды жаратуға болмайды. Барлық меншiктi заңдастыру азаматтарға және елге тиiмдi.

      Заңдастырылған активтер иелерiн қандай да бiр қудалаулардан қорғауға кепiлдiк беретiн қарапайым әрi тиiмдi тетiк әзiрленуi қажет. Бiз бiр рақымшылық жасауды жүргiздiк. Мұндай оң тәжiрибе бiзде қазiрдiң өзiнде бар. Ендiгi жерде бұл тетiк ұғынықты болу керек және әрбiр қазақстандыққа, әлемдiк қоғамдастыққа жеткiзілуге тиiс.

      Бұл ретте капиталдарға рақымшылық жасаудан кейiн заңды айналымнан бұдан бұрын шығарылған капиталдарды iздестiру жөнiндегi iс-шаралар жүргiзiлетiнiн бәрi де түсiнуi керек. Бұл жұмыс халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен бiрлесе жүргiзiлетiн болады. Сонда берiлген мүмкiндiктi пайдаланбаған адамдар өкпелемеуге тиiс.

      Биылғы алғашқы жарты жылда Үкiмет осы күрделi мәселенiң әралуан қырлары ескерiлетiн нақты тетiктердi көздейтiн тиiстi заң жобасын әзiрлеп, Парламентке талқылауға енгiзуi керек.

      Президент Әкiмшiлiгi және Үкiмет аталған шараның мақсатын, тетiктерi мен маңызын түсiндiру жөнiнде кешендi шаралар әзiрлеп, жүргiзетiн болсын.

7. Жетiншi басымдық:
Қазақстанның мүдделерiн, өңiрлiк және әлемдiк дамудың
серпiнiн ескеретiн теңдестiрiлген және жауапты сыртқы
саяси бағытты одан әрi iске асыру

      Сыртқы саясаттағы бiздiң басымдықтарымыз өзгерiссiз қала бередi. Қазақстан әрқашан да жауапты және сенiмдi халықаралық серiктес болып қалады.

      7.1. Бiздiң елдерiмiз арасындағы ауқымды интеграциялық

      үдерiстер негiзiнде Ресеймен стратегиялық серiктестiк

      қатынастарын дамыту

      Қазақстан-Ресей қатынастары сенiм мен стратегиялық серiктестiктiң жоғары деңгейiнде тұр.

      Ресейлiк бағыт - Қазақстан сыртқы саясатының аса маңызды басымдығы.

      Қазақстан мен Ресей арасында сындарлы үнқатысу жолымен және өзара мүдделердi ескеру арқылы шешiлмейтiн проблемалар жоқ. Бұл саяси, сондай-ақ экономикалық мәселелерге де қатысты.

      Бүгiн басты мәселелер ЕурАзЭҚ, БЭК, ШЫҰ шеңберiнде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мен өңiрлiк ықпалдастықты дамыту саласында жатыр. Мұнда қауiпсiздiктi нығайту мәселелерi маңызды орын алады. Аталған салалардың бәрiнде де Қазақстан мен Ресейдiң ұстанымдары ұқсас әрi жақын.

      7.2. ҚХР-мен өзара тиiмдi ынтымақтастықты нығайту

      Бiз экономикалық және саяси ынтымақтастық мәселелерi бойынша Қытай Халық Республикасымен екiжақты шарттарды iске асыруды жалғастыра беремiз. Қазақстан осы серпiндi дамып келе жатқан елмен өзара тиiмдi байланыстар орнатудан басқа балама жоқ екенiн негiзге алады. Экономикалық ынтымақтастық халықаралық қауiпсiздiк проблемалары бойынша белсендi саяси үнқатысумен бекемделуге тиiс.

      Бiз сондай-ақ ШЫҰ шеңберiнде, сондай-ақ екiжақты нақты бастамалар мен уағдаластықтар негiзiнде көшi-қон және өңiрлiк қауiпсiздiк проблемаларын шешу жөнiндегi саясатты үйлестiру ниетiндемiз.

      7.3. АҚШ-пен өзара қарым-қатынастардың жоғары деңгейiн

      нығайту

      Қазақстан мен АҚШ арасында ұзақ мерзiмдi және тұрақты серiктестiк қатынастар орнаған, бұлар халықаралық энергетикалық тұрақтылық пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, лаңкестiк пен дiни экстремизмге қарсы күрес, демократиялық өзгерiстердi жалғастыра беру мәселелерi бойынша өзара iс-қимылдың кең ауқымымен сипатталады.

      Ендiгi жерде экономикалық саладағы ынтымақтастықты одан әрi дамыту, америкалық инвестицияларды тарту және Қазақстанда озық технологиялар енгiзу үшiн қолайлы жағдай туғызу күн тәртiбiнде тұр.

      7.4. Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту

      Қазақстан ЕО-мен ынтымақтастыққа өңiрлiк және халықаралық қауiпсiздiк, экономика, әлеуметтiк және мәдени даму салаларында зор мазмұн беруге мүдделi. Бiз өзiмiздің еуропалық серiктестерiмiзге инвестициялық қызмет, iрi халықаралық жобаларды iске асыру, бiздiң елiмiзге озық технологиялар мен бiлiмдi тарту үшiн қолайлы жағдай туғызуымыз керек.

      ЕҚЫҰ-мен осы заман проблемалары мен қыр көрсетулерiн шешу, бейбiтшiлiк пен қауіпсiздіктi, адамның негiзгi бостандықтарын қамтамасыз ету жөнiндегi ынтымақтастықты нығайту орынды болмақ.

      7.5. Көршiлес Орта Азия мемлекеттерiмен ынтымақтастық

      Бiздiң өңiрде ықпалдастық қарқынын төмендетпеудiң маңызы зор. Бiз мәдениетiмiз бен тарихымыздың ортақтығы жақындастырып отырған көршiлес Орта Азия мемлекеттерiмен жан-жақты байланыстарымызды дамыта беруге тиiспiз. Бiздiң сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығымыздың келешегi зор.

      Бiздiң күш-жiгерiмiз бұларды одан әрi дамыта беруге бағытталуы керек.

      7.6. Мұсылман әлемi елдерiмен бiздің қатынастарымызды дамыту

      Бiз үшiн мұсылман әлемi елдерiмен халықаралық ынтымақтастық пен мәдени алмасулар құрылымдарына белсене қатысу мейлiнше табиғи нәрсе. Бiз сондай-ақ ислам және Араб Шығысы елдерiнiң көпшілігiмен өзара тиiмдi және өзара байытатын екiжақты қарым-қатынастарды белсендi дамытып келемiз.

      Халықаралық қоғамдастықта бiздiң елiмiздi мекен ететiн және бiртұтас Қазақстан халқын құрайтын барлық ұлт өкiлдерiнiң толеранттылығын, конфессияаралық және мәдениетаралық келiсiмiн қамтамасыз етуге бағытталған дәйектi саясатымыз қазiрдiң өзiнде кеңiнен танылып отыр. Халқымыз осы заманғы және бәсекеге қабiлеттi зайырлы мемлекеттi белсене орнатып жатыр.

      Мiне, нақ сондықтан да мен қазiрдiң өзiнде мұндай тәжiрибе жинақтаған Қазақстанның халықаралық деңгейдегi мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысу орталықтарының бiрi ретiнде қызмет атқаруға әзiр екенiн тағы да қуаттағым келедi.

      Бiз сияқты өркениеттердiң үнқатысуы аталып жүрген үдерiстi кеңейту және тереңдетуге мүдделi болып отырған мұсылман әлемiнiң бiрқатар елдерiмен бiрлесе отырып, бiз осы заманғы дүние құрылысының көкейкестi проблемалары бойынша Шығыс пен Батыс арасындағы түсiнiстiктi жақындастыруға бағытталған бiрқатар халықаралық бастамалар жасай алар едiк деген ойдамын.

      Қымбатты отандастар!

      Құрметтi депутаттар мен Үкiмет мүшелерi!

      Ханымдар мен мырзалар!

      Маған аса жоғары қолдау көрсетiп, өздерiңiздiң және Отанымыздың тағдырын сенiп тапсырғандарыңыздан берi көп уақыт өте қойған жоқ. Бiз сiздермен көп жағдайда ниеттес болдық, бiр-бiрiмiзге күмәнмен қарамадық. Менiң уәделерiм де ешқашан бос сөз болған емес, ал сiздер маған үнемi үмiт ұялатып, биiк белестерге бастаған шын жүректен қолдау көрсеттiңiздер.

      Мен бүгiн сiздердiң назарларыңызға өзiмiз алдағы уақытта шешетiн мiндеттердi белгiлеп, Қазақстанның бәсекеге қабiлеттi әрi дамыған мемлекеттер қоғамдастығынан орын алуына мүмкiндiк беретiн Стратегияны ұсындым.

      Береке-бiрлiгi мен ынтымағы жарасқан халықтың алмайтын асуы жоқ. Бiз мұны туған Отанымыздың гүлденуi жолындағы қажырлы еңбегiмiз бен ауызбiрлiгiмiз арқылы дәлелдедiк.

      Мен сiздерге сенемiн. Әрқашанда сiздердiң түсiнiстiктерiңiз бен қолдауларыңызға үмiт артамын. Алдағы уақытта да жаңа әрi ауқымды осы бастамаларды қолдайтындарыңызға нық сенемiн.

      Баршаларыңызға табыс тiлеймiн.

      Рахмет.

      Астана, 2006 жылғы 1 наурыз