Мемлекеттiк сатып алу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 1 шілдедегі № 106-VIII ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 29-б. қараңыз.
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңның қолданылу саласы

      Осы Заң тапсырыс берушінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметті орындауына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты қатынастарға қолданылады, оған мыналар қосылмайды:

      1) жеке тұлғалардан еңбек шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер;

      2) кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын жеке тұлғалардан өтеулі қызметтер көрсету шарттары бойынша сатып алынатын көрсетілетін қызметтер;

      3) іссапар шығыстарын жүзеге асыруға байланысты көрсетiлетiн қызметтер;

      4) мемлекеттік тапсырма;

      5) жарналар (салымдар) енгізу, оның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына енгізу;

      6) ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық басқарушы компаниялар, ұлттық компаниялар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және олармен үлестес заңды тұлғалар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі, кейіннен сатып алу құқығымен жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілген заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, оның ведомстволары, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымына кіретін ұйымдар және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі немесе оның сенімгерлік басқаруындағы заңды тұлғалар, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган сатып алатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер;

      7) "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамына кіретін әскери мақсаттағы тауарлар (өнімдер), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар (өнімдер), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтер;

      8) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 2-тармағында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыру үшін екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйым сатып алатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер;

      9) Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдар қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер. Жиынтығында мынадай шарттар сақталған кезде:

      шетелдік банктің шетел валютасында Standard & Poor's агенттігінің "А-"-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің біреуінің ұқсас деңгейдегі рейтингі болса;

      қаржыландырудың елу пайыздан астамын шетелдік банктер жүзеге асырса;

      инвестициялық жобаны іске асыруды мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар жүзеге асырса;

      инвестициялық жобаны іске асыру мемлекеттік кепілдікті талап етпесе және қарыз алушының мүлкіне ауыртпалық салуға алып келмесе, басқа шетелдік банктер толықтай немесе ішінара қаржыландыратын инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу осы банктердің қағидалары
бойынша жүзеге асырылады;

      10) ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары сатып алатын, ғылым саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындаған тәртіппен бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды орындау үшін қажетті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер.

2-бап. Осы Заңның мақсаты мен міндеті

      1. Мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілетін мемлекеттік саясатқа сәйкес мемлекеттік басқарудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуді, мемлекеттің міндеттері мен функцияларын қамтамасыз ету осы Заңның мақсаты болып табылады.

      2. Мемлекеттік сатып алу субъектілері үшін осы Заңда көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары арқылы мемлекеттік қаржыны және бюджетті тиімді басқару бойынша құқықтық негіздер құру осы Заңның міндеті болып табылады.

3-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) анық емес ақпарат – біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша әлеуетті өнім берушінің және (немесе) тартылатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) конкурсқа, аукционға қатысуға арналған өтінімінде және растаушы құжаттарында қамтылған, сол сияқты ұсынылған өтінімде шынайы мазмұнды бұрмалайтын және шындыққа және әлеуетті өнім берушінің
растаушы құжаттарына сай келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;

      2) аукциондық құжаттама – аукционға қатысуға арналған өтінімді дайындау үшін әлеуетті өнім берушіге ұсынылатын құжаттама, онда аукционға қатысуға арналған өтінімге қойылатын талаптар, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттары мен тәртібі қамтылады;

      3) әлеуетті өнім беруші – осы Заңда көзделген жағдайларда мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуға үмiткер кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум), сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға;

      4) әлеуетті өнім берушінiң үлестес тұлғасы – осы әлеуеттi өнiм берушiнiң шешiмдерiн айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешiмдерге, оның iшiнде жазбаша нысанда жасалған мәмiленiң күшiне орай ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзiне қатысты осы әлеуеттi өнiм берушiнiң осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;

      5) бастапқы баға – әлеуетті өнім беруші аукцион өткізілгенге дейін ұсынған, аукционға қатысуға арналған өтінімге қоса берілетін, аукцион нысанасының бөлінген сомасынан бес пайыздан астам төмен бола алмайтын баға;

      6) бiртектi тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер – бiрдей болмаса да, сол бiр функцияларды орындауына мүмкiндiк беретiн ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрамдастардан тұратын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер;

      7) бірыңғай сатып алу платформасы (бұдан әрі – веб-портал) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі, ол мемлекеттiк сатып алудың және "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткiзудiң бірыңғай нүктесiн ұсынады;

      8) жұмыстар – заттық нәтижесi бар қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыстарға жатқызылған өзге де қызмет;

      9) келісу комиссиясы – тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасудан жалтаруы салдарынан мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілердің жолданымдарын қарау үшін құратын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган;

      10) конкурстық баға ұсынысы – конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін әлеуетті өнім беруші ұсынған, конкурсқа қатысуға арналған өтінімге қоса берілетін баға;

      11) конкурстық құжаттама – конкурсқа қатысуға арналған өтінімді дайындау үшін әлеуетті өнім берушіге ұсынылатын құжаттама, онда конкурсқа қатысуға арналған өтінімге қойылатын талаптар, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру шарттары мен тәртібі қамтылады;

      12) көрсетілетін қызметтер – тапсырыс берушінің қажеттіліктерiн қанағаттандыруға бағытталған, заттық нәтижесi жоқ қызмет;

      13) Қазақстан Республикасының резиденттерi – шет мемлекетте тұрақты тұру құқығына сол мемлекеттiң заңнамасына сәйкес берiлген құжаты бар азаматтарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтары, оның iшiнде шетелде уақытша жүрген немесе оның шегiнен тысқары жерлерде мемлекеттiк қызметте жүрген азаматтары;

      Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығына құжаты бар шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, оның аумағында орналасқан заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және оның шегiнен тысқары жерлерде орналасқан олардың филиалдары мен өкiлдiктерi;

      Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерлерде орналасқан дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкiлдiктерi;

      14) мемлекеттік сатып алу – тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толықтай немесе ішінара бюджет қаражаты, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан бөлінген ақша және (немесе) меншікті кірістері есебінен сатып алуы;

      15) мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы (бұдан әрі – бірыңғай ұйымдастырушы) – Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкімдігі немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдігі айқындаған, орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      16) мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі – веб-портал арқылы және онда қамтылған шектелмеген тұлғалар тобының құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мемлекеттік сатып алуды жоспарлау, өткізу, орындау және бақылау туралы ақпарат негізінде "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоғамдық бақылау субъектілері жүзеге асыратын жүйелі түрде жинау, қорыту және талдау процесі;

      17) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы (бұдан әрі – ұйымдастырушы) – осы Заңға сәйкес мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе өзін құрған заңды тұлғаның атынан әрекет ететін құрылымдық бөлімше;

      18) мемлекеттiк сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жалғыз меншiк иесi мемлекет болып табылатын заңды тұлға;

      19) мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – мемлекеттiк сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      20) мемлекеттік сатып алу субъектілері – әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, бірыңғай оператор, уәкілетті орган, сарапшы, сараптама комиссиясы;

      21) мемлекеттiк сатып алу туралы шарт (бұдан әрі – шарт) – уәкілетті орган бекітетін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында веб-портал арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалар арқылы куәландырылған азаматтық-құқықтық шарт;

      22) нұсқама – Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының анықталған бұзушылықтарын және (немесе) оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ осы бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылық шараларын қабылдау үшін бақылау объектілеріне жіберілетін, уәкілетті органның орындалуы міндетті әкімшілік актісі;

      23) орнықты мемлекеттік сатып алу – тапсырыс берушілердің мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны өмірлік циклінің бүкіл мерзімі бойында оңтайлы және тиімді жұмсауды қамтамасыз ету, сондай-ақ дамудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілеріне қол жеткізу мақсатында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      24) өнім беруші – осы Заңда көзделген жағдайларда тапсырыс берушiмен жасасқан шартта оның тарапы ретiнде әрекет ететiн, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, мемлекеттiк мекемелердi қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бiрлестiгi (консорциум), сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет субъектiсi болып табылмайтын жеке тұлға;

      25) сараптама комиссиясы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін сарапшыларды тарта отырып, бірыңғай ұйымдастырушы, ұйымдастырушы не тапсырыс беруші құратын алқалы орган;

      26) сарапшы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы тартатын, өткізілетін мемлекеттік сатып алу саласында тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын арнаулы және (немесе) техникалық танымы, тәжірибесі мен біліктілігі бар жеке тұлға;

      27) тапсырыс берушілер – мүліктік кешендер ретіндегі мемлекеттік кәсіпорындарды, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғаларды және олармен үлестес, кейіннен сатып алу құқығымен жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сенімгерлік басқаруға берілген заңды тұлғаларды қоспағанда, мемлекеттік органдар, мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ мемлекеттiк кәсiпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар;

      28) тауарлар – нәрселер (заттар), оның iшiнде жартылай фабрикаттар немесе қатты, сұйық немесе газ тәрiздес күйдегi шикiзат, электр және жылу энергиясы, зияткерлiк меншік құқығының объектілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сатып алу мен сату мәмiлелерiн жасасуға болатын заттық құқықтар;

      29) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқоры – веб-порталдың бір бөлігі болып табылатын, мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қалыптасқан ең төмен, орташа және ең жоғары бағалар туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық кіші жүйе;

      30) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің анықтамалығы (бұдан әрі – анықтамалық) – уәкілетті орган айқындаған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кодтарының жүйеленген тізбесі;

      31) толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт – жобалау, іздестіру, құрылыс-монтаждау (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, реставрациялау, күрделі жөндеу) жұмыстарын және басқа да жұмыстарды орындауды, сондай-ақ жобалар мен көрсетілетін техникалық қадағалау қызметтеріне ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді қоспағанда, көрсетілген жұмыстарға ілеспе тауарларды беруді және қызметтер көрсетуді қамтитын, объектіні салу және оны пайдалануға беру жөніндегі кешенді жұмыстар нысанасы болып табылатын, шарт;

      32) ұлттық режим – егер мұндай режимді ұсыну туралы талап Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленсе, шетелде шығарылатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге және осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсынатын әлеуетті өнім берушілерге отандық шығарылатын тауарлармен, жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен және осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ұсынатын әлеуетті өнім берушілермен тең шарттарда мемлекеттік сатып алуға қатысуға рұқсат беруді көздейтін режим;

      33) форматтық-логикалық бақылау – веб-порталда орнатылатын, веб-порталды пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалық шектеулер кешені;

      34) электрондық әмиян – әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші бірыңғай оператордың шотына ақша салған кезде оның:

      мемлекеттік сатып алуға қатысуға арналған өтінімдерді қамтамасыз етуге;

      шарттың орындалуын қамтамасыз етуге;

      авансты қамтамасыз етуге (егер шартта аванс көзделсе);

      демпингке қарсы соманы енгізуге байланысты операцияларын көрсету үшін бірыңғай оператор пайдаланатын әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің жеке шоты;

      35) электрондық дүкен – бірыңғай оператор уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын талаптарға сәйкес келетін электрондық сауда алаңдарында орналасқан деректерді агрегациялауды қамтамасыз ететін веб-порталдың кіші жүйесі;

      36) электрондық тауарлар каталогы – мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тауарлардың біріздендірілген сипаттамасын қалыптастыруға арналған веб-порталдың ақпараттық кіші жүйесі.

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің нормаларынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

5-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары

      1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасы мен сапасы арақатынасын қамтамасыз ету арқылы оңтайлы және тиімді жұмсау;

      2) осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

      3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы адал бәсекелестік;

      4) мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы;

      5) отандық тауар өндірушілерге, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық берушілерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға қайшы келмейтін шамада қолдау көрсету;

      6) мемлекеттік сатып алу субъектілерінің жауапкершілігі;

      7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына, мүдделер қақтығысына жол бермеу;

      8) орнықты мемлекеттік сатып алуды дамыту.

      2. Заң ұқсастығын немесе құқық ұқсастығын қолдану процесінде мемлекеттік сатып алу субъектілерінің жаңа міндеттерін белгілеуге немесе құқықтарын шектеуге жол берілмейді.

      3. Қазақстан Республикасының осы Заңға сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілері осы баптың 1-тармағында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарына сәйкес келуге тиіс.

6-бап. Мемлекеттік сатып алу процесі

      1. Мемлекеттік сатып алу процесі мыналарды қамтиды:

      1) мемлекеттік сатып алуды жоспарлау;

      2) өнім берушіні таңдау және онымен шарт жасасу;

      3) шартты орындау.

      2. Тапсырыс беруші тиісті бюджет (даму жоспары), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан бөлінген ақша немесе жеке қаржыландыру жоспары негізінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен және нысанда мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлейді және бекітеді.

      Тапсырыс беруші тиісті бюджет бекітілгенге (нақтыланғанға) дейін тиісті бюджет комиссиясының оң ұсынысы негізінде мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын әзірлеуге және бекітуге құқылы.

      Мемлекеттік кәсіпорындар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар болып табылатын тапсырыс берушілер даму жоспары немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілгенге дейін мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын әзірлеуге және бекітуге құқылы.

      Көрсетілген жағдайларда мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілгенге дейінгі сатыларда да, нақтыланғанға дейінгі сатыларда да жеке әзірленеді және бекітіледі.

      Мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары бекітілгенге (нақтыланғанға) дейін қолданылады.

      Мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында көзделген мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына ауысады.

      Тапсырыс беруші тиісті бюджет (даму жоспары) немесе жеке қаржыландыру жоспары бекітілген (нақтыланған) күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын бекітеді (нақтылайды).

      Осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 3), 6), 22), 23) және 24) тармақшаларына сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) енгізілуге жатпайды.

      3. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) жасаған кезде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді біртекті түрлері және беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге міндетті.

      4. Мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын экономикалық сыныптаманың шарттар жасасу талап етілетін өзіндік ерекшеліктері (шығыстар баптары) бойынша жиынтықта бюджетке (даму жоспарына), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан бөлінген ақшаға немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес келмейтін көлемде бекітуге (нақтылауға) жол берілмейді.

      5. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары) бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, оны веб-порталда орналастыруға міндетті.

      6. Тапсырыс берушілер мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, айына екі реттен асырмай өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге құқылы.

      7. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, енгізілген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды веб-порталда орналастыруға міндетті.

      8. Осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 3), 6), 22), 23) және 24) тармақшаларына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жол берілмейді.

      9. Конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде бірыңғай оператор осы Заңның 15-бабы 5-тармағының талаптарын ескере отырып, мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін әлеуетті өнім берушілердің конкурстық баға ұсыныстарының (бастапқы бағаларының) құпиялылығын қамтамасыз етеді.

      10. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті бюджетті, бюджет жобасын нақтылау (түзету) кезінде болған, бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстар қысқартылған;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның стратегиялық жоспарына, тапсырыс берушінің бюджетіне (даму жоспарына) немесе жеке қаржыландыру жоспарына бекітілген (нақтыланған) мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарында (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарында) көзделген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттігін жоққа шығаратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайларда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудан бас тартуға құқылы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, бюджетті (даму жоспарына сәйкес ақшаны), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан бөлінген ақшаны немесе жеке қаржыландыру жоспарына сәйкес ақшаны басқа тапсырыс берушіге қайта бөлуге, сол сияқты мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарына (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарына) ағымдағы жылы осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.

      11. Тапсырыс беруші не ұйымдастырушы өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғаларды осы баптың 10-тармағында көрсетілген шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы хабардар етуге міндетті.

      12. Мемлекеттік сатып алу процесі, ұйымдастырушыны, бірыңғай ұйымдастырушыны, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға жауапты тұлғаларды айқындау тәртібі, сондай-ақ өзге де шарттар осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      13. Бірыңғай ұйымдастырушылар орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды уәкілетті орган бекітетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі (тізбелері) бойынша, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырады.

7-бап. Мемлекеттік сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер

      1. Әлеуетті өнім беруші, егер:

      1) осы әлеуетті өнім беруші басшыларының, құрылтайшыларының, ірі акционерлерінің және (немесе) осы әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жегжаттары, сондай-ақ құрылтайшының өзі, ірі акционер және олармен үлестес тұлғалар өнім берушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не өткізілетін мемлекеттік сатып алуда тапсырыс берушінің немесе ұйымдастырушының өкілі болып табылса;

      2) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның жұмыскері тапсырыс берушіге не ұйымдастырушыға өткізілетін мемлекеттік сатып алуды дайындау бойынша сараптамалық, консультациялық және (немесе) өзге де жұмыстар, қызметтер көрсетіп жатса және (немесе) көрсеткен болса, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы әзірлеу жөніндегі мемлекеттік сатып алуға техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеушінің қатысуын қоспағанда, мемлекеттік сатып алудың нысанасы құрылыс-монтаждау жұмыстары, техникалық қадағалауды жүзеге асыру және жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтер болып табылатын объектінің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеуге тапсырыс беруші, бас жобалаушы не қосалқы жобалаушы ретінде қатысса, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      Бұл талап толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарттар бойынша жұмыстарға, сондай-ақ халықаралық құрылыс стандарттарына сәйкес іске асырылатын жобаларға қолданылмайды;

      3) мемлекеттiк сатып алуға қатысуға үмiткер әлеуеттi өнiм берушiнің басшысы, құрылтайшысы немесе ірі акционері және олармен үлестес тұлғалар мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiндегі заңды тұлғаларды басқарумен, құрумен, олардың жарғылық капиталына қатысумен байланысты болса;

      4) мемлекеттік сатып алуға қатысуға үміткер әлеуетті өнім берушінің басшысы тапсырыс берушімен үлестес заңды тұлғаларды басқарумен, құрумен, олардың жарғылық капиталына қатысумен байланысты болса;

      5) мемлекеттiк сатып алуға қатысуға үмiткер әлеуеттi өнiм берушiнің басшысы, құрылтайшысы немесе ірі акционері мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiне енгiзiлген, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға болса;

      6) мемлекеттiк сатып алуға қатысуға үмiткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға болып табылатын әлеуетті өнім беруші мемлекеттiк сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiне енгiзiлген әлеуеттi өнiм берушiнің басшысы, құрылтайшысы немесе ірі акционері болса;

      7) әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде тұрса;

      8) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның басшысы (басшылары), құрылтайшысы (құрылтайшылары) немесе ірі акционері бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысты жасаса;

      9) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының), олардың басшысының, құрылтайшысының немесе ірі акционерінің, сондай-ақ олармен үлестес тұлғалардың атқарушылық құжаттар бойынша орындалмаған міндеттемелері болса және оларды атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды және қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізсе, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      Осы талап осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 1), 25) және 26) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілерге қолданылмайды;

      10) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына не Қазақстан Республикасының бейрезидент-әлеуетті өнім берушісі мемлекетінің заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрса;

      11) әлеуетті өнім беруші және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігер (бірлескен орындаушы) және (немесе) олардың басшысы, құрылтайшылары (акционерлері) жаппай жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен енгізілсе;

      12) әлеуетті өнім беруші және (немесе) оның құрылтайшылары (акционерлері) және (немесе) олардың құрылтайшыларының (акционерлерінің) үлестес тұлғалары тіркелген жері салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекітетін жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер (офшор аймақтар) тізбесіне енгізілген мемлекет немесе аумақ болатын заңды тұлғалар болып табылса;

      13) әлеуетті өнім берушіге қатысты бұрын жасалған шарттар бойынша мерзімі өткен және орындалмаған шарттық міндеттемелер бойынша заңды күшіне енген сот шешімі шығарылса, өткiзiлетiн мемлекеттiк сатып алуға қатысуға құқылы емес.

      2. Осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген шектеулер Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасында көзделген сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiнде және (немесе) Ұлттық әл-ауқат қорының сенімсіз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілерінің) тізбесінде тұрған әлеуетті өнім берушілерге де қолданылады.

      3. Әлеуетті өнім берушінің және әлеуетті өнім берушінің үлестес тұлғасының конкурс, аукцион, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде бір лотқа қатысуға құқығы жоқ.

      Құрылыс-монтаждау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстың жеңімпазы деп танылған әлеуетті өнім берушінің және оның үлестес тұлғасының сол бір құрылыс объектісінде инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқығы жоқ.

      Инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстың жеңімпазы деп танылған әлеуетті өнім берушінің және оның үлестес тұлғасының сол бір құрылыс объектісінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқығы жоқ.

      4. Жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын әлеуетті өнім берушілерден кемінде екі өтінім болған жағдайда веб-портал мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар болып табылатын әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін автоматты түрде қабылдамауға тиіс.

      5. Өз мүддесінде мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылатын тапсырыс берушінің осындай сатып алуға әлеуетті өнім беруші ретінде қатысуға құқығы жоқ.

      6. Тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, уәкілетті орган не ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоғамдық бақылау субъектілері мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында осы баптың талаптарын бұзушылықтарды анықтай алады.

      7. Уәкілетті орган не ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган осы баптың талаптарын бұзушылық фактісі анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұл жөнінде:

      1) егер осындай факт шарт жасалғаннан кейін анықталған болса, тапсырыс берушіні;

      2) егер осындай факт шарт жасалғанға дейін анықталған болса, ұйымдастырушыны, бірыңғай ұйымдастырушыны жазбаша хабардар етеді.

      Бұл ретте осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелері хабарламаға қоса берілуге тиіс.

      8. Сақтандыру агенттері мен сақтандыру брокерлері сақтандыру шартын жасасуға байланысты көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі мемлекеттік сатып алуға қатысуға құқылы емес.

8-бап. Мемлекеттік сатып алу саласында қалыптастырылатын тізілімдер

      1. Уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу саласында:

      әлеуетті өнім берушілердің;

      тапсырыс берушілердің;

      шарттардың;

      мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың;

      шағымдардың;

      әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесінің тізілімдерін (бұдан әрі – тізілімдер) қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады.

      Тізілімдерді қалыптастыру және жүргізу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Тапсырыс берушілердің тізілімі өздерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметті орындауы үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға міндетті заңды тұлғалардың тізбесін білдіреді.

      3. Шарттардың тізілімі тапсырыс берушілер тиісті қаржы жылында жасасқан шарттардың тізбесін білдіреді және шарттың нысанасы, сандық және құндық көрсеткіштері, тараптардың шарттық міндеттемелерді орындау нәтижелері туралы мәліметтерді қамтиды.

      Осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 6), 12), 21), 22) және 24) тармақшаларында және 26-бабында көзделген мемлекеттік сатып алудың нәтижелері бойынша жасалған шарттар туралы мәліметтер шарттардың тізіліміне енгізілуге жатпайды.

      4. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі:

      1) анық емес ақпаратты берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің;

      2) жеңімпаз деп айқындалған, шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің;

      3) өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған өнім берушілердің;

      4) өздерімен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өздеріне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мұндай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда тапсырыс беруші шарт бұзылған не шарттың қолданылу мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осындай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын және (немесе) шарттың талаптарын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті, бұған жиынтығында мынадай:

      1) өнім берушінің тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуі;

      2) шарттық міндеттемелерді орындау;

      3) тапсырыс берушіге келтірілген залалдың болмауы талаптарын қанағаттандыратын жағдайлар қосылмайды.

      5. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1), 3) және 4) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде қалыптастырылады.

      Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімін уәкілетті орган тапсырыс берушінің әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырады.

      Әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші соттың осындай шешімін веб-портал арқылы алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу үшін жүгінеді.

      6. Осы баптың 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайда, әлеуетті өнім беруші өзіне осындай тізілімге енгізілгені туралы мәлім болған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті орган айқындаған тәртіппен келісу комиссиясына өзін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы.

      Келісу комиссиясы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушінің жолданымын қарайды және мұндай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау не алып тастаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы шешім қабылданған жағдайда тапсырыс беруші уәкілетті органға жүгінеді.

      Уәкілетті орган келісу комиссиясының шешімін ескере отырып, әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы шешім шығарады.

      Келісу комиссиясының құрамына міндетті түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.

      Уәкілетті орган келісу комиссиясының үлгілік ережесі мен жұмыс тәртібін бекітеді.

      7. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер және (немесе) өнім берушілер соттың оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер уәкілетті орган оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде қамтылған мәліметтер осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетілген тізілімнен алып тасталады.

      8. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы туралы мәліметтерді алып тастауға мыналар негіз болып табылады:

      1) осы баптың 7-тармағының бірінші және екінші бөліктерде белгіленген мерзімдердің өтуі;

      2) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімнің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы;

      3) уәкілетті органның әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастау туралы оның жолданымын келісу комиссиясының қарау қорытындылары бойынша қабылдаған шешімі.

      9. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу туралы шешімге олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады.

      10. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, тізілімдерде қамтылған мәліметтер веб-порталда орналастырылады және төлемақы алынбастан, жалпыға бірдей қолжетімді болуға тиіс.

      11. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 1), 25) және 26) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілер енгізілмейді.

      12. Шағымдардың тізілімі әлеуетті өнім берушілердің және өнім берушілердің веб-портал арқылы берген шағымдарының тізбесін білдіреді және шағымдарды қараудың нәтижелері бойынша қабылданған шешімдер туралы мәліметтерді қамтиды.

      13. Әлеуетті өнім берушілердің тізілімдері, сондай-ақ әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибелері мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерден алынған әлеуетті өнім берушілер туралы мәліметтерді қамтитын және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес веб-порталда қалыптастырылатын электрондық дерекқорды білдіреді.

9-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимді қолдану

      1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде шет мемлекеттерден шығарылатын тауарларға, тиісінше бейрезиденттер-әлеуетті өнім берушілер орындайтын жұмыстарға, көрсететін қызметтерге Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда және шарттарда ұлттық режим қолданылады.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі нарықты қорғау, ұлттық экономиканы дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында екі жылдан аспайтын мерзімге ұлттық режимнен алып қоюды белгілеуге құқылы.

      3. Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

10-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері

      1. Мемлекеттік сатып алу мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:

      1) конкурс;

      2) аукцион;

      3) баға ұсыныстарын сұрату;

      4) бір көзден алу;

      5) электрондық дүкен арқылы.

      2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдері бәсекелестік тәсілдер деп танылады.

      3. Аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу нақты уақыт режимінде веб-порталда жүзеге асырылады, оны өткізуді бірыңғай оператор қамтамасыз етеді.

      Тауар аукцион нысанасы болып табылады.

      Бұл ретте аукцион әлеуетті өнім берушілердің аукционға қатысуға арналған өтінімдері мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен біліктілік талаптарына және аукциондық құжаттама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қаралғаннан кейін бір лотпен өткізіледі.

      4. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу, егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жылдық көлемі құндық мәнде республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мың еселенген мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге өткізіледі. Бұл ретте баға шешуші шарт болып табылады.

      Баға ұсыныстарын сұрату тәсілін қолдану мақсатында біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемін қаржы жылы ішінде біреуінің мөлшері осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделгеннен аз болатын бөліктерге бөлшектеуге жол берілмейді.

      5. Электрондық дүкен арқылы мемлекеттік сатып алу жылдық көлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспайтын біртекті тауарларға өткізіледі.

      Электрондық дүкен арқылы тәсілді қолдану мақсатында біртекті тауарларды мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемін қаржы жылы ішінде біреуінің мөлшері осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделгеннен аз болатын бөліктерге бөлшектеуге жол берілмейді.

      6. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін уәкілетті орган айқындайтын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесін қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін осы Заңға сәйкес айқындайды.

      7. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілін айқындау кезінде осы баптың 1-тармағында көзделген мемлекеттік сатып алудың бәсекелестік тәсілдері басым таңдау болып табылады.

      8. Мемлекеттік сатып алуды осы баптың 1-тармағында көрсетілген тәсілдермен жүзеге асыру тәртібі, олардың негіздері мен түрлері осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      9. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген соманың бір пайыздан үш пайызға дейінгі мөлшерінде енгізіледі.

      10. Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін әлеуетті өнім беруші жеңімпаз болып айқындалған жағдайда шарт жасасатынына және шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, авансты қамтамасыз етуді (бар болса), демпингке қарсы соманы (бар болса) енгізетініне кепілдік ретіндемемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен өтінімді қамтамасыз етуді енгізеді.

11-бап. Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары

      1. Әлеуетті өнім берушілерге және (немесе) тартылатын қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) мынадай біліктілік талаптары қойылады:

      1) құқық қабілеттілігінің (заңды тұлғалар үшін) және азаматтық әрекетке қабілеттілігінің (жеке тұлғалар үшін) болуы;

      2) қаржылық тұрғыдан орнықты болуы және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын салық берешегінің болмауы.

      Әлеуетті өнім берушінің қаржылық орнықтылығын веб-портал мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен кірістер, төленген салықтар, негізгі құралдар, еңбекке ақы төлеу қоры жөніндегі мәліметтер негізінде автоматты түрде айқындайды;

      Қазақстан Республикасының заңдарында салықтарды төлеуден толық немесе ішінара босатылған салық төлеушілер санатына жататын әлеуетті өнім берушілер үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында қаржылық орнықтылықтың қосымша өлшемшарттары белгіленуі мүмкін.

      Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мақсаттары үшін негізгі құралдар мен еңбекке ақы төлеу қоры бойынша көрсеткіштерді қоспағанда, қаржылық орнықтылық көрсеткіштерін біріктіруге жол берілмейді.

      Бұл ретте қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғалар қызметінің негізгі түрі өткен жылдың алдындағы үш жыл ішінде (үздіксіз) экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышы құрылымының бірінші деңгейіне (секциясына) сәйкес келген жағдайда осындай біріктіруге жол беріледі;

      3) банкроттық не таратылу рәсіміне жатқызылмауы;

      4) шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының болуы, сондай-ақ жұмыскерлер алдында жалақы төлеу бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы.

      Жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуда тапсырыс беруші әлеуетті өнім берушіден шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету орны бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шекараларындағы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелген материалдық және еңбек ресурстарының болуын талап етуге құқылы;

      5) жұмыс тәжірибесінің болуы.

      Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мақсаттары үшін жұмыс тәжірибесі мемлекеттік сатып алу шеңберінде орындалған шарттар және олар туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар өзге де шарттар бойынша ғана ескеріледі.

      Заңды тұлғалар қайта ұйымдастырылған жағдайда (қосылу, бірігу) қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғалардың бірінің ең көп жұмыс тәжірибесі ескеріледі.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген, оның ішінде тартылатын қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) қойылатын біліктілік талаптарын белгілеу тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, олар:

      1) әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қатысуын шектейтін және негізсіз күрделендіретін;

      2) шарт бойынша міндеттемелерді орындау қажеттігінен тікелей туындамайтын біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.

      4. Әлеуетті өнім берушінің және (немесе) тартылатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі тапсырыс берушіге, ұйымдастырушыға, бірыңғай ұйымдастырушыға осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тиісті құжаттарды ұсыну арқылы не Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы расталады.

      "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсаттың болуы, қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама жіберу қажет мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған жағдайда тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушілерге және (немесе) тартылатын қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) болуы туралы талапты белгілеуге міндетті.

      Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмаған жағдайда әлеуетті өнім беруші және (немесе) тартылатын қосалқы мердігер (бірлесіп орындаушы) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алынған (жіберілген) тиісті рұқсаттың (хабарламаның) нотариат куәландырған немесе электрондық көшірмесін ұсынады.

      5. Қазақстан Республикасының бейрезидент-әлеуетті өнім берушісі осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына өзінің сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасының резиденттері ұсынатын сол бір құжаттарды не Қазақстан Республикасының бейрезидент-әлеуетті өнім берушісінің біліктілігі туралы ұқсас мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынады.

      6. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алудың жекелеген түрлерін жүзеге асыру жағдайларын, сондай-ақ осы Заңның 26-бабында және 27-бабының 6 және 7-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көзделмеген біліктілік талаптарын белгілеуге жол берілмейді.

      7. Әлеуетті өнім беруші және (немесе) тартылатын қосалқы мердігер (бірлесіп орындаушы) мынадай негіздердің бірі бойынша:

      1) әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерінің (бірлесіп орындаушысының) біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін құжат (құжаттар) ұсынбағанда, сол сияқты мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтер болмағанда;

      2) әлеуетті өнім беруші өзінің сәйкестігін растау үшін ұсынған құжаттарда, сол сияқты мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде қамтылған ақпараттың негізінде біліктілік талаптарына сәйкес келмеу, сондай-ақ ол тартатын жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерінің (бірлесіп орындаушысының) біліктілік талаптарына сәйкес келмеу фактісі анықталғанда;

      3) анық емес ақпарат беру фактісі анықталғанда, біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп танылады.

      8. Әлеуетті өнім берушіні және (немесе) ол тартатын жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерін (бірлесіп орындаушысын) осы баптың 7-тармағында көзделмеген негіздер бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келмейді деп тануға жол берілмейді.

12-бап. Конкурстық құжаттама, аукциондық құжаттама, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпарат

      1. Әлеуетті өнім берушілерге осы Заңның 11-бабында көзделген біліктілік талаптарынан басқа, конкурстық құжаттаманың, аукциондық құжаттаманың талаптары қойылады.

      2. Конкурстық құжаттаманы, аукциондық құжаттаманы, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратты ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың және заңмен қорғалатын өзге де құпияның талаптарын ескере отырып, осы Заңға және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде әзірлейді.

      Конкурстық құжаттамада, аукциондық құжаттамада, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпаратта, егер бұл тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті пайдалануға беру үшін қажет болса, іске қосу-реттеу жұмыстарын орындау туралы талап болуға тиіс.

      3. Конкурстық құжаттама, аукциондық құжаттама, сондай-ақ баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орналастырылатын ақпарат сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге арналған ұлттық стандарттарды, ал олар болмаған жағдайда мемлекетаралық стандарттарды көрсете отырып, техникалық өзіндік ерекшеліктің талаптарын (қысқаша сипаттаманы) қамтуға тиіс. Ұлттық және мемлекетаралық стандарттар болмаған кезде мемлекеттік сатып алуды нормалау ескеріле отырып сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамалары көрсетіледі.

      Бұл ретте техникалық өзіндік ерекшелікте әлеуетті өнім берушілерге қойылатын, берілетін тауарлардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес техникалық регламенттерде, стандарттарда немесе өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сай келетінін растайтын құжаттарды беру туралы талап қамтылуға тиіс.

      4. Конкурстық құжаттамада, аукциондық құжаттамада осы Заңда көзделмеген жағдайларда, әлеуетті өнім берушілер санының шектелуіне алып келетін, оның ішінде мыналарға:

      1) әлеуетті өнім берушілерге кез келген өлшенбейтін сандық және (немесе) әкімшілендірілмейтін талаптар белгілеуге қатысты мемлекеттік сатып алу шарттарын белгілеуге тыйым салынады.

      Сандық немесе статистикалық әдістердің көмегімен дәл бағалауға немесе өлшеуге болмайтын талаптар өлшенбейтін талаптар деп түсініледі.

      Тексеру және (немесе) бақылау мүмкін емес талаптар әкімшілендірілмейтін талаптар деп түсініледі;

      2) тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларға, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесілілігін айқындайтын өзге де сипаттамаларға, мыналарды:

      негізгі (орнатылған) жабдықты, сондай-ақ орнатылған бағдарламалық қамтылымды (лицензиялық бағдарламалық қамтылымды) толық жинақтау, жаңғырту және толық жарақтау;

      тауарды лизингке беру бойынша көрсетілетін қызметтерді берушіні айқындау және қажеттілік туындаған жағдайда лизингтің нысанасын егжей-тегжейлі сипаттау;

      тапсырыс берушінің қолында бар тауарды жөндеу және (немесе) оған техникалық қызмет көрсету;

      егер техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар, кохлеарлық импланттар, дәрілік заттар және мамандандырылған емдік тамақтану өнімдері дәрігерлік консилиумдар қорытындыларының және медициналық-генетикалық қорытындылардың нәтижелері бойынша белгіленген медициналық көрсетілімдері (жеке төзімсіздігі, өмірлік көрсетілімдері бойынша) бар пациенттерге қатысты қолдану үшін сатып алынса, оларды сатып алу үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, нұсқаулардың болуына қатысты мемлекеттік сатып алу шарттарын белгілеуге тыйым салынады.

      5. Орналастырылатын ақпаратта баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларға, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесілігін айқындайтын өзге де сипаттамаларға мыналарды:

      1) негізгі (орнатылған) жабдықты, сондай-ақ орнатылған бағдарламалық қамтылымды (лицензиялық бағдарламалық қамтылымды) толық жинақтау, жаңғырту және толық жарақтау;

      2) тауарды лизингке беру бойынша көрсетілетін қызметтерді берушіні айқындау және қажеттілік туындаған жағдайда лизингтің нысанасын егжей-тегжейлі сипаттау;

      3) тапсырыс берушінің қолында бар тауарды жөндеу және (немесе) оған техникалық қызмет көрсету;

      4) егер техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар, кохлеарлық импланттар, дәрілік заттар және мамандандырылған емдік тамақтану өнімдері дәрігерлік консилиумдар қорытындыларының және медициналық-генетикалық қорытындылардың нәтижелері бойынша белгіленген медициналық көрсетілімдері (жеке төзімсіздігі, өмірлік көрсетілімдері бойынша) бар пациенттерге қатысты қолдану үшін сатып алынса, оларды сатып алу;

      5) нарықта ұсынылған және қолжетімді, құны республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір мың еселенген мөлшерінен аспайтын біртекті тауарларды сатып алу үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, нұсқаулардың болуына жол берілмейді.

      6. Өнім берушіні таңдау біліктілік талаптарына, конкурстық құжаттама, аукциондық құжаттама талаптарына, конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттарға сәйкестігі, веб-портал мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің деректері мен мәліметтері негізінде қалыптастыратын әлеуетті өнім берушілер рейтингі, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім беруші ұсынған баға негізінде жүзеге асырылады.

      Әлеуетті өнім берушіні анықтау тәртібі, сондай-ақ көрсетілген талаптарына сәйкес келеді не сәйкес келмейді деп тану негіздері мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      7. Уәкілетті орган жекелеген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілерге уәкілетті орган бекітетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бойынша қосымша талаптар белгілеуі мүмкін.

      8. Үлгілік конкурстық құжаттамаларды, аукциондық құжаттамаларды уәкілетті орган бекітетін тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түрлерінің тізбесіне сәйкес уәкілетті органмен келісу бойынша тиісті саланың уәкілетті органдары әзірлейді және бекітеді.

13-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезіндегі демпингке қарсы шаралар

      1. Әлеуетті өнім беруші ұсынған, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалатын шекті мәннен төмен болып табылатын баға демпингтік баға деп танылады.

      2. Әлеуетті өнім беруші шарттың орындалуын қамтамасыз етуге қосымша, демпингтік деп танылмайтын, жол берілетін ең төмен бағадан төмендетілген сомаға тең мөлшердегі соманы енгізген кезде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, демпингтік бағалар ұсынуға жол берілмейді.

14-бап. Әлеуетті өнім берушінің, өнім берушінің анық емес ақпарат беруінің салдарлары

      1. Анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізіледі.

      2. Әлеуетті өнім беруші біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша беретін ақпараттың анықтығын уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың кез келген сатысында, оның ішінде тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы ұсынған мәліметтер мен құжаттар негізінде анықтай алады.

      3. Әлеуетті өнім берушінің, өнім берушінің біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпаратты беру фактісін анықтаған уәкілетті орган не мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей бұл жөнінде:

      1) егер мұндай факт мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғаннан кейін анықталған болса, тапсырыс берушіні;

      2) егер мұндай факт мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға дейін анықталған болса, ұйымдастырушыны, бірыңғай ұйымдастырушыны жазбаша хабардар етеді.

      Бұл ретте жазбаша хабарламаға осы фактіні растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.

15-бап. Мемлекеттік сатып алуды өткізілмеді деп танудың негіздері мен салдарлары

      1. Конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай негіздердің бірі бойынша:

      1) конкурсқа, аукционға қатысуға ұсынылған өтінімдер болмаса;

      2) егер конкурсқа, аукционға қатысуға бірде-бір әлеуетті өнім беруші жіберілмесе;

      3) конкурсқа, аукционға қатысуға әлеуетті өнім берушілердің екі және одан көп өтінімі ұсынылған жағдайда, егер конкурсқа, аукционға қатысуға бір әлеуетті өнім беруші жіберілсе, өткізілмеді деп танылады.

      2. Егер конкурсқа, аукционға қатысуға біліктілік талаптарына және (немесе) конкурстық құжаттаманың, аукциондық құжаттаманың талаптарына сай келетін бір өтінім ұсынылса, конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілді деп танылады. Бұл ретте жасалған шарттың бағасы конкурсқа, аукционға қатысуға арналған өтінімде көрсетілген әлеуетті өнім берушінің конкурстық баға ұсынысынан (бастапқы бағасынан) аспауға тиіс.

      3. Егер конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылса, тапсырыс беруші мынадай:

      1) конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;

      2) конкурстық құжаттаманы, аукциондық құжаттаманы өзгерту және конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      4. Конкурс, аукцион тәсілімен қайта мемлекеттік сатып алу осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысуға шақырту жіберілетін әлеуетті өнім берушіні тапсырыс беруші айқындайды және ол біліктілік талаптарына, сондай-ақ конкурстық құжаттама, аукциондық құжаттама талаптарына сәйкес келуге тиіс. Жасалған шарттың бағасы осы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бөлінген сомадан аспауға тиіс.

      5. Осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайларда, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға жол берілмейді. Бұл ретте әлеуетті өнім берушілердің конкурстық баға ұсыныстары (бастапқы бағалары) ашылмайды, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде сұратылмайды.

      6. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде, егер баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушінің бір ғана баға ұсынысы ұсынылған болса, веб-портал мұндай мемлекеттік сатып алуды автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және ұйымдастырушы осы әлеуетті өнім берушіден бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады. Бұл ретте жасалған шарттың бағасы әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысынан аспауға тиіс.

      7. Егер баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушілердің бірде-бір баға ұсынысы ұсынылмаса, веб-портал мұндай мемлекеттік сатып алуды автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және ұйымдастырушы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырады.

      8. Веб-портал әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысын:

      1) егер ол осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан асып түскен;

      2) осы Заңның 7-бабы 1-тармағының 1), 3), 4), 5), 6), 7) және 9) тармақшаларында көзделген;

      3) әлеуетті өнім берушінің электрондық әмиянындағы баға ұсыныстарын сұратуға қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз ету сомасы болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, автоматты түрде қабылдамайды.

      9. Егер веб-портал баға ұсыныстарын осы баптың 8-тармағында көзделген негіздер бойынша автоматты түрде қабылдамағаннан кейін әлеуетті өнім берушілердің екіден аз баға ұсынысы қалған болса, онда мұндай мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылады және ұйымдастырушы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырады.

      10. Мемлекеттік сатып алуды электрондық дүкен арқылы жүзеге асыру кезінде, егер мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған уақыт ішінде тапсырысты әлеуетті өнім берушілердің бірде-бірі растамаса, электрондық дүкен арқылы мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылады.

      11. Электрондық дүкен арқылы мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші мынадай:

      1) электрондық дүкен арқылы мемлекеттік сатып алуды қайтадан өткізу туралы;

      2) мемлекеттік сатып алуды осы Заңның 10-бабының 1-тармағында айқындалған өзге де бәсекелестік тәсілдермен жүзеге асыру туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

16-бап. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру негіздері

      1. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

      2. Өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бiр көзден алу тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу, егер:

      1) осы Заңда көзделген жағдайларда конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайда жүзеге асырылады.

      Осы ереже конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жарамсыз деп танылған жағдайларға қолданылмайды;

      2) осы Заңда көзделген жағдайларда баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған немесе ұйымдастырушы қабылдаған, осы Заңның 15-бабының 7 және 9-тармақтарында көзделген шаралар шарт жасасуға алып келмеген жағдайда жүзеге асырылады.

      3. Шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1) тармақшаның күші 01.01.2026 дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұру кезеңінде болатын редакцияны осы Заңының 29-бабының 2-тармағынан қараңыз.

      1) табиғи монополиялар салаларына жататын көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      2) сатып алынатын тауарларға, көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтарға ие тұлғадан зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу.

      Мұндай сатып алуға монополияға қарсы органның ұқсас тауарлар жасауды және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқ екендігі туралы қорытындысы болған кезде жол беріледі;

      3) мыналарды:

      дағдарыстық ахуалдарды, төтенше ахуалдардың немесе төтенше жағдайлардың салдарларын болғызбау, оқшаулау және (немесе) жою;

      Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет немесе жаңадан анықталған, жануарлардың аса қауіпті, экзотикалық ауруларын, карантинді объектілерді, бөтен текті түрлерді оқшаулау және (немесе) жою;

      жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша карантинді аймақтарда және қолайсыз пункттерде, карантинді объектілердің таралу ошақтарында іс-шаралар, шұғыл фитосанитариялық іс-шаралар жүргізу;

      электр энергетикасы объектілеріндегі, тіршілікті қамтамасыз ететін коммуникация жүйелеріндегі, теміржол, әуе, автомобиль, су көлігі объектілеріндегі, тазарту құрылысжайларындағы, мұнай құбыржолдарындағы, газ құбыржолдарындағы технологиялық бұзылуларды жою, жедел медициналық араласу үшін, сондай-ақ коммуникациялардың, механизмдердің, агрегаттардың, қосалқы бөлшектердің және материалдардың жүру жолында дереу қалпына келтіруді талап ететін сынуы, істен шығуы туындаған кезде қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      4) саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ахуал туындаған жағдайларда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және (немесе) жергілікті атқарушы органның резервінен бөлінген ақша есебінен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      5) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      6) жедел есепке алу ісі бойынша жедел-іздестіру қызметін, барлау, қарсы барлау қызметін жүзеге асыру, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыру, халықаралық сұрау салуды орындау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары өздеріне қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардың және дауыс беретін акцияларының бір жүз пайызы мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың:

      жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға құпия түрде жәрдем көрсетуге келісім берген адамдар көрсететін қызметтерді;

      қызметтік үй-жайларды, көлік құралдары мен өзге де техникалық құралдарды, ақпараттық жүйелерді, мүлікті, сондай-ақ оларды күтіп ұстау, оларға қызмет көрсету және техникалық қолдау бойынша көрсетілетін қызметтерді;

      астыртын ұйымдар мен объектілерді құру және күтіп ұстау үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

      қажетті ғылыми-техникалық немесе өзге де арнаулы танымдары бар лауазымды адамдар, аудармашылар, сарапшылар мен мамандар көрсететін қызметтерді сатып алуы.

      Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың штаттағы жасырын қызметкерлерінің қызметін қамтамасыз ету үшін жедел есепке алу ісі шеңберінен тыс осы тармақшада көрсетілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жол беріледі;

      7) терроризмнің, экстремизмнің алдын алу, жолын кесу және оларға қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органдардың сатып алуы;

      8) өзге де сақтандыру түрлерін қоспағанда, медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жөнінде көрсетілетін қызметті қоса алғанда, халықаралық рейтингтік агенттіктер көрсететін қызметтерді, қаржылық көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      9) зағип және көзі нашар көретін азаматтар үшін мамандандырылған кiтапханалар көрсететін қызметтерді сатып алу;

      10) мемлекеттік және ведомстволық наградаларды және олардың құжаттарын, Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының омырауға тағатын белгісін және оның құжатын, мемлекеттік салыстырып тексеру таңбаларын, Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттарын (оның ішінде қызметтік және дипломатиялық), жеке куәліктерін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктерді дайындау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өнім берушілерден Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша арнаулы дәрежеде қорғауды талап ететін баспа өнімін сатып алу;

      11) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      12) мемлекеттер, мемлекеттердiң үкiметтерi, халықаралық және мемлекеттiк ұйымдар, қызметi қайырымдылық және халықаралық сипаттағы шетелдiк үкiметтiк емес қоғамдық ұйымдар мен қорлар өтеусiз негiзде Қазақстан Республикасының Үкiметiне беретін грант ақшаларын, сондай-ақ оларды беру туралы келiсiмдерде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алудың өзге рәсiмдерi көзделген жағдайларда осы гранттарды қоса қаржыландыруға бөлiнетін ақшаны пайдалануға байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi сатып алу;

      13) жұмыскерлерді шетелде даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      14) Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелде емдеу бойынша көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ оларды тасымалдау және олармен бірге еріп жүру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      15) мыналардың:

      Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің, тапсырыс берушілердің атынан әрекет ететін олардың оқшауланған бөлімшелерінің шет мемлекеттің аумағында өз қызметін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ бітімгершілік операциялар мақсаттары үшін;

      дамуға ресми көмек саласындағы оператордың әріптес елдің аумағында дамуға ресми көмек жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      16) өкілдік ету шығыстарына байланысты тауарларды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      17) халықаралық және (немесе) шетелдік ақпараттық ұйымдардың ақпарат беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерін сатып алу;

      18) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдендірілген көлемінде көзделген арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер мен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді бағалау және оларға деген қажеттілікті айқындау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      19) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындары өндіретін тауарларды, орындайтын жұмыстарды, көрсететін қызметтерді сатып алу. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі мен көлемін, сондай-ақ мұндай тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынатын қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелері мемлекеттік кәсіпорындарының тізбесін уәкілетті органмен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесін басқаратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы бекітеді.

      Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелері мемлекеттік кәсіпорындарының сотталғандарды жұмысқа орналастыру мақсатында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіру үшін шикізатты, материалдар мен жиынтықтаушы бұйымдарды сатып алуы заңды тұлғалармен жасасқан шарттар негізінде жүзеге асырылады.

      Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелері мемлекеттік кәсіпорындарының сотталғандарды және (немесе) жаза мерзімін өтегендерді не пробация қызметінде есепте тұрғандарды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған шарттарда қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) жұмысқа орналастыруы мақсатында тапсырыс берушімен жасалған шарт шеңберінде орындалатын жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер көлемінің үштен бірінен аспайтын көлемде тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету бойынша қосалқы мердігерлерді (бірлесіп орындаушыларды) тартуына жол беріледі;

      20) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органның өзі оларға қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардан осындай мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің негізгі нысанасы бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      21) Қазақстан Республикасының Президентін, өзге де күзетілетін адамдарды және күзетілетін адамдардың болуына арналған объектілерді күзетуді және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету (оның ішінде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысу) үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің бейнеархивін қалыптастыру және қызметіне ақпараттық қызмет көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      22) Қазақстан Республикасы Президентінің және өзге де күзетілетін адамдардың қызметін қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының Президенті мен өзге де күзетілетін адамдарға қызмет көрсетуге арналған мемлекеттік резиденцияларды, автомобиль көлік құралдары мен әуе кемелерін күтіп ұстау, оларға қызмет көрсету және олардың жұмыс істеуі үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің және өзге де күзетілетін адамдардың қатысуымен іс-шаралар өткізу үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      23) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік орган не оның ведомствосы оларға қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардың, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      24) төреліктерде, шетелдік төреліктерде, шет мемлекеттік және сот органдарында, сондай-ақ дауларды төрелікте (сотта) реттегенге дейінгі процесте талқылаулардың перспективаларын бағалау, мемлекеттің не тапсырыс берушілердің мүдделерін қорғау және білдіру жөніндегі консультациялық және заңдық көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      25) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тұлғадан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      26) монополияға қарсы органның ұқсас тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқ екендігі туралы қорытындысы болған кезде мемлекеттік органның тиісті өздерінің өкілеттіктері, оның ішінде мемлекеттік органның өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында белгіленген, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызы мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардан, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден және өзі оларға қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы.

      Монополияға қарсы органның ұқсас тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқ екендігі туралы қорытындысының болуы жөніндегі талап ұлттық қауіпсіздік органдарының, сайлау комиссияларының қызметін қамтамасыз ететін ұйымдардан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды;

      27) ғарышкерлерді даярлау және ғарышкерлердің ғарышқа ұшуын жүзеге асыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ мамандандырылған авиациялық өндірушілер мен кәсіпорындардан авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      28) егер біртекті тауарлардың құндық мәндегі жылдық көлемі айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспаса, осындай біртекті тауарларды, егер біртекті жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі айлық есептік көрсеткіштің бес жүз еселенген мөлшерінен аспаса, осындай жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді, ал аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары үшін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспаса, сатып алу;

      29) оқушыларды, студенттерді, аспиранттарды шығармашылық сайыстарға (конкурстарға, олимпиадаларға, фестивальдарға, ойындарға), көрмелерге, конференцияларға, форумдарға, шеберлік сыныптарға, тағылымдамаларға қатысу, оқу-практикалық тапсырмаларды орындау үшін жіберуге байланысты көрсетілетін қызметтерді, көрсетілген іс-шаралар өтетін жерге бару және кері қайту жолын, тұрғын үй-жай жалдауды, көліктік қызмет көрсетуді, тамақпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, сатып алу;

      30) мемлекеттік музей, кітапхана, архив қорларын, кино-, фотоқорды және өзге де осыған ұқсас қорларды толықтыруға арналған тарихи, көркемдік немесе өзге де мәдени маңызы бар мәдени құндылықтар болып табылатын тауарларды, оның ішінде музей заттары мен музей коллекцияларын, сондай-ақ көшірмелерін қоса алғанда, сирек кездесетін және құнды басылымдарды, қолжазбаларды, архив құжаттарын сатып алу;

      31) монополияға қарсы органның тиісті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді бәсекелестік негізде сатып алудың өзге мүмкіндігінің жоқ екендігі туралы қорытындысы болған кезде көрмелердің, семинарлардың, конференциялардың, кеңестердің, форумдардың, симпозиумдардың, тренингтердің материалдарын сатып алу, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларға қатысқаны үшін ақы төлеу;

      32) мәдениет ұйымының, мәдениет саласындағы білім беру ұйымының, телерадио хабарларын тарату операторының сахналық көрсетілімдерді жүзеге асыру, өнер туындыларын көпшілік алдында орындау мен көрсету және мәдени құндылықтарды көрсету үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      33) зоопаркке, театрға, кинотеатрға, концертке, циркке, музейге, көрмеге және спорттық іс-шараға баруға тапсырысты орналастыру;

      34) күрделі құрылыс объектілерінің жобалау құжаттамасын әзірлеуді авторлық қадағалау, тиісті авторлардың күрделі құрылыс объектілерін салуды, реконструкциялауды және күрделі жөндеуді авторлық қадағалау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ жобалау алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген тұлғадан осы жобалау алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманы түзету жөніндегі жұмыстарды сатып алу;

      35) егер мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға және шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге күн сайынғы және (немесе) апта сайынғы қажеттіліктерді мемлекеттік сатып алу тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі ішіндегі, бірақ екі айдан аспайтын мерзімдегі қажеттілігін қамтамасыз етуге қажетті осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу көлемінен аспайтын көлемде, уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша жүзеге асырылатын жағдайда, осындай мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға қажеттілік болса.

      Осы тармақша өнім беруші алдыңғы жылы жасалған шарттың қолданысын ұзартудан бас тартқан жағдайда, егер мұндай мемлекеттік сатып алу жылдың бірінші айы ішінде жүзеге асырылатын болса немесе тапсырыс беруші ағымдағы қаржы жылы ішінде құрылған (қайта ұйымдастырылған) жағдайда, бірақ екі айдан асырылмай қолданылады;

      36) Қазақстан Республикасының ұлттық және құрама спорт командаларының қатысуы және (немесе) даярлығы үшін, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен күнтізбелік жоспар негізінде Қазақстан Республикасының ұлттық және құрама спорт командаларының олимпиадалық, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық ойындарға және басқа да халықаралық спорттық іс-шараларға қатысуы үшін қажетті спорттық мүкәммалды және жабдықтарды (жарақтарды), спорт керек-жарақтарын сатып алу;

      37) қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары, сондай-ақ құқық тәртібін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік құпияларға жатқызылған ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары болып табылатын байланыс қызметтерін, тауарларды сатып алу;

      38) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес актіде айқындалған тұрғын емес мақсаттағы ғимаратты, құрылысты, құрылысжайды, үй-жайды жалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу, жалға алынатын тұрғын емес мақсаттағы ғимаратты, құрылысты, құрылысжайды, үй-жайды техникалық күтіп ұстау, күзету және оған қызмет көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу, егер тапсырыс берушіге өтеусіз пайдалануға және (немесе) жедел басқаруға берілген тұрғын емес үй-жайлар орналасқан ғимараттағы тұрғын емес үй-жайларды пайдаланатын басқа тұлғаға немесе тұлғаларға осындай қызметтер көрсетілетін болса, тапсырыс берушіге өтеусіз пайдалануға және (немесе) жедел басқаруға берілген тұрғын емес бір немесе бірнеше үй-жайды техникалық күтіп ұстау (оның ішінде аса маңызды мемлекеттік объектілерге жататын ғимараттарда орналасқан мемлекеттік органдардың), күзету және оларға қызмет көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      39) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктерінен инватакси көрсететін қызметтерді сатып алу.

      Шарттың жобасы мемлекеттік сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде:

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 394-бабы бірінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген барлық шартқа;

      Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктеріне тиесілігіне сәйкестігі тұрғысынан тексеруден өткен Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктеріне жіберіледі;

      40) мемлекеттік органдардың арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды табуға және зарарсыздандыруға, терроризмге қарсы операцияларды, сондай-ақ кепілге алынған адамдарды босату, қарулы қылмыскерлерді, экстремистерді, террористерді, ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелерін, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарды ұстап алу және залалсыздандыру жөніндегі арнайы операцияларды жүргізуге байланысты қызметін қамтамасыз етуге қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      41) Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі (тапсырмасы) бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тұлғадан Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жалпыелдік маңызы бар аса маңызды объектілер мен жобаларды іске асыруға бағытталған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      42) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 295-2-бабына сәйкес инвестициялар туралы келісім жасасқан заңды тұлғадан тауарларды сатып алу;

      43) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалатын офтейк-келісімшарттардың нысанасы болып табылатын тауарларды сатып алу.

      4. Шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен, оның ішінде форматтық-логикалық бақылау ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      5. Шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді тапсырыс берушінің бірінші басшысы не оның міндетін атқаратын адам не орталық мемлекеттік органның аппарат басшысы немесе аппарат басшысының өкілеттіктерін жүзеге асыратын өзге лауазымды адам қабылдайды.

      6. Шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 5-бабы 1-тармағының 1), 4), 6) және 7) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттары сақтала отырып жүзеге асырылады.

      Шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған адам жоғарыда көрсетілген қағидаттардың сақталуына дербес жауапты болады.

17-бап. Шартты жасасу және орындау

      1. Шартты жасасу және орындау осы Заңға, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Шарттардың жобалары уәкілетті орган бекітетін үлгілік шарттарға сәйкес жасалады.

      Уәкілетті орган тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлері бойынша үлгілік шарттарды бекітуі мүмкін.

      Қазақстан Республикасының бейрезидентімен шарт жасасу жағдайында, шартты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, ол ұсынатын нысанда, қағаз жеткізгіште ресімдеуге жол беріледі.

      Осы Заңның 16-бабының 3-тармағына сәйкес жасалған шарттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, өзге де нысанда жасалуы мүмкін.

      3. Шарт бір қаржы жылына арналған мерзімге жасалады.

      Келесі жылдарға арналған бекітілген (нақтыланған) бюджетте (даму жоспарында) тиісті қаржыландыру болған кезде бір қаржы жылынан астам мерзімге шарт жасасуға жол беріледі.

      4. Шарт тапсырыс беруші мен өнім беруші қол қойғаннан кейін күшіне енеді. Егер шарт тіркелуге жататын болса, ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелгенінен кейін күшіне енеді.

      5. Егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгіленген мерзімдерде тапсырыс берушіге қол қойылған шартты ұсынбаса немесе шартты жасасып, шартты орындауды қамтамасыз етуді және (немесе) демпингке қарсы соманы (бар болса) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші шарт жасасудан жалтарған болып танылады.

      6. Шарт осы шарт бойынша міндеттемелер орындалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде тауарларды бергені, жұмыстарды орындағаны не қызметтер көрсеткені үшін толық төлем жасау туралы талаптарды қамтуға тиіс.

      Бұл ретте шарт бойынша тауарларды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің ең аз мерзімі тауарды беруге, оның ішінде оны дайындауға (өндіруге), жеткізуге, жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге кеткен мерзімнен кем болмауға, бірақ кемінде күнтізбелік он бес күн болуға тиіс.

      7. Шарт тараптарына қатысты шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік көзделуге тиіс.

      8. Өнім беруші жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) беретін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шекті көлемдері жиынтығында орындалатын жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінің отыз пайызынан аспауға тиіс.

      Бұл ретте қосалқы мердігерлердің (бірлесіп орындаушылардың) өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету көлемдерін өзге қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) беруіне тыйым салынады.

      9. Тапсырыс беруші мен өнім беруші көрсетілген шарт бойынша қабылданған міндеттемелерді толық орындаған жағдайда шарт орындалды деп есептеледі.

      Өнім беруші шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда, тапсырыс беруші:

      1) осындай өнім берушіні осы Заңда айқындалған тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу;

      2) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) өндіріп алу жөнінде шаралар қабылдайды.

      10. Шартты жасасу, оның ішінде шарттың орындалуын қамтамасыз етулерді (авансты қамтамасыз етуді, демпингке қарсы соманы) енгізу тәртібі, олардың түрлері мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      Бұл ретте мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған жағдайларда, шарттың орындалуын қамтамасыз ету мөлшері шарттың жалпы сомасының үштен беске дейінгі пайызын құрайды.

      Егер шартта аванс төлеу көзделсе, өнім беруші шарттың орындалуын қамтамасыз етуге қосымша авансқа тең мөлшерде авансты қамтамасыз етуді енгізеді.

18-бап. Шарттың жобасына, жасалған шартқа өзгерістер енгізу, сондай-ақ шартты бұзу жөніндегі негіздер

      1. Өнiм берушiнi таңдауға негiз болған сапаның және басқа да шарттардың өзгермеуі талабымен шарттың жобасына өзгерiстер енгiзуге мынадай өзара байланысты талаптар сақталған кезде:

      1) конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, тараптардың бірі шарттың жобасына өзгерістер енгізуге бастамашы болса;

      2) шарт жобасының сомасын азайту бөлігінде өзгеріс енгізуге жол берілсе;

      3) шарт жобасының сомасын азайту бөлігінде өзгеріс енгізу туралы шешім тараптардың өзара келісуі бойынша қабылданса;

      4) егер жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім беруші шарт жасасудан жалтарса, екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге жіберілетін шарттың орындалу мерзімін бес жұмыс күніне ұлғайту бөлігінде шарттың жобасына өзгеріс енгізілсе, жол беріледі.

      Осы тармақта көзделген талаптарды сақтамай, шарттың жобасына өзгеріс енгізуге жол берілмейді.

      2. Жасалған шартқа өнім берушіні таңдауға негіз болған сапаның және басқа да шарттардың өзгермеуі талабымен:

      1) тараптардың өзара келiсуі бойынша тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаны және тиiсiнше шарттың сомасын азайту бөлiгiнде;

      2) егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізілсе және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен осындай өзгеріс сомасына қосымша ақша бөлу туралы шешім қабылданса, шарттың сомасын ұлғайту бөлігінде;

      3) сатып алынатын тауарлардың, осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жұмыстарды қоспағанда, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жасалған шартында көрсетілген тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігі үшін бағаның өзгермеуі талабымен осы тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көлеміне қажеттіліктің азаюына не ұлғаюына байланысты шарттың сомасын азайту не ұлғайту бөлігінде өзгеріс енгізуге жол беріледі. Көрсетілетін көлік қызметтерін, көрсетілетін байланыс қызметтерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тамақтануын ұйымдастыруға байланысты тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, жасалған шартты осындай өзгертуге осы мемлекеттік сатып алу бойынша қалыптасқан үнемдеу шегінде жол беріледі;

      4) егер өнім беруші өзімен жасалған шартты орындау процесінде тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бір бірлігі үшін бағаның өзгермеуі талабымен өзімен жасалған шарттың нысанасы болып табылатын тауарды берудің, жұмысты орындаудың, қызметті көрсетудің неғұрлым үздік сапалық және (немесе) техникалық сипаттамаларын не мерзімдерін және (немесе) талаптарын ұсынса;

      5) Қазақстан Республикасының салық, кеден және өзге де заңнамасының өзгеруiнен туындаған, аяқталу мерзiмi келесi (кейiнгi) қаржы жылындағы (жылдарындағы) жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге арналған шарттың сомасын азайту немесе ұлғайту бөлiгiнде;

      6) аяқталу мерзiмi келесi (кейiнгi) қаржы жылындағы (жылдарындағы) жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету туралы шарттың сомасын азайту бөлiгiнде;

      7) жасалған шарт сомасының өзгермеуі талабымен жылдар бойынша қаржыландыру өзгертілген жағдайда, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету туралы шарттар бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдерін өзгерту бөлiгiнде;

      8) тапсырыс берушінің және (немесе) өнім берушінің лауазымды адамына қатысты шарттың орындалуына байланысты қылмыстық іс қозғалған жағдайда, жұмыстарды орындау туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өзгерту бөлігінде;

      9) егер өнім беруші берілетін тауардың өндірушісі болып табылса, тауарды беру туралы шарттың орындалу мерзімін өзгерту бөлігінде өзгеріс енгізуге жол беріледі. Жасалған шартты осылай өзгертуге ағымдағы қаржы жылы шегінде өнім берушінің хабарламасы бойынша он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге жол беріледі;

      10) төтенше жағдайдың не карантиндік шектеулердің енгізілуіне байланысты шарттың орындалу мерзімдерін өзгерту бөлігінде өзгеріс енгізуге жол беріледі. Жасалған шартты осылай өзгертуге өнім берушінің хабарламасы бойынша ағымдағы қаржы жылы шегінде жол беріледі;

      11) өнім беруші ақшалай талапты басқаға беріп қаржыландыру (факторинг) шартын жасасқан кезде ақша алушының деректемелерін (банктік шоттарын) өзгерту бөлігінде;

      12) тапсырыс берушінің үздіксіз қызметін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша күн сайынғы немесе апта сайынғы қажеттілік шартының қолданысын конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары шығарылғанға және шарт күшіне енгенге дейінгі, бірақ екі айдан аспайтын кезеңге ұзарту бөлігінде өзгеріс енгізуге жол беріледі. Жасалған шартты осылай өзгертуге мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі ішінде, бірақ екі айдан аспайтын мерзімде тапсырыс берушінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу көлемінен аспайтын көлемде жол беріледі;

      13) шарт нысанасында қаржыландыру көзін, бюджет шығыстарының бюджеттік сыныптамасының (өзіндік ерекшелік) кодтарын өзгерту бөлігінде (мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер үшін);

      14) тұрақсыздық айыбын, айыппұлды, өсімпұлды ұстап қалуға (өндіріп алуға) байланысты шарт сомасын азайту бөлігінде;

      15) тапсырыс берушінің және (немесе) өнім берушінің деректемелерін (банктік шоттарын) өзгерту бөлігінде;

      16) табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен тарифтердің (бағалардың) өзгеруіне байланысты шарт сомасын өзгерту бөлігінде;

      17) өнім берушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қоюға немесе өнім берушіні тіркеу есебінен шығаруға байланысты шарт сомасын өзгерту бөлігінде;

      18) өнім берушінің еңсерілмейтін күш салдарынан өз міндеттемелерін орындауы мүмкін болмауына байланысты, оның ішінде тапсырыс берушінің жұмыстарды орындау орнын пайдалануға тыйым салуына не шартта жоспарланбаған сынақтар және (немесе) сараптамалар жүргізуге байланысты жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету туралы шарттар бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдерін өзгерту бөлігінде өзгеріс енгізуге жол беріледі.

      3. Шарт жобасына не жасалған шартқа осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделмеген өзге де негіздер бойынша өткізілетін (өткізілген) мемлекеттік сатып алу талаптарының және (немесе) өнім берушіні таңдауға негіз болған ұсыныстың мазмұнын өзгертетін өзгерістер енгізуге жол берілмейді.

      4. Шарттың қолданылу мерзімі өткенге дейін:

      1) өнім беруші жасалған шарт бойынша өз міндеттемелерін орындаудан бас тартқан жағдайда, тапсырыс берушінің біржақты тәртіппен;

      2) өнім беруші шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда, тапсырыс берушінің біржақты тәртіппен;

      3) өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінім бермеген жұмыстарды орындау жөніндегі қосалқы мердігерлерді (қызметтер көрсету жөніндегі бірлесіп орындаушыларды) тартқан жағдайда, сондай-ақ осы Заңның 17-бабының 8-тармағында белгіленген көлемнен асатын көлемде жұмыстарды (көрсетілетін қызметтерді) жұмыстарды орындау жөніндегі қосалқы мердігерге (қызметтерді көрсету жөніндегі бірлесіп орындаушыға) берген кезде, тапсырыс берушінің біржақты тәртіппен;

      4) қайта ұйымдастыруды қоспағанда, заңды тұлға болып табылатын тапсырыс беруші немесе өнім беруші таратылған не банкрот болған не жеке тұлға болып табылатын өнім беруші қайтыс болған жағдайда;

      5) өнім беруші шарт бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін қажетті құқық қабілеттілігін жоғалтқан, өнім беруші қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) жағдайда, тапсырыс берушінің біржақты тәртіппен;

      6) шарт жасауға негіз болған сатып алуға қатысты осы Заңның 7-бабында көзделген шектеулердің бұзылуы анықталған жағдайда, тапсырыс берушінің біржақты тәртіппен;

      7) ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде өнім берушіге осы Заңда көзделмеген жәрдем көрсеткені анықталған жағдайда, тапсырыс берушінің біржақты тәртіппен;

      8) шартты одан әрі орындау орынсыз болған жағдайда, осы орынсыздықтың себептерін егжей-тегжейлі негіздей отырып, тараптардың келісімі бойынша;

      9) өнім беруші шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу мерзімі өткенге дейін өз міндеттемелерін орындаған жағдайды қоспағанда, өнім беруші мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген мерзімдерде шарттың орындалуын қамтамасыз етуді (авансты қамтамасыз етуді, демпингке қарсы соманы) енгізбеген жағдайда, тапсырыс берушінің біржақты тәртіппен;

      10) заңды күшіне енген, орындалуы шартты бұзуды талап ететін сот актісі бойынша, шартты бұзуына жол беріледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген шартты бұзу негіздері тапсырыс берушінің құқығы болып табылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделмеген негіздер бойынша шартты бұзуға жол берілмейді.

19-бап. Толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт

      1. Толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт объектілерді салу үшін жасалуы мүмкін, олардың тізбесін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары бекітеді.

      2. Толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шартты жасасу мақсатында тапсырыс беруші конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады.

      3. Пайдалануға берілген күрделі құрылыс объектісі толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт бойынша орындалған жұмыстың нәтижесі болып табылады.

      4. Толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шартты жасаудың және іске асырудың өзге де ерекшеліктері осы Заңда, мемлекеттік сатып алу қағидаларында және шарттың ережелерінде айқындалады.

3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ЖҮЗЕГЕ

АСЫРУДЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

20-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және оларды жүзеге асыруды ұйымдастырады;

      2) өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

21-бап. Уәкілетті органның құзыреті

      Уәкілетті орган:

      1) мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады және оның жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

      2) мемлекеттік сатып алу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

22-бап. Бірыңғай оператордың өкілеттіктері

      Бірыңғай оператор:

      1) веб-порталды дамытуды, қолдап отыруды және оларға жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;

      2) веб-порталды дамыту бойынша жобаларды басқаруды жүзеге асырады, сондай-ақ уәкілетті органмен келісу бойынша веб-порталдың талаптарын айқындайды және ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;

      3) әлеуетті өнім берушілерге веб-порталды пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша ақылы негізде қызметтер көрсетеді. Әлеуетті өнім берушілердің веб-порталды пайдалануы (оған қол жеткізуі) бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасын бірыңғай оператор уәкілетті органмен келісу бойынша белгілейді.

      Бұл ретте веб-порталды пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасы бірыңғай оператордың өкілеттіктерін жүзеге асыруға бірыңғай оператор шеккен шығындардың толық өтелуін қамтамасыз етуге тиіс;

      4) мемлекеттік сатып алу субъектілеріне веб-порталдың жұмыс істеуі мәселелері бойынша өтеусіз негізде консультациялық көмек көрсетеді;

      5) мемлекеттік сатып алу субъектілерінің веб-порталда орналастырылған электрондық ақпараттық ресурстарын сақтаудың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      6) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес веб-порталды ақпараттық толықтыруды жүзеге асырады;

      7) уәкілетті субъектілермен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды интеграциялау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;

      8) әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің электрондық әмиянындағы ақшаны енгізу және қайтару процесін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған тәртіппен, веб-порталдың құралдарын пайдалана отырып, операциялық қолдап отыруды қамтамасыз етеді;

      9) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен веб-порталды пайдалану қағидаларына сәйкес веб-портал арқылы электрондық қызметтер көрсетеді;

      10) анықтамалықты ендіре отырып, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың дерекқорын ендіруді және қолдап отыруды жүзеге асырады;

      11) әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілердің ақшасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында электрондық әмиян пайдаланылып жүзеге асырылатын операциялар бойынша ақшаны уәкілетті орган айқындаған тәртіппен бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған өз шотына орналастырады;

      12) электрондық тауарлар каталогын қалыптастыру тәртібін айқындайды.

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ӨТКІЗУДІ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ МОНИТОРИНГТЕУ. ШАҒЫМ ЖАСАУ

23-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылау

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды уәкілетті орган осы Заңға және "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.

      2. Бақылау объектілері:

      1) тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, сараптама комиссиясы, сарапшы;

      2) өткізілетін мемлекеттік сатып алу нысанасы шегінде әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, сондай-ақ олар жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлер не қызметтер көрсету бойынша бірлесіп орындаушылар ретінде тартатын тұлғалар;

      3) бірыңғай оператор.

      3. Уәкілетті орган бақылауды мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:

      1) әлеуетті өнім беруші, конкурсқа не аукционға қатысушы, өнім беруші не олардың уәкілетті өкілі тапсырыс берушінің, ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының, сараптама комиссиясының, сарапшының, бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасап жазбаша жолданым не жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданым бергенде;

      2) құқық қорғау органдарының қаулылары келіп түскен кезде;

      3) тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесі арқылы алынған ақпаратты талдау нәтижелері бойынша жүзеге асырады.

      4. Уәкілетті орган бақылау іс-шараларын, оның ішінде камералдық бақылауды жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғанын анықтаған кезде мынадай шаралар қабылдайды:

      1) бақылау объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама, хабарлама жібереді;

      2) міндеттемелері тиісті түрде орындалған шарттарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұза отырып жасалған, күшіне енген шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінеді.

      5. Бақылау іс-шараларын жүргізу нәтижесінде бақылау объектісінің құрамында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар әрекет жасау (әрекетсіздігі) фактісі анықталған кезде, уәкілетті орган мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары осындай факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аталған әрекеттің (әрекетсіздіктің) жасалғаны туралы ақпаратты және осындай фактіні растайтын құжаттарды құқық қорғау органдарына беруге міндетті.

      6. Уәкілетті орган мен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

24-бап. Мемлекеттік сатып алудың мониторингі

      1. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы ақпаратты жинауды, қорытуды, талдауды, жүйелеуді және бағалауды жүзеге асыру мақсатында уәкілетті орган веб-портал арқылы және онда қамтылған ақпараттың негізінде мемлекеттік сатып алудың мониторингін жүргізеді.

      2. Қоғамдық бақылау субъектілері веб-портал арқылы және онда қамтылған ақпараттың негізінде "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қоғамдық мониторинг жүргізе алады.

25-бап. Тапсырыс берушінің, ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының, сараптама комиссиясының (сарапшының) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасау

      1. Егер тапсырыс берушінің, ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының, сараптама комиссиясының (сарапшының) әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, әлеуетті өнім беруші конкурс, аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттама орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне веб-портал арқылы шағым жасауға құқылы.

      Тапсырыс берушінің, ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының, сараптама комиссиясының (сарапшының) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған жағдайда, шарт жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      2. Тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы осы баптың 1-тармағында көзделген шағымды беру мерзімі өткен күннен кейін үш жұмыс күні ішінде шағымды қанағаттандыру не қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      3. Тапсырыс берушінің, ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылдаған шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      Бұл ретте тапсырыс берушінің, ұйымдастырушының, бірыңғай ұйымдастырушының шешіміне әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде шағым жасау мемлекеттік сатып алу рәсімдерін тоқтата тұрмайды.

      4. Шағымдарды беру және қарау тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.

      5. Шағымды веб-портал арқылы жіберу және қарау жөніндегі талаптар ерекше тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.

      6. Осы бапта көзделген дауларды сотқа дейінгі реттеу тәртібі міндетті болып табылады.

      7. Мемлекеттік сатып алудың жеңімпазын веб-портал автоматты түрде айқындайтын мемлекеттік сатып алудың қорытындыларына осы бапта көзделген тәртіппен шағым жасауға болмайды.

5-тарау. АРНАУЛЫ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ

ЕРЕЖЕЛЕР

26-бап. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі

      1. Осы Заңда көзделген біліктілік талаптарын белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру рәсімдерін регламенттейтін нормаларды қоспағанда, ерекше тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алу осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Ерекше тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алу мыналарды:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын болса, құқықтық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздік мұқтаждарын қамтамасыз ету үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді;

      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алған жағдайларда жүзеге асырылады.

      3. Ерекше тәртіп қолданылатын мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

27-бап. Әлеуетті өнім берушілердің жекелеген санаттарының мемлекеттік сатып алуға қатысуы

      1. Әлеуетті өнім берушілердің жекелеген санаттарының мемлекеттік сатып алуға қатысуы осы Заңда көзделген жағдайларда айқындалады.

      2. Тапсырыс беруші, ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде:

      1) тауарлар өндіретін Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан мүгедектігі бар адамды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдардың мұқтаждарына арналған тауарларды қоспағанда, тауарларды ағымдағы жылы осы тауарларды сатып алу үшін бөлінген жалпы қаражат көлемінің кемінде елу пайызы көлемінде;

      2) жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ағымдағы жылы осы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген жалпы қаражат көлемінің бір жүз пайызы көлемінде сатып алуды жүзеге асырады.

      3. Тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктерінен және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардан сатып алынатын жекелеген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер түрлерінің тізбесін уәкілетті органмен және монополияға қарсы органмен келісу бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган айқындайды.

      Тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар мемлекеттік сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінде:

      1) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 394-бабы бірінші бөлігінің 11) тармақшасында көзделген барлық шарттарға;

      2) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктеріне және (немесе) құрылтайшысы Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері болып табылатын ұйымдарға тиесілігіне сәйкестігі тұрғысынан тексеруден өткеннен кейін, осы баптың 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберіледі.

      Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларына сәйкессіздігі анықталған жағдайда, тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар осы бапта көзделген мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді.

      4. Осы баптың 2-тармағында белгіленген ережелерді іске асыру үшін ұйымдастырушы осы Заңда көзделген тәсілдермен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады, оған тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар жіберіледі.

      Жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдары қоғамдық бірлестіктерінің және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдардың өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын жұмыстарды орындау бойынша қосалқы мердігерлерді және қызметтерді көрсету бойынша бірлесіп орындаушыларды тартуына жол берілмейді.

      Осы баптың 2-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұйымдастырушы хабарландырудың мәтінінде мемлекеттік сатып алудың тек қана тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар арасында жүзеге асырылатынын көрсетеді.

      Тауарларды өндіретін және (немесе) тауарларды беретін, жұмыстарды орындайтын, қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері және (немесе) Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері құрған ұйымдар осы бапқа сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қатысуға арналған өтінімді қамтамасыз етуді енгізбейді.

      5. Мемлекеттік сатып алу осы Заңның 15-бабында көзделген негіздер бойынша өткізілмеді деп танылған жағдайда, тапсырыс беруші осы Заңда белгіленген тәртіппен өзге әлеуетті өнім берушілер арасында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдайды.

      6. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыста көзделген көрсетілетін қызметтерді, кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлғаға жеке меншік құқығымен тиесілі тұрғынжайды мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған ерекшеліктерді ескере отырып, осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен мемлекеттік сатып алу уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және көлемдерде тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесі бойынша жүзеге асырылады.

28-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

29-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      2. Осы Заңның 16-бабының 3-тармағы 1) тармақшасының күші 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "1) табиғи монополия салаларына жататын тауарларды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ энергиямен жабдықтаудың тауарларын, көрсетілетін қызметтерін сатып алу немесе электр энергиясына кепілдік беріп жеткізушімен қоса электр энергиясын сатып алу мен сату;".

      3. "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ