Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және "Концессиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 15 наурыздағы № 172-VIII ҚРЗ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім):

      1) 541-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты негізінде мүліктік жалдауға тапсыру ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамалық актіcінде белгіленеді.";

      2) 738-2-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "738-2-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру кезінде ақшалай талапты өзгеге беру

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын ақшалай талапты өзгеге беріп қаржыландыру ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасында белгiленедi.

      Егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасында өзгеше белгiленбесе, осы тараудың ережелерi мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру мәмілелеріне қолданылады.";

      3) 740-баптың 1-тармағының үшінші бөлігінде:

      5) тармақшадағы "нысаналы жарна қаражатына" деген сөздер "трансферттерге" деген сөзбен ауыстырылсын;

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;";

      4) 741-баптың екінші бөлігінде:

      5) тармақшадағы "нысаналы жарна қаражатына" деген сөздер "трансферттерге" деген сөзбен ауыстырылсын;

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;";

      5) 883-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару ерекшеліктері Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік, мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы заңнамалық актілерінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленеді.".

      2. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне:

      1) 33-баптың 2-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Осы баптың 2-тармағында көзделген шектеулер жер пайдаланушылардың орман және су қорлары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер құрамындағы, иеліктен шығарылатын ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) орналасқан және оларды пайдалануға арналған жер учаскесіне жер пайдалану құқығына қатысты жасасатын мәмілелеріне, оның ішінде кепілге салуға, сондай-ақ жер учаскелерін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша қорғаныс объектілерін салу, реконструкциялау және пайдалану үшін уақытша өтеусіз пайдалануға беруге қолданылмайды.";

      2) 36-бапта:

      1-тармақтың сегізінші абзацындағы ", оның ішінде концессия шартының" деген сөздер алып тасталсын;

      2-тармақтың бірінші бөлігіндегі ", оның ішінде концессиялық жобаларды" деген сөздер алып тасталсын;

      3) 39-баптың 5-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Жер учаскесі қызметтік жер телімі тәртібімен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша қорғаныс объектілерін салу, реконструкциялау және пайдалану үшін берілетін жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік жер пайдаланушының өзіне тиесілі жер учаскесін уақытша өтеусіз пайдалануға беруіне жол берілмейді.";

      4) 48-баптың 1-тармағының 17) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру үшін жекеше әріптестерге;";

      5) 114-баптың 1-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша теміржолдар мен теміржол көлігі объектілеріне бөліп берілген жер жатады.".

      3. 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексіне:

      1) 37-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 28-6) және 28-7) тармақшалармен толықтырылсын:

      "28-6) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің каналдар арқылы су беру және тежеуіш гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жер үстіндегі ағынды суды реттеу жөнінде қызметтер көрсету бөлігіндегі қызметін бақылауды және реттеуді жүзеге асырады;

      28-7) бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша Қазақстан Республикасының су қоймаларын, каналдары мен гидротехникалық құрылысжайларын дамытуға мемлекет кепілдігімен тартылған қарыздар бойынша өтеу, оларға қызмет көрсету және қоса қаржыландыру жөніндегі шығыстарды жабуға бюджеттен субсидия беру және субсидия төлеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      2) 135-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайтын қағидаларға сәйкес жүзеге асырылатын, Қазақстан Республикасының су қоймаларын, каналдары мен гидротехникалық құрылысжайларын дамытуға мемлекет кепілдігімен тартылған қарыздар бойынша өтеу, оларға қызмет көрсету және қоса қаржыландыру жөніндегі шығыстарды жабуға бюджеттен субсидия беру және субсидия төлеу;".

      4. 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiне:

      161-баптың жетінші бөлігінің екінші абзацындағы "нысаналы жарна қаражатына" деген сөздер "трансферттерге" деген сөзбен ауыстырылсын.

      5. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне:

      1) 74-бапта:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Өзге жағдайларда мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәсілі бойынша жүзеге асырылады.

      Келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу және іске асыру арқылы, оның ішінде:

      1) концессиялық шарт;

      2) сервистік келісімшарт түрінде іске асырылады.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының жекелеген түрлері (концессиялық шарт, сервистік келісімшарт) бойынша жекеше әріптеспен, мемлекеттік әріптеспен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартымен байланысты қатынастарды реттейтін құқық нормалары, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей өзгеше көзделмесе, тиісінше концессионерге, концедентке және концессиялық шартқа немесе сервистік келісімшартқа қолданылады.";

      мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары міндеттемелердің жекелеген түрлерін, оның ішінде мүлікті сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу), мердігерлік, өтеулі қызметтер көрсету міндеттемелерін қамтуы мүмкін.";

      2) 99-бапта:

      мынадай мазмұндағы 2-6), 2-7) және 2-8) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-6) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының тізілімін әзірлейді және бекітеді;

      2-7) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының тізілімін қалыптастыру, жүргізу және жаңарту қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      2-8) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары стандартының үлгілік нысанын әзірлейді және бекітеді;";

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне талдау жүргізеді және оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;";

      мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-1) Бизнестің цифрлық картасын әзірлеу жөніндегі әдістемені әзірлейді және бекітеді;";

      3) 169-баптың 3-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгiленген тыйым салулар, тауарларды сатып алу мен сауда-саттықты ұйымдастыру және өткізу кезіндегі сатылас келісімдерді не мемлекеттік-жекешелік әріптестік, кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) шарттары болып табылатын келісімдерді қоспағанда, егер нарық субъектісінің (субъектiлерiнiң) қаралып отырған тауар нарықтарының біріндегі үлесі жиырма пайыздан аспаса, сатылас келiсiмдерге қолданылмайды.";

      4) 274-баптың 1 және 3-тармақтарындағы ", оның ішінде концессиялық жобаны" деген сөздер алып тасталсын;

      5) 284-баптың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Инвестициялық жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа өндiрiстер құруға, жұмыс iстеп тұрғандарын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға инвестицияларды, сондай-ақ өте маңызды объектілерге немесе жалпыелдік маңызы бар жобаларға бағытталған инвестицияларды көздейтiн iс-шаралар кешенiн білдіреді.";

      6) 286-баптың 5-тармағының 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) инвестициялық қызмет мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберiнен тыс жүзеге асырылады.".

      6. 2017 жылғы 26 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      125-баптың 2-тармағы 2) тармақшасы бірінші бөлігінің үшінші абзацы "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына," деген сөздерден кейін "тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін трансферттерді," деген сөздермен толықтырылсын.

      7. 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне:

      1) мынадай мазмұндағы 41-1-баппен толықтырылсын:

      "41-1-бап. Мемлекеттік органдар функцияларының тізілімі

      1. Мемлекеттік органдар функцияларының тізілімі – орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар функцияларының сыныпталған тізбесі.

      Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың функциялары мемлекеттік органдар функцияларының тізіліміне енгізілуге тиіс.

      Мемлекеттік органдар функцияларының тізілімін жүргізу тәртібін, сондай-ақ оның құрылымын мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

      2. Мемлекеттік органдар функцияларының тізілімі электрондық форматта қалыптастырылуға және мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына қолжетімді болуға тиіс.

      Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекеттік органдар функцияларының тізілімін қалыптастыру процесін цифрландыруды және автоматтандыруды қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік органдар функцияларының тізілімі осы Кодекстің 41-бабының 2-тармағында көзделген функциялар сыныптамасына сәйкес мемлекеттік басқару деңгейлері бойынша қалыптастырылады және бәсекелес ортаға берілген функцияларды қамтиды.

      3. Мемлекеттік органдар жаңа функцияны мемлекеттік органдар функцияларының тізіліміне енгізуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тиісті нормативтік құқықтық актілерін қабылдаған кезде немесе қызметті функционалдық талдау қорытындылары бойынша функцияны алып тастауды қамтамасыз етеді.

      4. Мемлекеттік органдардың басшылары жаңа функцияларды мемлекеттік функциялар тізіліміне уақтылы енгізу немесе оларды алып тастау үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.";

      2) 47-бапта:

      4-тармақ мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) заңды тұлғаларға трансферттер беру;";

      5-тармақтағы "аутсорсингті, мемлекеттік тапсырманы және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру" деген сөздер "аутсорсинг, мемлекеттік тапсырма, заңды тұлғаларға трансферттер беру және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс" деген сөздермен ауыстырылсын;

      8-тармақ "органдардың" деген сөзден кейін "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларды қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      13-тармақтың 2) тармақшасындағы "функцияларының қандай нормативтік құқықтық актімен берілгені көрсетілген тізілім" деген сөздер ", қандай нормативтік құқықтық актімен бәсекелес ортаға берілгені көрсетілген функциялары" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) мынадай мазмұндағы 49-1-баппен толықтырылсын:

      "49-1-бап. Орталық атқарушы органдардың функцияларын заңды тұлғаларға трансферттер беру арқылы бәсекелес ортаға беру

      1. Орталық атқарушы органдардың функциялары Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес заңды тұлғаларға трансферттер беру арқылы бәсекелес ортаға беріледі.

      2. Заңды тұлғалардың трансферттерді пайдалануы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      4) 53-бап мынадай мазмұндағы 9-тармақпен толықтырылсын:

      "9. Орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органға жыл қорытындысы бойынша мониторинг нәтижелерін ұсынады.

      Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті орган осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мәліметтер негізінде, мемлекеттік органдар функцияларының тізілімі шеңберінде орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың парафискалдық төлемдерге алып келетін функцияларын бөліп көрсете отырып, бәсекелес ортаға берілген функцияларының тізілімін жүргізеді.".

      8. 2020 жылғы 7 шілдедегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне:

      1) 7-бап мынадай мазмұндағы 63-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "63-1) бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдармен келісу бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бюджет қаражатын жоспарлау және бөлу қағидаларын, медициналық көмек көрсетуге арналған қаражат бойынша есептілікті ұсыну нысандары мен мерзімдерін әзірлейді және бекітеді;";

      2) 66-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "66-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік

      1. Денсаулық сақтау объектілерін құру және пайдалану осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру нәтижесінде құрылған денсаулық сақтау объектісін (бұдан әрі – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі) пайдалану – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалану, ол денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған тәртіппен және талаптарда техникалық және функционалдық қызмет көрсетуді көздеуі мүмкін.

      3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне техникалық қызмет көрсету – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған тәртіппен және талаптарда оған функционалдық қызмет көрсету үшін ақаусыз, қауіпсіз, жарамды күйде ұстауға бағытталған, технологиялық және ұйымдастырушылық іс-шаралар кешенін жүзеге асыра отырып мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалану, сондай-ақ оны ағымдағы және (немесе) күрделі жөндеуді жүзеге асыру, сервистік және (немесе) қосалқы қызметті басқару, орындау.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне функционалдық қызмет көрсету – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған тәртіппен және талаптарда мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің нысаналы мақсатына сай пайдалану, оның ішінде тауарларды өндіру және (немесе) жұмыстарды орындау және (немесе) қызметтер көрсету мақсатында пайдалану.

      5. Денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор – жарғылық қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын, Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне функционалдық қызмет көрсетуге байланысты қызметті жүзеге асыру үшін айқындайтын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тарапы болып табылмайтын, мемлекеттік заңды тұлға не мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға немесе дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы оған меншік құқығымен тиесілі оның еншілес ұйымы.

      6. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалануды жекеше әріптеспен қатар денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор да жүзеге асыра алады.

      Мұндай жағдайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне техникалық қызмет көрсету шеңберінде өндірілген тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу үшін жекеше әріптестің шығындарды өтетуге және кірістер алуға құқығы бар.

      7. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жекеше әріптестің құруы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жекеше әріптестің денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператормен бірлесіп пайдалануы көзделетін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасуды көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру кезінде:

      1) мемлекеттік әріптес құрылған мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған тәртіппен функционалдық қызмет көрсетуді жүзеге асыру үшін мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шарты бойынша денсаулық сақтау саласындағы функционалдық операторға береді;

      2) жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген тәртіппен және талаптарда мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді;

      3) жекеше әріптесті таңдау жөніндегі конкурс (аукцион) өткізілгенге дейін айқындалатын денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген тәртіппен және талаптарда мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне функционалдық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

      8. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жекеше әріптестің құруын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жекеше әріптестің денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператормен бірлесіп пайдалануын көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор туралы ережелер, сондай-ақ жекеше әріптес пен денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператордың мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін бірлесіп пайдалану тәртібі қамтылуға тиіс.

      9. Денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператордың Қазақстан Республикасының заңнамасында осындай қызмет үшін көзделген рұқсат беру құжаттары болуға тиіс не оларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін нысаналы мақсатына сай пайдалану басталғанға дейін алуға тиіс.

      10. Денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне функционалдық қызмет көрсету мақсатында жасалған, мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартында көзделген талаптарда мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне қатысты құқықтарды жүзеге асыруға;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген тәртіппен және талаптарда жекешелік әріптестік объектісін жекеше әріптеспен бірлесіп пайдалануға;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      11. Денсаулық сақтау саласындағы функционалдық оператор:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің бейінін сақтауға;

      2) мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартында көзделген тауарларды өндіруге және (немесе) жұмыстарды орындауға және (немесе) қызметтерді көрсетуге;

      3) Қазақстан Республикасының еңбек, халықты жұмыспен қамту және қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасын сақтауға;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне өз кінәсінен келтірілген залалды өтеуге;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген тәртіппен мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жекеше әріптеспен бірлесіп пайдалану шарттарын сақтауға;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттік мүлікті өтеусіз пайдалану шартында белгіленген өзге де талаптар мен шарттарды сақтауға міндетті.

      12. Денсаулық сақтау объектілерін құруды және пайдалануды көздейтін ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша әлеуетті жекеше әріптестерге немесе жобаны іске асыру мақсатында құрылған жаңа заңды тұлғаның (консорциумның) құрылтайшыларына (қатысушыларына) техникалық жағынан күрделі денсаулық сақтау объектілерін салу немесе пайдалану жөніндегі жобаларды іске асыру тәжірибесінің (құрылтайшылардың (қатысушылардың) бірінің тәжірибесінің) болуы туралы қосымша (арнаулы) біліктілік талабы қойылады.";

      3) 69-бапта:

      5-1-тармақтағы "нысаналы жарна қаражаты" деген сөздер "трансферттер" деген сөзбен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 5-2-тармақпен толықтырылсын:

      "5-2. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бөлінген, ағымдағы қаржы жылында пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) бюджет қаражаты бюджетке қайтарылуға жатпайды.".

      9. 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексіне:

      1) 21-баптың 3-тармағының 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы абзацтармен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес салынатын және қоршаған ортаға теріс әсер ететін объектінің орналасқан жері бойынша есепке жатқызуға жататын, жер қойнауын пайдаланушылардан қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзғаны үшін айыппұлдардың жалпы сомасы туралы ақпаратты;

      жер қойнауын пайдаланушылардан және мұнай секторы ұйымдарынан зиянды өтеу туралы талап қоюлар бойынша алынған қаражаттың жалпы сомасы туралы ақпаратты;";

      2) 29-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың бекітілген жоспары жергілікті бюджетке осы іс-шаралар жоспары әзірленген және бекітілген жылдың алдындағы үш жыл ішінде келіп түскен, қоршаған ортаға жағымсыз әсер үшін төлемақы, жер қойнауын пайдаланушылардан қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес салынатын және қоршаған ортаға жағымсыз әсер етін объектінің тұрған жері бойынша есепке жатқызылуға жататын айыппұлдар, жер қойнауын пайдаланушылардан және мұнай секторы ұйымдарынан зиянды өтеу туралы талап қоюлар бойынша алынған қаражаттың сомаларынан кем емес көлемдегі бюджет қаражаты есебінен іске асырылады.

      Қоршаған ортаға жағымсыз әсер үшін төлемақының, жер қойнауын пайдаланушылардан қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес салынатын айыппұлдардың, жер қойнауын пайдаланушылардан және мұнай секторы ұйымдарынан зиянды өтеу туралы талап қоюлар бойынша алынған қаражаттың келіп түскен сомаларынан қалыптастырылатын және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға жіберілетін қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың бекітілген жоспары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ғана өзгертілуі мүмкін.".

      10. "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      9-бап мынадай мазмұндағы алтыншы бөлікпен толықтырылсын:

      "Республикалық маңызы бар қалада, астанада қалалық рельсті көлікті мемлекет кепілдігімен тартылған қарыздар есебінен дамыту кезінде көлік кәсіпорнының осы қарызды өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығындарын субсидиялау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.";

      11. "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 5-1-баптың 3-тармағы алып тасталсын;

      2) 36-баптың 2-тармағының бірінші бөлігіндегі "және концессиялар туралы" деген сөздер алып тасталсын;

      3) 51-бапта:

      1-тармақтың екінші бөлігінде:

      5) тармақшадағы "нысаналы жарна қаражатына" деген сөздер "трансферттерге" деген сөзбен ауыстырылсын;

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;";

      2-тармақтағы "нысаналы жарна қаражатын" деген сөздер "трансферттерді" деген сөзбен ауыстырылсын;

      4) 74-1-баптың 2-тармағындағы "нысаналы жарна қаражаты" деген сөздер "трансферттер" деген сөзбен ауыстырылсын.

      12. "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" 1998 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      4-2-бап алып тасталсын.

      13. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-бап мынадай мазмұндағы 3-2-тармақпен толықтырылсын:

      "3-2. Коммуналдық мүлікті мүліктік жалдағаны (жалға алғаны) үшін жалға алу төлемақысының мөлшерлемесін келісу аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) мәслихаттарының құзыретіне жатады.";

      2) 13-баптың 1-тармағындағы "немесе мәслихат шешiмi бойынша көпшiлiктiк тыңдаулар өткiзе алады" деген сөздер ", мәслихат шешімі бойынша не "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17 және 18-баптарында белгіленген жағдайларда көпшiлiктiк тыңдаулар өткiзеді" деген сөздермен ауыстырылсын;

      14. "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1-баптың 30-2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "30-2) құрылысқа салынатын мемлекеттік инвестициялар (бұдан әрі – мемлекеттік инвестициялар) – жаңа ғимараттар мен құрылысжайларды, олардың кешендерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салуға, сондай-ақ бұрыннан бар объектілерді реконструкциялауға (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға) немесе күрделі жөндеуге салынатын инвестициялар, олардың көзі мыналар болып табылады:

      республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттер қаражаты, оның ішінде бюджеттік инвестицияларға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджеттік кредит беруге бағытталған нысаналы қаражат;

      мемлекет кепілдігімен не мемлекет кепілгерлігімен берілетін мемлекеттік емес қарыздардың нысаналы қаражаты;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысын қоса қаржыландыруға және (немесе) төлеуге бағытталған республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты да мемлекеттік инвестицияларға жатады;".

      15. "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 1-2) тармақшасындағы ", оның ішінде концессия шарттарының" деген сөздер алып тасталсын;

      2) 4-бапта:

      2-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-1. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары немесе олардың учаскелері Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін берілуі мүмкін.";

      7-тармақ "реконструкциялау," деген сөзден кейін "жөндеу," деген сөзбен толықтырылсын;

      3) 5-бапта:

      1-тармақтағы "және концессиялар туралы" деген сөздер алып тасталсын;

      3-тармақтың бірінші бөлігіндегі ", оның ішінде концессия шарттарының" деген сөздер алып тасталсын;

      5-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацындағы ", оның ішінде концессия шарты" деген сөздер алып тасталсын;

      4) 5-2-бапта:

      1-тармақтың 1) тармақшасының тоғызыншы абзацындағы "концессионердің" деген сөз "жекеше әріптестің" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты негізінде салынған (реконструкцияланған) және пайдаланылатын ақылы автомобиль жолдарын (жол учаскелерін) пайдаланғаны үшін төлемақыдан осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген автокөлік құралдары босатылмайды.";

      5) 7-баптың 1-тармағындағы ", оның ішінде концессияға" деген сөздер алып тасталсын;

      6) 12-баптың 2-тармағының 14-1), 16) және 39) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "14-1) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау кезінде көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар мен материалдар сапасына Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының сараптама жүргізуін ұйымдастыру;";

      "16) автомобиль жолдарының (көпiр өткелдерiнiң) учаскелерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін беру жөнiндегі ұсыныстарды, оларды пайдалану тәртібі мен талаптарын, олармен жүрiп өту үшiн мөлшерлемелер мөлшерiн әзiрлеу;";

      "39) халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу, диагностикалау және паспорттау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес автожол саласының нормативтік-техникалық базасын жетілдіру жұмыстарын ұйымдастыру;";

      7) 13-бапта:

      1-1-тармақтың бірінші бөлігінің 5-1) тармақшасындағы "облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және" деген сөздер алып тасталсын;

      2-тармақтың 2) және 2-1) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жалпыға ортақ пайдаланылатын аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, елдi мекендердiң көшелерiн салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп-ұстау жұмыстарын ұйымдастыру;

      2-1) автомобиль жолдарының (көпір өткелдерінің) учаскелерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін беру жөніндегі ұсыныстарды, оларды пайдалану тәртібі мен талаптарын, олармен жүріп өту үшін мөлшерлемелер мөлшерін әзірлеу;";

      8) 17-баптың 1-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын орындауға байланысты шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      9) 30-баптың 1) тармақшасы "инвестициялық жобаларды" деген сөздерден кейін "және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекет кепілдігімен берілетін мемлекеттік емес қарыздар есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды" деген сөздермен толықтырылсын.

      16. "Қазақстан Республикасының Халықаралық Валюта Қорына, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкiне, Халықаралық Қаржы Корпорациясына, Халықаралық Даму Қауымдастығына, Инвестициялар Кепiлдiгiнiң Көпжақты Агенттiгiне, Инвестициялық Дауларды Реттеу жөнiндегi Халықаралық Орталыққа, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкiне, Азия Даму Банкiне, Ислам Даму Банкiне, Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкіне мүшелiгi туралы" 2001 жылғы 6 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) тақырып "Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкіне" деген сөздерден кейін "және Түркі инвестициялық қорына" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) кіріспе "Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкіне" деген сөздерден кейін "және Түркі инвестициялық қорына" деген сөздермен толықтырылсын;

      3) 1-бапта:

      1-тармақ "Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінің (бұдан әрi – АИИБ)" деген сөздерден кейін "және Түркі инвестициялық қорының (бұдан әрi – ТИҚ)" деген сөздермен толықтырылсын;

      2-тармақ:

      "ЕҚДБ-ны, АДБ-ны құру туралы келiсiмдерге" деген сөздерден кейін ", ТИҚ-ты құру туралы келісімге" деген сөздермен толықтырылсын;

      "тиiсiнше ХВҚ, ХҚДБ, ХҚК, ХДҚ, ИККА, ЕҚДБ, АДБ, АИИБ" деген сөздерден кейін ", ТИҚ" деген сөзбен толықтырылсын;

      4) 2-баптың 1-тармағы:

      "құру туралы келiсiмдердiң" деген сөздерден кейін ", құру туралы келiсiмнің" деген сөздермен толықтырылсын;

      "АИИБ-ға" деген сөзден кейін ", ТИҚ-қа" деген сөзбен толықтырылсын;

      5) 3-бапта:

      1-тармақтың екінші бөлігі "келiсiмдердiң," деген сөзден кейін "ТИҚ-ты құру туралы келісімнің," деген сөздермен толықтырылсын;

      3-тармақ "33-бабы VI тарауының" деген сөздерден кейін ", ТИҚ-ты құру туралы келісімнің IV тарауы 15-бабының" деген сөздермен толықтырылсын;

      4-тармақ "АИИБ-ның" деген сөзден кейін ", ТИҚ-тың" деген сөзбен толықтырылсын;

      5-тармақ "АИИБ-ның" деген сөзден кейін ", ТИҚ-тың" деген сөзбен толықтырылсын;

      6) 4-бап "АДБ-ны құру туралы келiсiмдердің," деген сөздерден кейін "ТИҚ-ты құру туралы келiсiмнің," деген сөздермен толықтырылсын.

      17. "Теміржол көлігі туралы" 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың мәтініндегі ", оның ішінде концессия шарттары бойынша" деген сөздер алып тасталсын;

      2) 5-баптың 2 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Магистральдық темiржол желiсiне жатпайтын темiржолдар жеке пайдалану объектiлерi бола алады және жеке меншiкте, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары негізінде жеке меншікте бола алады.

      3. Жекеше әріптеске мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша теміржолдарға және теміржол көлігі объектілеріне мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының қолданылу мерзімінде иелену мен пайдалану құқығы беріледі.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша теміржолдар және теміржол көлігі объектілері мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін магистральдық теміржол желісінің құрамына енгізілмейді.";

      3) 12-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Ұлттық инфрақұрылым операторының көрсетілетiн қызметтері мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша теміржол көлігі объектілері бар теміржолдардың көрсетілетін қызметтерінің бағалары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.";

      4) 16-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Ұлттық инфрақұрылым операторы жекеше әріптеспен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын іске асыру үшін тараптардың өзара қатынастарын регламенттейтін шарт жасасуға міндетті.";

      5) 18-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша теміржолдарға және теміржол көлігі объектілеріне бөлінген жерлер жатады.";

      6) 49-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жүк жөнелтушілердің, жүк алушылардың, тармақ иеленушілердің, вагондар (контейнерлер) иеленушілердің кінәсінен орын алған магистральдық, станциялық жолдарда, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша теміржолдарда тасымалдаудың технологиялық процесінің бұзылуына алып келген вагондардың бос тұрғаны (контейнерлердің кідіртілгені) үшін олар көрсетілген жолдардың иеленушісіне соларда тұрған уақыты үшін төлеген төлемдерін тасымалдаушыға өтеуге міндетті.";

      7) 57-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Кiрме жолдардың магистральдық және станциялық жолдарға жалғасуы Ұлттық инфрақұрылым операторының немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру кезінде жекеше әріптестің келісімімен жүзеге асырылады.

      Ұлттық инфрақұрылым операторы немесе жекеше әріптес кiрме жолдарды магистральдық және станциялық жолдарға жалғастырудан бас тартқан жағдайда, табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган шағымдарды қарауды жүзеге асырады.".

      18. "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 38) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "38) инфрақұрылымдық облигация – эмитент мiндеттемелерiнiң орындалуы мемлекет пен эмитент арасында жасалған инфрақұрылымдық жобаны iске асыру жөнiндегi мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты шеңберiнде мемлекет кепiлгерлiгiмен қамтамасыз етiлген, мемлекетке берiлетiн объект құнына сәйкес сомадағы облигация;";

      2) 18-1-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Инфрақұрылымдық облигациялардың айналысы мерзiмi iшiнде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын облигациялар ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiн кемсiтуге алып келетіндей етiп өзгертуге жол берiлмейдi не инфрақұрылымдық облигацияларды ұстаушылардың барлығының немесе олардың өкілдерінің келісімімен жол беріледі.".

      19. "Автомобиль көлігі туралы" 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      13-бап мынадай мазмұндағы 23-22) тармақшамен толықтырылсын:

      "23-22) тасымалдаушылардың әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға байланысты залалын бюджет қаражаты есебінен субсидиялаудың үлгілік шартын бекітеді;".

      20. "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 9-баптың 2, 3 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Электр станцияларын, электр беру желілері мен кіші станцияларды жобалау және салу, сондай-ақ оларды пайдалану мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары негізінде жүзеге асырылуы мүмкін.";

      "3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары негізінде салынған, кернеуі 220 киловольт және одан жоғары өңіраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілері, кіші станциялар мен тарату құрылғылары өздері жұмыс істеп тұрған кезеңде жекеше әріптестің уақытша иеленуінде және пайдалануында болады және олар құрылған кезден бастап республикалық меншікке беріледі.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары негізінде салынған, кернеуі 220 киловольт және одан жоғары өңіраралық және (немесе) мемлекетаралық электр беру желілерін, кіші станцияларды, тарату құрылғыларын орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды, сондай-ақ пайдалануды жүйелік оператор шарттар негізінде жүзеге асырады.";

      2) 19-1-баптың 5-тармағында:

      15) тармақшадағы "электр энергиясын кепілдікпен берушілерден" деген сөздер "энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан" деген сөздермен ауыстырылсын;

      16) тармақшадағы "электр энергиясын кепілдікпен берушілер" деген сөздер "энергиямен жабдықтаушы ұйымдар" деген сөздермен ауыстырылсын.

      21. "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 7-баптың бірінші бөлігінің 24-2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "24-2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша иеліктен шығарылатын қорғаныс объектілерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша бекітеді;";

      2) 13-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қорғанысқа бөлінген бюджет қаражатының, сондай-ақ Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелерінің иелігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаның пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      3) 15-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша жекеше әріптеске шығындарды өтеу шеңберінде беруге жататын қорғаныс объектілерін қоспағанда, мемлекеттік меншік болып табылатын, экономика салаларының ұйымдарына жедел басқару, шаруашылық жүргізу құқығымен бекітіліп берілген және қорғаныс мұқтажын қамтамасыз етуге және жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған объектілер мен мүлік иеліктен шығаруға жатпайды.";

      4) 15-1-баптың 2 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қорғаныс объектілері мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша шығындарды өтеу мақсатында жекеше әріптеске иеліктен шығарылуы мүмкін.

      3. Осы баптың 2-тармағына сәйкес иеліктен шығарылатын қорғаныс объектілерінің инвестициялық шығындары мен құны өтемақысының жиынтық көлемі жекеше әріптестің инвестициялық шығындарының көлемінен аспауға тиіс.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша иеліктен шығарылатын қорғаныс объектілері Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен бағалауға жатады.";

      5) 22-баптың 2-тармағында:

      мынадай мазмұндағы 5-5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-5) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу және оларды өткізуден түскен ақшаны пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      26-26), 26-27) және 26-28) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "26-26) қорғаныс объектілерін салу, реконструкциялау және пайдалану үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша жер учаскесін уақытша өтеусіз пайдалануға беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      26-27) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша жекеше әріптеске шығындарды өтеу үшін қорғаныс объектілерін иеліктен шығару қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      26-28) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша иеліктен шығарылатын қорғаныс объектілерінің тізбесін әзірлейді;";

      6) 24-бапта:

      2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелері өздерінің жарғылық мақсаттарына сәйкес келетін және өздерінің негізгі қызметіне жатпайтын қызметтерді көрсетуге және осындай көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен ақшаны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын тәртіппен пайдалануға құқылы.";

      2-1-тармақ алып тасталсын;

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысының ұсынысы негізінде, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған жағдайларды қоспағанда, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақша өздерінің иелігінде қалатын, кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) тарифтерді (бағаларды) бекітеді.".

      22. "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы" 2006 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      6-8-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мемлекет "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен және шарттарда тапсырыс беруші ретінде жобалық қаржыландыруға қатысады.

      2. Базалық шарт бойынша орындаушыны таңдау Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес конкурстық негізде жүзеге асырылады.".

      23. "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      13-1-бап алып тасталсын.

      24. "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 10-1) тармақшасы және 6-баптың 2-тармағының 6-1) тармақшасы алып тасталсын;

      2) 68-бап мынадай мазмұндағы 2-2-тармақпен толықтырылсын:

      "2-2. Осы Заңның 40-бабы 4-тармағының бірінші бөлігі 12) тармақшасының қолданысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.".

      25. "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" 2009 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      5-баптың 3-тармағындағы "көрсету" деген сөз "ұсыну республикалық маңызы бар қалалардың, астананың," деген сөздермен ауыстырылсын.

      26. "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 58-баптың 2-тармағының екінші бөлігінде:

      6) тармақшадағы "нысаналы жарна қаражатына" деген сөздер "трансферттерге" деген сөзбен ауыстырылсын;

      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.

      Осы тармақшаның ережесі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 742-бабының 2-тармағында көзделген кезектілікке сәйкес бірінші, екінші және үшінші кезектерге қатысты талаптар бойынша ақшаны алып қоюға қолданылмайды;";

      2) 62-баптың 3-тармағы екінші бөлігінің 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға тыйым салуды қолдануға жол берілмейді;

      Осы тармақшаның ережесі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 742-бабының 2-тармағында көзделген кезектілікке сәйкес бірінші, екінші және үшінші кезектерге қатысты талаптар бойынша ақшаны алып қоюға қолданылмайды;";

      3) 98-баптың бірінші бөлігінде:

      17) тармақшадағы "нысаналы жарна қаражатынан" деген сөздер "трансферттерден" деген сөзбен ауыстырылсын;

      19-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "19-1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшадан;".

      27. "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы" 2011 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 5-бапта:

      1-тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты;";

      2-1-тармақтағы "нысаналы салым" деген сөздер "бюджет" деген сөзбен ауыстырылсын;

      2-2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік мүлік тізілімінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларды іске асыру есебінен алынған, сондай-ақ мемлекет дербес білім беру ұйымдарының меншігіне берген дербес білім беру ұйымдарының мүлкі туралы қосымша мәліметтер көрсетіледі.

      Мемлекеттік мүлік тізілімінде дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларды іске асыру есебінен алынған, сондай-ақ мемлекет дербес білім беру ұйымдарының меншігіне берген дербес білім беру ұйымдарының мүлкі туралы қосымша мәліметтерді көрсету дербес білім беру ұйымдарының мүлкіне мемлекеттің мүліктік құқықтарының туындауына алып келмейді.";

      2) 6-бапта:

      3-тармақтың 1) тармақшасы "даму стратегияларын" деген сөздерден кейін ", оларды іске асыру туралы есептерді" деген сөздермен толықтырылсын;

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қамқоршылық кеңестерінің құзыретіне мыналар жатады:

      1) жылдық және орта мерзімді бюджеттерді бекіту;

      2) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың ұзақ мерзімді даму стратегиялары мен оларды іске асыру туралы есептерді мақұлдау;

      3) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың ұзақ мерзімді даму стратегияларын іске асыру туралы есептердің нысандарын бекіту;

      4) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісілген, дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларды іске асыру есебінен алынған, сондай-ақ мемлекет дербес білім беру ұйымдарының меншігіне берген дербес білім беру ұйымдарының мүлкі туралы қосымша мәліметтерді мемлекеттік мүлік тізіліміне ұсыну тәртібін бекіту;

      5) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың атқарушы органдарының сандық құрамын айқындау, олардың басшылары мен мүшелерін немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамдарды сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;

      6) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту;

      7) осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңнамасына, Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларына сәйкес өзге де өкілеттіктер.";

      3) 13-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін нысаналы салым түрінде алынған бюджет қаражаты қамқоршылық кеңестің шешімімен дербес білім беру ұйымының жылдық бюджетін бекіту арқылы қайта бөлінуі және (немесе) кейінгі қаржы жылдарына ауыстырылуы мүмкін.".

      28. "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 4-бап мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:

      "7-1. Егер "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше көзделмесе, осы Заңның ережелері дербес білім беру ұйымдарына қолданылады.";

      2) 10-бапта:

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Агломерация құрамына кіретін әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық мүлкін меншік иесі өзінің аумағында жоба іске асырылған жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне осы әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органының өтінішхаты негізінде береді.";

      3-тармақта:

      бірінші абзацта:

      "берілуі" деген сөзден кейін ", сондай-ақ мүліктің агломерацияны дамыту мақсатында берілуі" деген сөздермен толықтырылсын;

      орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:

      "9) агломерация құрамына кіретін коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі өзінің аумағында объект іске асырылған жергілікті атқарушы органның өтінішхаты негізінде агломерацияны дамыту мақсаттары үшін меншікке беріледі.";

      3) 14-бап мынадай мазмұндағы 26-6) тармақшамен толықтырылсын:

      "26-6) мемлекеттік мүлік тізілімінде мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, оның ішінде мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар бөлінісінде сыртқы және ішкі қарыз алу құрылымы туралы мәліметтерді есепке алуды және бақылауды қамтамасыз етеді;";

      4) 17-бапта:

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес облыстық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды міндетті түрде жария тыңдаулар өткізе отырып жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;";

      мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "15-1) осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен агломерациялар құрамына кіретін коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкін аумағында объект іске асырылған жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне агломерацияны дамыту мақсаттары үшін беру туралы шешім қабылдайды;";

      5) 18-бапта:

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аудандық коммуналдық мүлікті, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды міндетті түрде жария тыңдаулар өткізе отырып жекешелендіру туралы шешім қабылдайды;";

      мынадай мазмұндағы 24-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "24-2) осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен агломерациялар құрамына кіретін коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкін аумағында объект іске асырылған жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне агломерацияны дамыту мақсаттары үшін беру туралы шешім қабылдайды;";

      6) 72-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Стратегиялық объектілерді және жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік мүлікті немесе мемлекетке ғана тиесілі болуы мүмкін мүлікті пайдалануға беруге мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, мүлікті сенімгерлік басқару шарты және Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген өзге де шарттар бойынша жол беріледі.";

      7) 79 және 120-1-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "79-бап. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша беру

      Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі операторға өзінің функционалдық қызмет көрсетуін жүзеге асыру үшін өтеусіз пайдалануға конкурссыз берілуі мүмкін.";

      "120-1-бап. Қорғаныс объектілерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша иеліктен шығару

      Қорғаныс объектілерін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша иеліктен шығару "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.";

      8) 140-баптың 2-тармағында:

      бірінші бөлікте:

      "қоспағанда, республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың" деген сөздер "қоспағанда, мемлекеттік кәсіпорындардың" деген сөздермен ауыстырылсын;

      "нормативін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілейді" деген сөздер "нормативі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалады" деген сөздермен ауыстырылсын;

      екінші және бесінші бөліктер алып тасталсын;

      9) 161-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, дене шынықтыру және спорт, сұрыптарды сынақтан өткізу, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында мемлекеттік мекемелер, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету саласында арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ Қарулы Күштердің мемлекеттік мекемелері, мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік музейлер, музей-қорықтар және мемлекеттік архивтер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түскен ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджеттің есебіне жатқызылуға тиіс.";

      10) 184-баптың 8-тармағының екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың іс-шаралар жоспарларын әзірлеуге, олардың іске асырылуының нәтижелілігі мен тиімділігіне, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептердің уақтылы ұсынылуына және олардың анықтығына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың атқарушы органдары жауапты болады.";

      11) 185-баптың 4-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің даму жоспарларын әзірлеуге, олардың іске асырылуының нәтижелілігі мен тиімділігіне, сондай-ақ олардың орындалуы туралы есептердің уақтылы ұсынылуына және олардың дұрыстығына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің атқарушы органдары жауапты болады.";

      12) 186-бапта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекет жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылатын акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) акцияларының мемлекеттiк пакетiн (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерін) иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органдары мен жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналысын өткізу кезінде акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) таза кірісінің бір бөлігін Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде айқындалған мөлшерде дивидендтерді (кірісті) төлеуге бағыттау үшін шаралар қабылдайды.";

      үшінші бөлік алып тасталсын;

      13) 198-баптың 7-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) мемлекеттік мүлік құрамына кіретін, оның ішінде сенімгерлік басқарудағы, жалдаудағы не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілген мүліктің барлық түрлері болып табылады.";

      14) 199-баптың 2-тармағында:

      бірінші бөлік "есептер" деген сөзден кейін ", сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларды іске асыру есебінен алынған, мемлекет дербес білім беру ұйымдарының меншігіне берген дербес білім беру ұйымдарының мүлкі туралы қосымша мәліметтер" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларды іске асыру есебінен алынған, сондай-ақ мемлекет дербес білім беру ұйымдарының меншігіне берген дербес білім беру ұйымдарының мүлкі туралы қосымша мәліметтерді мемлекеттік мүлік тізіліміне ұсыну қағидаларын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша дербес білім беру ұйымының қамқоршылық кеңесі бекітеді.

      Мемлекеттік мүлік тізілімінде дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларды іске асыру есебінен алынған, сондай-ақ мемлекет дербес білім беру ұйымдарының меншігіне берген дербес білім беру ұйымдарының мүлкі туралы қосымша мәліметтерді көрсету дербес білім беру ұйымдарының мүлкіне мемлекеттің мүліктік құқықтарының туындауына алып келмейді.";

      15) 213-баптың 3-тармағындағы, 215-баптың 1-тармағының бірінші бөлігіндегі және 3-тармағындағы "Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына" деген сөздер "Арнаулы мемлекеттік қорға" деген сөздермен ауыстырылсын.

      29. "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" 2012 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын Ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді заңды тұлғалар және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, "Астана" халықаралық қаржы орталығы органдарының, олардың ұйымдарының және қатысушыларының қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым;".

      30. "Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      96-баптың 4-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектiсiнiң құрамына кiретiн мүлiк;".

      31. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 53-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Осы Заңның 1-қосымшасы 3-жолы 3 және 4-бағандарының 9-тармағының қолданысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.";

      2) 2-қосымша мынадай мазмұндағы 87-17-жолмен толықтырылсын:

      "

87-17.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңды тұлғаларды аккредиттеу

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңды тұлғаларды аккредиттеу туралы куәлік

Мерзімсіз рұқсат; конкурс рәсімі қолданылмайды; рұқсат беру кезінде осы Заңның 25-бабы 3-тармағы бірінші бөлігінің және 26-бабы 1 және 2-тармақтарының күші қолданылмайды

      ".

      32. "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" 2014 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      10-баптың 1-тармағының 4-1) тармақшасы және 3-1-тармағы алып тасталсын.

      33. "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) аккредиттеу – аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берушінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын консультативтік сүйемелдеуді немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына конкурстық құжаттама мен бизнес-жоспарлардың сараптамасын жүзеге асыру құзыретін ресми тану рәсімі;";

      мынадай мазмұндағы 1-1) және 1-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "1-1) әлеуетті жекеше әріптес – мемлекеттік заңды тұлғаларды, сондай-ақ жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдарды қоспағанда, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) не тікелей келіссөздерге қатысуға үміткер дара кәсіпкер, жай серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға;

      1-2) бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік – осы Заңға сәйкес әзірленген және бекітілген жекеше әріптесті айқындау тәртібіне, үлгілік конкурстық құжаттамаға және мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлгілік шартына сәйкес салаларды (аяны) дамыту тұжырымдамалары, ұлттық жобалар шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру;";

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушы – осы Заңға сәйкес белгіленген құзыретіне сәйкес жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;";

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) концессиялық шарт (концессия) – мемлекеттік әріптес (концедент) пен жекеше әріптес (концессионер) арасында жасалған және осы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұсынғаны үшін концессионердің тұтынушылардан төлемақы (тұтынушылардан алынатын төлемақы) алуын көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) мемлекеттік әріптес – Қазақстан Республикасы атынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасқан, мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бөлігінде өкілеттіктер берілген бір немесе бірнеше мемлекеттік орган немесе мемлекеттік мекеме, мемлекеттік кәсіпорын және (немесе) жарғылық капиталға қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының елу және одан көп пайызы мемлекетке тікелей немесе жанама түрде тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестік, акционерлік қоғам;";

      7) тармақша "қолдап отыру бойынша" деген сөздерден кейін "аккредиттелген" деген сөзбен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 13-1) және 13-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "13-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін құру – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген, материалдық емес және материалдық активтерді, оның ішінде жаңа объектілерді (ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін, коммуникацияларды) жобалау, тұрғызу және (немесе) жұмыс істеп тұрғандарын өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру, реконструкциялау, күрделі жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлік жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу) арқылы құру жөніндегі қызмет;

      13-2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалану – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген, мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіріп және тұтынушыларға беріп нысаналы пайдалану жөніндегі немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін оператордың немесе үшінші тұлғалардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес нысаналы пайдалануына дайындығын қамтамасыз етуді қоса алғанда, оған техникалық және (немесе) сервистік қызмет көрсету жөніндегі қызмет;";

      16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "16) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі белгіленетін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін құру және пайдалану арқылы бір немесе бірнеше әлеуметтік-экономикалық міндетті шешу мақсатында жасалатын жазбаша келісім;";

      мынадай мазмұндағы 16-1) және 16-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "16-1) мемлекеттік қазынашылық – орталық атқарушы органның бюджетті қазынашылық атқару жөніндегі уәкілетті органның функциялары жүктелген ведомствосы;

      16-2) мемлекеттік қазынашылық органдары – мемлекеттік қазынашылықтың аумақтық бөлімшелері;";

      17) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "17) оператор – жекеше әріптес болып табылмайтын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жекеше әріптеспен бірлесіп пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлға;";

      18) және 19) тармақшалар алып тасталсын;

      2) 2-бапта:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жекеше әріптесті айқындау, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу, орындау және тоқтату, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шеңберінде тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін мемлекеттің тұтыну рәсімдері "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормалары қолданылмастан, осы Заңға және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 7-тармақпен толықтырылсын:

      "7. Егер осы Заңда тікелей өзгеше көзделмесе, осы Заңның жекеше әріптеспен, мемлекеттік әріптеспен және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартымен байланысты қатынастарды реттейтін ережелері тиісінше концессионерге, концедентке және концессиялық шартқа қолданылады.";

      3) 3-баптың 2-тармағының 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) халық үшін құндылық қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде әлеуметтік инфрақұрылымды және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін дамытуды қамтамасыз ету, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділік деңгейі мен сапасын арттыру;";

      4) 4-баптың бірінші бөлігінің 2) және 5) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудың ұзақ мерзімді кезеңі (мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының ерекшеліктеріне қарай бес жылдан отыз жылға дейін);";

      "5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін жекеше әріптестің инвестицияларды жүзеге асыруы жатады, бұл ретте жекеше әріптестің меншікті қаражатының үлесі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша инвестициялардың жалпы сомасының кемінде он пайызын құрауға тиіс;";

      5) 5-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Оператор да мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тарапы бола алады.";

      6) 7-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті жүзеге асыру тәсілдері

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүзеге асырылу тәсіліне қарай институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді.

      2. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы іске асырады.

      3. Осы баптың 2-тармағында көзделмеген өзге жағдайларда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік тәсілі бойынша жүзеге асырылады.

      Келісімшарттық мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк шартын, оның ішінде:

      1) концессия шарты;

      2) сервистік келісімшарт түрінде жасасу және іске асыру арқылы жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарында міндеттемелердің жекелеген түрлері, оның ішінде сенімгерлік басқару, мүліктік жалдау (жалға алу), мердігерлік, қызметтер көрсету міндеттемелері қамтылуы мүмкін.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарында мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін құру және пайдалану, өндірілген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілген қызметтерді өткізу, өндірілген тауарларды кәдеге жарату, сондай-ақ жобаны іске асыру аяқталғаннан кейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстардың толық циклі қамтылуы мүмкін.

      4. Бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін салаларды (аяны) дамыту тұжырымдамаларында, ұлттық жобаларда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының базалық параметрлері, оның ішінде мақсаттары мен міндеттері, бюджет қаражаты есебінен болжанатын төлемдер, мемлекеттік қолдау шаралары көзделуі мүмкін.

      Бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жекеше әріптесті айқындау тәртібі тиісті базалық параметрлер негізінде әзірленеді және онда үлгілік конкурстық құжаттама мен мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлгілік шарты қамтылады.";

      7) 8-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Республикалық және жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын айқындау үшін мынадай өлшемшарттардың бірі пайдаланылады:

      1) меншік түрі бойынша – мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне меншік құқығына (республикалық немесе коммуналдық) қарай не мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тарапы болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектісінің акцияларына немесе жарғылық капиталға қатысу үлестеріне мемлекеттік меншік түріне қарай республикалық немесе жергілікті жобалар;

      2) пайда алушылар бойынша – егер екi және одан көп облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың субъектiлерi пайда алушылар болып табылса, республикалық жобалар және егер бiр облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың субъектiлерi пайда алушылар болып табылса, жергiлiктi жобалар.";

      8) 9-бапта:

      2-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-2. Сервистік келісімшарттарда инвестициялық шығындардың өтемақысы және (немесе) қоса қаржыландыру көзделмейді.";

      4-тармақта:

      бірінші бөлік алып тасталсын;

      үшінші бөліктегі "46-бабы 1-1-тармағының" деген сөздер "49-бабының" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9) 10-бапта:

      тақырыптағы "және іске асыру" деген сөздер ", іске асыру және оны бағалау" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-тармақтың 1) тармақшасының екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "мемлекеттік бастаманы іске асыру шеңберінде – инвестициялық ұсынысты және конкурстық (аукциондық) құжаттаманы әзірлеуді немесе үлгілік конкурстық (аукциондық) құжаттаманың негізінде конкурстық (аукциондық) құжаттаманы бекітуді; немесе";

      мынадай мазмұндағы 3, 4, 5 және 6-тармақтармен толықтырылсын:

      "3. Іске асыру кезеңі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мониторингі бойынша ақпаратты тапсыру күніне күнтізбелік бір жылдан асатын барлық іске асырылатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша, сондай-ақ есепті жыл ішінде аяқталған немесе тоқтатылған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша бағалау жүргізіледі.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын басқару сапасын жақсарту жөніндегі ұсынымдарды қамтитын есеп мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуын бағалау нәтижесі болып табылады.

      5. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуын бағалау нәтижелерін Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығы бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.

      6. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығының есебі келіп түскен кезден бастап оны мынадай мүдделі тараптарға:

      мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға;

      коммуналдық меншікке жататын мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына;

      салалық орталық мемлекеттік органдарға;

      республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.";

      10) 11-баптың 1 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жекеше әріптес, қажет болған кезде, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында белгіленген тәртіппен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының бір немесе бірнеше операторын айқындауға құқылы.";

      "3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануды (функционалдық пайдалану) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тарапы болып табылатын немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған тәртіппен және талаптарда мемлекеттік әріптес, жекеше әріптес және оператор арасында жасалған пайдалану шарты негізінде әрекет ететін оператор жүзеге асыра алады.

      Функционалдық пайдалану операторға ішінара немесе толық берілген жағдайда, жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің пайдалануға қолжетімділігі мен дайындығын (техникалық және (немесе) сервистік қызмет көрсету және (немесе) инфрақұрылымды басқару) қамтамасыз етеді.";

      11) 13-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жекеше әріптес мемлекеттік әріптеспен келісу бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалану тәртібін белгілейді және оның сақталуын қамтамасыз етеді. Егер мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдалануды оператор жүзеге асырса, пайдалану тәртібі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында немесе бар болған кезде пайдалану шартында айқындалады.";

      12) 15-бап мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындау мақсатында құрылымдық бөлімшелердің жалпы үйлестірілуін қамтамасыз етеді.";

      13) 17-бапта:

      1-тармақтың 2) және 6) тармақшалары алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:

      "3. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер тиісті бюджет комиссиясының шешіміне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің ерекше маңызды жобалар бойынша қаулысына немесе әрбір жеке мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мәслихат шешіміне сәйкес шартта белгіленген сомалар мен мерзімдер шегінде ғана тіркелуге тиіс.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындау тәртібін, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша инвестициялық шығындардың өтемақысын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша операциялық шығындардың өтемақысын, мемлекеттік меншіктегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін басқаруды жүзеге асырғаны үшін сыйақыны, қоса қаржыландыруды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру барысында өндірілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің белгілі бір көлемін мемлекеттің тұтынуына кепілдік беруді, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын және қолжетімділік үшін төлемақыны бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.";

      14) 19-бап мынадай мазмұндағы 4-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "4-2) әзірленуі халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп жүзеге асырылатын ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекітеді;";

      15) 20-бапта:

      тақырыптағы "Мемлекеттік жоспарлау" деген сөздер "Бюджет саясаты" деген сөздермен ауыстырылсын;

      бірінші абзац, 4) және 7-1) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында:";

      "4) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша, сондай-ақ республикалық және жергілікті ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасын, оның ішінде оған тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде келіседі;";

      "7-1) салаларды (аяны) дамыту тұжырымдамалары, ұлттық жобалар шеңберінде жекеше әріптесті айқындаудың және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасудың тиісті саланың мемлекеттік органы әзірлеген тәртібін келіседі;";

      9) тармақшаның бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылуын бағалауды, жекеше әріптесті айқындау бойынша тікелей келіссөздер кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бизнес-жоспарға, бағдарламалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде үлгілік конкурстық құжаттама негізінде бекітілетін конкурстық құжаттаманы қоспағанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасына сараптамалар жүргізу үшін, оның ішінде оларға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығын тартады;";

      мынадай мазмұндағы 11-4), 11-5) және 11-6) тармақшалармен толықтырылсын:

      "11-4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік веб-порталын пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      11-5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын консультативтік сүйемелдеуді, сондай-ақ осы Заңның 25-бабының 8) тармақшасына сәйкес сараптама жасауды жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеуді жүзеге асырады және аккредиттеу туралы куәліктен айыру туралы шешім қабылдайды;

      11-6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын консультативтік сүйемелдеуді, сондай-ақ осы Заңның 25-бабының 8) тармақшасына сәйкес сараптама жүргізуді жүзеге асыратын адамдарды аккредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;";

      16) 21-баптың 6) тармақшасы алып тасталсын;

      17) 3-тарау мынадай мазмұндағы 21-1-баппен толықтырылсын:

      "21-1-бап. Мемлекеттік қазынашылықтың және мемлекеттік қазынашылық органдарының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы құзыреті

      Мемлекеттік қазынашылық және мемлекеттік қазынашылық органдары:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін қабылдауды және олардың орындалуын есепке алуды жүзеге асырады;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелер туралы есептерді қалыптастырады және оларды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді;

      3) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.";

      18) 23-баптың 3) және 10) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысты жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты (аукционды) және тікелей келіссөздерді ұйымдастыруды жүзеге асырады, оның ішінде қажет болған кезде конкурстық құжаттаманы әзірлеу үшін білікті заңды тұлғаларды тартады;";

      "10) бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес, жекеше әріптесті айқындау жөніндегі тікелей келіссөздер кезінде республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық (аукциондық) құжаттамасына салалық қорытынды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасына бизнес-жоспар дайындауды жүзеге асырады;";

      19) 25-баптың 4) және 8) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қатысты конкурсты (аукционды) не тікелей келіссөздерді ұйымдастырушылар бола алады, оның ішінде қажет болған кезде конкурстық құжаттаманы әзірлеу үшін аккредиттелген заңды тұлғаларды тартады;";

      "8) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары шеңберінде жекеше әріптесті айқындау жөніндегі тікелей келіссөздер кезінде жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына бизнес-жоспарларға, жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының конкурстық (аукциондық) құжаттамасына сараптама жүргізуге уәкілеттік берілген заңды тұлғаны аккредиттелген тұлғалар қатарынан айқындайды;";

      20) 26-баптың 2-тармағында:

      3) тармақшадағы "республикалық" деген сөз "жоспарлануы және іске асырылуы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен халықаралық қаржы институттары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қоспағанда, республикалық" деген сөздермен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) халықаралық қаржы институттарының қатысуымен ерекше маңызды мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын әзірлеуді үйлестіру және бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қорытынды беру;";

      21) 3-тарау мынадай мазмұндағы 26-2-баппен толықтырылсын:

      "26-2-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңды тұлғаларды аккредиттеу

      1. Аккредиттеу мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына конкурстық құжаттама мен бизнес-жоспарларды консультативтік сүйемелдеу және (немесе) оларға сараптама жүргізу бойынша заңды тұлғалар көрсететін қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

      2. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган өз жанынан құрылған аккредиттеу жөніндегі комиссияның шешімі негізінде аккредиттеуді жүргізеді.

      3. Заңды тұлға мынадай біліктілік талаптарына сай келгенде:

      1) төлемге қабілетті болса, банкроттық рәсіміне не таратуға жатпаса, оның мүлкіне тыйым салынбауға тиіс болса, оның қаржы-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрмауға тиіс болса;

      2) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын мерзімі өткен берешегі болмаса;

      3) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілмесе;

      4) штатында халықаралық қаржы ұйымдары әзірлеген және (немесе) таныған халықаралық сертификаттау бағдарламасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы маман сертификаты бар кемінде екі маман болса;

      5) штатында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында кемінде бес жыл консультациялық немесе сараптамалық қызметтер көрсету тәжірибесі бар кемінде үш маман болса, аккредиттелуге жатады.

      Аккредиттелетін заңды тұлғаның маманы осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақшаларында көзделген талаптарға бір мезгілде сай келуі мүмкін.

      4. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган мынадай жағдайларда:

      1) белгіленген талаптарға сай келмейтін өтінім берілгенде;

      2) аккредиттеуден өту үшін заңды тұлға ұсынған құжаттардың анық еместігі анықталғанда және (немесе) ұсынылған құжаттарда қамтылған деректердің (мәліметтердің) анық еместігі немесе толық еместігі анықталғанда;

      3) заңды тұлға белгіленген біліктілік талаптарына сай келмегенде;

      4) аккредиттеуді алуға байланысты қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі болғанда;

      5) егер заңды тұлға немесе оның құрылтайшылары (қатысушылары) немесе басшылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілгенде, аккредиттеуден бас тартады.

      5. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда:

      1) аккредиттеуден өту немесе тоқтатыла тұрған аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын қайта бастау үшін заңды тұлға ұсынған құжаттардың және (немесе) ұсынылған құжаттардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігі анықталғанда;

      2) аккредиттелген заңды тұлғаның сол бір жобаны консультативтік сүйемелдеу және сараптау бойынша қызметтер көрсету фактісі анықталғанда;

      3) егер аккредиттеу туралы куәліктің қолданысын тоқтата тұруға алып келген мән-жайлар кейінгі алты ай ішінде жойылмаса;

      4) егер аккредиттелген заңды тұлға немесе оның құрылтайшылары (қатысушылары) немесе басшылары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілсе;

      5) аккредиттелген ұйымның біліктілік талаптарға сай келмеуі туралы ақпарат берілмеген немесе уақтылы берілмеген кезде, аккредиттеу туралы куәліктен айыру (кері қайтарып алу) туралы шешім қабылдайды.";

      22) 27-бапта:

      2-тармақтың төртінші бөлігіндегі "үш" деген сөз "бес" деген сөзбен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:

      "3. Мемлекет кепілгерлігі бюджет заңнамасына және осы Заңға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері негізінде беріледі.

      Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз қаражаты мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін құруға ғана пайдаланылады.

      Мемлекет кепілгерлігін беру тәртібін, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігі шартының нысанын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.

      Мемлекет кепілгерліктерін беру немесе олардың көлемін ұлғайту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын, оның ішінде концессиялық жобаларды іріктеуді бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайтын тәртіппен бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді.

      Мемлекет кепілгерлігі қарыз алушыдан берешекті өндіріп алу жөніндегі барлық ақылға қонымды шараларды қарыз беруші қабылдағаннан кейін және (немесе) қарыз алушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банкрот деп танылған не таратылған жағдайда орындалуға тиіс.

      Мемлекет кепілгерлігін орындау республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына көзделген қаражат шегінде мемлекет кепілгерлігін орындау жөніндегі талаптар қойылған күннен бастап он сегіз ай ішінде жүзеге асырылады.";

      23) 29-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін құру және (немесе) пайдалану;";

      24) 30-бапта:

      мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "5-1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру;";

      8) және 9) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде өндірілген тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын ілгерілету;

      9) мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілерін құруға және (немесе) пайдалануға қатысу;";

      25) 31-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "31-бап. Жекеше әріптесті айқындау

      1. Жекеше әріптесті айқындау мынадай тәсілдермен жүзеге асырылады:

      1) конкурс;

      2) тікелей келіссөздер;

      3) аукцион.

      2. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс ашық немесе жабық болуы мүмкін.

      Ашық конкурсқа қатысуға әлеуетті жекеше әріптестердің шектеусіз тобы жіберіледі.

      Әлеуетті жекеше әріптестердің шектеулі тізбесі қатысуға жіберілетін жабық конкурс Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен өткізілуі мүмкін.

      3. Осы Заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс бір кезеңдік немесе екі кезеңдік рәсім пайдаланылып өткізілуі мүмкін.

      4. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс аукцион нысанында өткізілуі мүмкін. Осы Заңда конкурсты реттеу бөлігінде көзделген ережелер, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, тең дәрежеде аукционға қолданылады.

      5. Егер салаларды (аяны) дамыту тұжырымдамалары, ұлттық жобалар шеңберінде жоспарланатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларында:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының базалық параметрлері, оның ішінде мақсаттары мен міндеттері, бюджет қаражаты есебінен болжанатын төлемдер, мемлекеттік қолдау шаралары;

      2) экономиканың жекелеген салалары (аясы) бойынша жекеше әріптесті айқындаудың және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасудың өзгеше тәртібін қолдануға нұсқау көзделсе, оларға осы баптың ережелері қолданылмайды.

      Осы тармаққа сәйкес жоспарланатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша жекеше әріптесті айқындау үлгілік конкурстық құжаттама пайдаланыла отырып, тиісті саланың орталық атқарушы органы бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.";

      26) 32-баптың 1-тармағының 7) тармақшасындағы "енгізілмеген;" деген сөз "енгізілмеген болуға тиіс." деген сөздермен ауыстырылып, 8) тармақшасы және 1-1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы алып тасталсын;

      27) 35-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс (аукцион) осы Заңның 31-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 4, 5, 6 және 7-тармақтармен толықтырылсын:

      "4. Екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс жобада жаңа жылжымайтын мүлік объектілерін жобалау, тұрғызу немесе жаңа материалдық емес активті құру арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жаңа объектісін құру көзделетін жағдайларда өткізіледі, сондай-ақ техникалық жағынан күрделі мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісін жаңғырту немесе реконструкциялау көзделетін жобаларда өткізілуі мүмкін. Конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің техникалық-экономикалық және пайдалану сипаттамаларын қалыптастыруды біліктілік іріктеуден өткен әлеуетті жекеше әріптестердің техникалық ұсыныстары негізінде жүзеге асырады.

      5. Екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың бірінші кезеңінде мынадай іс-шаралар жүзеге асырылады:

      1) техникалық тапсырманы қалыптастыру;

      2) екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабархатты жариялау;

      3) конкурсты ұйымдастырушының әлеуетті жекеше әріптестерге техникалық тапсырманы беруі;

      4) әлеуетті жекеше әріптестердің техникалық тапсырмаға сәйкес әзірленген техникалық ұсыныстарды беруі;

      5) конкурсты ұйымдастырушының техникалық ұсыныстарды қарауы және әлеуетті жекеше әріптестермен мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісінің техникалық-экономикалық және пайдалану сипаттамаларына және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жобасының талаптарына қатысты мәселелерді талқылау;

      6) конкурсты ұйымдастырушының мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын әзірлеуі және бекітуі;

      7) конкурсты ұйымдастырушының бірінші кезеңде техникалық ұсыныстарды берген әлеуетті жекеше әріптестерге жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың екінші кезеңіне қатысуға шақыру жіберуі.

      6. Екі кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың екінші кезеңінде мыналар жүзеге асырылады:

      1) конкурстық өтінімдерді қарау;

      2) конкурс жеңімпазын айқындау;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу.

      7. Бір кезеңдік рәсімдер пайдаланылатын жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурс Заңның осы бабының 4-тармағында көзделмеген жағдайларда өткізіледі және мынадай іс-шаралардың өткізілуін қамтиды:

      1) конкурсты (аукционды) ұйымдастырушының мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын әзірлеуі және бекітуі;

      2) конкурсты (аукционды) өткізу туралы хабархат;

      3) конкурстық өтінімдерді қарау және үздік конкурстық өтінімді айқындау;

      4) конкурс (аукцион) жеңімпазын айқындау;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу.";

      28) 37-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) әзірленген жобалау-сметалық құжаттамалары бар, сондай-ақ үлгілік жобалар, үлгілік жобалау шешімдері және қайта қолдану жобалары негізінде іске асырылатын жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздеме не мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының сипаттамасын қамтитын ақпараттық парақ;";

      29) 39-баптың 2 және 5-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа (аукционға) қатысуға конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз ету мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша болжамды инвестициялар сомасының оннан бір пайызы мөлшерінде енгізіледі.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша болжамды инвестициялар сомасы конкурстық (аукциондық) құжаттамада айқындалады.";

      "5. Конкурсты (аукционды) ұйымдастырушы конкурстық (аукциондық) өтінімді қамтамасыз етуді мынадай жағдайлардың бірі басталған кезде:

      1) әлеуетті жекеше әріптес конкурстық (аукциондық) өтінімді конкурстық (аукциондық) өтінімдер ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін кері қайтарып алғанда;

      2) конкурстың (аукционның) жеңімпазы деп айқындалған әлеуетті жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасудан жалтарғанда, оның ішінде конкурстық (аукциондық) өтінімді және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарын конкурстық (аукциондық) комиссияның ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес талқылаудан және нақтылаудан бас тарту арқылы жалтарғанда не оның ұсыныстары жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурстың талаптары тұрғысынан қолайсыз болып табылғанда қайтармайды.";

      30) 40-1-бапта:

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Жобаға бастамашылық жасаған әлеуетті жекеше әріптес өзі бастамашылық жасаған жобада жекеше әріптесті айқындау жөніндегі конкурсқа қатысуға міндетті.

      Егер біліктілікті іріктеу нәтижелері бойынша конкурсқа екіден кем әлеуетті жекеше әріптес жіберілсе, конкурс өткізілмеген болып есептеледі. Бұл ретте қайта конкурс өткізуге жол беріледі.";

      3-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;

      31) 42-бап алып тасталсын;

      32) 44-1-баптың 2 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Жекеше әріптес өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту шеңберінде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды құруды және (немесе) пайдалануды мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына сәйкес жүзеге асырады.";

      "4. Жекеше әріптестің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды құруға бағытталған инвестициялық шығындарының өтемақысы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      33) 45-бапта:

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелер болған кезде оларды мемлекеттік қазынашылық немесе мемлекеттік қазынашылық органдары бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тіркеуге тиіс.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған әртүрлі шарттардың элементтері қамтылатын шарт болып табылады. Егер осы Заңнан, тараптардың келісімінен немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының мәнінен өзгеше туындамаса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының қатынастарына тиісті бөліктерде осы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында элементтері қамтылатын Қазақстан Республикасының шарттар туралы заңнамасы қолданылады.";

      34) 46-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "46-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының мазмұны

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының елеулі талаптары мыналар болып табылады:

      1) жобаның мақсаттары, міндеттері, тікелей және түпкілікті нәтижелері;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру кезеңі ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісі және мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектісіне мүліктік құқықтар;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының инвестициялық және операциялық кезеңдерінің мазмұны мен мерзімдері;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыру мөлшерлері, мерзімдері мен шарттары, сондай-ақ инвестициялардың мөлшерлері, мерзімдері мен шарттары;

      5) шығындарды өтеу және кірістерді алу көздері, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылған жағдайда олардың түрлері, көлемдері, ұсыну мерзімдері мен шарттары;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру мерзімі;

      7) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары арасында тәуекелдерді бөлу;

      8) бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен әдістемелік ұсынымдарға сәйкес есептелген жобаның әлеуметтік-экономикалық және қаржылық-экономикалық модельдері.

      Тараптар барлық елеулі талаптар бойынша келісімге қол жеткізбеген кезде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жасалмаған болып есептеледі.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мынадай міндетті талаптарды қамтуға тиіс:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының, тараптардың өкілетті өкілдерінің толық атауы;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының тұрған жері (заңды мекенжайы) және банктік деректемелері;

      3) тараптардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының мақсаттарына, оның ішінде инвестициялық және пайдалану кезеңдері шеңберінде қол жеткізуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ тәуекелдерді басқару бөлігіндегі құқықтары мен міндеттері;

      4) жоба шеңберінде берілетін тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің түрлеріне, көлеміне, сапасына қойылатын талаптар, оның ішінде сапа индикаторларын және толық пайдалану әзірлігінің өлшемшарттарын бұзғаны үшін ақаулы ұпайлардың есептемесі;

      5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде өндірілетін тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) қалыптастыру және бекіту тәртібі;

      6) бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен енгізілетін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының болжамды инвестициялары құнының оннан бір пайызы мөлшерінде меншікті қаражатын енгізу және қарыз қаражатын тарту бойынша жекеше әріптестің міндеттемелерін қамтамасыз ету;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша дауларды сотқа дейінгі, сотта және (немесе) соттан тыс шешу тәртібі;

      8) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының қабылданған міндеттемелерді орындауын бағалау өлшемшарттары, оларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайларда тұрақсыздық айыбын (міндетті түрде құндық мәнде көрсете отырып) төлеу;

      9) егер оператор мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тарапы болып табылмаса, операторды айқындау тәртібі, оператор тартылуға тиіс талаптар, оны тартуға жауапты тарап;

      10) қоршаған ортаны қорғау және жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігі жөніндегі талаптар;

      11) валюталық компонент бойынша қайта қаржыландыру тетігін қоса алғанда, валюталық тәуекелдерді бөлу тәртібі;

      12) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының жауапкершілігі;

      13) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын өзгерту және бұзу шарттары, оның ішінде пайда алушылар мен мүдделі тұлғалар үшін теріс салдарды болғызбау немесе барынша азайту жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда тараптардың шығыстары мен шығындарын өтеу тәртібі;

      14) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындаудан біржақты бас тартудың айрықша жағдайлары;

      15) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша берілетін мүлікті күтіп-ұстау ауыртпалығының, сондай-ақ көрсетілген мүліктің кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну тәуекелдерінің өту талаптары мен мерзімдері;

      16) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының орындалуын мониторингтеу тәртібі, оның ішінде жекеше әріптестің мониторинг жүргізу үшін ақпарат беру тәртібі.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудың өзге де талаптары қамтылуы мүмкін.

      3. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптардан басқа, мыналар қамтылуға тиіс:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясын құру тәртібі мен мерзімдері;

      2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының органдарын қалыптастыру тәртібі;

      3) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының жарғылық капиталын қалыптастыру мен толықтыру тәртібі;

      4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының акционерлері (қатысушылары) арасындағы қатынастар;

      5) корпоративтік дауларды шешу тәртібі.

      Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының құрылтай шартын тараптар институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптарында жасауға тиіс.

      4. Егер Қазақстан Республикасының бейрезиденті жекеше әріптес болып табылса, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша қолданылатын құқықты мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары айқындайды.

      5. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты қазақ және орыс тілдерінде жасалуға тиіс. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының келісімі бойынша айқындалған өзге де тілдерде қосымша жасалуы мүмкін.";

      35) 48-бапта:

      2-тармақ алып тасталсын;

      3-тармақтың 3) тармақшасындағы "мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында айқындалған тәртіппен сот шешімімен" деген сөздер "осы Заңның 57-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалған органның шешімі негізінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының бірінің талап етуі бойынша" деген сөздермен ауыстырылсын;

      36) 49 және 50-баптар мынадай редакцияда жазылсын:

      "49-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын өзгерту, бұзу, тоқтату

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының келісімі бойынша өзгертілуі және (немесе) бұзылуы мүмкін.

      2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының талаптары өзгерістер нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының әлеуметтік-экономикалық тиімділігінің көрсеткіштері жақсарған кезде, сондай-ақ егер мұндай өзгерістер мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапалық сипаттамаларына және (немесе) көлеміне және (немесе) қолжетімділігіне қойылатын талаптарды төмендетпесе, тараптардың келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін.

      3. Осы баптың 2-тармағының талаптары сақталған кезде, сондай-ақ жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының қолданылу мерзімін ұзарту жүзеге асырылатын кезеңде инвестициялар енгізген кезде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының қолданылу мерзімін ұлғайта отырып, пайдалану кезеңін ұлғайтуға жол беріледі.

      4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын тиісті бюджет комиссиясының қарауынсыз бюджет қаражатын пайдалану бөлігінде мемлекеттік міндеттемелердің өзгеруіне алып келетін өзгертуге жол берілмейді.

      5. Осы Заңның 46-бабының 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 7) тармақшаларында көзделген талаптарды қоспағанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының елеулі талаптары сараптамалардың оң қорытындылары болған және өзгерістер тиісінше конкурстық құжаттаманы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын сараптауды және келісуді жүзеге асырған барлық органмен, олардың құзыретіндегі мәселелер бойынша өзге де мүдделі органдармен келісілген жағдайда ғана, сондай-ақ монополияға қарсы орган бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету бөлігінде осындай өзгерістерді келіскен жағдайда өзгертілуі мүмкін.

      Осы Заңның 46-бабының 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 7) тармақшаларында көзделген мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының елеулі талаптарын өзгертуге болмайды.

      6. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты:

      1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бұзылған не қолданылу мерзімі өткен кезде;

      2) жекеше әріптес таратылған (қайтыс болған, әрекет қабілетінен айырылған) кезде;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

      7. Мемлекеттік әріптестің талап етуі бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты:

      1) жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын елеулі түрде бұзған кезде;

      2) егер жекеше әріптес өзінің дәрменсіздігіне (банкроттығына) байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын жүзеге асыруға қабілетсіз болса;

      3) қоғам мен мемлекет мүддесінде, оның ішінде мұндай әрекеттер ұлттық қауіпсіздікті, халықтың денсаулығы мен имандылығын қамтамасыз ету мақсатында жасалған кезде ғана сот шешімімен бұзылуы мүмкін.

      8. Жекеше әріптестің талап етуі бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты мемлекеттік әріптес және (немесе) мемлекеттік орган мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын елеулі түрде бұзған кезде ғана сот шешімімен бұзылуы мүмкін.

      50-бап. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша талап етуді басқаға беру және жекеше әріптестің борышын аудару

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша талап етуді басқаға беруге және жекеше әріптестің борышын аударуға мемлекеттік әріптестің, оператордың жазбаша келісуі болған және жекеше әріптестің құқықтары мен міндеттері өтетін тұлға жалпы және қосымша (арнаулы) біліктілік талаптарына сай болған жағдайда ғана жол беріледі.";

      37) 51-1-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Жекеше әріптес тікелей келісім жасасқан кредитор алдындағы және (немесе) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты бойынша өзінің міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, тікелей келісім жасасқан кредиторлармен келісу бойынша жекеше әріптесті ауыстыруға жол беріледі, ол жекеше әріптесті ауыстыру мақсатында мемлекеттік әріптестің конкурс (аукцион) өткізуі арқылы жүзеге асырылады.";

      38) 52-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясы өз қызметін акционерлік қоғамның не жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында жүзеге асырады, онда мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес жиынтығында дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) бір жүз пайызына ие болады.

      Мемлекеттік және жекеше әріптестер құрылтай шарты шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасуға құқылы.

      Осы Заңда реттелмеген бөлігінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік компаниясының қызметі Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы заңнамасында реттеледі.";

      39) 56-баптың 1 және 4-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Арнаулы экономикалық және индустриялық аймақтардағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік осы Заңның ережелеріне сәйкес іске асырылады және арнаулы экономикалық немесе индустриялық аймақтың инфрақұрылым объектілерін, сондай-ақ арнаулы экономикалық аймақтағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің өзге де объектілерін құруға және пайдалануға бағытталады.";

      "4. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу жекеше әріптестің арнаулы экономикалық немесе индустриялық аймақ аумағында арнаулы экономикалық немесе индустриялық аймақтың инфрақұрылым объектілерін құру және пайдалану жөніндегі қызметін жүзеге асыруға негіз болып табылады.";

      40) 57-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "57-бап. Дауларды шешу

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындауға және тоқтатуға байланысты даулар сотқа дейінгі реттеу міндетті түрде сақтала отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында белгіленген тәртіппен шешіледі.

      2. Дауларды шешу кезінде тараптар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының іске асырылуын қамтамасыз етуге арналған барлық шараларды қабылдауға тиіс.

      3. Егер мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын орындауға және тоқтатуға байланысты даулар осы баптың 1-тармағына сәйкес шешілмейтін болса, онда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары дауды Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, "Төрелік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төрелікте шешуге құқылы, ал жекеше әріптес немесе жекеше әріптестің дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жиырма бес және одан көп пайызын иеленетін акционерлерінің (қатысушыларының) ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылған жағдайда, инвестициялардың болжамды мөлшері республикалық бюджет туралы заңда шарт жасасу жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт миллион еселенген мөлшерінен асатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша дау "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Халықаралық төрелік орталыққа немесе халықаралық төрелікке жүгіну арқылы да шешілуі мүмкін.

      4. Жекеше әріптесті айқындау тәртібіне байланысты даулар Қазақстан Республикасының соттарында шешіледі.".

      34. "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 5-баптың 1-тармағында:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының паспорттарын, мемлекеттік органдардың даму жоспарларының, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларының, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының жобаларын, агломерацияларды дамытудың кешенді жоспарларының жобаларын талқылау;";

      мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "3-1) әлеуметтік маңызды объектілерге жатпайтын және оң рентабельділік пен өтімділіктің алғышарттарының болуын болжайтын мемлекеттік инвестициялық жобаларды талқылау;";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) ашық бюджеттер интернет-порталында бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын жария талқылау қорытындылары бойынша есептерді, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы есептерін, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерді талқылау;";

      2) 20-баптың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қоғамдық мониторинг мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтер көрсетуі, даму жоспарларын және бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларын іске асыруы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарларын, іс-шаралар жоспарларын іске асыруы, мемлекеттік қызметтер көрсетуі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын қолдану нәтижесінде азаматтар үшін теріс салдарды және қоғамдық мүдделерге нұқсан келтіру фактілерін анықтау мақсатында жүзеге асырылады.".

      35. "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде мемлекет құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері болып табылатын Ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді заңды тұлғалар және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, "Астана" халықаралық қаржы орталығы органдарының, олардың ұйымдарының және қатысушыларының қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым;".

      2) 3-баптың 2-тармағының 2) тармақшасындағы "тікелей және" деген сөздер алып тасталсын;

      3) 4-баптың 4) тармақшасындағы "тікелей," деген сөз алып тасталсын;

      4) 10-баптың 1-1-тармағындағы "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының Кеңсесінде," деген сөздер алып тасталсын;

      5) 12-бапта:

      1-тармақтың 7) тармақшасындағы "байланысты гранттарды" деген сөздер "заңды тұлғаларға берілетін трансферттерді, байланысты гранттарды" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) республикалық бюджет қаражатын, оның ішінде заңды тұлғаларға берілетін трансферттерді, нысаналы трансферттер мен кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды, мемлекет кепілгерліктері мен активтерін пайдалануға, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын қаржыландыруға;";

      4-тармақта:

      5) тармақша "бюджет қаражатын," деген сөздерден кейін "оның ішінде заңды тұлғаларға берілетін трансферттерді," деген сөздермен толықтырылсын;

      14-1) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 22-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "22-2) ревизиялық комиссия мүшелерін лауазымға тағайындауды және оларды лауазымнан босатуды келіседі;";

      24-1) тармақша алып тасталсын;

      6) 14-баптың 2) тармақшасының төртінші абзацындағы ", оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелердің" деген сөздер алып тасталсын;

      7) 15-баптың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) бюджет шығыстарымен өзара байланыстыра отырып, мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілуін талдайды;";

      8) 17-баптың 1-тармағының 2) тармақшасындағы "97" деген цифрлар "116" деген цифрлармен ауыстырылсын;

      9) 22-баптың бірінші бөлігінің 4) тармақшасындағы "тікелей және" деген сөздер алып тасталсын;

      10) 27-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "27-бап. Республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалау

      1. Жоғары аудиторлық палата Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен республикалық бюджет жобасын, нақтыланған республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалауды оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша жүзеге асырады.

      2. Республикалық бюджет жобасын оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау республикалық бюджет жобасы шығыстарының елдің жалпыұлттық басымдықтарына, республикалық бюджет шығыстарының басым бағыттарына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын және орталық мемлекеттік органдардың өзге де құжаттарын бағалау нәтижелеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палата берген тұжырымдар мен ұсынымдарға сәйкестігі тұрғысынан жүзеге асырылады.

      3. Республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалау нәтижелері Қазақстан Республикасының Үкіметі Жоғары аудиторлық палатаға республикалық бюджет жобасын енгізген күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне ұсынылады.

      Нақтыланған республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалау нәтижелері Қазақстан Республикасының Үкіметі Жоғары аудиторлық палатаға республикалық бюджет жобасын енгізген күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне ұсынылады.

      4. Алдын ала бағалау нәтижелері ұсынымдық сипатта болады.";

      11) мынадай мазмұндағы 27-1-баппен толықтырылсын:

      "27-1-бап. Облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің жобаларын алдын ала бағалау

      1. Ревизиялық комиссиялар Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің жобаларын, нақтыланған облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің жобаларын алдын ала бағалауды олардың шығыстарының негізгі бағыттары бойынша жүзеге асырады.

      2. Облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің жобаларын олардың шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау жоспарланатын шығыстардың облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына, шығыстардың, оның ішінде жоғары тұрған бюджеттен жалпы сипаттағы трансферттер түрінде берілетін қаржыландыру көлемі ескеріле отырып қалыптастырылатын шығыстардың басым бағыттарына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын бағалау нәтижелеріне, жергілікті атқарушы органдардың есепті қаржы жылындағы облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің атқарылуы туралы есебіне ревизиялық комиссиялар берген тұжырымдар мен ұсынымдарға сәйкестігі тұрғысынан жүзеге асырылады.

      3. Облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің жобасын алдын ала бағалау нәтижелері жергілікті бюджет жобасы ревизиялық комиссияға енгізілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына және тиісті мәслихатқа ұсынылады.

      Нақтыланған облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің жобасын алдын ала бағалау нәтижелері жергілікті бюджет жобасы ревизиялық комиссияға енгізілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына және тиісті мәслихатқа ұсынылады.

      4. Алдын ала бағалау нәтижелері ұсынымдық сипатта болады.";

      12) 28-баптың 2-тармағының 1) тармақшасындағы "нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдерді," және "тікелей және" деген сөздер алып тасталсын;

      13) 29-баптың 3-тармағының 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) мемлекеттік органдардың өздерінің даму жоспарларында және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өзге де құжаттарында, оның ішінде алдыңғы кезеңдердегі құжаттарында және бюджеттік бағдарламаларында көзделген нысаналы индикаторларға және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін;

      3) бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттерді және кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды, мемлекет кепілгерліктері мен активтерін пайдалануды, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын қаржыландыруды;";

      14) 47-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Ревизиялық комиссия мүшелерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес, ревизиялық комиссия төрағасының ұсынуы және Жоғары аудиторлық палатамен келісу бойынша тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты бес жыл мерзімге лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.".

      36. "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) ашық бюджеттердің интернет-порталы – бюджеттік есептілікті, шоғырландырылған қаржылық есептілікті, азаматтық бюджетті, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жариялануға жататын өзге де материалдарды, ақпарат пен құжаттарды орналастыруды, сондай-ақ бюджеттік бағдарламаларды және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерді жария талқылауды қамтамасыз ететін ақпараттандыру объектісі;";

      2) 16-баптың 3-тармағында:

      3) тармақшада:

      оныншы абзацтағы "бағдарламалардың жобаларына" деген сөздер "бағдарламаларға" деген сөзбен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы он бірінші абзацпен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жариялануға жататын өзге де материалдарды, ақпарат пен құжаттарды;";

      4) тармақшаның екінші абзацындағы "стратегиялық жоспарын" деген сөздер "даму жоспарын" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 17-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Ашық бюджеттердің интернет-порталында осы Заңның 8-бабының 1) тармақшасында көрсетілген ақпарат иеленушілер бюджеттік есептілікті, шоғырландырылған қаржылық есептілікті, азаматтық бюджетті, мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау нәтижелерін, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жариялануға жататын материалдарды, ақпарат пен құжаттарды орналастырады, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың жобаларына және бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы есептерге жария талқылау өткізеді.".

      37. "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы Заңына:

      1) 8-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "8-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының және қорға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін бюджет қаражатының сақталуын қамтамасыз ету

      1. Мемлекет қор активтерінің және қорға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін бюджет қаражатының сақталуына кепілдік береді.

      2. Қор активтерінің және қорға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін бюджет қаражатының сақталуы:

      1) қордың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ететін нормалар мен лимиттерді белгілеу арқылы қордың қызметін реттеу;

      2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін бюджет қаражатын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы инвестициялық қызметті жүзеге асыру;

      3) қордың активтерін инвестициялық басқару жөніндегі барлық операцияларды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде есепке алу;

      4) қордың меншікті қаражаты мен активтерін бөлек есепке алуды жүргізу;

      5) жыл сайынғы тәуелсіз аудитті жүргізу;

      6) қордың Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрақты қаржылық есептілікті ұсынуы;

      7) қордың активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарының тізбесін айқындау арқылы қамтамасыз етіледі.";

      2) 18-бапта:

      4-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "1-1) денсаулық сақтау субъектілерінің әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу үшін бөлінетін бюджет қаражаты;";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Қордың активтері Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған ағымдағы шотта жинақталады және тек қана мынадай мақсаттарға пайдаланылуы мүмкін:

      1) денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне одан әрі ақы төлеу үшін қордың мемлекеттік қазынашылықта ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударымдар;

      2) қаржы құралдарына орналастыру;

      3) аударымдардың және (немесе) жарналардың артық төленген сомаларын, қате есепке жатқызылған өзге де қаражатты қайтару.";

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Қорға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне бөлінетін бюджет қаражаты мемлекеттік қазынашылықта ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке жатқызылады.

      Осы Заңның 26-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар үшін мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары және денсаулық сақтау субъектілерінің әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу үшін берілетін трансферттер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған ағымдағы шотқа есепке жатқызылады.";

      6-тармақтың бірінші абзацындағы "нысаналы жарна" деген сөздер "бюджет" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3) 36-баптың 2-тармағындағы "нысаналы жарна" деген сөздер "бюджет" деген сөзбен ауыстырылсын.

      38. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      12-баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 17) тармақшасындағы "бюджеттік өтінімін", "бюджеттік өтінімді" деген сөздер "бюджеттік сұранымын", "бюджеттік сұранымды" деген сөздермен ауыстырылсын.

      39. "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      23-баптың 7-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Терминдер мен анықтамалардың мағынасын түсіндіретін нормалар заңнамалық актілерде пайдалану ыңғайлы болуы мақсатында жекелеген құрылымдық элементтерде қамтылуы мүмкін.".

      40. "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      14-бап:

      "дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін," деген сөздерден кейін "өткізілген лотерея билеттерінен, электрондық лотерея билеттерінен түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде үш пайызын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, креативті индустрияларды дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлғаға креативті индустрияларды дамыту үшін," деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Креативті индустрияларды дамытуға жәрдемдесетін заңды тұлға лотереяны және лотерея операторын ілгерілетуді өзі ұйымдастыратын және (немесе) қаржыландыратын жобалар немесе іс-шаралар шеңберінде қамтамасыз етеді.".

      41. "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      27-бапта:

      10-тармақтың үшінші бөлігінде:

      5) тармақшадағы "нысаналы жарна қаражатына" деген сөздер "трансферттерге" деген сөзбен ауыстырылсын;

      6) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес инвестициялық шығындардың өтемақысын есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға;";

      11-тармақтың екінші бөлігіндегі "нысаналы жарна қаражатына" деген сөздер "трансферттерге" деген сөзбен ауыстырылсын.

      42. "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      6-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын мүлкін салық салу үшін бағалау жөніндегі көрсетілетін қызметтерге тапсырыс беруші болып табылады.".

      43. "Табиғи монополиялар туралы" 2018 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 5-баптың 1-тармағының 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8) бәсекелес теміржол болмаған кезде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша теміржол көлігінің объектілері бар теміржолдардың;";

      2) 8-бапта:

      13) тармақша мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында каналдар арқылы су беру және тежеуіш гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметтер бөлігінде Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын бекітуді және бекітілген бағдарламасына өзгерістер енгізуді су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады;";

      24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "24) тарифті қалыптастыру бөлігінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының конкурстық құжаттамасын, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобаларын, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді келіседі;";

      3) 9-баптың 2), 2-1), 2-2) және 2-3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында каналдар арқылы су беру және тежеуіш гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдардың реттеліп көрсетілетін қызметтері бойынша Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің республикалық бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің, сондай-ақ Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді және оған өзгерістер енгізеді;

      2-1) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында каналдар арқылы су беру және тежеуіш гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, инвестициялық бағдарламаны бекітуге өтініш ұсынылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасының іс-шараларын қабылдаудың орындылығы немесе орынсыздығы туралы қорытындыны уәкілетті органға жібереді;

      2-2) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында каналдар арқылы су беру және тежеуіш гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің бекітілген инвестициялық бағдарламасының орындалуы туралы есепті қарау қорытындылары бойынша ол келіп түскен күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірмей, бекітілген инвестициялық бағдарлама іс-шараларының орындалуын қабылдаудың орындылығы немесе орынсыздығы туралы өз қорытындысын белгіленген тәртіппен уәкілетті органға жібереді;

      2-3) сумен жабдықтау және (немесе) су бұру саласында каналдар арқылы су беру және тежеуіш гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен жер үстіндегі ағын суды реттеу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес, реттеліп көрсетілетін қызметтердің сапасы, сенімділігі және табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділігі көрсеткіштерін белгілеуге қатысады;";

      4) 12-баптың 1-тармағының 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты негізінде тарифті айқындау.";

      5) 15-бапта:

      22-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты негізінде тарифті айқындау тәртібі;";

      24-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты негізінде тарифті айқындау.";

      6) 19-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "19-бап. Жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты негізінде тарифті айқындау

      1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының жобасын қарау кезінде тариф реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін қажетті шығындар құнынан төмен болмауға, сондай-ақ мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес салған инвестициялардың қайтарылуын және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жобасының техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес салынған инвестициялардың кірістілік деңгейін қамтамасыз етуге тиіс.

      2. Жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, бекітілген инвестициялық бағдарлама негізінде тарифті айқындау тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Тарифті айқындау мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің немесе уәкілетті органның бастамасымен жүргізіледі.

      4. Тарифтің қолданылу мерзімі мемлекеттік-жекешелік әріптестік субъектісінің бекітілген инвестициялық бағдарламаны және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын іске асыру мерзімінен аспайтын кезеңге белгіленеді.";

      7) 25-баптың 5-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тариф индекстеу әдісімен белгіленген кезде және жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты негізінде тариф айқындалған кезде табиғи монополия субъектісі жария тыңдаулар өткізілерден күнтізбелік отыз күн бұрын олардың өткізілетін күні мен орны туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында не тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында орналастырады.".

      44. "Агломерацияларды дамыту туралы" 2023 жылғы 1 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 8-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 2-1), 2-2) және 2-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "2-1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын агломерациялар тізбесінде және құрамында айқындалған аумақтар шегінде агломерациялар аумағында жаңа объектілер салуды қаржыландыру туралы бірлескен шешім қабылдайды;

      2-2) агломерация аумағында объектілер салу үшін жер учаскесін беру туралы шешім қабылдайды;

      2-3) агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісім негізінде агломерацияны дамыту мақсаттары үшін өткізілген объектілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес аумағында объект өткізілген жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне береді;";

      2) 10-бап мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу бойынша бір деңгейдегі жергілікті бюджеттердің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы агломерация аумағында жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісім негізінде жүзеге асырылады және жаңа объектілер салу арқылы агломерацияны дамыту мақсаттарына жол беріледі.

      Агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу бойынша бір деңгейдегі жергілікті бюджеттердің бір-бірімен өзара қарым-қатынас жасау тәртібін, агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімді іске асыру туралы есептілікті жасау мен ұсыну тәртібін және агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешу туралы келісімнің мазмұнына қойылатын талаптарды өңірлік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.".

      45. "Ғылым және технологиялық саясат туралы" 2024 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-бапта:

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған грант – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, экономиканың басым секторлары шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетін қаражат;";

      мынадай мазмұндағы 18-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "18-1) ғылыми зерттеулерге арналған грант – қолданыстағы заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет шеңберінде ғылыми, ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетін қаражат;";

      24) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "24) ғылыми-техникалық қызмет – технологиялық, конструкторлық, экономикалық, әлеуметтік-саяси және өзге де міндеттерді шешу үшін ғылым, техника және өндіріс салаларында жаңа білім алуға және оны қолдануға, нәтижелерді коммерцияландыруды және осы зерттеулерді жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттама әзірлеуді қоса алғанда, ғылымның, технология мен өндірістің біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған қызмет;";

      2) 11-баптың 2-тармағында:

      бірінші бөлік "құқығына негізделген" деген сөздерден кейін ", оның ішінде мемлекеттік мекемелердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Ғылым саласындағы мемлекеттік мекемелер өздерінің жарғылық мақсаттарына сәйкес келетін қызметтерді көрсетуге және осындай көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен ақшаны Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен пайдалануға құқылы.";

      3) 34-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.

      2. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

      1) базалық қаржыландыру;

      2) гранттық қаржыландыру;

      3) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру;

      4) іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру.";

      4) 36-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі "коммерцияландыруға" деген сөзден кейін "ғылыми зерттеулерге арналған грант және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған грант түрінде" деген сөздермен толықтырылсын.

      46. "Мемлекеттік сатып алу туралы" 2024 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 1-баптың 5) тармақшасы ", сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарының инвестициялық шығындарын қаржыландыруға бағытталған бюджеттік инвестицияларды іске асыру" деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 3-баптың 14) тармақшасындағы және 6-баптағы "Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан" деген сөздер "Арнаулы мемлекеттік қордан" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 7-баптың 8-тармағындағы "Сақтандыру агенттері" деген сөздер "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру агенттері" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 16-баптың 3-тармағының 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) табиғи монополия салаларына жататын көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ энергиямен жабдықтаудың көрсетілетін қызметтерін сатып алу немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымнан электр энергиясын сатып алу-сату;";

      5) 29-баптың 2-тармағы алып тасталсын.

      47. "Жылу энергетикасы туралы" 2024 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1-баптың 34) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "34) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі – тұтынушылардың (тұрмыстық қажеттіліктер үшін жылу энергиясын пайдаланатын) жиынтық қосылған жүктемесі жиырма мегаваттан асатын жылу желілері арқылы тұтынушыларға жылу жеткізгішті тасымалдай отырып, бір немесе бірнеше жылу энергиясы көзінен жылумен жабдықтайтын жүйе;".

      48. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы, электр энергетикасы және реттеліп көрсетілетін қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2024 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      1-баптың 4-тармағының 24) тармақшасы он бесінші абзацының екінші сөйлемі алып тасталсын.

      2-бап.

      1. Осы Заң:

      1) 2024 жылғы 31 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 48-тармағын;

      2) 2025 жылғы 16 наурыздан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 9-тармағының 1) тармақшасын;

      3) 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 40-тармағын;

      4) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 31-тармағының 2) тармақшасын, 33-тармағы 1) тармақшасының үшінші және он үшінші абзацтарын, 15) тармақшасының он бірінші және он екінші абзацтарын, 19) және 21) тармақшаларын;

      5) 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 35-тармағының 11) тармақшасын қоспағанда, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      2. "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 161-бабы 2-тармағының қолданысы 2025 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын:

      1) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2025 жылғы 1 сәуірге дейін осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "2. Білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, дене шынықтыру және спорт, сұрыптарды сынақтан өткізу, ауыл шаруашылығы өндірісіне агрохимиялық қызмет көрсету, суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін мониторингтеу және бағалау, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында мемлекеттік мекемелер, Қарулы Күштердің спорт, мәдениет, әуежай қызметі саласында, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету саласында маманданатын мемлекеттік мекемелері, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету саласында арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік музейлер, музей-қорықтар және мемлекеттік архивтер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түскен ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджеттің есебіне жатқызылуға тиіс.";

      2) 2025 жылғы 1 сәуірден бастап 2025 жылғы 1 шілдеге дейін осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "2. Білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, дене шынықтыру және спорт, сұрыптарды сынақтан өткізу, ауыл шаруашылығы өндірісіне агрохимиялық қызмет көрсету, ветеринария, орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында мемлекеттік мекемелер, Қарулы Күштердің спорт, мәдениет, әуежай қызметі саласында, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету саласында маманданатын мемлекеттік мекемелері, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету саласында арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының мемлекеттік мекемелері, сондай-ақ мемлекеттік кітапханалар, мемлекеттік музейлер, музей-қорықтар және мемлекеттік архивтер өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында кіріс келтіретін қызметті жүзеге асыруға құқық берілген мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуінен түскен ақша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті бюджеттің есебіне жатқызылуға тиіс.".

      3. Осы Заңның 1-бабының 33-тармағы осы Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін бастамашылық жасалған мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына қолданылады деп белгіленсін.

      Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін бастамашылық жасалған концессиялық жобаларды іске асыру "Концессиялар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітілген конкурстық (аукциондық) құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады.

      4. "Концессиялар туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ