Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2023 жылғы 2 қазандағы № 31-VIII ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз.

      1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1. 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексіне:

      48-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Осы Кодексте реттелмеген бөлігінде су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды қоғамдық бақылау субъектілері "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.".

      2. 2020 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне:

      1) 4-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 31-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "31-1) петиция – мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электрондық құжат нысанында жіберілген және осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс;";

      2) мынадай мазмұндағы 12-1-тараумен толықтырылсын:

      "12-1-тарау. Петиция

      90-1-бап. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік орган, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар петицияны осы тарауда белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодексте белгіленген тәртіппен қарайды.

      2. Осы тараудың мақсаты үшін арыз иесі деп петицияны берген Қазақстан Республикасының азаматы түсініледі.

      90-2-бап. Петицияны беру тәртібі

      1. Арыз иесі петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын интернет-ресурс (бұдан әрі – интернет-ресурс) арқылы не мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жазбаша арыз түрінде интернет-ресурста орналастыру үшін береді.

      2. Петицияда:

      1) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері, электрондық мекенжайы;

      2) петиция берілетін мемлекеттік органның, жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы органның атауы;

      3) арыз иесі өкілінің тиісті өкілеттіктерін растайтын құжаттың көшірмесі (егер петицияны оның өкілі берсе);

      4) петицияның мазмұны, сондай-ақ петицияның нысанасы бойынша дәлелдер мен ұсыныстар көрсетіледі.

      Қажет болғанда арыз иесі немесе оның өкілі растайтын құжаттарды және (немесе) өзге де материалдарды петицияға қоса береді.

      3. Мыналар:

      1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға алып келуі мүмкін;

      2) конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, халықтың денсаулығы мен имандылығына нұқсан келтіруі мүмкін мәселелер;

      3) Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретіндегі мәртебесін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын, Республика Президенті жеті жыл мерзімге сайланады және бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды деген ережелерді өзгерту;

      4) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы мен Мемлекеттік шекарасы;

      5) сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот төрелігін жүзеге асыру;

      6) прокуратура органдарының заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауы;

      7) сыртқы барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру, құқық қорғау қызметі, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзету іс-шараларын жүргізу;

      8) Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару, қылмыстық-процестік, азаматтық процестік, әкімшілік рәсімдік-процестік заңнамасы және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасы;

      9) қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік және қоғамдық тәртіпті сақтау;

      10) адамдарға рақымшылық және кешірім жасау;

      11) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенті Палаталары мен Үкіметінің қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату;

      12) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын міндеттемелерді орындау мәселелері;

      13) Қазақстан Республикасының сайлау және республикалық референдум туралы заңнамасында реттелетін мәселелер;

      14) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері;

      15) мемлекеттік тілдің мәртебесі;

      16) мемлекеттік органдардың құзыретін, өкілеттіктерін, функциялары мен міндеттерін өзгерту мәселелері;

      17) төтенше жағдай және (немесе) төтенше ахуал режимдерінің қолданылуы шеңберінде қабылданатын шешімдердің күшін жою және оларды өзгерту туралы мәселелер петицияның нысанасы бола алмайды.

      4. Петицияны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастыру үшін петиция мынадай шарттарға сәйкес келуге тиіс:

      1) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша және тәртіппен он жұмыс күні ішінде электрондық нысанда және жиырма жұмыс күні ішінде жазбаша түрде Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының петицияға қосылуы;

      2) петицияның осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде белгіленген талаптарға сәйкес келуі;

      3) петицияны берген кезде интернет-ресурста дәл сондай нысанадағы петицияның болмауы.

      5. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияға Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматы қосылған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде петицияның осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.

      Петицияның осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкестігін анықтау қажет болғанда мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салу жіберуге құқылы.

      6. Петиция осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келмеген жағдайда мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган себептерін негіздей отырып, петицияны қабылдамайды, бұл жөнінде арыз иесін немесе оның өкілін электрондық нысанда және (немесе) жазбаша түрде хабардар етеді.

      7. Петиция осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шарттарға сәйкес келген жағдайда мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияға Қазақстан Республикасы азаматтарының қосыла бастауы үшін оны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырады, бұл жөнінде арыз иесі немесе оның өкілі электрондық нысанда және (немесе) жазбаша түрде хабардар етіледі.

      8. Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петицияны интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ақпараттық хаттар жіберу арқылы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органда есепке қойылған бұқаралық ақпарат құралдарына петицияға қосылудың басталғаны туралы хабарлайды.

      90-3-бап. Петицияға қосылу

      1. Қазақстан Республикасының азаматтары петицияға қосылуды интернет-ресурста мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе жазбаша түрде куәландыра отырып жүзеге асырады.

      Петицияға қосылу Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес берілетін дербес деректерін жинауға және өңдеуге келісімін берген жағдайда жүзеге асырылады.

      2. Петиция интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырылған кезден бастап алты ай ішінде петицияға қосылуға болады.

      3. Қазақстан Республикасы азаматының петицияға қосылу және (немесе) интернет-ресурста еркін қолжетімді түрде комментарий орналастыру арқылы оған қатысты өз көзқарасын білдіруге құқығы бар.

      4. Қосылудың қорытындысы бойынша:

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде елу мың даусына;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті өкілді органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санында Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде екі пайыз даусына;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының санында Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде бір пайыз даусына;

      қалалық, аудандық жергілікті өкілді органдардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны елу мыңнан асқанда – Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде бес мың даусына, қалғандары үшін – халық санының кемінде он пайызына;

      аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының, республикалық маңызы бар қалалардағы (астанадағы) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардағы аудандардың әкімдері аппараттарының, аудандық маңызы бар қалалардағы, ауылдардағы, кенттердегі, ауылдық округтердегі әкімдер аппараттарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша оны қолдауға тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халық саны елу мыңнан асқанда – Қазақстан Республикасы азаматтарының кемінде екі мың бес жүз даусына, қалғандары үшін – халық санының кемінде бес пайызына ие болған петиция қолдау тапқан болып есептеледі.

      5. Осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген шекті мәнге жетпеген петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган петиция интернет-ресурста еркін қолжетімді етіп орналастырылған кезден бастап алты ай өткен соң арыз иесіне қайтарады.

      Мұндай петицияны мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган құзыреті бойынша тиісті мемлекеттік органға, жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы органға жібереді және ол осы Кодексте белгіленген тәртіппен хабар, үн қосу немесе ұсыныс ретінде қаралады.

      90-4-бап. Петицияларды қабылдау, тіркеу және есепке алу

      1. Осы Кодекстің 90-3-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген шекті мәнге жеткен кезде мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган өз өкілеттіктеріне петицияны қарау кіретін мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдарға петицияны жібереді, бұл жөнінде арыз иесі электрондық нысанда хабардар етіледі және ол туралы ақпарат петицияны жіберу туралы шешім қабылданған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде интернет-ресурста орналастырылады.

      2. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілген петиция міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.

      Петицияны қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

      3. Петицияларды тіркеу, есепке алу мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      90-5-бап. Петицияны қарау тәртібі мен мерзімі

      1. Петицияны қарау мерзімі:

      1) петицияны орталық мемлекеттік орган тіркеген күннен бастап қырық жұмыс күнінен аспайды;

      2) петицияны жергілікті өкілді және (немесе) атқарушы орган тіркеген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайды.

      2. Петицияны қарау кезінде орталық мемлекеттік орган:

      1) петицияда жазылған фактілерді тексеру талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, сол жерге баруды жүзеге асыруға;

      2) шешімнің жобасын жария талқылауды өткізу басталғанға дейін үш жұмыс күні қалғанда арыз иесін не оның өкілін және мүдделі тұлғаларды шақырып және өткізілетін күні мен орны туралы интернет-ресурстар арқылы, сондай-ақ электрондық немесе қағаз нысанда міндетті түрде хабардар ете отырып, оны өткізуге;

      3) құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламентінің және (немесе) мәслихаттың депутаттарын, арыз иесін немесе оның өкілін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, жеке комиссияны немесе жұмыс тобын құруға;

      4) петицияға қатысты келіп түскен комментарийлерді, сондай-ақ петицияның нысанасы бойынша экономикалық, әлеуметтік, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты талдауға;

      5) халықаралық тәжірибені зерделеуге және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуге (егер петицияның нысанасы Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап ететін болса) міндетті.

      Петицияны қарау кезінде жергiлiктi өкiлдi және (немесе) атқарушы органдар:

      1) петицияда жазылған фактілерді тексеру талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, сол жерге баруды жүзеге асыруға;

      2) шешімнің жобасын жария талқылауды өткізу басталғанға дейін үш жұмыс күні қалғанда арыз иесін не оның өкілін және мүдделі тұлғаларды шақырып және өткізілетін күні мен орны туралы интернет-ресурс арқылы, сондай-ақ электрондық немесе қағаз нысанда міндетті түрде хабардар ете отырып, оны өткізуге;

      3) құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламентінің және (немесе) мәслихаттың депутаттарын, арыз иесін немесе оның өкілін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, уақытша комиссияны немесе жұмыс тобын құруға міндетті.

      90-6-бап. Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданатын шешімдер

      1. Петицияны қарау нәтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергiлiктi өкiлдi органның төрағасы:

      1) петицияны толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;

      2) петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      2. Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес ресімделеді.

      Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік тілде немесе петиция тілінде, мазмұны жағынан негізделген және уәжделген болуға, арыз иесінің немесе оның өкілінің және петицияға қосылған Қазақстан Республикасы азаматтарының қабылданған шешімге шағым жасау құқықтары түсіндіріле отырып, олардың дәлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиіс.

      3. Петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім интернет-ресурста шешім шығарылған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде орналастырылады.

      Петицияны қарау нәтижелері бойынша орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы, жергiлiктi өкiлдi органның төрағасы ресми түрде хабарлама жасауға міндетті.".

      3. 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экология кодексіне:

      1) 13-баптың 2-тармағы 6) тармақшасындағы "сотқа жүгінуге арналған құқықтарын таниды және оған кепілдік береді." деген сөздер "сотқа жүгінуге;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

      "7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық экологиялық бақылауға қатысуға арналған құқықтарын таниды және оған кепілдік береді.";

      2) 14-бапта:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қоғамдық тыңдаулар, қоғамдық экологиялық бақылау өткізуге бастама жасауға, оларды ұйымдастыруға және соларға қатысуға;";

      6) тармақшадағы "зерттеулер жүргізуге құқығы бар." деген сөздер "зерттеулер жүргізуге;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

      "7) қоршаған ортаның жай-күйіне тәуелсіз экологиялық мониторинг жүргізуге, электрондық дерекқорды құруға және жүргізуге құқығы бар.";

      3) 15-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Мүдделі жұртшылық осы Кодексте белгіленген шарттарда және тәртіппен, экологиялық бағалау жүргізу процесіне және жұртшылықтың қатысуы көзделген өзге де рәсімдерге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың және өзге де тұлғалардың қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне қатысуға құқылы.";

      4) 29-бапта:

      4-тармақ 10) тармақшасындағы "ұлғайтуға бағытталған іс-шаралар жатады." деген сөздер "ұлғайтуға бағытталған;" деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:

      "11) қоршаған ортаны қорғау саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге бағытталған іс-шаралар жатады.";

      5-тармақта:

      екінші бөлік "атқарушы органы" деген сөздерден кейін "мүдделі жұртшылықтың өкілдерін қатыстырып," деген сөздермен толықтырылсын;

      үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына сәйкес қоғамдық тыңдаулар рәсімінен өтеді.";

      5) 110-баптың 7-тармағындағы "немесе" деген сөз "және (немесе)" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 190-бапта:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоғамдық экологиялық бақылау экологиялық проблемаларға жұртшылықтың назарын аудару, қоршаған орта мәселелеріне қатысты шешімдер қабылдаудың барлық сатыларында жұртшылықтың қатысуын және пікірін ескеруді қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының экология заңнамасын сақтауын қамтамасыз етуге жәрдемдесу, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қызметіне жәрдемдесу мақсатында жүргізіледі.";

      2-тармақ "Қоғамдық экологиялық бақылауды" деген сөздерден кейін "Қазақстан Республикасының азаматтары және (немесе)" деген сөздермен толықтырылсын;

      мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:

      "8. Қоғамдық экологиялық бақылау осы Кодексте реттелмеген бөлігінде "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.";

      7) 205-баптың 8-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Елді мекеннің шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томының жобасы қоғамдық тыңдауларды өткізу қағидаларына сәйкес қоғамдық тыңдаулардың міндетті рәсімінен өтеді.";

      8) 406-бап мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:

      "5. Аумақтардың экологиялық ахуалын бағалау өлшемшарттарын әзірлеу кезінде қоғамдық экологиялық бақылау нәтижелері бар болса, солар ескеріледі.".

      4. "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      21-бапта:

      1-тармақ мынадай мазмұндағы 5-1), 5-2) және 5-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "5-1) өзі мәслихатының депутаты болып табылатын тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікке қатысты мәселелер бойынша петициялар жазу жөнінде ұсынымдар мен консультациялар беруге;

      5-2) өзі мәслихатының депутаты болып табылатын тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде мемлекеттік органдардың, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың петицияларды қарауы бойынша мониторинг жүргізуге;

      5-3) петицияларды мәслихат сессиясының қарауына шығаруға;";

      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) өз округінің сайлаушыларымен тұрақты байланыс жасауға, оларға мәслихаттың жұмысы, оның тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының қызметі, мәслихат шешімдерінің орындалуы, петициялардың қаралуы туралы, сондай-ақ өзінің депутаттық қызметінің барысы туралы жылына кемінде бір рет хабарлап отыруға, мәслихат шешімдерінің орындалуын ұйымдастыруға және бақылау жасауға қатысуға;".

      5. "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:

      57-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "57-бап. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау

      Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылау "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.".

      6. "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      9-бап мынадай мазмұндағы 12-1-тармақпен толықтырылсын:

      "12-1. Курсанттардың Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын отбасы мүшелері олардың өмірімен және тұрмысымен танысу үшін курсанттар қатарындағы өздерінің жақын туыстарына баруды құқық қорғау органының басшысы айқындайтын тәртіппен жүзеге асыруға құқылы.".

      7. "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы" 2011 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      2-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Университетте, Зияткерлік мектептерде қоғамдық бақылау "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.".

      8. "Ұлттық әл-ауқат қоры туралы" 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      11-1-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қоғамдық бақылау "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.".

      9. "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      77-бап мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Курсанттардың Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын отбасы мүшелері олардың өмірімен және тұрмысымен танысу үшін курсанттар қатарындағы өздерінің жақын туыстарына баруды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы айқындайтын тәртіппен жүзеге асыруға құқылы.".

      10. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      мынадай мазмұндағы 48-1-баппен толықтырылсын:

      "48-1-бап Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының тәрбиеленушілерін, ұландарын, кадеттері мен курсанттарын әлеуметтік қорғаудың ерекшеліктері

      Әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын отбасы мүшелері олардың өмірімен және тұрмысымен танысу үшін мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, сондай-ақ әскери оқу орындарының тәрбиеленушілері, ұландары, кадеттері мен курсанттары қатарындағы өздерінің жақын туыстарына баруды жалпыәскери жарғыларда белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға құқылы.".

      11. "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына":

      1) 2-1-баптың 2-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы ұлттық баяндаманы үш жылда кемiнде бiр рет дайындауды және кейіннен Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну үшін ағымдағы жылғы 25 желтоқсаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуді жүзеге асырады;";

      2) 5-баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобаларын талқылау;

      "2) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының орындалуын талқылау, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылу барысы мониторингінің нәтижелерін қарау;";

      3) 8-бапта:

      1-тармақтағы "дауыс беру арқылы" деген сөздер "Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге сәйкес ашық дауыс беру арқылы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3-тармақтағы "Азаматтық" деген сөз "Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге сәйкес, азаматтық" деген сөздермен ауыстырылсын;

      4) 9-бапта:

      1-тармақ "құрамын" деген сөзден кейін "Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге сәйкес" деген сөздермен толықтырылсын;

      8-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Қоғамдық кеңестің жұмыс тобы қалыптастырған құрамын республикалық деңгейде – тиісті мемлекеттік органның басшысы, тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісінің атқарушы органының басшысы, жергілікті деңгейде – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихатының төрағасы бекітеді және ол бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға және (немесе) тиісті органның, квазимемлекеттік сектор субъектісінің интернет-ресурсында орналастыруға жатады.";

      5) 10-бапта:

      тақырыптағы "Қоғамдық кеңес" деген сөздер "Жұмыс тобы мен Қоғамдық кеңес" деген сөздермен ауыстырылсын;

      1-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының он сегіз жасқа толған, сондай-ақ жергілікті деңгейде – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде тұрақты тұратын азаматы жұмыс тобы мен Қоғамдық кеңес мүшелігіне кандидат бола алады.";

      екінші бөліктің бірінші абзацындағы "Қоғамдық кеңес" деген сөздер "Жұмыс тобы мен Қоғамдық кеңес" деген сөздермен ауыстырылсын;

      2-тармақта:

      бірінші бөлікте:

      1) тармақша "кандидатураны" деген сөзден кейін "жұмыс тобы мен" деген сөздермен толықтырылсын;

      4) тармақшадағы "анықтама ұсынылады." деген сөздер "анықтама;" деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:

      "5) кандидаттың дербес деректерін жинауға, өңдеуге, таратуға және жариялауға келісім ұсынылады.";

      екінші бөліктегі "Қоғамдық кеңес" деген сөздер "Жұмыс тобы мен Қоғамдық кеңес" деген сөздермен ауыстырылсын;

      6) 12-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қоғамдық кеңес төрағасының өкілеттіктері тоқтатылған жағдайда жаңа төраға сайланғанға дейін оның өкілеттіктері Қоғамдық кеңестің шешімі бойынша төралқа мүшелерінің біріне беріледі.";

      7) 13-бапта:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы отырыста Қоғамдық кеңестің төрағасы, төралқасының құрамы, Қоғамдық кеңес комиссияларының құрамдары ашық дауыс беру арқылы қарапайым көпшілік дауыспен сайланады.";

      3-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қоғамдық кеңестің отырыстарын өткізу шарттары, мерзімдері мен тәртібі, отырыстардың күн тәртібі, шешімдер қабылдау тәртібі және отырыстарды өткізудің өзге де мәселелері Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеде айқындалады.";

      8) 19-баптың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) азаматтардың жеке немесе ұжымдық жолданымдарын, оның ішінде электрондық құжат нысанында беру;".

      12. "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      1) 6-2-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 13-2) тармақшамен толықтырылсын:

      "13-2) ақпарат иеленушілердің ашықтық стандартын әзірлейді және бекітеді;";

      2) 9-баптың 3-тармағындағы "Қорғаныс министрлігін" деген сөздер "Қорғаныс, Сыртқы істер министрліктерін" деген сөздермен ауыстырылсын";

      3) 10-бапта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) ашық отырыстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету;";

      мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "7-1) ақпарат иеленушілердің ашықтық стандартын сақтау;";

      4) 13-бап мынадай редакцияда жазылсын:

      "13-бап. Ашық отырыстарға қол жеткізуді қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталарының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және орталық атқарушы органдар мен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді және атқарушы органдары алқалы органдарының отырыстары жабық отырыстарды, сондай-ақ құқық қорғау органдарының және арнаулы мемлекеттік органдардың отырыстарын қоспағанда, ашық және ақпарат пайдаланушыларға қолжетімді болып табылады.

      2. Қол жеткізу шектелген ақпарат санатына жататын мәселелерді қарау кезінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда отырыстар ақпарат пайдаланушылардың қатысуынсыз жабық режимде өткізілуі мүмкін.

      3. Ақпарат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырыстарына қол жеткізу тәртібі олардың регламенттерінде айқындалады.

      Ақпарат пайдаланушылардың орталық атқарушы органдар мен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді және атқарушы органдары алқалы органдарының отырыстарына қол жеткізу тәртібі ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган бекітетін ақпарат иеленушілердің отырыстарына қол жеткізу қағидаларында айқындалады.

      4. Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары, Қазақстан Республикасының Үкіметі, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органдары ашық отырыстарды, ал мемлекеттік органдар – жыл қорытындысы бойынша өткізілетін алқаларды онлайн режимде трансляциялауды қамтамасыз етеді.";

      5) мынадай мазмұндағы 17-1-баппен толықтырылсын:

      "17-1-бап. Ақпарат иеленушілердің ашықтық стандарты

      Қоғамдық қатынастардың оқшауланған саласы үшін белгіленген, ақпаратқа қол жеткізуді және ақпарат иеленушілер қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған ең төмен талаптар жүйесі ақпарат иеленушілердің ашықтық стандарты болып танылады.".

      13. "Табиғи монополиялар туралы" 2018 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына:

      25-баптың 1-тармағының 5) тармақшасындағы "және (немесе)" деген сөздер "және" деген сөзбен ауыстырылсын.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 23.02.2024 № 64-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ