Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда өткізуді ұйымдастырудың ү

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2024 жылғы 23 ақпандағы № 42/қе бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 23 ақпанда № 34041 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 1 сәуiрдегі № 2922 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ереже 15-тармағының 262) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы әуе (авиациялық) өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы;

      3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы;

      4) осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теңіз (өзен) өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрық ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы
Е. Сагимбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Көлік министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік
комитеті Төрағасының
2024 жылғы 23 ақпандағы
№ 42/қе бұйрығына
1-қосымша

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы әуе (авиациялық) өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы әуе (авиациялық) өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы (бұдан әрі – Үлгілік схема) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) әуе (авиациялық) өткізу пункттерінде (бұдан әрі – өткізу пункттері) кесіп өтетін адамдарға, әуе кемелеріне, жүктер мен тауарларға қатысты өткізуді ұйымдастыруды айқындайды.

      2. Осы Үлгілік схемаларда мына негізгі түсініктер қолданылады:

      1) үлгілік схемалар – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы әуе (авиациялық) өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу кезінде шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау және авиациялық қызмет бөлімшелерінің әрекеттерін белгілейтін схемалар;

      2) бақылаушы органдар – өз құзыреті шегінде шекаралық, кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, фитосанитариялық бақылау және арнайы тауарлардың өткізілуін бақылауды ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік органдардың бөлімшелері.

      3. Бақылау операцияларын өткізу орнына белгіленген уақытқа дейін бақылаушы органдардың лауазымды адамдарының уақытылы келуін қамтамасыз ету мақсатында әуежай (әуеайлақ) диспетчерлік қызметі бақылаушы органдарға әуе кемелерінің тұрақты (қозғалыс кестесі бойынша) рейстерін және әуе кемесінің тұрақты емес (қозғалыс кестесінен тыс) рейстерін есепке ала отырып, тәуліктік жоспарды ұсынады.

      Әуе кемесінің тәуліктік ұшу жоспарындағы барлық өзгерістер туралы әуежай (әуеайлақ) диспетчерлік қызметі бақылаушы органдарға тез арада хабарлайды.

      4. Әуе кемесін шекаралық, кедендік және де санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау (бұдан әрі – өзге де бақылау түрлері) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі шекаралық бақылау бөлімшесінің (бұдан әрі – шекаралық бақылау бөлімшесі) келісімі бойынша әуежай әкімшілігі белгілеген әуе кемелерінің тұрағында жүзеге асырылады.

      Шетелге баратын әуе кемесі ұшу үшін қозғалысты, яғни тұрақ орнын тек шекаралық бақылау бөлімшесінің рұқсатымен ауыстырады.

      5. Әуе кемесін тексеруді шекаралық және кедендік бақылау бөлімшелерінің лауазымды адамдары инженерлік-авиациялық қызмет (экипаж мүшелері) өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырады.

      6. Әуе кемесінің жолаушылары мен экипаж мүшелерін бақылаудың шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері өткізу пунктінің арнайы жабдықталған үй-жайларында, сондай-ақ әуе кемесінің бортында (басқышында) жүзеге асырылады.

      7. Жүктер мен тауарларды бақылаудың шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері өткізу пунктінің тиеу-жүк түсіруге арналған жабдықпен жабдықталған, соның ішінде арнайы жабдықталған үй-жайлары мен алаңдарында жүзеге асырылады.

      8. Әрбір әуе (авиациялық) өткізу пункттерінде оның ерекшеліктеріне (санаттары, сыныптары, инфрақұрылымының және техникалық жарақтануының дамуы, жыл уақыты) байланысты Үлгілік схеманың негізінде шекаралық бақылау бөлімшелері бақылаушы органдармен және әуежай немесе әуеайлақ әкімшілігімен келісілген Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізудің ұйымдастыру схемасы (бұдан әрі – өткізуді ұйымдастыру схемасы) құрастырылады.

      9. Өткізу пунктіндегі режимді шекаралық наряд авиациялық қауіпсіздік қызметі және кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы қамтамасыз етеді.

      Өткізу пунктінің кедендік бақылау аймағында кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық келісімдері мен актілеріне және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тексеру және режимдік шараларды-өткізеді.

      Бақылау аумағында шетелге баратын жолаушыларды тіркеуді бастаудан отыз минут бұрын шекаралық және кедендік бақылау бөлімшелерінің лауазымды адамдары авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерін қатыстыра отырып, режимдік іс-шараларды жүзеге асырады. Осы іс-шаралар аяқталғанға дейін бақылауды жүзеге асыруға немесе жолаушыларға қызмет көрсетуге қатыспайтын барлық адамдар шығарылады, күту залына кіруге мүмкіндік тудыратын барлық кіреберістер жабылады, тек шекаралық нарядтардың қатысуымен және олардың рұқсатымен ашылады және жабылады.

      Күту залында бақылауды, сондай-ақ жолаушыларды бақылауды шекаралық нарядтар және кедендік бақылау бөлімшесінің жедел қызметкерлері жүзеге асырады.

2-тарау. Қазақстан Республикасына келген кезде адамдар, әуе кемелері, жүктер мен тауарларды өткізуді ұйымдастыру

      10. Бақылаушы органдар лауазымды адамдарының және авиациялық қызметтер қызметкерлерінің әуе кемесі келген кезде:

      1) әуежайдың (әуеайлақтың) диспетчерлік қызметі рейс нөмірі, әуе кемесінің түрі, борттық нөмірі мен жолаушылардың санын (жолаушылардың тізімін) және олардың багаждары туралы мәліметтер көрсетілген әуе кемесінің ұшуы туралы хабарлама (телефондық хабарлама немесе жеделхат) алғаннан кейін бұл туралы бақылаушы органдарға хабарлайды;

      2) әуе кемесінің қону уақытының есебі туралы мәлімет алғаннан кейін бақылаушы органдардың лауазымды адамдары әуе кемесінің тұрағына уақытынан бұрын келеді;

      3) әуе кемесін тұраққа қондыру сәтінен бастап шекаралық нарядтар оларды бақылауды жүзеге асырады. Әуе кемесінің келу тұрағында адамдардың және көлік құралдарының кіруін, болуын, қозғалысын, шығуын; жүктер мен тауарларды кіргізуді, болуын, қозғалысын, шығаруды сақтау бойынша тексеру және режимдік шаралар өткізіледі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына сәйкес әуе кемесіне адамдардың келуіне шекаралық, кедендік және өзге де түрлі бақылауларды жүзеге асыру кезінде шектеу қойылады, қажет болған жағдайда – "тыйым салынады;

      4) Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды және жүктерді тасымалдау кезінде жүктердің санитариялық- эпидемиялогиялық жағдайы және адамдардың денсаулық жағдайының нашарлау қауіпі болған жағдайда экипаждың өтінімі бойынша санитариялық-карантиндік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдары бірінші болып әуе кемесінің бортына көтеріледі, санитариялық-эпидемиялогиялық жағдайды бағалайды және өзінің құзыреті шегінде әуе кемесін қабылдау немесе санитариялық-карантиндік бақылау бойынша басқа іс-қимылдарды жүзеге асыру қажеттілігі бойынша шешім қабылдайды;

      5) бақылаушы органдардың лауазымды адамдары әуе кемесінің экипажына шекаралық, кедендік және өзге де бақылауларды жүзеге асыруға қатысты сауалдар жүргізеді;

      6) әуе кемесінің экипажы бақылаушы органдардың лауазымды адамдарына бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды береді:

      азаматтық авиация саласындағы халықаралық шарттарда көзделген тасымалдаушының құжаты (бас декларация);

      әуе кемесінің бортында тасымалданатын жүктер мен тауарлар туралы мәліметтер қамтылған құжат (жүк ведомосы);

      борт керек-жарақтары туралы мәліметтер қамтылған құжат;

      көлік (тасымалдау) құжаттары;

      тасымалданатын жүктерге және тауарларға арналған тасымалдаушыда бар коммерциялық құжаттар;

      бортта тасымалданатын жолаушылар және олардың багажы туралы мәліметтер бар құжат (жолаушы ведомосы);

      Қазақстан Республикасымен ратификацияланған Дүниежүзілік пошта одағының хаттамаларымен айқындалған, халықаралық пошта жөнелтімдерін тасымалдау кезінде олармен ілесіп жүретін құжат;

      жоғары фитосанитариялық қауіпі бар карантинге түскен өнімге фитосанитариялық құжат, егер бұл өнім экипаж бен әуе көлік құралдары жолаушыларының азықтандыру үшін арналмаған болса және әуе кемесінің бортынан шығуы мүмкін болса.

      Әуе кемесінің командирі келесі мәліметтерді ұсынады:

      экипаж мүшелеріндегі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің валютасын және валюталық құндылықтарын қоса алғанда, кеме бортында Еуразиялық экономикалық одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған, құрамында есірткі, қатты әсер ететін құралдар, психотроптық және улы заттар бар дәрілік құралдардың, қару-жарақтың, оқ-дәрілердің болуы (болмауы) туралы;

      7) шекаралық наряд басшысы бақылаушы органдар лауазымды адамдарының келісімі бойынша әуе кемесіне келген адамдардың түсуіне, жүктер мен тауарларды түсіруге рұқсат береді;

      8) әуе кемесіне келген адамдарды, жүктер мен тауарларды түсіргеннен кейін шекаралық бақылау және кедендік бөлімшелерінің лауазымды адамдары инженерлік-авияциялық қызмет өкілдерінің (экипаж мүшелері) қатысуымен әуе кемесін бірлесе қарап тексеруді жүзеге асырады;

      9) әуе кемесін қарап тексеруді аяқтағаннан кейін тұрақтағы тексеру және режимдік шаралар алынып тасталынады;

      10) келген адамдарды әуе кемесінің тұрағынан бақылау орнына тасымалдау, шекаралық нарядтардың бақылауымен немесе еріп жүруімен жүзеге асырылады.

      11. Шекаралық наряд келген адамдардың Қазақстан Республикасына кіру құқығына арналған құжаттарын тексеруді аэровокзалдық кешендердегі паспорттық бақылау кабиналарында немесе арнайы жабдықталған жайларда жүзеге асырады. Әуе кемелері экипажы мен жолаушыларының, сондай-ақ әуе кемесінің бортына алып келген мүгедектігі бар адамдар мен ауыр науқастардың құжаттарын тексеру паспорттық бақылау кабиналарында немесе әуе кемесінің бортында (әуе кемесінің басқышында) жүзеге асырылады.

      Шекаралық бақылау бөлімшесі Мемлекеттік шекараны бір уақытта кесіп өтетін адамдардың санын ескере отырып, барынша көп паспорттық бақылау кабиналарының жұмыс істеуіне шара қолданады.

      12. Жолаушыға Қазақстан Республикасына рұқсат берілмеген жағдайда "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 19-бабының 10-тармағында және "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабында көзделген негіздерде шекаралық наряд жетекшісі әуежайдың жолаушылар тасымалын ұйымдастыру қызметінің агентіне немесе авиакомпанияның өкіліне ақпарат береді.

      Әуежайдың жолаушылар тасымалын ұйымдастыру қызметінің агенті (авиакомпания өкілі) аталған жолаушыны кері рейспен депортациялауға немесе оны кейін депортациялауға дейін орналастыруға шара қолданады.

      13. Дипломатиялық, қызметтік төлқұжат иелері, бизнес-класс жолаушылары, мүмкүндіктері шектеулі жолаушылар, ӘК экипажы, "FAST TRACK" стикерімен белгіленген, арнайы бөлінген паспорттық бақылау кабинасы арқылы өткізіледі.

      14. Әуе кемелері экипаждарының мүшелері Қазақстан Республикасына кіру құқығына арналған құжаттар бойынша, сондай-ақ авиакомпанияның өкілі (әуежайдың жолаушылар тасымалын ұйымдастыру қызметінің агенті) шекаралық наряд жетекшісі ұсынатын ұшу тапсырмасына (бас декларацияға) сәйкес Мемлекеттік шекара арқылы өткізіледі.

      15. Шекаралық бақылау бөлімшелері жүктер мен тауарлардың тексеріп қарауды Мемлекеттік шекараны бұзушыларды анықтау және ұстау мақсатында өткізеді. Жүктер мен тауарларды тексеріп қарау оларды түсіру кезінде әуе кемесінің тұрағында немесе Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 14 ақпандағы № 188 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16464 болып тіркелген) бекітілген Кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді жүргізу қағидаларымен белгіленген орындарда кедендік бақылау бөлімшелерімен бірлесе отырып, жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік кірістер органдары жоқ өткізу пункттерінде (кедендік бақылау заңнамада көзделмеген әуе кемелерін ресімдеу кезінде), сонымен қатар радиациялық бақылау шекаралық бақылау бөлімшесі кедендік бақылау бөлімшелерінің радиациялық бақылаудың стационарлық техникалық құралдарын пайдалануымен өткізіледі.

      16. Келген адамдарды, жүктерді кедендік және радиациялық бақылау өткізу пунктінің арнайы жабдықталған үй-жайларында жүргізіледі, онда келген адамдардың және жүктердің құжаттарын тексеру жүзеге асырылады.

      Кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдары құжаттардағы мәліметтердің растығын тексереді және шекаралық бақылау бөлімшесімен бірлесе отырып (қажет болғанда), келген жүктер мен тауарларды қарап тексеруді жүргізеді.

      Кедендік бақылау барысында келген адамдардың қол жүгінде немесе багажында кіші үй жануарлары, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат немесе карантинге түскен өнімдер анықталған жағдайда, фитосанитариялық бақылау немесе ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау бөлімшелерінің лауазымды адамдары бақылау және тексеру шараларын жүзеге асырады.

3-тарау. Қазақстан Республикасынан кеткен кезде адамдар, әуе кемелер, жүктер мен тауарларды өткізуді ұйымдастыру

      17. Авиациялық қызмет қызметкерлерінің және бақылаушы органдардың лауазымды адамдары:

      1) әуе кемесінің ұшуға техникалық дайындығы барысында, әуежайдың (әуеайлақтың) өндірістік-диспетчерлік қызметі ұшуға дейін үш сағат бұрын бақылаушы органдарына рейстің нөмірін, әуе кемесінің түрін, борт нөмірін, жіберу уақытын, баратын әуежайды, тұрақ нөмірін көрсете отырып, әуе кемесінің тиелуге дайын екендігі туралы хабарлайды;

      2) бақылаушы органдардың лауазымды адамдары әуе кемесіне тиеуге дайын екендігі туралы хабар алған соң әуе кемесінің тұрағына келеді.

      Кететін әуе кемесінің тұрағында және шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері жүзеге асырылатын үй-жайларда тексеру және режимдік шаралар өткізіледі.

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына сәйкес шекаралық және өзге де бақылау түрлерін жүзеге асыру кезеңінде әуе кемесіне адамдардың келуіне шектеу қойылады, қажет болған жағдайда – "тыйым салынады;

      3) бақылаушы органдардың лауазымды адамдары әуе кемесінің командиріне шекаралық, кедендік және басқа бақылауларды жүзеге асыруға қатысты сауалдар жүргізеді;

      4) әуе кемесінің командирі бақылаушы органдардың лауазымды адамдарына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды береді;

      5) бақылаушы органдардың лауазымды адамдары әуе кемесін бірлесіп тексеруді инженерлік-авиациялық қызмет (экипаж мүшелері) өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырады;

      6) шетелге бара жатқан жолаушыларды тіркеу әуе кемесі ұшып шыққанға дейін алдын ала басталады. Жолаушыларды тіркеудің басталуымен кедендік бақылау тіректері мен паспорттық бақылау кабиналарының жұмысы басталады. Бір мезгілде жұмыс істейтін кедендік бақылау тіректері мен паспорттық бақылау кабиналарының саны жолаушылар ағынының қарқындылығына сәйкес келуі және кезектер жасамауы тиіс.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі № 977 қаулысымен бекітілген Өткізу пункттерін ашу (жабу), олардың жұмыс істеуі (пайдаланылуы), оларды санаттарға бөлу, жіктеу, жайластыру қағидаларымен, сондай-ақ техникалық жарақтандыру, жаңғырту және олардың жұмысын ұйымдастыру, сервистік инфрақұрылым жөніндегі талаптармен белгіленген шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері тіркеудің аяқталу уақытына кешіккен адамдарға қатысты жүргізілмейді.

      7) шекаралық нарядтарының ауысым басшысы кететін әуе кемесіне адамдарды (бұдан әрі – кететін адамдар) отырғызуға және кедендік бақылау бөлімшесі лауазымды адамдарының келісімі бойынша тауарлар мен жүктерді тиеуге рұқсат береді. Әуе кемесінің бортына адамдарды отырғызу аяқталған соң, шекаралық нарядтарының ауысым басшысы борттағы адамдарды шекаралық бақылаудан өткендердің санымен салыстыруды жүзеге асырады.

      18. Адамдарға, жүктер мен тауарларға шекаралық, кедендік және өзге де бақылауларды жүзеге асыру бойынша бақылаушы органдар лауазымды адамдары:

      1) шекаралық наряд кететін адамдардың Қазақстан Республикасына кіруге құқық беретін құжаттарын тексеруді паспорттық бақылау кабиналарында, арнайы жабдықталған жайларда жүзеге асырады. Әуе кемелерінің экипажы мен жолаушыларының, сондай-ақ әуе кемесінің бортына алып келген мүгедектігі бар адамдар мен ауыр науқастардың құжаттарын тексеру паспорттық бақылау кабиналарында немесе әуе кемесінің бортында (әуе кемесінің басқышында) жүзеге асыруды;

      2) оларға қатысты Қазақстан Республикасынан кетуге заңды шектеу қойылған адамдар Мемлекеттік шекара арқылы өткізілмейді. Мемлекеттік шекара арқылы өткізбеу фактісі бойынша шекаралық нарядының ауысым басшысы авиакомпания өкіліне немесе әуежайдың жолаушылар тасымалын ұйымдастыру қызметінің агентіне багажды уақытылы түсіру және жолаушылар манифестіне өзгерістер енгізу мақсатында аталған жолаушылар санатының әуе кемесінде ұшуы мүмкін еместігі туралы ақпарат беруді қамтамасыз етеді.

      Шындығы күмән келтіретін құжаттар, арнайы техникалық құралдарды пайдалана отырып тереңдетілген тексеру рәсімінен өтеді. Құжаттарды тереңдетілген тексеруден өткізу уақыты туралы авиакомпания өкіліне немесе әуежайдың жолаушылар тасымалын ұйымдастыру қызметінің агентіне хабарланады;

      3) дипломатиялық, қызметтік төлқұжат иелері, бизнес-класс жолаушылары, мүмкіндіктері шектеулі жолаушылар, әуе кемесінің экипаждары "FAST TRACK" стикерімен белгіленген арнайы бөлінген паспорттық бақылау кабинасы арқылы өткізіледі.

      Әуе кемелерінің экипаж мүшелері Қазақстан Республикасына кіруге және Қазақстан Республикасынан шығуға құқық беретін құжаттары бойынша, сондай-ақ авиакомпания өкіліне (әуежайдың жолаушылар тасымалын ұйымдастыру қызметінің агенті) ұсынылатын ұшу тапсырмасының көшірмесіне (бас декларациясына) сәйкес өткізіледі;

      4) адамдар мен багаждарға кедендік және радиациялық бақылау кететін адамдардың авиабилеттерін тіркеу, багаж бен қол жүгін ресімдеу аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады. Жүктерді бақылауды кедендік бақылау бөлімшесі шекаралық бақылау бөлімшесімен өзара іс-қимылда оларды тиеуге дейін немесе әуе кемесіне тиеу уақытында жүзеге асырылады. Кедендік бақылау барысында келген адамдардың қол жүгінде немесе багажында кіші үй жануарлары, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізат немесе карантинге түскен өнімдер анықталған жағдайда, фитосанитариялық бақылауды немесе ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды бөлімшелерінің лауазымды адамдары тексеруді жүзеге асырады;

      5) кететін адамдарды аэровокзал ғимаратынан әуе кемесінің тұрағына дейін тасымалдау шекаралық нарядының бақылауымен немесе алып жүруімен жүзеге асырылады.

      19. Басқышты айдап әкету және әуе кемесін жабу шекаралық наряды жетекшісінің рұқсатымен жүргізіледі.

      Әуе кемесі жабылғаннан және басқышты алып кеткеннен кейін оның ұшуына дейін (өз бетімен қозғалуы алдында) шекаралық наряд оны қадағалауды жүзеге асырады.

      Әуе кемесі кеткеннен кейін тексеру және режимдік шаралар алынып тасталады.

      20. Қазақстан Республикасының аумағына кіруге құқығы жоқ транзиттік және трансферттік жолаушылар баратын мемлекетке кіру құқығына тиісті түрде ресімделген құжаттары және Қазақстан Республикасының аумағындағы қайта отырғызу әуежайынан ұшу күнін растайтын авиабилеттері бар болған жағдайда әуежайдың транзиттік залында немесе әуежай қонақүйінің визасыз (бақыланатын) аймағында орналастырылады. Аталған адамдардың Қазақстан Республикасының аумағынан өз уақытында кетуін тасымалдаушы мен әуежайдың транзит қызметі қамтамасыз етеді.

  Бұйрыққа
2-қосымша

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобильдік өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы (бұдан әрі – Үлгілік схема) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) автомобильдік өткізу пункттерінде (бұдан әрі – өткізу пункттері) кесіп өтетін адамдарға, көлік құралдарына, жүктер мен тауарларға қатысты өткізуді ұйымдастыруды айқындайды.

      2. Осы Үлгілік схемаларда мына негізгі түсініктер қолданылады:

      1) үлгілік схемалар – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобильдік өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу кезінде шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау бөлімшелерінің әрекеттерін белгілейтін схемалар;

      2) бақылаушы органдар – өз құзыреті шегінде шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау, арнайы тауарлардың өткізілуін бақылауды ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік органдардың бөлімшелері.

      3) Өткізу пункттеріндегі шекаралық, кедендік, экспорттық, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау (бұдан әрі - өзге де бақылау түрлері) бақылаушы органдар арасындағы өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.

      3. Бақылаушы органдар қызметті үйлестіру жолымен бақылау жүргізу уақытын барынша азайту және бақылау операцияларын жүргізуге бөлінген уақытты негізсіз созуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды.

      4. Көлік құралдарын тексеріп қарауды өткізу пунктінің тексеріп қарау алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекаралық бақылау бөлімшесі (бұдан әрі – шекаралық бақылау бөлімшесі) Мемлекеттік шекараны бұзушыларды табу және ұстау мақсатында жүргізеді.

      5. Кедендік бақылаудың тиімділігін арттыру мақсатында кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтар (қылмыстар) фактілерін анықтау, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде тексеріп қарауды жүргізу уақытын қысқарту үшін инспекциялық-тексеріп қарау кешендері пайдаланылады.

      6. Кедендік бақылау бөлімшелері пайдаланатын инспекциялық-тексеріп қарау кешендерімен жарақтандырылған өткізу пункттерінде шекаралық бақылау бөлімшелері тексеріп қарау нәтижелерін оларды қолдана отырып таниды.

      Кедендік бақылау бөлімшелері мен шекаралық бақылау бөлімшелері олардың баланстық тиесілілігіне қарай инспекциялық-тексеріп қарау кешендерін пайдалана отырып, тексеріп қарау нәтижелеріне өзара рұқсат беруді қамтамасыз етеді.

      Көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеріп қарауды шекаралық және кедендік бақылау бөлімшелері бірлесіп жүзеге асырады.

      7. Әрбір өткізу пунктінде оның ерекшеліктеріне (санаттары, сыныптары, инфрақұрылымының және техникалық жарақтануының дамуы, Мемлекеттік шекара сызығынан алшақтығы, жыл уақыты) байланысты Үлгілік схеманың негізінде шекаралық бақылау бөлімшелері бақылаушы органдармен келісілген Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізудің ұйымдастыру схемасын (бұдан әрі – өткізуді ұйымдастыру схемасы) құрастырады.

      Өткізуді ұйымдастыру схемаларында тиісті өткізу пунктіндегі жергілікті жағдайларды ескере отырып, шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерін жүзеге асыру ұзақтығы белгіленеді.

      8. Шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері өткізу пункттерінде кезекті электрондық броньдау жүйелерінің жұмыс істеуін қоспағанда, алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз адамдардың, көлік құралдарының келу кезегі тәртібімен өткізу пункттерінің жұмыс режиміне сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен мемлекеттік шекара арқылы өткізілетін тауарлардың жекелеген түрлеріне қатысты қосарланған және әскери мақсаттағы тауарлардың өткізілуін, сондай-ақ тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын бақылауды өткізу пункттерінде экспорттық бақылау бекеттерін қою арқылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мемлекеттік кірістер органдары (бұдан әрі – мемлекеттік кірістер органдары) жүзеге асырады.

      10. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жұмыс режимі тәулік бойы болмайтын өткізу пункттерінде автокөлік құралдарының жиналуын болдырмау мақсатында шекаралық бақылау бөлімшесінің келісімі бойынша өткізу пункттерінің аумағында орналасқан автокөлік құралдарына қатысты кедендік операцияларды жүргізуге Мемлекеттік шекара арқылы өткізу тоқтатылғаннан кейін жол беріледі.

2-тарау. Өткізу пунктінің аумағына келген кезде адамдар, көлік құралдары, жүктер мен тауарларды өткізуді ұйымдастыру

      11. Қазақстан Республикасының аумағына кіретін автокөлік құралдарының өткізу пунктіне келуі кезінде бақылаушы органдар жүзеге асырады:

      1) шекаралық бақылау бөлімшесі:

      өткізу пунктіне, кіру кезінде автокөлік құралдарын тіркеу;

      Мемлекеттік шекара арқылы өтетін адамдардың Қазақстан Республикасына кіруіне құқық беретін құжаттарын тексереді және шекаралық бақылау нәтижелерін ақпараттық жүйеге енгізу;

      автокөлік құралдарын кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдарымен бірлесіп тексеріп қарау;

      адамдарға және көлік құралдарына одан әрі жүру құқығын беру туралы шешім қабылдау;

      мемлекеттік кірістер органдары (кедендік бақылау бөлімшелері) жоқ өткізу пункттерінде радиациялық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі және/немесе тасымалды радиациялық бақылаудың техникалық құралдары арқылы радиациялық бақылау.

      2) кедендік бақылау бөлімшесі:

      автокөлік құралдарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін қолдана отырып, автокөлік құралдарының кіруін тіркеу;

      радиациялық бақылаудың автоматтандырылған жүйесін және/немесе радиациялық бақылаудың ауыспалы техникалық құралдарын қолдана отырып, радиациялық бақылауды жүзеге асыру;

      көлік құралдары мен тауарларды кедендік бақылауды және кедендік декларациялауды жүзеге асыру;

      автокөлік құралдарын шекарлық бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдарымен бірлесіп тексеріп қарау;

      көліктік бақылауды құжаттардың бар болуы мен қолданылуын тексеру, автомобильдік көлік құралдарының салмақтық және көлемдік параметрлерін қолда бар бақылау жүйесімен анықтау арқылы жүзеге асыру;

      зертханалық бақылау мен зертханалық сараптаманы қоспағанда фитосанитариялық бақылау мен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды жүзеге асыру.

      Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен сәйкес келмейтін Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде экспорттық бақылауды жүзеге асыру: тауарларға ілеспе құжаттарды тексеру және сканерлеу; мемлекеттік кірістер органының электрондық жүйесіне тауарларға ілеспе құжаттарды енгізу; тауардың Мемлекеттік шекара арқылы одан әрі тасымалдануы туралы шешім қабылдау.

      Шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерін жүргізгеннен кейін шекаралық наряд өткізу пунктінің аумағынан көлік құралдарын шығаруды жүзеге асырады.

      12. Адамдар мен көлік құралдарының шығуы, жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасынан әкету кезіндегі бақылаушы органдардың іс-қимылдарының дәйектілігі кері реттілікпен белгіленеді.

      13. Мемлекеттік шекара арқылы жаяу жүретін адамдарға, автобустар мен жүк көлік құралдарына қатысты бақылауды жүзеге асыру бойынша бақылаушы органдар іс-қимылдарының дәйектілігін оның ерекшелігіне байланысты әрбір өткізу пункті үшін бақылаушы органдардың аумақтық бөлімшелері нақты айқындайды.

      14. Өткізу пункттерінде ауыр науқасты тасымалдауға, жолаушыларды тұрақты тасымалдауды орындайтын автобустарға, сондай-ақ жануарларды, жылдам бұзылатын және қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде өткізу пункттерінде шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері халықаралық автомобильдік қатынас туралы Қазақстан Республикасымен ратификацияланған үкіметаралық келісімдердің және "Автомобильдік көлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының негізінде кезектен тыс жүзеге асырылады.

  Бұйрыққа
3-қосымша

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы (бұдан әрі – Үлгілік схема) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) теміржол өткізу пункттерінде (бұдан әрі – өткізу пункттері) кесіп өтетін адамдарға, әуе кемелеріне, жүктер мен тауарларға қатысты өткізуді ұйымдастыруды айқындайды.

      2. Осы Үлгілік схемаларда мына негізгі түсініктер қолданылады:

      1) үлгілік схемалар – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теміржол өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу кезінде шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау, және де теміржол стансаларының әкімшілігі бөлімшелерінің әрекеттерін белгілейтін схемалар;

      2) бақылаушы органдар – өз құзыреті шегінде шекаралық, кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау мен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау және арнайы тауарлардың өткізілуін бақылауды ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік органдардың бөлімшелері.

      3. Қызметті үйлестіру жолымен бақылаушы органдар мен тасымалдаушы халықаралық қатынас пойыздары (бұдан әрі - пойыздар) қозғалысында бақылау өткізу уақытын мейлінше азайту және негізсіз кідірістерді болдырмау бойынша барлық мүмкін шараларды қолға алады.

      4. Бұзушылықтар анықталған жағдайда бақылаушы органның лауазымды адамы пойыз бастығын және теміржол стансасы бойынша кезекшіні, кейіннен пойыз бастығына кідіріс актісінің берілуімен, кідірістің себептері мен болжанатын ұзақтығы туралы хабардар етеді, сондай-ақ пойыздық бригадалар қызметкерлерінің тарапынан бұзушылықтар анықталған жағдайда рейстік журналға тиісті жазба жазады.

      5. Теміржол стансасының әкімшілігі пойыздың келуіне бір сағат қалғанда, бақылаушы органдарға пойыздың өткізу пунктіне:

      келу уақыты;

      тұрақ орны (теміржол жолдары);

      жолаушылар саны;

      өткізу пункттері арқылы өтетін, жүк пойыздарының алдын ала саны;

      вагондардың типтері;

      жүктер мен тауарлардың сипаты туралы ақпарат береді.

      6. Жолаушылар пойыздарының пойыздық бригадасының қызметкерлері пойыз өткізу пунктіне келгенге дейін бақылау үшін дайындалған құжаттармен, қол жүгімен және толтырылған кедендік декларациялармен жолаушылардың өз орындарында болуын қамтамасыз етеді.

      7. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес халықаралық тасымалдарға қатысатын көлік ұйымдарының қызметкерлері бақылаушы органдар шекаралық, кедендік және де экспорттық, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау (бұдан әрі – өзге де бақылау түрлері) жүзеге асыру кезеңінде көлік құралында жолаушылардың қозғалысына шектеу қояды.

      8. Жолаушылар пойыздарында жүк вагондары болған кезде бақылаушы органдар олардың сырттай қаралуын, тасымалданатын жүктер мен тауарларға қатысты тасымалдау және жөнелтпе құжаттарды тексеруді жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының аумағына кіргізген кезде жүк вагондарындағы жүк кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес кедендік мағлұмдауға жатады.

      9. Пойыздардың және ондағы тасымалданатын жүктерді тексеруді Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушыларды анықтау және ұстау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекаралық бақылау бөлімшесі (бұдан әрі – шекаралық бақылау бөлімшесі) Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп өткізу пунктінің арнайы жайластырылған аймағында жүргізеді.

      10. Бақылаушы органдар тексерудің аяқталғандығы туралы теміржол стансасы бойынша кезекшіге хабарлайды.

      11. Жүк және жолаушылар пойыздарының Мемлекеттік шекара арқылы өтулері кезінде кедендік бақылау бөлімшесі автоматтық немесе қол режимінде радиациялық бақылаудың техникалық құралдарын пайдалана отырып, радиациялық бақылауды жүргізеді.

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары (кедендік бақылау бөлімшелері) жоқ өткізу пункттерінде радиациялық бақылауды, оның ішінде радиациялық бақылаудың стационарлық және алып жүретін техникалық құралдары арқылы шекаралық бақылау бөлімшесі жүргізеді.

      Қазақстан Республикасынан шығуға және/немесе Қазақстан Республикасына кіруге қатысты жүк және жолаушылар пойыздарының өтулері кезінде радиоактивтік материалдардың болуына қатысты радиациялық бақылаудың автоматтандырылған жүйелері іске қосылған жағдайда кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамы жылжымалы құрамды тоқтату, қайта тексеру жүргізу, ал расталған жағдайда – радиотехникалық бақылаудың тасымалданатын (алып жүретін) жүйелерін пайдалана отырып, иондаушы сәулелену көздерін оқшауландыру және сәйкестендіру үшін кедендік (шекаралық) бақылау бөлімшесі мен теміржол қызметінің басшылығына хабарлайды.

      12. Инспекциялық тексеріп қарау кешендерін пайдаланумен өткізу пункттерінде теміржол көлігін тексеріп қарау Қазақстан Республикасының теміржол қызметтері ұсынатын теміржол құрамдары, жеке адамдардың саны, оның ішінде жүктерді алып жүретін адамдардың саны туралы ақпаратқа сәйкес шекаралық бақылау бөлімшесімен келісе отырып, кедендік бақылау бөлімшесі жүргізеді.

      Шекаралық бақылау бөлімшесі инспекциялық тексеріп қарау кешендерін пайдалана отырып, жүргізген кедендік бақылау бөлімшелерінің тексеріп қарау нәтижелерін мойындайды және олардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.

      13. Әрбір теміржол өткізу пунктінде оның ерекшеліктеріне (санаттары, сыныптары, инфрақұрылымының және техникалық жарақтануының дамуы, Мемлекеттік шекара сызығынан алшақтығы, жыл уақыты) қарай Үлгілік схема негізінде бақылаушы органдар мен теміржол ұйымдарымен келісілген адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Мемлекеттік шекара арқылы өткізуді ұйымдастыру схемалары (бұдан әрі – өткізуді ұйымдастыру схемалары) құрастырылады.

      Өткізуді ұйымдастыру схемаларында жолаушылар пойыздарының қозғалысы мен тұрақтарының кестесіне сәйкес бақылау операцияларын жүзеге асыру ұзақтығы белгіленеді.

      14. Пойыз кешігіп келген жағдайда шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерін жүзеге асыруға бөлінген уақытты қысқартуға болмайды.

2-тарау. Қазақстан Республикасының өткізу пункттерінің аумағына келген кезде адамдар, теміржол көлік құралдары, жүктер мен тауарларды өткізуді ұйымдастыру

      15. Жұмыс басталар алдында, бақылаушы органдардың лауазымды адамдары пойыз бастығынан пойыздағы сырқат, сырқаттары болуы мүмкін күдікті адамдар, поезға заңсыз кіріп кеткен адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасына кіру құқығына құжатсыз болып отырған адамдар, Қазақстан Республикасына (нан) әкелуге/шығаруға Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық келісімдері мен актілерімен және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексімен тыйым салынған жүктер туралы ақпаратты нақтылайды.

      16. Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды және жүктерді тасымалдау кезінде жүктердің санитариялық-карантиндік жағдайы және адамдардың денсаулық жағдайының нашарлау қаупі болған жағдайда бақылаудың басқа түрлерін жүргізгенге дейін санитариялық-карантиндік бақылау жүзеге асырылады.

      17. Жолаушылар пойыздарының шекаралық бақылауы жекелеген жағдайларда Мемлекеттік шекара сызығынан өткізу пунктіне дейін және кері бағыттағы қозғалысы барысында, сондай-ақ пойыздар жүрісінің транзиттік учаскелерінде олардың шекаралық нарядтарымен бірге жүруімен жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік шекара арқылы теміржол көлігімен өтетін адамдардың құжаттарын тексеру тікелей шетелге баратын пойыздар вагондарында немесе шекаралық стансалардың жабдықталған залдарында, сондай-ақ теміржол стансасының платформасында жүзеге асырылады. Теміржол өткізу пунктіндегі шекаралық бақылауды жүзеге асыру бірізділігі нақты жағдайларға, тұрақ уақытына, транзиттік учаскелердің болуына және өткізу пункттерінің басқа ерекшеліктеріне байланысты болады.

      18. Вагондардың ішкі бөлігін тексеру, пойыздық бригадалар мүшелерін тарта отырып, Мемлекеттік шекара арқылы өтетін адамдардың құжаттарын бір уақытта тексерумен, Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзушыларды анықтау және ұстау мақсатында шекаралық нарядтары жүзеге асырады.

      19. Қазақстан Республикасына кіру кезінде кедендік, ал қажет болған кезде қол жүгі мен багаж бақылауының басқа да түрлері, шекаралық нарядтарымен олардың иелерінен Қазақстан Республикасына кіру құқығына қатысты құжаттарды тексеруден кейін жүргізіледі. Қазақстан Республикасынан шығу кезінде бақылау кері реттілікте жүзеге асырылады.

      20. Жүру жолы аяқталған, шекараның ар жағынан келген жолаушылардың шығуы, пойыздың қалған вагондарындағы бақылау аяқталғанын күтпестен, вагондағы шекаралық және кедендік бақылау аяқталғаннан кейін рұқсат етіледі.

      21. Жүру жолы өткізу пунктінде аяқталатын, шекараның ар жағынан келген жолаушыларға қатысты бақылаудың шекаралық, кедендік және өзге де түрлері, бақылаушы органдармен сол үшін арнайы жабдықталған өткізу пунктінің ғимаратында жүргізіледі.

      22. Қазақстан Республикасы ратификациялаған денсаулық саласындағы халықаралық шарттарға, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне, "Өсімдіктер карантині туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылауды, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүргізу қажетті тауарларды, жүктерді теміржол көлігімен алып өту кезінде тауарларды кедендік рәсімге қоюға тек жоғарыда аталған бақылау түрлерін өткізгеннен кейін ғана рұқсат етіледі.

      23. Кедендік бақылау бөлімшесі берілуі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық келісімдері мен актілеріне және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексімен қарастырылған кедендік бақылау мақсаттары үшін тасымалданатын тауарларды және жүктерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін коммерциялық және өзге де құжаттарды тексереді.

      Қажетті құжаттар тапсырылмаған жағдайда кедендік бақылау бөлімшесі шекаралық теміржол стансаларында, оның ішінде оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық келісімдері мен актілері және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерге қайтару мақсатымен тауарларды тасымалдайтын, халықаралық тасымалдың көлік құралдарын ұстауға құқылы.

      24. Пойыз бақылауының шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерінің аяқталуы туралы шекаралық бақылау бөлімшесінің лауазымды адамы (ауысым жетекшісі) теміржол стансасы бойынша кезекшіге хабарлайды.

      25. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына сәйкес теміржол стансасы бойынша кезекшінің пойызы шекаралық бақылау бөлімшелерінің келісімінсіз жөнелтуіне рұқсат етілмейді.

      26. Пойыздың өткізу пунктінде тұрған кезінде шекаралық бақылаудан өтпей, Мемлекеттік шекара режимін бұзуға, шетелге баратын көлік құралына кіріп кетуге тырысатын адамдарды анықтау мақсатымен пойыз вагондары сыртқы бөлігінің тексерілуі жүзеге асырылады.

      27. Қазақстан Республикасынан шығып бара жатқан адамдардың қол жүгі мен багажына қатысты шекаралық және кедендік бақылау, сондай-ақ вагондардың ішкі бөлігін тексеру пойыздардың Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жақын торапты стансадан өткізу пунктіне дейін (Мемлекеттік шекара сызықтары) немесе Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттік жол жүру учаскелерінде жүзеге асырылады.

      28. Жүк пойыздарын тексеруді шекаралық және кедендік бақылау бөлімшелері көлік ұйымдары өкілдерін тарта отырып, жүзеге асырады.

      29. Осы Үлгілік схеманың 4-тармағына сәйкес теміржол стансасы бойынша кезекші бақылаушы органдардың лауазымды адамдарына ақпаратты беру кезінде Мемлекеттік шекара арқылы тасымалданатын пойыздағы вагондардың саны және тұрпаты, жүктің атауы туралы ақпараттандырады. Алынған ақпарат негізінде бақылаушы органдар бақылау іс-шараларын жоспарлайды.

      30. Пойыздың өткізу пунктіне келгеніне дейін режимдік аумаққа бөтен адамдар кіргізілмейді. Келетін пойызға шекаралық бақылау бөлімшесі байқауды орнатады.

      31. Өткізу пунктіне келген пойызға шекаралық бақылау бөлімшелерінің рұқсат етуімен, тек қызметтік міндеттерін орындау үшін қажетті адамдар ғана жіберіледі.

      32. Пойыз келгеннен кейін тасымалдаушының өкілетті қызметкері шекаралық бақылау бөлімшесінің рұқсатымен локомотивтік бригададан тексеру үшін тасымалдау және тауарға ілеспе құжаттарын алады.

      33. Өңделгеннен кейін тасымалдау және тауарға ілеспе құжаттары, құжаттарды қабылдау-тапсыру уақыты туралы белгісімен құжаттардың бақылауын орындау үшін кедендік бақылау бөлімшесіне табыс етіледі.

      34. Жүк санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылауға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауға және қадағалауға жататын жағдайларда (Еуразиялық экономикалық одаққа мүше – мемлекеттер Сыртқы экономикалық қызметінің Тауарлық номенклатурасының кодтарына сәйкес) аталған тасымалдаушы және тауарға ілеспе құжаттар тиісті бақылаушы органдарға жолданады.

      35. Теміржол жолдарының электрлендірілген учаскелерде келген жүк пойызын, теміржол стансасы қызметкерлерінің тартылуымен бақылаушы органдарымен тексеруі, оның электр тоғынан ажыратылғаннан кейін жүзеге асырылады.

      36. Жүк пойыздарын шекаралық бақылау локомотив бригадасы мүшелерінің және жүктерді алып жүретін адамдардың құжаттарын тексеруден, бір мезгілде құрамды қарап тексеруден басталады. Кедендік бақылау бөлімшесі тексеруді шекаралық бақылау бөлімшесімен бірлесіп жүзеге асырады.

      37. Мөрлер, пломбалар бүтіндігінің бұзылу жағдайында, сондай-ақ вагондарда бөтен адамдардың жасырыну белгілері болған кезде, комиссиялық тәртіпте келген пойыздың құрамындағы жекелеген вагондар бақылаушы органдары лауазымды адамдарының талаптары бойынша ашылады және тегіс қаралады. Мұндай жағдайларда тексеріп қарау бақылау органдары өкілдерінің және теміржол стансасы әкімшілігінің қатысуымен жүзеге асырылады. Вагондардың ашылу фактілері және олардың тексерілу нәтижелері, комиссия мүшелері қол қоятын тексеру актісінде көрсетіледі.

      38. Әкелінетін жүктің қандай да бір ауру қоздырғышын және/немесе карантидік объектілерін жұқтыруына негіз болған кезде (жәндіктердің, кеміргіштердің және олардың іздерінің болуы), радиациялық сәулеленудің рұқсат етілетін нормасынан артып кетуі анықталған кезде, бұзылған орамада ішіндегі сұйықтықтың ағып кету белгілері бар қауіпті жүктердің болуы кезінде бақылаушы органдар тасымалдаушының өкілетті қызметкеріне вагонды арнайы бөлінген теміржолдың тұйықталған басына қою туралы еркін түрде жазбаша хабарламаны жолдайды.

      39. Пойызды тексеру кезінде Мемлекеттік шекара бұзушыларды немесе Қазақстан Республикасына әкелуге тыйым салынған заттарды анықтаған кезде, шекаралық бақылау бөлімшесінің және кедендік бақылау бөлімшесінің шешімі бойынша пойыздың немесе оның жекелеген вагондарының қайта тексерілуі жүргізіледі.

      40. Жүк пойыздарына қатысты өткізу пунктінің аумағындағы тексеру және режимдік шаралар шекаралық бақылау бөлімшесі тексеруді аяқтағаннан соң және бақылаушы органдардың жүктерге қатысты тасымалдау және ілеспе құжаттарының құжаттық тексеруінен кейін алынып тасталады.

      41. Жұмысқа қатысы жоқ бос вагондар мен контейнерлердің (пломбаланған жағдайда жүреді) кедендік тексерілуі кезінде тасымалдаушы өкілінің қатысуы талап етілмейді.

      42. Көлік құралдары және жүктердің кедендік бақылауы аяқталғаннан кейін кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамы тасымалдаушының өкілетті қызметкерін оның Мемлекеттік шекара арқылы орын ауыстыратын жүктері мен көлік құралдарына қатысты қабылданған шешім туралы хабарлайды.

      43. Жүктер мен көлік құралдарының Мемлекеттік шекара арқылы өткізілуіне тыйым салу туралы шешімді қабылдаған бақылаушы орган, оны жазбаша түрде ресімдейді.

      44. Өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылауға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауға жататын жүктер мен көлік құралдарының кедендік ресімделуі бақылаудың аталған түрлерінің жүзеге асырылғанынан кейін аяқталады.

      45. Пойыздың өткізу пунктінен шығуына бір сағат қалғанда теміржол стансасы бойынша кезекші бақылаушы органды Мемлекеттік шекара арқылы тасымалданатын жүктер мен тауарлардың сипаты, пойыздағы вагондардың саны мен түрі туралы хабарлайды.

      46. Жүк пойызының дайындығы бойынша тасымалдаушының уәкілетті қызметкері тасымалдау және ілеспе құжаттарын құжаттарды оларды қабылдау-тапсыру уақыты туралы белгісімен кедендік бақылау бөлімшесіне тапсырады.

      47. Кедендік бақылау бөлімшесінде тауарға ілеспе құжаттарды тексеру кезінде санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау, мемлекеттік санитариялық-ветеринариялық бақылау және қадағалау жүзеге асырылуға қажетті вагондар, контейнерлер және контрейлерлер белгіленеді.

      48. Санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын вагондарға, контейнерлер мен контрейлерлерге құжаттар тиісті бақылаушы органға табысталады.

      49. Кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамы санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарынан алынған ақпаратты есепке ала отырып, тасымалданатын жүктерге қатысты құжаттардағы мәліметтердің растығын тексеріп, қажет болған кезде тексеруге жататын вагондарды (жүктерді) белгілейді.

      50. Кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдары шекаралық бақылау бөлімшесіне тауарға ілеспе құжаттардың тексерілу нәтижелері бойынша ашылуға және тексерілуге жататын вагондар туралы хабарлайды.

      51. Вагондардың ашылуы және олардың тексеру нәтижелері, бақылаушы органдар мен теміржол стансалары лауазымды адамдары қол қоятын тексеру актісінде көрсетіледі.

      52. Бақылаушы органдар тексеру нәтижелері бойынша жекелеген вагондардың ағытылу қажеттігі туралы теміржол стансасы бойынша кезекшіге уақтылы хабарлайды, сондай-ақ оларға қатысты одан арғы әрекеттерінің тәртібін белгілейді.

      53. Пойыздың басында вагондардың тексерілуін аяқтап жатқан шекаралық нарядтары, локомотив бригадасы мүшелерінің құжаттарын тексереді және локомотивтің ішкі бөлігін тексеруді жүзеге асырады.

      54. Шекаралық бақылау бөлімшесінің ауысым жетекшісі бақылаудың аяқталғандығы туралы теміржол стансасы бойынша кезекшіге хабарлайды.

      55. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен мемлекеттік шекара учаскелеріндегі теміржол өткізу пункттерінде тек шекаралық бақылау жүзеге асырылады.

      56. Өткізу пунктінен шығу кезінде шекаралық наряд оның сыртқы тексеруін жүзеге асырады. Пойызды тексеру барысында Мемлекеттік шекара бұзушылары немесе пойыз құрамына еніп кеткен адамдар анықталған жағдайда, шекаралық наряд пойызды тоқтату және бұзушылықтың жолын кесу бойынша шараларды қабылдау үшін теміржол стансасы бойынша кезекшіге дереу хабарлайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ең жақын бөлімшесіне баяндайды.

  Бұйрыққа
4-қосымша

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теңіз (өзен) өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теңіз (өзен) өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемасы (бұдан әрі – Үлгілік схема) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) теңіз (өзен) өткізу пункттерінде (бұдан әрі – өткізу пункттері) кесіп өтетін адамдарға, теңіз (өзен) кемелеріне, жүктер мен тауарларға қатысты өткізуді ұйымдастыруды айқындайды.

      2. Осы Үлгілік схемаларда мына негізгі түсініктер қолданылады:

      1) үлгілік схемалар – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы теңіз (өзен) өткізу пункттерінде адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу кезінде шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау, және де теңіз (өзен) порттары әкімшілігі бөлімшелерінің әрекеттерін белгілейтін схемалар;

      2) бақылаушы органдар – өз құзыреті шегінде шекаралық, кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау және мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау және арнайы тауарлардың өткізілуін бақылауды ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік органдардың бөлімшелері.

      3. Өткізу пункттерінде шекаралық, кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау (бұдан әрі – өзге де бақылау түрлері) теңіз (өзен) кемелеріне (бұдан әрі – кемелер), оған тиелген автомобильдерге, теміржол вагондарына, контейнерлерге, жүктер мен тауарларға (бұдан әрі – көлік құралдарына), жолаушыларға, кеме экипажының мүшелеріне, көлік құралдарының жүргізушілеріне, экспедиторларға және басқа да көлік құралдарын (жүктерді) алып жүретін адамдарға қатысты жүргізіледі.

      4. Өткізу пункттерінде шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық келісімдері мен актілерінде және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленген өкілеттіктер шектерінде бақылаушы органдар жүзеге асырады.

      5. Бақылаушы органдар бақылау жүргізу уақытын азайту, функциялар мен іс-қимылдардың қайталануын болдырмау, сондай-ақ кемелерді, олардағы жолаушыларды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды негізсіз ұстауға жол бермеу бойынша шаралар қолданады.

      6. Кемелерге қатысты бақылау операцияларын жүзеге асыру кезегін кеме капитандарынан (кеме иелерінен немесе олардың уәкілетті адамдарынан) кеменің келуі (кетуі) туралы ақпараттардың келіп түсу уақыттарына сәйкес порт әкімшілігі анықтайды.

      Алдағы тәуліктерде бір уақытта шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлеріне жатқызылатын кемелердің санын бақылау органдарының келісімі бойынша порт әкімшілігі анықтайды.

      7. Кемелердің шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері айлақтарда, рейдтік жүк түсіру тұрақтары кешендерінде немесе порт тұрақтарында жүзеге асырылады.

      Кемеге шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерін жүргізу орнын бақылау органдарымен келісім бойынша кемелердің, жүк түсіру технологиясы мен портта жолаушыларға қызмет көрсету түрлері мен ерекшеліктеріне және порттың сипаттамасына байланысты порт әкімшілігі анықтайды.

      8. Шетелден келген кемелерге бақылауды порт пен бақылаушы органдардың өкілдерінен құралған комиссия құрамы жүзеге асырады. Кейбір жағдайларда қызметтік қажеттілікке байланысты комиссия құрамына басқа қызметтердің, ұйымдар мен ведомстволардың өкілдері кіргізіледі. Сұйықтарды тасымалдайтын кемелерді ресімдеу кезінде комиссия құрамына өрт сөндіру күзетінің өкілдері, ал круиздік жолаушылар кемелерін бақылау кезінде туристік фирмалардың өкілдері қосылады.

      Комиссияны порт әкімшілігі шақыртады. Порт әкімшілігі комиссия мүшелерін оларға жүктелген функцияларын орындау үшін шетелге бағыт алған кемелерге жеткізуді қамтамасыз етеді.

      Кеменің бортында комиссияның жұмыс бірізділігі шекаралық наряд ауысымының жетекшісі комиссияның жұмысы басталмас бұрын нұсқау жүргізу барысында белгілейді. Шетелден келген кеменің бортына бірінші болып санитариялық-карантиндік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамы көтеріледі. Өз міндеттерін аяқтаған комиссия мүшелері барлық комиссия мүшелері жұмыстарының аяқталуына қарамастан кемеден кете алады. Шекаралық наряд ауысымының жетекшісі шекаралық бақылау жұмыстары аяқталысымен барлық комиссия мүшелерінің кемеден кеткеніне көз жеткізгеннен кейін кемеден ең соңында кетеді.

      9. Шетелдік кемелердің капитандары порт әкімшілігіне кемедегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат береді. Капитандары кемедегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат бермеген кемелердің портқа алдын-ала санитариялық бақылаусыз кіруіне тыйым салынады. Мұндай жағдайларда санитариялық бақылау кеменің тоқтаған орнында жүргізіледі, содан соң оларға портқа және тұрақтарға (айлаққа) кіруге рұқсат беріледі.

      Порт әкімшілігі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің шекаралық бақылау бөлімшесімен бірге (бұдан әрі – шекаралық бақылау бөлімшесі) лоцмандардың кемелерді кездестіретін жер жөнінде келіседі. Жеке жағдайларда шекаралық бақылау бөлімшесі шекаралық нарядтардың кемелерді шығарып салу бойынша шаралар қолданады.

      10. Көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тиеу (түсіру), жолаушыларды, көлік құралдарының жүргізушілерін және басқа да көлік құралдарын (жүктерді) алып жүретін адамдарды түсіру (отырғызу), сондай-ақ жүк операцияларын орындауды қамтамасыз ететін порт қызметкерлерін кіргізу шекаралық және кедендік бақылау бөлімшелерінің лауазымды адамдарының рұқсатымен жүзеге асырылады.

      11. Кеме кететін мерзімде көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тиеу (түсіру), жолаушыларды, көлік құралдарының жүргізушілерін және басқа да көлік құралдарын (жүктерді) алып жүретін адамдарды түсіру (отырғызу) аяқталуы тиіс, ал жүк операцияларын орындауды қамтамасыз ететін порт қызметкерлері шекаралық және кедендік бақылау аяқталғанға дейін кемеден кетуі қажет.

      12. Кемелердің экипаж мүшелерінің құжаттарын тексеру кеме бортында жүзеге асырылады.

      Кеме жолаушыларының құжаттарын шекаралық және кедендік бақылау жолаушыларға қызмет көрсетуге арналып арнайы жабдықталған ғимараттарда, үй-жайларда, теңіз (өзен) вокзалдарында, ал круиздік жолаушылар – тікелей кемеде жүзеге асырылады. Круизде жүрген адамдардың құжаттарын тексеру кемеден түсіп, кемеге отырған сайын жүзеге асырылады.

      Көлік құралдары жүргізушілерінің, экспедиторлардың және басқа да көлік құралдарын (жүктерді) алып жүретін адамдардың шекаралық және кедендік бақылауы олардың кеме бортынан жағаға түскеннен кейін арнайы жабдықталған және осы мақсатқа арналған терминалдар арқылы жүзеге асырылады.

      13. Кемелермен тасымалданатын көлік құралдарын бақылау арнайы жабдықталған алаңдарда, эстакадаларда және басқа да ғимараттарда жүзеге асырылады.

      14. Теңіз (өзен) өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Мемлекеттік шекара арқылы өткізуді ұйымдастыру схемасы (бұдан әрі – өткізуді ұйымдастыру схемасы) бойынша жүзеге асырылады, ол:

      1) жолаушылардың келуі мен кетуін жеке-жеке ресімдеуді;

      2) экипаж мүшелерінің құжаттарын бортта, рейдте ресімдеуді;

      3) экипаж мүшелерінінің, круиздік жолаушылардың жағаға (кемеге) түсуін (қайтуын) бақылауды;

      4) өткізу пунктінде оның аумағына және шетелге шығатын кемелердің тұрағына бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынатын режимнің сақталуын;

      5) келетін (кететін) кемелерді ресімдеу жөніндегі комиссияның үйлесімді және келісілген іс-қимылын қамтамасыз етуі тиіс.

      15. Кедендік бақылау бөлімшесі жүргізетін кемелерді кедендік ресімдеу кезіндегі бақылау сипатындағы іс-шаралар:

      кеме құжаттарын, кеме экипаж мүшелерінің, жолаушылардың, көлік құралдары жүргізушілерінің, экспедиторлар және басқа да жүкпен бірге ілесіп жүретін адамдардың құжаттарын тексеру жүргізіледі;

      кеме жүк қоймаларының немесе контейнерлерінің техникалық жай-күйі тексеріледі;

      кемедегі жүк қоймаларында және контейнерлерінде тақтайшалардың барын, кедендік мөрлер мен пломбалардың жағдайлары, пломбылайтын баулардың бүтіндігі тексеріледі;

      жүк уақытша сақтау қоймаларына немесе кедендік бақылау аймағындағы сақтауға рұқсат беретін белгі қойылады.

      16. Әрбір теңіз (өзен) өткізу пунктінде оның ерекшеліктеріне байланысты (санаттары, сыныптары, инфрақұрылымының және техникалық жарақтануының дамуы, жыл уақыты) Үлгілік схеманың негізінде шекаралық бақылау бөлімшелері бақылау органдары және порт әкімшілігімен келісілген ұйымдастыру схемасы құрастырылады.

      Оның ерекшеліктерін ескере отырып, әрбір өткізу пункті үшін әзірленген теңіз (өзен) өткізу пунктіндегі өткізуді ұйымдастыру схемасында бақылаушы органдардың бақылауды жүзеге асыру ұзақтығы белгіленеді.

2-тарау. Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде адамдар, көлік құралдары, жүктер мен тауарларды өткізуді ұйымдастыру

      17. Қазақстан Республикасының аумағына келген адамдардың, көлік құралдары, жүктер мен тауарлардың бақылауын жүзеге асырудың бірізділігі:

      1) кеме капитаны (кеме иесі немесе оған уәкілетті адам) порт әкімшілігіне кеменің келуі туралы алдын ала өтінім береді.

      Кеменің келуіне алдын ала өтінім қырық сегіз сағат бұрын беріледі, жиырма төрт сағат бұрын расталады, өткізу уақыты қырық сегіз сағаттан аз болған кезде – кеме порттан шығар алдында хабарланады;

      2) порт әкімшілігі (порт капитаны) кеменің келуі туралы алдын ала өтінімді бақылау органдарға береді;

      3) порт әкімшілігі кеме капитанын (кеме иесіне немесе оларға уәкілетті адамға) кеме тұрағын хабарлайды;

      4) порт әкімшілігі бақылаушы органдарға кеменің келу уақыты мен тұрақтау орны туралы кем дегенде төрт сағат бұрын хабарлайды;

      5) кеме иесі немесе оларға уәкілетті адам кедендік бақылау бөлімшесіне Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық келісімдері мен актілеріне және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес алдын ала ақпарат береді;

      6) кеме капитаны (кеме иесінің немесе оларға уәкілетті адамның) кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамына Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кедендік заңнамаларында көзделген құжаттарды береді;

      7) порт әкімшілігі келіп түскен ақпаратты шекаралық бақылау бөлімшесіне береді.

      Кемеге бақылаушы органдардың лауазымды адамдарын жеткізу теңіз (өзен) портының көліктерімен жүзеге асырылады.

      18. Бақылау органдары келген кемені, кеме бортындағы экипаж мүшелерін, жолаушыларды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды бақылауды мынадай бірізділікте жүзеге асырады:

      1) Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды және жүктерді тасымалдау кезінде жүктердің санитариялық-эпидемиологиялық жағдайының және адамдардың денсаулық жағдайының нашарлау қауіпі болған жағдайда санитариялық-карантиндік бақылау:

      кемедегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы алдын ала берілген ақпараттарды бағалау және талдау;

      кеменің медициналық-санитариялық құжаттарын тексеру;

      кемедегі көлік құралдарына (асхана, су жүйелері, қалдықтарды жиналуы мен жойылуы) және де жұқпаларды тасымалдаушы және таратушылардың барына (кемірушілер, масалар) санитариялық тексеру жүргізуге шешім қабылдау немесе олардың барын анықтау;

      медициналық тексеріп қарау (сұрау, термометрия);

      аса қауіпті жұқпалы ауру жұқтырған ауру адамды анықталған жағдайда жүргізілетін жедел іс-шаралар жоспарын жасау;

      шекаралық бақылау бөлімшесінің лауазымды адамына Мемлекеттік шекарадан кеме және кеме экипажының мүшелері мен жолаушыларының өту ықтималдығы туралы хабарлау;

      2) шекаралық бақылау:

      кеме капитанына сауалнама жүргізу;

      жолаушыларды түсіру, олардың құжаттарын тексеру, Мемлекеттік шекарадан өткізу туралы шешім қабылдау;

      кеме экипажының кемені тексергені туралы кеме журналындағы жазбаларды тексеру (тек Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туы астындағы кемелерде);

      құжаттарды тексеру, кеменің экипаж мүшелерін Мемлекеттік шекарадан өткізу туралы шешім қабылдау;

      кеме капитанына жағаға шығуға рұқсат берілмеген кеме экипажының мүшелері туралы ақпарат беру;

      3) кемемен тасымалданатын және кеменің керек-жарақтары ретінде қолданылатын жүк, тауарлар және көлік құралдары, сондай-ақ кеме экипаж мүшелерінің жеке заттарын, кемені бақылауға қатысты кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдарының іс-қимылы құжаттарда көрсетілген нақты мәліметтер және радиациялық бақылау нәтижелері негізінде іске асыру;

      4) кемемен тасымалданатын және кеменің керек-жарақтары ретінде қолданылатын жүктер, тауарлар және көлік құралдары, сондай-ақ кеме экипаж мүшелерінің жеке заттарын, кеме жайларын мүдделі мемлекеттік бақылаушы органдардың лауазымды адамдарымен бірлесіп тексеру;

      5) кемемен тасымалданатын және кеменің керек-жарақтары ретінде қолданылатын жүктер, тауарлар мен көлік құралдары, сондай-ақ кеме экипаж мүшелерінің жеке заттарын, кемені Мемлекеттік шекара арқылы өткізу туралы мемлекеттік бақылаушы органдары лауазымды адамдарының шешім қабылдауы;

      6) кемемен тасымалданатын және кеменің керек-жарақтары ретінде қолданылатын тауарлар және көлік құралдары, кеме экипаж мүшелерінің жеке заттарын, кемеге қатысты қабылданған шешім туралы шекаралық және кедендік бөлімшелердің лауазымды адамдарының кеме капитанына (кеме иесі немесе оларға уәкілетті адамға) ақпарат беруі;

      7) кеме капитанына (кеме иесі немесе оларға уәкілетті адамға) Қазақстан Республикасы және Қазақстан Республикасының заңнамалары ратификациялаған халықаралық келісімдерге және "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ресімделген құжаттарды тапсыру.

      19. Бақылаушы органдар кемемен келген көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды, сондай-ақ көлік құралдарының жүргізушілерін, экспедиторларды және басқа да көлік құралдарын (жүктерді) алып жүретін адамдарды (жүктерді) бақылауды келесі ретпен іске асырады:

      1) шекаралық бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдары көлік құралдары жүргізушілерінің, экспедиторлардың және басқа да көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды алып жүретін адамдардың құжаттарын тексеруі, көрсетілген адамдардың Мемлекеттік шекара арқылы өткізу туралы шешім қабылдау;

      2) кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдарының кедендік рәсімдерге қатысты жүктерді және тауарларды орналастыру мен тауарларды кедендік реттеуге байланысты кедендік операцияларды орындауды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық келісімдері мен актілеріне және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жүзеге асыру;

      3) кемемен келген көлік құралдарына, жүктер мен тауарларға бақылаушы органдардың лауазымды адамдарымен бірлескен тексеріп қарауы және сынамалардың (үлгілердің) алыну;

      4) шекаралық бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдары кемемен келген көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Мемлекеттік шекара арқылы өткізу туралы шешім қабылдау.

      20. Бақылаушы органдар кемемен келген жолаушылар мен тауарлардың (жолаушылардың жүгі) өтуін бақылауды мынадай ретпен жүзеге асырылады:

      1) Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды және жүктерді тасымалдау кезінде жүктердің санитариялық-эпидемиологиялық жағдайының және адамдардың денсаулық жағдайының нашарлау қауіпі болған жағдайда санитариялық-карантиндік бақылау:

      медициналық-санитариялық құжаттар мен медициналық жәрдемге жүгінуді тіркеу журналдарын тексеру;

      көлік құралдарына (асхана, су жүйелері, қалдықтарды жиналуы мен жойылуы) санитариялық тексеру жүргізу, сондай-ақ жұқпаларды тасымалдаушы және таратушылардың бар болуына (кемірушілер, масалар) немесе олардың бар анықтауға тексеру жүргізу туралы шешім қабылдау;

      медициналық тексеру (саулнама, термометрия);

      аса қауіпті жұқпалы ауру жұқтырған күдігі бар ауру анықталған жағдайдағы жедел іс-шаралар жоспарын құру;

      шекаралық бақылау бөлімшесінің лауазымды адамына жолаушылардың Мемлекеттік шекарадан өту мүмкіндігі туралы ақпарат беру;

      2) шекаралық бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдарының Мемлекеттік шекара арқылы өткізу туралы шешім қабылданған жолаушылардың құжаттарын тексеру;

      3) кедендік бақылау бөлімшесі лауазымды адамдарының кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау, мемлекеттік ветериналық-санитариялық бақылау мен қадағалауды, жолаушылардың құжаттары мен қол жүктерін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық келісімдері мен актілері және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі талаптарына сәйкес келуін тексеру, радиациялық бақылау жүргізу;

      4) бақылаушы органдар лауазымды адамдарының тауарларды (жолаушылардың қол жүктерін) Мемлекеттік шекара арқылы өткізу туралы шешім қабылдауы.

3-тарау. Қазақстан Республикасының аумағынан адамдардың, көлік құралдарының, жүктер мен тауарлардың кетуі кезіндегі бақылаушы органдардың іс-қимылдары

      21. Қазақстан Республикасының аумағынан кететін адамдардың, көлік құралдары мен жүктердің бақылауын жүзеге асырудың бірізділігі:

      1) кеме капитаны (кеме иесі немесе оның уәкілетті адамы) порт әкімшілігіне (порт капитанына) кеменің кетуі туралы алдын ала тапсырыс береді.

      Кеменің кетуіне алдын ала тапсырыс жиырма төрт сағат бұрын беріледі, шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлері жоспарланған уақытынан төрт сағат бұрын анықталады, ал кеме келгеннен кейін портта тұру уақыты жиырма төрт сағаттан кем болған жағдайда кеменің кетуіне жоспарланған уақытынан төрт сағат бұрын беріледі;

      2) порт әкімшілігі (порт капитаны) кеменің кетуі туралы алдын ала тапсырысты бақылаушы органдарға береді.

      Порт әкімшілігі кеменің кетуі туралы тапсырысты алғаннан кейін бір сағат ішінде береді, ал кеме келгеннен кейін портта тұрғанына жиырма төрт сағаттан кем болса – ақпарат алғаннан кейін дереу беріледі;

      3) порт әкімшілігі (порт капитаны) бақылаушы органдарына кеменің кету уақыты мен оның тұрағы туралы хабарлайды;

      4) кеме капитаны (кеме иесі немесе оның уәкілетті адамы) шекаралық бақылау бөлімшесіне кемелік рөлі туралы ақпаратты алдын ала тексеру үшін шекаралық бақылаудың жоспарланған басталу уақытынан екі сағат бұрын береді;

      5) жүк иесі немесе оның уәкілетті адамы кедендік бақылау бөлімшесіне Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық келісімдері мен актілеріне және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес алдын ала ақпарат береді.

      Қабылданған шешім туралы тиісті бақылаушы органдардың лауазымды тұлғалары кеме капитанын (кеме иесі немесе оның уәкілетті адамына) және порт әкімшілігін кеменің порттан жоспарланған кету уақытынан екі сағат бұрын еркін түрде жазбаша мәлімдейді.

      Порт әкімшілігі бақылаушы органдардан түскен ақпараттарды шекаралық бақылау бөлімшесіне хабарлайды;

      6) жүк иелері немесе оның уәкілетті адамдары кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдарына тиісті бақылау түрін іске асыру үшін қажетті құжаттарды береді.

      22. Бақылаушы органдар кемелерді, сондай-ақ кеме бортындағы кететін экипаж мүшелерін бақылауды мынадай бірізділікте жүзеге асырады:

      1) кеме капитанына сауалнама жүргізу;

      2) кеме журналындағы экипаждың кемені тексергені туралы жазбаларын тексеру (тек Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының астындағы кемелер үшін);

      3) құжаттарды тексеру, кеме экипажының Мемлекеттік шекара арқылы өтуі туралы шешім қабылдау;

      4) Мемлекеттік шекара арқылы өтетін адамдардың құжаттарын тексеру.

      23. Бақылаушы органдарның кемемен кететін көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды, сондай-ақ көлік құралдарының жүргізушілерін, экспедиторлар және басқа да көлік құралдарын (жүктерді) алып жүретін адамдарды бақылауды мынадай бірізділікте жүзеге асырады:

      1) кедендік бақылау:

      Кеменің құжаттамасын, экипаж мүшелерінің және жолаушылардың құжаттарын тексеру;

      радиациялық бақылау;

      кеменің жүк қоймаларының немесе контейнерлердің техникалық жағдайын тексеру;

      кемедегі жүк жайлары мен контейнерлердегі кедендік мөрлер мен пломбалардың, пломбалық жіптердің бүтіндігін, тақтайшалардың болуын тексеру;

      жүкті уақытша жүк қоймаларына немесе кедендік бақылау аймағына қоюға рұқсат беру;

      2) бақылаушы органдардың лауазымды адамдары кететін кемелердегі көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды бірлесіп тексеріп қарайды және өткізу туралы шешім қабылдау;

      3) бақылаушы органдардың лауазымды адамдары кететін кемелердегі көлік құралдары, жүктер мен тауарларға қатысты шешім қабылдау туралы кедендік бақылау бөлімшесінің лауазымды адамының жүк иесін немесе оның уәкілетті адамын ақпараттандыру;

      4) жүк иесіне немесе оның уәкілетті адамына Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ресімделген құжаттарды тапсыру;

      5) шекаралық бақылау бөлімшесінің лауазымды адамдарымен көлік құралдары жүргізушілердің, экспедиторлардың және басқа да көлік құралдарын (жүктерді) алып жүретін адамдардың құжаттарын тексеру, көрсетілген адамдарды Мемлекеттік шекара арқылы өткізу туралы шешім қабылдау.

      24. Бақылаушы органдар кететін кемені, кеме бортындағы жолаушыларды және тауарларды (жолаушылардың багаждарын) бақылауды мынадай бірізділікте жүзеге асырады:

      1) Мемлекеттік шекара арқылы адамдарды және жүктерді тасымалдау кезінде жүктердің санитариялық-эпидемиологиялық жағдайының және адамдардың денсаулық жағдайының нашарлау қауіпі болған жағдайда санитариялық-карантиндік бақылау:

      кемедегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы ақпаратты бағалау және талдау;

      кеменің медициналық-санитариялық құжаттамаларын, медициналық пункттін тексеру;

      медициналық тексеріп қарау (сауалнама, термометрия);

      аса қауіпті жұқпалы ауруды жұқтыру күдігі бар ауру анықталған жағдайдағы жедел іс-шаралар жоспарын құру;

      2) Еуразиялық экономикалық одақтың және Қазақстан Республикасының кедендік заңнамаларына сәйкес кедендік, санитариялық-карантиндік, фитосанитариялық бақылау, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау бөлімшесі лауазымды адамдарының жолаушылардың құжаттары мен жүгін тексеруі, радиациялық бақылауды жүргізу және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу туралы шешім қабылдауы;

      3) шекаралық бақылау бөлімшесі лауазымды адамдарының жолаушылардың құжаттарын тексеруі және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу туралы шешім қабылдауы.

      25. Бақылаушы органдардың кеме бортындағы экипаж мүшелерін және кемені, тауарларды бақылау бойынша әрекеттері кеменің бортында жүзеге асырылады:

      1) бақылаушы органдардың бақылау операцияларын жүргізуі және шекаралық бақылау бөлімшесінің лауазымды адамына кеменің және кеме экипажы мүшелерінің Мемлекеттік шекара арқылы өту мүмкіндігі туралы хабарлау;

      2) кеме капитаны (кеме иесінің немесе оның уәкілетті адамы) шекаралық және кедендік бақылау бөлімшелері лауазымды адамдарына тиісті бақылау түрін іске асыруға қажетті құжаттарды тапсырады;

      3) кемеге, сондай-ақ кемемен тасымалданатын және кеме азық-түлігі ретінде пайдаланылатын тауарларға және экипаж мүшелерінің жеке заттарына қатысты кедендік бақылау:

      кедендік бақылау бөлімшесіне мәлімделген құжаттардағы мәліметтердің нақтылығын тексеру және кемеге, тауарларға қатысты кедендік бақылауды жүзеге асыру;

      кеме келген кезде қойылған кедендік сәйкестендіру құралдарын (пломбалар және мөрлер) тексеру;

      кеменің келген кезінде жарияланған және кеменің портта тұрағы кезінде қолданылған кеме керек-жарақтарының, кеме азық-түліктері және кеме қосалқы бөлшектерінің болуын және олардың декларациядағы кеме азық-түліктері, материалдық есепке алу журналдарындағы және "Ішкі су көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабында белгіленген кеме құжаттарындағы (бұдан әрі - кеме құжаттары) жазбаларға сәйкестігін тексеру;

      материалдық есепке алу журналдарында басқа да кеме құжаттарында жарияланған тиелген кеме керек-жарақтарының, кеме азық-түліктері және кеме қосалқы бөлшектерінің нақты санының сәйкестігін тексеру;

      радиациялық бақылау.

      Мемлекеттік кірістер органдары жоқ өткізу пункттерінде (кедендік бақылау заңнамамен көзделмеген теңіз кемелерін ресімдеу кезінде), радиациялық бақылауды шекаралық бақылау бөлімшесі кедендік бақылау бөлімшесінің стационарлық радиациялық бақылау техникалық құралдарын пайдалану арқылы өткізеді.

      4) мүдделі мемлекеттік бақылаушы органдардың лауазымды адамдарының кеменің үй-жайларын, кемемен тасымалданатын тауарларды және кемеде азық-түлік ретінде қолданылатын жүктерді, экипаж мүшелерінің жеке заттарын бірлесіп тексеру;

      5) бақылаушы органдардың лауазымды адамдарының кемені, кемемен тасымалданатын тауарларды және кемеде азық-түлік ретінде қолданылатын жүктерді, экипаж мүшелерінің жеке заттарын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу туралы шешім қабылдау;

      6) шекаралық және кедендік бақылау бөлімшелерінің лауазымды адамдары кеме капитанын (кеме иесі немесе уәкілетті адамды) кемеге, кеме экипаж мүшелеріне, кемемен тасымалданатын тауарларды және кемеде азық-түлік ретінде қолданылатын жүктерге, экипаж мүшелерінің жеке заттарына қатысты қабылданған шешімді хабарлау;

      7) кеме капитанына (кеме иесі немесе уәкілетті адамға) Қазақстан Республикасымен ратификацияланған халықаралық келісімдерге және "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ресімделген құжаттарды тапсыру.

      26. Кеме капитаны (кеме иесі немесе ол уәкілеттік берген адам) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық келісімдері мен актілері және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің өткізу пункттерінде шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерін жүзеге асыру мәселелерін реттейтін талаптарын сақтамаған жағдайда бақылаушы органдардың лауазымды адамдарының осы Үлгілік схеманың 3-тарауында көрсетілген іс-әрекеттері (бұдан әрі-іс-әрекеттері) тоқтатылады, бұл туралы порт әкімшілігіне (порт капитаны) хабарланады.

      Кемедегі бақылаушы органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне кедергі келтіретін себептерді жойғаннан кейін кеме капитаны (кеме иесі немесе ол уәкілеттік берген адам) порт әкімшілігіне кеменің кетуіне арналған өтінімді қайта береді.

      Бір тәулікте бір кемеде бақылаушы органдардың лауазымды адамдарының іс-әрекетін бір ауысудан асырмай ауыстыруға жол беріледі.

  Бұйрыққа
5-қосымша

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2013 жылғы 30 қарашадағы № 504 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9070 болып тіркелген).

      2. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2013 жылғы 30 қарашадағы № 504 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2015 жылғы 22 шілдедегі № 60 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11937 болып тіркелген).

      3. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2013 жылғы 30 қарашадағы № 504 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2019 жылғы 12 шілдедегі № 51/қе бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19046 болып тіркелген).

      4. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2013 жылғы 30 қарашадағы № 504 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 100/қе бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22018 болып тіркелген).

      5. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды өткізу пункттерінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда өткізуді ұйымдастырудың үлгілік схемаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2013 жылғы 30 қарашадағы № 504 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2022 жылғы 16 тамыздағы № 50/қе бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29142 болып тіркелген).