Кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 14 ақпандағы № 188 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 1 наурызда № 16464 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 412-бабының 2-тармағына және 413-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің м.а. 23.07.2021 № 713 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы бұйрыққа қоса берілген Кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. "Кедендік тексеріп қарау және қарау жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 23 ақпандағы № 132 (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізімінде № 14929 тіркелген, 2017 жылдың 6 сәуірінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілердің Эталондық бақылау қорында жарияланған) бұйрығының күші жойылған деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрық Қазақстан Респуьликасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынына жолдауды;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрі Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 14 ақпандағы
№ 188 бұйрығымен
бекітілді

Кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді жүргізу қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің м.а. 23.07.2021 № 713 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 412-бабының 2-тармағына және 413-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және кедендік жете тексеруді және қарап-тексеруді (бұдан әрі – кедендік жете тексеру (қарап-тексеру)) жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізудің нәтижелері бойынша толтырылатын кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актілерінің нысаны "Кедендік құжаттардың нысандары туралы" Кеден одағы комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 260 шешімімен (бұдан әрі – КОК шешімі) белгіленген.

      3. Кодекстің 393-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес кедендік бақылау объектілері мен нысандарын таңдау кезінде тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі пайдаланылады.

      4. Тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің іске қосылған тәуекел бейіндері, не жөнелтуші кеден органы инспекциялық жете тексеру кешенін (бұдан әрі - ИЖТК) қолданумен жүргізген кедендік бақылаудың нәтижесі бойынша басып шығарылған рентген суретінің оң жақ бетіне "ИЖТК бақылауы, күдікті" деген мөртаңба қойылуы, және/немесе мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелеріне кедендік жете тексеруді жүргізуді қажет ететін мәліметтердің енгізілуі кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу үшін негіздеме болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу туралы шешім кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізуге уәкілетті лауазымды тұлғаның (бұдан әрі – уәкілетті лауазымды тұлға) қызметтік жазбасы негізінде кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізуге уәкілетті құрылымдық бөлімшенің не мемлекеттік кірістер органының басшысымен (олар болмаған жағдайда алмастыратын тұлғамен) қабылданады.

      Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу үшін:

      1) кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде:

      кедендік жете тексеру жүргізуді көздейтін тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінде тәуекел бейінінің іске қосылуы;

      жөнелтуші кеден органы ИЖТК қолданумен жүргізген кедендік бақылаудың нәтижесі бойынша басып шығарылған рентген суретінің оң жақ бетіне қойылған "ИЖТК бақылауы, күдікті" деген мөртаңбаның, және/немесе мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінде кедендік жете тексеруді жүргізудің қажеттігі туралы мәліметтердің болуы;

      Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕАЭО) немесе кедендік мақсаттарда ақпаратпен алмасу туралы халықаралық келісімдер бар шетелдердің, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарынан ықтималды тәуекел (бағдарлар) туралы ақпараттардың болуы;

      "Еркін кедендік аймақ" және "Еркін қойма" кедендік рәсімдерін қоспағанда, ЕАЭО мен Қазақстан Республикасының заңнамаларында көзделген мәлімделген кедендік рәсімдер шарттарына сәйкес кедендік тазарту кезінде тауарларды сәйкестендіру қажеттілігі;

      Кодекспен көзделген кедендік бақылаудың өзге нысандарын қолдану кезінде уәкілетті лауазымды тұлғаға белгілі болған, ЕАЭО мен Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы талаптарының сақталмауы белгілерінің болуы;

      2) кедендік қарап-тексеруді жүргізу кезінде:

      кедендік қарап-тексеруді жүргізуді көздейтін тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінде тәуекел бейінінің іске қосылуы негіздеме болып табылады.

      5. Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) өндірісіне экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері қатысқан жағдайда, кедендік жете тексеруді (қарап- тексеруді) жүргізуге уәкілетті құрылымдық бөлімшенің, не кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу туралы шешім қабылдаған мемлекеттік кірістер органының басшысы (олар болмаған жағдайда алмастыратын тұлға) кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) басталғанға дейін осындай қатысу туралы жазбаша хабардар болады.

      6. Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізуге өзге мемлекеттік органдардың, оның ішінде мемлекеттік кірістер органдарының жазбаша сұрау салуы бойынша лауазымды тұлғаларының қатысуына рұқсат етіледі.

2-тарау. Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) жүргізу тәртібі

      7. Кедендік жете тексеруді жүргізу алдында уәкілетті лауазымды тұлға декларантқа немесе, егер бұл тұлғалар белгіенген болса, тауарларға қатысты өкілеттіліктері бар өзге тұлғаға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу орнын және уақытын тағайындау туралы хабарламаны жолдайды.

      Қағаз жеткізгіште, кедендік операцияларды жасау процесінде хабарланатын тұлға көрсеткен ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе электрондық мекенжайы бойынша электрондық хабарламамен жолданған жағдайда, хабарлама жіберілді деп танылады.

      Тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің ұсынымдары болған кезде, (кедендік бақылаудың) тәуекелдерді болдырмау және (немесе) барынша азайту жөніндегі шараларды қолдану туралы хабарлама басып шығарылады және беріледі не ақпараттық жүйе арқылы жолданады.

      8. Егер тауар өзге мемлекеттік орган тарапынан бақылауға жататын болса және/немесе осындай органнан тиісті хабарлама алынған жағдайда, онда жете тексеру (қарап-тексеру) осындай мемлекеттік органының өкілімен бірлесіп жүргізіледі.

      9. Тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі, оларға қатысты тәуекелдерді барынша азайту бойынша шараларды кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу арқылы қабылдау қажет тәуекел объектілерін көрсетеді.

      Бұдан басқа, тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесімен ішінара, оның ішінде тауарлар партиясының белгілі бір санына не кедендік жете тексеруге (қарап-тексеруге) жататын тауарлардың жалпы көлемінен пайыздық қатынаста жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу көзделген.

      10. Егер ЕАЭО аумағынан оларды әкету көзделген кедендік рәсімде орналастырылатын тауарлардың тұрған жері белгісіз және (немесе) тауарлар кедендік бақылау аймағынан тыс жерде болған жағдайда, кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу туралы шешімді қабылдаған уәкілетті лауазымды тұлға кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу үшін тауардың тұрған жерін және тауарларды ұсынбау жағдайын анықтау жөнінде тиісті шараларды қабылдайды.

      11. Кедендік декларациялау көлеміне және штат санына байланысты, мемлекеттік кірістер органы басшысының шешімі бойынша кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) және кедендік сараптама тағайындалған кезде сынамалар мен үлгілерді алуды жүзеге асыратын уәкілетті лауазымды тұлғалар айқындалады, не мамандандырылған бөлімше (бұдан әрі – жете тексеру тобы) құрылады.

      12. Декларанттың, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғалардың және олардың өкілдерінің болмауы кезінде Кодексінің 412 және 413-баптарына сәйкес кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізуге жол беріледі.

      Көрсетілген жағдайда кедендік жете тексеру екі тәуелсіз куәгердің (айғақ берушілер) қатысуымен, фото (бейне) бекітуді қолдана отырып жүргізіледі. Фото (бейне) бекіту тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің ұсынысына қарамастан, осы Қағидалардың 42-тармағында белгіленген тәртіпте жүргізіледі.

      13. Дипломатиялық өкілдіктердің және консульдық мекемелердің ресми пайдалануы үшін арналған және өткізілетін тауарларға қатысты жете тексеру дипломатиялық агенттің немесе оның уәкілетті өкілінің қатысуымен жүргізіледі.

      14. Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу кезінде кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізетін тұлғаның рұқсатымен, және декларант не тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғаның келісімі бойынша уақытша сақтау орындарының өкілдері не кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу мақсатында қажетті тауарлармен жүк және өзге де операцияларды жүзеге асыратын өзге де тұлғалар қатысады.

      15. Мемлекеттік кірістер органдарының уәкілетті лауазымды тұлғалары кедендік жете тексеруді, оны толық аяқтау үшін жеткілікті, бірақ Кодекстің 193-бабына сәйкес тауарларды шығару мерзімін ұзарту және Кодекстің 231-бабына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтау кезінде көзделген мерзімнен аспайтын мерзімде жүзеге асырады.

      16. Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу орнына келгеннен кейін уәкілетті лауазымды тұлға:

      1) кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу кезінде қатысушы тұлғалардың өкілеттігін, сондай-ақ олардың кедендік бақылау аймағында болуының негіздерін тексереді;

      2) кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу кезінде олардың қатысуы немесе болуы Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген, өзге де мемлекеттік органдар өкілдерінің болу (болмау) фактін белгілейді;

      3) тауарларды, көлік құралдарын, жүк ыдыстарын, контейнерлерді, жеке тұлғалардың багаждарын, сәйкестендіру құралдарын (бұдан әрі – тауарлар) кедендік жете тексеруге (қарап-тексеруге) ұсыну фактін белгілейді.

      17. Егер ұсынылған тауарлар кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу үшін жарақтандырылған, арнайы жабдықталған алаңда, уақытша сақтауға арналған үй-жайларда, немесе оның уәкілетті лауазымды тұлғасы кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізетін, мемлекеттік кірістер органының кедендік бақылау аймағында болған жағдайда, уәкілетті лауазымды тұлға кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізуді бастау туралы шешім қабылдайды.

      18. Тауарларға кедендік жете тексеруді тікелей контейнерде немесе көлік құралдарының жүк бөлігінде жүргізу туралы шешімді уәкілетті лауазымды тұлға, егер:

      іске қосылған тәуекел бейінінде тауарларды контейнерден немесе көлік құралдарының жүк бөлігінен толық түсіру көзделмеген;

      мұндай кедендік жете тексеруді жүргізу – тауарларды жоғалтуға немесе олардың жай-күйін өзгертуге әкеліп соқтырмайтын;

      мұндай кедендік жете тексеруді жүргізу кедендік жете тексеруді жүргізетін не кедендік жете тексеру кезінде қатысатын адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірмейтін жағдайларда қабылдайды.

      Тауарларды ұсыну және олармен тауарларды сәйкестендіру бойынша операцияларды жүзеге асыру кезінде барлық мүдделі тұлғалар қатысқан жағдайда уәкілетті лауазымды тұлға кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізуге кіріседі.

      19. Уәкілетті лауазымды тұлғаның тауарлардың орамдарын немесе көлік құралының жүк бөлігін не ыдыстарды, контейнерлерді және тауарлар бар немесе бар болуы мүмкін өзге де орындарды көзбен көріп қарау әрекеті басталған уақыт кедендік жете тексеру басталған уақыт болып табылады.

      20. Кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде уәкілетті лауазымды тұлға мынадай ережелерді басшылыққа алады:

      1) кедендік жете тексеру тауар партиясымен өткізілетін тауарлардың (осы тармақтың 5) тармақшасында көрсетілген тауарларды қоспағанда) барлық атауларына, көлік құралынан барлық тауарларды міндетті түрде толықтай түсіре отырып (осы тармақтың 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларды қоспағанда) тауар партиясын құрайтын тауарлардың барлық мөлшерінің көлеміне қатысты жүргізіледі.

      Бұл ретте уәкілетті лауазымды тұлға мынадай оперцацияларды (осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген жағдайларды қоспағанда) жүргізуді қамтамасыз етеді:

      тауарларды толық өлшеу;

      барлық жүк орындарын аша отырып, жүк орындарын қайта санау;

      барлық жүк орындарындағы заттардың санын қайта санау;

      2) бірдей орамдағы, бірдей таңбалармен біртекті тауарларға (10 (он) белгі деңгейіндегі Сыртқы экономикалық қызметтің тауарлар номенклатурасының (бұдан әрі – СЭҚ ТН) 1 (бір) кодының тауарлары) қатысты кедендік жете тексеру барлық жүк орындарын қайта санау жолымен жүргізіледі, бұл ретте есептеу жолымен тауардың барлық партиясының санын және салмағын кейіннен айқындай отырып, тауар орамының әрбір түрінің тек 1 (бір) данасына ғана ашу, қайта санау және өлшеу жүргізіледі;

      3) егер көлік құралына тек біртекті тауарлар (10 (он) белгі деңгейіндегі СЭҚ ТН-ның 1 (бір) кодының тауарлары) тиелген жағдайда, көлік құралының жүк бөлігінің ұзына бойына "дәліз" түрінде өту жолын құру жолымен тауарларды ішінара түсіру жүзеге асырылады. Үйіп, бос, құйып өткізілетін тауарлар бойынша түсіру жүзеге асырылмайды.

      Бұл ретте, осы тармақтың 2) тармақшасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, тек 1 (бір) жүк орынын (көліктік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес) ашу, қайта санау және өлшеу жүргізіледі;

      4) егер көлік құралына тез бұзылуға ұшырайтын тауарлар тиелген жағдайда, көлік құралының жүк бөлігінің ұзына бойы "дәліз" түрінде өту жолын құру жолымен тауарларды ішінара түсіру жүзеге асырылады.

      Бұл ретте, осы тармақтың 2) тармақшасында белгіленген талаптарды сақтай отырып, тауардың әрбір атауын ашу, қайта санау және өлшеу жүргізіледі;

      5) төменде көрсетілген тауарлардың санаттарына қатысты кедендік жете тексеру:

      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес, Қазақстан Республикасында есепке алынып тіркелген халықаралық ұйымдардың мекенжайына жеткізілетін;

      дүлей зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жою мақсатында жеткізілетін;

      дипломатиялық өкілдіктердің және консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің, ЕАЭО кедендік аумағында орналасқан халықаралық ұйымдар жанындағы мемлекеттер өкілдіктерінің ресми пайдалануы үшін өткізілетін және арналған;

      тауар ретінде мәлімделген көлік құралдарын;

      кедендік жете тексеру жүргізетін лауазымды тұлғаның өміріне және денсаулығына қауіп-қатер келтіретін және арнайы таным және (немесе) жарақтандыруды талап ететінін заттарды;

      ЕАЭО кедендік аумағына келу орнында мемлекеттік кірістер органдары оларға қатысты кедендік жете тексеруді жүргізген, не ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кеден қызметтері оларға қатысты кедендік жете тексеруді жүргізген тауарларды, сондай-ақ кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтау кезінде межелі кеден органымен оларға қатысты кедендік жете тексеру жүргізілген тауарларды, кедендік жете тексеру актісінің тұпнұсқасы бар болған кезде, оған сәйкес кедендік жете тексеру жүргізудің көлемі мен дәрежесі, іске қосылған тәуекел бейінімен көзделген кедендік жете тексеруді жүргізудің көлемі мен дәрежесінен асатынын, сондай-ақ кедендік жете тексеруге тауар партиясы алғашқы кедендік жете тексеру жүргізілген сондай көлемде ұсынылған жағдайды;

      "Қазақстан Республикасының аумағында ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру және оның жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 206 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11395 болып тіркелген), Қазақстан Республикасының аумағында ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру және оның жүзеге асыру қағидаларына сәйкес берілген оларды тасымалдауға арнайы рұсаты бар габаритті емес және ірі салмақты тауарларды;

      оларға қатысты кедендік жете тексеру осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес көлік құралдарының жүк бөлігін ашу, оның ішіндегілерге бейне түсірілім не уақытша сақтау орындарына орналастырылған тауарларға бейне түсірілім жүргізу арқылы жүргізілетін Тауар топтарының тізбесіне және СЭҚ ТН тауар позицияларына сәйкес тауар топтарында және СЭҚ ТН тауар позицияларында сыныпталатын тауарларды міндетті түрде түсіндірумен көлік құралының жүк бөлігін ашу оның ішіндегілерге (көлік құралынан тауарларды түсірмей) бейне түсірілім немесе уақытша сақтау орнында орналасқан тауарларға бейне түсірілім жүргізу жолымен жүргізіледі;

      6) егер тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінде өзгеше көзделмесе, коммерциялық құжаттарға сәйкес тауардың мөлшері қосымша өлшем бірлігінде (данада, жиынтықта, жұпта және басқа бірліктерде) көрсетілген және бұл ретте төленуге тиесілі кедендік баждардың сомасы тауардың салмағына тәуелді емес болған жағдайда, кедендік жете тексеру барысында тауарларды өлшеу жүргізілмейді;

      7) тәуекелді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің негізінде тағайындалған кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде, бейне түсірілімді жүргізу туралы ұсыным болған кезде, уәкілетті лауазымды тұлға кедендік жете тексерудің барлық процесіне үздіксіз бейне түсірілімді жүргізуді қамтамасыз етеді.

      Бейне түсірілім басталғанан кейін уәкілетті лауазымды тұлға кедендік жете тексерудің барлық процесін айтып және түсіндіріп тұрады.

      Бұл ретте уәкілетті лауазымды тұлғамен мынадай мәліметтер айтылып және:

      кедендік жете тексерудің басталған және аяқталған уақыты;

      кедендік жете тексеру жүргізілген орын;

      оларға қатысты Кодекстің 32-бабымен бақылау көзделген Қазақстан Республикасының аумағы арқылы әкелуге және өткізуге тыйым салынған не шектеу қойылған тауарлардың, мәлімделмеген не анық емес декларацияланған тауарлардың болуы туралы декларанттың мәліметтері;

      кедендік жете тексеруді жүргізуші тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы;

      кедендік жете тексеру кезінде қатысқан тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы;

      барлық орындалған әрекеттер, оның ішінде ішінара түсіруді жүргізу немесе кедендік жете тексеруді жүргізбеу үшін негіздер;

      кедендік жете тексерудің нәтижелері.

      Тиеу-түсіру жұмыстарын жүзеге асыру кезеңінде кедендік жете тексеруді жүзеге асырушы уәкілетті лауазымды тұлғаның сәйкесінше түсіндірмесімен бейне түсірілімді тоқтату мүмкін болады. Кедендік жете тексеруді тоқтатқан және қайта жаңғыртқан кезде уәкілетті лауазымды тұлға кедендік жете тексерудің тоқтатылған (қайта жаңғыртылған) нақты уақытты айтуы тиіс.

      21. ИЖТК-ны пайдалана отырып тауарларды кедендік қарап-тексерудің нәтижелері бойынша кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешімді қабылдаған кезде, кедендік жете тексеруді жүргізуші уәкілетті лауазымды тұлғаға ИЖТК суреттерінің көшірмелері және оған түсіндірмелер беріледі.

      Кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу, сондай-ақ кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімдерінде орналастырылатын тауарларға және қайта өңдеу өнімдеріндегі тауарларды сәйкестендіру мақсатында олардың қайта өңдеу өнімдеріне кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу туралы шешім қабылданған жағдайда уәкілетті лауазымды тұлғаға оларда тауарларды сәйкестендірудің тәсілдері көрсетілген қайта өңдеу шарттары туралы құжаттардың көшірмелері беріледі.

      22. Орамдарды ашуды уәкілетті лауазымды тұлға декларанттың немесе оның өкілінің қатысуымен жүргізеді.

      Декларанттың немесе оның өкілінің болмау жағдайында орамды ашуды уәкілетті лауазымды тұлға екі тәуелсіз куәгердің (айғақ берушілердің) қатысуымен жүргізеді.

      23. Жүк орындарын ашу олардың тұтастығын және олардың сәйкестендіру құралдарын бұзуды, кейін олардың орамдарынан (жәшіктерден, қораптардан), технологиялық ыдыстардан, мөлшерін және атауын, шығарылған елін айқындау және тауарлар туралы мәліметтерді алуды бақылау мүмкіндігін алу үшін арнайы дайындалған жасырын орындардан тауарлардың жекелеген бірлігін алуды, басқа тауарлар түрінде өткізілетін тауарларды анықтауды көздейді.

      24. Тауардың сипаттамасы туралы мәліметтер жеткіліксіз болған және тауарды сәйкестендіру үшін белгілі бір таным болмауы жағдайында уәкілетті лауазымды тұлға Кодекстің 466-бабына сәйкес кедендік сараптама тағайындайды және тауардың сынамалары мен үлгілерін іріктеуді жүзеге асырады.

      25. Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салынған тауарларды анықтау мақсатында кедендік жете тексеру (қарап-тексеруді) қажет болған жағдайда, мемлекеттік кірістер органдары қызметтік иттерді пайдаланып жүргізеді.

      26. Кедендік бақылаудан жасырылған тауарларды анықтау мақсатында аралау, егеу, кесу және өзге де іс-қимылдар көмегімен кедендік жете тексеруді жүргізу осы Қағидалардың 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген негіздер болған кезде, сондай-ақ:

      1) жасырылған тауардың үстіне бояу, металдар, өзге де материалдар қабаттарын жаққан;

      2) тауарларды арнайы дайындалған бөлшектенбейтін жасырын орынға салған жағдайда жүзеге асырылады.

      27. Кедендік жете тексерудің тиімділігін арттыру мақсатында уәкілетті лауазымды тұлға Кодекстің 407-бабында көзделген кедендік бақылау нысанын не Кодекстің 424-бабында көзделген кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қабылдайды.

      28. Егер кедендік жете тексеру процесі объективті себептер (үзіліс, жұмыс уақытының аяқталуы) әсерінен тоқтатылған жағдайда, уәкілетті лауазымды тұлға, тауарлардың өзгеріссіз жағдайда, оның ішінде тауарлар тұрған жүк орындарына, көлік құралдарына не үй-жайларға сәйкестендіру құралын салу арқылы сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдайды.

      29. Уәкілетті лауазымды тұлғаның тауарлардың орамдарын немесе көлік құралының жүк бөлігін не ыдыстарды, контейнерлерді және тауарлар бар немесе бар болуы мүмкін өзге де орындарды көзбен көріп қарау әрекеті басталған уақыт кедендік қарап-тексеру уақыты болып табылады.

      30. Кедендік қарап-тексеру уәкілетті лауазымды тұлғамен тауарларды, жеке тұлғалардың багажын, көлік құралдарын, жүк ыдыстарын, кедендік пломбалар, мөрлер және тауарларды сәйкестендірудің өзге де құралдарын, көлік құралдарын ашпай және тауарлардың орамдарын бұзбай сырттай көзбен шолып қарау арқылы жүргізіледі.

      Тауарларды кедендік қарап-тексеру, оларға қатысты кедендік бақылау жүргізілетін тауарлар туралы мәліметтер алу және тексеру мақсатында, тауарларда, көлік құралдарында және олардың жүк орындарында кедендік пломбалар, мөрлер және салынған сәйкестердіру құралдарының болуын тексеру мақсатында жүргізіледі.

      31. Тауарлар мен көлік құралдарын кедендік қарап-тексеру, қажет болған кезде қаралатын обектілердің ішкі құрылымын көзбен көріп қарауды қамтамасыз ететін және мұндай обектілердің физикалық ерекшелік сипатының болуы туралы өзгеше ақпараттандыратын техникалық құралдарды қолданумен жүргізіледі.

      32. Егер кедендік қарап-тексеру процесі объективті себептер (үзіліс, жұмыс уақытының аяқталуы) бойынша тоқтатылған жағдайда, уәкілетті лауазымды тұлға тауарлардың өзгеріссіз жағдайда, оның ішінде тауарлар тұрған жүк орындарына, көлік құралдарына не үй-жайларға сәйкестендіру құралын салу арқылы сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қабылдайды.

      33. Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) тәуекелдер бейінімен белгіленген көлемде және дәрежеде жүргізіледі. Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) көлемі мен дәрежесін өзгертуге жол берілмейді.

      Іске қосылған тәуекелдер бейінінде осы Қағиданың 4-тармағымен көзделген негіздер бойынша кедендік жете тексеруді жүргізудің не жүргізу туралы шешім қабылдаудың көлемі мен дәрежесі болмаған жағдайда, кедендік жете тексеру осы Қағиданың 20-тармағының 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларына сәйкес ішінара жүргізіледі.

      Тауардың мөлшерін айқындау тауарға ілеспе құжаттардағы тауардың мөлшері туралы деректер негізінде кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізер алдында есептеу жолымен жүргізіледі.

      34. Егер тәуекел бейіні іске қосылған кезде айқындалған кедендік жете тексеру көлемі тауар партиясымен өткізілетін тауарлардың барлық атауына кедендік жете тексеру болжалған жағдайда, уәкілеттті лауазымды тұлға мынадай:

      тауарларды толық өлшеу;

      барлық жүк орындарын ашып жүк орындарын қайта санау;

      барлық жүк орындарындағы заттардың санын қайта санау операцияларын жүргізуді қамтамасыз етеді.

      Тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізудің көлемі мен дәрежесі осы Қағиданың 20-тармағының ережелерін ескере отырып белгіленеді.

      35. Егер тәуекелдер бейіні іске қосылған кезде айқындалған кедендік жете тексеру көлемі, өткізілетін тауар партиясы тауарларының бөлігіне кедендік жете тексеруді көздеген жағдайда, уәкілетті лауазымды тұлға осы Қағиданың 34-тармағында көрсетілген кедендік операцияларды тауарлардың мұндай бөлігіне қатысты жүргізуді қамтамасыз етеді.

      36. Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) дәрежесі кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) көлеміне байланысты айқындалған тауар мөлшеріне қатысты жүргізілуі қажет уәкілетті лауазымды тұлғаның әрекетін айқындайды.

      Егер кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) жүргізу нұсқауында жүк орындарын қайта санау қажеттілігі белгіленсе, онда кедендік жете тексеруге (қарап-тексеруге) ұсынылған тауардың барлық жүк орындарын қайта санау жүргізіледі.

      37. Егер тауарларға қатысты кедендік жете тексеру ЕАЭО кедендік аумағына келетін орындарда мемлекеттік кірістер органдарымен жүргізілген, не оларға қатысты кедендік жете тексеру ЕАЭО мүше мемлекеттердің кеден қызметтерімен жүргізілген, бұл ретте кедендік жете тексеру актісінде кедендік жете тексеруді жүргізудің көлемі және дәрежесі көрсетілмеген жағдайда, кедендік жете тексеру осы Қағиданың 20-тармағының 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларына сәйкес тек тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің тәуекел бейіні іске қосылған кезде ғана жүргізіледі.

      38. Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу және оның тиімділігін арттыру кезінде тауарлар (олардың мөлшері, құрамы, физикалық және химиялық қасиеті, түпнұсқалылығы, жасырын орындардың болуы) туралы қажетті мәліметтерді анықтауға мүмкіндік беретін кедендік бақылаудың техникалық құралдарының (бұдан әрі – КБТҚ) әртүрлі түрлері қолданылады.

      39. КБТҚ қолдану кезінде уәкілетті лауазымды тұлға адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарына зиян келтіруге жол бермеу мақсатында қажетті қауіпсіздік шараларын сақтайды.

      40. Кедендік бақылаудың техникалық құралдарын қолдану қажеттілігімен кедендік жете тексеруді (қарап-тексеру) жүргізуге тәуекелдердің алдын алу және барынша азайту бойынша тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің ұсынымдарында шаралар болған жағдайда, уәкілетті лауазымды тұлғамен кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) процесін және нәтижелерін фото (бейне) түсіру өндірісі үшін фото (бейне) түсіруге арналған аппаратуралар қолданылады.

      Уәкілетті лауазымды тұлға фото (бейне) түсіруге арналған аппаратураны қолданар алдында оның жұмыс істейтінін (оның ішінде қоректену элементінің қуаты деңгейінің толықтығын (қосалқы қуатталған қоректену элементтерінің болуы), жинақтауышта жеткілікті бос орынның болуын, баптауларда нақты күнін және уақытын қойылғандығын, сондай-ақ фото түсірілімнің (бейне түсірілімнің) сапасының оңтайлы баптауларын қоюды тексереді.

      Фото сурет (бейне жазба) жете тексерілетін (қарап-тексерілетін) тауарларды сәйкестендіру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      41. Егер тәуекел бейінінде өзгеше көзделмесе, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қатысты кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) жүргізудің кезеңділігін, тауарлар партиясының көлемін, тауарлардың мөлшерін және ассортиментін, кедендік декларация бойынша кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізуге тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің ұсынысында көрсетілген, кедендік жете тексерудің (қарап-тексерудің) мақсатын, көлемін және дәрежесін ескере отырып, әрбір нақты жағдайда уәкілеті лауазымды тұлға кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) жүргізу кезінде қажетті фото сурет санын дербес айқындайды.

      Әрбір нақты жағдайда бір кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) барысындағы фото суретттің санын уәкілетті лауазымды тұлға дербес айқындайды, бұл ретте әрбір кедендік жете тексерудің (қарап-тексерудің) фото мұрағаты тауардың әрбір атауының техникалық және коммерциялық сипаттамасы туралы түпкілікті мағұлмат береді.

      42. Фото түсірілім (бейне түсірілім) өзіне көлік құралының (контейнердің) жүк бөлігінің жалпы жоспарын (сыртқы түрін), оның нөмірін түсіруді және салынған қамтамасыз етудің тұтастығын, ал уақытша сақтауға орналастырылған тауарларға кедендік жете тексеруді (қарап тексеруді) кезінде уақытша сақтау орнында тауарлардың орналасуының жалпы көрінісі, (бөлек үй-жайларда тауарларды уақытша сақтау кезінде) салынған қамтамасыз етудің тұтастығын қамтиды.

      Егер тәуекел бейінінде өзгеше көзделмесе, кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) процесінің фото түсірілімі (бейне түсірілімі) мынадай типтік схема бойынша жүргізіледі:

      көлік құралының типін, оның мемлекеттік тіркеу нөмірін, салынған қамтамасыз ету құралын түсіру (аталған қағида әуе не теңіз кемесіндегі тауарларды кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) кезінде қолданылмайды);

      көлік құралына тиеу дәрежесін (барынша мүмкін пайыздық қатынаста көлік құралына тиелген дәрежесін (көлемін) бағалауға мүмкіндік беретін фото түсірілім (бейне түсірілім)), жүк орындарын және тауарлар орамының сипатын түсіру;

      көлік құралынан тауарларды түсіруді (тауарларды ішінара түсіру кезінде көлік құралынан түсірілген тауарлардың түсірілмеген тауарларға қатынасы бойынша пайыздық қатынасын бағалауға мүмкіндік беретін фото түсірілім (бейне түсірілім));

      тауарлардың түсірілген бөлігін түсіру, іс жүзінде түсірілген тауардың мөлшерін немесе көлемін сәйкестендіру мүмкіндігін қамтамасыз ететіндей етіп жүргізіледі;

      тауарлардың түсірілмеген бөлігін, не толық түсірілген кезде – көлік құралын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін (көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірі) деректердің фото суретте (бейне түсірілімде) болуымен көлік құралының бос бөлігін түсіру;

      жүк орындарын бөлшектеуді (ашуды) және олардың ішіндегілерді жете тексеруді түсіру.

      Фото түсірілімді (бейне түсірілімді) жүргізген уақытта оларды біркелкі сәйкестендіруге мүмкіндік беретін тауарлардың негізгі сипаттамасын толық көлемде түсіру қажет.

      Түсіруге (кедендік жете тексерудің (қарап-тексерудің) белгіленген дәрежесі мен көлемін сақтау талабы кезінде):

      жүк бөлігінде (оны тиеуде) тауардың орналасуы немесе бөлінуі, уақытша сақталған кезде уақытша сақтау орындарында тауардың орналасуы;

      орамның сыртқы түрі;

      орамдағы және тауардың өзіндегі таңбалау (жазу, жапсырма қағаздар, оның ішінде тауарларды жөнелтуші, алушы туралы көрсетілген мәліметтер, тапсырыстың нөмірлері, этикеткалар);

      дайындаушы, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі туралы мәліметтер;

      физикалық мөлшері;

      жинақтауыштар, қосалқы бөлшектерінің және керек-жарақтарының болуы;

      тауардың тозу дәрежесі;

      тауарлық және арнайы белгілер;

      консистенциясы;

      түсі;

      тауарды өлшеп орау;

      анықталған бөгде салымдар жатады.

      Таңбалауда бар ақпараттарды түсіруді, 1 (бір) фото суретте орындау мүмкін болмаған жағдайларда, оларды кейін сәйкестендіру мүмкіндігімен барлық мәліметтерді түсіру мақсатында таңбалауларды рет-ретімен фотоға түсіру жүзеге асырылады.

      Тауардың ерекшелігі геометриялық параметрлерін айқындауды және түсіруді талап ететін, бұл ретте тауарлар таңбалауында немесе орамында мөлшері туралы мәліметтер болмаған жағдайларда, тауарды өлшеу аспаптары (сызғыш, рулетка) фонында (көзбен көріп салыстырумен), ал олар жоқ болған жағдайда – мөлшері алдын ала белгілі, эталонды еркін түрдегі объектілердің (адамның алақаны, сіріңке қорабы, темекі қорапшасы, монета) фонында фото түсірілім (бейне түсірілім) жасау ұсынылады. Тауардың мөлшеріне байланысты неғұрлым ірі объектілермен (адам, автомобиль, контейнер, ғимарат) фото түсірілім (бейне түсірілім) жүргізіледі.

      Фото түсірілім (бейне түсірілім) барысында тауардың геометриялық сипаттамасын өлшеу, тауарларды өлшеу, ашу, қайта санау, КБТҚ қолдану, салынған сәйкестендіру құралдарының болуын және сәйкестігін тексеру, сынамалар мен үлгілерді іріктеу бойынша әрекеттерді түсіру қажет.

      43. Көбірек ақпарат беру мақсатында фото суреттерге (әрбір фото суретке электронды түрде жеке мәтіндік файл қалыптастыру не оған қатысты жүргізілетін операциялардың түрі мен тауардың көрсетілуімен фото суреттің бастапқы файлдарын қайта атау жолымен) түсіндірме қалыптастыруға жол беріледі.

      44. Фото суреттерді (бейне жазбаларды) цифрлық форматта сақтау мемлекеттік кірістер органдарының серверінде 3 (үш) жыл ішінде жүзеге асырылады.

      Тауарларды декларциялау орны мен сақтау орындары өзгеше болған жағдайда, фото суреттерді (бейне жазбаларды) цифрлық форматта сақтау бір мезгілде қызмет өңірінде тауарларды декларациялау жүзеге асырылған мемлекеттік кірістер органдарының және қызмет өңірінде тауарларды кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) жүргізілген мемлекеттік кірістер органының серверінде жүргізіледі.

      Фото және бейне мұрағат деректер базасына ақпараттарды жинау, өңдеу және жаңғырту мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық-техникалық қызметінің уәкілетті бөлімшелерімен жүзеге асырылады.

      Фото суреттерді (бейне жазбаларды) сақтау папканың (каталогтардың) ағаш тәрізді құрылымын пайдалана отырып жүзеге асырылады және қажетті фото суреттерге (бейне жазбаларға) жедел қол жеткізу мүмкіндігін, сондай-ақ фото суреттің (бейне жазбаның) оларға қатысты кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) жүргізілген тауарға арналған декларацияның нөміріне байланыстыруды қамтамасыз етеді.

      Фото суреттерді (бейне жазбаларды) сақтау үшін негізгі өлшемшарттар бойынша (кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) күні, мемлекеттік кірістер органы, оған қатысты кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) жүргізілген сыртқы экономикалық қызметке қатысушының атауы, кедендік декларацияның нөмірі, не кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісінің нөмірі) іріктеуді жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін фото суреттер (бейне жазбалар) папкасы құрылады.

      45. Көлік құралдары, көлік құралдарының жүк бөліктері, жүк орындары, тауарлар бар және болуы мүмкін үй-жайлар және орындар, кедендік бақылауға алынған тауарлардың өздері Кодекстің 427-бабына сәйкес уәкілетті лауазымды тұлғалармен Кодексте көзделген пломба салу, мөр қою жолымен және тәсілдермен сәйкестендіріледі.

      46. Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) нәтижесінде құқық бұзушылық немесе қылмыс белгілері анықталған жағдайда, сәйкестендіру құралдары тауарлардың және көлік құралдарының жай-күйінің өзгермеуін, оларды ауыстырудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында салынады.

      47. Сәйкесендіру құралдарының бар-жоғы мен жай-күйіне бақылауды жүзеге асыру мақсатында кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісінде олардың мөлшері, типі, пломбаларының нөмірлері, мөрлері, цифрлық, әріппен қойылған және өзге де таңбалаулары, сәйкестендіру белгілері, қойылған мөртабандар, алынған сынамалар мен үлгілер, тауарлардың сипаттамалары, жасалынған сызбалары, масштабтық бейнелер, фото суреттер, иллюстрациялар, тауарға ілеспе және құжаттарды және сәйкестендіру құралдарын пайдалану туралы мәліметтер көрсетіледі.

      48. Сәйкестендіру құралдары өзгерген, алынып тасталған, жойылған немесе айырбасталған жағдайда, уәкілетті лауазымды тұлғамен КОК шешімімен бекітілген нысан бойынша сәйкестендіру құралдарының өзгеруі, алып тасталуы, жойылуы немесе айырбасталуы туралы акті жасалады.

      49. Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) барысында тауарлардың іс жүзіндегі сипаттамасы, мөлшері не тауарлар туралы мәліметтері (атауы, шығарылған елі, дайындаушысы) тауарға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерге сәйкес келмеу фактілері анықталған жағдайда, аталған фактілер кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актінде көрсетіледі.

      50. Егер анықталған алшақтықтардың жауапкершілігі 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 551-бабында немесе Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі Қылмыстық кодексінің 234-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бар екендігін көрсеткен жағдайда, бұл ретте кедендік жете тексерудің (қарап-тексерудің) белгіленген көлемі мен дәрежесі шегінде аталған фактілерді толық тексеруге мүмкіндік болмаса сәйкессіздікті анықтаған уәкілетті лауазымды тұлға дереу мемлекеттік кірістер органының басшысын жазбаша хабардар етеді, ал қылмыстық жазаланатын әрекеттің белгілері болған кезде – қосымша экономикалық тергеулер қызметіне хабарлайды, онда тауарлар туралы мәлімделген мәліметтердің анық еместігі белгілері, кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) көлемін ұлғайту және оның дәрежесін өзгерту қажеттілігінің негіздемелері, сондай-ақ кедендік жете тексерудің (қарап-тексерудің) сипаттамалары бойынша өзге ұсыныстар көрсетіледі.

      Уәкілетті лауазымды тұлғаның жазбаша ақпаратының негізінде мемлекеттік кірістер органының басшысы кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу көлемін және дәрежесін өзгерту туралы шешім қабылдайды.

      51. Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) аяқталғаннан және анықталған бұзушылық фактілерін белгілегеннен кейін, кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу кезінде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, уәкілетті лауазымды тұлға ӘҚБтК-ға сәйкес шаралар қабылдайды.

      Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайда, уәкілетті лауазымды тұлға материалдарды экономикалық тергеу қызметіне жолдайды.

      52. Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) нәтижелері кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісінде, сондай-ақ іс жүзінде кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) аяқталғаннан кейін дереу тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесінде белгіленеді.

      Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісі екі данада жасалады, олардың біреуі декларантқа немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаға, не егер бұл тұлғалар бұзушылық анықталған жағдайда немесе оның талап етуі бойынша анықталса , олардың өкілдеріне тапсырылады (жолданады).

      Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актінде Кодекстің 413-бабында көзделген мәліметтер көрсетіледі.

      53. Өзге мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізуге қатысқан жағдайда, кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актінде мұндай тұлғалар туралы мәліметтер көрсетіледі.

      Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісінің көшірмелері кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізуге қатысқан өзге мемлекеттік органдардың өкілдеріне, экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлеріне қол қойдырып беріледі.

      Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізуге қатысқан өзге мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісінің көшірмелерін алудан бас тартқан жағдайда, кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісінде тиісті жазба жазылып, уәкілетті лауазымды тұлғаның қолы қойылып және жеке нөмірлік мөрінің бедерімен куәландырылады.

      54. Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) процесінде уәкілетті лауазымды тұлғаның іріктеп өлшеуі кезінде тауарларды есептеу тәсілімен іс жүзіндегі салмағы белгілі болған жағдайда, кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісінде салмақ есебі және есептеу нәтижелері көрсетіледі.

      55. Кедендік жете тексеру ИЖТК пайдалану арқылы кедендік қарап-тексеру кезінде алынған, ЕАЭО және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының бұзылуы мүмкіндігі туралы ақпарат негізінде жүргізілген жағдайда, кедендік жете тексеру актісінде ИЖТК операторымен мәлімделмеген тауардың мүмкін орналасқан орны ретінде көрсетілген көлік құралының жүк бөлігінің қай бөлігінде атап айтқанда қандай тауарлар болғандығы туралы мәліметті көрсету қажет.

      56. Кедендік жете тексерудің (қарап-тексерудің) нәтижелерін белгілеу кезінде кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісіне:

      тауарлардың орамасындағы таңбалау үлгілері, этикеткалар, жапсырма қағаздар және тауарларды сәйкестендірудің құралдары (бар болған және/немесе қажет болған жағдайда);

      кедендік жете тексерудің (қарап-тексерудің) фото материалдары (осы материалдар бар болған кезде цифрлық тасымалдағышта қосымша бірге беруге рұқсат етіледі);

      кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) бейне материалдары (бар болған кезде);

      кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) кезінде қатысқан немесе қатысып отырған өзге мемлекеттік органдардың мамандарының (олар тартылған жағдайда) және лауазымды тұлғаларының өкілеттіктерін растайтын құжаттардың көшірмелері;

      кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) кезінде қатысатын тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;

      кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу барысында ресімделген және оған қатысы бар өзге де құжаттар қоса тіркеледі.

      Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісіне қоса берілген барлық құжаттар мен қағаз тасымалдағыштағы мәліметтер, кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісінің ажырамас бөлігі болып табылады.

      57. Кедендік жете тексерудің (қарап-тексерудің) нәтижелерін белгілегеннен кейін уәкілетті лауазымды тұлға осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актілерін тіркеу журналының (бұдан әрі – Тіркеу журналы) тиісті бағандарын толтырады.

      Әрбір келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Тіркеу журналын нөмерлеу бірден басталады.

      58. Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізгеннен кейін, кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісін оған қоса берілген барлық құжаттармен және тиісті кедендік рәсімдер кезінде ресімделетін кедендік құжаттарымен бірге сақтау, оларды істе қалыптастыру және мемлекеттік кірістер органының мұрағатына сақтауға беру жолымен жүзеге асырылады.

      59. Егер мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесі, ақпараттық жүйе арқылы кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актілерін тіркеуді жүргізуге мүмкіндік берген жағдайда, қағаз түрінде Тіркеу журналын жүргізу талап етілмейді.

      60. Мемлекеттік кірістер органдарының кедендік бақылаудың белгілі бір нысандарын қолданудан босату Кодекстің 406-бабымен белгіленген.

      61. Заңсыз шешімдері, әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін уәкілетті лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікте болады.

      62. Уәкілетті лауазымды тұлғалардың заңды талаптарын орындамаған, сондай-ақ оларға кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу бойынша жүктелген міндеттерді орындауға кедергі келтіретін әрекеттер жасалған жағдайда, уәкілетті лауазымды тұлғалар өз құзыреті шегінде кінәлі тұлғаларды ӘҚБтК 558-бабында көзделінген жауапкершілікке тартуға бағытталған шараларды қабылдайды.

  Кедендік жете тексеруді
және қарап-тексеруді жүргізу
қағидаларына
1-қосымша
  нысан

20__жылғы "___" _________ Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу орнын және уақытын тағайындау туралы хабарлама ________________________________________________ (мемлекеттік кірістер органының атауы) Құрылымдық бөлімше _____________________________

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының

      Кодексінің 413-бабының 3-тармағына сәйкес _________________________

      __________________________________________________________________

      __________________________________________________________________________

      (сыртқы экономикалық қызметке қатысушының атауы)

      _________________________________________________________________________

      негізде (кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу үшін негіз)

      __________________________________________________________________________

      (транзиттік декларацияның/тауарларға арналған декларацияның тіркеу нөмері)

      транзиттік декларацияда/тауарларға арналған декларацияда олар туралы мәліметтер бар тауарларға қатысты кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізу туралы шешім қабылданғандығы туралы хабарлаймыз.

      Тауарларға және (немесе) көлік құралдарына кедендік жете тексеру (қарап-тексеру)

      20__жылғы "____" __________ ______сағат _______минутта

      __________________________________________________ мекенжайы бойынша өтеді.

      Ескертпе: өкілде жүктерді кедендік және өзге де ресімдеумен байланысты операцияларды орындау құқығына сенімхаты, сондай-ақ жеке басын куәландыратын құжаты болады.

      Хабарламаны жолдады:_________________________________________________

      (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

      Хабарламаны жолдаған күн 20__жылғы "____"____________________

      Хабарламаны жолдау тәсілі: _____________________________________________

      (қағаз жеткізгіште, ұялы байланыстың абонент номірі бойынша электрондық

      хабарлама, электрондық мекенжайы бойынша жолданады)

      Хабарламаны алды:______________________________________________________

                        (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

  Кедендік жете тексеруді
және қарап-тексеруді жүргізу
қағидаларына
2-қосымша
  нысан

Уақытша сақтау орынына орналастырылған тауарлардың бейне түсірілімдерін не оның тұрамының бейне түсірілімін жүргізумен көлік құралдарының жүк бөлігін ашу жолымен жүргізілетін, кедендік тексеріп қарауға қатысты СЭҚ ТН тауарлар позициясы және тауарлар топтарының тізбесі

СЭҚ ТН коды

СЭҚ ТН сәйкес тауардың атауы

Ескертпе

84

Ядролық реакторлар, қазандар, жабдықтар мен механикалық құрылғылар; олардың бөліктері

8415, 8431 тауар позициясын қоспағанда

8501

Электр қозғалтқыштары және генераторлары (электрогенераторлық қондырғылардан басқа)


8502

Электрогенераторлық қондырғы және айналмалы электрлі өзгерткіш


8503

Тек немесе негізінен 8501 немесе 8502 тауар позициясының машиналарына арналған бөлшектер


8504

Электр трансформаторлары, статикалық электр өзгерткіштері, индуктивтілік орауыштары және дроссельдер:


8507

Тік төртбұрыш (оның ішінде шаршы) немесе басқа пішінді электр аккумуляторлары, оларға арналған сепараторларды қоса алғанда


8514

Өнеркәсіптік немесе зертханалық электр пештері мен камералары (индукция құбылысы немесе диэлектpлік ысырап негізінде жұмыс істейтіндерін қоса алғанда); индукция құбылысы немесе диэлектpлік ысырап көмегімен материалдарды термикалық өңдеуге арналған өнеркәсіптік немесе зертханалық жабдықтар


8543

Осы топтың басқа жерінде аталмаған немесе енгізілмеген жеке функциялары бар электр машиналары мен аппаратурасы


  Кедендік жете тексеруді
және қарап-тексеруді
жүргізу қағидаларына
3-қосымша
  нысан

20__ жылға арналған Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актілерін тіркеу журналы ___________________________________________ (мемлекеттік кірістер органының коды)

№ р/б

Кедендік декларацияның, не кедендік декларация ретінде пайдаланылатын құжаттың нөмірі

Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) актісін тіркеу күні және уақыты

Мәлімделген кедендік рәсімнің коды

Тауарды жөнелтушінің /алушы ның атауы

Тауардың қысқа сипаттамасы

Кедендік жете тексеру (қарап-тексеру) жүргізу үшін негіздеме, оның ішінде іске қосылған тәуекел бейінінің нөмірі

Көлік құралының нөмірі

Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізген орын

Кедендік жете тексерудің (қарап-тексерудің)
Нәтижелері

Кедендік жете тексеруді (қарап-тексеруді) жүргізген мемлекеттік кіріс органының лауазымды тұлғасының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде)

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12