Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы № 70 Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Өткізу пункттерін ашу (жабу), олардың жұмыс істеуі (пайдаланылуы), оларды санаттарға бөлу, жіктеу, жайластыру қағидаларын, сондай-ақ техникалық жарақтандыру, жаңғырту және олардың жұмысын ұйымдастыру, сервистік инфрақұрылым жөніндегі талаптар бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | С. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі № 977 қаулысымен бекітілген |
Өткізу пункттерін ашу (жабу), олардың жұмыс істеуі (пайдаланылуы), оларды санаттарға бөлу, жіктеу, жайластыру қағидалары, сондай-ақ техникалық жарақтандыру, жаңғырту және олардың жұмысын ұйымдастыру, сервистік инфрақұрылым жөніндегі талаптар
Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар өткізу пункттерін ашу (жабу), олардың жұмыс істеуі (пайдаланылуы), оларды санаттарға бөлу, жіктеу, жайластыру тәртібін, сондай-ақ техникалық жарақтандыру, жаңғырту және олардың жұмысын ұйымдастыру, сервистік инфрақұрылым жөніндегі талаптарды айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын адамдардың кесіп өтуінің, ол арқылы көлік құралдарын, жүктерді, тауарларды, жануарларды, өсімдік өнімдерін және өзге де мүлікті (бұдан әрі – көлік құралдары және жүктер) тасымалдаудың белгіленген тәртібінің сақталуын қамтамасыз ету үшін өткізу пункттерінде шекаралық, кедендік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, фитосанитариялық бақылау және бақылаудың өзге де түрлері жүзеге асырылады.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Өткізу пункттерін ашу тәртібі
3. Өткізу пунктін орнатудың орындылығын айқындау үшін мүдделі мемлекеттік орган (бұдан әрі – бастамашы) мемлекеттік бақылау органдарына мынадай материалдарды қоса бере отырып, өткізу пункттерін орнату туралы өтінішхат жібереді:
1) жоспарланатын өткізу қабілеті және өткізу пунктін ашу мерзімі туралы мәліметтер;
2) өткізу пункті объектілерін жобалауға, салуға және күтіп-ұстауға, сондай-ақ оларды жабдықтауға, техникалық жарақтандыруға, мемлекеттік бақылауды ұйымдастыру үшін қажетті көліктік, инженерлік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымдарды құру мен дамытуға арналған қаражат шығынының есептемесі және негіздемесі;
3) жоспарланған орналастыру аймағын белгілей отырып, мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктінде шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлерін ұйымдастыру үшін қажетті, мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері объектілерін орналастыру жоспарланған аумақтың (акваторийдің) схемасы;
4) мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті объектілерін орналастыру көзделген жер учаскесін алу бойынша ұсыныстар;
5) жергілікті (облыстық) атқарушы органның өз аумағында өткізу пунктін (бастамашы ол болмаған жағдайда) орналастыруға келісімі.
4. Мемлекеттік бақылау органдары оларға ұсынылған материалдарды қарайды және олар ұсынылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде өткізу пунктін жіктеу және мемлекеттік бақылау органдарының қажетті штат саны бойынша ұсыныстармен, оны ашудың орындылығы немесе қажеттіліктің болмауы туралы өз қорытындысын бастамашыға жолдайды.
5. Бастамашы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасында өткізу пункттерін орнату жөніндегі мемлекеттік бақылау органдарының ұсыныстарын, келісілген материалдары мен қорытындыларын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіне жібереді.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.04.2015 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.6. Шектес мемлекетпен өткізу пунктін орнату мәселесін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі келіседі, одан кейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі белгіленген тәртіппен тиісті келісімдердің жобаларын әзірлейді.
Осы тармақтың талаптары теңіз және әуе (авиациялық) өткізу пункттерін орнату мәселесін қарау кезінде туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылмайды.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.01.2017 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.7. Өткізу пунктін ашу туралы шектес мемлекетпен келісім жасасқаннан кейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі өткізу пунктінің атауы мен мәртебесін көрсете отырып, оны орнату туралы мүдделі мемлекеттік органдармен белгіленген тәртіппен келісілген Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынады.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.04.2015 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.8. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгіленген тәртіппен қабылдаған өткізу пунктін орнату туралы шешім өткізу пункті объектілерін жобалау, салу (қайта жаңарту), жайластыруды қаржыландыруды ашу үшін және техникалық жарақтандыру, одан әрі күтіп-ұстаудың көліктік, инженерлік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын құру және дамыту, сондай-ақ мемлекеттік бақылау органдарының бөлімшелерін қалыптастыру үшін негіз болып табылады.
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі өткізу пунктін орнату туралы шешім қабылдағаннан кейін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мемлекеттік бақылау органдарының ұсыныстары негізінде тапсырыс берушінің функциясын орындайды, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өткізу пунктін жобалауды, салуды және пайдалануға енгізуді қамтамасыз етеді.
Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 23.04.2015 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.10. Өткізу пункттері осы Қағидалардың ережелері мен талаптарын ескере отырып, олар арқылы көліктік, жүк және жолаушылар ағымының қарқынды өтуін, сондай-ақ белгіленген мемлекеттік бақылау түрлерін жүргізу тиімділігін қамтамасыз етуге бейімделген бірыңғай кешендер ретінде жобаланады және салынады.
11. Өткізу пункті объектілерін пайдалануға енгізу қорытындылары бойынша объектілер заңнамада белгіленген тәртіппен тиісілігі бойынша мемлекеттік бақылау органының теңгеріміне беріледі.
3. Өткізу пункттерін жабу тәртібі
12. Өткізу пункті уақытша немесе толық жабылуы мүмкін.
13. Өткізу пунктін уақытша жабу:
1) төтенше жағдайлар, дүлей апаттар, техногендік сипаттағы мән-жайлар, карантиндік және адамдардың ерекше қауіпті жұқпалы ауруларының, Халықаралық эпизоотиялық бюроның тізіміне енгізілген жануарлар ауруларының және/немесе карантиндік зиянкестердің, өсімдіктердің немесе арамшөптердің және көлік қатынасын жүзеге асыруды немесе мемлекеттік бақылау органдарының жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейтін басқа аурулардың таралу қаупі, санитариялық-эпидемиялық, фитосанитариялық ахуалдың нашарлауы жағдайында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша.
Өткізу пунктін уақытша жабу туралы шешімде өткізу пунктінің жұмыс істеуін тоқтату мерзімі мен негіздемесі көрсетіледі;
2) мемлекеттік бақылау өткізу пункттерінде құрылыс (реконструкциялау) жұмыстарын жүргізуге кедергі келтірген және Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері туралы заңнамасының талаптарын бұзған жағдайда;
3) халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда жүргізіледі.
14. Өткізу пунктін уақытша жабу туралы шешім қабылдау немесе оны жою туралы халықаралық шарттарда көзделген тәртіппен шектес мемлекетке, ал қажет болған кезде – басқа да мүдделі мемлекеттерге дипломатиялық арналар арқылы хабарланады.
15. Өткізу пункті:
1) мемлекеттік шекара арқылы көлік қатынасын тоқтату туралы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының күшіне енуі;
2) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын тиісті халықаралық шартқа өткізу пунктін жабу туралы өзгерістер енгізу не Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының, облыстардың жергілікті атқарушы органдарының өткізу пунктінің одан әрі жұмыс істеуінің орынсыздығы немесе мүмкін еместігі туралы ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының одан шығуы;
3) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын тиісті екіжақты халықаралық шарттан қатысушы мемлекеттің шығуы негізінде толық жабылуы мүмкін.
16. Бұдан басқа мемлекеттік бақылау органдар ұсынған өткізу пунктінің жұмыс істеуінің орынсыздығы немесе мүмкін еместігі туралы келісілген қорытындының негізінде Үкіметтің шешімі бойынша өткізу пункті толық жабылуы мүмкін.
17. Үкіметтің шешімімен өткізу пунктінің бекітілген тізбесіне тиісті өзгерістер енгізіледі. Қабылданған шешім туралы шектес мемлекетке және қажет болған кезде басқа да мүдделі мемлекеттерге дипломатиялық арналар арқылы хабарланады.
4. Өткізу пункттерінің жұмыс істеу (пайдаланылу) тәртібі
18. Өткізу пунктінің инфрақұрылымын күтіп-ұстау (пайдалану) ол теңгерімінде болатын мемлекеттік органға жүктеледі.
19. Адамдар, көлік құралдары және жүктер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткен кезде өткізу пунктінде оларға бақылау жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл тәртібі мемлекеттік бақылау органдарының бірлескен актісімен айқындалады.
20. Әрбір өткізу пунктінде оның ерекшелігіне (санаттарға бөлу, жіктеу, инфрақұрылымды және техникамен жарақтандыруды дамыту, шекара сызығынан қашықтығы, жыл мезгілі) байланысты Мемлекеттік шекара арқылы өткізуді ұйымдастырудың бекітілген үлгі схемасы негізінде мемлекеттік бақылау органы және көлік ұйымдары басшыларының бірлескен шешімімен шекара арқылы адамдарды, көлік құралдарын және жүктерді өткізуді ұйымдастыру схемасы әзірленеді және бекітіледі.
Өткізу пункті жұмысының жалпы тәртібі (жұмысты бастау және аяқтау уақыты, технологиялық үзілістер) көлік ұйымдарының әкімшілігімен (әуежай, теңіз немесе өзен порты, шекаралық теміржол вокзалы, станция, автовокзал және өзге де көлік ұйымдарының басшыларымен) келісу бойынша бақылау органдары басшыларының бірлескен шешімімен бекітіледі және шектес мемлекеттің шекаралық өкілдерімен келісіледі.
Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.21. Қолданыстағы үкіметаралық келісімдер шеңберінде шектес мемлекеттермен бірлескен бақылауды ұйымдастыру кезінде оны жүзеге асыру тәртібі (дәйектігі) және нысандары екі жақты үкіметаралық келісімдердің нормаларына сәйкес әзірленетін жекелеген хаттамалармен айқындалады.
5. Өткізу пункттерін санаттарға бөлу
22. Транзиттік көлік әлеуетін дамытуды, халықаралық қатынастың қарқындылығын, өткізу пункттерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, шекарамаңы ынтымақтастығын дамыту және ұлттық қауіпсіздік қатеріне қарсы іс-қимыл жасаудың сенімді деңгейі үшін жағдай жасау мақсатында халықаралық қатынастар түрлері бойынша жіктеуге, мәртебесіне, жұмыс режиміне, қатынас сипатына, жұмыс істеу тәртібіне байланысты өткізу пункттерінің мынадай санаттары белгіленеді:
1) 1-санат – жолаушылар ағынының қарқындылығы 1000 жолаушыдан жоғары және автокөлік құралы 200 бірліктен астам, мәртебесі – халықаралық;
2) 2-санат – жолаушылар ағынының қарқындылығы 800-1000 жолаушы және автокөлік құралы 180-200 бірліктен астам, мәртебесі – халықаралық;
3) 3-санат – жолаушылар ағынының қарқындылығы 500-800 жолаушы және автокөлік құралы 50-180 бірлік, мәртебесі – екіжақты немесе халықаралық.
1, 2, 3-санатты өткізу пункттері қозғалысы қарқынды әуежайларда, теңіз порттарында, теміржол станцияларында, автовокзалдарда және автомагистральдарда, жолаушылар мен көлік ағындарының қарқындылығына байланысты тәулік бойғы жұмыс режимімен құрылады;
4) 4-санат – жолаушылар ағынының қарқындылығы 500 жолаушыға және автокөлік құралы 100-150 бірлікке дейін, мәртебесі – екіжақты немесе халықаралық;
5) 5-санат – жолаушылар ағынының қарқындылығы 300 жолаушыға және автокөлік құралы 100 бірлікке дейін, мәртебесі – екіжақты.
4, 5-санатты өткізу пункттері жұмыс режимі күндізгі (тәуліктің жарық уақытында) автомобиль жолдарында, өзен өткізу пункттерінде құрылады және жолаушылар мен көлік ағындары қарқынына байланысты халықаралық немесе екіжақты мәртебеге ие болады.
Өткізу пункттеріне санаттарға бөлу мемлекеттік бақылау органдарының құрылымдық бөлімшелерін қалыптастыру кезінде ескеріледі.
Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.6. Өткізу пункттерін жіктеу
23. Өткізу пункттері:
1) халықаралық қатынас түрі бойынша:
автомобильдік (автожолдық);
теміржолдық,
теңіз;
өзен;
әуе (авиациялық);
жаяу;
аралас;
2) мәртебесі бойынша:
көпжақты (халықаралық);
екіжақты;
3) жұмыс режимі бойынша:
күндізгі (жарық уақыттағы);
тәулік бойғы;
4) қатынас сипаты бойынша:
жүк;
жолаушылар;
жүк-жолаушылар;
5) жұмыс істеу тәртібі бойынша:
тұрақты (тұрақты негізде жұмыс істейтін);
маусымдық (тұрақты емес негізде жұмыс істейтін);
уақытша болып жіктеледі.
24. Өткізу пункттері:
1) көпжақты – мемлекеттік шекараны азаматтығына қарамастан адамдардың, оның ішінде азаматтығы жоқ адамдардың кесіп өтуі, сондай-ақ ол арқылы мемлекеттік тиесілігіне қарамастан көлік құралдарын, жүктерді, тауарлар мен жануарларды тасымалдау үшін;
2) екіжақты – мемлекеттік шекараны Қазақстан Республикасы және шектес мемлекет азаматтарының ғана кесіп өтуі, сондай-ақ ол арқылы Қазақстан Республикасының және шектес мемлекеттің аумағында пайдалануға арналған көлік құралдарын, жүктерді, тауарлар мен жануарларды тасымалдау үшін.
25. Өткізу пунктін жіктеу Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалады.
26. Өткізу пунктін жіктеу оны халықаралық шартта өзгерткен жағдайда өзгертілуі мүмкін, одан кейін қажет болған кезде материалдық-техникалық жарақтандыру үшін өткізу пунктін реконструкциялау жүргізіледі.
7. Өткізу пункттерін жайластыру тәртібі
27. Өткізу пункттерін жобалау және салу кезінде оның географиялық жағдайы, жер бедері, көліктік-транзиттік әлеуеті және бірлескен бақылауды жүзеге асыру мүмкіндігі ескеріледі.
28. Өткізу пунктінде ғимараттар мен құрылыстардың орнын айқындау мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) мемлекеттік бақылау органдары штатының жеткіліктілігі және мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде бақылау сенімділігінің жоғары дәрежесін қамтамасыз ету;
2) техникалық бақылау құралдарын ұтымды пайдалану және бақылаудың барлық түрлерінің рәсімінде жаңа технологияларды енгізу.
29. Өткізу пункттерін салу жобасы мемлекеттік бақылау органдарымен келісіледі.
30. Өткізу пункттерінің ғимараттары мен құрылыстарына (әуежайлардағы, теңіз порттарындағы, теміржол станцияларындағы, автовокзалдардағы өткізу пункттері үшін бөлінген қызметтік үй-жайларға), олардың материалдық-техникалық жабдықталуына және жайластыруына, сәйкестігі, өткізілетін мемлекеттік бақылау сипатына және жолаушылар мен көлік құралдарының құжаттарын ресімдеу бойынша жүргізілетін операциялар бойынша, мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдар және мемлекеттік бақылау органдарының қызметкерлері үшін жағдайды қамтамасыз ету бойынша талаптар қойылады.
Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.31. Автомобильдік өткізу пункттерінің орналасатын жері бар жол желісін негізге ала отырып айқындалады. Жолдың өтуінің өзгеруіне байланысты реконструкциялау кезінде (жол трассасының орнын ауыстыру) өткізу пунктінің орналасатын жері нақтыланады және шектес тараптың құзыретті органдарымен келісіледі.
32. Автомобильдік өткізу пункті мемлекеттік шекараға тікелей жақын жерде салынады.
Жердің бедерлік жағдайына байланысты өткізу пункттері мемлекеттік шекара желісінен қажетті арақашықтыққа ауыстырылуы мүмкін.
33. Автомобильдік өткізу пункттері өткізу пункті объектілерінің кеңейтілуін және аралдық орналасуының симметриялық орналасуын ескере отырып, жол төсемін кеңейту арқылы тікелей автомобиль жолдарында орналастырылады. Бұл ретте көлік құралдарының өткізу пунктін айналып өтуін болдырмау үшін жағдайлар жасалады.
34. Жобалау кезінде көліктер мен адамдар ағынын, кіруі және шығуы бойынша, көлік құралдарының типі бойынша (жеңіл, жүк, автобустар, жаяу жүретін бағыттар) бөлу, қоршау және пункт аумағын және көлік құралдары түрлерін тексеру орындарын жарықтандыру.
35. Өткізу пункттері қозғалыстың екі бағытында жолаушыларға бір уақытта қызмет көрсету жағдайларын қамтамасыз етуді негізге ала отырып жобаланады, бұл ретте:
1) қозғалыстың екі бағытында жолаушыларды ресімдеу үшін "кіру" (келу, ұшып келу), "шығу" (кету, ұшып кету) оқшауландырылған залдар;
2) аса маңызды адамдарға (VIP) қызмет көрсету залы және бизнес зал (СІР), транзитпен (трансфермен) жүретін жолаушылар үшін күту залы (тек авиациялық және теңіз өткізу пункттері үшін);
3) мемлекеттік бақылау органдары үшін қызметтік үй-жайлар және бақылауды жүзеге асыруға арналған орындар;
4) Қазақстан Республикасына кіруіне бас тартылған адамдарды және ұсталған адамдарды уақытша орналастыру үшін санитариялық тораптары бар (әйелдер мен ер адамдар үшін – бөлек) оқшауланған үй-жай, душ кабиналары (әйелдер мен ер адамдар үшін – бөлек), қысқа мерзімді тынығу үшін бөлме.
36. Өткізу пунктерінің екі функционалдық бөлігі болады:
1) қызметтік – онда бақылаудың барлық түрлері тікелей жүзеге асырылады;
2) әкімшілік – ол мемлекеттік бақылау органдары бөлімшелерін орналастыру және олардың қызметтік жұмысын қамтамасыз ету үшін қызмет атқарады.
Екі бөлік те бір-бірінен оқшауланған (бөлінген) болуы және дербес пайдаланылады.
37. Өткізу пунктінің әкімшілік ғимараттың бірнеше қабаты болған жағдайда шетелге жүретін жолаушыларды ресімдеуге арналған залы бар қызметтік бөлік көліктік алаң деңгейіне (көлік құралдарынан шығатын жерге) ең жақын қабатта орналасуы тиіс.
38. Келу мен кетуге арналған қозғалыс бағыттары бойынша қызметтік бөлік екі бөлікке бөлінеді және шетелге жүретін жолаушыларды ресімдеу немесе оларға қызмет көрсету жүргізілетін үй-жайларды қамтиды.
Әрбір бөлікте мыналар көзделеді:
1) бақылау кезеңінде уақытша болу үшін санитариялық-тұрмыстық жағдайлар жасалған (отыру үшін орындар, дәретхана бөлмелері) жолаушыларға арналған залдар. Кіру залында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің консулдық пунктін орналастыру үшін үй-жай көзделуі мүмкін:
2) паспорттық бақылау кабиналары (паспорттарды тексеру үшін орындар);
3) қажетті құжаттарды толтыруға арналған жері бар кедендік бақылау аймағы;
4) жолаушыларды жеке қарап тексеруді жүргізуге арналған үй-жай (шекаралық және кедендік бақылау органдарының бірлесіп пайдалануы үшін);
5) бақылаудың басқа түрлерін жүргізуге арналған орындар.
Паспорттық бақылау үй-жайлары мен кабиналардың саны болжамды жолаушылар ағымын мен оның перспективалық дамуының жобалау кезеңінде айқындалады.
39. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.40. Қарқынды жолаушылар ағыны бар өткізу пункттерінде жолаушылар мен бақылау органдарының қызметкерлері үшін кіру орындарының бөлек болуы мүмкін.
41. Мемлекеттік бақылау органдарын орналастыру үшін өткізу пунктінде мынадай үй-жайлар көзделеді:
1) мемлекеттік бақылауды жүргізуге арналған жұмыс орындары;
2) шекаралық орган бөлімшесінің қызметтік үй-жайы;
3) мемлекеттік кіріс органдары бөлімшесінің қызметтік үй-жайлары;
4) адамдарды жеке қарап тексеруге арналған үй-жайлар;
5) санитариялық-карантиндік пунктті (бұдан әрі - СКП), шекаралық бақылау ветеринариялық пунктін (бұдан әрі - ШБВП) және фитосанитариялық бақылау бекетін (бұдан әрі - ФББ) орналастыруға арналған қызметтік үй-жайлар;
6) СПК, ШБВП, ФББ арнайы үй-жайлары және көліктік бақылау бекеті;
7) СПК, ШБВП, ФББ зертханалары мен оқшаулағыштары;
8) ресми кездесуге арналған залдар;
9) қаруларды сақтау үшін үй-жайлар;
10) сервер бөлмелерін, байланыс тораптарын орналастыруға арналған үй-жайлар;
11) тамақтану мен тынығуға арналған үй-жайлар;
12) санитариялық тораптар, душ бөлмелері (ер адамдар мен әйелдер үшін - бөлек);
13) қызметтік иттерді ұстауға арналған үй-жайлар (вольерлер);
14) электрмен қоректендіру және резервтік электрмен қоректендіру жүйесіне арналған үй-жайлар.
Ескерту. 41-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 23.04.2015 № 258 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.42. Қызметтердің әрқайсысына арналған үй-жайлардың саны, олардың ауданы және арнайы талаптардың болуы жобалау сатысында тиісті мемлекеттік бақылау органдарымен келісіледі.
43. Авиациялық, теңіз және теміржол өткізу пункттерінде шетелдік қатынастағы көлік құралдарының тұрақ орындары осы өткізу пунктінде бақылауды жүзеге асыратын шекаралық бақылау бөлімшелерімен және кедендік органдармен келісім бойынша тиісті көлік ұйымдары басшыларының бұйрықтарымен белгіленеді.
Теміржол өткізу пункттерінде шекаралық бақылау және кедендік бақылау органдарының қосымша қарап тексеру жүргізуі үшін теміржол вагондарының бос тұруы мен контейнерлік алаңдар үшін тұйықтармен жабдықталады.
44. Шетелдік қатынастағы көлік құралдарын ресімдеу орындарына бөгде адамдардың кіруін болдырмау мақсатында тұрақ орындары қоршаулармен жабдықталады. Бұл ретте қарап тексеру алаңдарында, кіру мен шығу орындарында, ауыстырып тиеу орындарында және көлік құралдарын тереңдетіп тексеру павильондарында барынша қарқындылықпен жарықтандыру көзделеді.
45. Автокөлікке арналған қарап тексеру алаңдары бақылаудың барлық түрлері тікелей қозғалыс белдеулерінде жүзеге асырылатындай, ал арнайы бақылау жүргізу қажет болған жағдайда көлік құралын жалпы ағыннан шығару мүмкіндігін қамтамасыз ететіндей орналасады.
46. Қозғалыс қарқынын негізге ала отырып, автокөлікті ресімдеу алаңдарының автокөліктің бір немесе бірнеше түрлеріне қызмет көрсетуге арналған бақылау секцияларының қажетті саны болуы тиіс. Әрбір бақылау секциясы екі жаққа қозғалыстың екі бақылау белдеуімен бір бағыттаушы аралдан тұрады. Бағыттаушы аралда мемлекеттік бақылау органдарының арнайы бақылау павильондары орналасады.
47. Бағыттаушы аралдың ені кемінде 3 метр болуы және қозғалыстың бақылау белдеуінің бүкіл ұзындығы бойынша, олардан биіктігі кемінде 0,12 - 0,15 метр көрінетін бордюрлермен бөлінген тротуарлар түрінде ресімделуі тиіс.
48. Қозғалысқа арналған қозғалыстың бақылау белдеуінің ені автокөлік түрін негізге ала отырып анықталады:
1) жеңіл машиналар – 3 – 3,5 метр;
2) жүк машиналары мен автобустар – 3,5 метр.
49. Габаритті емес және арнайы жүктерді тасымалдауды ескере отырып, қозғалыстың шеткі белдеулерін әрбір бағыт үшін 4,5 метр енімен көзделеді.
50. Бақылау секциялары мен қозғалыс белдеулерінің саны көзделіп отырған қозғалысқа байланысты айқындалады.
51. Бақылау павильондары автокөлікті бақылауды бір мезгілде жүргізуді қамтамасыз ету үшін бағыттаушы алаңшалардың екі жағынан орналасады. Оларда мемлекеттік бақылау органдарының қызметкерлері үшін жеке үй-жайлар көзделеді.
52. Автокөлікті ресімдеу алаңдары атмосфералық жауын-шашыннан қорғау үшін шатырмен жабдықталады.
Габаритті емес жүктерді өткізуді қамтамасыз ету үшін қозғалыстың шеткі белдеуін ашық қалдыру қажет.
53. Кеден одағының сыртқы өткізу пункттерінде қарап тексеру алаңына кіру алдында өлшеу жабдықтарымен және габаритті өлшеу үшін басқа да құрал-саймандармен жарақтандырылған көліктік бақылау бекеті жабдықталады.
54. Өткізу пункттеріндегі жол коммуникациялық жүйе өткізу пунктінің даму перспективасын және көлік құралдарының қозғалыс бағыттарын өзгерту мүмкіндігін ескере отырып, қарбалас сағатта көлік құралдарының ең көп санын өткізу қабілетін есепке ала отырып салынады.
55. Жүру бөліктерінің жеткілікті ені болады және өткізу пункті аумағына кіруге дейін көлік құралдарының орын ауыстыру жағдайын қамтамасыз етеді.
56. Өткізу пункті ауданында көлденең таңбалауды, тік жол белгілерін, бағдаршамдарды және басқа нұсқамаларды пайдалану арқылы қозғалысты тиімді басқару қамтамасыз етіледі.
57. Қызмет көрсету объектілері (тамақтану пункттері, банктік терминалдар, валюта айырбастау пункттері, бажсыз сауда дүкендері) өткізу пунктіндегі режим мен кедендік режим мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтаумен өткізу пункттерінде орналасады.
58. Өткізу пункттерінде қозғалыс қауіпсіздігін және бақылауды қамтамасыз ету мақсатында шекаралық бақылау бөлімшесі бойынша кезекші пультімен іске қосылатын арнайы кедергілер, тосқауылдар және басқа да құрылғылар құрылады. Осы жүйе автокөлік құралдарының тиісті бақылау түрлерінен өтпестен өткізу пунктінің шегінен тыс санкциясыз кету мүмкіндігінің жолын кесуге арналған.
Функционалдық мақсатына байланысты тосқауылдар сақтандырғыш және жұмыстық болады. Сақтандырғыш тосқауылдар өткізу пунктінің режимдік аумағына кіру және шығу кезінде қозғалысты бұғаттау үшін қызмет етеді. Жұмыстық тосқауылдар көлік құралдарының қарап тексеру алаңдарында бақылау белдеулеріндегі қозғалысын бақылау үшін қызмет етеді. Олардың өлшемдері мен конструкциялары жүру бөлігінің еніне немесе олар жабатын қозғалыс белдеуіне сәйкес анықталады. Тосқауылдар әкімшілік ғимараттардан және шекаралық қызметтердің бақылау павильондарынан қашықтықтан басқарылатын құрылғымен жабдықталады.
59. Жоғарыда айтылған талаптар жобалау мен салу кезеңінде іске асырылады.
8. Өткізу пункттерін техникалық жарақтандыруға және жаңғыртуға қойылатын талаптар
Ескерту. 8-бөлімнің тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
60. Өткізу пункттерін техникалық жарақтандыру бойынша талаптар транзиттік-көліктік әлеуеттің дамуына, халықаралық қатынас жолдарының кеңеюіне, жаңғыртылуына, реконструкциялануына байланысты оларды жетілдіруге арналған.
61. Өткізу пункттерінде бақылаудың белгіленген түрлерін жүргізу үшін:
1) паспорттық бақылау;
2) адамдар денесінің қызуын жанаспай өлшеу;
3) багаж бен қол жүгін қарау (қарап тексеру);
4) көлік құралдары мен тауарларды қарау (қарап тексеру);
5) автокөлік құралдарын электрондық есепке алу;
6) автокөлік құралдарының параметрлері мен габариттік мөлшерін автоматты түрде (бөлек) анықтау;
7) радиациялық бақылау;
8) әкелуге, әкетуге тыйым салынған қару-жарақты, есірткілерді және басқа да тауарларды анықтау;
9) байланыс;
10) телевизиялық (бейне) бақылау;
11) өрт сигнализациясы;
12) күзеттің инженерлік құралдары, кіруді бақылау және күзет сигнализациясы;
13) ықпалдастырылған ақпараттық жүйе;
14) биологиялық қалдықтарды жинау және кәдеге жарату;
15) көлік құралдарын тазарту және дезинфекциялау;
16) карантиндегі өнімдерді залалсыздандыру;
17) сағат санағы;
18) резервтік электрмен қоректендіру жүйелерін құру.
62. Жүйенің тізбесі мен құрамы әрбір өткізу пункті үшін жобалау кезеңінде:
1) көлік қатынасының түрін (автомобильдік, авиациялық, теміржол, теңіз, өзен (көл) жаяу жүргінші, аралас);
2) адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізудің технологиялық схемасын;
3) өткізу қабілеттілігін (тәулігіне, сағатына адамдардың, көлік құралдарының қозғалыс қарқындылығы);
4) көлік пен адам ағындарын келу мен кетуге бөлуді;
5) көлік құралдарының үлгілерін (жеңіл, жүк автокөлік құралдары, автобустар, әуе кемелері, жолаушылар поездары, теміржол жүк составтары, жаяу жүргінші бағыттары);
6) өткізу пункттерінде орнатылған режимді;
7) көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды тексеру (қарап тексеру) орындарының аумағы мен санын ескере отырып анықталады.
Тізбе мен жүйе құрамы мүдделі мемлекеттік органдармен келісіледі.
63. Паспорттық бақылау жүйесі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің лауазымды адамдарының шекара арқылы адамдарды өткізу үшін негіздердің жеткіліктілігін тексерудің белгіленген рәсімдерін орындауға арналған және "Бүркіт" бірыңғай ақпараттық жүйесін ықпалдастырылған құжаттарды тексеру жөніндегі техникалық құралдарды, құжаттардың түпнұсқалығын тексеру аспаптарын, қосалқы жабдықтарды (дактилоскопиялық сканерлер, спектрлік люминесценттік лупа), арнайы бағдарламалық қамтылымды және шекаралық бақылау құралдарын қолдану негізінде құрылады.
Жүйені құру кезінде:
1) шекараны кесіп өту құқығына паспорттарды және басқа да құжаттарды автоматты түрде өңдеуге арналған, оның ішінде биометриялық параметрлері бар (құжаттардың магниттік жолағынан ақпаратты оқу, саусақ таңбасы, көздің сыртқы мөлдір қабығы, құжат иесінің бет бейнесі бойынша сәйкестендіру) аспаптарды, аппаратураларды түрлендіру мүмкіндігі;
2) ақпаратты автоматты түрде және қолмен енгізу, графикалық ақпаратты оқу бағдарламалық-техникалық құралдарды, машина оқи алатын аймақты, штрих-кодты және паспорттық-визалық құжаттарда орналасқан микросхеманы қолдана отырып, ұлттық және шетелдік паспорттық-визалық құжаттардан дерекқорларды қалыптастыру;
3) паспорттық-визалық құжаттардың қолданыстағы үлгіге сәйкестігіне, олардың қолданылу мерзімін және берілген паспорттық-визалық құжаттардың лимиттері бойынша тексеру;
4) паспорттық-визалық құжаттардың атрибуттарын бақылау тізімі бойынша тексеру;
5) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
6) еркін уақыт аралығындағы шекаралық бақылау нәтижелері бойынша статистикалық есептерді қалыптастыру көзделген.
64. Дене қызуы жоғары адамдарды қашықтықтан анықтауға арналған дене қызуын жанаспай өлшеу жүйесі.
Дене қызуы жоғары адамдарды қашықтықтан анықтауға арналған аспаптар саны жолаушылар ағынының тығыздығымен және жабдықтардың техникалық сипаттамаларымен анықталады.
65. Жолаушылардың және көлік құралдарының қызмет көрсетуші персоналының багажы мен қол жүгін тексеру (қарап тексеру) жүйесі тыйым салынған (шектелген) тауарларды тасымалдауға жол бермеу мақсатында оларды тексеруге арналған және рентгентелевизиялық және басқа да арнайы аппаратурамен жабдықталады.
Шетелге баратын жолаушылардың багажын және қол жүгін қарауды (қарап тексеруді) рентгеноскопиялық және басқа да аппаратураны пайдалана отырып, кеден қызметкерлері жүзеге асырады.
66. Мемлекеттік шекара арқылы өтетін көлік құралдарын және тауарларды қарау (қарап тексеру) жүйесі Мемлекеттік шекара арқылы өткізуге тыйым салынған (шектелген) тауарларды анықтау мақсатында тексеріледі және Мемлекеттік шекарадан өткізуге тыйым салынған тауарларды анықтауға мүмкіндік беретін, әртүрлі түрлендірілген техникалық бақылау құралын қамтиды.
Көлік құралдарын, жүктерді және тауарларды қарау (қарап тексеру) үшін Қазақстан Республикасына (Қазақстан Республикасынан) әкелуге (әкетуге) тыйым салынған заттар мен материалдарды табуға мүмкіндік беретін озық технологияны пайдалануға негізделетін әртүрлі түрлендірілген аспаптар қолданылады.
67. Автокөлік құралдарын электрондық есепке алу жүйесі автомобильдік өткізу пункттерінде орнатылады және Мемлекеттік шекараны кесіп өтетін автокөлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін оқуды, сақтауды мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің дерекқорларын жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс.
68. Автокөлік құралдарының салмақтық параметрлері мен габариттік өлшемдерін автоматты (білікті бойынша) түрде анықтау жүйесі Кеден одағының сыртқы шекарасында орнатылады және автоматты режимде көлік құралдарының салмақтық параметрлері мен габариттік өлшемдерін анықтауға мүмкіндік береді.
69. Радиациялық бақылау жүйесі иондандырғыш сәулелену көздерін анықтауға, табиғи радиациялық фон деңгейінің артуын айқындауға және анықталған иондандырғыш сәулелену көздерін сәйкестендіруге мүмкіндік беретін стационарлық аппаратурадан және/немесе жылжымалы жабдықтан тұрады.
70. Қару-жарақты, есірткі заттарды және тасымалдауға тыйым салынған (шектелген) басқа да заттарды, материалдарды, тауарларды анықтау жүйесі шекаралық және кеден органдардың бірлесіп пайдалануына арналған және стационарлық металл іздегіштер мен рентгеноскопиялық құрылғылар, басқа да техникалық құралдар негізінде құрылады.
Әуежайлардағы, теңіз және өзен порттарындағы, шекаралық теміржол станцияларындағы өткізу пункттерінде осы жүйе көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелерімен ықпалдасады.
71. Байланыс жүйесі, телекоммуникациялық инфрақұрылымды қоса алғанда, өткізу пункті шегінде мемлекеттік бақылау органдарының өзара іс-қимылын, сондай-ақ бақылау органдарының өзара іс-қимыл жасайтын құрылымдармен және жоғары басқару органдарымен үздіксіз тұрақты байланысын қамтамасыз етеді.
Ішкі телефон байланысы жүйесі автоматты телефон станциялары, елу абонентке дейін сыйымдылығы бар директорлық байланыс коммутаторлары (паспорттық бақылау кабинасының, көлік құралдарының бақылау павильондарының, қызметтік үй-жайлардың санына байланысты) негізінде құрылады.
Мемлекеттік бақылау органдары бөлімшелерінің қызметтік үй-жайларында ішкі, қалааралық және халықаралық байланысқа және Интернетке шығатын қажетті телефондар саны орнатылады.
Өткізу пункттерінде байланыс тораптарын тиісті ведомстволардың жоғары байланысы торабымен байланыстыру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Радиобайланыстың ультрақысқа толқынды жүйесі стационарлық және жылжымалы радиостанциялар негізінде құрылады.
72. Телевизиялық бейнебақылау жүйесі шекаралық және кеден органдарының өткізу пункттері объектілерін (аумақтарын) электрондық техникалық құралдар көмегімен визуалды бақылауды қамтамасыз етуге арналған.
Жүйе әртүрлі типтегі телевизиялық жүйелерді қолданумен құрылады және деректерді сақтай отырып, нақты уақыт режимінде өткізу пункттері объектілеріне (аумақтарына) бақылауды жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Өткізу пункттерінде мемлекеттік бақылау органдарының жеке бейнебақылау жүйесін не бір бірлескен жүйені пайдалану мүмкіндігі бар.
Жүйе телекамералары ғимаратта, автокөлікті қарап тексеру алаңдарында, сондай-ақ өткізу пункті аумағының периметрі бойынша орналастырылады, бұл ретте олардың бөлігі көрсетіліп немесе жасырын орнатылады.
73. Өткізу пунктінің өрт сигнализациясы жүйесі – өткізу пунктінің және жалпы өрт бекетінен бақыланатын объектілерде монтаждалған өрт сигнализациясы және өрт сөндіру қондырғылары жиынтығы өртті автоматты табуды нақты өткізу пункті жағдайында өртті жою және адамдарды қауіпсіз (рұқсат етілген өрт тәуекелін ескере отырып) көшіруді ұйымдастыру мақсатында өрт туралы хабардар ету жүйесін және өрт сөндіру қондырғысын қосу үшін қажетті уақыт ішінде өрт туралы хабарламаны берілген түрде өңдеуді, беруді қамтамасыз етуі тиіс.
Күзет сигнализациясы жүйесі өткізу пунктінің барлық үй-жайларында орнатылатын оған түтіндік, температуралық датчиктердің қажетті санын қосуға мүмкіндік беретін стационарлық аппаратураны қолдана отырып жабдықталады.
74. Күзет, кіруді бақылау және күзет сигнализациясының инженерлік құралдары жүйесі инженерлік желілер мен коммуникация жүйесімен біріктірілген, бірлесіп қолданылатын күзеттің техникалық құралдарын қолдана отырып жабдықталады және өткізу пунктінің аумағы мен режимдік аймағына рұқсатсыз кіріп кетуді (кіріп кетуге әрекет етуді) анықтауға, ақпаратты берілген түрінде оператор пультіне жинауға, өңдеу мен ұсынуға арналған.
Үй-жайға кіруді бақылау жүйесі оқылатын магниттік (электрондық) карточкаларды пайдалана отырып құрылады.
Авиациялық өткізу пункттерінде осы жүйенің әкімшісі авиациялық қауіпсіздік қызметінің бөлімшесі, қалғандарында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің бөлімшелері болып табылады.
75. Өткізу пунктінің ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі Кеден одағының сыртқы және өзара саудасының ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін қалыптастыру тұжырымдамасына сәйкес (Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Үкіметаралық кеңесінің 2010 жылғы 19 қарашадағы № 60 шешімімен бекітілген) құрылады.
76. Биологиялық қалдықтарды жинау мен кәдеге жарату жүйесі Кеден одағының сыртқы шекарасында орнатылады және жеке тұлғалардың қол жүгінде, багажында және пошта жөнелтілімдерінде анықталған жануар және өсімдік текті тауарларды жинауды, уақытша сақтауды (қажет болған кезде кәдеге жарату орнына дейін тасымалдау) және жоюды қамтамасыз етеді.
77. Көлік құралдарын тазарту және дезинфекциялау жүйесі өткізу пункттерінде жабдықталады және автокөлік құралдарын механикалық тазартуды, жууды және дезинфекциялауды қамтамасыз ететін техникалық құралдардан тұрады.
78. Карантиндегі өнімдерді залалсыздандыру жүйесі өткізу пункттері арқылы әкелінетін карантиндік объектілерден карантиндік өнімдерді (карантиндік зиянды организмдер) залалсыздандыруды қамтамасыз ететін техникалық құралдар мен үй-жайлардан тұрады.
79. Сағат санағы жүйесі дәл уақыттың бірыңғай үйлестірілген желісін құруға және ғимараттарда, үй-жайларда және өткізу пунктінің басқа да объектілерінде ағымдағы уақытты индикациялауды қамтамасыз етуге арналған.
80. Резервтік электрмен қоректендіру жүйесі өткізу пунктінің ғимараттарын, үй-жайларын, құрылыстарын, жабдықтарын техникалық бақылау құралдарын электрмен жабдықтау жүйесін авариялық ажырату кезінде электрмен қоректендіруді қамтамасыз етуге арналған және электрмен қоректендірудің балама көздерінің көмегімен құрылады, бұл ретте 1 және 2-санаттардағы теміржол және автомобильдік өткізу пункттері электр энергиясын үздіксіз берумен қамтамасыз етіледі.
9. Өткізу пунктінің жұмысын ұйымдастыруға қойылатын талаптар
81. Мемлекеттік бақылау органдары бөлімшелерінің өткізу пункттерінде мемлекеттік шекара арқылы өткізуде тартылмаған адамдарды, көлік құралдары мен жүктерді орналастыруға жол берілмейді.
82. Теміржол өткізу пункттерінде бақылаудың барлық түрлерін жүргізу тікелей көлік құралында, оның шекаралық теміржол станциясында тұрған кезінде де, сол сияқты Мемлекеттік шекара желісінен (не) қозғалған уақытта да не теміржол вокзалы ғимаратының арнайы павильонында, сондай-ақ теміржол станциясы платформасында жүзеге асырылады.
Теміржол өткізу пункттері үшін адамдарды, көлік құралдарын, жүктерді Мемлекеттік шекара арқылы өткізуді ұйымдастыру схемасы қозғалыс кестесін ескере отырып әзірленеді, онда теміржол көлігі саласындағы мемлекеттік бақылау органы бақылаудың барлық түрлерін жүргізу үшін қажетті уақытта өткізу пункті деп жарияланған станцияларда поездар тұрағын көздейді.
Бақылауды жүргізу уақытын қысқартуға жол берілмейді.
83. Шетелдік көлік компанияларының жедел басқаруындағы теміржол учаскелерінде, бірақ Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және тиісті инфрақұрылымы жоқ теміржол өткізу пунктінде уақытша жағдай жасауға дейін жолаушылар поездарын бақылаудан өткізу пунктіне дейін шекаралық нарядты отырғызу жүзеге асырылған теміржол станцияларынан олардың жүру жолында не Мемлекеттік шекара желісіне дейін не жолаушылар поездарының өткізу пункттерінде және шекаралық бақылау бөлімшелері бар өзге де станцияларда жүзеге асырылуы мүмкін.
84. Қазақстан аумағы арқылы транзитпен Ресей Федерациясының аумағынан Ресей Федерациясының аумағына келе жатқан шетелдік поездарға қатысты бақылау Қазақстан Республикасының аумағында отыруды (түсуді) жүзеге асыратын адамдарға қатысты ғана жүргізіледі.
85. Ресей Федерациясының аумағы арқылы келе жатқан республикаішілік қатынастағы поездарды бақылау Ресей Федерациясының аумағына отыруды (түсуді) жүзеге асыратын адамдарға қатысты ғана жүргізіледі.
86. Халықаралық қатынастағы жолаушылар поездарында келе жатқан және Қазақстан Республикасының аумағындағы өткізу пункттерінде Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын бірнеше рет кесіп өтетін адамдарды бақылау, әдетте бір рет жүргізіледі.
Егер адам өзінің сапарын Қазақстан Республикасының немесе шектес мемлекеттердің аумағынан бастаса және бұрын оған қатысты бақылау жүргізілмесе, онда бақылау Қазақстан Республикасының аумағында жүру жолындағы бірінші өткізу пунктінде жүргізіледі.
Осы тармақтың талаптары 85, 86-тармақтарда көрсетілген поездарда келе жатқан адамдарға қатысты қолданылмайды.
10. Сервистік инфрақұрылым
Ескерту. Қағида 10-бөліммен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 05.10.2018 № 618 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
87. Мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға ыңғайлы болу үшін шекаралық, кедендік бақылау режимдік аймақтарынан тыс жерлердегі өткізу пункттерінде мынадай сервистік инфрақұрылым қосымша орналасуы мүмкін:
1) валюта айырбастау пункттері;
2) дәмханалар (буфеттер);
3) әртүрлі туристік, көліктік, сақтандыру және басқа да ұйымдардың офистері;
4) пошта бөлімшесі, сөйлесу пункті;
5) екінші деңгейдегі банктердің бөлімшелері;
6) оқшаулағышы бар медпункттер;
7) халықаралық көлік-логистикалық орталығы.
Сервистік инфрақұрылымды ашуды (жабуды) және жұмысын ұйымдастыруды мемлекеттік кірістер органдарының және шекара қызметінің аумақтық бөлімшелерімен келісу қажет.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 қыркүйектегі № 977 қаулысына қосымша |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір
шешімдерінің тізбесі
1. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 желтоқсандағы № 1240 қаулысы.
2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 774 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 30, 327-құжат).
3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 желтоқсандағы № 1240 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1373 қаулысы.
4. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 желтоқсандағы № 1240 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 сәуірдегі № 533 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 46, 617-құжат).
5. "Сұйытылған көмірсутегі газын теңіз жолымен экспорттауды дамытудың кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 29 мамырдағы № 534 қаулысының 2-тармағының 1) тармақшасы.