Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес, өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі бекітілсін.
2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2023 жылғы 26 қыркүйектегі № 70 Қаулыға қосымша |
Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі
1. "Инвестициялық қор активтерінің, инвестициялық қордың таза активтерінің құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептік құнын және акционерлік инвестициялық қор акциясын сатып алу бағасын айқындау қағидаларын, талаптарын және әдістемесін, сондай-ақ акционерлік инвестициялық қордың немесе басқарушы компанияның активтер мен міндеттемелердің құны және құрамы, инвестициялық қордың таза активтерінің құны, сондай-ақ пай ұстаушылардың саны және пай кірістілігі туралы ақпарат ұсыну қағидаларын, нысандарын және мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 21 тамыздағы № 259 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3124 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Инвестициялық қор активтерінің, инвестициялық қордың таза активтерінің құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептік құнын және акционерлік инвестициялық қор акциясын сатып алу бағасын айқындау қағидаларында, талаптарында және әдістемесінде (бұдан әрі – Қағидаларда):
кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Осы Инвестициялық қор активтерінің, инвестициялық қордың таза активтерінің құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептік құнын және акционерлік инвестициялық қор акциясын сатып алу бағасын айқындау қағидалары, талаптары және әдістемесі (бұдан әрі – Қағидалар) "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" және "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленген және инвестициялық қор активтерінің, инвестициялық қордың таза активтерінің құнын, инвестициялық пай қоры пайының есептік құнын және акционерлік инвестициялық қор акциясын сатып алу бағасын айқындау қағидаларын, талаптарын және әдістемесін айқындайды.";
1-қосымшаға сәйкес Бағалы қағаздар құнының құнсыздануын немесе азаюын тану өлшемшарттарында:
реттік нөмірі 6.2- жол мынадай редакцияда жазылсын:
"
6.2 | Қор биржасының ресми тізімінің "Баламалы" алаңының "Борыштық бағалы қағаздар" секторына енгізілген борыштық бағалы қағаздары | + 0 |
";
2-қосымшаға сәйкес Бағалы қағаздар құнсыздануының немесе құнының төмендетілуінің қажетті мөлшері мынадай редакцияда жазылсын:
"
Балдар сомасы | Бағалы қағаздардың жіктеу санаты | Құнсыздануының немесе құнының төмендетілуінің қажетті ең төмен мөлшері |
1 | Стандартты | 0 % |
2-4 | 1-санаттағы күмәнді | 10 % |
5-7 | 2-санаттағы күмәнді | 15 % |
8-10 | 3-санаттағы күмәнді | 25 % (35 %) |
11-12 | Қанағаттанарлықсыз | 50 % (70 %) |
12-ден жоғары | Үмітсіз | 90 % |
Кесте бойынша түсініктемелер
Бағалы қағаздарды құнсыздандыру немесе бағалы қағаздардың құнын төмендету үшін осы өлшемшарттарды пайдаланғанда, рейтингтік бағасы және қор биржасы алаңы секторының санаты болған кезде есепке рейтингтік бағасы алынады.
1-ге дейінгі (қоса алғанда) балл сомасы алынған кезде – бағалы қағаз стандартты болып жіктеледі.
Балл сомасы 2-ден 4-ке дейінгі (қоса алғанда) мәніне тең болған кезде – бағалы қағаз 1-санаттағы күмәнді болып жіктеледі, 10 (он) пайыз провизиялар қалыптастырылады.
Балл сомасы 5-тен 7-ге дейін (қоса алғанда) мәніне тең болған кезде – бағалы қағаз 2-санаттағы күмәнді болып жіктеледі, 15 (он бес) пайыз провизиялар қалыптастырылады.
Балл сомасы 8-ден 10-ға дейінгі (қоса алғанда) мәніне тең болған кезде – бағалы қағаз 3-санаттағы күмәнді болып жіктеледі:
облигациялар бойынша 25 (жиырма бес) пайыз провизиялар;
акциялар бойынша 35 (отыз бес) пайыз провизиялар қалыптастырылады.
Балл сомасы 11-нан 12-ге дейінгі (қоса алғанда) мәніне тең болған кезде – бағалы қағаз қанағаттанарлықсыз болып жіктеледі:
облигациялар бойынша 50 (елу) пайыз провизиялар;
акциялар бойынша 70 (жетпіс) пайыз провизиялар қалыптастырылады.
Сомасы 12-ден артық болған кезде бағалы қағаз үмітсіз деп жіктеледі, 90 (тоқсан) пайыз провизиялар қалыптастырылады. Бұл ретте, егер эмитенттің борыштық бағалы қағазы үмітсіз деп жіктелсе, онда осы эмитенттің акциясы бір мезгілде нөлге дейін есептен шығарылады.
Эмитент банкрот болған жағдайда осы бағалы қағаз бір мезгілде нөлге дейін есептен шығарылады.";
2. "Бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда ұйымдастыру қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау Агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 29 қазандағы № 170 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5406 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен сауда-саттық ұйымдастырушылардың қызметін реттеу мақсатында және "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 45-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда ұйымдастыру қызметін жүзеге асыру қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда ұйымдастыру қызметін жүзеге асыру қағидаларында (бұдан әрi – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген негізгі ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) екiжақты баға белгiлеу – қаржы құралын сатып алу бағасын, сол сияқты сату бағасын да қамтитын баға белгiлеу;
2) қаржы құралымен мәмiле орындау (мәмiле орындау) – осы мәмiле тараптарының одан туындайтын мiндеттемелердi орындауы арқылы қаржы құралымен мәмiле бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру;
3) нысаналы орналастыруды бақылау үшін қор биржасының жүйесі (бақылау жүйесі) – оған қосылған тұлғаларға мыналарды:
қосылған тұлғаның клиенттің атынан мәмілелер жасауға уәкілетті брокері үшін лимиттер анықтауға;
егер осындай мәмілелер бойынша есеп айырысу нақты уақыт режимінде және клирингтік ұйымының қызметін пайдаланусыз жүзеге асырылған жағдайда, кастодиан клиентінің атынан уәкілетті брокер жасаған мәмілелерді растауға;
кастодиан клиентінің тапсырмасы бойынша брокер жасаған мәмілелерді есеп айырысуларға қабылдауға мүмкіндік беретін қор биржасының бағдарламалық-техникалық кешені;
4) қор биржасының ресми тізімі (ресми тізім) – енгізу және болу үшін бағалы қағаздар мен бағалы қағаздар эмитенттері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің және қор биржасының ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес келетін қор биржасы тізімінің бір бөлігі
5) қор биржасының сауда жүйесi – қор биржасының материалдық-техникалық құралдарының, ішкі құжаттарының және қажетті активтер мен рәсімдердің кешені, оларды пайдалана отырып осы қор биржасының мүшелері арасында эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен мәмілелер жасалады;
6) қор биржасының трейдері – осы қор биржасының сауда жүйесiн пайдалана отырып қор биржасының мүшесi атынан мәмiлелер жасауға және өзге iс-әрекеттердi орындауға уәкiлеттi жеке тұлға
7) лот – бұл:
қаржы құралымен сауда жасау бiрлiгi;
осы қаржы құралы бойынша өтiнiм мөлшерi тең немесе еселi қаржы құралының саны;
8) маркет-мейкер – қор биржасы маркет-мейкер ретiнде таныған және өзiне қор биржасының iшкi құжаттарына сәйкес қаржы құралы бойынша баға белгiлеудi жариялап отыру және ұстап тұру мiндеттемесін қабылдаған қор биржасының мүшесi;
9) рұқсат ету бастамашысы – бастамасы бойынша қаржы құралдары қор биржасының сауда жүйесінде, бағалы қағаздардың биржалық нарығының интеграцияланған ақпараттық жүйесінде немесе биржадан тыс бағалы қағаздар нарығының интеграцияланған ақпараттық жүйесінде айналысқа жіберілетін тұлға;
10) сауда алаңы – қор биржасының сауда жүйесінің басқа бөлiктерiнен сауда-саттыққа қатысушыларға және айналыстағы қаржы құралдарына қойылатын ерекше талаптарымен, сондай-ақ қаржы құралдарымен мәмiле жасасу мен оларды орындау талаптарымен өзгешеленетiн бөлiгi;
11) сауда жүйесiндегi айналыс – қандай да болмасын қаржы құралының қор биржасының сауда жүйесiнде жасалатын мәмiленiң мәнi болу мүмкiндiгi;
12) сауда күнi – қор биржасы барлық қаржы құралдары үшiн немесе олардың жеке топтары үшiн күнтізбелік күн шегінде белгілеген кезең, ол кезең ішінде қаржы құралдарымен мәмілелер оның сауда жүйесінде жасалуы мүмкін;
13) сауда-саттыққа қатысушы – осы қор биржасының сауда жүйесiн пайдалана отырып мәмiлелер жасауға жіберiлген және ол ұйымдастырған сауда-саттыққа қатысатын қор биржасының мүшесi;
14) сауда сессиясы – сауда күнiнiң бөлiгi;
15) сауда-саттықты ұйымдастырушы – "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес орталық депозитарийдің клиенттері арасындағы белгіленімдермен алмасу жүйесін пайдалану және оған қолдау көрсету арқылы сауда-саттықты ұйымдастырушылық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыруы кезіндегі қор биржасы немесе орталық депозитарий;
16) төлемге қарсы жеткiзiлiм – мәмiленiң бiр тарабының қаржы құралын жеткiзу мiндеттемелерiн орындауы мәмiленiң екінші тарабының ақшаны және (немесе) өзге қаржы құралдарын жеткiзу жөнiндегi қарсы мiндеттемелерiн орындамаусыз мүмкiн болмайтын не мәмiле тарабының қаржы құралдарын жеткiзу мiндеттемелерiн орындауы оның ақшаны және (немесе) өзге қаржы құралдарын алу жөнiндегi қарсы талаптарын орындамаусыз мүмкiн болмайтын қаржы құралдарымен мәмiлелердi орындау әдiсi;
17) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган.";
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушылары және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бағалы қағаздарды қоспағанда, өзге қаржы құралдарымен мәмілелердi жүзеге асыруға құқығы бар өзге заңды тұлғалар қор биржасының мүшелерi болып табылады.
Олар үшін Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3916 болып тіркелген "Қор биржасына мүшелік үшін шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына қойылатын талаптар туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 30 қыркүйектегі № 360 қаулысымен және қор биржасының қағидаларымен белгіленген талаптарға сәйкес келетін шетелдік заңды тұлғалар қор биржасының мүшелері болып табылады.
Қор биржасының мүшесі болу шарттары мен тәртiбi оның қағидаларымен айқындалады.".
3. "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру кезде бөлінген активтердің құрамына кіретін ақшаны инвестициялауды жүзеге асыруға қойылатын талаптарды және бөлінген активтер есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 38 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7475 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жобалық қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Арнайы қаржы компаниясы инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларымен шарттың негізінде бөлінген активтердің құрамына кіретін бөлінген активтерді және ақшаны инвестициялауды мына қаржы құралдарында жүзеге асыратынын белгілесін:
1) қор биржасының ресми тізіміне енгізілген және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15175 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 54 қаулысымен бекітілген Эмитенттерге және олардың қор биржасында айналысқа жіберілетін бағалы қағаздарына, сондай-ақ қор биржасы тізімінің жекелеген санаттарына қойылатын талаптарға (бұдан әрі - № 54 талаптар) сәйкес келетін борыштық бағалы қағаздар;
2) қор биржасының ресми тізіміне енгізілген және № 54 талаптарда көзделген талаптарға сәйкес келетін акциялар;
3) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары (шет мемлекеттің аумағында шығарылғандарын қоса алғанда), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдік беруімен шығарылған бағалы қағаздары;
4) шетелдік қор биржаларында айналыстағы Қазақстан Республикасының бейрезидент-эмитенттерінің бағалы қағаздары;
5) мынадай талаптардың біріне сәйкес келетін Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктердегі салымдары:
"Standard & Poor's" (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шәкілі бойынша "ВВ-"-тен төмен емес ұзақ мерзiмдi кредиттiк рейтингi немесе басқа рейтингтiк агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегi рейтингi немесе "Standard & Poor's" (Стандард энд Пурс) ұлттық шәкiлi бойынша "kzBB"-дан төмен емес рейтингтік бағасы бар банктер;
бейрезидент- бас банктерде "Standard & Poor's" (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шәкілі бойынша "А-"-тен төмен емес ұзақ мерзiмдi кредиттiк рейтингi немесе басқа рейтингтiк агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегi рейтингi бар резидент еншілес банктер болып табылатын банктер;
6) мынадай халықаралық қаржы ұйымдары шығарған борыштық бағалы қағаздар:
Халықаралық қайта құру және даму банкі;
Еуропалық қайта құру және даму банкi;
Америкааралық даму банкi;
Халықаралық есеп айырысу банкi;
Азиялық даму банкi;
Африкалық даму банкi;
Халықаралық қаржылық корпорация;
Ислам даму банкi;
Еуропалық инвестициялық банк;
Еуразиялық даму банкi;
Еуропалық Кеңестің Даму Банкі;
Скандинавия инвестициялық банкі.
7) шет мемлекеттердiң орталық үкiметтерi шығарған, "Standard & Poor's" (Стандард энд Пурс) агенттiгiнiң халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ-"-тен төмен емес тәуелсiз рейтингтiк бағасы немесе басқа рейтингтiк агенттiктердiң бiрiнiң осыған ұқсас деңгейдегi рейтингi бар мемлекеттiк мәртебеге ие бағалы қағаздары;
8) Лондондық қымбат металдар нарығының қауымдастығы (London billion market association) қабылдаған халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетiн және осы қауымдастықтың құжаттарында "Лондондық сапалы жеткiзiлiм" ("London good delivery") стандарты ретiнде белгіленген тазартылған қымбат металдары;
9) Қазақстан Республикасы ұйымының инфрақұрылымдық облигациялары;
10) базалық активі мыналар:
шетелдік және ұлттық валюта;
валюталық индекстер;
Лондондық қымбат металдар нарығының қауымдастығы (London billion market association) қабылдаған халықаралық сапа стандарттарына сай келетiн және осы қауымдастықтың құжаттарында "Лондондық сапалы жеткiзiлiм" ("London good delivery") стандарты ретiнде белгіленген тазартылған қымбат металдар;
қор биржасының ресми тізіміне енгізілген және № 54 талаптарда көзделген талаптарға сәйкес келетін бағалы қағаздар;
осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Есептік көрсеткіштердің (индекстердің) тізбесінде айқындалған есептік көрсеткіштер (индекстер);
көрсетілген тауар активтерінің нақты жеткізілуін жүзеге асырмай, осы қаулыға 2-қосымшада Тауар активтерінің тізбесінде айқындалған тауар активтері, сондай-ақ тауар активтерінің индекстері болып табылатын туынды қаржы құралдары және туынды бағалы қағаздар;
11) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-4-бабына сәйкес арнайы қаржы компаниясы шығарған меншікті облигациялар.";
4. "Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларын, брокердің және (немесе) дилердің банк операцияларын жүргізу тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 9 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9249 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларында, брокердің және (немесе) дилердің банк операцияларын жүргізу тәртібінде:
мынадай мазмұндағы 56-1, 56-2-тармақтармен толықтырылсын:
"56-1. Брокер және (немесе) дилер уәкілетті органның шетел валютасымен айырбастау операцияларына лицензиясы болған кезде (қолма-қол емес шетел валютасымен айырбастау операциялары бөлігінде) мәмілелер бойынша есеп айырысулар банктер және (немесе) Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары және (немесе) шетелдік есеп айырысу ұйымдары арқылы жүзеге асырылатын жағдайда, халықаралық (шетелдік) бағалы қағаздар нарықтарында шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша мәмілелер (оның ішінде валюталық своп операцияларына жататын мәмілелер, спот мәмілелер) жасайды.
56-2. Соның талаптарына сәйкес туынды қаржы құралдарымен мәмілелер, репо операциялары және (немесе) объектісі бағалы қағаздар, валюта және (немесе) үлгілік шарттарын кәсіптік ұйым немесе уәкілетті орган бекіткен тізбеге кіретін шетелдік кәсіптік ұйым әзірлеген өзге де қаржы құралдары болып табылатын өзге де мәмілелер жасалуы мүмкін контрагентпен қолданыстағы бас қаржы келісімі болған кезде брокерге және (немесе) дилерге осы бас қаржы келісімінде айқындалған жағдайларда төлемдер неттингін жүзеге асыру рұқсат етіледі.".
62-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"62. Брокер және (немесе) дилер ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықтарда жасалған туынды қаржы құралдарымен мәмілелер тізіліміне (бұдан әрі - тізілім) қосылу үшін апта сайын есепті кезеңнен кейінгі аптаның бірінші жұмыс күні Астана қаласының уақытымен 14-00-ден кешіктірмей орталық депозитарийге Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17920 болып тіркелген "Орталық депозитарийдің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 307 қаулысымен бекітілген Орталық депозитарий қызметін жүзеге асыру қағидаларының және орталық депозитарийдің ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес ақпаратты ұсынады.
Ақпарат ақпаратты беру күніндегі барлық қолданыстағы ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықта туынды қаржы құралдарымен жасалған мәмілелер бойынша, сондай-ақ есепті кезеңде жасалған және орындалған мәмілелер бойынша ұсынылады.".
5. "Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді, эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі эмитенттердің міндеттемелері бойынша талап ету құқықтарын беруді орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тіркеу, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде және (немесе) номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде тіркелген тұлғаның жеке шотынан үзінді көшірмені беру және номиналды ұстаушының номиналды ұстауындағы бағалы қағаздары бар клиенттер туралы ақпаратты орталық депозитарийдің және эмитенттің талап етуі бойынша табыс ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 22 қазандағы № 210 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9876 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді, эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі эмитенттердің міндеттемелері бойынша талап ету құқықтарын беруді орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тіркеу, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде және (немесе) номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде тіркелген тұлғаның жеке шотынан үзінді көшірмені беру және номиналды ұстаушының номиналды ұстауындағы бағалы қағаздары бар клиенттер туралы ақпаратты орталық депозитарийдің және эмитенттің талап етуі бойынша табыс ету қағидаларында:
кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Осы Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді, эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі эмитенттердің міндеттемелері бойынша талап ету құқықтарын беруді орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тіркеу, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде және (немесе) номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде тіркелген тұлғаның жеке шотынан үзінді көшірмені беру және номиналды ұстаушының номиналды ұстауындағы бағалы қағаздары бар клиенттер туралы ақпаратты орталық депозитарийдің және эмитенттің талап етуі бойынша табыс ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" (бұдан әрі – Бағалы қағаздар рыногы туралы заң), "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді, эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі эмитенттердің міндеттемелері бойынша талап ету құқықтарын беруді орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тіркеу тәртібін, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде және (немесе) номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде тіркелген тұлғаның жеке шотынан үзінді көшірмені беру талаптары мен тәртібін, сондай-ақ номиналды ұстаушының номиналды ұстауындағы бағалы қағаздары бар клиенттер туралы ақпаратты орталық депозитарийдің және эмитенттің талап етуі бойынша табыс ету тәртібін белгілейді.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1) инвестициялық портфельді басқару шартына немесе клиенттің сенімхатына сәйкес инвестициялық портфельді басқарушы не оның клиенті дербес берген жеке шотты ашуға арналған бұйрық;
2) Қағидалардың 8 және 9-тармақтарында көрсетілген құжаттар;
3) инвестициялық портфельді басқару шартының көшірмесі немесе клиенттің шоты бойынша бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыруға арналған клиенттің сенімхаты;
4) жеке шоттар бойынша операциялар мен ақпараттық операцияларды тіркеу құжаттарына қол қою құқығына ие инвестициялық портфельді басқарушы өкілдерінің мыналар туралы мәліметтер қамтылатын нотариалды куәландырылған қол қою үлгілері бар құжат:
номиналды ұстаушының атауы;
құжатқа қол қоюға құқық беретін номиналды ұстаушы клиентінің атауы (тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса);
инвестициялық портфельді басқарушының атауы;
инвестициялық портфельді басқарушы өкілдерінің лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), жеке басын куәландыратын құжаттың деректері;
осы құжаттағы қол қою үлгілері номиналды ұстау жүйесінде ашылған клиенттің жеке шоты бойынша барлық операцияларды жүзеге асыру кезінде міндетті болып саналатындығына нұсқау;
5) номиналды ұстаушының ішкі құжатымен көзделген өзге құжаттар.
Номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті инвестициялық портфельді басқару қызметімен қоса жүзеге асыратын ұйым мынадай талаптар сақталған кезде онымен, оның ішінде осы ұйының инвестициялық басқаруындағы инвестициялық қордың бағалы қағаздарын ұстаушымен инвестициялық портфельді басқару шарты жасалған клиенттің бағалы қағаздарын номиналды ұстауды жүзеге асыруға құқылы болады:
- номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті инвестициялық портфельді басқару қызметімен қоса жүзеге асыру кезінде номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға тартылған бөлімшелер қызметкерлерінің инвестициялық портфельді басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын бөлімшелер қызметкерлерінің функциялары мен міндеттерін жүзеге асыруына жол берілмейді;
- номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті инвестициялық портфельді басқару қызметімен қоса жүзеге асыру кезінде бірінші басшыны қоспағанда, лауазымды адамның инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет және брокерлік және (немесе) дилерлік қызмет мәселелеріне бір мезгілде жетекшілік етуіне жол берілмейді.";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Номиналды ұстаушы орталық депозитарийдің қағидалар жинағында белгіленген тәртіппен күн сайын есепті күннен кейінгі жұмыс күнінің Астана қаласының уақыты бойынша сағат 16:00-ден кешіктірмей орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған және оның клиенттеріне тиесілі қаржы құралдарын жиынтық есепке алуға арналған депоненттің қосалқы шоты бойынша мынадай:
осы қосалқы шотта есепті күннің басына және соңына есептелетін қаржы құралдарының қалдықтары;
есепті күн ішінде осы қосалқы шот бойынша жасалған номиналды ұстаушы клиенттерінің дербес шоттары бойынша тіркелген қаржы құралдарымен жасалатын операциялар туралы электрондық деректерді беруді жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талабы орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде оның клиенттеріне тиесілі қаржы құралдарын жиынтық есепке алуға арналған депоненттің қосалқы шотының мәліметтері ұсынылатын күнге жоқ депоненттерге қолданылмайды.".
31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"31. Номиналды ұстаушы бағалы қағаздарды ұстаушылардың бұйрықтары негізінде бағалы қағаздарды (эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемесі бойынша талап ету құқықтарын) бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарынан (жеке шотынан) есептен шығару (жеке шоттарына (жеке шотына) есепке жазу) операцияларын жүргізеді, мына жағдайларды қоспағанда:
1) орталық депозитарийдің және қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес тіркелетін, ұйымдастырылған нарықта жасалған операцияларды;
2) Азаматтық процестік кодекстің 226-бабына сәйкес ресімделген заңды күшіне енген сот шешімі бойынша бағалы қағаздар жөніндегі құқықтардың өзгеруі немесе тоқтатылуы бойынша операцияларды;
3) клиенттердің жеке шоттарынан оларға тиесілі Банктер туралы заңның 16-бабының 6-тармағына сәйкес мәжбүрлеп сатып алуға жататын екінші деңгейдегі банктердің акцияларын есептен шығару және осы акцияларды Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18669 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 2 мамырдағы № 70 қаулысымен бекітілген Банк акцияларын мәжбүрлеп сатып алу және оларды кейіннен инвесторларға міндетті түрде сату қағидаларында белгіленген тәртіппен қабылданған уәкілетті органның шешімі негізінде тіркелетін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шотына есепке жазу бойынша операциялар;
4) тіркелген тұлғалардың жеке шоттарынан (шотынан) (шоттарына) бағалы қағаздарды (эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемесі бойынша талап ету құқығы) есептен шығару (есепке жазу) операциялары мұрагер немесе оның өкілі берген тиісті бұйрықтың, мұрагерлік құқығы туралы куәлік түпнұсқасының немесе нотариат куәландырған көшірмесінің, мұрагер өкілінің өкілеттігін растайтын құжаттардың және номиналды ұстау жүйесінде мұрагердің жеке шоты болмаған жағдайда, Қағидалардың 8 және 9-тармақтарында көрсетілген құжаттардың негізінде тіркелетін бағалы қағаздарды (эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемесі бойынша талап ету құқығы) мұрагерлікке алу;
5) эмитенттің бағалы қағаздарын және өзге ақша міндеттемелерін эмитенттің жай акцияларына айырбастау, тиісті жазбаларды енгізу бойынша операциялары эмитенттің бұйрығы негізінде жүзеге асырылатын немесе орталық депозитарийдің хабарламасы негізінде көрсетілетін эмитенттің орналастырған акцияларының бір түрінен осы эмитенттің акцияларының басқа түріне айырбастау жағдайлары;
6) орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінен алынған тiркелген операциялар туралы есептің негізінде жүзеге асырылатын акционерлік қоғамдарды қайта ұйымдастыру кезінде бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттарынан (жеке шоттарына) бағалы қағаздарды есептен шығару (есепке жазу) операциялары;
7) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы лицензиядан айырылған немесе бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясын ерікті қайтару туралы шешім қабылдаған және бұл ретте клиентке осы Қағидалардың 35-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген хабарламаны жіберген күннен бастап күнтізбелік 90 (тоқсан) күн ішінде одан активтерді есептен шығаруға бұйрықты алмаған не клиент тұрғылықты орны (тұрғылықты жері) бойынша болмағаны туралы хабарлама алған жағдайда номиналды ұстаушы клиентінің жеке шотынан бағалы қағаздарды (эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі міндеттемесі бойынша талап ету құқығы) есептен шығару бойынша операциялар, сондай-ақ осы бағалы қағаздарды орталық депозитарий (талап ету құқығын) номиналды ұстаушының клиентіне бағалы қағаздар ұстаушылардың тізілімдер жүйесінде ашқан жеке шотқа есепке алу операциялары;
8) инвестициялық пай қорларының пайларын орналастыру және (немесе) сатып алу жөніндегі операцияларды.
Егер мәмілені жасау үшін мәміле тараптарының біреуіне уәкілетті органның рұқсаты (келісімі) қажет болған жағдайда, номиналды ұстаушы осындай келісімнің бар екенін растайтын құжатты сұратады. Уәкілетті органның талап етілетін рұқсаты (келісімі) болмаған кезде номиналды ұстаушы мәмілені тіркеуден бас тартады.
Осы тармақтың екінші бөлігінің талаптары бағалы қағаздарды сенімгерлік басқаруға беру кезінде номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде жүргізілетін операцияларға қатысты қолданылады.
Номиналды ұстаушының бағалы қағаздарды ұстаушылар шоттарының эмиссиялық бағалы қағаздар жөнінде эмитенттің міндеттемелері бойынша талап ету құқығымен "репо" операциялары жүргізілмейді.";
мынадай мазмұндағы 41-1-тармақпен толықтырылсын:
"41-1. ETF ұйымдары – Қазақстан Республикасы бейрезиденттерінің бағалауы Bloomberg немесе Reuters ақпараттық-талдау жүйелері ұсынған алдыңғы сауда күнінің соңындағы сұраныс бағасы (bіd prіce) бойынша аптаның бірінші жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша апта сайын жүзеге асырылады.".
6. "Сауда-саттықты ұйымдастырушының ұйымдық құрылымына және қор биржасының листинг комиссиясының құрамына қойылатын талаптарды, сондай-ақ Қор биржасының сауда жүйесінде жасалатын мәмілелерді қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сауда-саттықты ұйымдастырушының құрылымдық бөлімшесінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 249 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12998 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Сауда-саттықты ұйымдастырушының ұйымдық құрылымына және қор биржасының листинг комиссиясының құрамына қойылатын талаптарда:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы сауда-саттықты ұйымдастырушының ұйымдық құрылымына және қор биржасының листинг комиссиясының құрамына қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген.";
көрсетілген қаулымен бекітілген Қор биржасының сауда жүйесінде жасалатын мәмілелерді қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сауда-саттықты ұйымдастырушының құрылымдық бөлімшесінің қызметін жүзеге асыру қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Қор биржасының сауда жүйесінде жасалатын мәмілелерді қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сауда-саттықты ұйымдастырушының құрылымдық бөлімшесінің қызметін жүзеге асыру қағидалары "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және қор биржасының сауда жүйесінде жасалатын мәмілелерді қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сауда-саттықты ұйымдастырушының ұйымдық құрылымы қызметінің тәртібін белгілейді.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Күдікті мәміле туралы есеп қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде жасалады және уәкілетті органға Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18169 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 319 қаулысымен бекітілген Ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану, сараптама комитетін жасақтау және оның жұмыс жасау қағидаларында айқындалған мерзімде, сондай-ақ оның сандық құрамы жіберіледі.".