Қор биржасына мүшелік үшін шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына қойылатын талаптар туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 30 қыркүйектегі N 360 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 1 қарашада тіркелді. Тіркеу N 3916.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 65 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 86-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қор биржасының мүшелері:

      "Астана" халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің брокерлік және (немесе) дилерлік қызметтерді жүзеге асыруға тиісті лицензиялары бар "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушылары;

      мына көрсетілген талаптардың біреуіне сәйкес келетін:

      1) Дүниежүзілік биржалар федерациясының (The World Federation of Exchanges) құрамына кіретін қор биржасының мүшесі болып табылатын;

      2) уәкілетті реттеуші органы Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының консультациялар, ынтымақтастық және ақпарат алмасу мәселелері бойынша өзара түсіністіктің көпжақты меморандумына (MMoU IOSCO) қатысушы болып табылатын мемлекетте тіркелген болса не онымен Қазақстан Республикасының уәкілетті органы бағалы қағаздар нарығын қадағалау саласында ынтымақтастық пен ақпарат алмасу туралы екіжақты келісім жасаған болса және мұндай лицензияның (рұқсаттың) болуы шетелдік ұйымның резиденттілігі елінің заңнамасында көзделген жағдайда, осындай уәкілетті реттеуші орган бағалы қағаздар және (немесе) цифрлық активтер нарығында брокерлік, дилерлік, клирингтік қызметті жүзеге асыруға берген қолданыстағы лицензиясы (рұқсаты) болса, шетелдік заңды тұлға бола алатындығы белгіленсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.09.2026 № 133 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      3. Стратегия және талдау департаменті (Еденбаев Е.С.):

      1) Заң департаментімен (Байсынов М.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, сауда-саттықты ұйымдастырушыға, "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне жіберсін.

      4. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс бөлімі (Пернебаев Т.Ш.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының орынбасары Е.Л.Бахмутоваға жүктелсін.

      Төраға