Инвесторлар үшін "бір терезені" ұйымдастыру қағидаларын, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2023 жылғы 26 маусымдағы № 11-1-4/327 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 27 маусымда № 32910 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-1-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған инвесторлар үшін "бір терезені" ұйымдастыру қағидалары, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер Министрі
М. Нұртілеу

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі


      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  "Инвесторлар үшін "бір
терезені" ұйымдастыру
қағидаларын, сондай-ақ
инвестициялар тарту кезінде
өзара іс-қимыл жасау
тәртібін бекіту туралы"
Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
2023 жылғы 26 маусымдағы
№ 11-1-4/327 бұйрығымен
бекітілген

Инвесторлар үшін "бір терезені" ұйымдастыру қағидалары, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі

      Ескерту. Тәртіп жаңа редакцияда - ҚР Сыртқы істер министрінің 08.06.2026 № 11-1-4/313 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Инвесторлар үшін "бір терезені" ұйымдастыру қағидалары, сондай-ақ инвестициялар тарту кезінде өзара іс-қимыл жасау тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.

      Қағидалар сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлерде, оның ішінде ұлттық цифрлық инвестициялық платформа (бұдан әрі – ҰЦИП) арқылы инвесторларды тарту және сүйемелдеу, сондай-ақ инвесторлар үшін көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметтің тиімділігін арттыру және цифрландыру арқылы Қазақстан Республикасының инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында әзірленді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) елдік инвестициялық бағдарлама – Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаларды iске асыруға қызығушылық бiлдiретiн шетелдiк инвесторларды нақты мақсатты бағыттау үшiн Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері қалыптастырған бағдарлама;

      2) "жасыл дәліз" – осы Қағидаларға 1-қосымшада белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жедел тәртіппен ұсынуды көздейтін инвестициялық жобалар үшін арнаулы рәсім;

      3) инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы "Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігінiң мәселелерi" № 1118 қаулысына сәйкес инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      4) инвестициялар тарту жөніндегі кеңес – Қазақстан Республикасының аумағында пысықталатын және инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясат шеңберінде әлеуетті инвесторлармен жұмысты жандандыруға бағытталған инвестициялық жобалар бойынша, оның ішінде кейінге қалдыру шарттарын ескере отырып, ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау мақсатында, сондай-ақ Үкімет басшылығының деңгейінде шешімдер қабылдауды талап ететін инвестициялық жобалар бойынша мәселелерді қарау мақсатында құрылған Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган;

      5) инвестициялар тарту саласындағы өңірлік ұйым (бұдан әрі – өңірлік ұйым) – инвестицияларды тарту және инвесторларды сүйемелдеу мақсатында жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      6) инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания (бұдан әрі – ұлттық компания) – өз қызметін Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 282-2-бабына сәйкес жүзеге асыратын, инвестициялар тарту саласындағы ұлттық компания мәртебесі бар заңды тұлға және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері;

      7) инвестицияларға тапсырыс – экономикалық жоспарлар мен міндеттер осы өңір үшін заңмен белгіленген өңірлердің бәсекелестік артықшылықтары және басқа да факторлар негізінде белгілі бір салаға және (немесе) өңірге қатысты өңірлік және (немесе) орталық деңгейдегі фронт-офис субъектілері тиісті түрде ресімдейтін және дайындайтын инвестицияларға деген облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың қажеттілігі;

      8) инвестициялық жоба – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын, оның ішінде концессиялық жобаны іске асыру барысында құрылған, кеңейтілген және (немесе) жаңартылған өндірістерді қоса алғанда, жаңа объектілер мен өндірістерді құруға, қолданыстағыларын кеңейтуге және (немесе) жаңартуға, сондай-ақ басым туристік аумақтарда туристің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын объектілерді құруға инвестицияларды көздейтін іс-шаралар кешені;

      9) инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы – құны 500 000 000 (бес жүз миллион) теңгеден асатын, экономиканың барлық саласында іске асырылатын және пысықталатын жоғары немесе орташа басымдықты санаттарға жататын инвестициялық жобалар тізбесі;

      10) инвестициялық жобалардың жалпыөңірлік пулы – базалық басымдық санатына жататын құны 500 000 000 (бес жүз миллион) теңгеге дейінгі экономиканың барлық саласында іске асырылатын және пысықталатын базалық басымдықты инвестициялық жобалар тізбесі;

      11) инвестор – Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      12) инвесторлар үшін "бір терезе" қағидаты (бұдан әрі - "бір терезе" қағидаты) – инвесторлардың құжаттарды жинауға және дайындауға қатысуын барынша азайтуды және олардың мемлекеттік органдармен тікелей байланысын шектеуді көздейтін, Ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, өңірлік ұйымдары тарапынан инвесторларға мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді және өзге де ұйымдар көрсететін басқа қызметтерді алуға жәрдемдесудің орталықтандырылған нысаны;

      13) "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторларды сүйемелдеу – инвестицияларды тарту саласындағы Ұлттық компания және оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктері, өңірлік ұйымдар тарапынан инвесторға ақпараттық, консультациялық, ұйымдастырушылық жәрдемдесу жөніндегі іс-шаралар кешенi;

      14) Task Force – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемiнде жетi жарым миллион еселенген мөлшерiндегi инвестицияларды жүзеге асыруды көздейтін, инвестициялар туралы келісімдерге қол қоюға жататын, және осы Қағидаларға 1-қосымшада белгіленген "жасыл дәліз" өлшемшарттарына сай келетін инвестициялық жобалар пулын қалыптастыруға және сүйемелдеуге жауапты Ұлттық компанияның құрылымдық бөлiмшесi;

      15) өңірдің инвестициялық бағдарламасы – өңірдің қажеттіліктері ескеріле отырып, инвестицияларды тарту үшін жергілікті атқарушы орган қалыптастырған бағдарлама;

      16) ұлттық цифрлық инвестициялық платформа – инвестициялық жобаларды кешенді сүйемелдеудің бірыңғай ақпараттық жүйесі, оны құруды, басқаруды және техникалық қолдауды инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады;

      17) фронт-офистер жүйесі – осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген мүдделі органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимыл жасауын қамтамасыз ететін, консультациялар беру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну, кездесулер, келіссөздер және Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымын өткізу үшін қажетті инфрақұрылымы бар арнайы бөлінген алаңдарда жүзеге асырылатын үш деңгейлі жүйе (сыртқы, орталық және өңірлік деңгей).

2-тарау. Қазақстан Республикасында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында инвесторларды "бір терезе" қағидаты бойынша сүйемелдеуді ұйымдастыру тәртібі

1-параграф. Инвесторлармен сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлерде өзара іс-қимыл жасау

      3. Осы Қағидалар шеңберінде инвесторларды сүйемелдеу сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлердегі фронт-офистердің қызметі арқылы, оның ішінде ҰЦИП арқылы жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері, Ұлттық компанияның шетелдік өкілдері мен өкілдіктері сыртқы деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері болып табылады.

      Ұлттық компания, оның өңірлік өкілдері мен өкілдіктерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдары, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – Ұлттық палата), "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы және "Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі" акционерлік қоғамы орталық деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері болып табылады.

      Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары, Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары айқындайтын өңірлік ұйымдар және олардың бөлімшелері, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, Ұлттық палатаның өңірлік кәсіпкерлер палаталары, сондай-ақ инвестициялық саясатты іске асыруға, инвестициялық жобаларды іске асыруға және сүйемелдеуге жауапты, өнеркәсіптік-инновациялық қызметті, инвестициялық қызметті қолдау мен шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы ұйымдардың өкілдері мен өкілдіктері, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдар өңірлік деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері болып табылады.

      4. Сыртқы деңгейдегі фронт-офистер субъектілерінің жұмысы мынаны білдіреді:

      1) әлеуетті инвесторларды ақпараттық-консультациялық қолдауды жүзеге асыру, оның ішінде Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат беру;

      2) әлеуетті инвесторлардың, оның ішінде трансұлттық компаниялардың Қазақстан Республикасына сапарларын сүйемелдеу;

      3) шетелдік компанияның, оның ішінде зәкірлі және трансұлттық компаниялардың Қазақстан Республикасына инвестициялау ниеттерін растайтын құжаттарға қол қою;

      4) экономиканың барлық саласында әлеуетті шетелдік инвесторларды сәйкестендіру;

      5) болу елінде үкіметтік, үкіметтік емес және корпоративтік секторлардың компанияларымен іскерлік байланыстар орнату;

      6) шетелдік инвесторлардың жалпы дерекқорын қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының елшілігін немесе консулдығын хабардар ете отырып, жетекшілік ететін елде ірі компаниялармен, оның ішінде зәкірлі және трансұлттық компаниялармен кездесулер өткізу;

      7) өткізілген кездесулер және инвестициялық жобаларды пысықтау барысы туралы есептік ақпаратты уәкілетті органға ұсыну;

      8) инвестицияларды тарту мәселелері бойынша екіжақты сапарларға, іскерлік кеңестерге қатысу;

      9) болу еліндегі іскерлік қоғамдастықтарда инвестициялық ұсыныстарды ілгерілету;

      10) болу елінің аумағында инвестициялық сипаттағы іс-шараларды (бизнес-форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер) ұйымдастыру және қатысу арқылы Қазақстан Республикасының инвестициялық имиджін ілгерілету;

      11) болу елдерінің мүдделі топтарына Қазақстан Республикасында және болу елінде алдағы өтетін ең маңызды инвестициялық іс-шаралар туралы хабар беру;

      12) шетелдік ірі компаниялардың тізбесін қалыптастыру;

      13) кездесулердің, ұйымдастырылған сапарлардың және қол қойылған меморандумдардың қорытындылары бойынша қол жеткізілген инвестициялық уағдаластықтардың іске асырылуына талдау жүргізу;

      14) елдік талдауды қалыптастыру үшін ақпарат жинау;

      15) инвесторлардың жүйелі проблемалық мәселелерін анықтау және олар бойынша ұсынымдарды енгізу;

      16) тиімділіктің негізгі көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз ету және уәкілетті органға есеп ұсыну;

      17) мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақытылы көрсетуді қамтамасыз ету;

      18) инвестициялық жобалар мен бастамалар бойынша ҰЦИП-да ақпаратты қалыптастыру және өзектендіру;

      19) инвестициялық қызмет туралы деректерді жыл сайын жаңарта отырып, елдік инвестициялық бағдарламаларды әзірлеуге қатысу;

      20) елдік инвестициялық бағдарламаны қалыптастыру және Қазақстан Республикасының инвестициялар саласындағы заңнамасында белгіленген басқа да функцияларды жүзеге асыру.

      5. Орталық және өңірлік деңгейдегі фронт-офистер субъектілерінің өз өкілеттіктері шеңберіндегі жұмысы мынаны білдіреді:

      1) Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша талдамалық зерттеулер жүргізу;

      2) инвесторлардың қызметін сүйемелдеуді қамтамасыз ету, оның ішінде инвесторлардың мемлекеттік органдармен, өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерімен, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен кездесулерін ұйымдастыру, инвестициялық тақырып бойынша бизнес-форумдар, конференциялар және семинарлар өткізу, жұмыс істеп тұрған және перспективалы инвесторлардың дерекқорын қалыптастыру және жүргізу;

      3) құрылтай құжаттарына сәйкес қолда бар өкілеттіктер шегінде инвесторларға туындаған мәселелерді шешу, оның ішінде мемлекеттік органдармен кездесулер өткізуге бастамашылық жасауда көмек көрсету;

      4) Қазақстан Республикасының қолайлы инвестициялық имиджін ілгерілету, оның ішінде инвестициялық мүмкіндіктері туралы ақпарат беру;

      5) инвесторлармен келіссөздер қорытындысы бойынша қол жеткізілген ресми уағдаластықтарды іске асыруды сүйемелдеу;

      6) инвесторлардың қатысуымен іске асырылатын өнеркәсіптік-инновациялық инвестициялық жобаларды сүйемелдеу;

      7) мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ ұйымдар көрсететін қызметтерді алуда инвесторларды сүйемелдеу бөлігінде "бір терезе" қағидаты бойынша инвесторлармен өзара іс-қимыл жасау;

      8) инвестициялық жобалар бойынша ҰЦИП-да ақпаратты қалыптастыру және өзектендіру;

      9) инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулын қалыптастыру;

      10) инвестицияларға тапсырысты қалыптастыру, сондай-ақ осы инвестицияларға тапсырыстың негізінде инвесторларды іздестіру туралы сұрау салуларды жіберу.

      6. Орталық деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері:

      1) уәкілетті органға өңірлік деңгейдегі фронт-офистердің мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақтылы көрсетуін қамтамасыз етуге де жәрдем көрсетеді;

      2) инвесторларға қаржыландыруды құрылымдау және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін рұқсат беру құжаттарын алу үйлестіру және өзара іс-қимыл мәселелері бойынша жәрдем көрсетеді және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да функцияларды жүзеге асырады.

      7. Өңірлік деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері:

      1) Ұлттық компания немесе оның шетелдік өкілдері мен өкілдіктері ұйымдастырған, оның ішінде шет мемлекеттің аумағында ұйымдастырған инвестициялық тақырып бойынша іс-шараларға қатысуды;

      2) тоқсан сайынғы негізде есептік тоқсаннан кейінгі айдың 15-нен кешіктірмей Ұлттық компанияға өңірдегі инвестициялық қызмет, оның ішінде инвестицияларды талап ететін өнеркәсіптік-инновациялық ивестициялық жобалар, инвесторлар туралы өзекті ақпаратты дайындауды;

      3) инвесторларға инженерлік коммуникациялар жүргізуге, жер учаскелері бойынша ақпарат алуға, оларды ресімдеуге, беруге, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру үшін рұқсат беру құжаттарын алуға жәрдем көрсетуді;

      4) Ұлттық компаниямен бірлесіп өңірдің инвестициялық бағдарламасын қалыптастыруды және оны есептік жылдан кейінгі тиісті жылдың 15 қаңтарына дейін жыл сайынғы негізде ҰЦИП-да жаңартуды жүзеге асырады.

      8. Барлық деңгейдегі фронт-офистер Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткізілетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шаралары шеңберінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын қазақстандық және шетелдік тараптар арасындағы қол жеткізілген уағдаластықтар (жасалған келісімдер, меморандумдар, келісімшарттар және коммерциялық шарттар қамтылған өзге де құжаттар) туралы ақпаратты ҰЦИП-ға енгізуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 тамыздағы № 1037 Жарлығымен бекітілген "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің жобаларын келісу және оларды іске асыру, Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің арнайы рәсімдерімен және адам құқықтары жөніндегі шарттық органдармен өзара іс-қимыл, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын дайындау, қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау, халықаралық сот органдарымен өзара іс-қимыл және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының халықаралық қызметін үйлестіруді жүзеге асыру мәселелері туралы" қағидаларының 33-тармағы екінші бөлігін орындау үшін есепті тоқсанның соңғы айының 25-іне дейін олардың орындалу барысы туралы мәліметтерді жаңартып отыруды қамтамасыз етеді.

2-параграф. Орталық және өңірлік деңгейлерде инвестицияларды тарту үшін инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді ұйымдастыру мәселесі бойынша уәкілетті органның ұлттық компаниямен және оның өңірлік өкілдерімен және өкілдіктерімен, өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау

      9. Уәкілетті орган Ұлттық компаниямен және оның өңірлік өкілдерімен және өкілдіктерімен, өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) кеңестерді ұйымдастыру және жұмыс топтарын құру жолымен проблемалық мәселелерді шешу бойынша инвесторларға жәрдем көрсетеді;

      2) инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің отырысына инвестициялық ахуалды және инвестициялық жобаларды, оның ішінде іске асырылуында прогресс жоқ жобаларды жақсарту бойынша мәселелерді шығарады;

      3) инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешу бойынша жүргізілген жұмыс туралы ақпарат сұратады;

      4) Ұлттық компанияның орталық және өңірлік деңгейлердегі фронт-офистердің қызметі туралы есебін, соның ішінде ҰЦИП арқылы қабылдайды;

      5) мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің, сондай-ақ орталық және өңірлік деңгейлердегі фронт-офистер субъектілері көрсететін басқа да қызметтердің сапалы және уақытылы көрсетілуі бойынша сүйемелдеуді жүзеге асыру үшін Ұлттық компаниядан ақпарат сұратады;

      6) Ұлттық компаниядан елдік және өңірлік талдау нәтижелерін, сондай-ақ инвестициялар тарту саласындағы халықаралық тәжірибе нәтижелерін сұратады;

      7) инвестордың сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған Қазақстан Республикасының заңдарға (салық салу, технологиялар трансферттері, визалық қолдау), Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарынан тыс қаралуы мүмкін заң жобаларына түзетулерге бастамашылық жасайды;

      8) ҰЦИП-ның жұмыс алгоритмдеріне өзгерістер енгізуді келіседі;

      9) Ұлттық компанияға өз құзыреті шеңберінде жүзеге асыратын тапсырмалар жібереді;

      10) Task Force қызметіне өз ұсынымдарын енгізеді.

      10. Уәкілетті орган барлық деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) сыртқы және орталық фронт-офистердің мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ келісу бойынша өңірлік деңгейдегі фронт-офистердің мақсаттары мен міндеттерін айқындайды;

      2) барлық деңгейдегі фронт-офистердің қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      3) инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде олардың тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін әзірлейді және барлық деңгейдегі фронт-офистерге жібереді;

      4) барлық деңгейдегі фронт-офистердің қызметіне бағалау жүргізеді;

      5) инвесторлармен өткізілген кездесулер мен жүргізілген келіссөздер қорытындылары туралы ақпарат сұратады;

      6) Ұлттық компанияның және өңірлік ұйымдардың инвестициялық іс-шараларының тақырыбын, өткізу күнін және орнын келіседі;

      7) сыртқы деңгейдегі фронт-офистердің қызметі бойынша есептілікті ҰЦИП арқылы қабылдайды;

      8) барлық деңгейдегі фронт-офистердің қызметіне өз ұсынымдарын енгізеді.

3-параграф. Ұлттық компанияның және өңірлік ұйымдардың Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерімен, мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, сондай-ақ инвестицияларды тарту мәселелері бойынша өзге де мемлекеттік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау

      11. Орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері, жергілікті атқарушы органдар барлық деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) барлық деңгейдегі фронт-офистер субъектілерінің өтініші бойынша инвесторлардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді және олармен байланысты ілеспе көрсетілетін қызметтерді алуға арналған өтінімді дайындау және ресімдеу үшін қажетті материалдарды, құжаттарды және өзге де ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етеді;

      2) барлық деңгейдегі фронт-офистер субъектілерінің өтініші бойынша электрондық немесе жазбаша нысанда мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін уақытылы түсіндіруді қамтамасыз етеді.

      12. Ұлттық компания сыртқы деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) сыртқы деңгейдегі фронт-офистер субъектілерінің сұрауы бойынша:

      инвестормен кездесулер өткізеді, қажет болған жағдайда оның тиісті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, оның ішінде өңірлік деңгейде кездесулерін қамтамасыз етеді;

      Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алу үшін құжаттарды жинау, дайындау және ресімдеу кезінде ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетеді;

      2) Қазақстан Республикасының және өңірлердің инвестициялық әлеуеті, инвестициялық ахуалы туралы талдамалық және ақпараттық материалдарды жібереді, оларда:

      климаты, халқы, коммуналдық қызметтердің, электр энергиясының тарифтері, бағыттар, логистика;

      өңірлер бойынша бөле отырып, инвестицияларды талап ететін инвестициялық жобалар және тауаша инвестициялық жобалар;

      шетелдік инвесторлар үшін әлеуетті әріптестер;

      дайын және жоспарланып отырған индустриялық алаңдар;

      кадрлық әлеует;

      мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат қамтылады;

      3) инвесторлармен жұмысты жақсарту мақсатында семинарлар өткізеді;

      4) елдік инвестициялық талдау жүргізу үшін ақпарат сұратады.

      13. Ұлттық компания өңірлік деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) өңірлік деңгейдегі фронт-офистер субъектілерінің сұрау салулары бойынша мемлекеттік қолдауды ұсыну шаралары, тәртібі, шарттары мен көлемдері туралы ақпаратты, оның ішінде инвесторлар үміткер болуы мүмкін қолдау құралдары туралы ақпаратты ұсынады;

      2) инвесторлармен жұмысты жақсарту жөнінде семинарлар өткізеді;

      3) Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында құжаттарды жинау, дайындау және ресімдеу кезінде ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетеді;

      4) уәкілетті органға ақпарат ұсыну мақсатында атқарылған жұмыс туралы есеп сұратады;

      5) өңірлік инвестициялық талдауды қалыптастыру үшін ақпарат сұратады.

      14. Өңірлік деңгейдегі фронт-офистер уәкілетті органмен және Ұлттық компаниямен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін бірлесіп күш-жігер жұмсайды;

      2) өңірдің инвестициялық әлеуеті, инвестициялық ахуалы туралы талдамалық және ақпараттық материалдарды жібереді, оларда:

      климаты, халқы, коммуналдық қызметтердің, электр энергиясының тарифтері, бағыттар, логистика туралы және басқа да ақпарат;

      инвестициялық жоба бойынша жартыжылдық негізде өзекті ақпараты және есеп-қисабы бар (қаржылық көрсеткіштер, тұтыну, экспорт және импорт, экспорттық әлеует және басқа да ақпарат), инвестицияларды талап ететін тауаша инвестициялық жобалар;

      шетелдік инвесторлар үшін әлеуетті әріптестер;

      дайын және жоспарланып отырған индустриялық алаңдар;

      кадрлық әлеует туралы ақпарат қамтылады;

      3) ҰЦИП-ға ұсынылған инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыс туралы есептерді ұсынады;

      4) шетелдік инвестициялар қатысатын табысты инвестициялық жобалардың іске асырылуын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау бойынша бірлескен жұмысты жүргізеді;

      5) өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында әзірленетін таныстырылымдық және имидждік материалдардың инвестициялық жобаларын келісуге жібереді;

      6) инвестордың сұрау салуы бойынша ақпаратты өтініш тіркелген кезден бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жібереді;

      7) дипломатиялық арналар арқылы шетелдік тараппен инвестициялық ынтымақтастық туралы ресми хат алмасу жүргізеді.

      15. Сыртқы деңгейдегі фронт-офистер өңірлік деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) елдік және өңірлік талдаулармен алмасуды жүзеге асырады;

      2) инвесторлардың жергілікті әріптестерді іздестіру туралы сұрау салуларын жолдайды;

      3) әлеуетті инвесторлар туралы ақпарат ұсынады;

      4) әлеуетті инвестициялық жоба туралы деректерді оны іске асырудың қажеттілігін анықтау үшін жібереді.

      16. Өңірлік деңгейдегі фронт-офистер сыртқы деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) инвесторларды іздестіру бойынша сұрау салулар жібереді;

      2) әлеуетті тауаша инвестициялық жобалар туралы ақпарат береді.

      17. Cыртқы деңгейдегі фронт-офистер орталық деңгейдегі фронт-офистермен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) инвесторларға консультациялар беру үшін қажетті ақпарат сұратады;

      2) елдік инвестициялық талдау үшін ақпарат ұсынады және тоқсан сайын ҰЦИП-да есептік тоқсаннан кейінгі айдың 15-іне дейін өзектендіре отырып, Ұлттық компаниямен бірлесіп елдік инвестициялық бағдарламаны қалыптастырады;

      3) әлеуетті инвесторлар тізбесін қалыптастырады және ұсынады;

      4) дайын инвестициялық ұсыныстарды, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша дайындалған ұсыныстарды таргеттей отырып, әлеуетті инвесторлармен нақты келіссөздер жүргізеді.

      18. Орталық деңгейдегі фронт-офистер уәкілетті органмен және Ұлттық компаниямен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін бірлесіп күш-жігер жұмсайды;

      2) инвесторларға қызметтерді көрсету және оларды мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сүйемелдеу шеңберінде өзара іс-қимыл жасау үшін жауапты адамдарды және ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттік және басқа да қызметтерді ұсыну мерзімдерін бірлескен бұйрықпен айқындайды;

      3) ҰЦИП-ға ұсынылған инвестициялық жобалар бойынша атқарылған жұмыс туралы есептерді ұсынады;

      4) инвестициялық жоба бойынша жартыжылдық негізде өзекті ақпараты мен есеп-қисабы бар (қаржылық көрсеткіштер, тұтыну, экспорт және импорт, экспорттық әлеует), инвестицияларды талап ететін тауаша инвестициялық жобалар бойынша ақпарат жібереді;

      5) инвестордың сұрау салуы бойынша ақпаратты өтініш тіркелген кезден бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жібереді;

      6) мемлекеттік қолдауды ұсыну шаралары, тәртібі, талаптары мен көлемдері туралы ақпарат, оның ішінде инвесторлар үміткер болуы мүмкін қолдау құралдары туралы ақпарат алмасады;

      7) Қазақстан Республикасындағы және шет елдің аумағындағы инвестициялық іс-шараларға (бизнес-форумдар, конференциялар, семинарлар, вебинарлар) қатысады;

      8) дипломатиялық арналар арқылы шетелдік тараппен инвестициялық ынтымақтастық туралы ресми хат алмасуды жүргізеді;

      9) экономиканың жекелеген салаларының инвестициялық мүмкіндіктерін және мемлекеттік қолдау шараларын таныстыру мақсатында әзірленетін таныстырылымдық және имидждік материалдардың инвестициялық жобаларын келісуге жібереді;

      10) бірлескен бұйрық негізінде шетелдік инвестициялар қатысатын табысты инвестициялық жобалардың іске асырылуын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау бойынша бірлескен жұмыс жүргізеді.

      19. Уәкілетті орган және Ұлттық компания фронт-офистер жүйесімен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде:

      1) инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде инвестордың сұратуы бойынша ақпарат алмасады;

      2) Қазақстанның инвестициялық ахуалы, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар үшін мемлекеттік қолдау туралы бірлескен семинарлар (вебинарлар) өткізеді.

4-параграф. Инвестициялық жобаларды "жасыл дәліз" арқылы жүргізу тәртібі

      20. "Жасыл дәліз" өлшемшарттарына жататын инвестициялық жобалар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің шешімімен айқындалған жеделдетілген тәртіппен алады.

      21. "Жасыл дәліздегі" инвестициялық жобалар бойынша проблемалық мәселелер анықталған жағдайда, мұндай жобалар бойынша шешімдер қабылдау сонымен қатар Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңестің отырыстарында жүзеге асырылады.

      22. Инвестициялар көлемі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің жеті жарым миллион еселенген мөлшерінен басталатын "жасыл дәліздегі" инвестициялық жоба Task Force одан әрі сүйемелдеуге беріледі.

      23. Инвестициялық жобаны "жасыл дәлізден" алып тастау негіздері:

      1) инвестициялық жобаны ҰЦИП-дан алып тастау;

      2) инвестициялық жоба көрсеткіштерінің "жасыл дәліздің" белгіленген өлшемшарттарына сәйкестігіне әсер ететін дәйексіз ақпарат беру;

      3) "жасыл дәліз" өлшемшарттарына сәйкес келмеуіне алып келген жоба көрсеткіштерінің (инвестициялар сомасы, саланың басымдығы және т.б.) айтарлықтай өзгеруі.

3-тарау. Инвесторлардың инвестициялық қызметін жүзеге асыруы үшін, сондай-ақ инвестицияларды тартуға инвестициялық жобаларды сүйемелдеу үшін мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар көрсететін мемлекеттік және басқа да қызметтерді көрсету процесін мониторингтеу

      24. Инвесторларды сүйемелдеу жөніндегі, сондай-ақ фронт-офистердің субъектілері ұсынатын инвесторлар үшін мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерді уақытылы және сапалы ұсыну жөніндегі қызметті ұйымдастыруды орталық мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      25. Уәкілетті орган қызметті бағалау және түйінді көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жүргізілетін жұмыс шеңберінде тоқсан сайынғы негізде Ұлттық компания және сыртқы деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері ұсынатын ақпарат негізінде фронт-офистер субъектілерінің жобаларды сүйемелдеу, сондай-ақ мемлекеттік және басқа да қызметтерді көрсету процесін талдайды.

      26. Өңірлік деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері атқарылған жұмыс туралы есептерді Ұлттық компанияға есептік тоқсаннан кейінгі айдың 15-нен кешіктірмей, оның ішінде ҰЦИП арқылы жібереді.

      Ұлттық компания өзінің өңірлік өкілдері мен өкілдіктерінен, өңірлік деңгейдегі фронт-офистердің субъектілерінен алынған деректер негізінде өңірлік және орталық деңгейдегі фронт-офистер субъектілерінің қызметі туралы жиынтық тоқсандық есепті есептік тоқсаннан кейінгі айдың 20-нан кешіктірмей қалыптастырады және жиынтық есепті уәкілетті органға жібереді.

      27. Сыртқы деңгейдегі фронт-офистердің субъектілері атқарылған жұмыс туралы есепті есептік тоқсаннан кейінгі айдың 15-нен кешіктірмей уәкілетті органға, оның ішінде ҰЦИП арқылы жібереді.

      28. Талдау нәтижелері ұсынымдар әзірлеу үшін, сондай-ақ туындайтын жүйелі және жедел мәселелерді шешу бойынша тиісті шараларды уақытылы анықтау және қабылдау үшін пайдаланылады.

      29. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу кезеңінде осы Қағидаларға 2-қосымшада бекітілген ҰЦИП-дағы жобалардың орындалуын қадағалап отыру жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылады.

      30. Инвестициялық жобалар стратегиялық маңызына қарай мынадай санаттарға бөлінеді:

      1) жоғары басымдықты инвестициялық жобалар – құны 50 000 000 000 (елу миллиард) теңгеден асатын, инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулынан алынған инвестициялық жобалар, сондай-ақ Қағидаларға 1-қосымшада айқындалған көрсеткіштердің ең төмен шекті мәнін растау туралы ұпайларды есептеу жүйесінің негізінде "жасыл дәлізге" енгізілген инвестициялық жобалар;

      2) орташа басымдықты инвестициялық жобалар – құны 500 000 000 (бес жүз миллион) теңгеден асатын, инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулынан алынған инвестициялық жобалар;

      3) базалық басымдықты инвестициялық жобалар – инвестициялық жобалардың жалпыөңірлік пулына енгізілген, құны 500 000 000 (бес миллион) теңгеге дейінгі инвестициялық жобалар.

  Инвесторлар үшін "бір терезені"
ұйымдастыру қағидалары,
сондай-ақ инвестициялар тарту
кезінде өзара іс-қимыл жасау
тәртібіне
1-қосымша

"Жасыл дәлізге" енгізу үшін индикаторлардың ең төмен шекті мәнін растау туралы инвестициялық жоба бойынша ұпайларды есептеу жүйесі

Инвестиция көлемі (25%)

Ең жоғары ұпай – 3

5-тен 10 млрд. тенгеге дейін

1 ұпай

10-нан 15 млрд. тенге дейін

2 ұпай

15 млрд. тенгеден бастап және одан жоғары

3 ұпай

"The Global 2000" тізімінде инвестордың болуы (30%)

Ең жоғары ұпай – 2

тізбеде болмауы

0 ұпай

тізбеде болуы

2 ұпай

Саланың басымдылығы (инвестициялық жобаларды іске асыру үшін басым қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкестігі, "Инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 13 қаулысы (20%)

Ең жоғары ұпай – 2

тізбеде болмауы

0 ұпай

инвестициялық басым жобаларды іске асыру үшін айқындалған қызметтің басым түрлерінің тізбесінде болуы

2 ұпай

Жобаның әлеуметтік бағыттылығы (25%)

Ең жоғары ұпай – 2

300-ге дейін жұмыс орнын құру

0,5 ұпай

300-ден 500-ге дейін жұмыс орнын құру

1 ұпай

500 және одан да көп жұмыс орнын құру

2 ұпай

      * Тізбеге енгізу үшін шекті мән барлық көрсеткіш бойынша орташа өлшенген мән негізінде есептеледі – 1.6 ұпай.

  Инвесторлар үшін "бір терезені"
ұйымдастыру қағидаларына,
сондай-ақ инвестициялар тарту
кезінде өзара іс-қимыл жасау
тәртібіне
2-қосымша

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада (ҰЦИП) жобаларды сүйемелдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы жалпы ережелері

      1. Жобаларды сүйемелдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары инвестициялық жобалардың іске асырылуын тұрақты және жүйелі бақылауды қамтамасыз етуге арналады.

      2. Жобаларды сүйемелдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары жобалардың жол карталарында көрсетілген тапсырмалардың орындалуын қадағалап отыруға, олардың тиімділігін бағалауға және араласу мен түзетуді талап ететін проблемалық аспектілерді анықтауға бағытталған іс-шараларды қамтиды.

      3. Жобаны сүйемелдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары тоқсандық, жылдық және жоспардан тыс іс-шаралардан тұрады.

      4. Тоқсандық іс-шаралар мыналарды қамтиды, бірақ мынадай кезеңдермен шектелмейді:

      1) тоқсан қорытындысын шығару, оның ішінде өткен тоқсандағы тапсырмалардың орындалу серпінін бағалау, жоспарланған мерзімдерден ауытқу себептерін талдау, жол картасының тапсырмаларын орындау негізінде өңірлер рейтингісін жаңарту;

      2) тоқсандық есепті дайындау, оның ішінде жобаларды іске асырудың тиімділігін талдау, табысқа жеткен тәжірибелер мен проблемалық өңірлерді анықтау, жобаларды сүйемелдеу процестерін жақсарту бойынша ұсынымдар;

      3) жобалардың ағымдағы жай-күйін бағалау және келесі тоқсандағы жоспарларын түзету үшін барлық мүдделі тараптардың қатысуымен кеңестер өткізу.

      5. Жылдық іс-шаралар мыналарды қамтиды, бірақ мынадай кезеңдермен шектелмейді:

      1) жыл қорытындысын шығару, оның ішінде жол карталарының бір жылға арналған тапсырмаларын толық талдау, өңірлердің негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуін бағалау;

      2) барлық жобаны іске асырудың тиімділігін бағалау, жобаларды сүйемелдеу әдістемесін жетілдіру бойынша ұсынымдар;

      3) жыл нәтижелерін талқылау және келесі жылға жоспарлау үшін жобаларға қатысушылармен қорытынды кеңес өткізу.

      6. Жоспардан тыс іс-шаралар мыналарды қамтиды, бірақ мынадай кезеңдермен шектелмейді:

      1) уәкілетті органның сұрауы бойынша тапсырмалардың орындалуын қадағалап отыру;

      2) жобаларды іске асыру барысында анықталған ауытқулар мен проблемаларға ден қою, оның ішінде уәкілетті органмен келісу бойынша жобалардың жол карталарына түзетулер енгізу;

      3) проблемаларды жою және жобаларды іске асыру тиімділігін арттыру бойынша арнаулы есептер мен ұсыныстар дайындау.

      7. Осы Жобаларды сүйемелдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары ҰЦИП шеңберінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін өз құзыреті шегінде сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлердегі фронт-офистердің барлық субъектісінің орындауы үшін міндетті болып табылады.

      8. Жобаларды сүйемелдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары талдау нәтижелері мен анықталған қажеттіліктерді ескере отырып, жылына бір реттен жиілетпей қайта қарауға және жаңартуға жатады.