Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 1-1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жеке тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану қағидалары мен шарттары, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың білікті инвесторлар болып табылмайтын жеке тұлғаларға қызметтер көрсету ерекшеліктері бекітілсін.
2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2022 жылғы 20 қазандағы № 75 Қаулыға 1-қосымша |
Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жеке тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану қағидалары мен шарттарын, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың білікті инвесторлар болып табылмайтын жеке тұлғаларға қызметтер көрсету ерекшеліктерін
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – брокерлер және (немесе) дилерлер) жеке тұлғаларды білікті инвесторлар деп тану қағидалары мен шарттары, сондай-ақ брокерлердің және (немесе) дилерлердің білікті инвесторлар болып табылмайтын жеке тұлғаларға қызметтер көрсету ерекшеліктері (бұдан әрі - Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабына сәйкес әзірленді және брокерлердің және (немесе) дилерлердің жеке тұлғаларды білікті инвесторлар деп тануының тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ брокерлердің және (немесе) дилерлердің білікті инвесторлар болып табылмайтын жеке тұлғаларға қызметтер көрсету ерекшеліктерін айқындайды.
2. Қызметін қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) тиісті лицензиясы негізінде жүзеге асыратын брокер және (немесе) дилер білікті инвестор деп тануды жүзеге асырады.
2-тарау. Брокердің және (немесе) дилердің жеке тұлғаны білікті инвестор деп тануының тәртібі мен шарттары
3. Жеке тұлға мынадай талаптардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келген жағдайда білікті инвестор деп танылады:
1) жоғары қаржылық, экономикалық, математикалық білімі немесе ақпараттық технологиялар саласында жоғары білімі бар;
2) мына халықаралық сертификаттардың кем дегенде біреуі бар: "Chartered Financial Analyst" сертификаты (Чартеед Файнаншл Аналист), "Certified International Investment Analyst" сертификаты (Сертифайд Интэрнэшнл Инвестмент Аналист), "Financial Risk Manager" сертификаты (Файнаншл тәуекел менеджері), сондай-ақ қаржы нарығы саласында біліктілігінің болуын растайтын өзге де сертификаттар;
3) қаржы құралдарымен мәмілелер жасасуға, инвестициялық ұсынымдар әзірлеуге, инвестициялық шешімдер қабылдауға тікелей байланысты салаларда және (немесе) қаржы құралдарымен операциялар жасауға байланысты тәуекелдерді басқару саласында кемінде үш жыл еңбек өтілі бар;
4) 8 500 (сегіз мың бес жүз) айлық есептік көрсеткіштен асатын сомада қаржы активтерінің болуы;
5) білікті инвестор деп тану туралы өтініш берілген күннің алдындағы қатарынан он екі ай ішінде бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында және өзге де қор биржаларында бағалы қағаздармен және (немесе) өзге де қаржы құралдарымен жасалған кемінде елу мәміле.
4. Білікті инвестор деп танылуға ниеті бар жеке тұлға брокерге және (немесе) дилерге мынадай құжаттарды ұсынады:
1) мыналар қамтылған өтініш:
өтініш беруші туралы мәліметтер:
тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса);
жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелері;
оларға қатысты тұлға білікті инвестор деп танылуға ниеттенетін көрсетілетін қызметтер түрлерінің және (немесе) бағалы қағаздар және (немесе) өзге де қаржы құралдары түрлерінің тізбесін көрсету;
2) Қағидалардың 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар не Қағидалардың 11-тармағының талаптарына сәйкес айқындалған тестілеудің оң нәтижесі.
5. Брокер және (немесе) дилер өтініш беруші мәліметтерді ұсынған күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларға сәйкес келу тұлғаны білікті инвестор деп тану үшін қажет, Қағидалардың 3-тармағында белгіленген талаптарды сақтау тұрғысынан тексеруді жүзеге асырады, ал өтініш беруші қойылатын талаптарға сәйкес келмеген кезде оны бас тарту негіздері туралы жазбаша хабардар етеді.
6. Жеке тұлғаны білікті инвестор деп тану туралы шешімде осы тұлға білікті инвестор деп танылған бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының түрлері көрсетіледі.
7. Білікті инвесторлар қаржы құралдарын, оның ішінде нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7853 болып тіркелген "Білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 27 шілдедегі № 228 қаулысында (бұдан әрі – Білікті инвесторлар үшін қаржы құралдарының тізбесі) көрсетілген қаржы құралдарын сатып алады.
3-тарау. Білікті инвесторлар болып табылмайтын жеке тұлғаларды тестілеуден өткізу
8. Қағидалардың 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмейтін брокердің және (немесе) дилердің клиенті тек білікті инвесторлардың қаражаты есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарын сатып алу үшін тестілеуден брокердің және (немесе) дилердің ішкі қағидаларында көзделген мерзімде өтеді.
9. Брокер және (немесе) дилер клиентті оның кәсіби тәжірибесі мен білімін, инвестициялық тәуекел-бейіні мен инвестициялық аралығын бағалау мақсатында тегін негізде тестілеуді жүргізеді.
Тестілеуден оң нәтиже алған жағдайда жеке тұлға бағалы қағаздардың және (немесе) қаржы құралдарының барлық не белгілі бір түрлеріне қатысты білікті инвестор деп танылады.
10. Тестілеуге арналған сұрақтар тізбесін жеке тұлға оларға қатысты білікті инвестор болып танылатын қаржы құралдарының түрлерін негізге ала отырып брокер және (немесе) дилер қалыптастырады.
Мәселелер тізбесін брокер және (немесе) дилер жеке өзі әзірлейді және туынды қаржы құралдарына; "репо" операцияларына; инвестициялық облигацияларға (құрылымдық облигацияларға, құрылымдық кірісі бар облигацияларға); инвестициялық қорлардың пайларына; қор биржасының ресми тізіміне енгізілмеген акцияларға; шетелдік акцияларға; Exchange Traded Funds (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) пайларына, Exchange Traded Notes (ETN) (Эксчейндж Трэйдэд Ноутс) пайларына қатысты, бірақ олармен шектелмейтін мәселелерді қамтиды.
11. Тестілеуден өтетін адам сұрақтардың кемінде тоқсан пайызына дұрыс жауап берген кезде, тестілеу нәтижесі оң деп бағаланады. Тестілеу нәтижелерін брокер және (немесе) дилер тестілеу өткізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жеке тұлғаға жеткізеді.
12. Қағидалардың 15, 16 және 17-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда брокер және (немесе) дилер тестілеу нәтижелері болмаған немесе тестілеудің нәтижесі теріс болған жағдайда жеке тұлға клиентінің (клиенттік тапсырыстың) білікті инвесторлардың есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарын сатып алуға берген тапсырмасын орындаудан бас тартады.
4-тарау. Білікті инвесторлар тізілімі
13. Білікті инвесторлардың тізілімі білікті инвесторлар болып танылған жеке тұлғалар туралы, сондай-ақ білікті инвесторлар болып табылмайтын жеке тұлғалар туралы мәліметтердің жиынтығын білдіреді.
Оны білікті инвесторлар тізіліміне енгізу туралы жазба енгізілген күннен бастап жеке тұлға білікті инвестор болып саналады. Брокер және (немесе) дилер жеке тұлғаны білікті инвесторлар тізіліміне оны білікті инвестор деп тану туралы шешім қабылданған күннен бастап келісі жұмыс күнінен кешіктірмей енгізеді.
Солардың негізінде клиент білікті инвестор деп танылған дәйексіз мәліметтерді ұсыну фактілері анықталған кезде, брокер және (немесе) дилер білікті инвесторлар тізілімінен осы жеке тұлғаны дереу алып тастайды.
14. Білікті инвесторлар тізілімінде Қағидаларға 1-қосымшада көзделген ақпарат болады.
Брокер және (немесе) дилер уәкілетті органның талап етуі бойынша уәкілетті органның сұрау салуында айқындалған мерзімде электрондық нысанда және (немесе) қағаз тасымалдағышта білікті инвесторлардың тізілімін ұсынады.
5-тарау. Брокердің және (немесе) дилердің білікті инвесторлар болып табылмайтын жеке тұлғаларға қызметтер көрсету ерекшеліктері
15. Қағидалардың 3-тармағының талаптарына сәйкес келмеген не тестілеудің нәтижесі теріс болған жағдайда брокердің және (немесе) дилердің клиенті білікті инвесторлар үшін қаржы құралдарының тізбесінде көзделген қаржы құралдарымен мәмілелер жасауға байланысты тәуекелдерді өзіне қабылдайды.
16. Брокер және (немесе) дилер Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша клиентке хабарлама жіберу арқылы қаржы құралдарымен мәмілелер мен операциялар жасауға байланысты тәуекелдер және клиент осы мәмілелерді жасаған кезде ықтимал инвестициялық шығындар туралы ескертеді.
17. Клиент Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тәуекелдерді қабылдау туралы өтінішке қол қою арқылы тапсырмада көрсетілген мәмілелерді жасауға байланысты тәуекелдерді өзіне қабылдайды.
18. Білікті инвесторлар тізілімін жүргізуге, білікті инвестор болып табылмайтын жеке тұлғаны тестілеуден өткізу рәсіміне байланысты Қағидаларда реттелмеген мәселелер брокердің және (немесе) дилердің ішкі қағидаларымен регламенттеледі.
Білікті инвесторлар тізілімі
№ |
Тегі, аты, әкесінің аты | Атауы және жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері | Жеке тұлға туралы жазбаны тізілімге енгізу күні | Сатып алуға рұқсат етілген, көрсетілетін қызметтердің түрлері және (немесе) бағалы қағаздардың және (немесе) өзге де қаржы құралдарының түрлері | Жеке тұлғаны тізілімнен шығару күні | Жеке тұлғаны тізілімнен шығару себебі |
Ескерту: брокер және (немесе) дилер білікті инвесторлар тізілімін Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7734 тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 165 қаулысымен бекітілген, Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыру үшін қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге де жабдықтарға қойылатын талаптарға сәйкес келетін бағдарламалық қамтылымда электрондық түрде енгізеді.
Нысан
Тәуекелдер туралы хабарлама нысаны
Сіздің білікті инвестор ретінде танылуыңыз үшін [қаржы құралдарының түрі мен саны көрсетіледі] негіздердің болмауына байланысты мәміле жасау (шарт жасау) сіз үшін орынсыз және келесі тәуекелдерді тудыратыны туралы хабарлаймыз:
(мәміле жасаумен (шарт жасаумен) байланысты тәуекелдержәне олардың қысқаша сипаттамасы көрсетіледі)
[брокердің және (немесе) дилердің атауы) Сіздің тапсырмаларыңызды орындау нәтижесінде туындауы мүмкін шығындар мен шығыстар үшін жауап бермейді.
Нысан
Тәуекелдерді қабылдау туралы өтініш
Мен, ______________________________, Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес белгіленген білікті инвестор болып табылмайтынымды мәлімдеймін.
Осыған қарамастан, мен тапсырмада көрсетілген мәмілелерді жасауға байланысты тәуекелдерді қабылдауға және ықтимал шығындарға ұшырауға дайын екенімді растаймын.
Білім мен тәжірибенің жетіспеушілігі мен _____________________________ салған қаражаттың толық жоғалуына әкелуі мүмкін екенін түсінемін.
Қаулыға 2-қосымша |
Күші жойылды деп танылатын Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің тізбесі
1. "Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың дара және институционалдық инвесторларды білікті инвесторлар деп тану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 78 Қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7557 болып тіркелді).
2. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 265 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14733 болып тіркелген) өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер тізбесінің 6-тармағы
3. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 188 қаулысымен беітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17457 болып тіркелді) өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының Бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша қаулылары тізбесінің 1-тармағы
4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу, Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актісінің жекелеген құрылымдық элементінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 20 қаңтардағы № 2 қаулысымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22137 болып тіркелді) өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 1-тармағы.