Қолданушылардың назарына!
Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
"Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.09.2026 № 133 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.1. Қоса беріліп отырған Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге жабдықтарға қойылатын талаптар бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.2. Осы қаулыны қолданысқа енгізілген күннен бастап осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары 2012 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде өздерінің бағдарламалық техникалық қамтамасыз етуін осы қаулыға сәйкес келтірсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдардың және өзге жабдықтардың нұсқаулығының 4-тармағы 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін әрекет етеді.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 24.08.2012 № 277 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
|
Ұлттық Банкінің Төрағасы |
Г. Марченко |
| Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 165 қаулысымен бекітілген |
Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыру үшін қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге де жабдыққа қойылатын талаптар
Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.09.2026 № 133 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыру үшін қажетті бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге де жабдыққа қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) бағдарламалық-техникалық құралдар мен өзге де жабдықтардың (бұдан әрі – цифрлық жүйе) ең аз қажетті функционалын, сондай-ақ коммерциялық құпиясы бар ақпаратты бағдарламалық-техникалық құралдарда және бағалы қағаздар нарығында қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – ұйымдар) өзге де жабдықтарында өңдеу кезінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар жиынтығын айқындайды.
2. Талаптардың қолданысы мыналарға:
1) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және (немесе) уәкілетті орган арасында жасалған тиісті келісім негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және (немесе) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) цифрлық ресурстарын пайдалану кезінде туындайтын қатынастарға;
2) бағалы қағаздар нарығында инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органның лицензиясы бар "өмірді сақтандыру" саласындағы қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына қолданылмайды.
3. Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету – ұйым ақпаратының құпиялылығын, тұтастығын және қолжетімділігін сақтауға бағытталған процесс;
2) артықшылықты есептік жазба – басқа есептік жазбаларды құру, жою және оларға кіру құқығын өзгерту артықшылықтары бар цифрлық жүйедегі есептік жазба;
3) аудит журналы – бағдарламалық қамтылымның жұмыс істеу процесінде штаттық және сыни әрекеттерді көрсету мақсатында әзірленген мамандандырылған құрал;
4) әкімші – цифрлық жүйеге немесе цифрлық жүйелер тобына конфигурациялау құқықтары берілген ұйымның қызметкері немесе бөлімшесі (қызметкерлері немесе бөлімшелері);
5) жұмыс станциясы – ұйымның цифрлық жүйесінде пайдаланушының стационарлық дербес компьютері;
6) қол жетімділік – цифрлық жүйелерді пайдалану мүмкіндігі;
7) мобильді құрылғы – операциялық жүйенің мобильді нұсқасы негізінде жұмыс істейтін жеке пайдаланудағы электрондық құрылғы;
8) ноутбук – тасымалдауға және пайдалануға ыңғайлы түрде, оның ішінде қорғаныс өлшемдері шегінде орындалған, дербес компьютер;
9) резервтік көшірме – бүлінген немесе бұзылған жағдайда деректерді бастапқы немесе жаңа жерде қалпына келтіруге арналған ақпарат тасымалдағышындағы деректердің көшірмесі;
10) технологиялық есептік жазба – цифрлық жүйелердің өзара әрекеттесуі кезінде аутентификацияға арналған цифрлық жүйедегі есептік жазба.
2-тарау. Цифрлық жүйелердің функционалдығына қойылатын талаптар
4. Цифрлық жүйелер:
1) операцияларды жүргізу және тіркеу үшін қажетті толтырылуы міндетті өрістердің енгізілетін деректерінің толықтығын бақылау (барлық өрістерді толық толтырмай функцияларды немесе операцияларды орындаған жағдайда цифрлық жүйе тиісті хабарламаның берілуін қамтамасыз етеді);
2) сұрау салуды сақтай отырып, осы цифрлық жүйе үшін айқындалған өлшемшарттар мен параметрлер бойынша ақпаратты іздеу, сондай-ақ кез келген параметрлер бойынша ақпаратты сұрыптау (осы цифрлық жүйе үшін айқындалған) және егер мұндай ақпарат цифрлық жүйеде сақталуға жататын болса, алдыңғы күндер үшін ақпаратты қарау мүмкіндігі;
3) ақпаратты өңдеу және оны күні мен уақыты бойынша сақтау;
4) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынатын есептердің, сондай-ақ жеке шоттан үзінділердің, жүргізілген операциялар туралы есептердің нысандарын автоматтандырылған түрде қалыптастыру;
5) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - Бағалы қағаздар рыногы туралы заң) көзделген бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының ішкі есепке алу жүйесінің журналдарын жүргізу және автоматтандырылған түрде қалыптастыру. Цифрлық жүйе журналды толығымен, сондай-ақ ішінара қалыптастырады (көрсетілген күндер диапазонына, нақты тіркелген тұлға үшін, кіріс құжатының нақты мәртебесі үшін);
6) шығыс құжаттарын экранға, принтерге немесе файлға шығару мүмкіндігі;
7) осы ақпаратты енгізу кезінде қателіктерді болдырмау мақсатында әртүрлі пайдаланушылардың бұйрықтарды қосарлы енгізу жүйесін ("бірінші енгізу" және "екінші енгізу") немесе әртүрлі пайдаланушылардың бұйрықтарды енгізуін растау жүйесін (валидация немесе верификация) қолдану (қор биржасының сауда жүйесіне қаржы құралдарын сатып алуға және сатуға арналған өтінімдерді енгізуді және орталық депозитарийдің цифрлық жүйесі арқылы орталық депозитарий клиенттерінің бұйрықтарын енгізуді қоспағанда).
Ақпаратты енгізу кезінде "екінші енгізу" пайдаланушыларының "бірінші енгізу" пайдаланушылары енгізген ақпаратқа рұқсаты жоқ. "Екінші енгізу" деректері "бірінші енгізу" деректеріне сәйкес келмеген жағдайда цифрлық жүйе тиісті хабарлама береді.
Бұйрықтарды енгізуді растау жүйесін әртүрлі пайдаланушылар пайдаланған кезде (валидация немесе верификация) бірінші пайдаланушы енгізген ақпаратты екінші пайдаланушы растайды.
Пайдаланылатын тәсіл (қосарлы енгізу, валидация немесе верификация) және көрсетілген тәсілдерді қолдана отырып енгізуге жататын бұйрықтардың тізбесі бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушының ішкі құжаттарымен айқындалады;
8) электрондық құжат алмасу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
5. Уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде не Бағалы қағаздар рыногы туралы заңға сәйкес номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті, кастодиандық қызметті, цифрлық жүйені Талаптардың 4-тармағында көзделген талаптарға қосымша жүзеге асыратын ұйымдар үшін:
1) мынадай операцияларды жүргізу:
жеке шот ашу;
тіркелген тұлға, инвестициялық пай қоры туралы немесе инвестициялық пай қорының басқарушы компаниясы туралы мәліметтерді өзгерту;
эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын жою туралы жазбалар енгізу;
бағалы қағаздарды тіркелген тұлғалардың шоттарынан (шоттарына) есептен шығару (есепке алу);
эмитенттің орналастырылған акциялар санының ұлғаюына байланысты тіркелген тұлғаның жеке шотындағы акциялар санының ұлғаюы туралы жазбалар енгізу (эмитент сатып алған акцияларды шегергенде);
эмитенттің бағалы қағаздарын және өзге де ақшалай міндеттемелерін эмитенттің жай акцияларына айырбастау туралы жазбалар енгізу;
эмитенттің бір түрдегі орналастырылған акцияларын осы эмитенттің басқа түрдегі акцияларына айырбастау туралы жазбалар енгізу;
бағалы қағаздарға ауыртпалық салу және ауыртпалықты алып тастау;
бағалы қағаздарды оқшаулау және бағалы қағаздарды оқшаулауды алып тастау;
сенімгерлік басқарушы туралы жазбаны енгізу және сенімгерлік басқарушы туралы жазбаны жою;
жеке шотты жабу;
бағалы қағаздарды ұстаушылардың, орталық депозитарийдің, эмитенттердің және уәкілетті органның сұрау салулары бойынша белгілі бір күн мен уақытқа жеке шоттан (қосалқы шоттан) үзінділер, жүргізілген операциялар туралы есептер жасау және беру;
2) тіркелген тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда) немесе толық атауы өзгерген кезде өзгеретін деректердің сақталуы және бұрынғы деректер бойынша тіркелген адамды іздестіру;
3) барлық кезеңде дербес шот бойынша жүргізілген барлық операциялар бойынша ақпараттың сақталуы;
4) эмиссиялық бағалы қағаздармен операцияларды тіркеу процесінде орталық депозитарийдің цифрлық жүйесімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
6. Бағалы қағаздар рыногы туралы заңға сәйкес номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын, депоненттің клиенттеріне тиесілі қаржы құралдарын біріктірілген есепке алу үшін орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ашылған қосалқы шоты бар ұйымдар үшін Талаптардың 4 және 5-тармақтарында көзделген талаптарға қосымша цифрлық жүйе мыналарды қамтамасыз етеді:
1) бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмыс істеу процесінде аудит журналын жүргізу;
2) депоненттің жоғарыда көрсетілген қосалқы шоты бойынша орталық депозитарийдің қағидалар жинағына сәйкес талап етілетін қаржы құралдарының қалдықтары және қаржы құралдарымен операциялар туралы электрондық деректерді орталық депозитарийге автоматтандырылған түрде беру.
7. Талаптардың 4 және 5-тармақтарында көзделген талаптарға қосымша номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, кастодиандық қызметті жүзеге асыруға лицензиялары бар ұйымдардың цифрлық жүйесі мыналарды қамтамасыз етеді:
1) номиналды ұстауға және (немесе) кастодиандық қызмет көрсетуге берілген клиенттердің активтерін есепке алу мүмкіндігі;
2) клиенттің активтерінің, оның шоттары бойынша барлық операциялардың дербес есебін жүргізу, шоттар бойынша операциялар тарихын талдау мүмкіндігі, оның ішінде операциялық күн ішіндегі кез келген күнгі және уақыттағы жағдай бойынша ақша қалдықтары туралы, сондай-ақ әрбір клиент пен ұйым бөлінісіндегі ақша қозғалысы туралы мынадай ақпаратты қоса алғанда, бірақ онымен шектелмей, клиенттің ақшасын есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын мәліметтерді автоматтандырылған түрде қалыптастыру:
ақшамен операция жүргізу күні мен уақыты;
операцияның атауы;
растайтын құжаттың деректемелері мен атауы;
клиенттің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда) немесе атауы;
қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысу жүзеге асырылатын есеп айырысу-депозитарлық жүйенің атауы;
брокердің және (немесе) дилердің және оның клиенттерінің ақшасын есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын ұйымның атауы;
клиенттің шоты бойынша ақша бойынша әрбір операцияның сомасы;
көрсетілгені (жүргізілгені) үшін осы сыйақы есептелген және (немесе) шоттан есептен шығарылған қызметті және (немесе) мәмілені (операцияны) көрсете отырып, брокердің және (немесе) дилердің, кастодианның, қор биржасының және өзге де ұйымдардың сыйақы сомасы;
төлемді тағайындау;
контрагенттің ақшамен жасалатын операция бойынша атауы және оның шотының деректемелері;
екінші деңгейдегі банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ақшамен жасалатын операция бойынша контрагент тарапынан әрекет ететін атауы және оның шотының деректемелері;
3) эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді тіркеу процесінде қор биржасының және (немесе) клирингтік ұйымның цифрлық жүйесімен өзара іс-әрекеті.
8. Номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдардың цифрлық жүйесі Талаптардың 4, 5, 6 және 7-тармақтарында көзделген талаптарға қосымша мыналарды қамтамасыз етеді:
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8796 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы №214 қаулысымен бекітілген, Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларында белгіленген, бір клиентке тәуекелдер мәндерін автоматтандырып есептеу. Осы есеп осы тапсырысты орындау үшін клиентте осы брокердің және (немесе) дилердің немесе брокер және (немесе) дилер болып табылатын инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйымның банктік және (немесе) жеке шотында жеткілікті ақша және (немесе) бағалы қағаздар болмаған кезде клиенттік тапсырыстар орындалған жағдайда жүзеге асырылады;
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17005 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі №80 қаулысымен бекітілген, Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар сақтауы міндетті пруденциялық нормативтердің мәндерін есептеу қағидаларына сәйкес брокер және (немесе) дилер үшін пруденциялық нормативтердің мәндерін автоматтандырып есептеу;
бірінші санаттағы брокерге және (немесе) дилерге тиесілі қаржы құралдары мен ақшаны оның клиенттерінің қаржы құралдары мен ақшасынан жеке есепке алуды жүзеге асыру.
Инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың цифрлық жүйесі Талаптардың 4-тармағында көзделген талаптарға қосымша мыналарды:
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17008 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 сәуірдегі №79 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар сақтауға тиісті пруденциялық нормативтердің мәндерін есеп айырысу қағидаларына сәйкес инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйым үшін пруденциялық нормативтердің мәндерін автоматтандырылған есептеуді;
инвестициялық портфельді басқаруды жүзеге асыратын ұйымға тиесілі қаржы құралдарын және ақшаны олардың клиенттерінің қаржы құралдары мен ақшасынан бөлек есепке алуды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
9. Уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде не Бағалы қағаздар рыногы туралы заңға сәйкес номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті, кастодиандық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар алмасатын электрондық құжаттардың үлгі нысандары орталық депозитарийдің ішкі құжатында айқындалады және орталық депозитарийдің қағидалар жинағында айқындалған талаптарға сәйкес келеді.
10. Қор биржасының цифрлық жүйесі Талаптардың 4-тармағында көзделген талаптарға қосымша мыналарды қамтамасыз етеді:
1) қор биржасының сауда жүйесін әрбір пайдаланған кезде осы қор биржасының сауда жүйесін пайдалану арқылы қор биржасының мүшесі атынан мәміле жасауға және іс-әрекеттерді жасауға уәкілетті жеке тұлғаларды (трейдер) сәйкестендіруді;
2) қор биржасының сауда-саттыққа жіберілген, сауда-саттыққа қатысудан шеттетілген трейдерлері тізілімін жүргізу (шеттету себептерін көрсетумен);
3) қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес құқығы жоқ тұлғалардың қор биржасының сауда жүйесін пайдалана отырып мәмілелер жасау мүмкіндігін шектеуді;
4) Бағалы қағаздар рыногы туралы заңының 56-бабының 5 және 6-тармақтарында белгіленген талаптарға, сондай-ақ Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5406 тіркелген Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 29 қазандағы № 170 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздармен және басқа қаржы құралдармен сауда ұйымдастыру қызметін жүзеге асыру қағидаларының 9-тарауында белгіленген жағдайларға сәйкес келетін бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді анықтау тұрғысынан қор биржасының сауда жүйесінде жасалатын мәмілелер өлшемдеріне мониторинг жүргізуді;
5) уәкілетті органға осы тармағының 4) тармақшасында көзделген функцияларды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін қор биржасының бағдарламалық қамтылымына қолжетімділікті (түзетулер енгізу мүмкіндігінсіз) ұсынуды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне шетел валюталары нарығы бөлігінде көрсетілген бағдарламалық қамтылымға қолжетімділікті беруді;
6) қор биржасының сауда жүйесінде жасалған мәмілелердің Бағалы қағаздар рыногы туралы заңнаманың және қор биржасының қағидаларына сәйкестігіне мониторинг жүргізуді;
7) қор биржасының мүшелері және бағалы қағаздарды қор биржасының тізіміне енгізуді болжап отырған немесе енгізген эмитенттер ұсынатын, оның ішінде олардың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу мақсатында қаржылық есеп беруді және өзге ақпаратты автоматты түрде жинау, өңдеу және сақтауды;
8) эмитенттердің қор биржасының тізіміне енгізілген бағалы қағаздарды, Бағалы қағаздар рыногы туралы заңмен және "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының заңнамасымен және қор биржасының ішкі құжаттарымен белгіленген көлемдегі ақпаратты ашу мониторингін жүргізу мүмкіндігі.
11. Орталық депозитарийдің цифрлық жүйесі Талаптардың 4-тармағында, 5-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында және 7-тармағында көзделген талаптарға қосымша мыналарды қамтамасыз етеді:
1) тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операцияларды жасағанға дейін мыналарды тексеруді:
Бағалы қағаздар рыногы туралы заңның, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17920 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 307 қаулысымен бекітілген Орталық депозитарийдің қызметін жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі – № 307 Қағидалар) және орталық депозитарий қағидаларының жиынтығының талаптарын ескере отырып, осындай операцияны жасау мүмкіндігі туралы;
тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операция жасауға негіз болатын құжаттар деректемелерінің болуы және орталық депозитарийдің қағидалар жиынтығының талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан;
2) тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операция жасалатын құжаттарды беретін тұлғалардың, осы іс-әрекеттерді жасауға өкілетін, сондай-ақ жеке шот (қосалқы шот) бойынша операция тіркелетін немесе ақпараттық операция жүргізілетін бұйрықтарға қол қойған тұлғалардың өкілетін растайтын құжаттарды сәйкестендіру;
3) егер осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес жүргізілген тексерудің қорытындылары бойынша:
жасалуы болжанған операциялардың Бағалы қағаздар рыногы туралы заңнаманың, № 307 Қағидалардың және орталық депозитарийдің қағидалары жиынтығының талаптарына сәйкес келмеуі анықталса;
тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операциялар жасалатын құжаттар деректемелерінің болмауы немесе орталық депозитарий қағидаларының жиынтығы талаптарына сәйкес келмеуі белгіленсе;
тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операциялар жасалатын құжаттарды беретін тұлғалардың осы іс-әрекеттерді жасауға өкілеті расталмаса, тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операциялар жасаудан бас тартуды;
4) операциялық күн жабылғаннан кейін, егер келесі операциялық күн ашылмаса, тіркелген тұлғаның жеке шоты (қосалқы шоты) бойынша операциялар жүргізу үшін мүмкіндіктерді шектеуді;
5) цифрлық жүйенің жұмыс істеуі процесінде аудит журналын жүргізуді;
6) ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарықтарда жасалған туынды қаржы құралдарымен мәмілелер тізілімін жүргізу.
12. Клиринг ұйымның цифрлық жүйесі Талаптардың 4-тармағында көзделген талаптарға қосымша мыналарды:
1) клирингтік ұйым клирингтік қызмет көрсетуді, оны салыстыруды және түзетуді жүзеге асыратын мәмілелер бойынша ақпаратты автоматты түрде жинау, өңдеу және сақтауды;
2) сауда-саттықты ұйымдастырушы сауда жүйесінде және (немесе) тауар биржасында клиринг қызмет көрсетуге қабылданған барлық жасалған мәмілелердің өлшемдерін есепке алуды;
3) сауда-саттыққа клирингтік қатысушылардың талаптарын және (немесе) міндеттемелерін есептеуді, оның ішінде сауда-саттыққа клирингтік қатысушыларының таза позицияларын айқындауды жүзеге асыру мүмкіндігін;
4) осы тармақтың 3) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты орталық депозитарийге және (немесе) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуларды (төлемдерді) жүзеге асыратын өзге ұйымдарға автоматты түрде беруді;
5) сауда-саттыққа клирингтік қатысушылары үшін клиринг қызметінің нәтижелері бойынша есепті қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
13. Цифрлық жүйелердің деректерін, олардың файлдары мен теңшеулерін резервтік сақтау қамтамасыз етіледі, бұл цифрлық жүйенің жұмыс істейтін көшірмесін қалпына келтіруді қамтамасыз етеді. Ақпаратты резервтік көшіру, сақтау, қалпына келтіру тәртібі мен кезеңділігі, резервтік көшірмелерден цифрлық жүйелердің жұмыс қабілеттілігін қалпына келтіруді тестілеу кезеңділігі ұйымның ішкі құжаттарында айқындалады.
14. Операцияларды орындау кезінде цифрлық жүйе келесі жағдайлар туындаған кезде хабарлама береді:
1) жеке шоттан есептен шығаруға жататын бағалы қағаздардың (ақшаның) саны шоттағы бағалы қағаздардың (ақшаның) санынан асып кетсе;
2) есептен шығаруға жататын бағалы қағаздарға ауыртпалық салынса немесе олар бұғатталса. Хабарламада жеке шотқа сілтеме және кепіл ұстаушының бөлімі болады;
3) дербес шотта ескерілетін есептен шығарылатын бағалы қағаздар бірнеше тұлғаның ортақ меншігінде болады;
4) бағалы қағаздар есептен шығарылатын жеке шот бұғатталған.
15. Қате түзетілген кезде цифрлық жүйеде тіркеу журналының қате жазбасының "түсініктеме" жолында "қате" деген мәтін жазылады (қате операция туралы жазбаны түзету мүмкін болған жағдайда) және қатені түзетуге арналған операция туралы тіркеу журналы жазбасының нөмірі көрсетіледі.
3-тарау. Коммерциялық құпияны қамтитын цифрлық жүйелерде өңдеу кезінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптар
16. Цифрлық жүйелердегі ақпаратқа қолжетімділік ұйым қызметкерлеріне олардың функционалдық міндеттерін орындау үшін қажетті көлемде ұсынылады.
17. Ұйымның цифрлық жүйелеріне қолжетімділік беру цифрлық жүйелерді пайдаланушылардың қолжетімділік құқықтарының олардың функционалдық міндеттеріне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін рөлдерді қалыптастыру және енгізу арқылы жүзеге асырылады. Мұндай рөлдердің жиынтығы электрондық нысанда немесе қағаз жеткізгіште қалыптасатын цифрлық жүйеге қол жеткізу матрицасы болып табылады.
18. Цифрлық жүйелерге қолжетімділік беру цифрлық жүйелерді пайдаланушыларды сәйкестендіру және аутентификациялау арқылы жүзеге асырылады.
Цифрлық жүйелерді пайдаланушыларды сәйкестендіру және аутентификациялау "есептік жазба (идентификатор) – құпиясөз" жұбын енгізу және (немесе) биометриялық және (немесе) криптографиялық және (немесе) аппараттық аутентификациялау арқылы жүргізіледі.
19. Цифрлық жүйелерде дербес пайдаланушының есепке алу жазбалары ғана қолданылады.
20. Технологиялық есепке алу жазбаларын пайдалану әрбір цифрлық жүйе үшін оларды пайдалану мен өзектілігі үшін дербес жауапты адамдар көрсетіле отырып, осындай есепке алу жазбаларының тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
21. Цифрлық жүйелерде ұйымның ішкі құжатында айқындалатын есепке алу жазбалары мен құпиясөздерді басқару, сондай-ақ пайдаланушылардың есепке алу жазбаларын бұғаттау функциялары қолданылады.
22. Цифрлық жүйелерде құпиясөздерді басқару және пайдаланушылардың есепке алу жазбаларын бұғаттау функциясының келесі өлшемдері қолданылады:
1) құпиясөздің барынша қысқа ұзындығы – бұл өлшемнің мәні кемінде 8 символдан тұрады. Құпиясөздің осы өлшемге сәйкестігін тексеру құпиясөз әрбір ауысқан сайын жүргізіледі, сәйкес келмеген жағдайда, пайдаланушыға хабарлама беріледі;
2) құпиясөздің күрделілігі – құпиясөзде кемінде символдың үш тобының болуын тексеру мүмкіндігі: кіші әріптер, бас әріптер, цифрлар, арнайы символдар. Құпиясөздің осы өлшемге сәйкестігін тексеру құпиясөз әрбір ауысқан сайын жүргізіледі, сәйкес келмеген жағдайда, пайдаланушыға хабарлама беріледі;
3) құпиясөз тарихы – жаңа құпиясөз кем дегенде алдыңғы жеті құпиясөзді қайталамайды. Құпиясөздің осы өлшемге сәйкестігін тексеру құпиясөз әрбір ауысқан сайын жүргізіледі, сәйкес келмеген жағдайда, пайдаланушыға хабарлама беріледі;
4) құпиясөзді барынша қысқа қолдану мерзімі - 1 (бір) жұмыс күні;
5) құпиясөзді барынша ұзақ қолдану мерзімі - күнтізбелік 60 (алпыс) күннен аспайды. Құпиясөздің осы өлшемге сәйкестігін тексеру цифрлық жүйеге әрбір кірген және құпиясөз әрбір ауысқан сайын жүргізіледі. Құпиясөздің барынша ұзақ әрекет ету мерзімі өткеннен кейін цифрлық жүйе қолжетімділікті бұғаттайды және құпиясөзді міндетті түрде өзгертуді талап етеді;
6) цифрлық жүйеге бірінші рет кірген кезде не әкімші құпиясөзді ауыстырғаннан кейін цифрлық жүйе пайдаланушыдан осы рәсімді қабылдамау мүмкіндігімен құпиясөзді ауыстыруды сұрайды. Бұл ереже құпиясөзді қолдану мерзімі туралы ережеден басым болады;
7) цифрлық жүйеде пайдаланушының белсенділігі күнтізбелік 30 (отыз) күннен астам болмаған жағдайда, оның есепке алу жазбасы автоматты түрде бұғатталады;
8) қате құпиясөзді қатарынан бес рет енгізген кезде пайдаланушының есепке алу жазбасы уақытша бұғатталады;
9) пайдаланушы 30 (отыз) минуттан артық белсенді болмаған кезде, цифрлық жүйе пайдаланушының жұмыс сеансын автоматты түрде аяқтайды не пайдаланушының аутентификациялық деректерін енгізген кезде ғана жұмыс станциясын немесе бұғаттан шығару мүмкіндігі бар ноутбукты бұғаттайды.
23. Қорғалатын ақпаратты жою тасымалдағыштың түріне байланысты ақпаратты жоюдың мынадай әдістерінің кез келгенін пайдалана отырып, оны қалпына келтіруді болдырмайтын әдістермен жүргізіледі:
1) ақпарат тасымалдағышты нақты жою;
2) ақпарат тасымалдағышқа электромагниттік әсер ету (магниттік тасымалдағыштар үшін);
3) электрондық ақпаратты мамандандырылған бағдарламалық құралдармен бағдарламалық жою.
24. Цифрлық жүйенің жүйелік уақытын эталондық уақыттың орталықтандырылған дереккөзімен синхрондау қамтамасыз етіледі.
25. Цифрлық жүйелерді әзірлеу және пысықтау өнеркәсіптік пайдалану ортасында жүзеге асырылмайды.
26. Цифрлық жүйелерді әзірлеуді жүзеге асыратын қызметкерлердің цифрлық жүйенің өзгерістерін өнеркәсіптік ортаға көшіруге, сондай-ақ өнеркәсіптік ортадағы цифрлық жүйелерге әкімшілік қол жеткізуге өкілеттіктері жоқ.
27. Цифрлық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізер алдында оның әдеттегі тәртіп бойынша орнатылған қауіпсіздік теңшеулері киберқауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін теңшеулерге өзгертіледі. Бұл теңшеулер тестілеу кезінде қолданылатын құпиясөздерді ауыстыруды, сондай-ақ барлық тестілік есептік жазбаларды жоюды қамтиды.
28. Артықшылықты есептік жазбалардың пайдаланылуын бақылау:
1) цифрлық жүйелер (операциялық жүйе, дерекқорды басқару жүйесі, қосымша) әкімшілерінің тізбесін жасау және бекіту;
2) цифрлық жүйелерді басқару функцияларын орындау және (немесе) артықшылықты есептік жазбалардың пайдаланылуын бақылаудың арнайы кешендерін енгізу кезінде қосарланған бақылауды енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.
29. Цифрлық жүйелердің эталондық бастапқы кодтары (бар болса) және орындалатын модульдері сақталатын бағдарламалық қамтылымның қорғалған депозитарийі цифрлық жүйелердің орындалатын модульдерінің жұмыс қабілеттілігін уақтылы қалпына келтіру мүмкіндігін қамтамасыз ететін түрде жүргізіледі.
30. Цифрлық жүйелер техникалық қолдаумен қамтамасыз етіледі, оның құрамына тиісті цифрлық жүйе жаңартуларын, оның ішінде қауіпсіздік жаңартуларын ұсыну қызметтері кіреді.
31. Цифрлық жүйенің аудиторлық ізінің ұйымдастырушылық және техникалық деңгейде енгізілуі және өзгермеуі қамтамасыз етіледі.
32. Цифрлық жүйелерде аудиторлық ізді жүргізу функциясы қолданылады, ол мыналарды көрсетеді:
1) цифрлық жүйедегі қосылуларды орнату, сәйкестендіру, аутентификациялау және авторизациялау оқиғаларын (табысты және сәтсіз);
2) қауіпсіздік баптауларын модификациялау оқиғалары;
3) пайдаланушылар топтарын түрлендіру оқиғалары және олардың өкілеттіктері;
4) пайдаланушылардың есептік жазбаларын және олардың өкілеттіктерін түрлендіру оқиғалары;
5) цифрлық жүйедегі жаңартулардың және (немесе) өзгерістердің орнатылуын көрсететін оқиғалар;
6) аудит өлшемдерін өзгерту оқиғалары;
7) жүйелік өлшемдерді өзгерту оқиғалары.
33. Аудиторлық із форматы мынадай ақпаратты қамтиды:
1) әрекетті жасаған пайдаланушының сәйкестендіргіші (логині);
2) әрекеттің жасалған күні мен уақыты;
3) пайдаланушының жұмыс станциясының атауы және (немесе) әрекет жасалған ІP (АЙПИ) мекенжайы;
4) әрекет жүргізілген объектілердің атауы;
5) жасалған әрекеттің түрі немесе атауы;
6) әрекеттің нәтижесі (сәтті немесе сәтсіз).
34. Аудиторлық ізді сақтау мерзімі жедел қолжетімділікте кемінде 3 (үш) айды және архивтік қолжетімділікте кемінде 5 (бес) жылды құрайды. Бірнеше цифрлық жүйенің аудиторлық ізін біріктіріп сақтау аудиторлық ізді сақтаудың мамандандырылған цифрлық жүйесінде жүзеге асырылады.
35. Цифрлық жүйелерді қорғау үшін лицензияланған, вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылым немесе жұмыс станцияларында, ноутбуктерде және мобильді құрылғыларда бағдарламалық ортаның тұтастығын және өзгермеуін қамтамасыз ететін жүйелер пайдаланылады.
36. Пайдаланылатын вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылым мынадай талаптарға сәйкес келеді:
1) белгілі сигнатуралар негізінде вирустарды анықтау;
2) эвристикалық талдау (вирустарға тән командаларды іздеу және мінез-құлқын талдау) негізінде вирустарды анықтау;
3) қосылған кезде ауыстырмалы тасымалдағыштарды сканерлеу;
4) кесте бойынша сканерлеуді іске қосу және вирусқа қарсы базаны жаңарту;
5) басқарудың және мониторингтің орталықтандырылған консолінің болуы;
6) пайдаланушы үшін вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылымның жұмыс істеуін, сондай-ақ вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылымды жаңарту процестерін тоқтату және вирустардың болмауын жоспарлы тексеру мүмкіндігін бұғаттау;
7) виртуалды орталар үшін – вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылыммен виртуалдық орталардың (жүктемені теңдестіру, орталықтандырылған орнату және гипервизор деңгейінде тексеру және басқа да функциялар) кіріктірілген қауіпсіздік функцияларын пайдалану, мұндай мүмкіндіктер болмаған кезде – ұйым пайдаланатын виртуалды орталарда вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылымды тестілеу туралы өндірушінің растауы;
8) мобильді құрылғылар және ұйымды қорғау периметрінен тыс пайдаланылатын өзге де құрылғылар үшін желіаралық экрандау функциясы кіріктірілген вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылымды пайдалану.
37. Бағдарламалық ортаның тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін жүйелерді пайдалану кезіндегі ең қарапайым талаптар мынадай:
1) жаңартуды және техникалық қолдауды көздейтін лицензиясы бар бағдарламалық қамтылымның болуы;
2) басқару және мониторингтеудің орталықтандырылған консолінің болуы;
3) соңғы пайдаланушы үшін берілген жүйенің қызмет етуін тоқтата тұру мүмкіндігінің – бұғаттау мүмкіндігінің болуы;
4) соңғы құрылғыларға орнату алдында бағдарламалық орта үлгісін вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылыммен тексеру мүмкіндігінің болуы;
5) ұялы құрылғылар үшін және қорғаныс аумағынан тыс қолданылатын басқа да құрылғылар үшін желіаралық экранның болуы.
38. Вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылым пайдаланушының барлық қызмет ету процестерін тоқтатуды барынша болдырмайды (кесте бойынша сканерлеу, жаңарту және басқа да процестер). Вирусқа қарсы бағдарламалық қамтылымның жаңаруы тәулігіне бір реттен, құрылғыны толығымен сканерлеу – аптасына бір реттен артық орындалмайды.
39. Цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін жаңартуларды уақтылы орнату қамтамасыз етіледі.
40. Маңызды осалдықтарды жоятын цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін жаңартулар оларды өндіруші жарияланған және таратқан күннен бастап бір айдан кешіктірмей орнатылады.
41. Өндірістік ортаға орнатқанға дейін цифрлық жүйелердің жаңартулары тестілеу ортасында сынақтан өтеді.
42. Цифрлық жүйелердің үздіксіз қызмет етуін қамтамсыз ету мақсатында ішкі құжаттарда:
1) цифрлық жүйелердің тоқтап қалуының ықтималды мерзімдері;
2) қалпына келтіруге жататын цифрлық жүйелер тізбесі және оларды қалпына келтіру тәсілдері;
3) цифрлық жүйелерді қалпына келтіру туралы шешімдерді қабылдау өлшемшарттары мен тәртібі;
4) цифрлық жүйелерді қалпына келтіру жоспарлары анықталады.
43. Резервтік орталық болған жағдайда, ішкі құжаттарда:
1) резервтік ортаның орналасқан орны;
2) бизнес-процестердің, техникалық, бағдарламалық немесе резервтік орталықта қалпына келтіру жоспарланған цифрлық жүйелердің жұмыстарын қамтамасыз ететін басқа құралдардың тізбесі;
3) резервтік орталықтағы цифрлық жүйелердің жұмысын қалпына келтіру тәртібі;
4) резервтік орталықтағы жұмыстың аяқталғаны туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін өлшемшарттар, мұндай шешімді қабылдау тәртібі, сондай-ақ негізгі орталықта қызмет етудің штаттық режиміне қайтару тәртібі;
5) резервтік орталықтықтың қызмет етуін тестілеуді өткізу тәртібі, кезеңділігі мен сценарийі көрсетіледі.
44. Цифрлық жүйелер қызметін қалпына келтіру процестерінің дайындығын тексеру мақсатында кем дегенде жылына бір рет қалпына келтіру жоспарларына (бұдан әрі – қалпына келтіру жоспарларын тестілеу) сәйкес цифрлық жүйелерді қалпына келтіруді тестілеу жүргізіліп отырады.
Қалпына келтіру жоспарларын тестілеу штаттық емес жағдайдың туындау сценарийінің, қалпына келтірілетін жұмыс процестерінің және цифрлық жүйелердің, жұмыстарды жүргізу мерзімдері мен орындарының сипаттамасын көздейтін әзірленген және бекітілген бағдарлама бойынша жүргізіледі.
45. Қалпына келтіру жоспарларын тестілеу қорытындылары бойынша төмендегілер:
1) тестілеу өткізілген цифрлық жүйелер тізбесі;
2) цифрлық жүйелерді қалпына келтіруге жұмсалған уақыт;
3) қалпына келтіру жоспарының анықталған кемшіліктері мен оларды жою бойынша ұсыныстар көрсетілген тестілеу нәтижелері туралы құжат (хаттама) дайындалады.
| Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 cәуірдегі № 165 қаулысының қосымшасы |
Күші жойылды деп танылатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердің тізбесі
1. "Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты бекіту жөнінде" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі агенттігі басқармасының 2005 жылғы 19 сәуірдегі № 132 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 3649 тіркелген).
2. "Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты бекіту жөніндегі" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2005 жылғы 19 сәуірдегі № 132 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2006 жылғы 27 қазандағы № 228 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 4463 тіркелген).
3. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Бағалы қағаздар нарығында қызметтi жүзеге асыруға қажеттi бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты бекіту жөнiнде" 2005 жылғы 19 сәуірдегі № 132 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 9 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5576 тіркелген).
4. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға қажетті бағдарламалық-техникалық құралдарға қойылатын талаптар туралы нұсқаулықты бекіту жөніндегі" 2005 жылғы 19 сәуірдегі № 132 қаулысына толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 4 қазандағы № 152 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 6622 тіркелген).