"Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 21 желтоқсандағы № 1079 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 9 желтоқсандағы № 463 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 23 желтоқсанда № 25937 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 263 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 29.06.2023 № 263 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 21 желтоқсандағы № 1079 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14701 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартында:

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтерді сапалы көрсету үшін:

      1) әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      уақытша болу және тұру ұйымдарының тұрғын үй, қызметтік және өндірістік үй-жайлары санитариялық-эпидемиологиялық нормаларға, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 қарашадағы № 1202 қаулысымен бекітілген Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес ғимараттардың қауіпсіздігіне, оның ішінде өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келеді;

      уақытша болу және тұру ұйымының ғимараты онда болуды қолайлы ету, оған кедергісіз кіруді, құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес үй-жайдың ішінде және ғимарат маңындағы аумақта жүріп-тұруды қамтамасыз ету мақсатында техникалық жарақтандырумен және арнайы құрылғылармен қамтамасыз етіледі;

      берілетін тұрғын үй-жайлардың көлемдері мен басқа да көрсеткіштері бойынша (ғимараттар мен үй-жайлардың жай-күйі, олардың жайлылығы) көрсетілетін қызметтерді алушылардың тұру қолайлылығын қамтамасыз етеді. Көрсетілетін қызметтерді алушыларды тұрғын үй-жайларға (бөлмелерге) орналастыру кезінде олардың денсаулық жағдайы, жас және жыныстық ерекшеліктері, физикалық және психикалық жай-күйі, бейімділіктері, психологиялық үйлесімділігі, тұлғалық даму, әлеуметтендірілу деңгейі және туыстық дәрежесі ескеріледі;

      әлеуметтік-еңбек қызметін ұйымдастыру, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсету үшін ұсынылатын үй-жайлар көлемдеріне, орналасуына және конфигурациясына қарай көрсетілетін қызметтерді алушыларға қызмет көрсету ерекшелігін ескере отырып, оларда жоғарыда аталған барлық іс-шаралардың өткізілуін қамтамасыз етеді;

      ұйым мамандарының кабинеттері қажетті жиһазбен және жабдықпен жарақтандырылады;

      әрбір мамандандырылған кабинетке еркін нысанда ресімделген паспорт толтырылады;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларға пайдалануға берілетін жиһаз, жабдық, жұмсақ инвентарь Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын техникалық реттеу саласындағы стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарға сәйкес келеді;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларға берілетін киім, аяқкиім, ішкиім және басқа да ең қажетті заттар кигенде ыңғайлы болуға, көрсетілетін қызметтерді алушылардың жынысына, бойына және өлшемдеріне сәйкес келуге, санитариялық-гигиеналық нормалар мен талаптарға сай келуге тиіс;

      тамақ сапалы өнімдерден дайындалады, теңгерімділік пен калорий талаптарына сай болады, санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкес келеді және қызметтерді алушылардың денсаулық жағдайы ескеріле отырып ұсынылады;

      емдеу, оқыту үшін көрсетілетін қызметтерді алушыларды автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде автокөлік құралдарын пайдалану нормативтері мен қағидалары, жол жүру қауіпсіздігінің талаптары сақталады;

      2) әлеуметтік-медициналық қызметтер мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдемдесу денсаулық сақтау саласындағы заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерде көзделген шеңберде жүзеге асырылады;

      емдік манипуляцияларды жүргізу көрсетілетін қызметтерді алушыларға қандай да бір зақым келтірмей, аса мұқияттылықпен және сақтықпен жүзеге асырылады;

      дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-223/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21721 болып тіркелген) Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларды денсаулық сақтау ұйымдарына емдеуге жатқызу немесе емдеуге жатқызуға жәрдемдесу оперативті түрде және уақтылы жүргізіледі;

      саламатты өмір салтын насихаттау жүргізіледі. Көрсетілетін қызметтерді алушылармен зиянды әдеттердің алдын алу және олардан арылу бойынша жеке жұмыс жүргізу зиянды әдеттердің (алкоголь, есірткі тұтыну, шылым шегу) келеңсіз салдарын, олар әкеп соқтыратын теріс нәтижелерді түсіндіруге бағытталған және нақты жағдайларға байланысты осы әдеттердің алдын алу немесе еңсеру бойынша қажетті ұсынымдармен сүйемелденеді;

      медициналық-әлеуметтік, сот-медициналық, наркологиялық және психиатриялық сараптамаға жолдау үшін құжаттарды дайындауға жәрдемдесу уақтылы және толық көлемде көрсетіледі;

      дәрігерлердің қорытындысы бойынша дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу көрсетілетін қызметтерді алушылар ауруларының, жарақаттануларының уақтылы профилактикасына және оларды емдеуге ықпал етеді;

      денсаулық сақтау ұйымдарының бейінді мамандарының консультациясын алуға жәрдемдесу көрсетілетін қызметтерді алушылардың ауруларын уақтылы анықтауды және емдеуді қамтамасыз етеді;

      3) әлеуметтік-психологиялық қызметтер мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      психологиялық консультация беру қызметтерді алушыларға жанжалдардың алдын алу және еңсеру үшін тұлғааралық қарым-қатынастарды жөнге салу бойынша білікті көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Көрсетілетін қызметтерді алушылардан алынған ақпараттың және туындаған әлеуметтік-психологиялық проблемаларды олармен талқылаудың негізінде психологиялық консультация беру ішкі ресурстарды ашуға және жұмылдыруға, осы проблемаларды шешуге көмектеседі;

      Көрсетілетін қызметтерді алушыларды психологиялық диагностикалау ұйымның психологы әзірлеген психологиялық-диагностикалық топтаманың негізінде жүзеге асырылады. Көрсетілетін қызметтерді алушылардың мінез-құлықтарындағы ауытқулар мен айналадағы адамдармен өзара қарым-қатынасына ықпал ететін олардың психикалық жай-күйі мен жеке тұлғалық ерекшеліктерін айқындау және талдау нәтижелері бойынша тұлғаны психологиялық диагностикалау және тексеру түзету іс-шараларын жүргізу жөнінде болжам жасауға және ұсынымдар әзірлеуге қажетті ақпаратты береді;

      психологиялық түзету белсенді психологиялық әсер ету ретінде көрсетілетін қызметтерді алушылардың мінез-құлқындағы, эмоциялық жай-күйіндегі ауытқуларды (жекелеген адамдардың эмоциялық ден қоюы мен мінез-құлық стереотиптерінің қолайсыз түрлерін, жанжалды қарым-қатынастар мен мінез-құлқындағы басқа да ауытқуларды) еңсеруді немесе бәсеңдетуді қамтамасыз етеді, бұл осы көрсеткіштерді жас нормаларына және әлеуметтік ортаның талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді;

      психологиялық тренингтер белсенді психологиялық әсер ету ретінде психологиялық-жарақаттаушы ахуалдардың салдарын, жүйке-психикалық шиеленісті жоюда, тыныс-тіршіліктің әлеуметтік емес түрлерін еңсеретін адамдар бойында әлеуметтік құнды мінез-құлық нормаларын қалыптастыруда, оларды өзгеріп отыратын жағдайларға бейімдеу үшін тұлғалық алғышарттарды қалыптастыруда тиімділігімен бағаланады;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларды жүйелі түрде қадағалау негізіндегі әлеуметтік-психологиялық патронаж психикалық жайсыздық, тұлғалық (ішкі тұлғалық) немесе тұлғааралық жанжалды жағдайларды және көрсетілетін қызметтерді алушылардың өмірлік қиын жағдайының күрделенуіне ықпал ететін басқа да жағдайларды уақтылы анықтауды және оларға сол сәтте қажетті әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларды өзара қолдау топтарында, қарым-қатынас жасау клубтарында сабақтар өткізуге тарту көрсетілетін қызметтерді алушыларға жайсыз күйден шығуға, олардың психикалық денсаулығын сақтау мен нығайтуда, стреске төзімділікті, психологиялық мәдениет деңгейін арттыруда, бірінші кезекте, тұлғааралық қарым-қатынастар, жанжалдарды шешу және қарым-қатынас саласында көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;

      шұғыл психологиялық көмек көрсетілетін қызметтерді алушыларға кідіртпестен психологиялық консультация беруді, олардың дағдарыстық күйден шығуы үшін физикалық, рухани, тұлғалық, зияткерлік ресурстарын жұмылдыруға, туындаған проблемаларды өз бетінше шешу және қиындықтарды еңсеру үшін олардағы қолайлы құралдар диапазонын кеңейтуге, өзіне деген сенімділікті нығайтуға жәрдемдесуді қамтамасыз етеді;

      психологиялық-профилактикалық жұмыс көрсетілетін қызметтерді алушылардың психологиялық білім алу қажеттілігін және оны өзімен және өз проблемаларымен жұмыс жасау үшін пайдалану ниетін қалыптастыруға ықпал етеді, әрбір оңалту кезеңінде тұлғаның толыққанды психикалық дамуы, тұлғаның дамуындағы ықтимал бұзылушылықтардың уақтылы алдын алу үшін жағдай жасайды;

      әңгімелесулер, қарым-қатынас жасау, тыңдау, сергіту, белсенділікке ынталандыру, өмірлік тонусты психологиялық қолдау көрсетілетін қызметтерді алушылардың психикалық денсаулығын нығайтуды, олардың стреске төзімділігі мен психикалық қорғалуын арттыруды қамтамасыз етеді;

      4) әлеуметтік-педагогикалық қызметтер мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      құндылық бағдарларын, бағыт берулер мен мінез-құлық дағдыларын трансформациялау бойынша сабақтар өткізу зорлық-зомбылықтың қайталану жағдайларының алдын алуды қамтамасыз етеді;

      қажет болған жағдайда оқулықтар мен оқу керек-жарақтарын алуға жәрдемдесу;

      5) әлеуметтік-еңбек қызметтері мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      көрсетілетін қызметтерді алушылардың еңбек дағдыларын тексеру жөніндегі іс-шаралар олардың жеке ерекшеліктері, мүмкіндіктерінің шектелу дәрежесі, көрсетілетін қызметтерді алушылардың дене бітімінің және психикалық жай-күйі ескеріле отырып жүргізіледі;

      көрсетілетін қызметтерді алушылардың еңбек дағдыларын, білімдері мен біліктерін қалыптастыру мақсатында көрсетілетін қызметтерді алушылардың жеке қажеттіліктеріне сүйене отырып, олардың тұлғалық және әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге ықпал ететін қолжетімді кәсіптік дағдыларға үйрету жөніндегі іс-шараларға белсенді қатысуын қамтамасыз ететін еңбекпен емдеу қызметінің түрлері тағайындалады;

      қоғамдық пайдалы жұмыстар жүргізу уақытша болу және тұру ұйымының аумағында, күндіз жұмыспен қамту уақытша болу және тұру ұйымының кабинеттерінде жүзеге асырылады және көрсетілетін қызметтерді алушылардың денсаулық жағдайын ескере отырып, оларды тіршіліктің түрлі нысандарына тартуға мүмкіндік беретін жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді;

      қолжетімді кәсіптік дағдыларға үйрету жөніндегі іс-шаралар көрсетілетін қызметтерді алушылардың тұлғалық және әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге ықпал етеді;

      кәсіптік білімі жоқ көрсетілетін қызметтерді алушыларды кәсіптік бағдарлау оларға кәсіп таңдауға көмектесетін іс-шаралармен сүйемелденеді;

      6) әлеуметтік-мәдени қызметтер мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      мәдени және бос уақытты өткізу іс-шараларын жүргізу уақытша болу және тұру ұйымының басшысы бекіткен жоспар бойынша жүзеге асырылады;

      үйірмелер мен бос уақытты өткізу қызметін ұйымдастыру көрсетілетін қызметтерді алушылардың әлеуметтік-мәдени және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларды концерттер мен өткізілетін іс-шаралар сценарийлері бағдарламасының жобаларын әзірлеуге тарту көрсетілетін қызметтерді алушылардың жалпы және мәдени ойлау қабілетін кеңейтуге, шығармашылық белсенділігін арттыруға ықпал етеді;

      телефон байланысы арқылы туыстарымен, достарымен, мамандармен сөйлесу мүмкіндігін ұсыну агрессия рецидивін болдырмау, көрсетілетін қызметтерді алушының мүліктік, азаматтық және өзге де құқықтарын қорғау мәселелерін шешуді жеделдетуді және неғұрлым тиімді шешуді қамтамасыз етеді;

      7) әлеуметтік-экономикалық қызметтер мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      көрсетілетін қызметтерді алушыларға жеңілдіктерді, жәрдемақыларды, өтемақыларды және басқа да төлемдерді алуға, тұрғын үй мәселелерін шешуге жәрдемдесу көрсетілетін қызметтерді алушылар үшін қызығушылық тудыратын мәселелерді шешуде уақтылы, толық, білікті әрі тиімді көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;

      8) әлеуметтік-құқықтық қызметтер мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      көрсетілетін қызметтерді алушыларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу және өз мүдделерін қорғау құқығымен байланысты мәселелер бойынша консультация беру заңнамада белгіленген құқықтар мен ықтимал бұзушылықтардан қорғану тәсілдері туралы толық мағлұмат береді;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларға азаматтық, тұрғын үй, отбасылық, еңбек, зейнетақы, қылмыстық заңнама мәселелері бойынша және басқа да мәселелер бойынша консультация беру оларға өздерін қызықтыратын заңнамалық актілер мен қозғалатын мәселелердегі құқықтар туралы мағлұмат береді;

      құжаттарды (өтініштер, шағымдар, анықтамалар және хаттар) дайындауға және оларды тиісті адресаттарға жіберуге көмектесу көрсетілетін қызметтерді алушылардың құқықтары мен мүдделерін қалпына келтірумен (қорғаумен) байланысты мәселелердің практикалық шешілуін қамтамасыз етеді.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Көрсетілетін қызметтерді алушыға арнаулы әлеуметтік қызметтер ЖЖЖ-ға сәйкес мынадай көлемде және түрлерде көрсетіледі:

      1) әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер:

      көрсетілетін қызметтерді алушыларды қабылдау және (немесе) орналастыру;

      төсек жабдығымен, киіммен және ең қажетті заттармен қамтамасыз ете отырып төсек-орын ұсыну;

      оңалту, емдік, білім беру, мәдени іс-шаралар, еңбекпен емдеу қызметін ұйымдастыру, өзіне-өзі қызмет көрсету және тұрмыстық бағдар беру үшін жиһазбен және (немесе) мамандандырылған жабдықпен жарақтандырылған үй-жайлар беру;

      өзіне-өзі қызмет көрсету (ішкиімді жуу, кептіру, үтіктеу, ыдыс жуу, үй-жайды тазалау) және санитариялық-гигиеналық рәсімдерді (душ немесе ванна бөлмелері, санитариялық тораптар) жүзеге асыру үшін жағдай жасау;

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 қарашадағы № 896 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12828 болып тіркелген) Медициналық-әлеуметтік мекемелерде, оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған оқу орындарында, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында, күндіз болу бөлімшелерінде, әлеуметтік бейімдеу орталықтарында қызмет көрсетілетін адамдар үшін заттай тамақтану нормаларына сәйкес тамақ өнімдерін ұсыну;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларды емдеу, оңалту, оқыту үшін, мәдени және бос уақытты өткізу іс-шараларына қатысу үшін көрсетілетін қызметтерді алушыларды көлікпен тасымалдау қызметтерін ұсыну;

      хаттарды жазуға және оқуға көмек көрсету (қажеттілігіне қарай);

      уақытша болу және тұру ұйымы жүріп-тұруында қиындығы бар адамдарға межелі жеріне дейін ілесіп жүру (қажеттілігіне қарай) қамтамасыз етіледі;

      2) әлеуметтік-медициналық қызметтер:

      алғашқы медициналық қарап-тексеру мен алғашқы санитариялық өңдеу жүргізу;

      дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету, ем алуға мұқтаж көрсетілетін қызметтерді алушыларды денсаулық сақтау ұйымдарына емдеуге жатқызуға және оларға ілесіп жүруге жәрдемдесу;

      сот-медициналық, медициналық-әлеуметтік, наркологиялық және психиатриялық сараптамаға жолдау үшін құжаттарды дайындауға жәрдемдесу;

      тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдемдесу;

      дәрігерлердің қорытындысы бойынша дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

      бейінді мамандардың, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының медициналық консультациялар беруіне жәрдемдесу;

      емдеуші дәрігердің тағайындауы бойынша денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес емдік манипуляциялар жүргізу;

      3) әлеуметтік-психологиялық қызметтер:

      тұлғаны психологиялық диагностикалау және тексеру;

      әлеуметтік-психологиялық патронаж (жүйелі түрде қадағалау);

      көрсетілетін қызметтерді алушылармен психологиялық-профилактикалық жұмыс;

      психологиялық консультация беру;

      шұғыл психологиялық көмек;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларға психологиялық көмек көрсету, оның ішінде әңгімелесу, қатынаста болу, тыңдау, сергіту, белсенділікке ынталандыру;

      психологиялық тренингтер;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларды психологиялық түзету;

      өзара қолдау көрсету топтарында, қарым-қатынас жасау клубтарында сабақтар өткізу;

      4) әлеуметтік-педагогикалық қызметтер:

      құндылық бағдарларын, бағыт берулер мен мінез-құлық дағдыларын трансформациялау бойынша сабақтар ұйымдастыру және өткізу;

      көрсетілетін қызметтерді алушылардың дене бітімінің мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілеттерін ескере отырып білім алуларына жәрдемдесу;

      5) әлеуметтік-еңбек қызметтері:

      көрсетілетін қызметтерді алушылардың еңбек дағдыларын тексеру жөнінде іс-шаралар өткізу;

      кәсіптік бағдарлауға және консультация беруге жәрдемдесу;

      көрсетілетін қызметтерді алушыларды қолжетімді кәсіптер мен практикалық дағдыларға, оның ішінде еңбекпен емдеу қызметі, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ете отырып, қоғамдық пайдалы жұмыстар арқылы үйрету жөнінде іс-шаралар өткізуге жәрдемдесу;

      6) әлеуметтік-мәдени қызметтер:

      мерекелер мен бос уақытты өткізу іс-шараларын ұйымдастыру;

      үйірме жұмысын ұйымдастыру;

      қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ете отырып көрсетілетін қызметтерді алушыларды мәдени және бос уақытты өткізу іс-шараларына тарту;

      телефон арқылы туыстарымен, достарымен, мамандармен сөйлесу мүмкіндігін ұсыну;

      7) әлеуметтік-экономикалық қызметтер:

      "Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы" 1997 жылғы 16 маусымдағы, "Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" 1999 жылғы 5 сәуірдегі, "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі, "Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тиесілі жеңілдіктерді, жәрдемақыларды, өтемақыларды, алименттер мен басқа да төлемдерді алуға, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жәрдемдесу;

      8) әлеуметтік-құқықтық қызметтер:

      арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында және азаматтық, отбасылық, мүліктік және заттық құқықтармен, құжаттарды қалпына келтірумен, алименттерді, келтірілген залал үшін өтемақы өндіріп алумен, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандырумен байланысты мәселелер бойынша заңдық консультация беру;

      тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін тергеп-тексеру, сот өндірісі және оны атқару шеңберінде құқық қорғау, сот органдарымен ынтымақтасуға жәрдемдесу;

      заңдық маңызы бар құжаттарды ресімдеуге көмектесу;

      келген жері бойынша тіркеу және тұрғын үй құқықтарын қалпына келтіру;

      ішкі істер, әділет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру органдары мен мекемелеріне арыздар (өтініштер, апелляциялар) дайындауда және беруде көмек көрсету;

      арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын және көрсетілетін қызметтерді алушылардың заңды құқықтарын бұзатын немесе шектейтін ұйымдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне өтініштер дайындауға және беруге көмек көрсету;

      заңда белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарды, әлеуметтік төлемдерді алуға жәрдемдесу;

      көрсетілетін қызметтерді алушылардың мүдделерін білдіруге сенімхаттарды ресімдеу;

      сот-тергеу органдары мен мекемелерінде көрсетілетін қызметтерді алушылардың мүдделерін білдіру.";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Уақытша болу және тұру ұйымының мамандары осы стандартқа 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетілетін қызметтерді алушылардың тіркелу карточкасын толтырады.

      Көрсетілетін қызметтерді алушының тіркеу карточкасын толтырғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде уақытша болу және тұру ұйымының маманы әлеуметтік қызметтер порталына көрсетілетін қызметтерді алушының тіркеу карточкасынан деректерді енгізеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Р.К. Сәкеевке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Шапкенов

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы

      Білім және ғылым министрлігі

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі