Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының қызмет қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 13 тамыздағы № 394 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 16 тамызда № 23991 болып тіркелді.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының қызмет қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күні өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
2021 жылғы 13 тамыздағы
№ 394 бұйрығымен бекітіліген

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының қызмет қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының қызмет қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 3) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – "Білім туралы" Заңы) сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орны (бұдан әрі – ТЖМ-ның арнаулы оқу орны) қызметінің тәртібін айқындайды:

      қызметін басқаруды;

      білім беру қызметін;

      тәрбие жұмысын;

      ғылыми-зерттеу, редакциялық-баспа және халықаралық қызметін ұйымдастыруды қамтиды.

2-тарау. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының қызметтін басқаруды ұйымдастыру тәртібі

      3. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнын басқару осы Қағидаларға, сондай-ақ ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Оқу орнына тікелей басшылықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің (бұдан әрі – Министр) бұйрығымен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын оқу орнының бастығы жүзеге асырады. ТЖМ-ның арнаулы оқу орны бастығының орынбасарлары ТЖМ-ның арнаулы оқу орны бастығының ұсынысы бойынша Министрдің бұйрығымен тағайындалады.

      5. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнында алқалық басқару органдары құрылады. Алқалық басқару органдарына ғылыми кеңес, оқу-әдістемелік кеңес, сондай-ақ ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының міндеттері мен функцияларын тиімді шешуі мақсатында ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының жарғысымен құрылған органдар жатады.

      6. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының алқалық басқару органдарының құрамы мен мүшелерінің санын, қызметін ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының өзі айқындайды.

      7. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының құрамына құрылымдық бөлімдер кіреді: факультеттер (институттар), кафедралар, бөлімдер сонымен бірге, бар болған жағдайда орталықтар, зертханалар, бөлімшелер кіреді.

      8. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының құрылымдық бөлімдері өз қызметін осы Қағидалардың, ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының жарғысының, оқу орнының тиісті құрылымдық бөлімдері туралы ережелердің, күнтізбелік жылға немесе оқу жылына әзірленген жылдық жұмыс жоспарлар негізінде жүзеге асырады.

      9. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының бастығы құрылымдық бөлімдер туралы ережелерді бекітеді, онда олардың қызметінің негізгі бағыттары айқындалады, қызметкерлердің (жұмыскерлердің) лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді.

      10. Факультет (институт) жұмысына басшылықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – ТЖМ) келісуімен лауазымға тағайындалатын және босатылатын факультет (институт) ТЖМ-ның арнаулы оқу орны бастығының бұйрығымен жүзеге асырылады.

      11. Кафедра бейіні бойынша кемінде 7 штаттық оқытушы болған кезде кафедра ұйымдастырылады.

      Кафедра штатына кафедра бастығы, бастықтың орынбасары, профессорлар, доценттер, аға оқытушылар, оқытушылар, оқу-қосалқы персонал кіреді.

      12. "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 2 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28916 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 2 бұйрық) 1-қосымшаға сәйкес Жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 20-тармағына сәйкес және № 2 бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының (бұдан әрі – МЖБС) 47-тармағына сәйкес бекітілетін оқу жұмыс жоспарларына сәйкес оқу пәндерінің мазмұнына сүйене отырып, кафедралар жалпы білім беретін және арнайы болып жіктеледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 13.10.2023 № 554 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Кафедра жұмысы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының мазмұнына сәйкес мамандарды теориялық және практикалық даярлауға бағытталған.

      Профессорлық-оқытушы құрамының және басқа да қызметкерлердің (жұмысшылардың) біліктілігін арттыру курстарын жоспарлауды мен ұйымдастыруды ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының кадр қызметі жүзеге асырады.

      ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының әр қызметкерінің (жұмыскердің) біліктілікті арттыруы 3 жылда кемінде бір рет жүзеге асырылады.

      14. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнындағы білім алушылардың саны "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 2-1) тармақшасына сәйкес бекітілетін мемлекеттік білім беру тапсырысымен (бұдан әрі – мемлекеттік білім беру тапсырысы) айқындалады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің м.а. 10.05.2024 № 184 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. ТЖМ-ның арнаулы оқу орны оқу бағдарламаларын күндізгі оқу нысаны бойынша және білім беруді қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып қысқартылған оқу мерзімі бойынша іске асырады.

      Күндізгі оқу нысаны бойынша оқытуды және қосымша білім беруді қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып іске асыруға болады.

      16. Академиялық топтардың толтырымдылығы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес анықталады.

      Академиялық ағындарды қалыптастыруды ТЖМ-ның арнаулы оқу орны дербес жүзеге асырады.

      17. Қызметтік тәртіпті қамтамасыз ету және нығайту, білім деңгейін арттыруға, қызығушылығын ояту, оқу жоспарының талаптарын орындау мақсатында ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының бастығы білім алушыларға көтермелеу және тәртіптік жаза шараларын қолданады.

      18. Білім алушыларды оқудан шығару ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының бастығының бұйрығымен жүргізіледі.

      Білім алушылардың академиялық үлгермеушіліктен, қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін, денсаулығына байланысты оқудан олардың өз еркімен шығарылады.

3-тарау. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының білім беру қызметін ұйымдастыру

      19. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының білім беру қызметін ұйымдастыру: оқу-әдістемелік, тәрбиелік, ғылыми-зерттеу жұмысын қамтиды.

      20. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнындағы оқу-әдістемелік жұмысы оқу үрдісін, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын және үйлестіретін барлық құрылымдық бөлімшелерде жүзеге асырылады.

      21. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының оқу-әдістемелік жұмысына тікелей басшылықты бастықтың оқу жұмысы бойынша орынбасары жүзеге асырады.

      22. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының оқу-әдістемелік жұмысы:

      1) академиялық күнтізбе, жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламалар (силлабустар), пәндердің оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеуді;

      2) оқу пәндерін оқулықтармен, оқу құралдарымен, есептер жинағымен, кешенді тапсырмалармен, зертханалық, бақылау, курстық жұмыстар бойынша құралдармен, пәндерді оқу бойынша әдістемелік ұсынымдармен, сондай-ақ ағымдағы, межелік және қорытынды білім бақылауы, барлық оқу нысандары бойынша білім алушыларды қорытынды аттестаттау материалдарымен оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді;

      3) кәсіби практикалардың бағдарламаларын, сондай-ақ дипломдық жұмыстарды (жобаларды), магистрлік және докторлық диссертациялар жазу бойынша әдістемелік ұсынымдарды (ңұсқаулар) әзірлеуді;

      4) білім алушылардың оқу материалын меңгеруін арттыратын, қазіргі заманғы білім технологиялары мен оқыту әдістерін әзірлеуді;

      5) ізденіске, талдауға және қызмет нәтижесін қалыптастыруға қабілеттілігін дамытуға бағытталған білім алушылардың өзіндік жұмысын оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді;

      6) оқытушылар мен мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау бойынша бағдарламалар әзірлеуді қамтиды.

      22. Оқу-әдістемелік қызметтің мазмұнын, ұйымдастыру тәсілін және құрылымын жоспарлау ТЖМ-ның арнаулы оқу орнында оқытудың кредиттік технологиясы негізінде жүзеге асырылады.

      23. Академиялық кезеңнің ұзақтығын ТЖМ-ның арнаулы оқу орны МЖБС-ға сәйкес дербес белгілейді.

      24. Қазақстан Республикасының "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңының 7-бабының 2-1-тармағына сәйкес бекітілетін азаматтық қорғау органдарының қатардағы, кіші және орта басшы құрамы лауазымдарына қызметке алғаш кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлықты жүргізу тәртібі Азаматтық қорғау органдарына қызметке кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу тәртібі және одан өту шарттары, сондай-ақ оларды алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару негіздерінің қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасының "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңының 36-бабының 5-тармағына сәйкес бекітілетін азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін қайта даярлау мен біліктіліктерін арттыру тәртібі Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      25. Білім алушылардың қосымша біліктілігін қалыптастыру үшін, оның ішінде оқу-далалық жиындарын өткізу үшін жазғы семестр (бітіруші курсты қоспағанда) енгізуге рұқсат етіледі.

      26. Оқу қызметін ұйымдастыру академиялық күнтізбе, оқу сабақтарының кестесі негізінде жүзеге асырылады.

      27. Оқу қызметінің құрылымы оқу жоспарларының және оқу бағдарламаларының, оқу жүктемесі көлемінің, академиялық кезеңдер ұзақтығының, академиялық сабақ түрлерінің, оқу материалы көлемінің негізінде қалыптастырылады.

      28. Білім беру бағдарламалары ТЖМ арнаулы оқу орны бастығының бұйрығымен құрылатын ТЖМ арнаулы оқу орнының академиялық комитеті әзірлейді, оның құрамына академиялық персоналдың өкілдері, жұмыс берушілер (ТЖМ, оның ведомстволары, аумақтық органдары, ТЖМ мемлекеттік мекемелері), білім алушылар енгізіледі.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 13.10.2023 № 554 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      29. Академиялық күнтізбе, білім беру бағдарламаларының жұмыс оқу жоспарлары және профессорлық-оқытушылық құрамның орташа жылдық педагогикалық жүктемесі ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының ғылыми кеңесінің шешімімен бекітіледі.

      30. Профессорлық-оқытушылық құрамының оқу жүктемесін жоспарлау академиялық сағаттарда жүзеге асырылады.

      31. Аудиториялық жұмыстың 1 академиялық сағаты кемінде 40 минут болуы қажет.

      Кәсіби практиканың, білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмысының, білім алушылардың қорытынды мемлекеттік аттестаттауының бір академиялық сағаты 40 минуттан кем болмауы қажет.

      32. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнында оқу жұмысының келесідей негізгі түрлері белгіленеді: дәрістер, семинарлар, практикалық және зертханалық сабақтар, консультациялар, бақылау жұмыстары, білім алушының өзіндік жұмысы, білім алушының оқытушының басшылығымен жүргізілетін өзіндік жұмысы, есептік-графикалық жұмыстар, практикумдар, жаттығулардың барлық түрлері, лагерлік жиындар, кәсіптік практика, оқу немесе ғылыми тағылымдама, курстық жұмыс (жоба), дипломдық жұмыс (жоба), ғылыми-зерттеу жұмысы, экспериментальды-зерттеу жұмысы, магистрлік диссертация, докторлық диссертация.

      33. Дәрістер мен семинарлар, практикалық және зертханалық сабақтар арасындағы кредиттер (сағаттар) көлемінің арақатынасын ТЖМ-ның арнаулы оқу орны дербес айқындайды.

      34. Білім алушыларға дәрістер оқуға, дипломдық жұмыстарына (жобаларына), ғылыми-зерттеу жұмыстарына жетекшілік етуіне кафедра бастығы, кафедра бастығының орынбасары, кафедра профессоры, кафедра доценті, кафедра аға оқытушысы, оқытушы лауазымында кемінде үш жыл өтілі немесе бейіні бойынша кемінде бес жыл практикалық жұмыс өтілі бар оқытушылар жіберіледі.

      Оқу сабақтарының басқа түрлерін өткізуге ғылыми қызметкерлер, бейіні бойынша кемінде 5 жыл практикалық бар тәжірибелі мамандар да тартылады.

      35. Оқу жұмысы аудиториялық (дәрістер, семинарлар, практикалық және зертханалық сабақтар, оқытушының басшылығымен білім алушының өзіндік жұмысы) және оқу жұмысының барлық қалған түрлері кіретін аудиториядан тыс деп бөлінеді.

      36. ТЖМ-ның арнаулы оқу орны білім алушылардың жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру бағдарламаларын меңгеруі үшін барынша қолайлы жағдайлар жасай отырып, нысандарын, әдістері мен құралдарын дербес анықтайды.

      37. Білім алушыларды оқу сабақтарынан алуға (оның ішінде дербес жұмыстан) тек ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының бастығы немесе оқу жұмысы бойынша орынбасарының жазбаша түрдегі рұқсатымен рұқсат етіледі.

      38. Жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары МЖБС-ға сәйкес әзірленеді.

      39. Білім беру бағдарламасының мазмұны міндетті компонент пәндерінен тұрады, олардың мазмұны МЖБС сәйкес айқындалады, сондай-ақ мазмұны жұмыс оқу жоспарларында, бағдарламаларында (силлабустарда) айқындалатын жоғарғы оқу орны компоненті пәндерінен тұрады.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 13.10.2023 № 554 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      40. Пән бірнеше академиялық кезең ішінде оқытыла алады.

      41. Оқыту барлық оқу нысандары үшін бірыңғай білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырылады.

      42. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнындағы оқу үрдісі қысқартылған оқу мерзімімен қысқартылған білім беру:

      жоғары білімі бар тұлғалар үшін күндізгі;

      техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар адамдар үшін қашықтықтан білім беру технологияларын қолдана отырып, оқу мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ұйымдастырылады.

      Осы жағдайда көлемдерінің жеткіліктігі және білім беру бағдарламасының сабақтастығы шартымен кредиттерді (сағаттарды) қайта есептеу және бұрын меңгерген пәндерді есепке алу жүзеге асырылады. Оқу көлемі мен мерзімі транскрипт негізінде айқындалатын білім алушылардың пререквизиттері ескеріле отырып айқындалады.

      Қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқыту техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімі бар адамдар үшін жеке бекітілген жұмыс оқу бағдарламалары бойынша ұйымдастырылады.

      Жоғары білім базасындағы білім беру бағдарламалары кәсіптік даярлауды ғана көздейді және базалық және бейінді пәндер циклын, қосымша оқыту түрлерін, аралық және қорытынды аттестаттауды қамтиды.

      43. Білім алушылардың кәсіби практикасы, ғылыми-зерттеу және экспериментальдық-зерттеу жұмысы және қорытынды аттестаттауы академиялық күнтізбеге сай жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің МЖБС-қа сәйкес жүргізіледі.

      44. ТЖМ-ның арнаулы оқу орны әзірлейтін бағдарламаның мазмұны және кәсіби практика базасы білім беру бағдарламаларына сәйкес қамтамасыз етіледі.

      45. ТЖМ тиісті бөлімшелері кәсіби практикалық базалары болып табылады. ТЖМ тиісті бөлімшесінің базасында кәсіби практикадан өту үшін шарт жасасу қажеттілігі жоқ.

      46. Кәсіби практикадан өтуге жіберу ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының бастығының бұйрығымен ресімделеді.

      Қашықтықтан оқытуды пайдалана отырып, қысқартылған оқу мерзімі бар білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар мамандығы бойынша жұмыс істеген жағдайда кәсіби практикадан босатылады. Бұл жағдайда олар оқу орнына жұмыс орнынан анықтама (еркін нысанда) және олардың кәсіби қызметін көрсететін мінездеме ұсынады.

      47. Дипломалды практикаға ғылыми жетекшілікті дипломдық жұмыстың (жобаның) ғылыми жетекшісі жүзеге асырады.

      48. Магистранттың, докторанттың ғылыми жетекшісі (ғылыми консультанты) мен зерттеу тақырыбы Ғылыми кеңестің шешімі негізінде ТЖМ-ның арнаулы оқу орны бастығының бұйрығымен бекітіледі.

      49. Магистрант және докторанттың ғылыми жетекшісі (ғылыми консультанты) осы ғылым саласында ғылыми зерттеулермен белсенді айналысатын және ғылыми жетекшілік тәжірибесі бар ғылым докторлары мен кандидаттары, философия докторлары (PhD) қатарынан тағайындалады.

      50. Ғылыми-зерттеу (экспериментальды-зерттеу) жұмысы шеңберінде магистранттың және докторанттың жеке жұмыс жоспарында шетелдік ғылыми тағылымдамадан міндетті өтуі көзделеді.

      51. Оқу жоспарын орындамаған магистрант, докторант ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының бастығының бұйрығымен оқудан шығарылады және бұрынғы қызмет орнына қызметке жіберіледі.

      52. Білім алушыларды меңгерілген кредиттерді есепке алуды, аралық аттестаттау ұйымдастыруды жүзеге асыру және білім алушылардың оқу жетістіктерінің есебін жүргізу үшін білім беру сапасын мониторингтеу және бақылау (бағалау) бөлімі құрылады.

4-тарау. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнында тәрбие жұмысын ұйымдастыру

      53. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының тәрбие қызметі мыналарды:

      1) білім алушылардың бойында өз бетінше және білікті түрде шешімдер қабылдауды және іске асыру икемділіктерін қалыптастыруды;

      2) білім алушылардың бойында патриотизм, азаматтылық, интернационализм, жоғары мораль мен адамгершілік сезімін қалыптастыруды;

      3) білім алушыларды салауатты өмір салтына, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуға ынталандыруды;

      4) білім алушылардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыруды;

      5) кафедра (факультет (институт)) бейіні бойынша білім алушылардың ой-өрісін кеңейтуге, таңдаған мамандығына құндылық қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал ететін тақырыптық іс-шаралар өткізуді;

      6) жалпы білім беретін орта мектептерде, техникалық және кәсіптік оқу орнында білім алушылардың арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізуді;

      7) тәрбие процесі міндеттерін іске асыруға бағытталған іс-шараларды қамтиды.

      54. Тәрбие қызметі білім алушылардың, профессорлық-оқытушылық құрамның құқықтары мен бостандықтарын және ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының жарғысының талаптарын сақтау негізінде жүзеге асырылады.

      55. Тәрбие жұмысы профессорлық-оқытушылық құрамның жалпы жүктемесіне кіреді.

5-тарау. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының ғылыми-зерттеу, редакциялық-баспа қызметін және халықаралық қызметін ұйымдастыру

      56. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының ғылыми-зерттеу қызметі ғылымның, білімнің және ТЖМ бөлімшелері мен ведомстволарының практикалық қызметінің интеграциясын қамтамасыз етуге, осы негізде ғылыми-білім беру процесін дамытуға, ғылыми зерттеулер мен инновациялық қызметтің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

      57. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын (бұдан әрі – ҒЗЖ) (іргелі, іздеу, қолданбалы ғылыми зерттеулер) ұйымдастыру мен өткізу ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының құрылымдық бөлімдерінде жүзеге асырылады.

      58. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнындағы ҒЗЖ-ын профессорлық-оқытушылық және ғылыми құрам қатарынан, білім алушылардан тұратын адамдар орындайды.

      59. Аталған жұмыстарды орындау үшін ТЖМ-ның арнаулы оқу орнында уақытша авторлық ұжымдар құрылады.

      60. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының ҒЗЖ-ны орындау профессорлық-оқытушылық және ғылыми құрам үшін негізгі міндеттердің қатарына жатады және жеке жұмыс жоспарына сәйкес жұмыс уақытында жүзеге асырылады.

      61. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының ҒЗЖ:

      1) ТЖМ бөлімшелері мен ведомстволарының практикалық қызметінің міндеттерін шешуге бағытталған іргелі, іздестіру, қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын, тәжірбиелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуді;

      2) ТЖМ бөлімшелерінің және ведомстволарының норма шығармашылық және практикалық қызметін ғылыми, ғылыми-әдістемелік, ақпараттық-аналитикалық қамтамасыз етуді;

      3) жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беруді дамытудың теориялық және әдіснамалық негіздерін зерттеуді және әзірлеуді;

      4) оқу үрдісіне оқытудың инновациялық технологияларын әзірлеу мен енгізуді;

      5) ғылыми зерттеу нәтижелерін оқу процесіне және практикаға енгізуді;

      6) жеке ғылыми мектептерін қалыптастыруды және дамытуды (тиісті ғылыми әлеуеті болған кезде), ғылыми-педагогикалық қызметкерлер мен білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмысына белсенді тартуды;

      7) зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқықтарын қорғауды;

      8) білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыруды және жетекшілік етуді қамтиды.

      62. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнында ғылыми-зерттеу қызметін үйлестіруді бастықтың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары және ғылыми-зерттеу және редакциялық-баспа бөлімі жүзеге асырады.

      63. Ғылыми-зерттеу жұмысы профессорлық-оқытушылық құрамның педагогикалық жүктемесіне кіреді.

      64. ҒЗЖ нәтижесі бойынша күнтізбелік жоспарда көзделген аралық және қорытынды есептер құрастырылады. Есептегі мәліметтердің дұрыстығына жауапкершілік ҒЗЖ басшылары мен орындаушыларына жүктеледі.

      65. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнының өз құзыреті шегінде және белгіленген тәртіпте кадрлар даярлау, ғылыми және педагогикалық қызмет саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

      66. Халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, ТЖМ шетел мемлекеттердің тиісті мекемелерімен жасаған келісімдерге, ТЖМ-ның келісімі бойынша ТЖМ-ның арнаулы оқу орнымен жасасқан тікелей екіжақты келісімшарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      67. ТЖМ-ның арнаулы оқу орны білім алушыларының, профессорлық-оқытушылық және ғылыми құрамының, қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы аумағынан шығуы, сондай-ақ шетелдік делегациялар мен шет мемлекеттердің азаматтарын қабылдау ТЖМ-ның келісімі бойынша жүзеге асырылады.

      68. ТЖМ-ның арнаулы оқу орны өз құзыреті шеңберінде белгіленген тәртіпте ТЖМ-мен келісім бойынша шетелдік әріптестерімен (заңды және (немесе) жеке тұлғалармен) кадрлар даярлау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу саласында ынтымақтастық туралы келісімдер жасайды.