Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 16 ақпанда № 16376 болып тіркелді.

      "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 122 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10477 болып тіркелген, 2015 жылғы 1 сәуірде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2016 жылғы 27 мамырдағы № 357 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтары тізбесінің 6) тармақшасының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13784 болып тіркелген, 2016 жылғы 23 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Сот актілерін орындау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электрондық түріндегі қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және оған енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2018 жылғы 1 ақпандағы
№ 171 бұйрығымен бекітілген

Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 167-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүргізу тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      аумақтық орган – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандар мен қалалардың әділет бөлімшелері;

      жоспарлы бақылау – жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылаудың бекітілген кестесіне сәйкес жүргізілетін жеке сот орындаушысының қызметін атқарушылық іс жүргізу материалдарын тексеру;

      жоспардан тыс бақылау – жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдар түскен кезде не оның өз міндеттерін адал атқармағандығын айқындайтын басқа да ақпарат болған кезде жеке сот орындаушысының қызметін, атқарушылық іс жүргізу материалдарын тексеру;

      уәкілетті орган – атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 04.11.2019 № 530 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылауды уәкілетті орган және оның аумақтық органдары, Жеке сот орындаушыларының республикалық және өңірлік палаталары жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда бақылауды жүргізуге келісім бойынша басқа тиісті уәкілетті мамандар тартылады.

      4. Бақылаудың мақсаттары мен міндеттері:

      атқарушылық құжаттарды жеке орындау саласында атқарушылық әрекеттердің заңдылығын қамтамасыз ету;

      атқарушылық іс жүргізу тараптарының мүліктік және мүліктік емес құқықтарының және заңды мүдделерінің сақталуын, қалпына келуін қамтамасыз ету;

      жеке сот орындаушыларының құқық қолдану тәжірибесінде бірізділікті қамтамасыз ету;

      атқарушылық іс жүргізу саласында жеке сот орындаушыларының бұзушылықтарының алдын алу және ескерту болып табылады.

      5. Бақылауды жүзеге асыру қағидаттары:

      заңдылық;

      обьективтілік;

      алаламаушылық;

      кәсіби этиканы сақтау;

      атқарушылық іс жүргізу тараптарының, жеке сот орындаушысының құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады.

      6. Жеке сот орындаушысын бақылауды өткізу мерзімі он жұмыс күннен аспайтын уақытты құрайды.

      Бақылауды жүргізу жеке сот орындаушысының уақытша жұмысқа қабілетсіздігі мерзімінде уақытша тоқтатылады.

      Жеке сот орындаушысы еңбек демалысында болған кезде немесе басқа себептермен болмаған жағдайда бақылауды өткізу мерзімі ауыстырылады.

      Бақылауды белгілейтін уәкілетті лауазымды тұлға жеке сот орындаушысына бақылауды жүргізу мерзімін ұзартуды, тоқтата тұруды және ауыстыруды жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 18.10.2021 № 892 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Жеке сот орындаушысының қызметіне бақылауды тағайындау туралы бұйрықтың көшірмелері, жеке сот орындаушысын бақылау нәтижелері туралы қорытынды және басқа құжаттар жеке сот орындаушысына тапсырылады немесе хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы немесе жеткізілгендігін тіркеуді қамтамасыз ететін басқа байланыс құралдарын қолданумен жеткізіледі.

2-тарау. Жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылауды жүргізу тәртібі

      8. Жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылау осы Қағидалардың 1-қосымшасындағы нысан бойынша жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылаудың бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіледі.

      9. Аумақтық әділет органы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп әр жыл аяқталғаннан кейін 15 қаңтардан кешіктірмей Заңның 169-бабы талаптарының басшалаққа алып, жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылау кестесін қалыптастырады және бекітеді.

      Аумақтық әділет органы жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылаудың бекітілген кестесін тиісті жылдың 31 қаңтарынан кешіктірмей уәкілетте органға жолдайды.

      10. Жоспарлы бақылау кестесіне әділет органдарында есептік тіркелген кезден бастап алты айдан аса уақыт қызметін жүзеге асырған, сондай-ақ жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылау кестесін қалыптастыру кезінде алты айдан аса уақыт қызметін жүзеге асырмаған, алайда алдағы жылы олардың қызметін жүзеге асыру мерзімі алты айдан аса уақытты құрайтын барлық жеке сот орындаушылары енгізіледі.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 04.11.2019 № 530 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Жеке сот орындаушысын жоспарлы бақылау жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылау кестесінің негізінде аумақтық әділет органның уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалады.

      12. Жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылауды аумақтық әділет органның лауазымды тұлғасы (-лары) жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының өкілімен (-дерімен) бірлесіп жүргізеді.

      13. Жеке сот орындаушыларының қызметін жоспарлы бақылаудың нысанасы:

      атқарушылық іс жүргізу материалдарын тексеру;

      жеке сот орындаушысының іс жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауын тексеру;

      жеке сот орындаушысы архивінің жағдайын тексеру;

      жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптарды сақтауын тексеру болып табылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 04.11.2019 № 530 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Жеке сот орындаушыларын жоспардан тыс бақылауды жүргізу тәртібі

      14. Жеке сот орындаушысын жоспардан тыс бақылау оған қатысты шағымдар, өтініштер не атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру кезінде жасаған заңдылықты бұзу фактілері туралы ақпарат түскен кезде жүргізіледі.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 31.05.2021 № 447 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Шағым, өтініш, хабар не басқа да ақпарат уәкілетті органға немесе аумақтық әділет органына түскен кезде жеке сот орындаушысын жоспардан тыс бақылау тиісті әділет органының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 18.10.2021 № 892 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Шағым, өтініш, хабар не басқа да ақпарат Жеке сот орындаушыларының республикалық немесе өңірлік палатасына түскен кезде жеке сот орындаушысын жоспардан тыс бақылау жеке сот орындаушыларының тиісті палатасының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 18.10.2021 № 892 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Жоспардан тыс бақылау тиісті әділет органының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалған кезде комиссия аумақтық органның қызметкерлерінен құрылады.

      Жоспардан тыс бақылау Республикалық немесе өңірлік палатасының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалған кезде комиссия жеке сот орындаушылары палатасы қызметкерлерінен құрылады.

      Тексеру жүргізу үшін комиссия кемінде үш адамнан құрылады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 31.05.2021 № 447 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Жоспардан тыс бақылаудың мәні келіп түскен шағымның, өтініштің, хабардың және атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру кезінде жасаған заңдылықты бұзу фактілері туралы ақпараттың шеңберінде атқарушылық іс жүргізу материалдарын және жеке сот орындаушысының әрекеттерін зерделеу және тексеру болып табылады.

      Бұл ретте жеке сот орындаушысының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны туралы күшіне енген сот актісі болған жағдайда жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылау жүргізілмейді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 18.10.2021 № 892 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4-тарау. Жеке сот орындаушыларының бақылау қорытындылары

      19. Жеке сот орындаушысының бақылау аяқталғаннан кейін жеке сот орындаушысына жүргізілген бақылау нәтижелері туралы туралы қорытынды (бұдан әрі - қорытынды) жасалады және бақылауды жүргізген тұлға (-лар) қол қояды.

      20. Қорытынды кіріспе, сипаттама-уәждеме және қорытынды бөліктерінен тұрады.

      Қорытындының кіріспе бөлімінде бақылаудың түрі туралы мәліметтер, бақылауды жүзеге асырған адамның және бақылауға жататын жеке сот орындаушысының тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), бақылауды жүргізу мерзімі, жеке сот орындаушысының бақылауды тағайындау туралы бұйрықтың нөмірі және күні көрсетіледі.

      Қорытындының сипаттама-уәждеме бөлігінде жеке сот орындаушысының қызметі туралы және атқарушылық іс жүргізу туралы мәліметтер, оның ішінде атқарушылық әрекеттер хронологиялық тәртіппен баяндалады.

      Қорытынды бөлікте Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың болуы немесе болмауы туралы қорытынды, он бес күннен бастап, бірақ бір айдан аспайтын мерзім белгілене отырып оларды жою жөніндегі ұсынымдар баяндалады және жеке сот орындаушысының бұзушылықтарды жойғаны туралы ақпаратты тиісті аумақтық органға немесе жеке сот орындаушыларының тиісті палатасына беру міндеті көрсетіледі.

      Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық жойылған және (немесе) келтірілген залал қалпына келтірілген жағдайда, қорытынды жеке сот орындаушыларының өңірлік (республикалық) палатасының тиісті тәртіптік комиссиясына қарауға жолданады.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 18.10.2021 № 892 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Қорытындыға мынадай құжаттар тіркеледі:

      1) жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) не оның өз міндеттерін адал атқармағандығын айқындайтын басқа да ақпарат болған кезде шағымдардың көшірмесі;

      2) жеке сот орындаушысының кызметіне жоспарлы немесе жоспардан тыс бақылауды жүргізу туралы бұйрықтың көшірмесі;

      3) жеке сот орындаушысының түсініктемесінің көшірмесі (бар болса) немесе түсініктеме беруден бас тарту туралы актінің көшірмесі;

      4) атқарушылық іс жүргізу материалдарының көшірмесі (бар болса) немесе оны ұсынудан бас тарту туралы актінің көшірмесі;

      5) жеке сот орындаушысының оның қызметіне жоспарлы немесе жоспардан тыс бақылау жүргізу туралы бұйрықпен және жеке сот орындаушысының қызметіне жүргізілген бақылау нәтижелері туралы қорытындымен танысқанын растайтын құжаттардың көшірмесі.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 31.05.2021 № 447 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      22. Жеке сот орындаушысы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жоймаған және (немесе) келтірілген залалды қалпына келтірмеген жағдайда, қорытынды жеке сот орындаушыларының өңірлік (Республикалық) палатасының тиісті тәртіптік комиссиясына қарауға жолданады.

      Заңның 143, 144-баптарында көзделген бұзушылықтар бойынша уәкілетті органға жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы ұсыныс енгізіледі.

      Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру (тоқтату) туралы ұсынысқа осы Қағидалардың 21-тармағында көзделген құжаттар тіркеледі.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 18.10.2021 № 892 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Тәртіптік комиссияға немесе уәкілетті органға ұсынылған материалдар толық емес, жеткіліксіз немесе негізсіз болған жағдайда, материалдар қайтарылады. Материалдардың қайтарылуы оларды қайта жолдауға кедергі болып табылмайды.

      24. Аумақтық әділет органдары, жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталары жеке сот орындаушыларын жоспарлы/жоспардан тыс бақылау қорытындылары туралы тоқсан сайынғы есеп жасайды, ол уәкілетті органға, жеке сот орындаушыларының Республикалық палатаға есептік кезеңнен кейінгі келесі айдың 10-на осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша жолданады.

  Жеке сот орындаушыларының
қызметін бақылауды жүзеге
асыру қағидаларына 1-қосымша
  Нысан

Келісілді"
Қазақстан Республикасы
_______________________
Жеке сот орындаушыларының
Өңірлік палатасы басшысы
_______ _________________________
(қолы) (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде)
20___ жыл "__" _________

"Бекітемін"
______________________________________
Әділет Департаментінің басшысы
 
 
_______ _________________________
(қолы) (тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде)
20___ жыл "__" _________

20__ жылға ________________________________ жеке сот орындаушыларын (өңір) жоспарлы бақылау кестесі

Жеке сот орындаушыларын тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде)

Аумақтық әділет органында есептік тіркеу мерзімі

Бақалауды жүргізу айы

1




...




  Жеке сот орындаушыларының
қызметін бақылауды жүзеге
асыру қағидаларына 2-қосымша
  Нысан

20__жылдың____тоқсанына_______________________Әділет департаментінің / жеке сот (өңір) орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушыларын жоспарлы / жоспардан тыс бақылау қорытындысы бойынша есеп

Жеке сот орындаушыларын тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде)

Бақылау негізі

Бақылау мерзімі (өткізу күні)

Бақылау қорытындылары (бұйрықтың № және күні, қорытындының күні, анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар)

Қабылданған шаралар (жауапкершілік, бұйрықтың № және күні, бұзушылықтарды жою, ұсынымдарды орындау)

1






...






      Әділет департаментінің/өңірлік палатаның басшысы

      _______      _________________________________

      (қолы)            Тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде)

      20___ жыл "__" _________