"Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2025 жылғы 9 маусымдағы № 314 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 18 маусымда № 36301 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16376 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларында:

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Қорытынды кіріспе, сипаттама-уәждеме және қорытынды бөліктерінен тұрады.

      Қорытындының кіріспе бөлігінде бақылаудың түрі туралы мәліметтер, бақылауды жүзеге асырған адамның және бақылауға жататын жеке сот орындаушысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), бақылауды жүргізу мерзімі, жеке сот орындаушысының бақылауды тағайындау туралы бұйрықтың нөмірі және күні көрсетіледі.

      Қорытындының сипаттама-уәждеме бөлігінде жеке сот орындаушысының қызметі туралы және атқарушылық іс жүргізу туралы мәліметтер, оның ішінде атқарушылық әрекеттер хронологиялық тәртіппен баяндалады.

      Қорытынды бөлікте Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың болуы немесе болмауы, төмендегі мерзімдер белгілене отырып, оларды жою жөніндегі ұсынымдар туралы қорытындыда:

      жоспардан тыс бақылау бойынша – бес жұмыс күні және бұзушылықтарды жойғаны туралы ақпаратты тиісті аумақтық органға немесе аумақтылық бойынша өңірлік палатаға қорытындыда берілген мерзімі аяқталған соң үш жұмыс күні ішінде беру көрсетіледі;

      жоспарлы бақылау бойынша – он жұмыс күні және бұзушылықтарды жойғаны туралы ақпаратты тиісті аумақтық органға немесе аумақтылық бойынша өңірлік палатаға қорытындыда берілген мерзімі аяқталған соң үш жұмыс күні ішінде беру көрсетіледі.

      Бұзушылықтарды жою мүмкін болмаған жағдайда жеке сот орындаушыға мерзімдер берілмейді, ол туралы қорытындыда көрсетіледі.";

      мынадай редакциядағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Бақылау жүргізген тұлғалар осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген ақпаратты алғанан кейін, бес жұмыс күні ішінде қорытындыда көрсетілген бұзушылықтарды жоюдың дұрыстығын "Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйесі" ақпараттық жүйесі арқылы да, атқарушылық іс жүргізу материалдары арқылы да салыстырады.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін қорытынды жеке сот орындаушыларының Республикалық немесе аумақтылығы бойынша өңірлік палаталарының тәртіптік комиссиясының қарауына жіберіледі.

      Қорытынды осы Қағидалардың 20-1-тармағында көзделген мерзім өткеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей Республикалық немесе аумақтылығы бойынша өңірлік жеке сот орындаушылары палаталарының тәртіптік комиссиясының қарауына жіберіледі.

      Заңның 143, 144-баптарында көзделген бұзушылықтар бойынша уәкілетті органға жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы ұсыныс енгізіледі.

      Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру (тоқтату) туралы ұсынысқа осы Қағидалардың 21-тармағында көзделген құжаттар қоса беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Әділет министрі Е. Сарсембаев