"Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2021 жылғы 18 қазандағы № 892 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 22 қазанда № 24852 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16376 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларында:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Жеке сот орындаушысын бақылауды өткізу мерзімі он жұмыс күннен аспайтын уақытты құрайды.

      Бақылауды жүргізу жеке сот орындаушысының уақытша жұмысқа қабілетсіздігі мерзімінде уақытша тоқтатылады.

      Жеке сот орындаушысы еңбек демалысында болған кезде немесе басқа себептермен болмаған жағдайда бақылауды өткізу мерзімі ауыстырылады.

      Бақылауды белгілейтін уәкілетті лауазымды тұлға жеке сот орындаушысына бақылауды жүргізу мерзімін ұзартуды, тоқтата тұруды және ауыстыруды жүзеге асырады.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Шағым, өтініш, хабар не басқа да ақпарат уәкілетті органға немесе аумақтық әділет органына түскен кезде жеке сот орындаушысын жоспардан тыс бақылау тиісті әділет органының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалады.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Шағым, өтініш, хабар не басқа да ақпарат Жеке сот орындаушыларының республикалық немесе өңірлік палатасына түскен кезде жеке сот орындаушысын жоспардан тыс бақылау жеке сот орындаушыларының тиісті палатасының уәкілетті тұлғасының бұйрығымен тағайындалады.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Жоспардан тыс бақылаудың мәні келіп түскен шағымның, өтініштің, хабардың және атқарушылық әрекеттерді жүзеге асыру кезінде жасаған заңдылықты бұзу фактілері туралы ақпараттың шеңберінде атқарушылық іс жүргізу материалдарын және жеке сот орындаушысының әрекеттерін зерделеу және тексеру болып табылады.

      Бұл ретте жеке сот орындаушысының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзғаны туралы күшіне енген сот актісі болған жағдайда жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылау жүргізілмейді.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Қорытынды кіріспе, сипаттама-уәждеме және қорытынды бөліктерінен тұрады.

      Қорытындының кіріспе бөлімінде бақылаудың түрі туралы мәліметтер, бақылауды жүзеге асырған адамның және бақылауға жататын жеке сот орындаушысының тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), бақылауды жүргізу мерзімі, жеке сот орындаушысының бақылауды тағайындау туралы бұйрықтың нөмірі және күні көрсетіледі.

      Қорытындының сипаттама-уәждеме бөлігінде жеке сот орындаушысының қызметі туралы және атқарушылық іс жүргізу туралы мәліметтер, оның ішінде атқарушылық әрекеттер хронологиялық тәртіппен баяндалады.

      Қорытынды бөлікте Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтың болуы немесе болмауы туралы қорытынды, он бес күннен бастап, бірақ бір айдан аспайтын мерзім белгілене отырып оларды жою жөніндегі ұсынымдар баяндалады және жеке сот орындаушысының бұзушылықтарды жойғаны туралы ақпаратты тиісті аумақтық органға немесе жеке сот орындаушыларының тиісті палатасына беру міндеті көрсетіледі.

      Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық жойылған және (немесе) келтірілген залал қалпына келтірілген жағдайда, қорытынды жеке сот орындаушыларының өңірлік (республикалық) палатасының тиісті тәртіптік комиссиясына қарауға жолданады.";

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Жеке сот орындаушысы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жоймаған және (немесе) келтірілген залалды қалпына келтірмеген жағдайда, қорытынды жеке сот орындаушыларының өңірлік (Республикалық) палатасының тиісті тәртіптік комиссиясына қарауға жолданады.

      Заңның 143, 144-баптарында көзделген бұзушылықтар бойынша уәкілетті органға жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы ұсыныс енгізіледі.

      Жеке сот орындаушысы лицензиясының қолданысын тоқтата тұру (тоқтату) туралы ұсынысқа осы Қағидалардың 21-тармағында көзделген құжаттар тіркеледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев