"Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2019 жылғы 4 қарашадағы № 530 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 7 қарашада № 19566 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 1 ақпандағы № 171 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16376 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 26 ақпанда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      Осы бұйрықпен бекітілген Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауды жүзеге асыру қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      аумақтық орган – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандар мен қалалардың әділет бөлімшелері;

      жоспарлы бақылау – жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылаудың бекітілген кестесіне сәйкес жүргізілетін жеке сот орындаушысының қызметін атқарушылық іс жүргізу материалдарын тексеру;

      жоспардан тыс бақылау – жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдар түскен кезде не оның өз міндеттерін адал атқармағандығын айқындайтын басқа да ақпарат болған кезде жеке сот орындаушысының қызметін, атқарушылық іс жүргізу материалдарын тексеру;

      уәкілетті орган – атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды және осы саладағы қызметті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жоспарлы бақылау кестесіне әділет органдарында есептік тіркелген кезден бастап алты айдан аса уақыт қызметін жүзеге асырған, сондай-ақ жеке сот орындаушыларын жоспарлы бақылау кестесін қалыптастыру кезінде алты айдан аса уақыт қызметін жүзеге асырмаған, алайда алдағы жылы олардың қызметін жүзеге асыру мерзімі алты айдан аса уақытты құрайтын барлық жеке сот орындаушылары енгізіледі.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Жеке сот орындаушыларының қызметін жоспарлы бақылаудың нысанасы:

      атқарушылық іс жүргізу материалдарын тексеру;

      жеке сот орындаушысының іс жүргізуге қойылатын талаптарды сақтауын тексеру;

      жеке сот орындаушысы архивінің жағдайын тексеру;

      жеке сот орындаушысының қызметтік үй-жайының орналасқан жеріне және жабдықталуына қойылатын талаптарды сақтауын тексеру болып табылады.";

      21- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Қорытындыға мынадай құжаттар тіркеледі:

      1) жеке сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) не оның өз міндеттерін адал атқармағандығын айқындайтын басқа да ақпарат болған кезде шағымдардың көшірмесі;

      2) жеке сот орындаушысының кызметіне жоспарлы немесе жоспардан тыс бақылауды жүргізу туралы бұйрықтың көшірмесі;

      3) жеке сот орындаушысының түсініктемесінің көшірмесі (бар болса) немесе түсініктеме беруден бас тарту туралы актінің көшірмесі;

      4) атқарушылық іс жүргізу материалдарының көшірмесі (бар болса) немесе оны ұсынудан бас тарту туралы актінің көшірмесі;

      5) жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасынан алынған жеке сот орындаушысының тәртіптік жазаның бар немесе жоқ екендігі туралы құжаттың көшірмесі;

      6) жеке сот орындаушысының оның қызметіне жоспарлы немесе жоспардан тыс бақылау жүргізу туралы бұйрықпен және жеке сот орындаушысының қызметіне жүргізілген бақылау нәтижелері туралы қорытындымен танысқанын растайтын құжаттардың көшірмесі.".

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау департаменті:

      1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет Вице-министірне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр М. Бекетаев