Сот сарапшыларының біліктілік даярлығы қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 31 наурыздағы № 342 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 11 сәуірде № 15003 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 10 ақпандағы "Сот-сараптамасы қызметі туралы" Заңының 12-тармағы 14) тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған сот сарапшыларының біліктілік даярлығы туралы Қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010 жылғы 20 сәуірдегі № 122 “Арнайы кәсіби даярлық Қағидасын бекіту туралы” (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6211 тіркелген, 2010 жылғы 11 қарашадағы № 303-305 (26364-26366) "Казахстанская правда" газетінде жарияланған, 2013 жылғы 29 тамыздағы № 287 "Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2010 жылғы 20 сәуірдегі № 122 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары органына алғаш жұмысқа қабылданған тұлғалардың арнайы кәсіби дайындықтан өту Қағидасын бекіту туралы” (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8727 тіркелген, 2013 жылғы 20 қарашадағы № 319 (27593) "Казахстанская правда" газетінде жарияланған) бұйрықтарының күші жойылды деп саналсын.

      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сараптама қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күнінен бастап Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмелерін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін шаруашылық жүргізу құқығындағы “Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы” Республикалық мемлекеттік кәсіпорынына жіберуді;

      3) Осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Әділет министрінің 10.06.2026 № 549 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2017 жылғы 31 наурыздағы
№ 342 бұйрығымен
бекітілді

Сот сарапшыларының біліктілік даярлығы қағидасы

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 27.01.2020 № 19 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы сот сарапшыларының біліктілік даярлығы туралы қағидасы (бұдан әрі - Қағида) "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (бұдан әрі - Орталық) – сот сараптамалар органына алғаш сарапшы ретінде жұмысқа қабылданатын қызметкердің және сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия алуға үміткер адамдардың (бұдан әрі – үміткерлер) біліктілік даярлығын ұйымдастырудың бірыңғай тәртібін анықтайды.

      2. Қағидалар кейіннен сот сарапшысы біліктілігін беру үшін игерілетін сот-сараптама мамандығы бойынша жоғары білімі бар үміткерді даярлауды тиімді ұйымдастыруға бағытталған.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 10.06.2026 № 549 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Біліктілік даярлығын ұйымдастыру Орталыққа жүктеледі, ол сараптама мамандығы бойынша тиісті жұмыс тәжірибесі бар даярлау басшысын анықтайды, оның қорытындысы бойынша есепті бекітеді, біліктілік даярлығы барысы бойынша бақылауды жүзеге асырады.

      4. Үміткерлердің біліктілік даярлықтан өтуін қамтамасыз ету, сараптама мамандығын жетік игеру үшін оған қажетті жағдайларды жасауды Орталық жүзеге асырады.

      5. Үміткердің біліктілік даярлығының мерзімін игерілген сот-сараптама мамандығына, базалық даярлық деңгейіне, тиісті сараптама мамандығының болуына, сондай-ақ үміткердің тиісті білім саласында жұмыс тәжірибесіне байланысты Орталықтың келісімі бойынша үш айдан бір жылға дейін құрайды және біліктілік даярлығының басшысы белгілейді.

      Үміткердің құжаттарын қарауды және біліктілік даярлығының мерзімін келісуді Орталық олар келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүзеге асырады.

      Біліктілік даярлығының мерзімін айқындау кезінде үміткердің игерілетін мамандық бойынша жұмыс өтілі, кәсіптік даярлық деңгейі, практикалық тәжірибесінің болуы, сондай-ақ сот сараптамасының белгілі бір түрі шеңберінде тиісті сараптама мамандығының болуы ескеріледі.

      Бұрын сот сараптамасы органында жүргізілмеген сот сараптамасының жаңа түрін енгізу кезінде үміткерді біліктілік даярлау тиісті объектілерді немесе заттарды зерттеу саласында қажетті материалдық-техникалық базасы мен құзыреті бар сыртқы ұйымдарда (жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми-зерттеу институттарында, ғылыми-техникалық орталықтарда және өзге де ұйымдарда) не сараптаманың осы түрін жүргізу тәжірибесі бар сот-сараптама органдарында не осындай ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлерін тарта отырып жүргізіледі.

      Сыртқы ұйымдарда біліктілік даярлығының мерзімі бір айдан кем емес мерзімде белгіленеді. Біліктілік даярлығы нәтижелері бойынша зерттеу әдістемелерін игеруді және жұмыстың практикалық дағдыларын игеруді растайтын құжат (сертификат, куәлік) ұсынылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 10.06.2026 № 549 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Біліктілік даярлық мазмұны тиісті сараптама мамандығы бойынша типтік біліктілік даярлық бағдарламасымен анықталады (бұдан әрі - БДБ), оны Орталық құрастырады және бекітеді.

      7. Қызметкерді нақты сот-сараптама мамандығы бойынша БДБ келесіні қамтиды:

      1) жалпы бөлімі: құқықтық білім негіздері (қылмыстық, азаматтық, әкімшілік процесстер негіздері), криминалистикалық және сот экспертологияның ғылыми негіздері;

      2) арнайы бөлімі: сот сараптамасының анықталған түрінің теориялық және әдістемелік негіздері, сот сараптамасының анықталған түрін тағайындау және өндірісі негіздері.

      8. Үміткердің біліктілік даярлығы жеке сипатта және олар төмендегіні қарастырады:

      жеке теоретикалық және тәжірибелік дайындықты;

      қажетті кәсіби дағдыларды алу және оларды біліктілік даярлау басшысының басшылығымен сот-сараптамасы өндірісіне қатысу, арқылы жетілдіру;

      сот-сараптамасы қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді дербес зерделеу;

      сарапшы қорытындысын құрастыру бойынша тәжірибелік дағдыларды алу;

      сот-сараптама зерттеулерінің тәсілдері мен әдістемелерін зерделеу;

      біліктілік даярлау басшысымен зерделенген материалдарды бекіту және тәжірибелік дағдыларды жетілдіру үшін сараптама тәжірибесіндегі проблемалық мәселелерді бірлесіп талқылау.

      9. Біліктілік даярлау басшысы:

      үміткерге теориялық мәселелерді игеру және тәжірибелік дағдыларды алуға көмек көрсетеді;

      сараптама зерттеулер тәсілдері мен әдістемелерін зерделеу кезінде қиындық келтіретін мәселелерді түсіндіреді;

      теоретикалық мәселелер бойынша ауызша сұранысты жүзеге асырады, тәжірибелік тапсырмалардың орындалуын бақылайды;

      біліктілік даярлық барысы туралы Орталықты хабардар етеді.

      10. Үміткер біліктілік даярлау мерзімінің өтуі бойынша орындалған жұмыс мазмұны мен көлемін көрсетіп, онда даярлау бағдарламасы бейнеленген біліктілік даярлықты өту туралы жазбаша есебін құрастырады, біліктілік даярлау басшысы жазбаша сұраныс түрінде сот-сараптамасы мамандығын игеру ұзақтығы, көлемі мен тиімділігі көрсетіліп, қажетті ұсыныстар береді.

      11. Біліктілік даярлау нәтижелерін қорытындылау біліктілік даярлықты өту деңгейі мен сапасын анықтау үшін Орталықтың үміткермен сұхбаттасуы арқылы жүргізіледі.

      12. Орталықтың ұсынымы бойынша сұхбаттасу қорытындысы нәтижесінде біліктілік даярлықты өткен үміткер сот сарапшысы біліктілігін алу үшін біліктілік емтиханды тапсыруға жіберіледі.