Cот-сараптама қызметі туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2017 жылғы 10 ақпандағы № 44-VІ ҚРЗ.

      Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

     

      Осы Заң Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметін жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда қамтылған кейбір ұғымдарды түсіндіру

      Осы Заңда қамтылған ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:

      1) арнайы ғылыми білім – мазмұнын сот-сараптамалық зерттеулердің әдістемелерінде іске асырылған ғылыми білім құрайтын арнайы білім саласы;

      2) валидация – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізілетін, сот-сараптамалық зерттеудің әдістері мен әдістемелерін пайдаланудың жарамдылығын бағалау;

      3) сараптама мамандығы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу саласындағы сот сарапшысының біліктілігін берумен расталған сот сарапшысының ғылыми құзыреті;

      4) сарапшының қорытындысы – Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес ресімделген, сот-сараптамалық зерттеудің барысы мен нәтижелерін көрсететін жазбаша құжат;

      5) сот-сараптама қызметі – сот сараптама органдарының және сот сарапшыларының сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі қызметі;

      6) сот-сараптамалық зерттеу әдістемесі – сот сараптамасының нысанасына қатысты нақты деректерді анықтау үшін сот сараптамасы объектілерін зерделеу кезінде қолданылатын әдістер жүйесі;

      7) сот-сараптамалық зерттеу әдісі – сот сараптамасының нысанасына қатысты нақты деректерді анықтау үшін сот сараптамасы объектілерін зерделеу кезінде қолданылатын логикалық және (немесе) аспаптық операциялар (тәсілдер, әдістер) жүйесі;

      8) сот сараптамасы – шешілуі үшін маңызы бар нақты деректерді анықтау мақсатында арнайы ғылыми білім негізінде жүргізілетін қылмыстық, азаматтық істің не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдарын зерттеу;

      9) сот сараптамасының нысанасы – сот сараптамасын жүргізу арқылы анықталатын қылмыстық, азаматтық істі не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі шешу үшін маңызы бар нақты деректер;

      10) сот сараптамасының объектілері – заттай дәлелдемелер, құжаттар, адамның денесі, адамның психикалық жай-күйі, мәйіттер, жануарлар, үлгілер, сондай-ақ сот сараптамасы жүргізілетін іс материалдарында қамтылған, сот сараптамасының нысанасына қатысты мәліметтер;

      11) сот сараптамасы органы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлға;

      12) сот сарапшысы – арнайы ғылыми білімі бар және заңда белгіленген өзге де талаптарға сай келетін, өзіне сот сараптамасын жүргізу тапсырылған, іске мүдделі емес жеке тұлға;

      13) сот сарапшысын аттестаттау – сот сарапшысының заңда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуін айқындау бойынша мерзімді түрде жүзеге асырылатын рәсім;

      14) сот сарапшысының біліктілігі – сараптаманың белгілі бір түрінің объектілерін зерттеу мақсатында кәсіби білімі бар адамның мақсатты даярлықтан өтуі арқылы алған білімінің, машықтары мен дағдыларының кешені;

      15) үлгілер – сот сараптамасын жүргізу үшін қажетті тірі адамның, мәйіттің, жануардың, өсімдіктің, бұйымның, материалдың немесе заттың қасиеттерін көрсететін материалдық объектілер.

2-бап. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Сот-сараптама қызметінің міндеті

      Әкімшілік сот ісін жүргізуді, қылмыстық, азаматтық істер бойынша, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді сот сараптамасының нәтижелерімен қамтамасыз ету сот-сараптама қызметінің міндеті болып табылады.

      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

4-бап. Сот-сараптама қызметінің мазмұны

      Сот-сараптама қызметінің мазмұны:

      1) қылмыстық, азаматтық істер бойынша, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізуде сот сараптамасын жүргізуді;

      2) сот сараптамасы саласындағы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруды және жүргізуді;

      3) сот сараптамасын ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастыруды және жүзеге асыруды;

      4) сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарды іріктеуді, даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды;

      5) сот сараптамасы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қамтиды.

      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

5-бап. Сот-сараптама қызметінің қағидаттары

      Сот-сараптама қызметі:

      1) заңдылық;

      2) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау;

      3) сот сарапшысының тәуелсіздігі;

      4) сот-сараптамалық зерттеулердің жан-жақтылығы, толықтығы, объективтілігі және ғылыми негізділігі;

      5) сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды, әдістер мен әдістемелерді пайдалануға жол берушілік;

      6) сот сарапшысының әдебін сақтау қағидаттарына негізделеді.

6-бап. Сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезіндегі заңдылық

      Сот-сараптама қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптары дәл орындалған жағдайда жүзеге асырылады.

7-бап. Сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау

      1. Сот-сараптама қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері, заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделері сақталған жағдайда жүзеге асырылады.

      2. Адамның құқықтары мен бостандықтарын уақытша шектеуді талап ететін сот-сараптамалық зерттеулер заңда белгіленген негіздерде және тәртіппен ғана жүргізіледі.

      3. Сот сараптамасы органының немесе сот сарапшысының әрекеттері (әрекетсіздігі) адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін не заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін шектеуге алып келді деп пайымдайтын адам көрсетілген әрекеттерге (әрекетсіздікке) заңда белгіленген тәртіппен шағым жасауға құқылы.

8-бап. Сот сарапшысының тәуелсіздігі

      1. Сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сараптамасын тағайындаған органнан (адамнан), сот сараптамасы органының басшысынан және басқа адамдардан тәуелсіз болады.

      2. Сот сарапшысы жүргiзiлген зерттеулердің нәтижелерi негiзінде оның арнайы ғылыми біліміне сәйкес өз атынан қорытынды береді.

      3. Сот сарапшысы зерттеудің ғылыми-техникалық құралдарын, әдiстерi мен әдістемелерін таңдауда дербес болады, олардың жарамдылығы заңда айқындалады.

      4. Сот сарапшысына құқыққа сыйымсыз ықпал етуге және оның заңды қызметіне кедергі келтіруге жол берілмейді және олар заңда белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

9-бап. Сот-сараптамалық зерттеулердің жан-жақтылығы, толықтығы, объективтілігі және ғылыми негізділігі

      1. Сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшысы объектілерді арнайы ғылыми білімге негізделген жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық шараларды қабылдауға міндетті.

      2. Сарапшының қорытындысы жалпыға бірдей қабылданған ғылыми және практикалық деректер негізінде жасалған түйіндердің негізділігі мен анықтығын тексеруге мүмкіндік беретін ережелерге негізделуге тиіс.

10-бап. Сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды, әдістер мен әдістемелерді пайдалануға жол берушілік

      1. Сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды, әдістер мен әдістемелерді қолдануға, егер олар:

      1) заңда тiкелей көзделсе немесе олардың нормалары мен қағидаттарына қайшы келмесе;

      2) ғылыми жағынан дәлелді болса;

      3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;

      4) қауіпсіз болса, жол беріледі.

      2. Сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізген кезде Қазақстан Республикасының Сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген әдістемелерді қолданады. Егер өзге әдістемелер осы баптың 1-тармағының талаптарына сай келсе, оларды қолдануға жол беріледі. Бұл ретте, оларды қолданудың ғылыми негіздемесі сарапшының қорытындысында көрсетілуі тиіс.

11-бап. Сот сарапшысының әдебін сақтау

      Сот сарапшысы сот-сараптама қызметін жүзеге асырған кезде Сот сарапшысының әдеп кодексін сақтауға міндетті.

2-тарау. СОТ-САРАПТАМАСЫ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

12-бап. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің құзыреті

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің құзыретіне:

      1) сот-сараптама қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      2) сот-сараптама қызметі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      3) сот сараптамасы органдары жүргізетін сот сараптамалары түрлерінің және біліктілігін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі беретін сараптама мамандықтарының тізбесін әзірлеу және бекіту;

      4) сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      5) сот сараптамасы объектілерімен жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      6) сот сараптамаларының күрделілік санаттарын айқындау қағидаларын, сот сараптамаларының күрделілік санаттарына қарай оларды жүргізу мерзімдерін есептеу тәртібін, сондай-ақ сот сараптамаларын жүргізуді тоқтата тұрудың және мерзімін ұзартудың негіздері мен тәртібін әзірлеу және бекіту;

      7) сот сараптамасы органдары сот сарапшыларының жүктемелері нормативтерін әзірлеу және бекіту;

      8) сот сараптамасы органдарында сот сараптамасын жүргізудің құнын айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      9) сот-сараптамалық зерттеулердің әдістері мен әдістемелері валидациясының қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      10) сот-сараптамалық зерттеулердің әдістемелерін әзірлеу, сынамадан өткізу және енгізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      11) Қазақстан Республикасы Сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру, жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      12) Қазақстан Республикасы Сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу;

      13) сот сараптамасын жүргізуге арналған арнайы жарақтандырылған үй-жайларға қойылатын стандарттар мен талаптарды әзірлеу және бекіту;

      14) сот сарапшыларының біліктілік даярлығы қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      15) сот сарапшысы біліктілігін беру үшін емтихандарды қабылдау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      16) сот сарапшысы біліктілігін беру жөніндегі комиссия туралы ережені және оның құрамын әзірлеу және бекіту;

      17) сот сарапшысы біліктілігін беру үшін біліктілік емтихандарын қабылдау;

      18) сот сарапшыларын аттестаттау қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      19) сот сарапшыларын аттестаттауды өткізу жөніндегі комиссия туралы ережені және оның құрамын әзірлеу және бекіту;

      20) сот сарапшыларын аттестаттау;

      21) сот сарапшыларының біліктілігін арттыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      22) Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін қалыптастыру, жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      23) Қазақстан Республикасы сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін жүргізу;

      24) сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия туралы ережені және оның құрамын әзірлеу және бекіту;

      25) сот-сараптама қызметі саласында лицензиялауды жүзеге асыру;

      26) Сот сарапшысының әдеп кодексін әзірлеу және бекіту;

      26-1) сот-сараптама қызметі саласындағы кәсіптік стандартты әзірлеу және бекіту;

      27) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктер жатады.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2023 № 15-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны берудің, қайта ресімдеудің, беруден бас тартудың тәртібі мен шарттары, сондай-ақ лицензияның негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдардың қызметін бақылау

      1. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия жеке тұлғаларға беріледі.

      2. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны берудің, қайта ресімдеудің, беруден бас тартудың тәртібі мен шарттары "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.

      3. Сот-сараптама қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды.

      4. Лицензияның негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдардың қызметін бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2020 № 352-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

14-бап. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, қайта жалғастыру, тоқтату және одан айыру

      1. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жалпы негіздерден басқа, адамның сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиясының қолданысы:

      1) ол мемлекеттік қызметте болған;

      2) ол Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының, өз қызметін бюджет қаражаты есебінен ақы төленетін, жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутатының өкілеттіктерін атқарған;

      3) ол сот сараптамасы органдарында сарапшы лауазымында жұмыс істеген;

      4) ол мерзімді әскери қызметті өткерген;

      5) осы Заңның 22-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда тоқтатыла тұрады.

      Лицензияны тоқтата тұруға негіз болған себептер жойылған кезде оның қолданысы "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімдерде қайта жалғастырылады.

      2. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жалпы негіздерден басқа, сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату:

      1) адам қайтыс болған;

      2) заңды күшіне енген сот шешімі бойынша адам әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі, қайтыс болған не хабарсыз кеткен деп танылған;

      3) адам Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;

      4) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;

      5) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде адам қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған;

      6) адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда жүзеге асырылады.

      3. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жалпы негіздерден басқа, сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айыру:

      1) адам сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын өрескел немесе күнтізбелік бір жыл ішінде екі және одан да көп рет бұзған;

      2) аттестаттау нәтижелері бойынша біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі салдарынан адамның сот сарапшысы міндеттерін атқаруы мүмкін болмаған;

      3) адам аттестаттаудан өтуден жалтарған жағдайларда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің талап арызы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады.

      4. Сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданысын сот-сараптама қызметiн лицензиялау жөнiндегi комиссия ұсынған материалдар негізінде лицензиар тоқтата тұрады, қайта жалғастырады және тоқтатады.

      Лицензиясының қолданысы тоқтатыла тұрған, қайта жалғастырылған немесе тоқтатылған адам қабылданған шешім туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі және тиісті мәліметтер бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізіліміне енгізіледі.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2020 № 352-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

15-бап. Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімі

      1. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшылары, сондай-ақ сот-сараптама қызметiмен айналысуға арналған лицензиясы бар адамдар туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi.

      2. Сот сараптамасын жүргізу, осы Заңның 19-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген адамдарға тапсырылады.

3-тарау. СОТ САРАПТАМАСЫ ОРГАНЫНЫҢ БАСШЫСЫ. СОТ САРАПШЫСЫ

16-бап. Сот сараптамасы органының басшысы

      Сот сараптамасы органының басшысы сот сараптамасы органының сот-сараптама қызметіне басшылықты жүзеге асыратын адам болып табылады (сот сараптамасы органының бірінші басшысы, сот сараптамасы органы аумақтық бөлімшесінің басшысы).

17-бап. Сот сараптамасы органы басшысының құқықтары

      1. Сот сараптамасы органының басшысы:

      1) осы Заңның 43-бабының 1-тармағына сәйкес тиісті уәждерді көрсете отырып, сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды және зерттеуге ұсынылған объектілерді орындамай қайтаруға;

      2) егер арнайы ғылыми білімі қорытынды беру үшін қажет болса, сот сарапшылары комиссиясының құрамына осы сот сараптамасы органында жұмыс істемейтін адамдарды енгізу туралы сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) алдында өтінішхат беруге;

      3) шет мемлекеттің сот сарапшысын тарту туралы сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) алдында өтінішхат беруге;

      4) сот сараптамасын жүргізу мерзімін ұзарту туралы сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) алдында уәжді өтінішхатты мәлімдеуге құқылы.

      Сот сараптамасы органы басшысының сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтары бар.

      2. Сот сараптамасы органы басшысының:

      1) сот сараптамасын жүргізу үшін қажетті объектілерді өзі дербес талап етуге;

      2) осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) келісімінсіз оны жүргізуге тартуға;

      3) сот сарапшысына нақты сот сараптамасы бойынша түйіндердің мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқығы жоқ.

18-бап. Сот сараптамасы органы басшысының міндеттері

      Сот сараптамасы органының басшысы:

      1) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды және зерттеу объектілерін алған кезде заң талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты бір сот сарапшысына немесе сот сарапшылары комиссиясына жүргізуді тапсыруға;

      2) сот сарапшысының тәуелсіздігі қағидатын бұзбай, сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуын, жүргізілетін зерттеулердің жан-жақтылығын, толықтығын, объективтілігі мен ғылыми негізділігін бақылауды, сондай-ақ сот сараптамасы объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге;

      3) зерттеулер аяқталғаннан кейін сарапшының қорытындысын, зерттеу объектілерін және зерттеуге ұсынылған басқа да материалдарды сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жолдауға;

      4) сот сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге;

      5) зерттеулер жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.

19-бап. Сот сарапшысы

      1. Сот сараптамасын жүргізу:

      1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;

      2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын жеке тұлғаларға;

      3) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда біржолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.

      2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығында тұруға тиіс.

      3. Біржолғы тәртіппен сот сараптамасын жүргізу:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген сот сараптамалары түрлерінің тізбесінде көзделмеген сот сараптамасы тағайындалған;

      2) сот сараптамасы органдарының қызметкерлерi болып табылатын тиiстi мамандықтағы сот сарапшыларынан, сондай-ақ лицензия негiзiнде сот-сараптама қызметiмен айналысатын адамдардан уәжді бас тарту қанағаттандырылған не сот сараптамасы органы тұтастай сот сараптамасын жүргiзуден уәжді шеттетiлген;

      3) осы Заңның 62-бабына сәйкес шет мемлекеттiң сот сарапшысы тартылған жағдайларда тапсырылуы мүмкiн.

      4. Сот сарапшысы біліктілік талаптарына және заңда белгіленген өзге де талаптарға сай келуге тиіс.

      5. Мынадай:

      1) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп таныған;

      2) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;

      3) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде қылмыс жасағаны үшін сотталған немесе қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам сот сарапшысы бола алмайды.

      6. Тиісті заңдық факт басталған сәттен бастап үш жыл ішінде:

      1) заңда белгіленген тәртіппен соттылығы өтелген немесе алынған;

      2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған;

      3) мемлекеттік қызметтен, құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан, әскери қызметтен, сот сараптамасы органдарынан тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан босатылған;

      4) сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айрылған адам сот сарапшысы бола алмайды.

      5) алып тасталды - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 352-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

20-бап. Сот сарапшысына қойылатын біліктілік талаптары

      Осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған адамдар мынадай біліктілік талаптарына сай болуға:

      1) жоғары білімі болуға;

      2) сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығын беретін біліктілік куәлігімен расталған сот сарапшысы біліктілігі болуға;

      3) осы Заңда көзделген жағдайларда және тәртіппен аттестатталған болуға тиіс.

21-бап. Сот сарапшысы біліктілігін беру

      Сот сарапшысы біліктілігін беру адамның біліктілік емтиханын тапсырып, оған сот сараптамасының белгілі бір түрін жүргізу құқығын беретін сот сарапшысының біліктілік куәлігін беру арқылы жүзеге асырылады.

22-бап. Сот сарапшысын аттестаттау

      1. Сот-сараптама қызметін жиырма жылдан аса жүзеге асырған адамдарды қоспағанда, сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшылары, сондай-ақ лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдар әрбір бес жыл сайын аттестаттаудан өтеді.

      2. Сот сарапшысының біліктілік талаптарына сәйкес келмеу фактілері анықталған кезде оны кезектен тыс аттестаттау өткізіледі.

23-бап. Сот сарапшысының құқықтары

      1. Сот сарапшысының:

      1) сот сараптамасының нысанасына қатысты іс материалдарымен танысуға;

      2) қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды оған беру, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы өтінішхаттарды мәлімдеуге;

      3) қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судьясының, соттың, іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан органның (лауазымды адамның) рұқсатымен процестік әрекеттерді жүргізуге және сот отырысына қатысуға және оларға қатысатын адамдарға сот сараптамасы нысанасына қатысты сұрақтар қоюға;

      4) өзі қатысқан процестік әрекеттің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаларға енгізілуге жататын ескертулер жасауға;

      5) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) келiсуi бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, іс үшін маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда қамтылған мәселелердің шегінен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыретi шегiнде қорытынды беруге;

      6) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының көмегін тегін пайдалануға, одан бас тартуды мәлімдеуге;

      7) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) және іс бойынша іс жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың сот сараптамасын жүргізу кезіндегі оның құқықтарына қысым көрсететін шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға;

      8) сот сараптамасын жүргізу кезінде жұмсалған шығыстардың өтемін және егер сот сараптамасын жүргізу оның лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.

      2. Сот сарапшысының:

      1) сот сараптамасын тағайындаған органды (адамды) хабардар етпей, процеске қатысушылармен сот сараптамасын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге;

      2) зерттеу үшін материалдарды өзі дербес жинауға;

      3) егер сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) оған арнайы рұқсаты болмаса, объектілердің толық немесе ішінара жойылуына не олардың сыртқы түрінің немесе негізгі қасиеттерінің өзгеруіне алып келуі мүмкін зерттеулер жүргізуге құқығы жоқ.

24-бап. Сот сарапшысының міндеттері

      Сот сарапшысы:

      1) қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судьясының, соттың, іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге;

      2) өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген жазбаша қорытынды беруге;

      3) заңда көзделген жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға, қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы уәжді жазбаша хабарлама жасауға және оны сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) беруге (жолдауға);

      4) жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге;

      5) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге;

      6) істің мән-жайлары туралы мәліметтерді және сот сараптамасын жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге;

      7) сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) шығыстар сметасын және жұмсалған шығыстар туралы есепті ұсынуға міндетті.

4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СОТ САРАПШЫЛАРЫ ПАЛАТАСЫ

25-бап. Қазақстан Республикасының Сот сарапшылары палатасы

      1. Қазақстан Республикасының Сот сарапшылары палатасы (бұдан әрі – Палата) Палата мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасын сақтауы үшін құрылатын коммерциялық емес, кәсіби, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.

      2. Палата заңды тұлға болып табылады және заңда белгіленген тәртіппен тіркелуге жатады.

      3. Лицензия негізінде сот-сараптама қызметiмен айналысатын адамдар Палата мүшелері болып табылады.

      4. Палатаға мүшелік міндетті болып табылады.

      5. Адамның осы Заңның 19-бабының талаптарына сәйкес келмеу жағдайларынан басқа, лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамға Палата мүшесі болуына бас тартылмайды.

      Кіру жарналарын Палатаның алуына жол берілмейді.

      6. Палатаның қызметін қаржыландыру міндетті жарналар және заңда тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.

      Жарналарды төлеу тәртібі, мөлшері және мерзімі Палатаның жарғысында белгіленеді.

      7. Әрбір облыс, республикалық маңызы қала және астана аумағында Палатаның филиалы болып табылатын сот сарапшыларының бір аумақтық палатасы (бұдан әрі – аумақтық палата) құрылады.

26-бап. Палатаның басқару органдары

      1. Палатаның жоғары басқару органы оның мүшелерінің жалпы жиналысы болып табылады.

      2. Палатаға басшылықты оның мүшелері жалпы жиналыста сайлаған төраға және басқарма жүзеге асырады.

      3. Палата мүшелері жалпы жиналысының, төрағасының және басқармасының құзыреті оның жарғысында регламенттеледі.

      4. Палата жалпы жиналысының айрықша құзыретіне мыналар жатады:

      1) Палатаның жарғысын қабылдау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      2) Палатаның төрағасын, басқарма және ревизиялық комиссия мүшелерін сайлау;

      3) Палатаның төрағасын, басқарма және ревизиялық комиссия мүшелерін мерзімінен бұрын кері шақырту;

      4) Палата қызметінің негізгі бағыттарын айқындау;

      5) Палатаның бюджетін бекіту.

      Палатаның жарғысында өзге де мәселелер көзделуі мүмкін, олар бойынша шешімдер қабылдау жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне жатады.

      5. Палата мүшелерінің жалпы жиналысын шақыру тәртібі мен мерзімдері оның жарғысында айқындалады.

      6. Палатаның төрағасы болып кемінде он жыл сот-сараптама қызметінің өтілі бар адам сайланады.

      7. Палатаның төрағасы үш жыл мерзімге жасырын дауыс беру арқылы сайланады, бұл ретте дәл сол бір адам Палата төрағасының лауазымын қатарынан екі мерзімнен артық атқара алмайды.

      8. Палата басқармасының мүшелері жасырын дауыс беру арқылы үш жылға сайланады.

27-бап. Палатаның жарғысы

      1. Палатаның жарғысында:

      1) қызметінің атауы, орналасқан жері, мақсаттары және негізгі түрлері;

      2) Палатаның өкілеттіктері;

      3) мүшелікті алу, тоқтата тұру және оны жою шарттары мен тәртібі;

      4) мүшелерінің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі;

      5) аумақтық палаталардың ұйымдық құрылымы, құқықтық жағдайы;

      6) басшы органдарды қалыптастыру тәртібі, олардың функциялары мен өкілеттіктерінің мерзімдері;

      7) ақша қаражатын және өзге де мүлікті қалыптастыру көздері, мүлікті басқару тәртібі;

      8) оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;

      9) Палатаны қайта құру және тарату тәртібі, оны таратқан жағдайда мүліктің жай-күйі көзделуге тиіс.

      2. Палатаның жарғысында Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер қамтылуы мүмкін.

28-бап. Палатаның өкілеттіктері

      1. Палатаның қызметі осы Заңда, оның жарғысында айқындалады.

      2. Палата:

      1) өз мүшелерінің, сондай-ақ аумақтық палаталардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      2) өз мүшелерінің, сондай-ақ аумақтық палаталардың мемлекеттік органдармен, өзге де заңды тұлғалармен қарым-қатынастарында сот-сараптама қызметін жүзеге асыруы кезінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіреді және қорғайды;

      3) сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензия алуға үміткер адамдардың біліктілік емтихандарын тапсыруы үшін оларды дайындауда әдістемелік көмекті жүзеге асырады;

      4) өз мүшелерін оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

      5) сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік материалдарды әзірлейді;

      6) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, тоқтату және одан айыру туралы ұсынысты енгізеді;

      7) өз мүшелерінің сот сарапшысының міндеттерін және сот сарапшысы әдебін бұзуына қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

      8) сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының норма шығарушылық қызметіне қатысады;

      9) аумақтық палаталардың қызметін тексеруді жүзеге асырады;

      10) сот-сараптама қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады;

      11) біліктілік және аттестаттау комиссиясының құрамына енгізу үшін өкілдер жібереді;

      12) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ол бекіткен нысан бойынша өз қызметі туралы статистикалық ақпарат ұсынады;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асырады.

      3. Палата лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамның жасаған әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығы туралы мәселені қарау кезінде одан жүргізілген сот-сараптамалық зерттеулер туралы мәліметтерді, ал қажет болған жағдайларда жеке түсіндірмелер беруді, оның ішінде сот сарапшысының әдебін сақтамау мәселелері бойынша жеке түсіндірмелер беруді талап етуге құқылы.

29-бап. Аумақтық палатаның өкілеттіктері

      1. Аумақтық палатаның қызметі осы Заңмен, Палатаның жарғысымен және оның филиалдары туралы ережемен реттеледі.

      2. Аумақтық палата Палатаға жүктелген өкілеттіктерден туындайтын өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Аумақтық палата Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен нысан бойынша өз қызметі туралы статистикалық ақпаратты Палатаға ұсынады.

5-тарау. СОТ САРАПТАМАСЫН ЖҮРГІЗУ

30-бап. Сот сараптамасын жүргізу негіздері

      1. Сот сараптамасын жүргізу негіздері Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде, сондай-ақ "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген.

      2. Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасы органының басшысына не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамға сот-сараптамалық зерттеулерді жүргізу және қорытынды беру үшін қажетті зерттеу объектілерін және өзге де материалдарды ұсынады.

      3. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу ерекшеліктері осы Заңның 6-тарауында айқындалады.

      Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

31-бап. Сот сараптамасын ұйымдастыру және жүргізу кезіндегі шектеулер

      1. Заңда көзделген негіздер болған кезде сот сараптамасын жүргізуді сот сараптамасы органына тапсыруға болмайды, ал басталған сот сараптамасын жүргізу дереу тоқтатылады.

      2. Сот сарапшысы сот сараптамасын жүргiзуге қатысудан бас тартуына болады, ал егер оған сот сараптамасы тапсырылған болса, заңда көзделген негiздер болған кезде оны жүргiзуді дереу тоқтатуға мiндеттi.

32-бап. Сот сараптамасының объектілері

      1. Сараптамалық зерттеу объектiлерiнiң анықтығы мен жарамдылығына сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) кепiлдiк бередi.

      2. Сот сараптамасы объектiлерi, егер олардың көлемдері мен қасиеттерi мүмкiндiк берсе, сот сарапшысына оралған және мөрленген түрде берiледi. Қалған жағдайларда сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сарапшысын зерттеу объектiлерi орналасқан жерге жеткiзудi, оларға кедергісіз қол жеткізуді және зерттеу жүргізу үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге тиiс.

      3. Зерттеулер жүргізу кезінде заттай дәлелдемелер мен құжаттар сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) рұқсатымен зерттеулер жүргізу және қорытынды беру үшін қаншалықты қажет болса, сол шамада ғана зақымдалуы немесе пайдаланылуы мүмкін. Көрсетілген рұқсат сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда немесе сот сарапшысының өтінішхатын қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан ішінара бас тарту туралы уәжді қаулыда, ұйғарымда қамтылуға тиіс.

      4. Сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) рұқсатымен жүргізілген зерттеу объектілерінің зақымдалуы немесе жойылуы олардың меншік иесіне сот сараптамасы органының немесе сот сарапшысының залалды өтеуіне алып келмейді.

33-бап. Үлгілер

      1. Үлгілерді алу тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде және осы Заңда белгіленген.

      2. Үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылған жағдайларда, оны сот сарапшысы жүргізуі мүмкін.

      3. Зерттеу процесінде сот сарапшысы эксперименттік үлгілерді дайындауы мүмкін, ол туралы қорытындыда хабарланады. Сот сараптамасын тағайындаған адам осындай үлгілерді дайындау кезінде қатысуға құқылы, бұл оның өзі жасайтын хаттамада көрсетіледі.
Зерттеу жүргiзгеннен кейiн сот сарапшысы үлгiлердi оралған және мөрленген түрде өзiнiң қорытындысына қоса береді.

34-бап. Сот сараптамасын жүргізу мерзімдері, оны ұзарту және тоқтата тұру

      1. Сот сараптамасын жүргізу мерзімі сот сараптамасы органы не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларына сәйкес сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адам сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны, ұйғарымды және оның объектілерін іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап есептеледі.

      2. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген айрықша жағдайлардан басқа, сот сараптамасын жүргізу мерзімі отыз тәуліктен аспауға тиіс.

      3. Сот сараптамасын жүргізу мерзімін ұзартуды сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасы органы басшысының не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларына сәйкес сот сараптама қызметін жүзеге асыратын сот сарапшысының (сот сарапшыларының) уәжді өтінішхаты бойынша жүзеге асырады.

      Ерікті түрде сот сараптамасына тартылатын немесе медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамдардың сот сараптамасын жүргізу үшін онда болу мерзімін ұзарту тәртібі осы Заңның 47-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Қорытынды беру үшін қосымша материалдар қажет болған жағдайларда сот сараптамасы органының басшысы не осы Заңның 19-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларына сәйкес сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын сот сарапшысы (сот сарапшылары) сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) атына уәжді өтінішхат жолдайды. Бұл ретте, сот сараптамасын жүргізу тоқтатыла тұрады, бірақ ол он жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      Егер сот сараптамасын жүргізуді тоқтата тұру үшін негіз болған мән-жайлар жойылмаса, сот сараптамасы ұсынылған материалдар көлемінде жүргізіледі не бұл мүмкін болмаған жағдайда сараптама жүргізу үшін ұсынылған материалдар оны тағайындаған органға (адамға) орындалмастан қайтарылады.

      5. Зерттеу жүргізілгеннен және сарапшы қорытындысы жасалғаннан не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарлағаннан кейін үш тәулік ішінде сот сараптамасының аяқталғаны туралы хабарланады не сарапшының қорытындысы (қорытынды беру мүмкін еместігі туралы хабарлама), зерттеу объектілері және басқа да материалдар сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) беріледі (жолданады).

35-бап. Процеске қатысушылардың сот сараптамасын жүргізу кезінде оған қатысуы

      1. Процеске қатысушылардың сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысуы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалады.

      2. Сот сараптамасын жүргізу кезінде оған қатысатын процеске қатысушылар зерттеулердің барысына араласуға құқылы емес, бірақ сот сараптамасының мәніне қатысты түсініктемелер бере алады.

      3. Егер сот сараптамасын жүргізу кезінде оған қатысатын процеске қатысушы сот сарапшысының қызметіне кедергі келтірсе, сот сарапшысы зерттеуді тоқтата тұруға және процесті жүргізуші орган (адам) не сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) алдында процеске аталған қатысушыға сот сараптамасын жүргізу кезінде қатысу үшін рұқсат беруден бас тарту туралы өтінішхат беруге құқылы.

      4. Сот сарапшысы қорытынды жасаған кезде, сондай-ақ сот сарапшыларының кеңесуі және түйіндерді тұжырымдауы сатысында, егер сот сараптамасын сот сарапшыларының комиссиясы жүргізсе, процеске қатысушылардың оған қатысуына жол берілмейді.

      5. Процеске қатысушылардың тірі адамдардың сот сараптамасы кезінде оған қатысу ерекшеліктері осы Заңның 51-бабында айқындалады.

      Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

36-бап. Жеке-дара және комиссиялық сот сараптамалары

      1. Сот сараптамасын жүргізуді сот сарапшысы жеке-дара не сот сарапшылары комиссиясы жүзеге асырады.

      2. Комиссиялық сот сараптамасы күрделі сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы кемінде екі сот сарапшысы жүргізеді.

      Адам есінің дұрыстығы туралы мәселе бойынша сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін құрамында кемінде үш сот сарапшысы бар комиссия тағайындалады.

      3. Комиссиялық сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) қаулысы, ұйғарымы сот сараптамасы органының басшысы үшін міндетті болып табылады.

      Сот сараптамасы органының басшысы ұсынылған материалдар бойынша комиссиялық сот сараптамасын жүргізу туралы шешімді дербес қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.

      4. Комиссия құрамына кіретін сот сарапшыларының қызметін үйлестіру үшін сот сараптамасы органының басшысы үйлестіруші сарапшыны тағайындайды.
Үйлестіруші сарапшы сот-сараптамалық зерттеулердің жалпы жоспарын әзірлеуді жүзеге асырады, сот сараптамасын жүргізудің жалпы мерзімі шегінде жекелеген зерттеулер жүргізу мерзімдерін айқындайды және олардың сақталуын бақылайды, сот сараптамасын тағайындаған органмен (адаммен) байланысты жүзеге асырады, сот сарапшыларының кеңесіне басшылық жасайды.

      5. Комиссиялық сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының әрқайсысы тәуелсіз және дербес түрде зерттеулерді толық көлемде жүргізеді.

      6. Сараптама комиссиясының мүшелері алынған нәтижелерді бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, сарапшы қорытындысына не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаға қол қояды. Келіспеушіліктер туындаған жағдайда, пікірі комиссияның қалған мүшелерінің түйіндерімен сәйкес келмеген сот сарапшысы оны қорытындыда жеке тұжырымдайды.

37-бап. Кешенді сараптама

      1. Кешендi сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін әртүрлі білім салалары негізінде зерттеулер қажет болған жағдайда тағайындалады және оны әртүрлі мамандықтағы сот сарапшылары өз құзыреті шегінде жүргізеді.

      Бір сот сарапшысы, егер ол әртүрлі сараптама мамандықтары бойынша зерттеулер жүргізу құқығына ие болса, кешенді сараптаманы жүргізе алады.

      2. Кешендi сараптаманың қорытындысында әрбір сот сарапшысының қандай зерттеулерді, қандай көлемде жүргізгені және оның қандай түйіндерге келгені көрсетілуге тиіс. Әрбір сот сарапшысы қорытындының тап осы зерттеулер қамтылған бөлігіне қол қояды.

      3. Сот сарапшыларының әрқайсысы жүргізген зерттеулер нәтижелері негізінде олар анықталуы үшін сот сараптамасы тағайындалған мән-жайлар туралы ортақ түйінді (түйіндерді) тұжырымдайды. Ортақ түйінді (түйіндерді) алынған нәтижелерді бағалауға құзыретті сот сарапшылары ғана тұжырымдайды және оған қол қояды. Егер сот сарапшыларының бірі (жекелеген сот сарапшылары) белгілеген фактілер комиссияның немесе оның бір бөлігінің түпкілікті түйініне негіз болып табылса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетілуге тиіс.

      4. Сот сарапшыларының арасында келіспеушіліктер болған жағдайда зерттеулердің нәтижелері осы Заңның 36-бабының 6-тармағына сәйкес ресімделеді.

      5. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптаманы жүргізуді ұйымдастыру оның басшысына жүктеледі.

      Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ кешенді сараптаманың ұсынылған материалдары бойынша сот сараптамасын жүргізу туралы шешімді дербес қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.

38-бап. Сарапшының қорытындысы

      Сот сарапшысы (сот сарапшылары) зерттеулердің нәтижелері бойынша өз атынан қорытынды жасайды және оны өзінің қойған қолымен және жеке мөрімен куәландырады. Сот сараптамасы органы сот сараптамасын жүргiзген жағдайда сот сарапшысының (сот сарапшыларының) қойған қолы аталған органның мөрiмен расталады.

39-бап. Сарапшы қорытындысының мазмұны

      1. Сарапшының қорытындысында: оның ресiмделген күнi, сот сараптамасын жүргiзудiң мерзiмдерi мен орны; сот сараптамасын жүргiзудiң негiздерi; сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) туралы мәлiметтер; сот сараптамасын жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сот сарапшысы (сот сарапшылары) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), білімі, сарапшылық мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн жауаптылық туралы ескертiлгенін сот сарапшысының (сот сарапшыларының) қойылған қолымен куәландырылған белгi; сот сарапшысының (сот сарапшыларының) алдына қойылған мәселелер; сот сараптамасын жүргiзу кезiнде сол жерде болған процеске қатысушылар туралы және олар берген түсiндірмелер туралы мәлiметтер; зерттеу объектілері, олардың жай-күйі, орамасы, мөрмен бекемделуі, куәгерлердің қатысуы кезінде олардың қойылған қолдарымен растау; қолданылған әдiстемелерді көрсетумен зерттеулердiң мазмұны мен нәтижелерi; жүргiзiлген зерттеулердiң нәтижелерiн бағалау, сот сарапшысының (сот сарапшыларының) алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндердің негiздемесi және тұжырымы көрсетілуге тиіс.

      2. Егер осы Заңның 40-бабында көрсетілген мән-жайлар зерттеу барысында анықталған болса, сарапшының қорытындысында қойылған барлық сұрақтарға немесе олардың кейбіреуіне жауап қайтару мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылуға тиіс.

      3. Егер сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда көрсетілген мәселелердің бірі бойынша сот сарапшысы қорытынды берсе, ал басқалары бойынша қорытынды беру мүмкін еместігі туралы хабарламаны жасау үшін негіздемелер бар болса, ол бірыңғай құжат – сарапшының қорытындысын жасайды.

40-бап. Сарапшының қорытындысын беру мүмкін еместігі туралы хабарлама

      1. Егер сот сарапшысы (сот сарапшылары) зерттеу жүргізілгенге дейін оның алдына қойылған мәселелер оның арнайы білімінің аясынан тыс екеніне немесе оған ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екеніне және орнын толықтыру мүмкін еместігіне не ғылымның және сараптама тәжірибесінің жағдайы қойылған мәселелерге жауап қайтаруға мүмкіндік бермейтініне көз жеткізсе, ол қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы уәжді хабарлама жасайды және оны өзінің қойылған қолымен және жеке мөрімен куәландырады. Сот сараптамасын сот-сараптама органы жүргізген жағдайда сот сарапшысының (сот сарапшыларының) қойған қолы аталған органның мөрімен расталады.

      2. Қорытынды берудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарламада: оның ресімделген күнi, сот сараптамасын жүргiзудiң мерзiмдерi және орны; сот сараптамасын жүргiзудiң негiздемесі; сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) туралы мәлiметтер; зерттеу объектiлерi; сот сараптамасын жүргiзу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сот сарапшысы (сот сарапшылары) туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), бiлiмi, сарапшылық мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесi және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн жауаптылық туралы ескертiлгенiн сот сарапшысының (сот сарапшыларының) қойған қолымен куәландырылған белгi; сот сарапшысының (сот сарапшыларының) шешуіне қойылған мәселелер; сот сарапшысының (сот сарапшыларының) алдына қойылған мәселелерге жауап қайтарудың мүмкiн еместiгiнiң негiздемесi көрсетiлуге тиiс.

41-бап. Сот сарапшысынан жауап алу

      1. Сот сарапшысынан жауап алу:

      1) сарапшының қорытындысына байланысты іс үшін елеулі мәні бар, қосымша зерттеулерді талап етпейтін мәселелерді анықтау;

      2) сот сарапшысы қолданған әдістерді және пайдаланылған терминдерді нақтылау;

      3) сарапшы қорытындысының құрамдас бөлігі болып табылмайтын, бірақ процеске қатысуына байланысты басқа да фактілер мен мән-жайлар туралы ақпарат алу;

      4) сот сарапшысының біліктілігін анықтау мақсатында жүргізіледі.

      2. Сот сарапшысынан ол қорытынды бергенге дейін жауап алуға тыйым салынады.

      3. Сот сарапшысынан тірі адамдарға сот-психиатриялық, сондай-ақ сот-медициналық сараптама жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған, өзінің қорытындысына қатысы жоқ мән-жайлардың себебі бойынша жауап алуға болмайды.

42-бап. Қосымша және қайталама сот сараптамасы

      1. Қосымша сот сараптамасы сарапшының қорытындысы жеткілікті түрде анық немесе толық болмаған, сондай-ақ алдыңғы зерттеумен байланысты қосымша мәселелерді шешу қажеттілігі туындаған кезде тағайындалады.

      Қосымша сот сараптамасын жүргізу сол немесе өзге сот сарапшысына тапсырылуы мүмкін.

      Қосымша сот сараптамасын жүргізу тапсырылған кезде сот сарапшысына алдыңғы сот сараптамасының қорытындысы берілуге тиіс.

      2. Сот сарапшысының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізді болмаған немесе оның түйіндері күмән туғызған не сот сараптамасын тағайындау және жүргізу кезінде процестік нормалар елеулі түрде бұзылған жағдайларда, дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін қайталама сот сараптамасы тағайындалады.

      Қайталама сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда алдыңғы сот сараптамасының нәтижелерімен келіспеудің негізделген уәждері келтірілуге тиіс.

      Қайталама сот сараптамасын жүргізу сот сарапшыларының комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сот сараптамасын жүргізген сот сарапшылары қайталама сот сараптамасын жүргізу кезінде оған қатыса алады және комиссияға түсініктер бере алады, алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.

      Қайталама сот сараптамасын жүргізу тапсырылған кезде сот сарапшысына алдыңғы сот сараптамаларының қорытындылары берілуге тиіс.

      3. Қайталама сот сараптамасын жүргізу кезінде сот сарапшыларының арасында келіспеушіліктер болған жағдайда, зерттеулердің нәтижелері осы Заңның 36-бабының 6-тармағына сәйкес ресімделеді.

      4. Егер екінші немесе реті бойынша келесі сот сараптамасы, олардың біреуі – қосымша сараптамаға, ал басқалары – қайталама сараптамаға жататын бірнеше негіздер бойынша тағайындалса, мұндай сараптама қайталама сараптама жүргізу қағидалары бойынша жүргізіледі.

43-бап. Материалдарды орындамай қайтару

      1. Материалдарды орындамай қайтару мынадай негіздер бойынша жүргізіледі:

      1) осы сот сараптамасы органында қажетті арнайы ғылыми білімі бар сот сарапшысының болмауы;

      2) осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы және жағдайлары нақты сараптама міндеттерін шешуге мүмкіндік бермеуі;

      3) сот сарапшысының алдына қойылған мәселелердің оның құзыретінің шегінен тыс болуы;

      4) сот сараптамасын жүргізуге арналған материалдардың заң талаптарын бұзып ұсынылуы;

      5) сот сараптамасын жүргізуді тоқтата тұру үшін негіз болып табылған мән-жайлардың осы Заңда белгіленген мерзім ішінде жойылмауы.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделмеген негіздемелер бойынша зерттеу жүргізбестен материалдарды қайтаруға жол берілмейді.

6-тарау. ТІРІ АДАМДАРҒА СОТ САРАПТАМАСЫН ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

44-бап. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу орны

      1. Тірі адамдарға сот сараптамасы медициналық ұйымда немесе сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу және аталған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлары бар басқа орында жүргізілуі мүмкін.

      2. Сот сараптамасы жүргізілген кезде адамды стационарлық тексеру қажеттілігі туындаған жағдайда ол осы Заңның 46-бабында көзделген тәртіппен медициналық ұйымға орналастырылуы мүмкін.

      3. Өздеріне қатысты сот сараптамасы тағайындалған адамдарды сот сараптамасы жүргізілетін орынға және сот-сараптамалық зерттеулер жүргізілгеннен кейін тасымалдауды сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) қамтамасыз етеді.

45-бап. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезіндегі еріктілік және мәжбүрлеу

      1. Өздеріне қатысты сот сараптамасы жүргізілуі мүмкін адамдар тобы заңда белгіленеді.

      2. Адамдарға сот сараптамасы ерікті немесе мәжбүрлі түрде жүргізілуі мүмкін.

      3. Сот сараптамасы ерікті түрде жүргізілген жағдайда сот сараптамасы органына адамның сот-сараптамалық зерттеулерге тартылуына жазбаша келісімі ұсынылуға тиіс.

      4. Егер өзіне қатысты сот сараптамасы тағайындалған адам кәмелетке толмаған болса немесе оны сот әрекетке қабілетсіз деп таныса, оның заңды өкілі немесе қорғаншылық және қамқоршылық органы аталған адамға қатысты сот сараптамасын жүргізуге жазбаша келісім береді.

      5. Тiрi адамдарға мәжбүрлі түрде сот сараптамасын жүргiзуге заңда тiкелей көзделген жағдайларда ғана жол берiледi.

46-бап. Адамды сот сараптамасын жүргізу үшін медициналық ұйымға орналастырудың негіздері мен тәртібі

      1. Егер адамға сот сараптамасын жүргізу сот-сараптамалық зерттеулерді стационар жағдайында жүргізуді көздейтін болса, онда ол сот сараптамасын тағайындау туралы қаулының, ұйғарымның негізінде тиісті медициналық ұйымға орналастырылады.

      2. Күзетпен ұсталмаған адамды сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға тек сот шешімі бойынша ғана жол беріледі.

      3. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) сот сараптамасын жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамның орналасқан жері туралы оның отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірін, басқа да туыстарын немесе жақын адамдарын, ал олар болмаған кезде аталған адамның тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органын жиырма төрт сағат ішінде хабардар етуге міндетті.

47-бап. Сот сараптамасын жүргізу кезінде адамның медициналық ұйымда болу мерзімдері

      1. Заңда көзделген айрықша жағдайлардан басқа, адам сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға отыз тәулiкке дейiнгi мерзiмге орналастырылуы мүмкiн.

      2. Сот сараптамасына ерікті түрде тартылатын адам үшін көрсетілген мерзімді ұзартуды оның келісуімен сот сараптамасы органы басшысының не сот сараптамасы органының қызметкерi болып табылмайтын сот сарапшысының (сот сарапшыларының) уәжді өтiнiшхаты бойынша сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) жүзеге асырады.

      3. Сот сараптамасын жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамдардың онда болу мерзiмiн ұзарту заңда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      4. Сот сараптамасын жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастырылған адамның онда болу мерзiмiнiң, сондай-ақ осы мерзiмдi ұзарту тәртiбiнiң бұзылуына аталған адам, оның қорғаушысы, заңды өкiлi немесе iске қатысуға жiберiлген өзге де өкiлдер заңда көзделген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.

48-бап. Өздеріне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдігі

      1. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде:

      1) іс бойынша мәліметтер алу мақсатында заңмен кепілдік берілген құқықтардан айыруға немесе қысым жасауға (оның ішінде алдау, зорлық-зомбылық жасау, қатер төндіру және өзге де заңсыз шаралар арқылы);

      2) медициналық технологияларды, фармакологиялық және дәрілік заттарды клиникалық зерттеулердің субъектілері ретінде аталған адамдарды пайдалануға;

      3) хирургиялық араласуды көздейтін зерттеулердің әдістерін қолдануға тыйым салынады.

      2. Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) баламалы әдістерді қоса алғанда, өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамға қолданылатын сот-сараптамалық зерттеулердің әдістері туралы, болуы мүмкін ауыруды сезінулер мен жанама әсерлер туралы оған түсінікті түрде хабардар етуге тиіс. Аталған ақпарат өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін аталған адамның тиісті өтінішхатты мәлімдеген заңды өкіліне де беріледі.

      3. Өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамға медициналық көмек заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен ғана көрсетілуі мүмкін.

      4. Медициналық ұйымға орналастырылған адамға шағымдар мен өтінішхаттар беруге мүмкіндік беріледі. Заңда көзделген тәртіппен берілген шағымдар мен өтінішхаттар жиырма төрт сағат ішінде адресатқа жіберіледі және цензураға жатпайды.

      5. Адамға ерікті түрде жүргізілетін сот сараптамасы аталған адамның бастамасы бойынша оның кез келген сатысында тоқтатылуы мүмкін.

49-бап. Күзетпен ұсталмаған адамдарға сот сараптамасын психиатриялық стационарларда жүргізу шарттары

      1. Күзетпен ұсталмаған адамдарға сот-психиатриялық сараптама психиатриялық стационарларда жүргізіледі.

      2. Күзетпен ұсталмаған адамдарға психиатриялық стационарларда сот-психиатриялық сараптама жүргiзу кезеңiнде оларға Қазақстан Республикасының заңнамасы нормаларының күші қолданылады.

      3. Аталған адамдар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген психиатриялық стационарлар пациенттерінің құқықтарын пайдаланады.

50-бап. Күзетпен ұсталып отырған адамдарға сот сараптамасын психиатриялық стационарларда жүргізу шарттары

      1. Күзетпен ұсталып отырған адамдарға сот-психиатриялық сараптама аталған адамдарды оларға орналастыру үшін арнайы тағайындалған психиатриялық стационарларда жүргізіледі.

      2. Күзетпен ұсталып отырған адамдарға психиатриялық стационарларда сот-психиатриялық сараптама жүргізу кезеңінде оларға Қазақстан Республикасының заңнамасы нормаларының күші қолданылады.

      3. Аталған адамдар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген, олар үшін көзделген ерекшеліктері бар психиатриялық стационарлар пациенттерінің құқықтарын пайдаланады.

51-бап. Процеске қатысушылардың тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде оған қатысуы

      1. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, процеске қатысушылардың тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде оған қатысуы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде, сондай-ақ осы Заңның 35-бабында айқындалады.

      2. Сот-психиатриялық сараптама жүргізу құпия жағдайларда жүзеге асырылады.

      3. Адамды жалаңаштау арқылы оған сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу кезінде тек сол жыныстағы адамдар ғана оған қатыса алады. Осы шектеу аталған зерттеулерді жүргізуге қатысатын дәрігерлерге және басқа да медицина қызметкерлеріне қолданылмайды.

7-тарау. СОТ-САРАПТАМА ҚЫЗМЕТІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

52-бап. Сот-сараптама қызметін қаржыландыру

      1. Сот сараптамасы органдарының сот-сараптама қызметін қаржыландыру бюджет қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қаражат есебінен жүзеге асырылады.

      2. Сот сараптамасын жүргізумен байланысты шығыстарды өтеу мөлшері мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

53-бап. Сот сараптамасын жүргiзудi материалдық-техникалық қамтамасыз ету стандарттары мен талаптары

      Сот сарапшысы өз қызметін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген стандарттар мен талаптарға сай келетін арнайы жарақтандырылған үй-жайларда жүзеге асырады.

54-бап. Сот-сараптама қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету

      1. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылмайтын, сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны алуға үміткер адамдар сот сараптамасы органдарында, оқу және өзге де ұйымдарда тиісті сараптама мамандығы бойынша арнайы кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан және біліктілігін арттырудан өтеді.

      2. Сот-сараптама қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, сондай-ақ сот сарапшыларын кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Палатаның қатысуымен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамасы органдарына жүктеледі.

55-бап. Қазақстан Республикасының Сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерінің мемлекеттік тізілімі

      1. Қазақстан Республикасының Сот-сараптамалық зерттеулер әдiстемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн қалыптастырудың мақсаттары қылмыстық процесті жүргізуші органдарды, тергеу судьясын, соттарды, іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жатқан органдарды (лауазымды адамдарды), процеске өзге де қатысушыларды, сондай-ақ сот сарапшыларын әдістемелер туралы мәліметтермен қамтамасыз ету үшін сот-сараптамалық зерттеулер әдістемелерін жүйеге келтіру және есепке алу болып табылады.

      2. Осы Заңның талаптарына сай келетiн сот-сараптамалық зерттеулердiң әдiстемелерi туралы мәлiметтер Қазақстан Республикасының Сот-сараптамалық зерттеулер әдiстемелерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi.

56-бап. Валидация

      1. Сот-сараптамалық зерттеулердің әдістемелері мен әдістері сот-сараптамалық зерттеулердің әдістері мен әдістемелері валидациясының қағидаларына сәйкес валидациядан өтуге тиіс.

      2. Стандартты емес және жаңадан әзірленген немесе жетілдірілген әдістер валидацияға жатады.

      3. Сот-сараптамалық зерттеулердің әдістері мен әдістемелері валидациясының қағидалары әдістер мен әдістемелердің әрбір түрі үшін валидациялық зерттеулердің жалпы көлемін, валидацияны жалпы ұйымдастыруды, оның рәсімдерін, алынған нәтижелерді статистикалық өңдеуді және валидация туралы есепке қойылатын жалпы талаптарды, сандық, сапалық, сәйкестендіру және диагностикалық сот-сараптама әдістемелерінің валидациясы туралы түйінді оң немесе теріс деп танудың өлшемшарттарын айқындайды.

      4. Валидация мынадай тәсілдердің бірін: бақылау, стандарт үлгілерін пайдалануды; басқа әдістемелердің көмегімен алынған нәтижелермен салыстыруды; зертханааралық салғастыруды (зертханааралық кәсіби тестілеу); нәтижеге әсер ететін факторларды жүйелі түрде бағалауды қолдану арқылы жүргізіледі.

57-бап. Сот сараптамасы органдарының қызметiн ақпараттық қамтамасыз ету

      Сот сараптамасы органының басшысы іс жүргізу аяқталған соң іс бойынша заттай дәлелдемелер және үлгілер болып табылатын нәрселерді тәжірибелік, ғылыми және оқу-әдістемелік қызметте пайдалану үшін алу туралы қылмыстық процесті жүргізетін орган, тергеу судьясы, сот, іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан орган (лауазымды адам) алдында өтінішхат беруге құқылы.

58-бап. Сот-сараптама қызметін кадрлық қамтамасыз ету

      1. Сот сараптамасы органдарын білікті мамандармен қамтамасыз ету сот сараптамасы органының кадр резервіне алынған адамдар қатарынан жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Тиісті кәсіби деңгейін қамтамасыз ету үшін сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшылары және лицензия негізінде
сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдар бес жылда бір рет біліктілігін арттырудан өтуге тиіс.

59-бап. Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшыларына еңбекақы төлеу және оларды өзге де қамсыздандыру

      Сот сараптамасы органдарының қызметкерлері болып табылатын сот сарапшыларына еңбеқақы төлеу, еңбек демалыстарын беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

8-тарау. СОТ-САРАПТАМА ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

60-бап. Сот-сараптама қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастық

      Сот сараптамасы органдары бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми-әдістемелік ақпарат алмасу, сот сарапшыларын даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақсатында шет мемлекеттердің сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын органдарымен және қызметтерімен халықаралық байланыстар орнатуға құқылы.

61-бап. Шет мемлекеттің құзыретті органының тапсырмасы бойынша сот сараптамасын жүргізу

      Сот сараптамасы Қазақстан Республикасы халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттің құзыретті органының тапсырмасы бойынша жүргізілуі мүмкін. Мұндай жағдайларда, егер халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі қолданылады.

      Ескерту. 61-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.06.2020 № 351-VI Заңымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

62-бап. Сот сараптамасын шет мемлекеттің сот сарапшыларын тарта отырып жүргізу

      Сот сараптамасын тағайындаған орган (адам) заңда белгіленген тәртіппен өзінің бастамасымен не сот сараптамасы органы басшысының өтінішхаты бойынша сот сарапшысы ретінде шет мемлекеттің сот сараптамасы саласындағы маманын тартуға құқылы.
Шет мемлекеттердің сот сарапшыларының қатысуымен сот сараптамасын жүргізу сот сараптамасын орындаушы елдің процестік заңнамасында, сондай-ақ осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

9-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

63-бап. Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасын бұзу заңда белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

64-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. "Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы" 2010 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2010 ж., № 1-2, 3-құжат; 2013 ж., № 13, 64-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 23, 143-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н.НАЗАРБАЕВ