Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттары бойынша төлемдер мен ақша аударымдары лимитінің мөлшерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 206 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 6 қазанда № 14304 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.11.2020 № 139 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі төртінші абзацының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.12.2025 № 94 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және оның контрагенттері арасында ашылған корреспонденттік шоттары арқылы ағымдағы айда олар жүзеге асыратын корреспонденттік шоттары бойынша төлемдер мен ақша аударымдары лимитінің мөлшері банкаралық клиринг жүйесіндегі клирингтің нәтижелері бойынша дебеттік таза позицияның сомасын шегере отырып, банкаралық ақша аударымдары жүйесі және банкаралық клиринг жүйесі арқылы өткен айда жүзеге асырылған банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның жіберілетін қолма-қол ақшасыз төлемдерінің жалпы көлемінің бес пайызынан аспайтын көлемде бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.12.2025 № 94 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Мыналардың:

      1) "Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттары бойынша төлем лимитінің және ақша аударымдарының мөлшері туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 25 шілдедегі № 236 қаулысының (Нормативтік құқықтык актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2461 тіркелген);

      2) "Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде № 2461 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың корреспонденттік шоттары бойынша төлем лимитінің мөлшері туралы" 2003 жылғы 25 шілдедегі № 236 қаулысына өзгеріс пен толықтыруларды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2004 жылғы 22 шілдедегі № 98 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3033 тіркелген, 2004 жылғы 3 қыркүйекте "Егемен Қазақстан" газетінде № 224-225 (23860) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Төлем жүйелері департаменті (Ашықбеков Е.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О.Пірматовқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Д.Ақышев