Мемлекеттік кірістер органдары мобильдік топтарының жеке тұлғалардың декларацияларын қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 9 тамыздағы № 434 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 9 қыркүйекте № 14222 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 6 қыркүйектегі № 970 бұйрығымен.

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды – ҚР Қаржы министрінің 23.01.2018 № 46 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі 657-бабы 6-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік кірістер органдары мобильдік топтарының жеке тұлғалардың декларацияларын қабылдау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (Д.Е. Ерғожин) заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялануға жолдануын;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінен алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 08.02.2017 № 86 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Қазақстан Республикасының


Қаржы министрі

Б. Сұлтанов


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ақпарат және коммуникациялар

      министрінің м.а.

      С. Сарсенов ___________________

      2016 жылғы 9 тамыздағы


Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2016 жылғы 9 тамыздағы
№ 434 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік кірістер органдары мобильдік топтарының жеке тұлғалардың декларацияларын қабылдау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік кірістер органдары мобильдік топтарының жеке тұлғалардың декларацияларын қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінің (Салық кодексі) 657-бабы 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және жеке тұлғалардың декларацияларын (бұдан әрі – декларация) қабылдау бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары мобильдік топтарының (бұдан әрі – Мобильдік топ) қызмет тәртібін айқындайды.

      2. Мобильдік топ декларацияларды толтыру бойынша консультация беретін және салық төлеушілердің жекелеген санаттарынан мұндай декларацияларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлерінен тұратын көшпелі топ болып табылады.

      3. Мобильдік топ өз қызметінде "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – Заң), "Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 284 бұйрығымен бекітілген "Салық есептілігін қабылдау" мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандартын (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11273 болып тіркелген) (бұдан әрі – стандарт) және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік кірістер органдары көрсететін мемлекеттік қызметтер регламенттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 4 маусымдағы № 348 бұйрығымен бекітілген "Салық есептілігін қабылдау" мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11696 болып тіркелген) (бұдан әрі – регламент), сондай-ақ осы Қағиданы басшылыққа алады.

      4. Мобильдік топтың негізгі міндеті Қазақстан Республикасы халқының қалың жiгiне, оның ішінде шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына "Салық есептілігін қабылдау" мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қол жетімділігін қамтамасыз ету және декларацияны тапсыруда консультациялық көмек көрсету болып табылады.

      5. Мобильдік топ декларацияларды қабылдаудан басқа, декларацияларды толтыру және тапсыру мәселелері бойынша, "электрондық үкімет" веб-портал сервистерін және брошюралар мен буклеттерді бере отырып электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану мәселелері бойынша жеке тұлғаларға қол жетімді нысанда консультация беруді жүзеге асырады, жеке тұлғаларға өз бетімен "Салық төлеушінің кабинеті" мемлекеттік кірістер органдарының интернет-сервисі арқылы декларацияны тапсыруға мүмкіндік береді.

      6. Декларацияларды қабылдауды Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі № 983 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік қызметтердің тізіліміне сәйкес мемлекеттік кірістер органдары мен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) жүзеге асырады.

      7. Мобильдік бөлім өзінің қызметін Мемлекеттік корпорацияның құрамында жүзеге асырады.

2-тарау. Жеке тұлғалардың декларацияларын қабылдау
бойынша мобильдік топ қызметінің тәртібі

      8. Декларацияларды қабылдауды Стандарт пен Регламентті сақтай отырып, нақты күні және уақытында Мемлекеттік корпорацияның, Қазақстан Республикасы мемлекеттік кірістер органдарының Мемлекеттік қызмет көрсету орталықтарының ақпараттық стендтерінде, жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында орналастырылған, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған бірлескен кестемен бекітілген, мобильдік топ жүзеге асырады.

      9. Мемлекеттік корпорацияның шығу кезінде мемлекеттік кірістер органдарының кемінде бір қызметкерінің қатысуын қамтамасыз етеді.

      10. Декларацияларды қабылдағанға дейін мобильдік топ жеке тұлғаларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, көмек көрсетеді және декларацияның дұрыс толтырылғандығын тексереді.

      11. Декларацияларды қабылдау бойынша рәсімді (іс-қимылды) бастау үшін Стандарттың 9-тармағында көрсетілген құжаттарды жеке тұлғаның ұсынуы негіз болып табылады.

      12. Декларацияларды қабылдауды жеке тұлғаның қалауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде Стандарттың 4-тармағында белгіленген мерзімде мобильдік топ жүзеге асырады.

      Мемлекеттік корпорацияның құрамындағы мобильдік топ жеке тұлғаның қатысуымен декларацияларды қабылдау кезінде:

      1) декларацияда көрсетілген деректерді жеке басын куәландыратын құжатпен салыстырады (жеке тұлғаның мүддесін білдіру кезінде нотариат куәландырған сенімхаттың немесе жеке тұлғаның заңды немесе уәкілетті өкілінің нақты өкілеттік тізбесі көрсетілген 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 167-бабына және "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабына сәйкес берілген нотариаттық куәландырылғанға теңестірілген сенімхаттың болуын тексереді);

      2) Салық кодексінің 584-бабының нормаларына сәйкес бекітілген нысанда декларацияның сәйкес келу тұрғысынан декларацияны ұсынудың және толтырудың толықтығын тексереді;

      3) декларацияға қол қойған тұлғаның жеке басын сәйкестендіреді;

      4) декларацияны қабылдау туралы белгісі бар талон береді, декларацияның екінші данасына (бар болған жағдайда) белгі қояды;

      5) Стандарттың 10-тармағында көрсетілген негіз бойынша декларацияны қабылдаудан бас тартады.

      13. Ақпараттық жүйелерден алынуына жататын құжаттарды жеке тұлғалардан талап етуге жол берілмейді.

      14. Мобильдік топқа декларацияларды қабылдау процесінде белгілі болған жеке тұлғалардың дербес деректері "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес үшінші тұлғаларға жария етуге жатпайды.

      15. Декларацияларды қабылдауға жауапты мобильдік топ қағаз жеткізгіште келу тәртібінде табыс еткен декларацияларды қабылдаған күні мемлекеттік кірістер органына жеткізеді және осы Қағиданың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша берілген декларациялар тізіліміне сәйкес, өңдеуге жауапты қызметкерге береді.

      16. Мобильдік топ бекітілген шығу кестесіне сәйкес (хабарламамен пошта байланысы арқылы анықтаманы жеткізуге рұқсат етіледі) мобильді топтың тиісті елді мекенге келесі келуіне қарай, декларацияны қағаз жеткізгіште келу тәртiбiмен ұсынған жеке тұлғаға мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін береді (декларацияны қабылдау туралы жеке тұлғаға анықтама).

      17. Мобильдік топ ай сайынғы негізде декларацияларды өңдеуге жауапты мемлекеттік кірістер органының қызметкерімен декларацияларды қабылдау бойынша мемлекеттік көрсетілген қызметтің саны және сапасы бойынша салыстыруды жүргізеді, оның нәтижесі бойынша келесі айдың 15-і күніне дейін еркін нысанда акт жасалады.

      18. Декларацияларды өңдеуге жауапты мемлекеттік кірістер органының қызметкері декларациядағы ақпаратты "Салық есептілігін өңдеу сервистері" ақпараттық жүйесіне енгізеді және Регламентте белгіленген мерзім ішінде мұрағатқа декларацияны сақтау үшін береді.


Мемлекеттік кірістер органдары
мобильдік топтарының жеке
тұлғалардың декларацияларын
қабылдау қағидаларына
қосымша 1


Нысан

Жеке тұлғалардың декларацияларды берілген тізілімі

      Мемлекеттік кірістер органдары:

      Мемлекеттік кірістер органдарының мобильдік тобы:

      Күні(саны, ай, жыл) және уақыты:


 

Жеке тұлғаның ЖСН-і
 

Декларацияны қабылдаған қызметкердің аты-жөні
 

Жеке тұлға/ өкілі
 

Қызмет
 

Қабылдау күні
 

Декларацияны қабылдау туралы анықтаманы беруге жоспарланған күні
 

Берілетін құжаттардың тізімі (декларацияларды)
 

Жағдайы (қызмет көрсетілді/бас тарту)
 




















      Барлығы (жазбалар саны):

      Тапсырды (Декларацияны тапсырған қызметкердің аты-жөні (бар болған кезде): Тапсырған күні:

      Қабылдады (Декларацияны қабылдаған қызметкердің аты-жөні (бар болған кезде)): Қабылдаған күні: