"Органикалық өнім өндіру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 03.05.2024 № 145 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күнде қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған Органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға, сондай-ақ бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
А. Мырзахметов |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрінің м.а.
_____________ М. Құсайынов
2016 жылғы 2 маусым
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 20 мамырдағы № 230 бұйрығына қосымша |
Органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1-параграф. Негізгі ұғымдар
1. Осы Органикалық өнім өндіру және оның айналымы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Органикалық өнім өндіру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және органикалық өнімді өндіру және оның айналымы тәртібін айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 03.05.2024 № 145 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күнде қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Осы Қағидалар органикалық өнім өндіру мен оның айналымы жөніндегі қызметті кез-келген сатыда жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға қолданылады.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) органикалық мал шаруашылығы – өсірудің экстенсивті және табиғи әдістерін пайдалана отырып, жемшөптердің табиғи көздеріне толық қолжетімділікті қамтамасыз ететін жағдайда ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру;
2) органикалық өндіріс бойынша өндірістік бөлімше – органикалық өнім өндіру үшін қолданылмайтын өнімдер (материалдар, заттар, препараттар, тыңайтқыштар) пайдаланылмайтын аумақ;
3) органикалық өсімдік шаруашылығы – жабайы өсімдіктерді жинауды қоса есептегенде, синтетикалық тыңайтқыштарды, пестицидтерді және өсімдіктердің өсуін реттеуіштерді пайдаланбай, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру;
4) өтпелі кезең (конверсия) – органикалық емес өнім осы Қағидалардың ережелері мен халықаралық заңнаманы сақтау нәтижесінде органикалық өнім ретінде сертификатталатын уақыт аралығы.
4. Осы Қағидалар органикалық ретінде өндірілетін және (немесе) өткізілетін мынадай ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолданылады:
1) өңделмеген ауыл және балық шаруашылығы, акваөсіру өнімдері;
2) тамақ ретінде пайдалануға арналған өңделген ауыл және балық шаруашылығы, акваөсіру өнімдері;
3) жемшөптер;
4) вегетативтік отырғызу материалы.
5. Жабайы жануарлардан алынған өнімдер органикалық өнімдер болып табылмайды.
6. Органикалық өнім өндіру Заңның 11 бабының шарттары сақталған жағдайда жүзеге асырылады.
2-параграф. Органикалық өнім өндіруге өту процесі
7. Органикалық өнім өндіруші (бұдан әрі – Өндіруші) өтпелі кезең ішінде осы Қағидаларда белгіленген органикалық өнім өндіру жөніндегі талаптарды сақтайды.
8. Конверсия кезеңінде алынған өнім "өтпелі органикалық өнім" ретінде өткізіледі және таңбаланады.
9. Жер телімдерінің органикалық өнімге жатпайтын өнім өндіруден органикалық өнім өндіруге көшіру ұзақтығы:
егіс алаңдары үшін – егіс алдында кемінде бір жылды;
жайылымдар үшін – өтпелі кезеңнен бастап алты айдан кем емес;
көпжылдық дақылдар (жемшөп өсімдіктерінен басқа) үшін – органикалық өнімдердің алғашқы түсімі жиналғанға дейін кемінде бір жылды құрайды.
10. Мал шаруашылығындағы өтпелі кезең ұзақтығы:
ет өнімін алу үшін – алты айды;
сүт өнімін алу үшін – алты айды;
бал ара шаруашылығы өнімдерін алу үшін – алты айды;
тағамдық балық алу үшін – екі айды құрайды.
Бұл ретте, өтпелі кезең аяқталғаннан кейін төлден алынған өнім органикалық өнім болып табылады.
11. Құс шаруашылығындағы өтпелі кезең ұзақтығы:
ет өнімін алу үшін – алты аптаны;
жұмыртқа алу үшін – алты аптаны құрайды.
Бұл ретте, өтпелі кезең аяқталғаннан кейін төлден алынған өнім органикалық өнім болып табылады.
2-тарау. Органикалық өнім өндіру
1-параграф. Органикалық өсімдік шаруашылығы
12. Органикалық өсімдік шаруашылығында топырақтағы органикалық материалдар құрамын ұстап тұратын немесе олардың санын көбейтетін, топырақтың тұрақтылығы мен биологиялық әртүрлілігін күшейтетін, топырақтың тығыздануы мен эрозиясының алдын алатын, тозу процестерінің өсуін болдырмайтын топырақты өңдеу мен қопсыту әдістері пайдаланылады.
13. Органикалық өндіріс үшін топыраққа қойылатын фитосанитариялық нормалар талаптарына сәйкес келетін жер учаскелері пайдаланылады.
14. Құрамында топыраққа арналған гигиеналық нормативтерден асып түсетін ластаушы заттары бар жер учаскелері ауыспалы егістен шығарылады.
15. Пайдаланылатын барлық өсімдік өндіру технологиялары қоршаған ортаны ластаудың алдын алады және оған қосылатын кез келген үлестің әсерін барынша азайтады.
16. Өнім өндіру үшін органикалық өндірілген тұқымдар мен көшет материалдары пайдаланылады. Тұқымдар мен вегетативтік көшет материалы осы Қағидаларға сәйкес бір буын немесе көпжылдық дақылдар жағдайында екі өсіру маусымы ішінде өндіріледі.
17. Топырақтың жалпы жай-күйін жақсарту немесе топырақтағы және (немесе) түсімдегі қоректік заттардың құрамын ұлғайту үшін микроорганизмдердің тіршілік әрекеті өнімдері негізіндегі, сондай-ақ құрамында тірі микроорганизмдер бар препараттар пайдаланылады.
18. Топырақтың құнарлылығы мен биологиялық белсенділігі бұршақ тұқымдастар мен басқа да жасыл тыңайтқыш дақылдарын қоса алғанда, көпжылдық ауыспалы егіс көмегімен ұстап тұрылады және ұлғайтылады.
19. Топырақтың құнарлылығы мен биологиялық белсенділігі топырақ жақсартатын заттарды және органикалық ауыл шаруашылығы жүйесінде алынған және компостирлеу немесе анаэробты ферменттеу сатысынан өткен жануарлар мен өсімдіктерден алынған заттарды:
1) органикалық өнімдер өндіретін шаруашылықтардан алынған төселген көң, құс сыңғырығы – өнімді жинауға дейін 120 күнтізбелік күн бұрын топыраққа енгізген жағдайда, қолдану регламенттеріне сәйкес биотермиялық өңдеуден кейін;
2) органикалық өнімдер өндіретін шаруашылықтардан алынған төселмеген көң мен төселмеген құс сыңғырығы – залалсыздандыру мен зарарсыздандыру жүргізілгеннен кейін;
3) үйдегі тамақ қалдықтары – фракциялаудан және биотермиялық өңдеуден кейін;
4) шымтезек (синтетикалық қоспалар қосылған шымтезектен басқа) қолдану жолымен ұстап тұрылады және ұлғайтылады.
20. Шаруашылықта топыраққа енгізілген себілетін жануарлар қалдықтары негізіндегі органикалық тыңайтқыштардың жалпы мөлшері ауыл шаруашылығы алқаптарына бір гектарына жылына 170 килограмм азоттан көп болмауы тиіс.
21. Тыңайтқыштар мен топырақты жақсартатын заттар, өсімдіктерді қорғау құралдары мен агрохимикаттар ретінде қолданылатын, жануарлардан немесе өсімдіктерден алынатын заттар, зиянкестермен және аурулармен биологиялық күресу үшін пайдаланылатын микроорганизмдер мен жәндіктер және олар бөлетін заттар, ұстағыштар мен тозаңдатқыштарда пайдалану үшін рұқсат етілген заттар Заңның 7 бабының 1 тармағы 4) тармақшасына сәйкес бекітілетін органикалық өнім өндіру кезінде қолданылатын, рұқсат етілген құралдар тізіміне (бұдан әрі – рұқсат етілген құралдар тізімі) сәйкес пайдаланылады.
22. Органикалық өсімдік шаруашылығы минералды азотты тыңайтқыштарды, өсуді синтетикалық реттегіштерді, синтетикалық бояуларды, полихлорид негізіндегі материалдарды, синтетикалық гербицидтерді, фунгицидтерді, инсектицидтерді және пестицидтерді қолданбай жүзеге асырылады.
23. Зиянкестер, аурулар және арамшөп өсімдіктер келтірген ысыраптардың алдын алу жөніндегі шаралар энтомофагтарды қорғауға, өсімдіктердің тиісті түрлері мен сорттарын таңдауға, тиісті ауыспалы егісті, өңдеп өсірудің оңтайлы әдістері мен термиялық өңдеу әдістерін іріктеуге негізделеді.
24. Қорғалатын конструкцияларды жабу, синтетикалық жабындар, жәндіктерден қорғайтын торлар және сүрлемді шырмау үшін полиэтилен, полипропилен және басқа да поликарбонаттар негізіндегі материалдар қолданылады.
25. Табиғи аумақтарда, ормандарда және ауыл шаруашылығы аумақтарында табиғи өсетін жабайы өсімдіктер мен олардың бөліктерін жинау, егер:
1) бұл аумақтар жинауға дейін үш жыл ішінде органикалық өнім өндіруде қолданылмайтын заттармен өңделмесе;
2) жинау мекендейтін табиғи ортаның тұрақтылығына немесе жинау аумағындағы түрлердің өмір сүру жағдайына әсер етпесе, органикалық өндіріс әдісі болып саналады.
2-параграф. Органикалық мал шаруашылығы
26. Жануарларды таңдау кезінде олардың тұқымы мен түрлерінің осы жергілікті жердің талаптарына және органикалық өндіріс жүйесіне жарамдылығы ескеріледі.
27. Органикалық өндіріс бойынша өндірістік бөлімшеде тұрған жануарлар, сондай-ақ мұндай жануарлардан алынған өнім органикалық өндіріс санатына өтпелі кезеңнен өткеннен кейін өткізіледі.
28. Жануарларға жайылымдарға, жайылуға арналған аумақтарға және серуендеуге арналған, соның ішінде жабық қораларға шығу мүмкіншілігі қамтамасыз етіледі.
29. Органикалық өндіріске өсіруге арналған жануарларды жаю органикалық өндірісте қолданылмайтын заттармен кемінде алты ай өңделмеген жер телемдерінде жүзеге асырылады.
30. Дәстүрлі тәсілмен өсірілетін жануарлар, органикалық өндіру үшін өсірілетін жануарлармен бірлесіп олар нақты бөлінген жағдайдағы бір шаруашылық аула шегінде болады.
31. Дәстүрлі тәсілмен өсірілетін жануарлар органикалық өндіріс үшін өсірілетін жануарлардан бөлек жайылады.
32. Бір жаю ауданынан екінші жаю ауданына жаңа жайылымға айдаған кезеңде жануарларды органикалық өндіріске қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін жайылымдарда жаюға жол беріледі.
33. Шөпқоректі жануарлар үшін жемшөптің кемінде 50%-ы өз өндірісінен дайындалады немесе осы өңірдің органикалық өндіріс жүргізетін басқа шаруашылықтары өндірген жемшөп болады.
34. Төлдер табиғи, мүмкіндігінше енелерінің сүтімен мынадай кезеңдер ішінде қоректендіріледі:
ірі қара мал, жылқылар мен түйелер – кемінде қырық бес күнтізбелік күн;
қойлар мен ешкілер – кемінде отыз күнтізбелік күн;
шошқалар – кемінде қырық күнтізбелік күн.
35. Жануарларды өсіру жүйесі жылдың түрлі мезгілінде жайылымдардың қолжетімділігіне сәйкес жаюға негізделеді.
36. Малды ақырғы бордақылау кезеңінде тәуліктік рациондағы ірі жемшөптің, сүрлемнің немесе пішемдеменің құрамы:
ірі қара мал, жылқылар мен түйелер үшін – кемінде 50 %;
қойлар мен ешкілер үшін – кемінде 45 %.
37. Шошқалар мен құстардың күнделікті рационына ұсақталған және құнарландырылған жемшөп қосылады.
38. Технологиялық қосалқы құралдар ретінде өсімдіктерден және жануарлардан алынатын жемшөп шикізаты, минералдардан алынатын жемшөп материалдары, балық кәсіпшілігінің өнімдері мен жанама өнімдері, жемшөп қоспалары пайдаланылады.
39. Жануарлардың көбеюі табиғи жолмен жүргізіледі.
40. Органикалық мал шаруашылығы:
1) эмбриондарды транспланттау техникасын, клондау мен гендік инженерия әдістерін пайдаланбастан;
2) мұндай шаралар (төлдің мүйіздерін қырқу) қауіпсіздік үшін қолданылатын және (немесе) жануарлардың саулығын, күтіп-бағу және гигиена жағдайларын жақсартуға бағытталған кездерді қоспағанда, қойлардың құйрықтарына резеңке сақиналар бекіту, құйрықтарды кесу, азу тістерді келтерту, тұмсықты қысқарту және мүйізді алып тастау қолданылмастан;
3) гормондарды немесе сол сияқты заттарды, өсімді ынталандырғыштарды және синтетикалық амин қышқылдарын, ветеринариялық қолдану үшін химиялық синтезделген дәрілік заттарды немесе профилактикалық мақсатта антибиотиктерді пайдаланбастан жүзеге асырылады.
41. Жануарларды тасымалдау, тиеу және түсіру электрлік ынталандыру қолданылмастан, сондай-ақ транквлизаторлар пайдаланбай жүргізіледі.
42. Қасапханаға дейінгі тасымалдау уақыты он алты сағаттан аспайды.
43. Шошқаларды серуендетуге арналған қашарларда қазуға мүмкіндік көзделеді.
44. Асыл тұқымдық өсіруде:
1) өсімін молайтуда табиғи және қолдан ұрықтандыру пайдаланылады;
2) өсімін молайту гормондық немесе сол сияқты емдеу қолданыла отырып жасалмайды;
3) клондау және эмбриондарды ауыстырып салу секілді қолдан өсімін молайту нысандары пайдаланылмайды.
45. Жемшөптер осы жануарлар күтіп-бағылатын шаруашылықтардан немесе органикалық жемшөп өндірісімен айналысатын басқа органикалық шаруашылықтардан келіп түседі. Мал жануарлардың барлық даму сатыларында олардың қоректік заттарға деген қажеттіліктеріне сәйкес келетін органикалық жемшөппен қоректенеді. Рационның бір бөлігін органикалық фермерлікке өту кезеңінде тұрған шаруашылықтардың жемшөбінен құруға жол беріледі.
46. Өсімдіктерден, жануарлардан және минералдан алынатын бастапқы өнімдер, мал шаруашылығында қолдануға арналған жемшөп қоспалары мен белгілі субстанциялар рұқсат етілген құралдар тізіміне сәйкес пайдаланылады.
47. Аурулардың алдын алу тұқымды таңдауға, күтіп-бағу әдістеріне, жемшөптің жоғары сапасына, жеткілікті белсенді қозғалу мүмкіндігіне осы Қағидаларға 1-қосымшамен берілген жануарларды күтіп-бағу алаңының рұқсат етілген ең төменгі нормативтерін сақтауда негізделеді.
48. Жануардың қиналуын болдырмау мақсатында ауру дереу емделеді. Антибиотиктерді қоса алғанда, химиялық синтезделген ветеринариялық дәрілік заттар, егер, бұл қажет болса және фитотерапиялық, гомеопатиялық заттарды пайдалану құпталмайтын жағдайларда ғана пайдаланылуы мүмкін. Өндірушімен емдеу курстарын және дәрілерді алып тастау кезеңдерін ескеретін шектеулер бөлек айқындалады.
49. Иммундық ветеринариялық дәрілік заттарды пайдалануға жол беріледі.
50. Үйдегі малға арналған қора-жайлар мен құрылыстарды тазарту мен дезинфекциялау үшін рұқсат етілген құралдар тізіміне сәйкес заттар мен құралдар пайдаланылады.
3-параграф. Органикалық құс шаруашылығы
51. Құстарды торларда күтіп-бақпайды.
52. Суда жүзетін құстың ағынды суға, тоғанға немесе көлге қол жеткізуі көзделеді.
53. Құстарды органикалық өндіріс бойынша өндірістік бөлімшедегі:
1) саңылаусыз, төселететін материалмен (сабанмен, ағаш үгіндісімен, құммен немесе шымтезекпен) жабылған едені бар;
2) құстардың саны мен салмағына сәйкес келетін бақандармен жабдықталған;
3) құстың еркін серуендеу алаңдарына еркін қол жеткізуін қамтамасыз ететін, құстардың мөлшеріне сәйкес келетін кіріс және шығыс ойықтары бар қора-жайларда күтіп-бағады.
54. Жабық қора-жайларда құстар:
1) тәулігіне он алты сағаттан аспайтын жасанды жарықтандырумен;
2) жасанды жарықтандырусыз, ұзақтығы кемінде сегіз сағат болатын үздіксіз түнгі демалыспен қамтамасыз етіледі.
55. Құстарды қора-жайларда күтіп-бағу кезінде оларға жемшөптің жеткілікті мөлшеріне, суға және олардың қажеттілігін қамтамасыз ететін материалға тұрақты қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
56. Серуендету алаңдары үшін бір партия құсты өсіргеннен кейін, өсімдік жабынының жаңаруы үшін жеткілікті тыным кезеңі көзделеді. Осы тармақтың талаптары құс партиялармен өсірілмейтін, серуендету алаңдарында күтіп-бағылмайтын, күні бойы ашық аумақта еркін қозғалыста болатын жағдайларда қолданылмайды.
57. Негізінен, құстарға арналған ашық алаңдар өсімдік жабыны бар және паналайтын жерлермен жабдықталған болады.
58. Құстарға су мен жемшөптің жеткілікті мөлшері кедергісіз қолжетімді.
59. Құстарды күтіп-бағу алаңының рұқсат етілген ең төменгі нормативтері осы Қағидаларға 2-қосымшасында көрсетілген.
4-параграф. Органикалық өндіріс бойынша өндірістік бөлімшенің
қора-жайына қойылатын талаптар
60. Органикалық өндіріс бойынша өндірістік бөлімшенің жануарларды күтіп-бағуға арналған қора-жайы:
1) зоогигиеналық (ауа циркуляциясы, шаң, температура деңгейі, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы) "Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығының, (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11940 болып тіркелген) талаптарына сәйкес келеді;
2) түрлердің, тұқымдардың және жас топтарының барлық қажеттіліктерін ескере отырып, жануарларға арналған жайлылықпен қамтамасыз етіледі;
3) жануарлардың табиғи қалыпты (еркін тұру, еденге оңай жату, айналу, қанатын жаю немесе соғу) қабылдауына мүмкіндік беретін жеткілікті кеңістікпен қамтамасыз етіледі;
4) жануарлардың демалуына арналған аймақпен, құрғақ сабан немесе өзге де табиғи материал мол төселген таза және құрғақ еденмен қамтамасыз етіледі.
61. Органикалық өндіріс бойынша өндірістік бөлімшенің жануарларды күтіп-бағуға арналған қора-жайы тегіс және сырғанақ емес еденмен жабдықталады. Қора-жайдағы еден беті алаңының кемінде жартысы тұтас, саңылаусыз, шарбақты емес болуы тиіс.
62. Жануарлар күтіп-бағылатын ғимараттарды, құрылыстарды, қора-жайларды, сондай-ақ қора-жайларындағы жабдықтар мен құрал-саймандарды тазарту мен дезинфекциялау үшін рұқсат етілген құралдар тізіміне сәйкес құралдар мен заттар қолданылады.
63. Органикалық өндіріс бойынша өндірістік бөлімшенің қора-жайы аумағында бояулармен, консерванттармен және улы заттармен, кеміргіштер мен паразиттерге қарсы күрес заттарымен өңделген құрылыс және басқа да материалдардың сақталуына жол берілмейді.
5-параграф. Ветеринариялық сүйемелдеу
64. Жануарлардың кез-келген азаптануы, тиісті анестезия және (немесе) анальгезия қолдану жолымен, сондай-ақ тек барынша ыңғайлы жаста ғана операция жасау арқылы барынша азайтылады.
65. Хирургиялық піштіруге өнімнің сапасын және өндірістің дәстүрлі әдістерін ұстап тұру мақсатында жол беріледі.
66. Аурулармен күресу немесе жарақатты емдеу үшін ветеринариялық препараттарды рұқсат етілген құралдар тізіміне сәйкес пайдаланылады.
67. Жануар он екі айдың ішінде синтезделген химиялық дәрілік заттармен немесе антибиотиктермен үш реттен көп емдеу курсын алған жағдайда, мұндай жануарлар, сондай-ақ мұндай жануарлардан алынған кез келген өнім органикалық өндіріске сәйкес болып таныла алмайды және жануарлар өтпелі кезеңнен өтеді.
68. Дәрілік заттар қолданылған жануарларға қатысты, Өндірушімен мұндай жануарлар, сондай-ақ олардан алынған өнім органикалық болып таныла алмайтын кезең белгіленуі тиіс.
69. Аталған кезең жануарға дәрілік заттарды соңғы қолданған уақыттан есептеледі және тиісті дәрілік затты қабылдау жөніндегі нұсқаулықта белгіленген екі еселенген кезеңді құрайды.
70. Ветеринария саласындағы заңнамаға сәйкес шектеу іс-шаралары (карантин) белгіленуі мүмкін болатын, инфекциялық, оның ішінде аса қауіпті ауруларға шалдыққан жануарлар және олардан алынған өнім органикалық болып таныла алмайды, ал мұндай жануарлар шаруашылық аула аумағынан дереу шығарылуы тиіс.
71. Профилактикасы, диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауiптi ауруларына қарсы жануарлар профилактикасы, диагностикасы бойынша вакциналауды қоспағанда, жануарларды химиялық синтезделген ветеринариялық препараттармен немесе антибиотиктермен, иммуннологиялық ветеринариялық препараттармен емдеу кезінде олардан алынған өнім органикалық болып саналмайды және жануар осы Қағидалардың 10, 11-тармақтарында көрсетілген конверсиялық кезеңге тартылады. Көрсетілген жайлар туындауы туралы актісін Өндіруші еркін нысанда жасайды және сақтайды.
6-параграф. Балықтар мен басқа су жануарларын органикалық өсіру
72. Балықтар мен (немесе) басқа су жануарларын органикалық өсіру органикалық өндіріс жөніндегі өндірістік бөлімшеде балықтар мен (немесе) басқа су жануарларының түріне тән өзіндік қажеттіліктеріне сәйкес жүргізіледі, мұнда олар:
1) олар тіршілік әрекет ету үшін жеткілікті мекендейтін ортаға ие;
2) түрдің тиісті қажеттілігіне сай келетін температура мен жарықта күтіп-бағылады.
73. Бір шаруашылықтың инкубациялық аппараттарында бір уақытта органикалық және бейорганикалық өсіріліп жатқан балық түрлерінің уылдырығын инкубациялау олар бір-бірінен физикалық түрде толық оқшауланған кезде және бөлек-бөлек сумен қамтамасыз ету жүйелері болған жағдайда жол беріледі.
74. Өсіру мақсатында және генетикалық қорды жақсарту үшін, сондай-ақ балықтар мен (немесе) басқа су жануарларын (еркектері мен ұрғашылары) қолжетімділік жоқ болған жағдайда, шаруашылықтар қолдан өсірілген немесе табиғи мекендеу ортасынан ұстап алынған, пайдалануға дейін осы Қағидалар талаптарына сәйкес кемінде бір ай күтіп-бағылатын балықтар мен (немесе) басқа су жануарларының еркектері мен ұрғашлары пайдаланады.
75. Өсірілетін ортаға балықтарды орналастырудың ең жоғары тығыздығы осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген.
76. Балықтар мен (немесе) басқа су жануарларын органикалық өсірумен айналысатын кәсіпорындарда судың сапасын бақылау мен реттеу мүмкіндігі көзделеді.
77. Суды қолдан жылытуға немесе суытуға тек ғана инкубациялық цехтерде, сондай-ақ тұйық сумен жабдықтай отырып өсіруге арналған бассейндер мен қондырғыларда температуралық режимді сақтаған жағдайда рұқсат етіледі.
78. Техникалық оттегіні пайдалануға:
1) судың және (немесе) ауаның температурасы жоғарылағанда және (немесе) атмосфералық қысым төмендегенде немесе кездейсоқ ластану кезінде;
2) сынамалар алу, бақылау үшін аулау, профилактикалық қарап-тексеру, гипофизарлық егу, бонитирлеу, өңдеу және сорттау сияқты мерзімдік рәсімдер кезінде;
3) өсірілетін объектілердің орнын ауыстыру немесе оларды тасымалдау кезінде сақталуын қамтамасыз ету үшін жол беріледі.
Техникалық оттегіні пайдаланған жағдайда Өндіруші еркін нысанда тиісті акт жазады.
79. Балықтар мен (немесе) басқа су жануарларын органикалық өсіру үшін мынадай жемшөп іріктеп алынады:
1) су ортасында өсірілген органикалық жемшөп өнімдері;
2) экологиялық қауіпсіз су айдындарында ұстап алынған балықтан алынатын балық ұны, балық майы және балықтан алынатын ингредиенттер;
3) өсімдіктерден немесе жануарлардан алынатын органикалық жемшөптер.
80. Балықтар мен (немесе) басқа су жануарларын органикалық өсіруде:
1) өсіретін балық пен (немесе) басқа су жануарларды күтуді жүзеге асырайтын қызметкердің арнайы базалық білімінің және оларды өсіру, олардың профилактикасы және емдеу технологиясында дағдыларының болуы;
2) қоректенуді қоса алғанда, өсіру әдістері, гидротехникалық құрылыстарға тән ерекшеліктері, орналастыру тығыздығы және балықтар мен (немесе) басқа су жануарларын өсірудің технологиялық талаптарына, сондай-ақ олардың өсуі мен дамуы үшін қажетті шарттарға сәйкес су сапасының көрсеткіштері;
3) шаруашылықтың экологияға теріс әсер етуіне жол берілмейтін өсіру технологиялары;
4) балықтар мен (немесе) басқа су жануарларының бөлек-бөлек күтіп-бағылуы;
5) тасымалдау кезінде балықтар мен (немесе) басқа су жануарларының саламаттығын қамтамасыз ету;
6) сою сәтін қоса алғанда, балықтар мен (немесе) басқа су жануарларының, кез келген жайсыздығын барынша азайту.
81. Асыл тұқымдық өсіру кезінде:
1) полиплоидтың жасанды индукциясы, клондау, бір жынысты түрлерді шығару пайдаланылмайды. Жасанды гибридтеуге стерильді ұрпақ алынған жағдайда жол беріледі;
2) нақты бір өңірге немесе шаруашылық типіне байланысты өсіру шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес келетін балықтар мен (немесе) басқа су жануарларының түрлері таңдалады;
3) аналық табынды басқару, шабақтарды өсіру мен өндіру мақсатында осы түрге тән шарттар қамтамсыз етіледі.
82. Балықтар мен (немесе) басқа су жануарларын қоректенуі дамудың әр сатысында олардың қоректік заттарға қажеттілігін қамтамасыз етеді. Жемшөптің өсімдіктен алынатын бөлігі органикалық шаруашылықтан келіп түседі, жемшөптің су организмдерінен алынатын бөлігі орнықты пайдаланылатын балық шаруашылықтарынан келіп түседі.
83. Балықтар мен басқа су жануарларын азықтандыруда қажет өсімдіктерден, жануарлардан және минералдан алынатын бастапқы өнімдер, мал шаруашылығында қолдануға арналған жемшөп қоспалары мен белгілі субстанциялар рұқсат етілген құралдар тізіміне сәйкес пайдаланылады.
84. Балықтар мен (немесе) басқа су жануарларын өсіру өсімді ынталандырғыштар мен синтетикалық амин қышқылдарды қолданылмастан жүзеге асырылады.
85. Балықтар мен (немесе) басқа су жануарларын өсіру кезінде балықтардың ацетондалған гипофиздерін қолдану тиісті түрлерді өсіру технологиясының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
6-1-параграф. Балық аулау
Ескерту. 6-1-параграфпен толықтырылды - ҚРАуыл шаруашылығы министрінің 19.03.2020 № 101 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
85-1. Балық аулауды жүргізу кезінде Өндіруші балық аулау жүргізілетін су айдынының экологиялық жүйесінің өсімін молайтуды қолдау мен жақсартуды және су және басқа да табиғи ресурстарын сақтауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ су айдынының экологиялық жүйесіне теріс әсер етуге жол берілмейді.
85-2. "Қолдануға рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес балық аулау құралдарының түрлері мен тәсілдерінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 18-04/17 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10266 болып тіркелген) бекітілген балық аулау тәсілдері осы Қағидалардың 6-параграфының және Заңның 3-тарауының талаптары мен шарттарын сақтау үшін Өндірушінің актілерінде сипатталады.
7-параграф. Бал ара шаруашылығындағы органикалық өндіріс
86. Балды органикалық өндіру үшін орналасқан омарталардан үш километр радиустегі органикалық өндіріс бойынша өндірістік бөлімшеде өсетін органикалық өсірілетін ауыл шаруашылығы және (немесе) жабайы өсімдік дақылдарының шірне мен тозаң көздері пайдаланылады.
87. Органикалық бал ара өсіруге жұмылдырылған омарталар пестицидтерді пайдаланатын, сондай-ақ радиоактивті, химиялық, биологиялық заттармен ластану қаупін тудыратын шаруашылықтардан және өндірістік объектілерден (қоқыс тастайтын жерлер, қатты қалдықтарды өртеу орындары және автобандар) кемінде алты километр радиуста орналасады.
88. Бал ара ұялары қоршаған орта мен ауыл шаруашылығы өнімдерін ластау қаупі жоқ табиғи материалдардан жасалады.
89. Бал шығару кезінде химиялық синтетикалық репелленттер пайдаланылмайды.
90. Тек сау және физикалық мертікпеген бал аралар ғана пайдаланылады.
91. Түтін салу барынша азайтылады, табиғи материалдар пайдаланылады.
92. Климаттық жағдайларға байланысты тамақтан бөгеліс болғанда, колониялар органикалық әдіспен өндірілген бал мен қантты пайдалана отырып тамақтандырылады. Өндірушілер аталған деректі жазбаша белгілейді.
93. Өндірістік маусым (бал жинау кезеңі) соңында бал ара ұяларында қысқы ұйықтау кезеңінде колониялардың өмір сүруі үшін жеткілікті мол бал қоры қалдырылады.
94. Қыс кезеңінде бал ара ұясы үй-жайда орналасса, бір корпусты ұяларда екі жарым килограмм, көп корпустыларда екі килограмм есебінен азықтық бал қалдырады. Қыс кезеңінде бал ара ұясы ашық ауада тұрса, бір корпусты ұяларда үш килограмм және көп корпустыларда екі жарым килограмм есебінен азықтық бал қалдырады.
95. Бал ара шаруашылығы өнімдерін жинау мен өңдеуде 400С жоғары емес температура қолданылады.
96. Бал ара шаруашылығындағы органикалық өндіріс химиялық синтездеген дәрілік заттарды пайдаланбастан жүргізіледі.
97. Ветеринариялық дәрілік заттар профилактикалық шаралардан нәтиже болмаған жағдайда пайдаланылады.
98. Ветеринариялық дәрілерді пайдаланған жағдайда, өңделген бал ара ұялары оқшауланады және конверсиядан өтеді.
99. Ветеринариялық дәрілерді пайдаланған жағдайда, конверсиялық мерзім алты айды құрайды.
8-параграф. Тамақ өнімдерін органикалық өңдеу
100. Тамақ өнімдерін органикалық өңдеу кезінде:
1) органикалық тамақ өнімдерінің органикалық материалдардан өндірілуі;
2) жемшөп және технологиялық қоспалардың болмауы;
3) өнімнің шынайы табиғатына қатысты жаңылысуға әкелетін заттар мен өңдеу әдістерінің алып тасталуы;
4) биологиялық, механикалық және физикалық әдістерді пайдалана отырып, тамақ өнімдерінің жұмсақ өңделуі сақталады.
101. Жемшөпті немесе тамақ өнімдерін өңдейтін кәсіпкерлік субъект:
1) өндіріс сатыларын сәйкестендіреді;
2) органикалық өнімнің рұқсат етілмеген заттармен немесе өнімдермен ластануы тәуекелін болдырмау мақсатында алдын алу шараларын қабылдайды;
3) тазарту рәсімдерін жүргізеді, олардың тиімділігін бақылайды және осындай жағдайлардың жүзеге асырылғанын белгілеп отырады.
102. Бір өндірістік кәсіпорында органикалық және бейорганикалық өнімді өңдеумен және (немесе) сақтаумен айналысатын кәсіпкерлік субъект:
1) органикалық өнімдермен операцияларды олардың бейорганикалық өнімдермен атқарылатын осындай операциялармен аражігін ажырата отырып, толық өндірістік цикл аяқталғанға дейін үздіксіз жүзеге асырады;
2) органикалық өнімдерді өндірістік операцияларға дейін және олардан кейін бейорганикалық өнімдерден бөлек ұстайды;
3) барлық операциялар мен өңделген мөлшерге уақытылы есеп алу жүргізеді;
4) бейорганикалық өнімдермен араласуын болдырмау үшін партияларды сәйкестендіруді қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдайды;
5) органикалық өнімдермен операцияларды өндірістік жабдық тиісінше тазартылғаннан кейін жүзеге асырады.
103. Органикалық өңделген тамақ өнімдерінің құрамына мынадай шарттар қолданылады:
1) өнім органикалық ауыл шаруашылығынан алынатын ингредиенттерден өндіріледі, бұл ретте оған қосылған су мен ас тұзы есепке алынбайды;
2) бейорганикалық ауыл шаруашылығы ингредиенттері осы Қағидалардың 104-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес оларға рұқсат берілген жағдайда пайдаланылады.
9-параграф. Өңдеу кезінде пайдаланылатын өнімдер мен заттарға
арналған өлшемшарттар
104. Тағамдық өнімге ерекше қоректік қасиеттер беру мақсатында қоспалар, технологиялық қоспалар, хош иістендіргіштер, су, тұз, микроорганизмдер мен ферменттер негізіндегі құрамдар, минералдар, микроэлементтер, витаминдер, сондай-ақ амин қышқылдарын және табиғи көздерден алынған басқа да тағамдық микроэлементтерді пайдалануға жол беріледі.
105. Осы Қағидалардың 104-тармағында көрсетілген заттар өңдеу кезінде тек механикалық, физикалық, биологиялық немесе ферменттік процестерге тартылады.
106. Өңдеу процесінде рұқсат етілген құралдар тізіміне сәйкес ауыл шаруашылығынан алынған органикалық заттарды өңдеу кезінде пайдалануға рұқсат етілген заттар мен өнімдер қолданылады.
3-тарау. Органикалық өнім айналымы
1-параграф. Таңбалау
107. Өндіруші өтпелі кезең процесінде органикалық өнімді "өтпелі органикалық өнім" ретінде өткізеді және таңбалайды.
108. Өндіруші органикалық өнімді өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растау рәсімінен өткеннен кейін органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісін қояды.
Органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісінің бейнесі, оған қойылатын техникалық талаптар мен оны басуға қойылатын талаптар ҚР СТ 3109-2017 "Органикалық өнімдер. Органикалық өнімдердің ұлттық сәйкестік белгісі. Техникалық талаптар және органикалық өнімдерді таңбалау тәртібі" Қазақстан Республикасының ұлттық стандартында белгіленеді.
Ескерту. 108-тармақ жаңа редакцияда - ҚРАуыл шаруашылығы министрінің 19.03.2020 № 101 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.109. Органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісін органикалық өнімді жарнамалауда пайдалануға жол беріледі.
110. Органикалық өнімді таңбалау мен оны жарнамалау кезінде мынадай көрсетілген белгілердің бірін пайдалануға жол беріледі: "органик", "органикалық", "organic", "organik", олардан туындайтын немесе қысқартылған нысандар, бөлек немесе өнім атауымен бірге.
111. Осы Қағидалардың 110-тармағында айтылған терминдер осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімді таңбалау, жарнамалау үшін пайдаланылмайды.
112. Таңбалауда осы өнім құрамындағы шикізаттық ауыл шаруашылығы материалдары өндірілген орын туралы ақпарат көрсетіледі.
113. Осы Қағидалардың 110-тармағында сипатталған терминдер пайдаланылатын таңбалау кезінде:
1) Өндірушіге инспекция жүргізген ұйымның атауы;
2) органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісі көрсетіледі.
114. Нұсқаулар көрінетін жерде орналасып, оңай байқалады, нақты және өшірілмейді.
115. Ингредиенттер тізімі көрсетілген жағдайда, қандай ингредиент органикалық екені және ауыл шаруашылығынан алынатын ингрединтердің жалпы көлеміне пропорциядағы органикалық ингредиенттердің жалпы пайызы көрсетіледі.
116. Терминдер мен пайыздық көлем нұсқауы ингредиенттер тізіміндегі басқа да нұсқаулар үшін қолданылған қаріп түсін, өлшемі мен стилін пайдалана отырып орындалады.
117. Органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісі осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін өнімді таңбалау мен жарнамалауда пайдаланылады.
118. Органикалық өнімді таңбалау "Тағамдық өнім: оның таңбалануы бөлігінде" Кеден одағының техникалық регламентін қабылдау туралы" Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 881 шешіміне (КО ТР 022/2011) сәйкес жүзеге асырылады.
2-параграф. Органикалық өнімді буып-түю және тасымалдау
119. Органикалық өнімді буып-түю Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 16 тамыздағы № 769 шешімімен бекітілген "Буып-түю қауіпсіздігі туралы" (КО ТР 005/2011) Кеден одағының техникалық регламентінің (бұдан әрі – КО ТР 005/2011) талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Органикалық өнімді тасымалдау "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының және КО ТР 005/2011 талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 119-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 03.05.2024 № 145 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күнде қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.120. Тасымалдау кезінде органикалық өнім басқа өнім түрлерінен оны оңай сәйкестендіруі қамтамасыз етілетіндей оқшауланады.
121. Жануарлар мен өсімдіктерден алынатын органикалық өнімді тасымалдау кезінде "Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11898 болып тіркелген) сәйкес рұқсат беру құжаттары онымен бірге жүреді.
122. Өндірушілер органикалық өнімнің ластануына әкеліп соқтыратын буып-түю материалын пайдаланбайды.
123. Органикалық өнім органикалық өнімге залал келтіретін заттармен байланыста болған, пайдаланылған қаптарға немесе контейнерге буып-түйілмейді.
124. Органикалық өнімді тасымалдауға арналған барлық көлік құралдарын пайдалануға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 11 қаңтардағы № ҚР ДСМ-5 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22066 болып тіркелген) бекітілген "Жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес жол беріледі.
Ескерту. 124-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.05.2023 № 196 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3-параграф. Органикалық өнімді сақтау, жою және кәдеге жарату
125. Органикалық өнімді сақтау алдында органикалық өнім өндіру кезінде қолданылатын рұқсат етілген құралдар тізіміне сәйкес заттармен үй-жайларды тазарту жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі. Өндірушілер осындай операцияларды есепке алуды жүргізеді.
126. Органикалық өнім өзге ауыл шаруашылығы өнімінен және (немесе) тамақ өнімдерінен бөлек сақталады.
127. Партияларды сәйкестендіруді қамтамасыз етуге және бейорганикалық өніммен араласуын болдырмауға арналған шаралар қабылданады.
128. Органикалық өнімді сақтау КО ТР 005/2011 талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
129. Бұзылған органикалық өнімді жою мен кәдеге жарату Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 ақпандағы № 140 қаулысымен бекітілген Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесіне және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 сәуірдегі № 16-07/307 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11003 болып тіркелген) бекітілген Биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату, жою қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларына 1-қосымша |
Жануарларды күтіп-бағу алаңының рұқсат етілген ең төменгі
нормативтері
Жабық қора-жайдағы алаң | Ашық ауадағы алаң | |||
тірідей салмағы (килограмм) | бір басқа шаршы метр | бір басқа шаршы метр | ||
Күйіс қайыратындар және жылқы тұқымдастар үшін көбею және салмақ жинау | 100-ге дейін | 1,5 | 1,1 | |
200-ге дейін | 2,5 | 1,9 | ||
350-ге дейін | 4,0 | 3 | ||
350-ден жоғары | 5 | 3,7 | ||
Сүтті сиырлар | 6 | 4,5 | ||
Тұқымдық бұқалар | 10 | 30 | ||
Қойлар мен ешкілер | үлкен малға | 1,5 | 2,5 | |
төлге | 0,35 | 0,5 | ||
40 күнге дейінгі торайлары бар торайлайтын шошқалар | бір шошқаға 7,5 | 2,5 | ||
Шошқаларды бордақылау | 50-ге дейін | 0,8 | 0,6 | |
85-ке дейін | 1,1 | 0,8 | ||
110-ға дейін | 1,3 | 1 | ||
Торайлар | 30-ға дейін | 0,6 | 0,4 | |
Өсіруге арналған шошқалар | бір ұрғашы дараққа 2,5 | 1,9 | ||
бір еркек дараққа 6. | 8,0 |
Органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларына 2-қосымша |
Құстарды күтіп-бағу алаңының рұқсат етілген ең төменгі
нормативтері
Жабық қора-жайдағы алаң | Ашық ауадағы алаң (бір басқа шаршы метр алаң) | |||
Бір шаршы метрге құс саны | Бір құсқа орын, сантиметр | ұя | ||
Жұмыртқалайтын тауық | 6 | 18 | 1 ұяға 7 жұмыртқалайтын тауық немесе жалпы ұя жағдайында – 1 құсқа 120 шаршы сантиметр | 4, егер жылына 1 гектарға 170 килограмм азот шегі асып кетпеген жағдайда |
Үй құсын бордақылау (тұрақты қора-жайда) | 10 егер ең жоғарғы жалпы салмағы 21 килограмм болған жағдайда | 20 (тек мысыр тауығы үшін) | Жылына 1 гектарға 170 килограмм азот шегі асып кетпеген жағдайда 4 бройлер мен мысыр тауығы, 4,5 үйрек, 10 күркетауық, 15 қаз | |
Үй құсын бордақылау (жылжымалы қора-жайда) | 16 егер құсқа арналған жылжымалы қора-жайда ең жоғарғы тірідей жалпы салмағы 30 килограмм болған жағдайда | 2,5 егер жылына 1 гектарға 170 килограмм азот шегі асып кетпеген жағдайда |
Органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларына 3-қосымша |
Өсірілетін ортаға балықтарды орналастырудың ең жоғары тығыздығы
Шарбақтарда:
сүйрік – бір текше метрге 25 килограмм;
бекіре – бір текше метрге 10 килограмм;
қортпа – бір текше метрге 44 килограмм;
бақтақ – бір текше метрге 25 килограмм;
бассейндерде:
сүйрік – бір текше метрге 10 килограмм;
бекіре – бір текше метрге 22,8 килограмм;
қортпа – бір текше метрге 50 килограмм;
бақтақ – бір текше метрге 35 килограмм;
жайын – бір шаршы метрге 200 килограмм;
сумен жабдықтаудың тұйық циклді қондырғыларында:
бекіре – бір шаршы метрге 20 килограмм;
жайын – бір шаршы метрге 200 килограмм;
бақтақ – бір текше метрге 50 килограмм;
бейімделген көлдер мен тоғандардағы балықтар үшін:
ақсақа балықтар (пайда балық, көкшұбар балық, ақсақа, шыр, ақ балық) – бір гектарға 400 килограмм;
өсімдік қоректілер (ақ амур, қара амур, ақ және сұр дөңмаңдай), тұқы (сазан), көксерке, шортан, кәдімгі жайын) – түрлер бойынша жиынтық бір гектарға 3000 килограмнан көп емес;
бекіре тұқымдастар (орыс бекіресі, сібір бекіресі, шоқыр) – түрлер бойынша жиынтық бір гектарға 1070 килограмнан көп емес;
канал жайыны – бір гектарға 3000 килограмм.