Органикалық өнім өндіру туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 27 қарашадағы № 423-V ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Заңның күшін жою көзделген – ҚР 10.06.2024 № 89-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 18-баптан қараңыз.
     
      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

      Осы Заң топырақты ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге, дұрыс тамақтануды қалыптастыруға жәрдемдесуге және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған органикалық өнім өндірудің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдық негіздерін айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) органикалық өнім – осы Заңның талаптарына сәйкес өндірілген ауыл шаруашылығы өнімі, акваөсіру және балық аулау өнімі, жабайы өсімдіктерден алынған өнім және оларды қайта өңдеу өнімдері, оның ішінде тамақ өнімі;

      2) органикалық өнім өндіруші – органикалық өнімді әзірлеу (жасау), өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      3) органикалық өнімді таңбалау – тұтыну орамасына, көліктік орамаға немесе тұтыну орамасына және (немесе) көліктік орамаға жапсырылған немесе оларға салынған не оларға қоса берілетін өзге де ақпарат жеткізгіш түріне жазбалар, суреттер, белгілер, символдар, өзге де белгілемелер және (немесе) олардың комбинациялары түрінде түсірілген органикалық өнім туралы ақпарат;

      4) органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісі – органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін растау рәсімінен өткені туралы ақпарат беретін тіркелген сәйкестік белгісі;

      5) органикалық өнім өндіру – Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасында көзделген әдістер мен тәсілдерге сәйкес келетін, нәтижесі органикалық өнім болып табылатын қызмет түрлерінің жиынтығы;

      6) органикалық өнім өндіру саласындағы уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және іске асыруды, сондай-ақ органикалық өнім өндіру саласындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган.

      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заң органикалық өнім өндірушілер, өзге де жеке және заңды тұлғалар, органикалық өнім өндіру саласындағы уәкілетті органдар арасында туындайтын қатынастарды реттейді.

3-бап. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзге де қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

4-бап. Органикалық өнім өндіру саласындағы құқықтық реттеудің мақсаттары мен міндеттері

      1. Органикалық өнім өндіру саласындағы құқықтық реттеудің мақсаттары:

      1) органикалық өнім өндіруді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау;

      2) табиғи ресурстарды сақтау;

      3) топырақты, суды, ауаны, биологиялық әртүрлілікті сақтауды қоса алғанда, табиғи ресурстарды басқарудың орнықты жүйелерін пайдалану;

      4) тамақ өнімдерінің сапасын арттыру;

      5) органикалық өнімнің ұлттық брендін жасау болып табылады.

      2. Органикалық өнім өндіру саласындағы құқықтық реттеудің міндеттері:

      1) халықтың денсаулығын сақтау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау;

      2) қоршаған ортаның сақталуына жәрдемдесу;

      3) органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімді инспекциялау және сертификаттау;

      4) органикалық өнімнің ішкі нарығын дамыту және Қазақстан Республикасы халқының органикалық өнімге қажеттіліктерін қанағаттандыру;

      5) органикалық өнімнің экспортын ұлғайту;

      6) органикалық өнім өндірушілерге мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну болып табылады.

5-бап. Органикалық өнім өндіру саласындағы қағидаттар

      Органикалық өнім өндіру саласындағы қағидаттар:

      1) дұрыс тамақтануды қалыптастыруға жәрдемдесу;

      2) жаңартылмайтын табиғи ресурстарды пайдалануды шектеу;

      3) экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экологиялық жүйелерді сақтау;

      4) топырақ құнарлылығын сақтау және молықтыру болып табылады.

2-тарау. ОРГАНИКАЛЫҚ ӨНІМ ӨНДІРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің органикалық өнім өндіру саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі органикалық өнім өндіру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-бап. Уәкілетті органдардың органикалық өнім өндіру саласындағы құзыреті

      1. Органикалық өнім өндіру саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

      1) органикалық өнім өндіру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;

      2) органикалық өнім өндірушілердің тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      4) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша органикалық өнім өндіру кезінде қолданылатын, рұқсат етілген құралдар тізімін әзірлейді және бекітеді;

      5) Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасын жетілдіреді;

      6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде:

      1) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) мыналарды:

      органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларын;

      органикалық өнім өндіру кезінде қолданылатын, рұқсат етілген құралдар тізімін келісуді жүзеге асырады;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      3. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

      1) органикалық өнімді өткізу сатысында Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасында белгіленген талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады, үйлестіреді және жүзеге асырады;

      2) мыналарды:

      органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларын;

      органикалық өнім өндіру кезінде қолданылатын, рұқсат етілген құралдар тізімін келісуді жүзеге асырады;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары өз құзыреті шегінде:

      1) халыққа органикалық өнім өндіру туралы ақпарат беруді қамтамасыз етеді;

      2) органикалық өнім өндірушілер қызметінің Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды және мониторингті жүзеге асырады;

      3) Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін органикалық өнімді анықтау және оны өткізуге жол бермеу жөніндегі шараларды әзірлеу мақсатында ішкі сауда объектілеріне бақылауды және мониторингті жүзеге асырады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін жергілікті мемлекеттік басқару мүдделерінде өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Органикалық өнім өндірушілерді мемлекеттік қолдау және ынталандыру шаралары

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес органикалық өнім өндірушілерді мемлекеттік қолдау және ынталандыру шаралары органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растағаннан кейін жүзеге асырылады.

3-тарау. ОРГАНИКАЛЫҚ ӨНІМ ӨНДІРУДІҢ НЕГІЗГІ ШАРТТАРЫ МЕН РӘСІМДЕРІ

9-бап. Органикалық өнім өндірушілер мен оның айналымын жүзеге асыратын тұлғалардың міндеттері

      1. Органикалық өнім өндірушілер мен оның айналымын жүзеге асыратын тұлғалар органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.

      2. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, органикалық өнім өндірушілер мен оның айналымын жүзеге асыратын тұлғалар өнімді кері қайтаруды және органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісін жоюды дереу қамтамасыз етеді.

10-бап. Органикалық өнім өндіруге өту шарттары

      1. Органикалық өнім өндіруге өту органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Органикалық өнім өндіруге өту кезінде мынадай шарттар сақталуға тиіс:

      1) органикалық өнім өндіруші сәйкестікті растау жөніндегі органмен органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растау рәсімін жүргізуге шарт жасасады;

      2) өтпелі кезең ішінде органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларында белгіленген органикалық өнім өндіруге қойылатын талаптар сақталады;

      3) органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларына сәйкес органикалық өнім өндіру органикалық өнімге жатпайтын өнімді өндіруден бөлек жүзеге асырылады;

      4) өнімді "өтпелі органикалық өнім" ретінде өткізуге және таңбалауға рұқсат етіледі.

      3. Органикалық өнім өндіруге өтудің ұзақтығы органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларында белгіленеді.

11-бап. Органикалық өнім өндіру шарттары

      1. Органикалық өнім өндіру кезінде мынадай шарттар:

      1) сау жануарлар және өсімдіктерді, жануарлар және өсімдіктерден алынған қауіпсіз өнім мен шикізатты пайдалану;

      2) органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларында көзделгендерді қоспағанда, синтетикалық заттарды, пестицидтерді, гормондарды, антибиотиктерді және тамақ қоспаларын қолдануды болғызбау;

      3) генетикалық түрлендірілген объектілерді қолдануды болғызбау;

      4) топырақты пайдаланбай өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру әдістерін қолдануды болғызбау;

      5) иондаушы сәулені қолдануды болғызбау;

      6) топырақ құнарлылығын сақтау және молықтыру;

      7) жаңартылмайтын табиғи ресурстарды пайдалануды барынша азайту;

      8) жабайы өсімдіктерді өңдеудің химиялық әдістерін болғызбау;

      9) өсімдіктен және жануардан қалған қалдықтарды және олардан алынған жанама өнімдерді қайталама пайдалану оларды органикалық өндіру жағдайларында алған кезде ғана мүмкін болады;

      10) өндіру үшін органикалық өнімнің нақты түрін таңдаған кезде экологиялық жүйелерді сақтау;

      11) зиянкестерге, арамшөптерге және өсімдіктердің ауруларына төзімді тиісті ауыспалы егістерді, өсімдіктердің түрлері мен сұрыптарын таңдауды қамтитын, алдын алу шараларының көмегімен өсімдіктерді қорғау;

      12) өсімдіктерді зиянкестерден, арамшөптерден және өсімдіктердің ауруларынан қорғаудың механикалық, биологиялық және физикалық әдістерін артықшылықпен қолдану;

      13) тиісті үй-жайлар мен жайылым жағдайларын қамтамасыз ету, олардың табиғи мінез-құлқын ескеру, табиғи иммунитетін ынталандыру арқылы жануарлардың саулығына қамқор болу;

      14) жергілікті жағдайларға бейімделген төзімді өсімдіктердің түрлерін, сұрыптарын және жануарлардың тұқымдарын таңдау;

      15) органикалық өнім өндіру нәтижесінде, сондай-ақ табиғи жолмен алынған заттардан тұратын ингредиенттерден азықтар мен азық қоспаларын мал шаруашылығында қолдану сақталуы тиіс.

      2. Органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларына сәйкес араласып кетуін болғызбау үшін органикалық өнім өндіру өндірудің, сақтаудың және тасымалдаудың барлық кезеңдерінде органикалық өнімге жатпайтын өнімді өндіруден бөлек болуы тиіс.

      3. Органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларымен органикалық өнімге және (немесе) оның өмірлік циклі процестеріне қойылатын талаптар белгіленеді.

      4. Органикалық өнімді қайта өңдеу кезінде органикалық өнім өндірушілер тамақ қоспаларын, азық қоспаларын қолдануды шектеуге міндетті, оларды технологиялық немесе зоотехникалық қажеттілік жағдайында не емдәмдік мақсаттарда пайдалануға жол беріледі.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

12-бап. Органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растау және оларды инспекциялық бақылау

      1. Органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растау ерікті сипатта болады.

      Органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растау осы Заңға, органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларына, сондай-ақ қолданыстағы стандарттарға сәйкестікке жүзеге асырылады.

      Органикалық өнім өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растау нәтижесі – сәйкестік сертификаты болып табылады.

      2. Органикалық өнім өндіруші органикалық өнімді өндіру мен органикалық өнімнің сәйкестігін растау рәсімінен өткеннен кейін органикалық өнімге ұлттық сәйкестік белгісін қоюға құқығы бар.

      2-1. Органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісінің бейнесі, оған қойылатын техникалық талаптар мен оны басуға қойылатын талаптар ұлттық стандартта белгіленеді.

      3. Сәйкестікті растау жөніндегі органдар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына органикалық өнімді өндірудің және органикалық өнімнің сәйкестігін растау мен инспекциялық бақылаудың нәтижелері туралы ақпарат жібереді.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

13-бап. Органикалық өнім өндірушілердің тізілімін жүргізу

      Органикалық өнім өндіру саласындағы уәкілетті орган облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ұсынатын деректер негізінде органикалық өнім өндірушілердің тізілімін жүргізеді.

14-бап. Органикалық өнімді таңбалауға қойылатын міндетті талаптар

      1. Органикалық өнімді таңбалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Сертификатталған органикалық өнімді өндіретін және (немесе) өткізетін кәсіпкерлік субъектілерінің органикалық өнімнің ұлттық сәйкестік белгісін пайдалануға құқығы бар.

      3. Органикалық өнімді таңбалау және оны жарнамалау кезінде органикалық өнім өндіру мен оның айналымы қағидаларында келтірілген, "био" және "эко" деген сияқты олардан туындайтын белгілемелерді немесе қысқартылған нысандарын бөлек немесе сөз тіркесінде пайдалануға рұқсат беріледі.

      Осы өнім немесе оны өндіру кезінде қолданылатын ингредиенттер Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасына сәйкес келеді деп тұтынушыны жаңылыстыруға әкеп соғуы мүмкін, сауда таңбалары пайдаланатын белгілемелерді, сондай-ақ таңбалау және жарнамалау әдістерін қоса алғанда, осы тармақта көзделген кез келген белгілемелерге жол берілмейді.

4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

15-бап. Органикалық өнім өндіру саласындағы мемлекеттік бақылау

      Органикалық өнім өндіру саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулер, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының органикалық өнім өндіру саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

17-бап. Дауларды шешу

      Осы Заңнан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қаралады.

18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев