Ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1098 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 қаңтарда № 12953 болып тіркелді.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Президентінің 15.09.2022 № 1014 Жарлығымен.

      Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуын орта мерзімді перспективада қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) әзірлесін және бекітсін.

      3. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар Жоспарды іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.

      4. "Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 18 сәуірдегі № 552 Жарлығының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 25, 397-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н.Назарбаев


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 148 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан халқы Ассамблеясының (2025 жылға дейінгі) даму
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

      Ескерту. Тұжырымдама жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 09.01.2019 № 824 Жарлығымен.

Мазмұны

      1. Кіріспе

      2. Ахуалды талдау

      3. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

      4. Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі қызметінің негізгі бағыттары

      5. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері және ресурстық қамтамасыз ету

      6. Тұжырымдаманы солар арқылы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      7. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

1-тарау. Кіріспе

      Тұжырымдама "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" 2008 жылғы 20 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі № 149 Жарлығына, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауларына, оның ішінде "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытына", жан-жақты жаңғырту басымдықтарына, Қазақстан халқы Ассамблеясының (бұдан әрі - Ассамблея) сессияларында берілген тапсырмаларға сәйкес әзірленді.

      2017 жылы Қазақстанда жаңғырудың екі аса маңызды процесі - конституциялық реформаларға арқау болған саяси жаңғыру, сондай-ақ жаңа экономикалық жолға бет бұру процесіне бастау болған Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталды.

      2017 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Онда Мемлекет басшысы "Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып ғана қоймай, олардың өзегіне айналады" деп атап өтті. "Рухани жаңғыру" жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында баяндалған.

      2018 жылғы наурызда Мемлекет басшысы Бес әлеуметтік бастаманы ұсынды, ол ауқымды әлеуметтік жаңарулар мен әлеуметтік игіліктің ұлттық моделін қалыптастыру процесінің бастауына айналды.

      Осылайша, Қазақстанда саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани жаңғырудың тұтас бағдарламасын іске асыру басталды. Олардың түпкілікті мақсаты - әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіру.

      Осыған байланысты мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы саясаттың стратегиялық басымдығы Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына қоғамды жұмылдыруға бағытталған Қазақстанды жан-жақты жаңғыртуды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасау болып табылады.

      Бүгінгі күні рухани жаңғыру шеңберінде қоғамды ұйыстырушы жалпыұлттық тарихи сананы ілгерілету және ұлтты біріктіретін құндылықтарды нығайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бүл халықтың өткенін, бүгіні мен ертеңін жалғайтын, ұлттық сананың әртүрлі полюстерін біріктіретін тұғырнама.

      Осы тұрғыдан алғанда, "Рухани жаңғыру" жалпыұлттық бағдарламасы Қазақстан этностарын одан әрі біртұтас халыққа және біртұтас саяси ұлтқа айналдыруға, "көптүрліліктің бірлігі" қағидаты бойынша мәдени әр-алуандылықты сақтауға, қазақстандық қоғамда этносаралық және мәдениетаралық коммуникацияның жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталған.

2-тарау. Ахуалды талдау

      Қазіргі уақытта Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі әлемдегі табысты модельдердің бірі ретінде танылды.

      Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жетілдірудің 2006 - 2008 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылды.

      Ассамблеяның орта мерзімді кезеңге арналған (2011 жылға дейінгі) стратегиясы, Ассамблеяның (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы және оның негізгі ережелері орындалды.

      Этносаралық келісімді қамтамасыз ету саласында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының тиімді өзара іс-қимылы қамтамасыз етілді.

      Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуде этномәдени бірлестіктердің күш-жігері кіріктірілді.

      Этносаралық ахуалды мониторингтеудің және осы саладағы алдын алу тетіктерінің жүйесі тиімді жұмыс істейді.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығымен Ассамблея Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Оған этносаралық қатынастарды дамыту мен нығайту жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіру жүктелді.

      2007 жылғы конституциялық реформа Ассамблеяны конституциялық мәртебеге ие мекеме ретінде бекітті.

      Ассамблеяның кепілді парламенттік өкілдігі қамтамасыз етілді.

      2007 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Қазақстан халықтары Ассамблеясы Қазақстан халқы Ассамблеясы болып өзгертілді.

      2008 жылы "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, оның этносаралық қатынастар саласындағы қызметінің нормативтік-құқықтық негізін айқындады.

      2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ассамблея туралы ереже бекітілді, онда Ассамблеяның және оның қоғамдық құрылымдарының мәртебесі мен өкілеттігі белгіленді.

      2018 жылы Ассамблея қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

      Ассамблеяның инфрақұрылымы нығайтылды, оның азаматтық қоғам және мемлекеттік билік жүйесіне кірігуі қамтамасыз етілді.

      Ассамблея жанында қоғамдық қорлар жұмыс істейді, көпфункциялы веб-портал даму үстінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында Ассамблея депозитарийі құрылды.

      Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2009 жылы Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық кеңесі құрылды. Барлық өңірлерде жоғары оқу орындары базаларында ғылыми-сарапшылық топтар құрылды.

      2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ғылыми-сарапшылық кеңестің жұмыс органы болып табылатын Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу жөніндегі орталық құрылды.

      Ассамблеяның Журналистер клубы құрылды. Өңірлік деңгейде осы сияқты құрылымдар жұмыс істейді.

      Барлық өңірлерде Ассамблеяның қоғамдық келісім кеңестері және аналар кеңестері құрылды.

      Мемлекет басшысының Жарлығымен 2014 жылы Ассамблеяның атқарушы органы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан "Қоғамдық келісім" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - "Қоғамдық келісім" РММ) құрылды. Өңірлік деңгейде облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің аппараттары жанынан "Қоғамдық келісім" коммуналдық мемлекеттік мекемелері (бұдан әрі - "Қоғамдық келісім" КММ) құрылды.

      Қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық моделі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (бұдан әрі - ЕҚЫҰ) қатысушы елдердің 56 тілінде таныстырылды және Қазақстан Республикасының шет елдердегі елшіліктеріне таратылды.

      ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарымен, Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығымен, бірқатар елдердің мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

      2014 жылы Ассамблея мен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (бұдан әрі - АӨСШК) хатшылығы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

      Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша қазақстандық модельдің мынадай артықшылықтары қалыптастырылды.

      Біріншіден, елдің Түңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мақсатты саясатының арқасында этностық және діни тиесілілігіне қарамастан азаматтық тең құқықты іске асырудың тетіктері жасалды және жетілдіріліп келеді.

      Екіншіден, Қазақстандағы этностардың өкілдігі және олардың мүдделерін іске асыру ең жоғары мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады - Конституцияның кепілі, ел Президенті, Ассамблея Төрағасы болып табылады.

      Ассамблеяның жоғары органының - Сессияның шешімдерін барлық мемлекеттік органдардың қарауы міндетті.

      Үшіншіден, ел Парламентіндегі этностардың кепілді өкілдігі Ассамблеяның Мәжіліске 9 депутат сайлауы арқылы қамтамасыз етілген.

      Төртіншіден, ортақ азаматтық қағидаттарға, ортақ рухани-мәдени құндылықтар мен жалпыұлттық тарихи санаға тұғырланған құндылықтың негізі қалыптастырылды.

      Бесіншіден, мемлекет Қазақстан этностарының тілдерін, дәстүрлері мен мәдениеттерін дамыту үшін жағдай жасады және қолдау көрсетіп келеді.

      Алтыншыдан, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі азаматтық бастамашылдықтың, азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттің сындарлы диалогының негізінде дамуда.

      Жетіншіден, Қазақстанның үзілді-кесілді ұстанымы этникалық мәселелерді саяси мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге негізделеді.

      Қазақстанда этносаралық қатынастар саласында жалпыға бірдей танылған нормалар енгізілген.

      Тұтастай алғанда, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету мен нығайтудың тиімді саяси-құқықтық және институционалдық-басқарушылық жүйесі жұмыс істеп тұр.

      XXI ғасырдың жаңа сын-қатерлері - әлемдік экономиканың құбылмалылығы, геосаяси текетірестің өршуі, қазіргі заманғы халықаралық қақтығыстардағы этнодіни факторлар рөлінің, көші-қон ағыны мен босқындардың өсуі - Қазақстан халқының бірлігін, ұйымшылдығын және патриотизмін одан әрі нығайтуды талап етеді.

      Ассамблеяның азаматтық, жан-жақты жаңғыртуды жүзеге асыру арқылы "Қазақстан - 2050" стратегиясының міндеттерін шешуге бағытталу қағидаттарына негізделген қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етудегі, сондай-ақ қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруына белсенді қатысудағы рөлін күшейту қажет.

3-тарау. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері

      Тұжырымдаманың мақсаты Ассамблеяны одан әрі дамыту, оның елді жаңғыртудағы, қазақстандық патриотизм, қазақ халқының шоғырландырушы рөлінің арқасында Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени бірлігі негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етудегі рөлін арттыру болып табылады.

      Тұжырымдаманың негізгі міндеттері:

      1) қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуде Ассамблея рөлін күшейту;

      2) қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, қоғамдық сананы жаңарту үшін мемлекеттің Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерімен және өзге де қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимылының жаңа тетіктерін енгізу;

      3) Қазақстан халқының дәстүрлерін, тілдері мен мәдениетін сақтау мен дамытудағы шоғырландырушы фактор ретіндегі мемлекеттік тілдің рөлін нығайту;

      4) Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен өзге де қоғамдық бірлестіктердің жалпымемлекеттік міндеттер кешенін шешуге белсенді түрде қатысуы, олардың күш-жігерін Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін біріктіру;

      5) этносаралық қатынастар саласында қақтығысты жағдайларға жол бермеуде мемлекеттік органдарға қолдау көрсету бойынша шаралар әзірлеу;

      6) Ассамблеяның азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы қайырымдылықты, медиацияны дамытуға жәрдемдесу жөніндегі жұмысын жүйелеу.

4-тарау. Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі қызметінің негізгі бағыттары

      Ассамблея қызметінің басымдықтары: қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, азаматтық бірегейлік пен патриотизмді нығайту, қоғамды жаңғыртуға жәрдемдесу, Ассамблея институтын нығайту.

1-параграф. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, азаматтық бірегейлікті және патриотизмді нығайту саласында

      Ассамблея Қазақстанда халық мәдениеттерінің, тілдері мен дәстүрлерінің әралуандылығын мойындай отырып, азаматтық бірлікті одан әрі нығайтуға, қоғамды еліміздің даму басымдықтар төңірегіне шоғырландыру мен біріктіруге жәрдемдесетін болады.

      Ассамблея қызметі мынадай түйінді бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) Ассамблеяның құрылымдарын қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жобаларға, оның ішінде қазақ әліпбиін латын графикасына кешіруге кеңінен тарту;

      2) Ассамблеяның қайырымдылық, медиация және қоғамдық бақылау саласындағы қызметін дамыту;

      3) мемлекеттік тілді және қазақстандық этностардың тілдерін дамытуға жәрдемдесу;

      4) Қазақстан халқының ортақ тарихи-мәдени мұрасын қолдау, сақтау және насихаттау;

      5) Қазақстанның көпэтносты халқының қалыптасу тарихы және этностардың тәуелсіздікті нығайтудағы рөлі туралы ілімді тарату.

2-параграф. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға жәрдемдесу саласында

      Ассамблея бұдан кейін де азаматтық бірегейлікті қалыптастыру мен қоғамдық келісімнің конституциялық қағидатын іске асырудың түйінді тетігі, мемлекет пен азаматтық қоғамның диалог алаңы ретінде қызмет ете береді.

      Мынадай шараларды іске асыру қамтамасыз етіледі:

      1) мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімді өзара іс-қимылын жүзеге асыру, Ассамблеяның басқару органдары мен қоғамдық құрылымдары арасында әріптестік қағидаттары негізіндегі ынтымақтастық мәдениетін қалыптастыру;

      2) мемлекеттік басқару органдарының қызметін және олардың Қазақстандағы этностардың құқықтары мен мүдделерін сақтауға байланысты қабылдайтын шешімдерін қоғамдық бақылау тетіктерін практикаға енгізу;

      3) мемлекеттік бағдарламаларды, жұмыстың стратегиялық жоспарларын қалыптастыру мен іске асыру кезінде орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар үшін қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саласында ұсыныстар әзірлеу;

      4) этносаралық қатынастар саласындағы статистикалық дерекқорды одан әрі дамыту және мониторингтеу жүйесін жетілдіру;

      5) Ассамблеяның Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық тобының жұмыс тәжірибесін жергілікті өкілді органдарға тарату;

      6) Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен өзге де қоғамдық бірлестіктерді Қазақстан этностарының дәстүрлерін, тілдері мен мәдениеттерін сақтау мен дамыту жөніндегі жұмысқа тарту;

      7) мемлекеттік органдарға этносаралық қатынастар саласында қақтығысты жағдайларға жол бермеуде, сондай-ақ анықтау мен алдын ала шешуде жәрдемдесу;

      8) қоғамдық бақылау, қайырымдылық және медиация саласында Ассамблеяның қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын жандандыру;

      9) аналар кеңестерін, Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен өзге де қоғамдық бірлестіктерді отбасы институтын, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды, қазақстандық қоғамдағы достық пен бірлікті кеңінен танытуға тарту.

      Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясатты іске асырудың нормативтік құқықтық базасын дамыту маңызды болып табылады:

      1) Ассамблея туралы заңнаманы жетілдіру;

      2) Қазақстан Республикасының Парламентімен ынтымақтастық, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Ассамблеяның депутаттық тобымен өзара іс-қимыл тетіктерін дамыту;

      3) этносаралық қатынастар саласындағы заңнаманы бұзушылықтың профилактикасы бойынша құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды нығайту;

      4) тұрғындардың саяси-құқықтық мәдениетін арттыру, ксенофобия, экстремизм көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру;

      5) қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында бірыңғай стандарттар мен әлеуметтік-лингвистикалық ұғымдарды әзірлеу және олардың біркелкі пайдаланылуын қамтамасыз ету.

      Өңірлік деңгейде жергілікті атқарушы органдардың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саласындағы қызметін жаңғырту жүзеге асырылуда және ол мынаны көздейді:

      1) өңірлік ассамблеялардың, "Қоғамдық келісім" КММ-нің, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдарының қызметіне қазіргі заманғы менеджмент әдістерін енгізу;

      2) өңірлік деңгейде консультативтік-кеңесші органдар, комиссиялар, жұмыс топтары түріндегі тұрақты жұмыс істейтін ынтымақтастық тетіктерін дамыту, өңірлік даму бағдарламаларын қалыптастыруға қатысу;

      3) мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдерінің этносаралық қатынастар мәселелері бойынша біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру;

      4) өңірлердегі ассамблеялар арасында қайырымдылық, медиация және қоғамдық бақылау мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету.

      Ассамблея қызметін ақпараттық қамтамасыз ету саласында мынадай іс-шаралар іске асырылады:

      1) бұқаралық ақпарат құралдарындағы (бұдан әрі - БАҚ), интернетте, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі жан-жақты жаңғыруды жүзеге асыру үшін қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің, азаматтық бірегейліктің және патриотизмнің маңызы туралы түсіндіру жұмыстары;

      2) Ассамблеяның жаңа мультимедиалық порталының, Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен өзге де қоғамдық бірлестіктердің газеттері мен журналдарының базасында қазақстандық қоғамды жаңғыртудың бағыттарын түсіндіру, ақпараттық акциялар өткізу;

      3) "Рухани жаңғыру" жалпыұлттық бағдарламасын ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру;

      4) Ассамблеяның ақпараттық ресурстарын дамыту;

      5) Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен өзге де қоғамдық бірлестіктердің БАҚ-ының дамуына жәрдемдесу, Қазақстанның жекелеген этностарының БАҚ пен баспа басылымдарын кезең-кезеңімен латын графикасына көшіру жөніндегі бастамаларын қолдау;

      6) Ассамблеяның журналистер клубының базасында практикалық семинарлар, конкурстар, медиа форумдар мен басқа да іс-шаралар өткізу;

      7) Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерінің, сондай-ақ шетелде тұратын отандастардың әлеуетін пайдалана отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін шетелдік БАҚ-тарда кеңінен танымал ету бойынша ақпараттық жұмыс жүргізу.

      Білім беру саласында мынадай іс-шаралар кешені қамтамасыз етіледі:

      1) барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің құндылықтарын, жаңғыртуды және "Рухани жаңғыру" жалпыұлттық бағдарламасын ілгерілетуге жәрдемдесу;

      2) этносаралық қатынастар тақырыбы бойынша әлеуметгік-маңызы бар, ғылыми және езге де еңбектерді басып шығару мен таратуды ұйымдастыру;

      3) қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласында мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша әдістемелік, ғылыми-практикалық семинар-тренингтер, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер үшін ұйымдастыру;

      4) Ассамблеяның республикалық лекториясы, сондай-ақ Ассамблея кафедралары базасында "Рухани жаңғыру" жалпыұлттық бағдарламасының құндылықтарын кеңінен танымал ету мен ілгерілету бойынша ғылыми-білім беру семинарларын ұйымдастыру;

      5) мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қатысу;

      6) қазақстандық құндылықтарды зерделеу және жастар ортасында бірлік пен келісім құндылықтарының сабақтастығын қамтамасыз ету бойынша барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау.

      Мәдениет саласында Ассамблеяның қызметі мынадай бағыттарға шоғырландырылатын болады:

      1) елімізде және шет мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстан этностарының тарихи отаны болған елдерде қазақстандық мәдениетті кеңінен танымал ету;

      2) еліміздің мәдени мұрасын танымал етуге ықпал ететін туризмді ілгерілетуге қатысу;

      3) мәдениетті және халықтың қолданбалы өнерін дамытуға жәрдемдесу;

      4) Қазақ ұлттық электрондық кітапханасының қорын, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасындағы және облыстық кітапханалардағы Ассамблея депозитарийін кеңейту.

      Халықаралық ынтымақтастық саласы мына бағыттарда қамтамасыз етіледі:

      1) әлеуметтік, мәдени, білім беру және басқа да жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту;

      2) қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін кеңінен танымал ету бойынша, оның ішінде Ассамблеяның достық елшілерін тарта отырып, шет елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      3) Қазақстан үшін практикалық ұсынымдарды тұжырымдай отырып, этносаралық қатынастар саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеу;

      4) шет елдерде тұратын отандастарға ана тілін, мәдениетін, ұлттық дәстүрін сақтау мен дамыту, тарихи Отанымен байланыстарын нығайту тұрғысынан қолдау;

      5) Еуразиялық экономикалық одаққа, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мәдениеті халықаралық ұйымына (ТҮРКСОЙ) қатысушы елдермен екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту;

      6) Қазақстан этностарының өздерінің тарихи шыққан елдерімен байланысы мен ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесу.

3-параграф. Ассамблея институтын нығайту саласында

      Негізгі міндеттер - жаңғырту басымдықтарын ескере отырып, Ассамблеяны жетілдіру, оның тиімділігін күшейту.

      Мынадай шараларды іске асыру көзделген:

      1) Ассамблеяның, оның атқарушы органдарының ұйымдық құрылымын, жұмысының тетіктері мен үйлестірілуін одан әрі жетілдіру;

      2) этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредиттеу арқылы Ассамблея институтын нығайту;

      3) Ассамблея Төрағасының этномәдени бірлестіктерден тағайындалатын орынбасарлары қызметінің тиімділігін арттыру;

      4) Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттерің іске асыруда Ассамблея Кеңесінің рөлін күшейту;

      5) Ассамблеяның ғылыми-сарапшылар кеңесі мен оның өңірлердегі ғылыми-сарапшылар топтарының, Ассамблея кафедраларының қызметін жаңғырту;

      6) Ассамблея іске асыратын жобаларды сараптамалық сүйемелдеуді күшейту;

      7) Ассамблея жанынан медиация және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мәселелерді шешуде медиация рәсімдерін пайдалану жөніндегі құрылымдарды қалыптастыру жұмысын жандандыру;

      8) Ассамблеяның қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестерінің қызметін ұйымдастырушылық және әдістемелік қамтамасыз ету;

      9) достық үйлеріне, этномәдени бірлестіктерге консультациялық көмек пен әдістемелік қолдау көрсетуді ұйымдастыру;

      10) жастарды жаңғырту басымдықтарының төңірегіне топтастыруға бағытталған Ассамблеяның "Жаңғыру жолы" республикалық жастар қозғалысының жұмысын жетілдіру;

      11) Ассамблеяның кәсіпкерлер қауымдастығының, оның ішінде өңірлік деңгейдегі қызметінің тиімділігін арттыру.

5-тарау. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері және ресурстық қамтамасыз ету

      Тұжырымдама ережелерінің орындаушылары: Ассамблея, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы "Қоғамдық келісім" РММ және "Қоғамдық келісім" КММ, уәкілетті орган - Қоғамдық даму министрлігі және басқа да орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, Ассамблеяның өңірлік хатшылықтары, қоғамдық келісім кеңестері, азаматтық қоғам институттары (келісім бойынша) болып табылады.

      Тұжырымдама ережелері сонымен қатар заңнамалық актілер, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, сондай-ақ Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мен Ассамблея сессияларының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті - Ассамблея Төрағасының тапсырмалары негізінде қалыптастырылатын арнайы іс-қимыл және іс-шаралар жоспарларын жалғастыру арқылы іске асырылатын болады.

      Осыған ұқсас іс-шаралар жоспарларын өңірлік ассамблеялар әзірлейді және оларды өздерінің төрағалары бекітеді.

      Тұжырымдаманы іске асыру республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен және оларда көзделген қаражат шегінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылатын болады.

6-тарау. Тұжырымдаманы солар арқылы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Міндеттерге мынадай нормативтік құқықтық актілер арқылы қол жеткізу көзделеді:

      "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" 2008 жылғы 20 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы;

      "Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 7 қыркүйектегі Жарлығы.

7-тарау. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманы іске асыру нәтижелері:

      1) мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етудегі Ассамблеяның рөлін арттыру;

      2) Ассамблея институттарының тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру;

      3) қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саласындағы өңірлік саясатты жетілдіру;

      4) қайырымдылық, медиация, қоғамдық бақылау саласында Ассамблеяның рөлін арттыру;

      5) тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, азаматтық бірегейлікті нығайту;

      6) қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясаттың нормативтік құқықтық базасын дамыту;

      7) мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оның ұйыстырушы рөлін арттыру;

      8) Ассамблеяның ақпараттық жұмыс жүйесін жетілдіру;

      9) этносаралық қатынастар саласында шет елдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайту болады.

      Осы Тұжырымдаманы іске асырудың басты нәтижелері Ассамблея институтын одан әрі дамыту, табысты жаңғырудың және мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттеріне қол жеткізудің негізгі факторлары ретіндегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау болмақ.