Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 16 шілдедегі № 517 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 1 тамызда № 17258 болып тіркелді.

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (И.В. Лепеха) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін қағаз және электрондық түрде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымов

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2018 жылғы 16 шілдедегі
№ 517 бұйрығымен
бекітілді

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1) Күші жойылды - ҚР Ішкі істер министрінің 27.02.2026 № 144 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      2) Күші жойылды - ҚР Ішкі істер министрінің 05.03.2026 № 163 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      3) Күші жойылды - ҚР Ішкі істер министрінің 05.03.2026 № 163 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      4) "Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыру қағидасын бекіту туралы" Ішкі істер министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 622 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9839 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2015 жылғы 15 қазанда № 197 (28675) болып жарияланған):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдардың мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыру қағидасында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдармен профилактикалық жұмыстың жүзеге асырылуын бақылау жергілікті полиция қызметіне жетекшілік ететін ішкі істер органы бастығының орынбасарына не қалалық (аудандық) ішкі істер органының (бұдан әрі - ҚАІІО) жергілікті полиция қызметі басшысына жүктеледі.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдар жазаның өтелмеген мерзімі аяқталғаннан кейін "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы" 1996 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының әрекетіне түсетін адамдар санатына ауыстырылады және соттылығы өтелген немесе алынғанға дейін есепте тұрады.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарды бақылауды жүзеге асыру тәртібі";

      17, 18 және 19-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдар тұрғылықты жеріне келгеннен кейін УПИ үш жұмыс күні ішінде ҚАІІО бастығына (оның міндетін атқаратын адамға) Қазақстан Республикасы ҚАК-нің 169-бабына сәйкес оларға сот жүктеген міндеттер бойынша шектеулер белгілеу туралы осы Қағидаға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қаулы енгізеді.

      18. Тұрғылықты жерін тастап кетпеуге тыйым салуға қатысты Қазақстан Республикасы ҚАК-нің 169-бабы 8-тармағының 3) тармақшасында көзделген міндеттер бойынша белгіленген шектеулерді ҚАІІО бастығы (оның міндетін атқаратын адам) жұмыс, оқу режиміне байланысты өзгерте алады.

      19. Есепке қойғаннан кейін УПИ шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға, ол үшін оған әкімшілік жаза салынған бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасау немесе Қазақстан Республикасы ҚАК-нің 169-бабында көзделген міндеттерді орындаудан қасақана жалтарған жағдайдағы салдар түсіндіріледі.";

      21, 22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Тұрғылықты жері бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам дәлелсіз себептер бойынша 5 жұмыс күні ішінде тұрғылықты жеріне келмеген не болмаған және міндеттерін орындаудан қасақана жалтару фактілері анықталған жағдайда, УПИ бұл туралы ҚАІІО бастығына (оның міндетін атқаратын адамға) баянатпен баяндайды және шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның жүрген жері және келмеу себептерін анықтау бойынша алғашқы іс-шараларды жүргізеді.

      Тұратын жері анықталмаған жағдайда, сотқа оған іздестіру жариялау туралы не бұлтартпау шараларын таңдау туралы ұсыным енгізеді.

      22. Бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық жасаған және міндеттерді орындаудан қасақана жалтарған кезде ҚАІІО бастығы (оның міндетін атқаратын адам) материалдарды және бақылау ісін қоса отырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою және жазаның қалған өтелмеген бөлігін орындау мүмкіндігі туралы осы Қағидаға 6-қосымшаға сәйкес дәлелді ұсынымды сотқа жолдайды.

      23. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарды бақылау олардың тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылады. Егер шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам дәлелді себептер бойынша аталған мекенжайда тұра алмаса, ҚАІІО бастығы (оның міндетін атқаратын адам) оның өтінішіне сәйкес оған ҚАІІО қызмет көрсететін аумақтың шегіндегі басқа жерде уақытша тұруға рұқсат береді.";

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. УПИ сот белгілеген міндеттерді бұзудың әрбір фактісі бойынша осы Қағидаға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша баянат толтырады және ҚАІІО бастығына (оның міндетін атқаратын адамға) баяндайды.";

      32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның тұрғылықты жерінен ауданнан (қаладан, облыстан) тысқары уақытша шығуы туралы мәселелерді шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның жазбаша арызының және шығу себебін, профилактикалық есепте тұрған кезеңдегі мінез-құлқын сипаттайтын деректер көрсетілген учаскелік инспектордың баянаты негізінде ҚАІІО бастығы (оның міндетін атқаратын адам) қарайды. Қабылданған шешім туралы арызға тиісті жазба жазылады, ол ІІО-ның кіріс хат-хабарламасында тіркеледі.";

      39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "39. ҚАІІО бастығы (оның міндетін атқаратын адам) шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға белгіленген шектеулерге сәйкес, оның жеке басын сипаттайтын мәліметтер негізінде, сондай-ақ тиісті құрал-жабдықты орнатудың техникалық мүмкіндіктеріне сүйене отырып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамды есепке алу кезінде оған электрондық бақылау құралдарын қолдану туралы шешім қабылдайды.";

      42-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) электрондық бақылау құралдарын бұзу, рұқсатсыз шешу, сот белгіленген шектеулерді бұзу фактілері туралы ақпарат алған кезде жергілікті полиция қызметі бастығына не оны алмастыратын адамға баяндатпен баяндайды және осы Қағидаларға 16-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдардағы электрондық бақылау құралдары арқылы анықталған бұзушылықтарды есепке алу журналына тиісті белгілер жүргізеді.

      ҚАІІО бастығына (оның міндетін атқаратын адам) электрондық бақылау құралдарының жұмысындағы барлық тіркелген жұмыс істемей қалуы және істен шығуы фактілерін дереу баянатпен баяндайды, осы Қағидаларға 17-қосымшаға сәйкес нысан бойынша оларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдағы электрондық бақылау құралдарының бұзылуын есепке алу журналында көрсетеді.";

      43-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Cот белгілеген шектеулер өзгерген кезде не техникалық себептер бойынша электрондық бақылау құралдарын қолдану мүмкін болмаған жағдайда ҚАІІО бастығы (оның міндетін атқаратын адам) осы Қағидаларға 18-қосымшаға сәйкес нысан бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға қатысты электрондық бақылау құралдарын пайдаланудан бас тарту (ауыстыру) туралы тиісті дәлелденген қаулыны қабылдай отырып, электрондық бақылау құралдарын пайдалануды тоқтатады не оларды пайдалану тәртібін және қолданатын техникалық құралдар жиынтығын өзгертеді. Электрондық бақылау құралдарын пайдалануға жауапты ІІО қызметкері қаулыны шығарған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде қажетті құралды алып тастауды (ауыстыруды) жүзеге асырады.".

      5) "Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1095 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13004 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 11 ақпанда жарияланған):

      бұйрықтың 2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың полиция департаменттері бастықтары ішкі істер органдарының жеке құрамының осы бұйрықты зерделуін қамтамасыз етсін";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Әкімшілік учаске – бұл қалалық немесе ауылдық жер аумағы, оған қалалық, аудандық ішкі істер органы (бұлан әрі - қалалық, аудандық орган) бастығының (оның міндетін атқаратын адамның) бұйрығымен учаскелік инспектор бекітіледі. Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаске шекарасының өлшемдерін және учаскелік полиция пунктінің (бұдан әрі – УПП) штат санын қалалық, аудандық орган бастығы анықтайды. Қалалық жерде УПП кемінде 7 әкімшілік учаскені біріктіреді, ауылдық жерде әрбір елді мекенге – бір УПП.";

      3. Әкімшілік учаскеге қалалық, аудандық орган бастығының (оның міндетін атқаратын адамның) бұйрығымен реттік нөмір беріледі. Жаңадан тағайындалған учаскелік инспектордың әкімшілік учаскені қабылдауы қалалық, аудандық орган бастығы орынбасарының немесе жергілікті полиция қызметі (бұдан әрі – ЖПҚ) бастығының қатысуымен жүргізіледі.

      Әкімшілік учаскені қабылдаудың мақсаты учаскелік инспекторды әкімшілік учаскенің шекаралары және ерекшеліктерімен, онда туындайтын жедел ахуалмен таныстыру, оны жергілікті мемлекеттік басқару органдарының лауазымдық адамдарына – қажеттілік бойынша учаскеде орналасқан кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар басшыларына ұсыну.

      Әкімшілік учаскені қабылдау және тапсыру фактісі туралы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әкімшілік учаске паспортында тиісті жазба жазылады.

      Әкімшілік учаскелердің шекараларын халықтың тығыздығы және санын, сондай-ақ ауылдық жердегі елді мекендердің ара қашықтығын ескере отырып, қалалық, аудандық орган бастығы (оның міндетін атқаратын адам) бекітеді.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Учаскелік инспектордың қызметте көп уақыт (бес жұмыс күнінен артық) болмауы (бос тұруы, демалыста болуы, сырқаты, іссапарда болуы және тағы басқалар) кезеңінде әкімшілік учаскеге қалалық, аудандық орган бастығының (оның міндетін атқаратын адамның) бұйрығына сәйкес іргелес әкімшілік учаскенің учаскелік инспекторы қызмет көрсетеді.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. УПП жұмысын ұйымдастыру тәртібі";

      мынадай редакциядағы 8-1, 8-2 және 8-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "8-1. УПП жеке тұрған ғимаратта орналасады, ал кәсіпорындар, ұйымдармен бір ғимаратта немесе тұрғын үйлерде орналасуы кезінде жеке кіреберісі болуы тиіс. Бұл ретте, УПП әкімшілік учаске (шағын аудан) орталығында орналасады.

      8-2. УПП сыртында халық үшін көрінетін жерде Қағидаларға 1-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша учаскелік полиция пунктінің жарық түсіретін таблосының нобайы, сондай-ақ Қағидаларға 1-2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша учаскелік полиция пунктінің және қалалық, аудандық органның кезекші бөлімінің телефондарын көрсете отырып, азаматтарды қабылдау күні мен уақыты туралы учаскелік полиция пунктінің жұмыс кестесі маңдайшасының нобайы орналастырылады.

      8-3. УПП дәлізі (холлы) стендтердің нобайларымен жабдықталады:

      1) Қағидаларға 1-3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құқықтық ақпарат;

      2) Қағидаларға 1-4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша учаскелік полиция инспекторлары туралы мәлімет;

      3) Қағидаларға 1-5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әкімшілік учаске схемасы, онда учаскелік полиция инспекторлары қызмет көрсететін аймақтар шекаралары белгіленеді.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Учаскелік инспектор мен оның көмекшісінің жұмысын ұйымдастыру тәртібі";

      10-тармақ мындай редакцияда жазылсын:

      "10. Учаскелік инспекторлар мен олардың көмекшілерінің жұмысын ұйымдастыру бойынша жалпы басшылықты қалалық, аудандық орган бастығы немесе оның орынбасары жүзеге асырады.";

      11-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Учаскелік инспекторлардың қызметін ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз етуді және бақылауды Ішкі істер министрлігі, астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыстардың полиция департаменттері және қалалық, аудандық органдар жүзеге асырады, олар:";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Учаскелік инспектор мен оның көмекшісі өз жұмысын ЖПҚ бастығы бекіткен УПП-нің ай сайынғы жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырады.";

      16 және 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. УПП қызметін және әкімшілік учаскенің паспортын жүргізу тәртібін тексеруді ЖПҚ бастығы немесе оның орынбасары айына кемінде бір рет, тоқсанда кемінде бір рет қалалық, аудандық орган бастығының орынбасары және жартыжылда кемінде бір рет қалалық, аудандық орган бастығы жүзеге асырады. Тексеру нәтижелері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тексерушілер кітабына енгізіледі.

      17. Азаматтарды қабылдауды жүзеге асыру кезінде учаскелік инспектор мен оның көмекшісі оларға жүгінген адамдар туралы мәліметтерді осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша азаматтарды қабылдауды есепке алу журналына жазады.

      Азаматтарды қабылдау кестесін қалалық, аудандық орган бастығы (оның міндетін атқаратын адам) бекітеді.";

      20-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Қалалық, аудандық орган бастығының орынбасары (не ЖПҚ бастығы):".

      21-тармақ алып тасталсын;

      4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Профилактикалық бақылау жүргізу";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Профилактикаланатын адамдар санатына арналған материалдар ІІО үй-жайында не қалалық, аудандық орган бастығының (оның міндетін атқаратын адамның) бұйрығына сәйкес УПП-да сақталады. Материалдарды ІІО үй-жайында сақтаған кезде, олардың жүргізілуін бақылау ЖПҚ учаскелік инспекторларды басқару бөлінісі инспекторларының біреуіне жүктеледі.";

      5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Учаскелік инспекторлардың халықпен есеп беру кездесулері".

      6) "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1097 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12948 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 8 ақпанда жарияланған):

      бұйрықтың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, Көліктегі полиция департаменттерінің бастықтары осы бұйрықты ішкі істер органдары жеке құрамының зерделеуін қамтамасыз етсін.".

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастыру жөнiндегi қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлiністерінің қызметін ұйымдастыру тәртібі";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністер қызметкерлерінің жұмысы Полиция департаменті және Көліктегі полиция департаменті (бұдан әрі – ПД, КПД), қалалық, аудандық орган бастығының әкімшілік полицияға жетекшілік ететін орынбасары бекіткен тоқсандық жоспарларға сәйкес ұйымдастырылады.";

      6-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Қазақстан Республикасы Iшкi істер министрлігінің (бұдан әрі – ІІМ), ПД, КПД, қалалық, аудандық органның әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністері қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты лауазымды адамдарына:";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлiністер қызметінің нәтижелері туралы есеп";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аумақтық бөлiністер қызметiнiң нәтижелерi туралы тоқсан сайынғы ақпарат баяндау жазбамен ресімделеді, ол есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың 5-і күніне ПД, КПД-ге ұсынылады.";

      8-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Жиынтық баяндау жазбалары есеп беру кезеңiнен кейiнгi айдың 10-ы күніне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетіне жолданады. Баяндау жазбаға қызметті жетекшілік ететін ПД, КПД бастығының орынбасары қол қояды және мынадай қызмет бағыттары бойынша ақпаратты қамтуы тиіс:";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністердің жұмыс нәтижелері тоқсан сайын ІІД, Көліктегі ІІД бастығы немесе олардың орынбасарлары жанындағы жедел кеңесте қаралады.".

      7) "Ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1098 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12953 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 8 ақпанда жарияланған):

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, Көліктегі ішкі істер департаменттерінің бастықтары осы бұйрықты ішкі істер органдары жеке құрамының зерделеуін қамтамасыз етсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларында:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      3-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Әкімшілік учаске – қалалық, аудандық ішкі істер органы (бұдан әрі - қалалық, аудандық орган) бастығының (оның міндетін атқаратын адам) бұйрығымен КТІ УПИ бекітілетін қалалық немесе ауылдық жердің аумағы. Әкімшілік учаске шекарасының өлшемдерін қалалық, аудандық орган бастығы айқындайды.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Әкімшілік учаскеге қалалық, аудандық орган (Көліктегі ІІО) бастығының (оның міндетін атқаратын адам) бұйрығымен реттік нөмір беріледі. Жаңадан тағайындалған КТІ УПИ-дің әкімшілік учаскені қабылдауы аудандық (қалалық, қаладағы аудандық) жергілікті полиция қызметі (бұдан әрі – ЖПҚ) (Көліктегі ІІО) бастығының немесе оның орынбасарының қатысуымен жүргізіледі. Әкімшілік учаскені қабылдау және тапсыру фактісі туралы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әкімшілік учаскенің паспортында тиісті жазба жүргізіледі.";

      5-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. КТІ УПИ білім беру ұйымына қалалық, аудандық орган бастығының (оның міндетін атқаратын адамның) бұйрығымен бекітіледі.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. КТІ УПИ қызметте ұзақ уақыт болмаған кезеңде (30 жұмыс күнінен астам) әкімшілік учаскеге (білім беру ұйымына) қалалық, аудандық орган бастығының (оның міндетін атқаратын адамның) бұйрығы негізінде әкімшілік учаскеге іргелес орналасқан КТІ УПИ қызмет көрсетеді.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. КТІБ УПИ жұмысын ұйымдастыру тәртібі";

      9-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. КТІ УПИ өзінің жұмысын КТІБ жұмыс жоспарларына сәйкес ұйымдастырады. Жоспарланған іс-шаралар, қалалық, аудандық орган басшылығынан алынған тапсырмалар туралы жұмыс дәптеріне күн сайын жазба жүргізеді.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Білім беру ұйымдарының білім алушылары арасында құқық бұзушылықтар профилактикасын ұйымдастыру";

      15-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Білім беру ұйымына бекітілген КТІ УПИ-дің білім беру ұйымдарының білім алушылары арасындағы жұмысы білім беру ұйымдарының педагогикалық ұжымдарымен өзара іс-қимыл жасасуда және білім беру ұйымының басшысы және қалалық, аудандық орган бастығының орынбасары (не ЖПҚ бастығы) бекіткен әр оқу тоқсанына құрылған бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес құрылады.";

      4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Аумақтық ІІО КТІБ жұмысын ұйымдастыру";

      5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-тарау. Кәмелетке толмағандармен жұмысты ұйымдастыру";

      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      36. Растайтын материалдар ұсынылғаннан кейін ІІО-ға есепке қою немесе есептен шығару (кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту жөніндегі өз міндеттерін орындамайтын, сондай-ақ олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін кәмелетке толмағандардың ата-анасын, заңды өкілдерін) туралы КТІ УПИ баянатына қалалық, аудандық орган бастығының орынбасары (не ЖПҚ бастығы) бұрыштама қояды. Көрсетілген басшылар тоқсанына кемінде бір рет ІІО есептерін жүргізу тәртібін тексеруге, тексерушілер парағына жазба жазуға міндетті.

      7-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-тарау. Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтар профилактикасы мәселелері бойынша ІІО қызметтерімен КТІ УПИ-дің өзара іс-қимыл жасасу тәртібі".

  Ішкі істер органдарының
учаскелік полиция
инспекторлары мен олардың
көмекшілерінің қызметін
ұйымдастыру
бойынша қағидаларға
1-1-қосымша
  Нысан

Учаскелік полиция пунктінің жарық түсіру таблосының эскизі



      Ескерту: жарық түсіру таблосы, жжоғары бөлігі – сары түсті, төменгі бөлігі – көгілдір түсті, ұзындығы 2000 мм, биіктігі 1200 мм.

  Ішкі істер органдарының
учаскелік полиция
инспекторлары мен олардың
көмекшілерінің қызметін
ұйымдастыру
бойынша қағидаларға
1-2-қосымша
  Нысан

Учаскелік полиция пунктінің жұмыс режимі тақтайшысының эскизі



      Ескерту: кесте УПП үй-жайына кіреберісте ілінеді, ені – 400 мм, биіктігі 600 мм.

  Ішкі істер органдарының
учаскелік полиция
инспекторлары мен олардың
көмекшілерінің
қызметін ұйымдастыру
бойынша қағидаларға
1-3-қосымша
  Нысан

Құқықтық ақпарат стендінің эскизі



      Ескерту: ені – 2000 мм, биіктігі 1400 мм.

  Ішкі істер органдарының
учаскелік полиция
инспекторлары мен олардың
көмекшілерінің қызметін
ұйымдастыру
бойынша қағидаларға
1-4-қосымша
  Нысан

Учаскелік полиция инспекторлары туралы мәлімет стендінің эскизі



      "УПП-нің учаскелік полиция инспекторлары туралы мәліметтер" стендінде учаскелік полиция инспекторларының 9х12 көлемдегі түрлі түсті фотолары орналастырылады.

      Әрбір УПИ-дің суретінің астында тегі, аты-жөні, әкесінің аты (бар болса), атағы мен лауазымы және қызмет көрсететін әкімшілік учаскенің шекарасы көрсетіледі.

      Ескерту: стенд көлемі учаскелік полиция пунктіндегі УПИ штат санын ескере отырып дайындалады.

  Ішкі істер органдарының
учаскелік полиция
инспекторлары мен олардың
көмекшілерінің қызметін
ұйымдастыру
бойынша қағидаларға
1-5-қосымша
  Нысан

Әкімшілік учаскенің стенді эскизі



      Ескерту: ені 900 мм, биіктігі 600 мм.