Жинақтаушы зейнетақы қорларының автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізілген қосалқы бухгалтерлік есепті және Бас бухгалтерлік кітапты жүргізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 6 желтоқсандағы N 436 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 30 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 2650. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 272 Қаулысымен

      Ескерту. Қаулының күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.08.24 № 272 (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін бұдан әрі дамыту мақсатында, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорларының халықаралық қаржылық есеп стандарттарына көшуіне байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:

      1. Жинақтаушы зейнетақы қорлары осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап бір айлық мерзімде мынадай талаптарға сәйкес әзірленген дербес бақылау іс-шараларын орындау жөніндегі жоспарды орындау мерзімін және осы іс-шараларды орындауға жауапты адамдарды көрсете отырып Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсынатын болсын:
      1) мынадай шарттар сақталған кезде барлық жасалатын операциялар бойынша қосалқы бухгалтерлік есеп жүргізуді қамтамасыз етсін:
      барлық жасалатын операцияларды бухгалтерлік есепте көрсету тәртібін реттейтін бекітілген ішкі құжаттардың болуы;
      тиісті бөлімшелердің (фронт- және бэк-офистер) жұмыс тәртібін реттейтін бекітілген ішкі құжаттардың болуы;
      барлық жасалатын операциялар (меншікті активтер), оның ішінде есеп айырысу-касса операциялары, кірістер мен шығыстар, кадрлар және жалақы, негізгі құрал-жабдықтар мен тауар-материалдық құндылықтар (қорлар), бағалы қағаздар, салымдар, дебиторлық және кредиторлық берешектер, бюджет және бюджеттік бақылау бойынша қосалқы модульдердің болуы;
      барлық жасалатын операциялар (зейнетақы активтері), оның ішінде есеп айырысу-касса операциялары, кірістер мен шығыстар, бағалы қағаздар, салымдар, дебиторлық және кредиторлық берешектер бойынша жекелеген қосалқы модульдердің болуы;
      автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізілген зейнетақы және меншікті активтер бойынша жеке-жеке қосалқы бухгалтерлік журналдардың (шарттарды (операцияларды) тіркеу журналдарын қоса алғанда) болуы,  сондай-ақ талдау есебін жүргізу;
      автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізілген барлық жасалатын операциялар бойынша кодтардың болуы;
      клиенттердің карточкаларын тіркеу кітабын және қосалқы бухгалтерлік есептің жеке шоттарын тіркеу кітабын орталықтандырылған жүргізу;
      2) мынадай шарттармен барлық филиалдарды және өкілдіктерді (олар болған жағдайда) есепке ала отырып, автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізілген Бас бухгалтерлік кітапты жүргізуді қамтамасыз ету:
      бухгалтерлік есеп шоттарының жоспарларын қарау және түзету мүмкіндігі;
      Бас бухгалтерлік кітаптың деректерін қосалқы бухгалтерлік есеп деректерінен бөлек сақтау;
      қосалқы бухгалтерияның жан-жақты ақпараттарына кірумен Бас бухгалтерлік кітаптың бухгалтерлік жазбаларын қарау мүмкіндігі (соның негізінде осы жазбалар қалыптастырылған жеке құжаттар (шарттар, журналдар, төлем құжаттары және тағы басқалар);
      қосалқы бухгалтерлік есепте ескерілмей жаңа бухгалтерлік жазбаларды енгізу мүмкіндігі (кіріс немесе шығыс қалдықтарын, айналымдарды ауыстыру үшін, сондай-ақ Бас бухгалтерлік кітапта жазбаларды түзеткен кезде пайдаланылады);
      жасалған операциялардың бухгалтерлік есепте дұрыс көрсетілуін бақылау;
      талдау шоттары бойынша айналымдар мен қалдықтарды шоғырландыру арқылы, сондай-ақ операцияларды және жасалатын операциялардың кодтарын тіркеу журналдары негізінде автоматты түрде бухгалтерлік жазбаларды қалыптастыру;
      қаржылық және өзге есептерді (меншікті және зейнетақы активтері бойынша) орталықтандырылған қалыптастыру;
      қосалқы бухгалтерлік есептің есеп операцияларын Бас бухгалтерлік кітапта - нақты уақыт режимінде немесе пакеттік режимде көрсету;
      бөлімшелер, филиалдар жасайтын барлық операциялардың, оның ішінде кірістер мен шығыстардың, кадрлар және жалақының, негізгі құрал-жабдықтар мен тауар-материалдық құндылықтардың (қорлардың), бағалы қағаздардың, салымдардың, дебиторлық және кредиторлық берешектердің бухгалтерлік есебін орталықтандырылған жүргізу.
 

      1-1. Жинақтаушы зейнетақы қорлары 2006 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімде өздерінің автоматтандырылған ақпарат жүйелерін осы қаулының 1-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келтірсін.
      2005 жылғы 1 қаңтардан кейін құрылған жинақтаушы зейнетақы қорлары жинақтаушы зейнетақы қорын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеген күннен бастап 2 жылдың ішінде өздерінің автоматтандырылған ақпарат жүйелерін осы қаулының 1-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келтіруі қажет.
      Ескерту: 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2006 жылғы 18 ақпандағы N 10   қаулысымен .

      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      3. Бухгалтерлік есеп департаменті (Шалғымбаева Н.Т.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне және жинақтаушы зейнетақы қорларына жіберсін.

      4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының қызметін қамтамасыз ету басқармасы (Терентьев А.Л.) және Құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау басқармасы (Жерембаев Е.Е.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің баспасөз басылымдарында жариялауды қамтамасыз ететін болсын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Н.Қ. Абдулинаға жүктелсін.

       Ұлттық Банк
      Төрағасының
      міндетін атқарушы