Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 10.12.2015 № 384 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабының 35-6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 19.12.2022 № 368 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған Кітапхана қорларын қалыптастыру, сақтау және пайдалану жөніндегі қағидалар бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет министрінің 26.06.2014 № 85 бұйрығымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).2. Тарихи-мәдени мұра департаменті белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін оны ресми жариялауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 10.12.2015 № 384 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.4. Осы бұйрық оның ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министрдің |
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушының 2007 жылғы 25 мамырдағы № 152 бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік кітапханалардың кітапхана қорын қалыптастыру, сақтау және пайдалану қағидалары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің м.а. 19.12.2022 № 368 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік кітапханалардың кітапхана қорын қалыптастыру, сақтау және пайдалану қағидалары мемлекеттік кітапханалардың кітапхана қорын қалыптастыру, сақтау және пайдалану тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай түсініктер қолданылады:
1) аудиовизуалды материал (бұдан әрі – материал) – техникалық және электрондық құралдардың көмегімен жаңғыртылатын бейнелеу, дыбыстық, мәтіндік ақпараттарды қамтитын тасымалдаушы;
2) баспа өнімі – мерзімді баспасөз басылымдары, кітаптар, брошюралар, альбомдар, плакаттар, буклеттер және өзге де полиграфиялық өнім;
3) басылымның міндетті тегін данасы – редакциялық-баспа өңдеуінен өткен, шығарылым деректері бар және "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын мәдениет ұйымдарына өтеусіз негізде берілуге жататын қағаз жеткізгіштегі және (немесе) электрондық нысандағы басылым (мәтіндік, ноталық, картографиялық, бейнелеу басылымы) данасы;
4) мемлекеттік кітапханалардың кітапхана қоры – сақтау және оқырмандар мен абонеттерге уақытша пайдалануға беру үшін кітапхана қалыптастыратын құжаттардың реттелген жиынтығы.
3. Қазақстан Республикасы мемлекеттік кітапханаларының кітапхана қоры мемлекеттің меншігі болып табылады және оның қорғауында болады.
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кітапханаларының кітапхана қоры мемлекет қарамағынан алынуға және жекешелендіруге жатпайды.
5. Кітапханалардың кітапхана қорын қалыптастыру сатып алу, кітап алмасу, сыйға тарту және мемлекеттік тапсырыс бойынша басып шығарылған кітаптарды өтеусіз алу арқылы жүзеге асырылады.
Ұлттық кітапханалардың кітапхана қоры басылымның міндетті тегін данасын алу жолымен де қалыптастырылады.
6. Қоры тек қана электронды жеткізгіштердегі құжаттардан тұратын кітапхана (электронды кітапхана) пайдаланушылармен жанама түрдегі (қашықтықта) немесе толық емес жанама түрдегі өзара іс-қимыл кезінде ақпараттық және телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып қызмет көрсетуді жүзеге асырады.
7. Қағаз жеткізгіште басылымның міндетті тегін даналарын бірінші басылып шығарылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде басып шығарушы немесе оның тапсырмасы бойынша үшінші тұлға ұлттық кітапханаларға және Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына, бірінші басылып шығарылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде электрондық нысанда Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жібереді.
2-тарау. Қордың сақталуын оны қалыптастыру және қолдану барысында қамтамасыз ету
8. Кітапханалық өңдеуден өткен баспа өнімдері, басылымның міндетті тегін данасы мен материалдар кітапхана қорына жіберіледі. Қорды орналастыру кезінде баспалардың сақталу және жайғастыру тәртібі сақталуы тиіс. Өңделмеген баспа өнімдері, басылымның міндетті тегін данасы мен материалдар қолдануға берілмейді.
Қорларды кітапханалық өңдеу процесіне кітапхана қорларын қорғауды қамтамасыздандыратын штрихкодтау жүйесі немесе электромагниттік технологиялардың басқа жүйелері қолданылады.
9. Кітапханалардың кітапхана қорын сақтап қалуды қамтамасыз ету мақсатында баспа өнімдері мен материалдардың жиынтық және жеке есебі жүргізіледі.
10. Бөгде адамдардың қор сақталатын бөлімдерге кіруіне жол берілмейді. Ашық қол жеткізу қорына оқырмандар тек баспа өнімін, басылымның міндетті тегін данасын, материалдарды алу кезінде және кітапханашының қатысуымен ғана жіберіледі. Кітапханада баспа өнімдері, басылымның міндетті тегін данасы мен материалдардың алып кетуін бақылайтын тексеру-өткізу тәртібі қамтамасыздандырылады.
11. Жинақтау, өңдеу, сақтау бөлімдері және қосалқы қорлар бөлмелерінде көпшілік іс-шаралар өткізуге жол берілмейді.
12. Кітапхана баспа өнімдерін жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстарын (түсіп қалған парақтарды жапсыру, жыртылған жерлерді жапсыру, мұқабаны, қатырма бетті желімдеу) ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
13. Оқырмандардың жоғары сұранысына ие жұмсақ мұқабадағы немесе мұқабасыз, сондай-ақ тұрақты және ұзақ сақтауға арналған баспа өнімдері мен басылымның міндетті тегін данасы қайта түптеледі.
Қолдану мүмкіндіктерін кеңейту үшін жоғары сұранысқа ие жеке баспа өнімдері немесе олардың бөлімдері түрлі әдістермен көшіріледі. Материалдар да цифрландыру процесінен өтеді.
Ұзақ және тұрақты сақтау мақсатында ғылыми, тарихи және көркемдік тұрғыдан құнды басылымдардың цифрлық қоры (электрондық көшірмелері) құрылады. Цифрлық қор ақпараттық қорғау және қауіпсіздендіру технологияларымен қамсыздандырылған депозитарлық электрондық сақтау қоймасында сақталуға тиіс.
14. Баспа өнімдері мен материалдарға берілген инвентарлық нөмірлер өзгертуге, түзетуге және алып тастауға жатпайды.
Материалды жауапты қызметкердің ауысуына немесе жоғалу фактісі анықталған, кітапхананың қайта ұйымдастырылған және таратылған жағдайда кітапхана қорына салыстырмалы тексеру жүргізіледі.
15. Кітапхана қорында сақталатын баспа өнімдері, басылымның міндетті тегін данасы мен материалдар оқырмандарға пайдалану үшін абономентте, оқу залдарында, арнаулы қызмет көрсету бөлімдерінде, стационардан тыс пункттерде, кітапханааралық абономент бойынша беріледі.
16. Кітапхана қызметкерлері оқырмандық берешіктерді болдырмау және жою бойынша тұрақты жұмыстар жүргізеді.