Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ережені бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 30 мамырдағы № 238 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі
актiлерiнiң жинағында
жариялануға тиiс

      "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 30 мамырдағы
№ 238 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) туралы ереже "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – "Прокуратура туралы" Конституциялық заң) 28-бабының негізінде әзірленді.

      Үйлестіру кеңесі Бас прокуратураның, бас әскери және көлік прокуратураларының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалар және астана) прокуратуралардың жанында құрылатын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      Үйлестіру кеңесі қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, "Прокуратура туралы" Конституциялық заң, заңдар, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері және өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

      Үйлестіру заңдылықты сақтау; қылмыскерлікке қарсы күресті күшейту жөніндегі мақсаттар мен міндеттердің бірлігі, мемлекеттік органдардың заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі күш-жігерін біріктіру; мәселелерді қоюда, ұсыныстарды енгізуде және шешімдерді қабылдауда әрбір ведомствоның теңдігі; келісілген іс-шаралар мен ұсынымдарды іске асыру кезінде мемлекеттік органның ұйымдастырушылық-өкімдік қызметіне араласпау; күрделі құқықтық проблемаларды шешуге бірыңғай тәсілді белгілеу; жұмыстағы қайталануды жою және туындайтын мәселелерді шешу кезінде ведомстволық тәсіл; адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы, мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңнаманың талаптарына қайшы келмейтін жариялылық; Үйлестіру кеңесінің келісілген шешімдерін орындау үшін әрбір мемлекеттік орган басшысының жауапкершілігі негізінде жүзеге асырылады.

2. Үйлестіру кеңесінің міндеттері, функциялары және өкілеттіктері

      2. Үйлестіру кеңесінің негізгі міндеттері:

      1) құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік органдардың адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтудағы, сондай-ақ қылмыскерлікке қарсы күрестегі қызметін үйлестіру;

      2) құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыруға, оны құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған келісілген ұсыныстар мен іс-қимылдарды тұжырымдау;

      3) қылмыскерліктің жай-күйін, оның құрылымы мен динамикасын талдау және талқылау негізінде қылмыскерлікке қарсы күрестің негізгі бағыттарын айқындау, сондай-ақ қылмыскерлік пен өзге де құқық бұзушылықтардың даму үрдістерін болжау болып табылады.

      3. Үйлестіру кеңесіне негізгі міндеттерге сәйкес мынадай функциялар жүктеледі:

      1) қылмыскерлік пен құқық бұзушылықтарға, сондай-ақ ұйымдасқан топтар мен қылмыстық қоғамдастықтардың (қылмыстық ұйымдардың) қызметіне қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-шараларды әзірлеу және келісу, осы жұмысқа мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тарту;

      2) құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік органдардың адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау жөніндегі қызметін, сондай-ақ қылмыскерлікке қарсы күрес бағдарламаларының орындалуын талдау;

      3) қылмыстарды анықтау, тергеп-тексеру, ашу, алдын алу және жолын кесу практикасын зерделеу. Құқық қорғау органдары жүйесінің жұмысындағы негізгі басымдықтарды, криминогендік ахуалы неғұрлым қолайсыз өңірлерді айқындау, осы өңірлер мен жалпы ел бойынша қылмыстардың профилактикасы және алдын алу жөніндегі шаралар кешенін іске асыру;

      4) қылмыскерлікке және басқа да құқық бұзушылықтарға қарсы күреске бағытталған заңнаманы қолданудың бірыңғай практикасын қалыптастыру. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған заңнаманы жетілдіру туралы ұсыныстарды тұжырымдау және Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізу;

      5) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесімен өзара іс-қимыл жасау, олардың құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру мәселелері жөніндегі тапсырмаларын іске асыру;

      6) кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру шараларын әзірлеу мен келісіп жүзеге асырудағы ынтымақтастық.

      4. Үйлестіру кеңесі жүктелген міндеттерді орындау мақсатында:

      1) Үйлестіру кеңесінің жұмысына қатысу үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдарын шақыра отырып, оның отырысын, соның ішінде онлайн-форматта шақыруға және өткізуге;

      2) Үйлестіру кеңесінің отырыстарында құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік органдардың адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау жөніндегі жұмысының қорытындыларын талқылауға;

      3) заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің және қылмыскерлікке қарсы күрестің әдістемесі мен практикасын жетілдіру бойынша, сондай-ақ жұмыста орын алған кемшіліктерді жою бойынша Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне және мемлекеттік органдарға ұсынымдар беруге;

      4) мемлекеттік органдарға заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      5) құқық бұзушылықтар мен қылмыскерлік профилактикасының перспективалы әдістерін мемлекеттік ақпараттық жағынан қолдау жөніндегі мәселелерді қарауға және шараларды тұжырымдауға;

      6) құқық қорғау органдарының және құқық бұзушылықтар мен қылмыскерліктің алдын алу жөніндегі профилактикалық жұмысқа тартылатын өзге де мемлекеттік органдардың функционалдық мүмкіндіктері мен материалдық-техникалық базасын пайдалануға уәкілетті.

      5. Үйлестірудің негізгі нысандары:

      1) қылмыскерлік пен заңдылықтың жай-күйі туралы жедел және басқа да ақпаратты өзара алмасу;

      2) құқық бұзушылықтар мен қылмыскерлікке қарсы іс-қимылды жандандыруға бағытталған үйлестірілген іс-шараларды жоспарлау және іске асыру;

      3) жекелеген өңірлерде және тұтас елде қылмыскерлік пен құқықтық тәртіптің жай-күйін бірлесіп талқылау;

      4) ведомствоаралық жұмыс топтарын құру;

      5) тексеру жүргізу және құқық бұзушылықтар мен қылмыскерлікке қарсы іс-қимылды ұйымдастыруда жергілікті мемлекеттік органдарға практикалық көмек көрсету үшін республиканың өңірлеріне бірлесіп сапар жасау;

      6) Үйлестіру кеңесінің отырыстарында құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының құқық бұзушылықтар мен қылмыскерліктің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы есептерін тыңдау;

      7) бірлескен, ведомстволық құқықтық актілерді шығару және (немесе) тиісті іс-шараларды жүзеге асыру;

      8) құқық бұзушылықтар мен қылмыскерлікке қарсы іс-қимыл проблемалары талқыланатын баспасөз конференцияларын, дөңгелек үстелдерді бірлесіп өткізу;

      9) қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік органдардың мүмкіндіктерін өзара пайдалану;

      10) қылмыскерлікке қарсы күрес процесінде құқық қорғау органдарының өзіндік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзара көмек көрсету;

      11) практикада тұжырымдалған және осы Үйлестіру кеңесі туралы ережеге қайшы келмейтін өзге де үйлестіру нысандарын пайдалану.

      Үйлестіру қызметінің қатысушылары оның аталған және өзге де нысандарын таңдауды нақты жағдайға сүйене отырып айқындайды.

3. Үйлестіру кеңесінің құрамы

      6. Үйлестіру кеңесінің құрамына Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының басшылары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы және Қазақстан Республикасының Әділет министрі кіреді.

      7. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Үйлестіру кеңесінің төрағасы болып табылады.

      Төраға:

      1) Үйлестіру кеңесінің қызметіне басшылық етеді;

      2) оның отырыстарында төрағалық етеді;

      3) Үйлестіру кеңесінің келісілген жұмыс жоспарын бекітеді;

      4) Үйлестіру кеңесінің шешімдерін орындау мәселелері бойынша хатшылықтың есебін тыңдайды;

      5) Қазақстан Республикасының Президентіне Үйлестіру кеңесінің жұмысы туралы ақпарат береді;

      6) заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыскерлікке қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдардың бірлескен жоспарлары мен алгоритмдерін бекітеді.

      8. Төраға Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы қызметкерлерінің қатарынан Үйлестіру кеңесінің хатшысын (бұдан әрі – хатшы) тағайындайды, ол Үйлестіру кеңесінің хатшылығын (бұдан әрі – хатшылық) басқарады.

      Хатшы өз құзыретіндегі мәселелер бойынша төрағаға тікелей бағынады және есеп береді.

      Хатшылықтың құрамына басшысы Үйлестіру кеңесінің мүшесі болып табылатын мемлекеттік органның бір-бірден қызметкері (құрылымдық бөлімше басшысының орынбасарынан төмен емес деңгейде) кіреді.

      Хатшылық Үйлестіру кеңесінің тиісті жұмысын қамтамасыз етеді, атап айтқанда:

      1) оның жұмыс жоспарларын қалыптастырады;

      2) Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне отырыстың өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабарлайды;

      3) отырыстың қарауына шығарылатын материалдарды дайындауды ұйымдастырады және бақылайды;

      4) отырыстың хаттамасын ресімдейді;

      5) Үйлестіру кеңесі шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады және бақылайды;

      6) Үйлестіру кеңесі жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету үшін өзге де қажетті шараларды орындайды.

      Мемлекеттік органдарда көрсетілген іс-шаралардың орындалуын осы органнан хатшылықтың құрамына кіретін қызметкер ұйымдастырады және бақылайды. Іс-шараларды іске асыру туралы ақпарат тікелей хатшылыққа беріледі.

      Хатшылық өз өкілеттіктерін жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік органның орындаушыларынан тиісті материалдарды талап етуге құқылы.

      Хатшылыққа бас әскери және көлік прокуратураларының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалар және астана) прокуратуралардың жанындағы үйлестіру кеңестерінің қызметін бақылау жүктеледі.

      Хатшылықтың құрамы Үйлестіру кеңесінің шешімімен бекітіледі және өзгертіледі.

4. Үйлестіру кеңесінің жұмысын ұйымдастыру

      9. Үйлестіру кеңесінің жұмысы бірлесіп қабылданған жартыжылдық жұмыс жоспарларының негізінде құрылады. Үйлестіру кеңесінің мүшелері жұмыс жоспарларына ұсыныстарды төрағаның атына береді.

      Хатшы келіп түскен ұсыныстардың негізінде Үйлестіру кеңесінің жұмыс жоспарының жобасын дайындайды және төрағаның қол қоюына ұсынады.

      Жедел жағдайдың өзгеруіне байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің және оның Әкімшілігі басшылығының тапсырмаларын орындау үшін Үйлестіру кеңесінің жұмыс жоспарына, бұл туралы Үйлестіру кеңесінің мүшелерін хабардар ете отырып, түзетулер енгізілуі мүмкін.

      Үйлестіру кеңесін оның төрағасы қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырады және оның Үйлестіру кеңесі мүшелері санының үштен екіден кем емес кворумы болған кезде құқықты күші болады.

      Үйлестіру кеңесі мүшелерінің бастамасы бойынша кезектен тыс отырыстар шақырылуы, олардың қарауына жоспардан тыс мәселелер шығарылуы мүмкін.

      Отырыстың күн тәртібі, өткізілетін күні, уақыты мен орны Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен келісіледі.

      Шешімдер қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Үйлестіру кеңесі мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады.

      Үйлестіру кеңесінің төрағасы немесе басқа мүшелері болмаған жағдайда, оның отырысы олардың міндеттерін атқаратын адамдардың құрамында өткізіледі.

      10. Үйлестіру кеңесінің қарауына материалдар дайындауды жұмыс жоспарында бірінші көрсетілген мемлекеттік орган жүзеге асырады. Іс-шараларды бірлесіп орындаушылар жауапты орындаушыға жиынтық анықтаманы жасауға қажетті материалдарды береді.

      Анықтамалар, өзге де материалдар мен шақырылатын адамдардың тізімі хатшыға отырыс күніне дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмей беріледі.

      Үйлестіру кеңесінің мүшелері материалдарды дайындау және Үйлестіру кеңесінің хаттамаларын орындау шеңберінде Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне осы органдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат, материалдар және өзге де талдамалық құжаттар беру туралы сұрау салулар жібереді.

      Хатшы отырыста қаралуға жататын материалдардың толықтығы мен сапасын тексереді және төрағаға баяндайды. Төраға тиісті түрде дайындалмаған материалдарды пысықтауға қайтарады.

      Мәселені дайындаған мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары құжаттарды пысықтайды және күнтізбелік үш күн ішінде хатшыға ұсынады.

      Ұсынылған материалдар негізінде хатшы отырыстың күн тәртібін дайындайды, ол төраға бекіткеннен кейін, отырыс басталардан күнтізбелік үш күннен кешіктірмей, барлық қажетті құжаттар қоса беріле отырып, Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне жіберіледі.

      Мәселені дайындауға жауапты мемлекеттік органнан келген хатшылықтың қызметкері отырысқа шақырылған адамдардың келуін қамтамасыз етуді, оларды тиісті құжаттармен таныстыруды жүзеге асырады.

      11. Үйлестіру кеңесінің талқылау нәтижелері мен қабылданған шешімдері отырыс хаттамасына (бұдан әрі – хаттама) енгізіледі, ол өткізілген отырыстан кейін бес жұмыс күні ішінде ресімделеді, Үйлестіру кеңесінің мүшелерімен келісіледі және төрағаның қол қоюына ұсынылады.

      Хатшылық хаттамаға қол қойылғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде қол қойылған хаттаманы Үйлестіру кеңесінің мүшелеріне жібереді.

      Үйлестіру кеңесі хаттамасының орындалуы туралы хатшыға хабарланады, ол келіп түскен материалдарды талдау нәтижелері бойынша төрағаға баяндайды.

      Мемлекеттік органдарда хаттаманың орындалуын бақылауды хатшылық қызметкерлері жүзеге асырады.

      Егер хаттамада баяндалған шешімді орындауға бірнеше мемлекеттік орган қатысса, ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз ету бірінші көрсетілген органға жүктеледі. Іс-шараларды бірлесіп орындаушылар жауапты орындаушыға іс-шараны орындаудың белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік бес күн бұрын қажетті материалдарды беруі керек.

      Үйлестіру кеңесінің қылмыскерліктің алдын алу бойынша әлеуметтік-экономикалық шараларды тұжырымдауға қатысты мәселелер жөніндегі шешімдері қарау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберіледі.

      12. Үйлестіру кеңесінің отырыстарына қаралатын мәселенің сипатына қарай Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және өзге де мемлекеттік органдардың, оның ішінде оларға ведомстволық бағынысты Қазақстан Республикасы органдарының өкілдері қатыса алады.

      Аталған адамдар олардың қарауына жататын күн тәртібінің мәселесі бойынша шешімді талқылауға және тұжырымдауға қатыса алады, талқылауды және бірлескен шешім қабылдауды талап ететін ұсыныстарды, құжаттардың жобаларын және өзге де материалдарды енгізе алады, жұмыс топтарының құрамына кіре алады және өзге де үйлестіру іс-шараларына қатыса алады.

      Үйлестіру кеңесі мен өзге де мемлекеттік органдардың өзара қарым-қатынасы нақты қызмет саласында қылмыскерлікке қарсы күрес бағытын айқындау шеңберіндегі өзара іс-қимылға негізделеді.

5. Өзге де ережелер

      13. Осы Ереже бас әскери және көлік прокуратураларының, облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалар және астана) прокуратуралардың жанындағы тұрақты жұмыс істейтін үйлестіру кеңестері туралы ережелерді дайындау кезінде үлгілік құжат болып табылады.

      Облыстар прокуратураларының және оларға теңестірілген (республикалық маңызы бар қалалар және астана) прокуратуралардың жанындағы үйлестіру кеңестерінің отырыстарына оларға қатысты мәселелерді қарау кезінде өңірлердің және гарнизондардың әскери прокурорларын, сондай-ақ өңірлік көлік прокурорларын тартуға жол беріледі.

      Аудандық және оларға теңестірілген (қалалық, ауданаралық, сондай-ақ мамандандырылған) прокурорлардың, оның ішінде мамандандырылған өңірлік және гарнизондық әскери прокурорлардың, сондай-ақ мамандандырылған көлік прокурорларының үйлестіруші қызметі үйлестіру кеңестері құрылмастан, ведомствоаралық кеңестер арқылы жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 30 мамырдағы
№ 238 Жарлығына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Президентінің күші жойылған кейбір жарлықтарының ТІЗБЕСІ

      1. "Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы № 68 Жарлығы.

      2. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 29 тамыздағы № 900 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 16-тармағы.

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 158 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 10-тармағы.

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші және өзге де органдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 10 қазандағы № 357 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші және өзге де органдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулардың 8-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 қазандағы № 563 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 5-тармағы.

      6. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 18 ақпандағы № 843 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістердің 1-тармағы.

      7. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 74 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 11-тармағы.

      8. "Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 18 қыркүйектегі № 163 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 9-тармағы.

      9. "Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 20 ақпандағы № 515 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 7-тармағы.

      10. "Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 ақпандағы № 5 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін өзгерістердің 9-тармағы.