Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң
жинағында жариялануға тиiс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Ұлттық комиссия туралы ереже;

      2) Ұлттық комиссияның құрамы;

      3) Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.ТОҚАЕВ

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 27 тамыздағы
№ 141 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан əрі – Ұлттық комиссия) Президенттік жастар кадр резервін (бұдан əрі – Резерв) қалыптастыру мақсатында құрылады.

      2. Ұлттық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін жəне осы ережені басшылыққа алады.

2. Ұлттық комиссияның міндеттері

      3. Ұлттық комиссияның міндеттері:

      1) Резервті қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалпы үйлестіру;

      2) Резервке алу, Резервтен шығару туралы мəселелерді шешу;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің Резервті қалыптастыру мәселелері жөніндегі тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету;

      4) . іріктеу жүргізілмей, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадр резервтеріне (бұдан әрі – өңірлік резервтер) алынуға жататын кандидаттарды айқындау болып табылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 22.12.2023 № 418 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

3. Ұлттық комиссияның функциялары

      4. Ұлттық комиссияға міндеттеріне сәйкес мынадай функциялар жүктеледі:

      1) Резервке алуға ұсынылған кандидаттарды қарау;

      2) Ұлттық комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша сұрау салуларды жіберу және мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан ақпарат алу;

      3) Ұлттық комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;

      4) адамды Резервтен шығару туралы мәселені қарау;

      5) іріктеу жүргізілмей, өңірлік резервтерге алынуға жататын кандидаттардың тізімін бекіту.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 22.12.2023 № 418 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

4. Ұлттық комиссияның құқықтары

      5. Ұлттық комиссия өз міндеттеріне сәйкес мынадай құқықтарға ие:

      1) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерді қарауға мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдары мен мамандарын тарту;

      2) Ұлттық комиссияның отырысына Ұлттық комиссияның мүшелері болып табылмайтын лауазымды және өзге де адамдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақыру.

5. Ұлттық комиссияның құрамы және қызметін ұйымдастыру

      6. Ұлттық комиссия төрағадан, оның орынбасарынан және комиссия мүшелерінен тұрады.

      7. Ұлттық комиссияның төрағасы:

      1) Ұлттық комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Ұлттық комиссияның отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;

      3) Ұлттық комиссияның отырыстарында төрағалық етеді;

      4) Ұлттық комиссияның мүшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар береді.

      8. Ұлттық комиссияның төрағасы болмаған уақытта, сондай-ақ оның тапсырмасы бойынша оның функцияларын комиссия төрағасының орынбасары орындай алады.

      9. Ұлттық комиссияның отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі.

      10. Ұлттық комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша Ұлттық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беруі өткізілуі мүмкін.

      Ұлттық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беру мерзімі Ұлттық комиссия мүшелеріне материалдар жіберілген күннен бастап үш жұмыс күнінен аспауы тиіс.

      Сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Ұлттық комиссия мүшелері өз пікірлерін Ұлттық комиссияның жұмыс органына жазбаша түрде жолдайды.

      Көрсетілген мерзімде жауап ұсынылмаған жағдайда Ұлттық комиссия мүшесі шешім жобасын қабылдауға дауыс берді деп саналады.

      11. Ұлттық комиссияның отырысы немесе сырттай дауыс беру оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі отырысқа қатысқан немесе сырттай да уыс беруге қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Ұлттық комиссияның мүшелері отырыстарға жəне сырттай дауыс беруге ауысу құқығынсыз қатысады.

      12. Ұлттық комиссияның шешімдері Ұлттық комиссия отырысына қатысушы немесе сырттай дауыс беруге қатысушы мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен ашық дауыс беру немесе сырттай дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      13. Ұлттық комиссияның шешімдері, оған Ұлттық комиссияның төрағасы және хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      Ұлттық комиссияның шешімдері тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жіберіледі және Ұлттық комиссия белгілеген мерзімде міндетті түрде қаралуға тиіс.

      14. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі Ұлттық комиссияның хатшысы болып табылады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 13.09.2023 № 350 Жарлығымен.

      15. Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімі Ұлттық комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Ұлттық комиссияның қызметін ұйымдық қамтамасыз етуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уəкілетті орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 13.09.2023 № 350 Жарлығымен.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 27 тамыздағы
№ 141 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар
кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның
ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, төраға

      Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі, хатшы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы

      Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі

      Қазақстан Республикасы Президентінің өңірлік саясат мәселелеріне жетекшілік ететін кеңесшісі

      Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі

      Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 27 тамыздағы
№ 141 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру
ҚАҒИДАЛАРЫ

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 18.05.2021 № 580 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Президенттік жастар кадр резервін (бұдан әрі – Резерв) қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Резервке іріктеуді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) жүзеге асырады.

      3. Резервке іріктеуге отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысады.

      Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар Резервке іріктеуге қатысуға жіберілмейді.

      4. Резервке алынған адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы уәкілетті комиссияның шешімі бойынша мемлекеттік саяси лауазымдарға, А корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, "Б" корпусының басшылық лауазымдарына және "Б" корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.

      Осы тармақта көрсетілген лауазымдарға тағайындау Резервке алынған адамдардың қатарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзге де адамдардың қатарынан жүзеге асырылуы мүмкін.

      5. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 624 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылатын құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардағы басшы лауазымдарға орналасу мәселелерін реттемейді.

2-тарау. Резервке іріктеу

      6. Резервке іріктеу келесі кезеңдерден тұрады:

      1) кандидаттардың құжаттарын қабылдау;

      2) мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;

      3) ситуациялық тапсырмаларды шешу;

      4) құзыреттерді бағалау;

      5) Резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда (бұдан əрі – Сарапшылық комиссия) кандидаттармен әңгімелесу;

      6) Сарапшылық комиссия ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау.

      Резервке іріктеудің кезеңдері ақпараттық жүйелерді пайдалану арқылы жүргізілуі мүмкін.

      Резервке іріктеу кезеңдерін өткізу мерзімдерін Ұлттық комиссия айқындайды.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 22.12.2023 № 418 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      7. Іріктеуді жүргізу туралы хабарландыру мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) интернет-ресурсында, сондай-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында және басқа ресурстарда Резервке іріктеуге қатысуға кандидаттардың құжаттарын қабылдау басталғанға дейін 10 жұмыс күн ішінде жарияланады.

      Хабарландыру осы Қағидаларда айқындалған Резервке іріктеудің тәртібі туралы ақпаратты, құжаттарды қабылдау мерзімдерін қамтиды.

      8. Іріктеуге қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      2) білім туралы құжаттың көшірмесі;

      3) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;

      4) мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсырғаны туралы белгіленген нысандағы жарамды ресми сертификат*.

      Кандидат құжаттарды тапсыру кезінде Резервті қалыптастыру тәртібімен танысады, осы Қағидаларды қатаң сақтауға, сондай-ақ дербес деректерді жинау мен өңдеуге өз келісімін береді.

      9. Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін кандидаттар жіберіледі.

      10. Іріктеудің әрбір кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары нəтижелерді жинаған кандидаттар Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.

      Резервке іріктеудің әрбір келесі кезеңіне жіберілетін, ең жоғары нəтижелері бар кандидаттардың шекті санын Ұлттық комиссия айқындайды.

      Бірнеше кандидатта тестілеудің бірдей нəтижелері болған жағдайда іріктеудің келесі кезеңіне Ұлттық комиссия айқындаған саннан асатын кандидаттардың саны жіберілуі мүмкін.

      11. Резервке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін ситуациялық тапсырмаларды шешу және құзыреттерді бағалау кезеңдерінде сарапшылар қоғамдастығының өкілдері тартылуы мүмкін.

      Ситуациялық тапсырмаларды шешу және құзыреттерді бағалау кезеңдерін өткізу қорытындылары бойынша кандидаттарға қойылған бағаларды негіздей отырып, әрбір кезең бойынша нәтижелер беріледі.

      12. Сарапшылық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігі, соның ішінде мемлекеттік органдардың басшылары қатарынан айқындайды.

      Сарапшылық комиссияның отырысына дайындалу кезінде уәкілетті орган кандидаттар туралы мəліметтерді, оның ішінде тиісті мемлекеттік органдардан сұратылатын мəліметтерді, сондай-ақ кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сəйкестігін уəкілетті орган қарайды.

      Сарапшылық комиссия әңгімелесудің қорытындысы бойынша іріктеудің алдыңғы кезеңдерінің нəтижелерін ескере отырып, ашық дауыс беру арқылы Резервке алуға ұсынылатын кандидаттардың тізімін жасайды және Ұлттық комиссияның қарауына жолдайды.

      13. Ұлттық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен қалыптастырылады.

      Ұлттық комиссия:

      1) кандидаттарды үш жыл мерзімге Резервке алу туралы шешім шығарады;

      2) іріктеу жүргізілмей, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадр резервтеріне алынуға жататын кандидаттардың тізімін бекітеді.

      Қажет болған жағдайда Ұлттық комиссия кандидаттармен әңгімелесу өткізеді.

      Іріктеу жүргізілмей, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадр резервтеріне алынуға жататын кандидаттардың тізіміне Сарапшылық комиссия ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау сатысында іріктеуге қатысқан, бірақ Резервке енгізілмеген кандидаттар енгізіледі.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 22.12.2023 № 418 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      14. Іріктеуге қатыстырудан бас тартудың және оның кез келген кезеңінен шығарудың негізі мыналар болып табылады:

      1) кандидаттың Резервті қалыптастыру тәртібін сақтамауы;

      2) анық емес ақпаратты және құжаттарды ұсыну;

      3) кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес еместігі.

3-тарау. Резервтен шығару

      15. Резервке алынған адам мынадай:

      1) өз қалауы бойынша;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;

      3) шет мемлекеттің азаматтығы болған;

      4) мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған;

      5) қызметінің тиімділігін бағалау негізінде лауазымнан төмендетілген не шығарылған;

      6) қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған;

      7) әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;

      8) Резервте болу кезеңінде қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық жасаған не қылмыс немесе қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдаудан бас тартқан;

      10) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылған не Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 9), 10), 12), 13), 14), 15) және 17) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылған жағдайларда, уәкілетті орган тиісті ұсыныстар берген кезде Ұлттық комиссияның шешімі бойынша Резервтен шығарылады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 31.12.2022 № 77 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

4-тарау. Өтпелі ережелер

      16. Ұлттық комиссияның 2019 жылғы 23 желтоқсандағы хаттамасымен алынған адамдардың Резервте болу мерзімі көрсетілген хаттамаға қол қойылған күннен бастап есептелетін бес жылды құрайды. Көрсетілген мерзім ішінде Резервке алынған адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы заңнамасына сәйкес саяси және "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері лауазымдарына, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялардың басқармаларының төрағалары мен басқарма мүшелері лауазымдарына орналаса алады.

      Ескертпе* Мемлекеттік тілді орташа білу деңгейінен (В1) жоғары меңгеру үшін қойылатын талаптарды айқындайтын Ұлттық стандарттарға сәйкес