Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары, азаматтық қорғау органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 624 Жарлығы.

      Ескерту. Жарлықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары, азаматтық қорғау органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.
      2. Күші жойылды – ҚР Президентінің 31.07.2023 № 290 Жарлығымен.

      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н.Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 28 тамыздағы
№ 624 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары, азаматтық қорғау органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру қағидалары

      Ескерту. Қағиданың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары, азаматтық қорғау органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, арнаулы мемлекеттік органдардың және азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерін (бұдан әрі – қызметкерлер) Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары, азаматтық қорғау органдары басшылығының президенттік резервіне іріктеудің, алудың, оларды даярлаудың және одан шығарудың ерекше тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      2. Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдары, азаматтық қорғау органдары басшылығының президенттік резерві (бұдан әрі – Президенттік резерв) – құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының, оның ішінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің (бұдан әрі – азаматтық қорғау органдарының) бос тұрған жоғары басшы лауазымдарына ұсыну үшін осы Қағидаларда көзделген іріктеудің ерекше тәртібінен өткен қызметкерлердің тізімі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      3. Президенттік резервті қалыптастыру мақсаты – Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарындағы, азаматтық қорғау органдарындағы бос тұрған жоғары басшы лауазымдарға орналастыру үшін қызметкерлерді сапалы іріктеу және оларды даярлау арқылы кәсіби кадрлар құрамын жасақтау.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      4. Президенттік резервті қалыптастыру "Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы № 828 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және (немесе) олардың келісуімен тағайындалатын, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалатын өзге де басшы лауазымды адамдардың тізбесінде көзделген лауазымдарға қатысты жүзеге асырылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 09.10.2019 № 184 Жарлығымен.

      5. Құқық қорғау органдарының президенттік резервін бекіту "Құқық қорғау органдарындағы кадр саясатының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 537 Жарлығына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) хаттамалық шешімімен жүзеге асырылады.

      Арнаулы мемлекеттік органдардың президенттік резервін бекітуді осы Қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесі хатшысымен келісілген Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығының (бұдан әрі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығы) ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі (бұдан әрі – Мемлекеттік күзет қызметі) қызметкерлерінің президенттік резервін бекітуді Мемлекеттік күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жүзеге асырады.

      Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің президенттік резервін бекітуді осы Қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысымен келісілген Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөлімінің (бұдан әрі – Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөлімі) ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы жүзеге асырады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.05.2014 N 814; 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

      6. Президенттік резервті қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру:

      Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына қатысты – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Құқық қорғау жүйесі бөліміне (бұдан әрі – Құқық қорғау жүйесі бөлімі);

      Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарына қатысты – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына;

      Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау органдарына қатысты Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөліміне жүктеледі.

      Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервіне ұсынылған Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлерінің тізімін қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттарды дайындау Мемлекеттік күзет қызметіне жүктеледі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      7. Осы Қағидалар құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының лауазымдарына, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысының лауазымына қолданылмайды.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

2. Президенттік резервті қалыптастыру

      8. Президенттік резервті қалыптастыру тоқсан сайын, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының, азаматтық қорғау органдарының басшы лауазымдарына орналасу үшін кандидаттарға ағымдағы және перспективадағы қажеттіліктің болжамы ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Президенттік резерв:

      1) болжанатын лауазымға орналасу үшін көзделген, қызмет өтілі, кәсіби даярлық деңгейі жөніндегі талаптарды қамтитын біліктілік талаптарына сәйкес келетін;

      2) аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша атқаратын лауазымына сәйкес келетін, оның ішінде жоғары тұрған лауазымға жоғарылатуға немесе кадр резервіне енгізуге ұсынылған;

      3) материалдарды жолдаған кезде тәртіптік жазалары болмаған қызметкерлердің қатарынан қалыптастырылады.

      Мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлер біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде құқық қорғау органының, арнаулы мемлекеттік органның және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы оларды Президенттік резервке ұсына алады.

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне іссапарға жіберілген, қойылатын талаптарға сәйкес келетін қызметкерлер Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесі басшысының қызметкерді іссапарға жіберген мемлекеттік органның бірінші басшысымен келісілген ұсынуы бойынша Президенттік резервке алынуы мүмкін.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 09.10.2019 № 184; 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

      9. Президенттік резервке енгізу үшін кандидаттарды іріктеу қызметкерлердің жеке және іскерлік қасиеттерін, олардың қызметтік әрекеттерінің нәтижелерін зерделеу мен бағалау және аттестаттау комиссиясының шешімі негізінде жүргізіледі.

      10. Тиісті тоқсанның соңғы айының 1-күніне дейін Президенттік резервке алу үшін ұсынылған құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің тізімдері Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне жіберілуге тиіс. Президенттік резервке алу үшін ұсынылған қызметкерлердің тізімдеріне мынадай материалдар қоса берілуге тиіс:

      1) құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысының:

      әскери қызметшінің іскерлік және жеке қасиеттері;

      болжанатын лауазымға орналасу үшін көзделген біліктілік талаптарына сәйкес келетіні;

      аттестаттау комиссиясының шешімі, ал аттестаттауға жатпайтын адамдарға қатысты қызметтік жұмысы нәтижелерінің нақты көрсеткіштері;

      Ұлттық қауіпсіздік комитетінің есептері бойынша тексеру нәтижелері көрсетілген ұсынуы;

      2) белгіленген нысандағы фотосуреті бар қызметтік анықтама (қызметтік тізім);

      3) қызметкердің міндетті арнаулы тексеруден өткені туралы мәліметтер.

      Құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы іссапарға жіберілген қызметкерлерге қатысты сипаттаушы материалдарды тиісті қызметкер қызмет өткеріп жатқан органның (ұйымның) басшысынан сұратуға құқылы.

      Ұсынылған материалдардың толық еместігі немесе оларда қандай да бір нақты емес мәліметтер көрсетілгені анықталған жағдайда Президенттік резервке алу үшін ұсынылған қызметкерлерге қатысты материалдар Құқық қорғау жүйесі бөлімінен, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығынан және Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөлімінен кері қайтарылмай, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның кадр бөлімшелері жоғарыда аталған кемшіліктерді жоя алады.

      Кандидатты Президенттік резервке алуға қатысты материалдарды және лауазымға тағайындауды келісуге арналған ұсынуды бір мезгілде жіберуге жол берілмейді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      11. Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығы, Құқық қорғау жүйесі бөлімі және Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөлімі тоқсан сайын:

      1) ұсынылған материалдардың анықтығын, толық болуын және Президенттік резервке ұсынылған қызметкерлердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келуін тексеруді тиісті тоқсанның соңғы айының 15-күніне дейін жүзеге асырады, қажет болған кезде мәліметтерді сұрату арқылы қосымша тексеру іс-шараларын жүргізеді;

      2) материалдарды қарау нәтижелері бойынша Президенттік резервке алу үшін ұсынылған қызметкерлердің тізімін тиісті тоқсанның соңғы айының 30-күніне дейін қалыптастырады;

      3) Президенттік резерв бекітілгеннен кейін он күн ішінде Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның бірінші басшыларына хабарлайды.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      12. Құқық қорғау жүйесі бөлімі Құқық қорғау органдарының президенттік резервіне кандидаттардың тізімін қалыптастырғаннан және Президент көмекшісі - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысымен келісілгеннен кейін отырысты өткізуге дайын екені туралы Комиссияның төрағасын хабардар етеді және отырыстың өтетін уақыты мен орны туралы Комиссияның барлық мүшелеріне хабарлайды.

      Құқық қорғау органдарының президенттік резервіне енгізу үшін ұсыныстарды қарау туралы отырыстың нәтижелері бойынша Комиссия мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) Президенттік резервке алынсын;

      2) Президенттік резервке алудан бас тартылсын.

      Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделіп, оған Комиссия төрағасы қол қояды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 17.04.2019 № 26 Жарлығымен.

      13. Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығы Арнаулы мемлекеттік органдардың президенттік резервіне енгізілетін кандидаттардың тізімін қалыптастырғаннан және Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысымен келісілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысына бекіту үшін енгізеді.

      Арнаулы мемлекеттік органдардың президенттік резервіне енгізу үшін ұсыныстарды қарау нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) Президенттік резервке алынсын;

      2) Президенттік резервке алудан бас тартылсын.

      13-1. Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөлімі Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау органдарының президенттік резервіне кандидаттардың тізімі қалыптастырылғаннан және Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысымен келісілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігі Басшысының бекітуіне енгізеді.

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау органдарының президенттік резервіне алуға берілген ұсынуларды қарау нәтижесі бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) Президенттік резервке алынсын;

      2) Президенттік резервке алудан бас тартылсын.

      Ескерту. 13-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      14. Қазақстан Республикасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның кадр бөлімшелері Президенттік резервтің бекітілген тізімінен үзіндіні алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қызметкерлерді Президенттік резервке алынғаны туралы хабардар етеді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      15. Қызметкердің Президенттік резервте болу мерзімі үш жылдан аспауы тиіс. Президенттік резервке енгізілген, бірақ онда болу кезеңінде бос тұрған жоғары басшы лауазымдарға тағайындалмаған адамдар жалпы негізде жаңадан енгізілуі мүмкін.

      Егер Мемлекет басшысы немесе оның Әкімшілігінің Басшысы өзгедей шешім қабылдамаса, жоғары тұрған басшы лауазымдарға тағайындау үшін Президенттік резервте болудың ең аз мерзімі кемінде үш ай болуға тиіс.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      16. Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органының, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен Президенттік резервке қосымша кандидатураларды ұсынуға құқылы.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      17. Президенттік резервте тұрған қызметкерлер болжанып отырған басшы лауазымға тағайындауға қажетті кәсіби дағдыларын, басқару құзыретін жетілдіру үшін Құқық қорғау органдарының академиясында кәсіби қайта даярлаудан және біліктілікті арттырудан етеді.

      18. Мемлекеттік органдарға және халықаралық ұйымдарға іссапармен барған қызметкерлерді қоспағанда, Президенттік резервке енгізілген қызметкерлерге "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы және "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіпте, ол Президенттік резервке енгізілген лауазымдар бойынша міндеттерді уақытша атқару жүктелуі мүмкін.

3. Президенттік резервтен шығару

      19. Қызметкер:

      1) қасақана құқық бұзушылық жасағаны үшін сот тәртібімен әкімшілік жауаптылыққа тартылған;

      2) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған;

      3) оған қызметіне толық сәйкес келмейтіні туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату (лауазымын бір сатыға төмендету), арнаулы атағын (әскери атағын бір сатыға төмендету) немесе сыныптық шенін төмендету түрінде тәртіптік жаза қолданылған;

      4) Президенттік резервтен шығару туралы баянат берген;

      5) осы Қағидалардың 15-тармағында көзделген мерзім өткен;

      6) Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органынан, азаматтық қорғау органынан қызметтен шығарылған;

      7) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына, азаматтық қорғау органдарына, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға ауыстырылған (іссапарға жіберілген);

      8) аттестаттаудың нәтижелері бойынша лауазымы төмендетілген не атқарып отырған лауазымынан төмен тұрған лауазымға ауыстырылған жағдайларда оны Президенттік резервтен шығару жүргізіледі.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      20. Осы Қағидалардың 19-тармағында көзделген негіздер болған кезде қызметкерді Президенттік резервтен шығару туралы шешімді:

      1) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының кадр бөлімшелері Құқық қорғау жүйесі бөліміне ұсынған материалдарға сәйкес Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты – Комиссия;

      2) Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының кадр бөлімшелері Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығына ұсынған материалдарға сәйкес Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне қатысты – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы;

      3) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның кадр бөлімшесі Қауіпсіздіктің жалпы мәселелері бөліміне ұсынған материалдарға сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы қабылдайды.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      21. Осы Қағидалардың 19-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Президенттік резервтен шығарылған қызметкерлер шығарудың негіздері жойылғаннан кейін бір жыл өткен соң осы Қағидаларда көзделген тәртіпте Президенттік резервке енгізілуі мүмкін.

      22. Президенттік резервте тұрған және одан әрі қызмет өткеру үшін Қазақстан Республикасының басқа құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарына, азаматтық қорғау органдарына ауыстырылған (іссапарға жіберілген) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Ұлттық ұланының қызметкерлері, сондай-ақ әскери қызметшілері біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде көрсетілген мемлекеттік органдардың бірінші басшысының өтінішхаты бойынша қызметке қабылдаған мемлекеттік органның Президенттік резервіне алынуы мүмкін.

      Ескерту. 22-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 11.04.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.