Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығы.

Қолданыстағы

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң
жинағында жариялануға тиiс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан əрі – Ұлттық комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Ұлттық комиссия туралы ереже;

      2) Ұлттық комиссияның құрамы;

      3) Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      3. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.ТОҚАЕВ

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 27 тамыздағы
№ 141 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан əрі – Ұлттық комиссия) Президенттік жастар кадр резервін (бұдан əрі – Резерв) қалыптастыру мақсатында құрылады.

      2. Ұлттық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін жəне осы ережені басшылыққа алады.

2. Ұлттық комиссияның міндеттері

      3. Ұлттық комиссияның міндеттері:

      Резервті қалыптастыру бойынша жұмысты жалпы үйлестіру;

      Резервке алу туралы мəселелерді шешу;

      Резервті қалыптастыру мəселелері бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын орындауды қамтамасыз ету болып табылады.

3. Ұлттық комиссияның функциялары

      4. Ұлттық комиссияға міндеттеріне сəйкес мынадай функциялар жүктеледі:

      Резервке алуға ұсынылған кандидаттарды қарау;

      Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мəселелер бойынша мемлекеттік органдардан жəне өзге де ұйымдардан ақпарат сұрату жəне алу;

      Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мəселелер бойынша шешімдер қабылдау.

4. Ұлттық комиссияның құқықтары

      5. Ұлттық комиссия өз міндеттеріне сəйкес мынадай құқықтарға ие:

      1) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мəселелерді қарауға мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдары мен мамандарын тарту;

      2) Ұлттық комиссияның отырысына Ұлттық комиссияның мүшелері болып табылмайтын лауазымды жəне өзге де адамдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақыру.

5. Ұлттық комиссияның құрамы жəне қызметін ұйымдастыру

      6. Ұлттық комиссия төрағадан, оның орынбасарынан жəне комиссия мүшелерінен тұрады.

      7. Ұлттық комиссияның төрағасы:

      1) Ұлттық комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Ұлттық комиссияның отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;

      3) Ұлттық комиссияның отырыстарында төрағалық етеді;

      4) Ұлттық комиссияның мүшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар береді.

      8. Ұлттық комиссияның төрағасы болмаған уақытта, сондай-ақ оның тапсырмасы бойынша оның функцияларын комиссия төрағасының орынбасары орындай алады.

      9. Ұлттық комиссияның отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі.

      10. Ұлттық комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша Ұлттық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беруі өткізілуі мүмкін.

      Ұлттық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беру мерзімі Ұлттық комиссия мүшелеріне материалдар жіберілген күннен бастап үш жұмыс күнінен аспауы тиіс.

      Сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Ұлттық комиссия мүшелері өз пікірлерін Ұлттық комиссияның жұмыс органына жазбаша түрде жолдайды.

      Көрсетілген мерзімде жауап ұсынылмаған жағдайда Ұлттық комиссия мүшесі шешім жобасын қабылдауға дауыс берді деп саналады.

      11. Ұлттық комиссияның отырысы немесе сырттай дауыс беру оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі отырысқа қатысқан немесе сырттай да уыс беруге қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Ұлттық комиссияның мүшелері отырыстарға жəне сырттай дауыс беруге ауысу құқығынсыз қатысады.

      12. Ұлттық комиссияның шешімдері Ұлттық комиссия отырысына қатысушы немесе сырттай дауыс беруге қатысушы мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен ашық дауыс беру немесе сырттай дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      13. Ұлттық комиссияның шешімдері, оған Ұлттық комиссияның төрағасы жəне хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      Ұлттық комиссияның шешімдері тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жіберіледі жəне Ұлттық комиссия белгілеген мерзімде міндетті түрде қаралуға тиіс.

      14. Ұлттық комиссияның хатшысы Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің Мемлекеттік қызмет жəне кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі болып табылады.

      15. Ұлттық комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің Мемлекеттік қызмет жəне кадр саясаты бөлімі болып табылады.

      Ұлттық комиссияның қызметін ұйымдық қамтамасыз етуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уəкілетті орган жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 27 тамыздағы
№141 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның
ҚҰРАМЫ

      Қазақстан Республикасының Президенті Əкімшілігінің Басшысы, комиссия төрағасы

      Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, комиссия төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, комиссия төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігі Басшысының өңірлік саясат мəселелеріне жетекшілік етуші орынбасары, комиссия мүшесі

      Қазақстан Республикасы Президенті Əкімшілігінің Мемлекеттік қызмет жəне кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі, комиссияның хатшысы

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2019 жылғы 27 тамыздағы
№141 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру
ҚАҒИДАЛАРЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидалары (бұдан əрі – Қағидалар) Президенттік жастар кадр резервін (бұдан əрі – Резерв) қалыптастыру тəртібін айқындайды.

      2. Резервке іріктеуді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан əрі – Ұлттық комиссия) жүзеге асырады.

      3. Резервке отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі жəне бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы алынуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған мемлекеттік қызметшілер резервке іріктеуге қатысуға жіберілмейді.

      4. Резервке алынған адамдар мынадай лауазымдар топтарына орналаса алады:

      салалық лауазымдардың тобы:

      Қазақстан Республикасының министрлері, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың əкімдерінің бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары;

      орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары;

      ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар басқармаларының төрағалары жəне мүшелері.

      Салалық лауазымдардың тобы қызметтің мынадай бағыттарын қамтиды:

      экономикалық жəне қаржылық саясат; əлеуметтік саясат;

      инфрақұрылымды жəне сервистік салаларды, өнеркəсіпті, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғауды дамыту;

      сыртқы жəне ішкі саясат; құқықтық саясат; өңірлік лауазымдардың тобы:

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың əкімдері;

      облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының жəне қалалардағы аудандардың əкімдері; басқарушылық лауазымдардың тобы:

      орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары;

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аппараттарының басшылары, Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты аппаратының) басшысы; Қазақстан Республикасы Жоғары сот Кеңесінің хатшысы – Аппарат басшысы;

      жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген орталық атқарушы органдар аппараттарының басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы;

      облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың əкімдері аппараттарының басшылары.

      Осы тармақта аталған лауазымдарға тағайындаулар Резервке алынған адамдардың қатарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен өзге де адамдардың қатарынан жүзеге асырыла алады.

      5. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарындағы, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы құқық қорғау жəне арнаулы мемлекеттік органдары басшылығының президенттік резервін қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 28 тамыздағы № 624 Жарлығына сəйкес жүзеге асырылатын құқық қорғау жəне арнаулы мемлекеттік органдарда басшы лауазымдарға орналасу мəселелерін реттемейді.

2-тарау. Резервке іріктеу

      6. Резервке іріктеу бірқатар дəйекті кезеңдерді қамтиды:

      1) Резервке іріктеуді өткізу туралы хабарландыруды жариялау;

      2) кандидаттардың құжаттарын қабылдау;

      3) кандидаттардың теориялық білімін тестілеу (бұдан əрі – тестілеу);

      4) кандидаттардың көшбасшылық қасиеттерін, сыни ойлауын, стратегиялық көзқарасын, мотивациясы мен құндылықтарын бағалау (эссе жазу, жобаларды таныстыру, интервьюден өту жəне мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уəкілетті орган айқындайтын бағалаудың басқа құралдары) (бұдан əрі – бағалау кезеңі);

      5) Резервке іріктеу жөніндегі сарапшылық комиссияда (бұдан əрі – Сарапшылық комиссия) кандидаттармен əңгімелесу;

      6) Сарапшылық комиссия Резервке алуға ұсынған кандидаттарды Ұлттық комиссияның отырысында қарау.

      Резервке іріктеудің кезеңдері ақпараттық жүйелер қолдану арқылы жүргізілуі мүмкін.

      Резервке іріктеу кезеңдерін өткізу мерзімдерін Ұлттық комиссия айқындайды.

      7. Іріктеуді жүргізу туралы хабарландыру мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уəкілетті органның (бұдан əрі – уəкілетті орган) интернет-ресурсында, сондай-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жəне басқа ресурстарда жарияланады.

      Хабарландыру осы Қағидаларда айқындалған Резервке іріктеудің тəртібі туралы ақпаратты, құжаттарды тапсыру мерзімін қамтиды.

      8. Іріктеуге қатысу үшін мынадай құжаттар ұсынылады:

      1) жеке басты куəландыратын құжаттың көшірмесі;

      2) білім туралы құжаттың көшірмесі;

      3) еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі.

      Кандидат құжаттарды тапсыру кезінде оның дербес деректері, білімі мен жұмыс тəжірибесі туралы мəліметтер, Резервке алынған жағдайда кандидат үміттенетін лауазымдар тобы, осы Қағидалардың 4-тармағына сəйкес салалық бағыт көрсетіледі.

      Құжаттарға мына адамдардың біреуінен ұсынымхат қоса беріледі:

      кандидат жұмыс істейтін немесе жұмыс істеген ұйымның басшысынан;

      ұлттық компанияның, ұлттық холдингтің, ұлттық даму институтының басқарма төрағасынан немесе оның орынбасарынан;

      мемлекеттік саяси қызметшіден; орталық атқарушы органның жауапты хатшысынан, орталық немесе жергілікті мемлекеттік органның аппарат басшысынан ұсынылады.

      Қазақстан Республикасы Сенатының, Мəжілісінің депутатынан, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мəслихат хатшысынан ұсынылады.

      Ұсынымхат ұйымның немесе лауазымды адамның ресми бланкісінде:

      қол қойылған күні, кандидаттың тегі, аты-жөні; оның кəсіби жəне жеке қасиеттері айқындалған мінездемелер;

      кандидатпен ынтымақтастықтың ұзақтығы мен жағдайлары көрсетіле отырып ресімделеді.

      Құжаттарды тапсырған кезде кандидат Резервке іріктеуден өтудің тəртібімен танысады, сондай-ақ іріктеудің шарттарын қатаң сақтау жəне өзі көрсеткен мəліметтердің шынайылығын қамтамасыз ету бойынша өзіне міндеттеме алады.

      9. Тестілеуге осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген талаптарға сай келетін кандидаттар жіберіледі.

      Тестілеудің қорытындысы бойынша ең жоғары нəтижелерді жинаған кандидаттар Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.

      Резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберілетін, ең жоғарғы нəтижелері бар кандидаттардың шекті санын Ұлттық комиссия айқындайды.

      Бірнеше кандидатта тестілеу нəтижелері бірдей болған кезде іріктеудің келесі кезеңіне осы тармақтың үшінші бөлігіне сəйкес анықталған санынан асатын кандидаттардың санының өтуіне жол беріледі.

      Резервке іріктеуге қатысу үшін кандидат өтінім берген кезде ұсынған мəліметтер мен құжаттарға бағалау кезеңінің алдында тексеру жүргізіледі.

      10. Бағалау кезеңінде кандидаттарды бағалау үшін уəкілетті орган салалық топтарды құрады.

      Шешімдерді қабылдаудың айқындығын қамтамасыз ету үшін барлық кандидаттарды бағалау кезеңінде қоғамдастықтың өкілдері тартылуы мүмкін.

      Бағалау кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғарғы нəтижелер алған кандидаттар Сарапшылық комиссияда əңгімелесуге жіберіледі.

      Сарапшылық кеңесте əңгімелесуге өткізілетін, ең жоғарғы нəтижелері бар кандидаттардың шекті санын Ұлттық комиссия айқындайды.

      Бірнеше кандидатта бағалау кезеңінің қорытындысы бойынша бірдей нəтижелер болған жағдайда іріктеудің келесі кезеңіне осы тармақтың төртінші бөлігіне сəйкес анықталған санынан асатын кандидаттардың саны өтуі мүмкін.

      11. Сарапшылық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президенті Əкімшілігі айқындайды.

      Сарапшылық комиссияның отырысына дайындалу барысында кандидаттар туралы мəліметтерді, оның ішінде тиісті мемлекеттік органдардан сұратылатын мəліметтерді, сондай-ақ кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сəйкестігін Ұлттық комиссияның жұмыс органы немесе уəкілетті орган қарайды.

      Əңгімелесудің қорытындысы бойынша іріктеудің алдыңғы кезеңдерінің нəтижелерін ескерумен Сарапшылық комиссия ашық дауыс беру арқылы Резервке алуға ұсынылатын кандидаттардың тізімін жасайды жəне Ұлттық комиссияның қарауына жолдайды.

      12. Іріктеуге қатысуға бас тартудың негізі мыналар болып табылады:

      1) кандидаттың көрiнеу жалған мəліметті жəне құжаттарды беруі;

      2) кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сəйкес еместігі.

      13. Ұлттық комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен жасақталады. Ұлттық комиссия кандидаттарды бес жыл мерзімге Резервке алу туралы шешім шығарады.

      14. Ұлттық комиссияның шешіміне сəйкес Резервке алынған адамдар бөлінген қаражат шегінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымының білім беру бағдарламалары бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан өте алады.