Адам құқықтары жөнiндегі ұлттық орталық құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 2002 жылғы 10 желтоқсан N 992.

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл қызметiн белгiлеу туралы" 2002 жылғы 19 қыркүйектегi № 947 Жарлығын iске асыру мақсатында қаулы етемін:

      1. "Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық" мемлекеттiк мекемесi құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Алып тасталды – ҚР Президентінің 30.06.2022 № 948 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2002 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 992 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 30.06.2022 № 948 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық (бұдан әрі ̶ Ұлттық орталық) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкiлдің (бұдан әрі - Уәкіл) қызметiн ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзгедей қамтамасыз етудi жүзеге асыратын мемлекеттік мекеме және оның жұмыс органы болып табылады.

      2. Ұлттық орталықтың облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада өкілдіктері болады.

      3. Ұлттық орталық өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 23.01.2023 № 108 Жарлығымен.

      4. Ұлттық орталық мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауы көрсетілген мөрі мен бланкілері, сондай-ақ банк мекемелерінде тиісті шоттары болады.

      Ұлттық орталық өкілдіктерінің мемлекеттік және орыс тілдерінде өз атауы көрсетілген бланкілері болады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 23.01.2023 № 108 Жарлығымен.

      5. Ұлттық орталық азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ұлттық орталыққа уәкілеттік берілген болса, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Ұлттық орталық заңнамада белгіленген тәртіппен өз құзыретіндегі мәселелер бойынша Ұлттық орталық басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Ұлттық орталықтың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 23.01.2023 № 108 Жарлығымен.

      10. Осы Ереже Ұлттық орталықтың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Ұлттық орталықтың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Ұлттық орталықтың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан Ұлттық орталықтың кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қарым-қатынасқа түсуіне тыйым салынады.

      Егер заңнамалық актілерде Ұлттық орталыққа кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің міндеттеріне Уәкілдің адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесу, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және ілгерілету жөніндегі қызметін қамтамасыз ету жатады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 23.01.2023 № 108 Жарлығымен.

      14. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      Уәкілдің қызметіне байланысты құжаттарды, материалдар мен мәліметтерді мемлекеттік органдардан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарынан, өзге де ұйымдар мен лауазымды адамдардан сұрату және алу;

      азаматтарды, оның ішінде мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ өзге де ұйымдардың өкілдерін шақыра отырып қабылдауды (бірлескен қабылдауларды) ұйымдастыру;

      Уәкілдің және оның өкілдерінің атына түскен жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын немесе өзге де жолданымдарын қарау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      Ұлттық орталықтың немесе оның өкілдіктерінің атына түскен жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын немесе өзге де жолданымдарын қарау;

      2) міндеттері:

      Уәкілдің және оның өкілдерінің адамның, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсынымдарының, өтінішхаттары мен ұсыныстарының жобаларын дайындау және оларды мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына және ұйымдарға, лауазымды адамдарға жіберуді ұйымдастыру;

      Уәкіл мен оның өкілінің арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін немесе жазаны орындауға арналған ұйымдар мен мекемелерге баруын қамтамасыз ету;

      Уәкілдің азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметін үйлестіру, олардың қажетті әлеуеті мен кәсіби білімін қамтамасыз етуге шаралар қабылдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жөніндегі жұмысын қамтамасыз ету;

      Уәкілдің адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары саласында құқықтық ағартуға жәрдемдесу, қоғамдық бірлестіктермен, сарапшылармен және мамандармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі қызметін қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Уәкілдің қызметін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктер.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 23.01.2023 № 108 Жарлығымен.

      15. Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің функциялары:

      1) Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыну үшін Уәкілдің адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу және қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заң жобаларын әзірлеу, заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын дайындау;

      2) Уәкілдің өз қызметі туралы жыл сайынғы баяндамасының жобасын, сондай-ақ арнаулы баяндамаларды дайындау және оларды тарату;

      3) Уәкіл мен оның өкілдерінің Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен және бөлек отырыстарына, Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының жұмыс органдарының отырыстарына және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары қатысатын өзге де іс-шараларға, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар немесе астана мәслихаттары сессияларының жалпы отырыстарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, мемлекеттік органдарда құрылатын алқалы мемлекеттік және өзге де органдардың отырыстарына қатысуын ұйымдастыру;

      4) Уәкілдің Қазақстан Республикасының Үкіметіне және өзге де мемлекеттік органдарға, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына, өзге де ұйымдар мен лауазымды адамдарға ұсынуы үшін адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтардың профилактикасына және оларды қалпына келтіруге бағытталған шараларға қатысты ұсынымдар мен ұсыныстарды дайындау;

      5) Уәкілдің уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық құқық бұзушылық бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру туралы өтінішхаттарын дайындау;

      6) "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көрсетілген міндеттерге сәйкес Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына енгізу үшін Уәкілдің ұсыныстарын дайындау;

      7) Уәкілдің атынан ұлттық алдын алу тетігінің басқа қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасау;

      8) Уәкілдің және оның өкілдерінің атынан және олардың тапсырмасы бойынша азаматтармен, қоғамдық бірлестіктермен, сарапшылармен, мемлекеттік органдармен, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарымен, сондай-ақ өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      9) жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын немесе өзге де жолданымдарын қарау нәтижелері бойынша ұсыныстарды дайындау және Уәкілге және оның өкілдеріне енгізу;

      10) Уәкілдің және Ұлттық орталық басшысының актілері негізінде өзге де функциялар.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 23.01.2023 № 108 Жарлығымен.

3-тарау. Ұлттық орталық басшысының және Уәкіл өкілдерінің мәртебесі және өкілеттіктері

      16. Ұлттық орталықты басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Ұлттық орталыққа жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде Ұлттық орталықтың өкілдігін басқаруды Уәкілдің өкілі жүзеге асырады, ол Ұлттық орталықтың өкілдігіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      Ұлттық орталықтың басшысы және Уәкілдің өкілдері болмаған кезеңде олардың өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға және Уәкілдің актілеріне сәйкес оларды алмастыратын адамдар жүзеге асырады.

      17. Ұлттық орталықтың басшысын және оның орынбасарларын Уәкіл лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 23.01.2023 № 108 Жарлығымен.

      18. Ұлттық орталықтың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Уәкілдің келісімі бойынша өз орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды.

      19. Ұлттық орталық басшысының өкілеттіктері:

      1) Ұлттық орталықтың жұмысын басқаруды және қызметін үйлестіруді ұйымдастырады және жүзеге асырады, Ұлттық орталық өкілдіктерінің қызметін бақылауды жүзеге асырады;

      2) актілердің жобаларын:

      шағымдарды қарау қағидаларын;

      Уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;

      Уәкіл жанындағы сараптама кеңесі туралы ережені;

      ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларын іріктеу қағидаларын;

      алдын алу тұрғысынан бару үшін ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан топтарды жасақтау қағидаларын;

      алдын алу тұрғысынан бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;

      Уәкілдің рәмізі мен туының ережесі мен сипаттамасын;

      Уәкілдің баяндамаларын дайындау және тарату тәртібін;

      Уәкіл өкілдерінің функционалдық міндеттерін әзірлейді және Уәкілдің бекітуіне енгізеді;

      3) өз құзыреті шегінде Ұлттық орталықтың атынан орындалуы міндетті құқықтық актілер шығарады;

      3-1) Ұлттық орталықтың регламентін, Ұлттық орталықтың өкілдері туралы ережелерді бекітеді;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Ұлттық орталықтың және оның облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы өкілдіктерінің қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Ұлттық орталықтың және оның өкілдіктерінің қызметкерлеріне тәртіптік жазалар қолданады және көтермелеу шараларын қолданады;

      6) Уәкілдің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы өкілдеріне тәртіптік жазалар қолдану және көтермелеу шараларын қолдану туралы ұсынуларды Уәкілдің қарауына енгізеді;

      7) Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің қызметкерлерін, сондай-ақ Уәкілдің өкілдерін мемлекеттік наградалармен наградтау туралы ұсынулар бойынша ұсыныстарды Уәкілге енгізеді;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен қарым-қатынастарда Ұлттық орталықтың атынан өкілдік етеді;

      9) бекітілген құрылымға және штат санының лимитіне сәйкес Ұлттық орталық пен оның өкілдіктерінің штат кестесін бекітеді;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 23.01.2023 № 108 Жарлығымен.

      20. Уәкілдің өкілін Уәкіл Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.

      Уәкілдің өкілі бекітілген функционалдық міндеттерге, осы Ережеге, Ұлттық орталықтың тиісті өкілдігі туралы ережеге сәйкес Ұлттық орталық өкілдігінің қызметін басқарады, Уәкілдің тапсырмасы бойынша жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын немесе өзге де жолданымдарын қарайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 23.01.2023 № 108 Жарлығымен.

4-тарау. Ұлттық орталықтың мүлкі

      21. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда Ұлттық орталықтың жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Ұлттық орталықтың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Ұлттық орталыққа бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Ұлттық орталық өзіне бекітіп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқылы емес.

5-тарау. Ұлттық орталықты қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Ұлттық орталықты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ұлттық орталыққа қарайтын облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы өкілдіктердің тізбесі:

      1) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Абай облысы бойынша өкілдігі;

      2) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ақмола облысы бойынша өкілдігі;

      3) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі;

      4) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Алматы облысы бойынша өкілдігі;

      5) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Атырау облысы бойынша өкілдігі;

      6) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігі;

      7) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Жамбыл облысы бойынша өкілдігі;

      8) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Жетісу облысы бойынша өкілдігі;

      9) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Қарағанды облысы бойынша өкілдігі;

      10) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Қостанай облысы бойынша өкілдігі;

      11) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Қызылорда облысы бойынша өкілдігі;

      12) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Маңғыстау облысы бойынша өкілдігі;

      13) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Павлодар облысы бойынша өкілдігі;

      14) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі;

      15) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Түркістан облысы бойынша өкілдігі;

      16) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Ұлытау облысы бойынша өкілдігі;

      17) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Шығыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігі;

      18) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Астана қаласы бойынша өкілдігі;

      19) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Алматы қаласы бойынша өкілдігі;

      20) Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Шымкент қаласы бойынша өкілдігі.

      Ескерту. 24-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 23.01.2023 № 108 Жарлығымен.