ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі И.В. Козловскийдің,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары М.А. Аюбаевтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Ш.Ж. Манкешовтің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты А.Ы. Османовтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – Құқықтық бөлімнің бас консультанты А.А. Шамишевтің,
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілі – басшы орынбасары Ж.К. Бакашбаевтың,
сарапшылар – заң ғылымдарының докторы, профессор А.Б. Скаковтың және заң ғылымдарының докторы, профессор К.Х. Рахимбердиннің қатысуымен,
өзінің ашық отырысында И.В. Козловскийдің 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 72-бабы сегізінші бөлігі 1) тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Е.Ә. Оңғарбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚК-нің 72-бабы сегізінші бөлігі 1) тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.
Қарағанды облыстық сотының 2003 жылғы 30 қыркүйектегі үкімімен өтініш субъектісі 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (бұдан әрі – 1997 жылғы 16 шілдедегі ҚК) көзделген бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауда кінәлі деп танылып, оған мүлкі тәркілене отырып, өлім жазасы түрінде жаза тағайындалған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2004 жылғы 14 қаңтардағы қаулысымен өтініш субъектісіне және басқа да бірқатар адамдарға қатысты сот үкімі өзгертілген. Қылмыстар жиынтығы бойынша жаза тағайындау бөлігінде сот үкімі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 желтоқсандағы № 481 Жарлығымен өтініш берушіге кешірім жасалған: өлім жазасы өмір бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылған.
ҚК-нің 72-бабы сегізінші бөлігінің 1) тармағына сәйкес жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату өлім жазасы түріндегі жазасы кешірім жасау тәртібімен не өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдарға қолданылмайды.
Өтініш субъектісі өзі дау айтып отырған ҚК нормасы Конституцияға қайшы келеді, өйткені ол сот тағайындаған өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан және тағайындалған жазасының жиырма бес жылын өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығы бар адамдармен салыстырғанда өзін тең емес жағдайға қояды деп есептейді.
Өтініш субъектісі дау айтып отырған ҚК нормасының конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы деп адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылады (Негізгі Заңның 1-бабының 1-тармағы).
Конституцияның 15-бабының 1-тармағында әркімнің өмір сүруге құқығы бар деп бекітілген. Конституцияның бұл ережесі адам құқықтары саласындағы негізгі халықаралық құжаттармен (Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 217 А (III) резолюциясымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан) және басқалар) үйлеседі.
Өмір сүру құқығы адамның етене әрі іргелі құқықтарына жатады, оларды қамтамасыз ету және қорғау құқықтық мемлекеттің міндеті болып табылады.
Әркімнің өмір сүруге конституциялық құқығы ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс (Негізгі Заңның 15-бабы, 39-бабының 3-тармағы).
Қылмыстық саясатты іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы халықаралық құқық нормалары мен ізгілік қағидатын ескере отырып, өлім жазасын кезең-кезеңімен жоюды жүзеге асырды.
Мемлекеттің мұндай эволюциялық шешімінің алдында мынадай бірқатар шаралар жүргізілді:
1) алғаш рет заңнамалық деңгейде өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы норма енгізілген 1997 жылғы 16 шілдедегі ҚК қабылданды;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 желтоқсандағы № 1251 Жарлығымен (Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 9 ақпандағы № 126 Жарлығымен күші жойылды) өлім жазасын орындауға мерзімсіз мораторий енгізілді және оған балама ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру белгіленді;
3) "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңында Конституцияның 15-бабының 2-тармағы жаңа редакцияда жазылып, бейбіт уақытта өлім жазасының қолданылуын едәуір дәрежеде шектеді: "2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар";
4) жаңа 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі қабылданды, ол үкім шығарылған адамға кешірім жасау туралы өтінішхатпен жүгіну құқығын бере отырып, өлім жазасының қолданылу аясын тарылту және оны адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін ғана тағайындау бағытын сақтап қалды. Өлім жазасының кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін болды;
5) өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік Хаттама (бұдан әрі – Факультативтік Хаттама) 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланды, онда "Факультативтік Хаттамаға қатысушы мемлекеттің юрисдикциясындағы бірде-бір адам өлім жазасына ұшырамайды. Әрбір қатысушы мемлекет өз юрисдикциясы шеңберінде өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды" (1-бап) деп көрсетілген;
6) қылмыстық заңнаманы Факультативтік Хаттамаға сәйкес келтіру мақсатында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" 2021 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен өлім жазасы туралы нормалар ҚК-ден алып тасталды;
7) "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2022 жылғы 8 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау арқылы (2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданды) өлім жазасына конституциялық тыйым салу белгіленіп, өлім жазасынан бас тарту қағидаты бекітілді: "Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады" (15-баптың 2-тармағы).
2. Конституцияның 39-бабының 1-тармағында "адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін" деп белгіленеді.
Бұған дейін Конституциялық Сот адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген заңнамалық шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, пропорционалдылық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс деп атап өткен болатын (2023 жылғы 26 желтоқсандағы № 38-НҚ нормативтік қаулы).
ҚК-нің 3-бөлімінде жаза жүйесі мен түрлері белгіленеді. ҚК-нің 39-бабында "1. Жаза дегеніміз – сот үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
2. Жаза әлеуметтік әдiлеттiлiктi қалпына келтіру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектіруді немесе адамның қадір-қасиетін қорлауды мақсат етпейді" деп айқындалады.
Негізгі Заңның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламенті аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы. Бұл өкілеттіктерге қылмыстық құқық бұзушылық түрлерін, іс-әрекеттің қылмыстылығы мен жазаланушылығын олардың қоғамға қауіптілігі тұрғысынан және елдегі криминогендік ахуалға қарай, қылмыстардың санаттарын, жазаларды орындау тәртібін, оның ішінде қажетті жағдайлар туындаған кезде олардан босату тәртібін айқындау кіреді.
Қазіргі уақытта негізгі жаза түрлерінің арасында бас бостандығынан айыру ең қатаң жаза болып табылады, ол қылмыстық заңға сәйкес белгілі бір мерзімге не мерзімсіз (өмір бойына бас бостандығынан айыру) тағайындалуы мүмкін.
Өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы нормалар "Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексін күшіне енгізу туралы" 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады. Сот практикасы үшін мұндай жазаның практикалық маңызы болды, өйткені сотталғандардың жеке басының қоғамға қауіптілік деңгейін ескере отырып, оны дараландыру: кейбір сотталғандарға – өлім жазасын, ал басқаларына өмір бойына бас бостандығынан айыруды қолдану мүмкіндігін көрсетті.
Қазіргі жағдайларда қылмыстық заңнамадағы өзгерістер және қылмыстық саясат саласындағы үрдістер өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленген қылмыс құрамдарының кеңейтілгенін көрсетеді.
Егер бастапқыда өмір бойына бас бостандығынан айыру өлім жазасына балама ретінде ғана бекітілген болса, кейіннен оның құқықтық табиғаты айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Ол аса ауыр қылмыстар үшін, оның ішінде бұрын өлім жазасы түрінде жаза тағайындалған қылмыстар үшін дербес тағайындалуы мүмкін.
2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі – ҚАК) 139 және 140-баптарының нормаларына сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар, сондай-ақ өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен немесе өлім жазасын жоятын заңның қолданылуына байланысты өмір бойына бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар төтенше қауіпсіз мекемелерде бірдей жағдайларда жазасын өтейді.
3. Қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату институты қылмыстық құқықтың жекелеген қағидаттарын іске асыруға бағытталған және бұл ҚК-нің 5-бөлімінде көзделген. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату ҚК-нің 72-бабына сәйкес жазадан босатудың бір түрі болып табылады.
Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату институтына жүргізілген құқықтық талдау оның сотталған адам белгіленген мерзімнің бір бөлігін өтеген және басқа да жағдайлар болған кезде оны мерзімінен бұрын босату мүмкіндігін беріп қана қоймай, ҚК-нің 72-бабы жетінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда оның күшін жоюдың заңнамалық мүмкіндігін де көздейтінін растайды.
ҚК-нің 72-бабының сегізінші бөлігінде шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылмайтын адамдардың санаттары айқындалады.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығын белгілеу немесе шектеу Конституцияның 39-бабының талаптары мен басқа да нормалары сақтала отырып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Негізгі Заңның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында бекітілген өкілеттігі шеңберінде жүзеге асырылады.
Конституциялық Сот өзінің 2023 жылғы 10 қаңтардағы № 2 нормативтік қаулысында атап өткендей, заңдар және өзге де нормативтік құқықтық актілер, егер олар Республика Конституциясына сәйкес келсе, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылады (Негізгі Заңның 4-бабының 1-тармағы). Парламент Қазақстан Республикасының ең жоғары өкілді органы ретінде заң шығару билігін жүзеге асыру кезінде осы конституциялық талаптың сақталуын қамтамасыз етуге тиіс. Нормативтік құқықтық актінің қолданылуының конституциялық-құқықтық негіздері тоқтатылған жағдайда, мұндай актінің заңдық күші айқындалуға тиіс.
Конституциялық Соттың осы құқықтық ұстанымдары жалпы тиісті нормативтік құқықтық актілерге ғана емес, олардың жекелеген құқықтық нормаларына да қолданылады.
4. ҚК-нің 72-бабында, 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 476-бабында және ҚАК-тің 162-бабында сот билігі органы ретінде соттың шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселелерін шешу өкілеттігі айқындалған. Мұндай мәселені қарау кезінде сот ҚК-нің 72-бабында белгіленген жағдайларды негізге алады.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселесін қарау үшін сотқа өтінішхат беру құқығын іске асырудың құқықтық тетігі ҚАК-тің 162-бабының нормаларымен регламенттелген. Осындай өтінішхаттарды қарай отырып, сот сотталған адамды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға немесе одан бас тартуға құқылы.
ҚК-нің 72-бабының екінші бөлігіне сәйкес бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға жазасының қалған өтелмеген бөлігінде сот пробациялық бақылауды белгілейді. Конституциялық Сот конституциялық іс жүргізу барысында аталған нормадағы жекелеген олқылықтарды анықтады. Өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылған кезде пробациялық бақылау мерзімі заңнамалық тұрғыда белгіленбеген.
5. Қазіргі жағдайда ҚК-нің 72-бабы сегізінші бөлігінің 1) тармағында көрсетілген адамдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдануға шектеуді белгілеу жазаның мұндай түрінің болмауымен байланысты. Конституцияның 15-бабында өлім жазасын қолдануға тыйым салу белгіленген, ал Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасынан бұл жөніндегі нормалар алып тасталған. Өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандардың белгілі бір бөлігі үшін ҚК-де мұндай шектеуді одан әрі сақтау Конституцияның осы нормасына сәйкес келмейді, сондықтан қаралып отырған тармақ конституциялық емес деп танылуға жатады.
Конституциялық Сот сотталғандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану мәселесі соттың құзыретіне жататынын атап өтеді. Тиісті өтінішхаттарды қараған кезде соттар әрбір сотталған адамға жеке-дара көзқарасты, оның мінез-құлқына тиісінше баға беруді және ҚК, ҚПК және ҚАК нормаларында көзделген талаптар мен шарттардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге тиіс. Сонымен бірге, мұндай мүмкіндіктің берілуі өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамды шартсыз босатуды білдірмейді, бірақ сот сотталған адамның түзелгенін таныған және қылмыстық жазалаудың басқа да мақсаттарына қол жеткізілген жағдайда ғана, сондай-ақ заңда тікелей белгіленген шарттардың орындалу нәтижелері ескеріле отырып қолданылады.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 2 және 3-тармақтарын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 63-бабының 3-тармағын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабы сегізінші бөлігінің 1) тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізсін.
Қолданылған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |